« Әңгіме арқауы – мемлекеттік тіл»
тақырыбындағы мақалаға талдау
(«Ана тілі» газеті, «Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры» айдары)
11-қараша, 2015жыл
Әртүрлі деңгейдегі кездесулерде мемлекеттік тілге байланысты көптеген сауалдар қойылады. Жастардың тілге тиек еткен сауалдары кейде бір мақаланың тақырыбына да негіз боларлықтай өзекті шығып жатады. Тіл газетінің өкілі болғандықтан мемлекеттік тілдің жолында атқарылатын баянды істерді біздің басылыммен тығыз байланыстыра қарайды. Иә, бұл орынды. «Ана тілі» – мемлекеттік тіл мәселесіндегі еліміздегі бірегей ресми басылым екені сөзсіз. Халық та, ел-жұрт та мұны түсінеді. Біз де шама-шарқымызша қазақ тілінің қоғамдағы толғаулы мәселелерін өз қаламымызға арқау етіп келеміз. Көтерген мәселелеріміздің оңынан шешім тапқандары да бар, кейбір мәселелердің шешілуі әлі де ойдағыдай болмай жатқаны да жасырын емес. Бұған енді, уақыт төреші. Жалпы, тілдің қоғам өміріндегі орны қашанда айрықша болғаны мәлім. Тіл арқылы ұлттың даму көкжиегі де айқындалады. Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Бұл екі ұғымды бөлек қарау мүмкін емес. Ал мемлекеттік тілдің бүгінгі таңдағы қадау-қадау өзекті мәселелерінің бірі – ол тілдің қолданыс аясын кеңейту болып отыр. Тіліміздің қолданыс аясы кеңейіп, осы елдегі барлық азаматтар қазақ тілінде сөйлесе, сонда ғана біз мақсатымызға жетеміз. Біз мұның бәрін неге айтып отырмыз? Тіл мәселесіне айрықша назар аударып отырған себебіміз – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жолында «Ана тілі» газетінің таралымын көбейту қажет. Бұл елдік маңызы бар мәселе. Тіл газетін қолдау – мемлекеттік тілді қолдау деген сөз. Шараға осы жолдардың авторы мен газетіміздің ақпарат және әлеуметтік бөлімінің редакторы Нұрлан Құмар қатысты. Кездесуді мектеп директоры Табиғат Төлеуқызы кіріспе сөзімен ашты. Тіл жайында ой өрбітіп, мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыруда «Ана тілі» газетінің орны қашанда бөлек екенін, басылым ұлттың, халықтың газеті екенін атап өтті. «Тіл тағдыры – ел тағдыры». Мектеп ұжымы кездесудің тақырыбын осылай деп атапты. Орынды сөз. Иә, тіл тағдыры – ел тағдыры. Бұған ешкім де дау айта қоймас. Ал осындай тақырыпты арқау етіп, газетіміздің ұжымын құрметтеп шақырған мектеп ұжымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, әрине. Тілдің қадірін ұстаздардай түсініп, ұстаздардай ұғынатын мамандық иелері көп болса дейсің. Өйткені біз мұнда жас шәкірттермен, яғни елдің, мемлекеттің болашағын алға бастайтын ұрпақтар өкілімен кездесеміз. Біз мұндай құрметті қазақтың тіліне деген құрмет деп қабылдаймыз, әрине. Өйткені тіл, кездесудің тақырыбы меңзеп тұрғандай, ел тағдыры. Осы мәселе жөнінде әңгіме қозғадық, ойларымызбен бөлістік. Пікір алмастық. Оқушылардың қойған тұшымды сауалдарына жауап бердік. Осындай тағылымды кездесулер өскелең ұрпаққа тілдің қадір-қасиетін сезіндіріп, ерекше әсер беретіні сөзсіз.
Қорытынды:
Тілді дамыту еліміздегі мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі. Тіл проблемаларын оңтайлы шешу – ұлтаралық қатынастар үйлесімдігінің, халықтардың топтасуы мен қоғамдық келісімді нығайтудың алғышарттары болып табылады. Осы тұрғыда ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» еліміздің біртұтас мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың пәрменді тетіктерінің біріне айналып отыр. Бағдарлама қазіргі тіл саясатын іске асырудың алғашқы кезеңінде, негізінен, ел азаматтарының мемлекеттік тілді еркін меңгеруіне қажетті жағдайлар жасау, мемлекеттік тілді барынша дамыту, оның қоғам өмірінің барлық салаларында әсіресе, ғылым, білім, мәдениет сияқты басым бағыттар бойынша нақты іс шараларды жүзеге асыруды көздейді.
Қазақ тілі және мәдениеті
кафедрасы меңгерушісінің м.а. Қ.Қ.Нұржанова
Достарыңызбен бөлісу: |