«Ана тілі» газеті



Дата28.01.2018
өлшемі45,96 Kb.
#35234
«Жарнама талапқа сай болмай тұр»

тақырыбындағы мақалаға талдау



(«Ана тілі» газеті, «Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры» айдары)

05-қараша, 2015жыл




Бүгінгі нарық заманын жарнамасыз елестету қиын, өйткені жарнама – табыс табудың негізгі көзі. Сол себепті де ол теледидар, радио арқылы да, газет-журналдар арқылы да тұтынушыларға жол тартып, өзіне назар аудартады. Әлдебір тауар түрі кеңінен насихатталады. Ал енді осы жарнама мәтіндерінің сауатсыздығы, грамматикалық, стилистикалық, мағыналық қателерге бой алдыратыны туралы БАҚ беттерінде аз айтылып жүрген жоқ. Бұл тіліміздің қадірін қашырып, ажарын солғындататын өзекті мәселе. Оған заң арқылы әкімшілік шаралар қолданып, тосқауыл жасауымыз керек.

Бір өкінішті жайт, бізде қазақ тіліндегі жарнама тілі әлі де болса қалыптаса алмай келеді. Ертеңгі ұстаз, жас ғалым ретінде айтарым, менің ойым­ша, жарнама тілін реттеудің ең басты тетігі – жарнаманың мемлекеттік тілде жасалуы. Жарнамаға қатысты мәтіндер қазақ тарихында әріден қалыптасқан. Мысалы, өлең шумақтары, шешендік сөздер, мақалдарды қазақ тілінің табиғатына, қазақ ұлтының ұғымына сай қолданғаннан көп нәрсені ұтар едік. Қазіргі жарнамаларға тән ортақ кемшілік – олардың алдымен орыс тілінде дайындалып, содан соң ғана мемлекеттік тілге аударылуында. Осыған орай, сәтсіз аудармалар тартымсыз, мән-мағынасы айқын болмағандықтан, тұтынушыны қызықтыра алмай келеді.Орыс тіліндегі жарнамалардың мәтіні алдымен эстетикалық, дизайндық, тілдік, эмоциялық (адамның санасына әсер ету, тауарды сатып алуға ынталандыру) тұрғыдан сарапталып барып, арна арқылы таралады. Ал өз тілімізде берілетін жарнама аудармашының ғана өресімен өлшенетіндей. Егер тіл маманының көзімен қарасам, бүгінгі жарнама тек тауар өткізудің тиімді құралына айналған десек те болады, ал оның көпшілікті тәрбиелейтін тәрбие көзі екендігі, өкінішке орай, ескеріле бермейді. Жарнаманы үлкен де, кіші де көреді, мәтінін оқиды, ой елегінен өткізеді. Олардың арасында ұлттық болмысымызға жат, ұлттық мүддемізге сай келмейтін жарнама түрлері де кездеседі. Ондай бағыттағы жарнаманың қаншалықты қажеті бар? Осы мәселе туралы ойланып көрдік пе? Жарнама мәтіні жас ұрпақтың санасына қалай әсер етеді? Ұлттық санасынан ажыратып, дүниетанымынан алыстатып әкетпей ме? Өз басым осы мәселеге қатты алаңдаймын. Мәтіні мағыналы деуге келмейтін, әйтеуір қазақша болсын деген оймен аударыла салған жарнамалардың сиқын көрсең, не күлеріңді не жыларыңды білмейсің. Иә, жарнама – әлемдік нарықты жау­лап алды. Кез келген елде жарнаманың дәурені жүріп тұр. Ол тауар өткізудің басты құралына айналғандықтан, ірі компаниялардың өз өнімдерін насихаттауға белсенді кірісетіні заңды. Кез келген жарнама беруші тұлға өз өнімін жарнамалап, насихаттамай табысқа жете алмайтыны да белгілі. Алайда жарнаманың да түр-түрі бар, арзанқол, жанға жайсыз жарнамалар адам санасына теріс әсер етуі де мүмкін. Сол себепті кез келген адам оны қабылдай алады деп айту да қиын. Жарнама мәнді де мағыналы ойды білдіргенде ғана жұртшылықтың санасына тез сіңеді, әр адамның психологиясына жағымды әсер етпек. Көптеген жарнама мәтіндерінің қазіргі кезде тіпті эстетикалық талап­тарға да жауап бермейтіндігі көңілге қона бермейді. Оның себебі жарнама берушілер тек коммерциялық мақсатты көздейді де, тілдік талапты кейінгі орынға қояды. Сөйтіп, жарнама мәтіндерінің коммуникациялық тұстары назардан тыс қалып қалады.


