Стилистиканың негізгі ұғым, категориялары
Стилистика өзіне тән ұғымдар мен категорияларға ие. Мысалы, стиль, функционалды стиль, стилистикалық бояу, стилистикалық құрал, стилистикалық белгі, стилистикалық мағына, стилистикалық норма, стиль құраушы факторлар, стильдің тілдік жүйелілігі. Бұлардың ішінде стилистикалық бояу, стилистикалық құралдар, стилистикалық мағына бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар.
Тілдік қабаттардың бірліктері (әсіресе, лексикалық қабаттың) өздерінің негізгі мағыналарынан тысқары, әрқилы реңктерге ие болып келеді. Стилистикалық табиғаты жағынан олар бірдей емес. Тілдік құралдар, осындай ерекшелігіне орай, алдымен бейтарап және стилистикалық бояулы болып бөлінеді.
Тіл жүйесіндегі стилистикалық бейтарап, яғни ешқандай қосымша реңксіз құралдар қатынас жасаудың барлық саласында кеңінен қолданылады. Олар стилистикалық бояуға ие болмайды. Мысалы, лексикада үй, қол, адам, тау, оқу, т.б. сөздер. Стилистикалық бояуға ие құралдар осындай стилистикалық бейтарап құралдардың аясында ғана айрықша көзге түсіп тұрады. Сондықтан олар стилистикалық нөлдік деңгейді құрайды.
Стилистикалық бояудың екі түрі ажыратылады: эмоционалды - экспрессивті және функционалды. Бұл жағдайда, стилистикалық бояуға ие тілдік құралдарға өздерінің негізгі атаулық, заттық-логикалық, грамматикалық мағыналарына үстемелей, белгілі бір экспрессивті немесе функционалды мағыналарды қоса білдіретін тілдік құралдар жатады. Тілдің ондай қосымша сапа - қасиеттері әлгі құралдардың қолданылу өрісін шектеп, қарым -қатынастың белгілі бір саласында ғана жұмсауға мәжбүр етеді. Мысалы, жалмауыз, шошқа, сүмелек, шаһар, сөлектеу, желкебай, тыраштану т.б. Бұлар эмоционалды-экпрессивті бояуға ие тілдік құралдарға жатады.
Функционалды бояуға ие тілдік құралдар да болады. Бірақ олардың ара-жігі экспрессивті бояуға қарағанда ондай айқын емес. Экспрессивті-эмоционалды бояу тілдік тұлғаның табиғи қасиеті болса, функционалды бояу тілдік тұлғаны қарым-қатынас жасаудың белгілі бір саласында көп қолданудан барып пайда болды. Соңғы жағдайда тілдік дәстүрдің де рөлі бар. Тілдің тұлға - бірліктерінің мағыналық-стилистикалық жағы мен оларды белгілі салада көбірек қолдану дәстүрі арасында қатаң тәуелділік бар. Белгілі салада тұрақты қолданудың нәтижесінде тілдік құралдың мағынасы белгілі стилистикалық мәнге, бояуға ие бола бастайды да, кейін тұрақты бекітіледі.
Мысалы, ресми стильде қалыптасатын штамптар («жоғары жетістікке жетті», «қаулы қабылдады» т.б.) осындай қолданыстың нәтижесі.
Демек, даму барысында функционалды стилистикалық бояу да бірте-бірте тілдік тұлға-бірліктердің олардың мағыналарына о бастан тән, табиғи қасиетіне айнала береді. Сондықтан функционалды стилистикалық бояу тілдік құралдың мағынасынан бөлініп қаралмайды.
Ескерер бір жай: стилистикалық бояулардың ара-жігі қолдану барысында тұрақты болмай, жылжымалы болып келеді. Стилистикалық бейтарап құралдардың өзі кей кезде белгілі бір контексте стилистикалық өң алады. Ал кейде тілдік құралдың бұрын әбден қалыптасқан стилистикалық бояуы мүлдем басқаша сипат алуы мүмкін. Мысалы, еркелету немесе құптау мағынасы (бояуы) керісінше мысқылды мағынаға (бояуға) айналуы мүмкін, т.б. (Осы жерде «қатын» сөзінің бояуының тарихи өзгеруін еске алуға болады). Сонымен қатар, бір тілдік құрал өзінде әрі эмоционалды-экпрессивті, әрі функционалды бояу сақтауы мүмкін. Мысалы, тілдің публицистикалық (функционалды бояу) құралдары салтанаттылық, поэтикалық, риторикалық немесе ирониялық мазақтау реңктеріне ие болып келеді. Көпшілік жағдайда экспрессивті бояу мен функционалды бояу осылай бірлікте келеді. Енді кей жағдайда тілдік құралда экспрессивті бояу болмағанымен, функционалды бояу бар болып келеді. Мысалы, терминдерде (ғылыми стиль) экспрессивті бояу жоқ, функционалды бояу бар.
Қазақ тілінің стилистикалық құралдары дегенде тілдің стилистикалық бояуға ие тұлға-бірліктерінің жиынтығы негізге алынады. Бірақ стиль тілдің стилистикалық бояуға ие емес, бейтарап элементтері арқылы да жасалатын ескерсек, бұл мәселенің әлдеқайда күрделі екенін түсінеміз. Сондықтан кез келген тілдік тұлға-бірлік (әсіресе, көп мағыналы түрлері) стилистикалық құрал болуы мүмкін.
Белгілі бір тілдік тұлға-бірлікті белгілі сөйлеу жағдайында қолдану дәстүрі, оның белгілі бір қарым-қатынас саласына тәндігі сол тұлға-бірліктегі стилистикалық бояудың көрінісі болады. Тілдік тұлға-бірліктің мағыналық
жағы, ол мағынаның бір қыры функционалдық жағынан белгілі бір салада қолдануға бейім болып келеді. Тілдік тұлға-бірліктердің стилистикалық мүмкіндіктері қызмет ету процесінде ашылады және оның көрінісі белгілі тілдік құралды нақтылы тілдік жағдайда қолдану ерекшелігімен анықталады. Тілдің құрылымдық және функционалдық жақтарының диалектикалық бірлігі мен байланысы осыдан көрінеді.
Стилистикалық бояуының сипатына орай, тілдік құралдар функционалды бояулы және экспрессивті бояулы болып бөлінеді.
Функционалды бояулы құралдар функционалды стильдердің түр-түріне сәйкес өзіндік ерекшеліктерге ие болып келеді. Мысалы, ғылыми стильдегі терминдер, көркем әдебиет стиліндегі троптар мен фигуралардың түрлері, ауызекі сөйлеу стиліндегі қарапайым сөздер мен диалектизмдер функционалды бояулы құралдарға жатады.
Экспрессивті құралдарға тілдің эмоционалды-экспрессивті бояуға ие құралдары жатады. Мысалы, эмоционалды реңкі жағынан олар көтеріңкі салтанаттылықты білдіретін, немесе мысқылды білдіретін, немесе әшкерелеуші реңге ие т.б. құралдар болып қеледі: Бұлар, әсіресе, жекелеген сөздерге тән. Ол бояулар сөздердің контекстен тыс жағдайына да табиғи түрде тән болып келеді. Бұдан грамматикалық тұлға-бірліктерге қарағанда лексиканың эмоционалды-экспрессивті бояуы кең екенін көреміз. Оның үстіне грамматикада лексикадағыдай стилистикалық бояулардың белгілі бір тұлға-бірліктерге тәндігі, айқындығы жоқ. Алайда, бұл грамматикалық құралдардың экспрессивтік мүмкіндігі әлдеқайда шектеулі дегенді білдірмейді. Мысалы, синтаксис бейнелеудің әртүрлі эмоциональды - экспрессивті бояулы мүмкіндіктеріне кеңінен ие. Бірақ онда эмоционалды- экспессивті бояу бір ғана тілдік тәсілге бекітілмеген. Ол көптеген тәсілдердің
жиынтығынан барып құралуы мүмкін (мысалы, сөздердің орын тәртібі, бірыңғай мүшелер, синтаксистік паралельділік).
Стильдік құралдар туралы мәселе синонимия мәселесімен тығыз байланысты. Көптеген зерттеушілердің көзқарасы бойынша, «тілдік құралдардың синонимикасы - стилистиканың орталық мәселесі». Стильдердің өмір сүруінің өзі белгілі мөлшерде синонимдердің бар болуымен белгіленеді. Бірақ стилистиканың ресурстары синонимдермен ғана шектелмейді.
Жалпы, тілдің синонимикалық құралдары мен функционалды стильдердің ара-қатынасы мәселесі - әлі толық зерттелмеген іргелі мәселе. Функционалды стильдерде тілдің синонимикалық байлығы әртүрлі дәрежеде пайдаланылады. Мысалы, көркем стильде синонимдер кең пайдаланылса, ғылыми, ресми стильдерде керісінше аз жұмсалады, тіпті мүлде қолданылмайды десе болады.
Стилистикалық мағынаға келетін болсақ, ол стилистиканың негізгі ұғымдарының бірі.
Сөздің мағынасы оның тек заттық ұғымын ғана белгілеп қоймайды. Онда сонымен қатар сөздің стилистикалық қызметіне қатысты мағыналық реңктері де болады.
Стилистикалық мағына мен стилистикалық бояу ұғымдары бір-біріне жақын. Стилистикалық мағына стилистикалық бояуға қарағанда тұрақты да жалпы.
Стилистикалық мағына - тілдік тұлға-бірліктің мағыналық құрылымындағы оның лексикалық, заттық, грамматикалық мағыналарынан тысқары қосымша белгісі. Бұл қосымша мағына тұрақты болып, тілдік қолданымның белгілі жағдайларында туындап отырады. Сөздің стилистикалық мағынасы оның ұғымдық мағынасына әсер етіп, сөз мағынасын белгілі бір бояуларымен қоса қабылдауға көмектеседі.
Сөйтіп, стилистикалық мағына тілдік тұлға-бірліктің мағыналық құрылымының белгілі бір бөлігін құрайды. Бірақ ол тілдік тұлға-бірліктердің әрқайсысында әртүрлі дәрежеде көрінеді. Экспрессивті бояуға ие құралдарда айқын байқалса, кейбіреулерінде тереңде жатады, тек белгілі контекстік жағдайда ғана анық көрінеді.
Қазақ тіліндегі көріктеуіш тілдік құралдар: жалпы сипаттамасы
Біздің еліміздің қазіргі ішкі саясатында қоғам сипатының барлық талаптарына жауап бере алатын, интеллектуалды жағынан дамыған, әртүрлі кәсіби салаларда білікті түрде жұмыс істей алатын, шығармашылық қабілеті бар, жеке және іскери қарым-қатынастарды сапалы атқара алатын жеке тұлғаны қалыптастыру мәселесе жоғары маңыздылыққа ие болып отыр. Бұл мақсатқа сәйкес келуде жоғары білім алумен, мамандық және кәсіпке сай біліммен қаруланумен қатар қазақ тілін еркін және жетік білетін мамандарды қалыптастыру бірінші кезектегі міндеттердің біріне айналды. Осы мәселелер Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы, «Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасында этникалық-мәдени білім беру тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасында білім беру саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» сияқты заңнамалық құжаттарда көрсетілген.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың 2014 жылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын Жолдауында айтылған «Мектеп түлектерін... оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс» деген нұсқау сөздер білім беру салаларына орасан міндеттер жүктейді. Бұл арада қазақ тілінен білім беруде тек қана тілдің лексикалық-грамматикалық құрылымын үйретіп қана қоймай, өзбетінше ізденуге, сындарлы ойлауға, өз ойын, алынған ақпаратты сауатты көркем жеткізуге дағдыландыратын тілдік құралдарды меңгерту талабы айқын көрініп тұр. Осындай мақсаттардың орындалуын іске асыратын тілдік тармақтардың бірі – қазақ тіліндегі лексикалық көріктеуіш құралдар.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясатын жүзеге асыру үшін басқа да маңызды міндеттердің қатарында «мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамасын жетілдіру, мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру, тілді қолданудың мәртебесін арттыру, тіл мәдениетін жетілдіру, қазақстандықтардың тіл мәдениетінің деңгейін арттыру», сондай-ақ «дамыған тіл – зиялы ұлттың әлеуеті екендігі», «үздіксіз тілдік өзгерістер процесін тіркеп отыратын жүйе құру қажеттілігі» аталады. Осы міндеттердің барлығы да қазақ тіліндегі көріктеуіш құралдардың тұтастай, кешенді түрде зерттелуінің өзектілігін айқындай түседі.
Сонымен қатар «мектеп оқушыларының сөйлеу тіліне көбіне мәтіннің стильдік бірыңғайлығын сақтамау, тілдің бейнелеу құралдарын орнымен пайдалана білмеу, синонимдік қорының жұтаңдығы, сөйлеудің көбіне штампқа құрылуы, шығарманы жалаң лепірме потетикаға құрып жазу сияқты т.б. қателер тән болып келеді. Мұндай қателер тілдік құралдардың стилистикалық «реңктерін» білмеуден туады» [1, 3] секілді мәселелерді шешу қазіргі таңда өзекті болып табылады.
Тарихи деректерге сүйенсек, көріктеуіш құралдар өз бастауын сонау Цицерон, Гермоген, Аристотель және Теофраст, Квинтилиан секілді ғұламалар өмір сүрген грек-рим заманынан қалыптаса бастаған. Мысалы, Аристотель метафора «Это несвойственное имя, перенесенное с рода на вид, или с вида, на род, или с вида на вид, или по аналогии» [2, 147] деп оның ауыспалы мәні туралы айтады. Алайда бұл көріктеуіш құралдар тек гректер мен римдіктерде ғана болып, басқа халық тілдерінде болмаған деп айтуға болмайды. Олар кез келген тілден берік орын алған тіл механизмдері болып табылады.
Орыс тіл білімінде И.В. Арнольд, А.Н. Веселовский, В.В. Виноградов, В.В. Воробьев, Ю.П. Князев, В.А. Маслова, В.М. Огольцев, А.А. Потебня, А.Т. Рубайло, М.Э. Снегиров, М.Р. Савова, Б.В. Томашевский, В.Н. Телия, А.И. Федоров, М.И. Черемисина және т.б. көріктеуіш құралдардың теориялық негіздемесін жасап, оның жекелеген түрлерін зерттеді.
Алдымен дәстүрлі түрде «көріктеуіш құралдар» терминінің анықтамасына тоқталайық. Тиісті әдебиеттерде «тілдің көріктеуіш құралдары» дегеннің нақты анықтамасы жоқ екендігін байқаймыз. Әлемдік лингвистикадағы (мысалы, орыс тіл білімі бойынша зерттеулерде) кейбір еңбектерде стильдік фигуралардың барлығы көріктеуіш құралдар болып танылады [3, 53], кейде сөйлеуші автордың коммуникативтік мақсатқа сай стильдік амал-тәсілдер ретінде қолданған лексикалық-грамматикалық тілдік бірліктері де көріктеуіш құралдар деп аталады [4, 50] А.В. Федоровтың көзқарасы да осындай, ол былай деп жазады: «В системе стиля всякое средство выражения, всякий элемент языка, приобретающий стилистическую функцию, является выразительным средством, независимо от того, создает ли он в сочетании с другими элементами впечатление привычности данного отрезка речи, или, напротив, заставляет его выделяться в целом по контрасту с нейтральными формами речи, или же, наконец, создает контраст внутри него, вступая в столкновение с окружающими словами или грамматическими конструкциями» [5, 73].
Халқымыздың сөз байлығы мен құдіретін көрсететін көріктеуіш құралдар жайлы ғалымдар ұсынған анықтамалар бір-бірінен алшақ емес. Қазақ мәдениеті бойынша толығырақ түсінік «Әдебиеттану сөздігінде» берілген, онда төмендегідей анықтама бар:
«Бейнелеу құралдары – әдебиетте көбіне се бұл ұғым сөз қолдану тәсілдері, бейнелі сөздер, мысалы жалпы түрде құбылту деп аталатын метафора, метонимия, әсірелеу, тұспалдау, астарлау, теңеу, эпитет және стильдік айшықтар, дыбыстық қайталамалар деген мағынада қолданылады. Бейнелеу тәсілдері, әрине, бұдан әлдеқайда кең, мол. Кейіпкерлерді мінездеу, сөйлету, портрет жасау, табиғат көріністерін суреттеу, уақиғаны әртүрлі өрістету – осының бәрінде бейнелеу құралдары қолданылады. Әдеби тілдегі сөз байлығы – түгелдей бейнелеу құралы.
Бейнелеу құралдары қай ұлт әдебиетін де болса да негізгі сөз қорына, сөз байлығына байланысты түзіліп қалыптаспақ. Оның өзгешілігі халықтың айналадағы дүниені көркемдік ой-сезіммен қабылдауына, яғни бейнелі ойлау жүйесіне, оның алуан түрлі болып келуіне байланысты. Бейнелі, суретті ойлау мүмкіндігі, әрине, айнала дүниені ұзақ жылдар, тіпті, көне заманнан бастап бергі уақыт ішінде байқау, аңғару жолымен бекіп тұрақтамақ. Және ол көбіне-көп сол халықтың тұрмыс-тіршілігіне, істейтін кәсібіне байланысты түзілмек. Айнала табиғат, географиялық орта да бұған әсер етеді. Осындай әр алуан жағдайлардың жиынтығы халықтың ойлау, сөйлеу кейпін, қалпын анықтайды. Көркем әдебиетте оны қолдану да, бейнелеу тәсілдерінің сырын ұқтырады.
Жеке алып зерттегенде әр түрлі бейнелеу құралдарын ажыратуға мүмкіндік туады. Сонымен бұл құралдар ұзақ жылдар бойы санаға енген, дәстүр болып кеткен әдет-ғұрып, тұрмыс-салтқа тығыз байланысты.
Бейне суреттерді, ғажайып теңеу метафораларды жазушы, қаламгер сол мол арсеналдан алмақ. Бұған, әрине, үлкен білгірлік,шеберлік керек... Қазақ әдебиетінде кең дала, асқар тау, төрт түлік мал, қозы,бота, желмая, тұлпар, аққу, киік, құлан т.б. – бәрі де бейнелі сөздерде, теңеу, эпитеттерде кездесетіндіктен, бұл сөз үлгілері бейнелеу құралы ретінде қолданылады. Өйткені олар халықтың өмір-тұрмысын айқындайтын күнбе-күнгі зат, бұйымдар. Бейне, суреттер сонан шығып тұр. Бейнелеу құралдары қаламгердің байырғы тіл байлығына сүйене отырып, оның көркем сурет, сөзден өрнек жасауына мүмкіндік береді» [6, 105].
Алғаш тілдің көріктеуіш құралдардың теориялық негізі қазақ тіл білімінің негізін салушы А. Байтұрсынұлының еңбегінде жүйеге түсірілген. Оның «Әдебиет танытқыш» еңбегіндегі
«Сөз талғау» бөлімінде шығарма сөздің «көрнекілік» мәселесіне арнаған. Яғни сөздің ауыспалы және жанама мағынасы, тілдік құралдар – бәрі де осы аталған тақырып аясында қарастырылады. Сөздің стилистикалық айшықтарының функционалды прагматикасы А. Байтұрсынұлы бойынша поэтикалық тілдің бейнелілігіне («көрнектілігіне») бағытталған. Ғалым тақырыпқа былай енеді: «Шығарма тілі екі түрлі болатындығы жоғарыда айтылған еді. Оның бірі ақын тілі деп, екіншісі әншейін тіл деп аталады деп едік. Бұл екі тілдің арасындағы айырмасы мынау әншейін тіл көбінесе сөздің дұрыстығын, анықтығын тазалығын, дәлдігін талғайды. Ақын тілі сөздің дұрыстығының, тазалығының, дәлдігінің үстіне, көрнекті, әуезді болу жағын да талғайды» [7, 255].
А. Байтұрсынов: «Сөздің дұрыс, таза, дәл айтылуының үстінде талғау сөздің көрнекі болуын да керек қылады. Адамға дерексіз заттан гөрі деректі зат түсініктірек, жансыз заттың күйінен жанды заттың күйі танысырақ. Сондықтан адам сөйлегенде сөзі толық түсінікті болу үшін дерексіз заттарды деректі затша, бернесіз заттарды бернеді затшы сипаттайды, жансыз затты жанды заттай ғамалдайды. Ақ көңіл, шолақ ақыл, арам ой деу, яки күн бүркіп тұр, найзағай ойнайды, су қайтты деу... Мұндай сөздер жалғыз әдетті түрінде емес, әдейі де айтылады... Осы сияқты өң берілген сөздер көрнекі тіл делінеді», – дейді [7, 259]. Яғни оның «көрнек тіл» деп атап отырған терминінің мағынасы біз қозғап отырған көріктеуіш құралдарға балама болады.
Ғалым қолданған «көрнекі тіл» терминінің семантикалық мағынасы орыс ғалымы А.А. Потебня негізін салған «бейнелілік» ұғымына сәйкес келеді. Анығырақ айтсақ, Потебня мұны троптар теориясының шеңберінде алғаш өз жүйесін салды. Мұнда ең алдымен «бейнелілік» теориясының семантикалық аспектісіне басты көңіл аударып: «Образ заменяет множественное, сложное, трудноуловимое по отдаленности, неясности, чем то относительно едигичным и простым, близким, определенным, наглядным» [8, 163] деп тұжырым жасаған.
Көріктеуіш құралдар тілдің поэтикалық қуаттылығын арттырып, сөзге ерекше ажар дарытып, ойды көркем тілмен тілмен жеткізеді. Әдебиеттану саласының белгілі тұлғасы З. Қабдолов өзінің «Сөз өнері» еңбегінде «тіл көркемдігі мен сөз сұлулығы жасанды жалт-жұлтта, күлдібадам бояуда емес, сөздің табиғылығы мен қарапайымдылығында, нақтылы мен тазалығында жатады» дейді [9, 205]. Әдебиет саласының ірі өкілі Қ. Жұмалиев әдебиет теориясына қосқан үлесі ұлан-ғайыр. Ол өзінің еңбектерінде тілдік құралдарға барынша тоқталған. Ғалым тілдік құралдарды «көркем сөздің түрлері» деп атап, көркем тілді зерттеудің не үшін керектігіне тоқталады:
көркем тіл тек жазушылар қауымы үшін ғана емес, сондай-ақ сауатты адамның бәріне керек. Өйткені адам өзінің ой-сезімін басқаларға білдіру үшін қолданады;
көркем тілдерді білу – көркем шығармалардың жақсы, жаман жақтарын танып, терең түсіне білу деген сөз;
әдебиетті оқытушы, зерттеушілер де үшін тілдердің жасалу, даму жолдарын, ерекшеліктерін терең түсініп, жақсы білуі керек. Міне, осындай негізгі үш себепті басты назарды ұстайды.
Сонымен қатар ғалым көркем сөздің түрлерінен эпитет, теңеуді бөліп жарып, оларды өз мағынасында қолданатын сөздер деп, ауыстыру мағынасындағы көркем сөз түрлерін бөлек қарастырады. Оларға: метафора, кейіптеу, метонимия, синекдоха, символ және аллегорияны жатқызады. Cөз өткір де тартымды болу үшін ауыстырып айтудан басқа да әдістер қолданылатынын айтады. Яғни, синтаксистік әдістердің 6 түріне тоқталады: арнау, қайталау, шендестіру (антитеза), дамыту, инверсия, элепсис [10, 133].
Қазақ лингвистикасының синхронды-диахронды дамуына үлес қосқан тілші ғалымдар да өз зерттеулерінде көріктеуіш құралдар туралы тұжырымдар жасап отырады. Ө. Айтбаев, Ә. Болғанбаев, М. Балақаев, Қ. Жұбанов, І. Кеңесбаев, Н. Сауранбаев, Ғ. Қалиев, Е. Жанпейісов, О. Бүркітов, Р. Барлыбаев, Ә. Қайдар, Б. Қасым, Т. Қоңыров, Ғ. Мұсабаев, М. Серғалиев, Р. Сыздық, Г. Смағұлова, С. Сәтенова, М. Томанов, Н. Уәли, Б. Шалабай, Р. Шойбеков, Б. Хасанов, Г. Сағидолда және т.б. ғалымдардың зерттеулерімен қатар Ж. Дәркенбаева, Г. Зайсанбаева, З. Ержанова, Ж. Исина, Ж. Өмірбекова, Ж. Қоңыратбаева, С. Қалиева, Х. Қожахметова, А. Кәріпжанова, А. Махметова, Г. Мұхаметқалиева, М. Мамаева, Т. Мықтыбаева, Б. Нағасбекова, Ф. Оспанова, Э. Өтебаева, А. Сыбанбаева, Қ. Тұрарбекұлы, К. Сарышева, Б. Уызбаева, Ә. Хазимов және басқа да жас зерттеушілердің диссертациялық жұмыстары бар.
Адам ойының образдылығы мен оның тілінің көркемдік табиғатын көрсететін лексикалық қабат функционалдық стильдің барлық түріне тән болып келеді. Алайда, әр стильдің қызметіне байланысты көріктеуіш тілдік құралдар өз деңгейінде ғана жұмсалады. Мұндай тәсілдердің қолданысы көркем әдебиет стилінде басым жұмсалады. Өйткені жазушы танымы сөзбен өрнектеледі. Тіл мәдениеті жайлы еңбегінде М. Балақаев шеберлік тәсілдерінің түрлеріне тоқталады: «Көркем әдебиетке тән әр алуан көріктеу, шеберлік тәсілдері болады. Сөз шебері соларды біліп, соларды өз творчествосының дүкенінде шыңдап пайдалануға тиіс. Олар: теңеу, эпитет, метафора, метонимия, кейіптеу (олицетворение), синекдоха, символ, аллегория, ирония, әсірелеу (гипербола), т.б.)» [11, 83].
Кейбір әдебиеттерде көріктеуіш тілдік құралдарды «образды тілдік құралдар» деп атау кездеседі. Академик Р. Сыздық: «Образ» деп қарастыратынымыз – көріктеу элементі болып келетін жеке сөздер мен сөз тіркестері» [12, 133], яғни сөз тура мағынасынан ауыспалы мағынаға ие болып, образдылыққа еніп, өзінің алғашқы номинативті мағынасын жоғалтып, ерекше бояулы образды мағынаға ие болады. Ал орыс ғалымы В.П. Ковалев «единицы языка, в которых реализуются эти преобразования можно назвать языковыми художественными образами... Термин «художественный образ» понимаетсы как некая речевая единица, служащая для поэтического отражения элементов действительности» деп тілдік көркем образдар деген атау ұсынады [13, 6].
Талай жылдар, ғасырлар бойы қазақ халқы көшіп-қонып жүріп, өзін қоршаған ортаны ой елегінен өткізіп өмірге талай-талай бейнелі сөздерді әкелді. Бұл бейнелі сөздерді халқымыздың ірі тұлғалы ғалымдары өздерінің зерттеу нысандары етіп алды. Мысалы, барлық көріктеуіш құралдардың бастауы болып табылатын теңеуді Т.Қ. Қоңыров ғылыми тұрғыда негіздеді. Ғалым: «Теңеу дегеніміз – ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір затты екінші затқа салыстыру арқылы сипатталушы нәрсенің бейнелілік, көркемдік, эмоционалды-экспрессивтік сапасын күшейтетін, сол нәрсені жаңа қырынан, поэтикалық қырынан танытатын әрі стильдік тәсіл, әрітаным құралы» деген анықтама береді [14, 7]. Ал белгілі қазақ ғалымы Б. Хасанов метафора құбылысын ежелгі ойшылдардың еңбектерінде сөз болып, оның мағына туғызушы қасиетіне назар аударып, метафора түрлеріне тоқталады [15]. Метафора – адам танымының жемісі, образды ойының бейнесі.
Е. Жанпейісов: «Қазақтың көркем ойының даму, қалыптасу тарихында ауыз әдебиетіміз бен қазіргі прозамыз, поэзиямыз бір-бірінің табиғи жалғасы іспетті және тіл құралдарының стильдік қызметі жағынан да, сөз образдылығы тұрғысынан да бұлар бір-бірімен өзектес екендігін баса аңғартады» [16, 48]. Бұл жерде айтпағым, қазіргі көркем әдебиет тіліндегі көріктеу құралдары өз бастауын фольклор тілінен алады. Көріктеуіш құралдардың тарихы көркем әдебиет тілінің даму сипатын бейнелеумен бірге, әдеби тілдің де тарихы болып есептеледі.
Барлық ғалымдардың берген анықтамаларын зерделей келе, көріктеуіш тілдік құралдар – тілдік қорды молайтатын, айтылмақшы ойды айшықтап, оның бояуын қоюлатып, тыңдаушыға тигізер әсерін күшейте түсетін тілдің қабаты.
Көріп отырғанымыздай, ғалымдардың еңбектерінде «бейнелеу құралдары, көркемдегіш құралдар, көріктеу, шеберлік тәсілдері, әсерлі сөз нақыштары, бейнелі сөздер, образды сөздер, көркем сөздің түрлері, бейнелеу тәсілдері» деген көптеген терминдер кездеседі, олардың барлығы да мағынасы мен анықтамасы жағынан «көріктеуіш құралдар» дегенмен толық синоним болып табылатындығын ескертеміз және біздің жұмысымызда академик Р. Сыздық қолданған термин – «көріктеуіш құралдар» аталымы жоғарыда аталғандардың барлығының жиынтық атауы ретінде қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |