«Жат атаулар жамырап тұр...»
тақырыбындағы мақалаға талдау
(«Ана тілі» газеті, «Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры» айдары)
04- ақпан 2016 жыл
Алматы қаласының орталық көшелерінің бірі – Абай даңғылымен жүріп едім. Қазақтың дана ақыны. Ұлы Абай. Даңғылдың бойы да сол ұлылықты паш етіп тұрғандай, кең, әдемі, көз тартар ғимараттары, жан жадыратар сәулетті үйлері бар. «Тас бұлақтың суындай сылдырлап өңкей келісім», барлығы да жарасып тұр. Бірақ. Осы жерде «бірақ» деуге тура келіп тұр. Сол Абай атамыздың атындағы даңғылда қаптаған шетелдік атаулардан көз тұнады. Бірге оқиық: «Nails Star, Ballet Kids, Enterecote, Europharma, Urban, Gippo, Suvari, Elegfanse, Dim Paris, Gerrazil, Beaиty Lounge, Profit, Tower, Iservis Almaty, Yessey, Tax Free City, Primadent, Kamilla, Mr.Donerci, Omron, Omegazone, Heyva, Zum, Beno, Еланжи,Troya, Azimut, Fishka, Manto, Vis-à-vis, Columbia» және т.б.
Сіз бірдеңе түсіндіңіз бе? Мен ештеңе түсінбедім. Абай даңғылындағы жазулар осындай күйге түскен. Олар осы даңғыл бойында орналасқан сауда орындары, мейрамхана, кафе, т.б. орталықтардың ресми атаулары. Талай анықтамалық жинақтарға енген. Құжатталған. Ресімделген атаулар. Бұл атаулар алдағы күндері де дәл осы қалпында мызғымай тұра береді. Өйткені солай деп ресми бекітілген ғой. Бүгін де, ертең де солай болып тұра береріне еш күмәнім жоқ. Ол тіпті барған сайын көбейе ме деп те ойлаймын.
Абай даңғылын шет мемлекеттегі әлдебір даңғылдан ажыратып алуыңыз қиындай түседі. Иә, біз осындайға жол бердік. Бұған ол сауда орындарының иелері кінәлі емес, әрине. Оларда кінә жоқ. Кінә біздің солқылдақ заңдарымызда. Шектеу қоя алмаған, бәріне еркіндік, рұқсат беріп қойған заңдарымызда. Шетелден келіп, Алматыдан бір кеңсе жалдап, оған өзің қалаған атауды қоя салып, шаруаңды дөңгелете бер деп тұрған заңдарымызда. «Әй, дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ. Иә, өстіп Абай көшесімен келе жатып, еңсем түсіп, ойға баттым. Елбасы «Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі» деп баға берген Алматымыздың ажары не болып барады? Қазақ тілі қайда? Мемлекеттік тілдегі атаулар неге жоқ? Әлде біздің бай тіліміздің сауда орындарын қазақша атауға шамасы келмей ме? Жетеді! Жеткенде қандай?! Бірақ соны қазақшалап атауға ықыласымыз, ниетіміз жеткіліксіз. Қонысбай деген Алматы қаласының тұрғыны айтпақшы, бұл көшелерде қазақтың исі де жоқ. Иә, шетелдік атауларға, сөздерге қарап осылай деп еріксіз пайымдайсың. «Қазақтың исі жоқ». Қазақ тілінде жазылған, бедерленген сөз жоқ. Айтпақшы, осы Абай даңғылының бойынан «Зерек», «Мөлдір» деген бірлі-жарымды сөздерді көріп, ішім жылып қалды. Бұл сөздер көзіме оттай басылды. Қаптаған шетелдік атаулардан кейін, мына сөздерге ұз-а-а-қ қарап тұра бергің келеді екен. Осындай атаулар көбейсе екен! Бұл мүмкін бе? Әрине, мүмкін. Бәрі де өз қолымызда тұрған жоқ па? Егеменді елміз. Азатпыз. Өз заңымызды ешкімге жалтақтамай өзіміз қабылдауға шамамыз келмей ме? Келеді! Әзірге бұл сөздер маған жарығы сөніп бара жатқан шамдай әсер етті. Елдегі мемлекеттік тілдің жайынан хабар беріп, көмек қолын созуды тілеп тұрғандай. Әр-әр жерде жазылған, оның өзі ұсақ, көзге бірден көрінбейді. Төменшіктеп, именшіктеп тұр. Міне, бүгінгі Абай даңғылының сиқы. Өзге көшелердің жайы қалай екен деп әрі қарай жүрдім.
Қазақтың ханы – Абылай. Үш жүздің басын біріктіріп, шашырап жүрген қазақтың басын қосқан Абылай хан атамыздың құрметіне берілген орталық даңғылдардың бірі. Сәулетті, әсемдігімен баурап алатын заманауи кеңселер, бизнес орталықтары, бәрі де самсап, жайнап тұр. Көркемдігіне көз тояды. Шіркін, мемлекетіміз дамып келеді, ә деп қызығасың. Иә, дамып келеді. Алматыда мыңдаған шетелдік компаниялар құлашын кеңге жайып, жұмыс істеп жатыр. Қаржы орталығына айналған қала. Бюджетінің өзі Қырғызстан мемлекетінің бюджетінен бірнеше есе көп деген де мәлімет естіп едік. Рас шығар. Бірақ мені ол мәселе емес, көшедегі жазулар қызықтыра түскен соң, бастапқы әңгімеме оралайын. Абылай хан көшесінде де шетелдік жазумен көмкерілген кеңселер, сауда нүктелері молынан ашылыпты. Оқиық: «Monte Napoleone, Joop, Class, Chronos, Diva, Tea Souare, Patchi, Royal, Almaty Real Estate, Adjarabel, Zigzag, Ellt, Baitta» және т.б. Бұл атаулардың қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды ғой. Мына сөз тіркестерінен не ұқтық? Не білдік? Бұларды түсіну үшін ағылшын тілін меңгеру керек пе? Иә, асылы солай. Әйтпесе, бұл кеңселер қандай қызмет көрсететінін де сыртындағы жазуынан тани алмай дал боламыз. Осындайда тағы бір ой келеді. «Қайран қазақ тілі! Жоғары жақтағыларды сөйлете алмай жатқанда, көше тілі де өзіңді тәрк етіпті-ау. Жан-жақтан қаумалаған қыспаққа тап болдың-ау. Өзіңнен безінген бүгінгі ұрпағыңды кеше гөр, қасиетті тілім. Заңдарымыз осындай. Өзіңе қарайласатын әкім-қаралардың ісі осындай. Сенің мүддеңді қорғап шығатын бірде-бір шенеунік те жоқ».
Абылай хан көшесі баба атына лайық таңдалған. Айбынды. Асқақ рух сезіледі. Даңғылдың бас жағында қалың қолды жауға бастап, бабамыздың ескерткіші қасқая қарап тұр. Мен тіліміздің даңғыл бойындағы жайы үшін батыр бабамыздың алдында төмен қарап ұялып тұрдым. Бұл жазулардың осыншама қаптау сырын түсінуге тырысып көрдім. Біріншіден, шетелше жазу санамызға әбден орнығып алған. Шет тілінде жазылса, ол сауда нүктелері заманауи болады. Демек, заман талабына сай. Ал елдегі барлық жазулар мен атаулар мемлекеттік тілде жазылмаса, тіліміздің мемлекеттік болғанынан қандай пайда бар? Мемлекеттік тіл мұндай шетелдік атауды иемденген сауда-саттық, бизнес, іскерлік, туризм, мейрамхана, оқу, т.б. орталықтарына жүрмей ме? Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік кәсіпкерлер мемлекеттік тілдің қазақ тілі екенін біле ме? Білмейді-ау, сірә. Оларды әуежайдан меймандос көңілмен қарсы алып алған отандастарымыз ағылшын, орыс, қытай, кәріс, жапон, т.б. тілдерінде сөйлеп, аса жоғары ілтипаттылық танытқан ғой. Мемлекеттік тілдің қазақ тілі екенін түсіндіріп әуре болмаған сияқты. Жә, мұндай сауда орындарының иелері бәрі де шетелдіктер болмауы да мүмкін. Өзіміздің де азаматтар қазақ тіліне мұрын шүйіре қарайтынын талай көріп жүрміз. Қазақтың тілін тіл екен демейді. Менсінбейді. Осы арада тағы бір ескере кетер мәселе бар. Алматыда не болмаса Қазақстанның барлық қалаларында әлемдік брендке айналған компаниялардың өнімдерін сатумен айналысатын сауда орындары бар. Олар өздерінің жұмыс жасайтын сауда орындарын өз елдерінің атаулармен атайды. Бұл мәселе де ойлануды қажет етеді. Атауының өзі үлкен жарнама сияқты әсер беретіндіктен, иелері оның дүкен сыртында да жазылып тұрғанын хош көреді. Міне, бұл шетелдік атаулар мәселесіндегі қарама-қайшылықтың бір түрі. Біздің елге келіп жұмыс жасап жатқан соң, дүкен сыртындағы жазуға бірауыз қазақша сөз қостыруға болмайды ма? Әлбетте болады. Тек заңдық тұрғыдан реттеу керек. Абылай хан даңғылындағы мемлекеттік тілдің жағдайы мәз емес екенін көрген соң, Төле би көшесіне бас бұрдым. Қазақтың атақты үш биінің бірі – Төле би. Төле би көшесін кейбір алматылықтар әлі күнге дейін Комсомольская дейді. Әдет болып кеткен. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, қала тұрғындары Төле би деп айтуға дағдыланып келеді. Бірақ әлі де кеңестік кезеңдегі көшенің атымен атап жүргендер жоқ емес. Бұл да Тәуелсіздік жылдарынан бері арыла алмай келе жатқан жат әдетіміз. Мұхтар Әуезов көшесіне келдім. Кемеңгер Мұхаңның атына берілген көше. Дүниеге «Абай жолы» атты теңдесіз роман әкелген жазушы. Қазақ тілінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан. Өз шығармалары арқылы қазақ тілін, ұлтымыздың ерекшелігін, бай тарихын, мәдениетін, ауыз әдебиетін, философиясын, дүниетанымын күллі әлемге таныстырып кеткен халқымыздың аса дарынды, аса талантты жазушысы. Мұхаңның көшесіне көз тігейік: «Nobilis cofe, Узбечка, Solod, Saga, Zugo, Happy, Shipudim, Roporter, Rondo, Life, Small, Avesta, Shark» және т.б. Иә, жағдай осындай. Алматының не басқа қаланың өзге де көшелерімен жүрсек, мұндай атаулар шыға береріне сенімдіміз. Әлі де жазылып жатқандары қаншама. Бұл жалғыз Алматы емес, бүкіл Қазақстан бойынша белең алған үрдіс. Ауылдар мен аудандарға барсаң да көретінің осындай жазулар.
Қорытынды:
Мемлекеттік тіл неге шеттетіліп келеді? Елбасы: «Тәуелсіздігімізді күн сайын, сағат сайын, минут сайын қорғауымыз керек» деген жақсы сөз айтты. Тәуелсіздікті қорғау тілді қорғаудан басталатынын ұмытпасақ екен, ағайын.
Қазақ тілі және мәдениеті
кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Қ.С. Қалыбекова
Достарыңызбен бөлісу: |