Ал ең негізгі мәселенің бірі ол жарнама тілін реттеуді қоғам болып қолға алуымыз қажет. Осы жолдардың авторы жастардың басын біріктіріп, жоғары оқу орнының жас түлектері – магистранттар мен оқытушылардың қатысуымен қоғамдық тіл инспекциясының мүшесі ретінде тұрақты түрде бірнеше қоғамдық бақылау ұйымдастырдым. Нақтырақ айтқанда, әрбір жеке шаруашылық нысан иелеріне қоғамдық тіл инспекциясының мүшелерімен тауар түрлерінің атаулары мен ас мәзірлерін, қызмет көрсету парақтарының мемлекеттік тілдегі аудармаларын тегін тарату арқылы әдістемелік көмек көрсетуге атсалысамын. Мысалы, Орал қаласының орталығындағы «Алтын ғасыр», «Астория», «Сим-Сим», «Ақжол», «Soho» мейрамханалары, тағы басқа көпшілік орындарға тілшілер, тележурналистермен, тіл саясатын жүзеге асырып отырған мекеме қызметкерлерімен бірлесіп, «Тілге көзқарас – елге көзқарас», «Таза қала» акцияларын өткізуге қатысып келемін. Жуырда ғана Әбілхайыр хан даңғылы мен Құрманғазы, М.Ықсанов, С.Датов атындағы көшелерде орналасқан бірқатар сауда орындарындағы жарнамалардың тілдік нормаларға сәйкестігіне бақылау (мониторинг) жүргізуге қатысып, нәтижесінде «Красивая Свадьба», «Авто+», «Квант», «Автокомплекс», «Аляска», «Престиж», «Идея», «Агро», «Все для торжества» тәрізді біраз сауда нүк­те­леріндегі олқылықтар қалпына кел­тірілді (әріп қателері, мағыналары, т.б.). Жарнама тіліне қойылатын талаптарды ретке келтіру үшін, жарнама беруші тауарын немесе өнімнің мәтінін өзі дайын­дап, оны тек дизайндық тұрғыдан емес, лингвистикалық жағынан талапқа сәйкестендіруге мән беруі қажет. Сонда ешқандай қателікке жол берілмес еді. Қазіргі жарнамалардағы өріп жүрген қателер жарнама агенттіктеріндегі мамандардың мемлекеттік тілді дұрыс білмеуінен туындап отырғаны сөзсіз. Осы мәселені зерттеу барысында біраз статистикаға көз жеткіздім. Енді осындай статистикалық мәліметтерді сөйлетер болсам, отандық жарнама нарығы дәстүрлі түрде жыл сайын 30 пайызға өсіп келеді екен. Сонымен қатар «Quattro Media» агенттігінің мә­лі­­метінше, кейінгі жылдары Қазақ­стандағы жарнама нарығының көлемі төмендегідей көрсеткіштерге ие болып отыр: теледидардағы жарнама – 51,8%, ғаламтордағы жарнама – 23%, газет беттеріндегі жарнама – 12,7%, радио – 5%, басқа жарнама тетіктері – 13,5 % (1 млн. көрерменнің есебімен алғанда), яғни осы көрсеткіш арқылы біз еліміздің теледидар мен ғаламтор желісіндегі жарнамалар көбейіп отырғандығын байқауымызға болады.
Жалпы кез келген жарнама өзінің дизайнымен, көркемдік ерекшелігімен, мағыналы мәтінімен тұтынушы назарын аудара алмаса, онда жарнама ұтымсыз, талапқа сай емес, уақыт талабына ­жауап бере алмайды деп айтуымызға болады. Бұл мақалам арқылы қатесінен көз сүрінетін жарнаманың жанынан жайбарақат өте алмайтын адамдардың бірі ретінде өз ойым­ды оқырманмен бөлісуді жөн санадым. Осылайша тіл мүддесіне қызмет етіп, жарнаманың көшін түзеуге, мәтінін сауаттандыра түсуге назар аудартуға үлесімді қоссам деймін. Өйткені жарнама – тілдің күнделікті қолданыста қалыптасуына оң әсер ететін бірден-бір маңызды нәрсе. Олай болса, бұған жауапты қарайық, мәтін тілінің талапқа сай болуына күш салайық дегім келеді.

Қорытынды: Әрбір азамат тілдің қолданыс аясын нақтылап, сол бойынша сөйлейтін болса тіл тазалығы, сөз тазалығы сақталып, сауатты қоғамға айналарымыз анық.Осы мәселені қолға алып өз үлесімізді қосу үшін біздер сауатты, білімді студент тәрбиелеп шығаруға міндеттіміз.

Қазақ тілі және мәдениеті



кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Қ.С. Қалыбекова

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет