ӘОЖ 811.512.122
АНА ТІЛІ ЖӘНЕ ӘЙЕЛ~АНА
БАЙҒҰТОВА А., ТАНАБАЕВ Ғ.
Мақалада әйел~ана тілі және әйел~ана қарым-қатынасының этномәдени мәні қарастырылған.
Кілт сөздер: ана тілі, дұрыс ана, дұрыс ата, дұрыс ұстаз, дұрыс азамат, ұлт болашағы, тіл құдіреті.
Тіл қарым-қатынас құралы болуымен бірге оны тұтынушы халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, дүниетанымдық ерекшелігін, ұлттық болмысын, рухани-мәдени байлығын, сан ғасырларға созылған даму тарихын ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып жеткізуші, жинақтаушы қызмет атқарады.
Академик Ә. Қайдардың пікірінше: «...тіл – қорған, тіл – қару, өнер алды – қызыл тіл, тіл – ұлттың жаны мен тәні т.т... Өз тілінен айрылған ел – ел емес, ұлт – ұлт емес. Өйткені, этностың ұлт санатына қосылуы үшін қажетті де міндетті шарттарына ортақ табиғи орта, ортақ күнкөріс көздері, ортақ тіл, ортақ психология жататыны белгілі, сондықтан да қазақ халқы бүгінгі жержүзілік жаһандану үдерісінде біртұтас ұлт болып қалуы үшін ана тілінің тас түйін етіп ұйыстыратын ұйытқы болар құдіретті күшіне сүйену керек...» [1,32 ].
Осы қасиеттеріне сәйкес қазақ халқының ана тілі – қазақ тіліне мемлекеттік тіл ретінде басымдылық берілетінін негіздеген Ата Заңымыз бен «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы Заң» және «Тілдерді қолдану мен дамыту туралы мемлекеттік бағдарламаларға» сай қазақ тілі еліміздің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі болуы тиіс. Алайда тіл туралы Заңда айдан анық айқындалғанымен, қазақ тілі мемлекттік басқару тіліне де, заң шығару тіліне де айнала алмай келеді. «Оның себебі не?» деген сұраққа бірден айқын жауап беру оңай емес. Оның себебін сол тілде сөйлеуші қазақ ұлтының мәдениетінен, оның арқауын құрайтын рухани тамырларынан іздеген жөн. Біздіңше, соның бір ұшы ұлт мәдениетінде, өзінің отаналық, отбасының берекесі мен құтын ұйытушы, сақтаушы міндетін атқарушы, ана сүтімен, қазақы мінез бен ана тілін үйрететін, бесік жырымен ұрпағын тәрбиелейтін қазақ әйелінің әлеуметтік қызметінің әлсіреуімен, өзгеруімен байланысты сияқты. Атап айтқанда, ана тілі мен ананың арасындағы рухани байланыс пен киелі қызметтің байланысы үзіліп, немесе әлсірегені қазіргі қазақ қоғамындағы ащы шындық.
Осымен байланысты қоғамдық пікір мен ғалымдардың, зиялы қауым өкілдерінің туған тіл туралы тебіреніске толы толғауларында ұлт пен тілдің біртұтас, бір-бірімен тығыз байланысқан киелі, асқақ ұғымдар екені дәлелденумен бірге туған тілдің тұғыры биік болуында әйел-ананың қызметі зор екенін дәлелдеп, сол киелі мәнді жаңғыруға күш салуда.
Мысалы, белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталының: «Өз ұлтына, тіліне, мәдениетіне салқындық білдіру – ақ сүтін берген анасының омырауын тістеумен бірдей» [2] деген ойы жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының осы тектес пікірімен сабақтасады: «Есесі кетіп келген тілімізді мұратына жеткізу үшін, бәрінен бұрын, қай-қайсымыздың да қолымыздан келуге тиісті дұрыс ана( астын сызған- біз), дұрыс ата, дұрыс ұстаз, дұрыс азамат бола білуге көбірек көңіл бөлгеніміз дұрыс сияқты» [3]. Әбіш Кекілбайұлы дұрыс ана бола білуді алдымен атап, бірінші жазып отырса, бұл, әрине, тегіннен-тегін емес. Ана тіліміздің тағдыр-талайында аналардың атқарар рөлі айрықша екендігі аян. Әуелгі «әлдиді» айтатын да, бесік жыры арқылы ұлттық тілдің уызын сіңіретін де – ана.
«Ананың сүті – бал, баланың тілі - бал» дейді қазақ. Міне, осылайша өмір тәжірибесінен, салыстыру нәтижесінен туған халық мақал-мәтелдері, даналық сөздері бала тілінің қалыптасуындағы ана сүтінің маңызын ( яғни ана сүтімен бірге сіңірілген тіл құдіретін, тәрбиені) дөп басып айтады. Халқымыздың батыры Бауыржан Момышұлы «Ана тілін білмеген – ана сүтін татпаған» деп бекер айтпаған.
Осыған байланысты «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөз де бар. Біздің пікірімізше, ана өзінің әлдиі мен бесік жыры арқылы тілді де тербетеді.
Ұлттық тілін «ана тілі» деп атаған ойға жүйрік, сөзге шешен халқымыздың біртуар ұлы, заманымыздың заңғар жазушысы М. Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген сөзінің мән-мағынасы дәл қазіргі кезеңде айқын жол табуға, тілімізде сақталған ұлттық рух пен сананы жаңғыртып, жаңа сапаға көтерілуге бағыт алған ұлт болашағын дамытудың өзекті арқауы болмақ. Қазақ халқының таным-түсінігінде «ана-сәби-бесік» ұғымдары – бір-бірінен ажырамас, біртұтас, тығыз байланысты киелі ұғымдар. «Сүтпен біткен мінездің сүйекпен кететінін» ескерсек, ұлттық болмысты, ұлттық рухты, діл мен тілді сақтап қалатын ұрпақ тәрбиелеу бесігін тербетіп, әлдиін жұбатқан анаға байланысты екені дәлелдеуді қажет етпейді. Ана сүтімен бойға сіңген ана тәрбиесі, үлгі-өнегесі, асыл өсиеті адамның көкірегінде жатталып, өле-өлгенше сақталады. Сол үшін әрбір қазақ әйелінің дүниеге әкелген сәбиі жылағанда, қазақша әлдилеп жұбатып, қазақша бесік жырын айтып ұйықтатып, «апа» деген алғашқы сөзді үйретіп, тілін де қазақша шығаруы, қазақ тілінде ертегі айтып, қазақша «құлыным, ботам» деп еркелетуі оның өмірлік қағидатына айналуы тиіс.
Қазақтың намыс туына айналған Бауыржан Момышұлынан неден қорқатыны туралы сұрағанда, ол кісі бесік жырын айтпайтын келіндерден, ертегі айта білмейтін әжелерден қорқатынын білдірген екен. Шынында да, бесік жырын, «әлди, әлди, бөпешімді» айтпақ түгіл, ондай-ондайға осқырына қарап, өз тілін өзекке теуіп тастап, өзге тілде бала тәрбиелеп үйренгендердің мыңдап саналуы – қазіргі қазақ қоғамының шындығы.
Ұлт болашағы ел егемендігімен тығыз байланысты шешуі күрделі, өзекті мәселе екені белгілі. Ал ұлт болашағы – жас ұрпақты дүниеге әкелу, оларға ұлттық тәрбие беру міндеті жүктелген әйел-аналардың бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік хал-ахуалын тіл майданының ортасында жүрген тілші-ғалым Өмірзақ Айтбайұлы былайша суреттейді: «... күн көрістің жөні осы екен деп, әрбір отбасын түрлентіп, ошағын лаулатып, қазанын қайнатып, ұрпағын жайнатып келген әйел атаулы жаппай сауда қуып, ауылдан ұзап, ел кезіп кеткен. Қоржын-қосқалаңын, қапшық-дорбасын арқалаған жас әйелдер мен қыздарды көргенде, бұлар бұлай жүргенде отбасының берекесі қалай кірмек, бала бойына ұлттық тәрбиені кім ендірмек, болашаққа ие болар ұл мен қызды өмірге кім әкелмек деп күйзелесің...
Ана тілі баланың бойына ананың ақ сүтімен дариды, оның аялы алақаны, ақ тілегі, адал жүрегімен дамиды. Осының бәрінің басы-қасында ұйытқы болып әйел-ана отыруы керек қой. Ал олардың жағдайы әлгіндей...» [4, 244 ].
«Тоқырау кезеңі» деп аталған, барлық өндіріс орындары жабылып, жұмыссыз қалған ер-азаматтардың жерге қараған тұстарында қазақ әйелдері тәуекелге бел байлап, қап-қоржынын арқалап, тау асып сауда жасады, базарға шықты. Істің көзін тауып, ер-азамат көтерер ауыр жүкті мойнына артты.
Қазақ халқының басынан өткен небір тарихи кезең, зұлмат-зобалаңдарда қазақ әйелдері де ерлерден қалыспай, қайсарлық, батырлық үлгісін көрсетіп отырған. Мұның тілдік дәйегін тарихи шығармалардан, ел аузындағы аңыздардан табуға болады:
...Бірақ үш рет шабуылға шығып, ең батыр деген үш жүзге тарта ер әскер не істерін білмей, тағы дағдарып қалды.
Бұған Абылай:
– Япырмай, осыншама қазақтан жауға шабар бір еркек кіндікті тумаған ба? – деді қатты дауыстап. – Қайсың барсың?
...Дәл осы кезде зеңбіректерді қоршаған жігіттерінің оң жақ тұсынан Цеван - Доржи тұрған төбеге қарай басында үкілі кәмшат бөрігі бар, ақ боз атты бір қыз бала «Қабанбай! Қабанбай!» деп ұран тастап, суырылып шыға берді. Ақ боз ат көсіле сермеп келеді. Қыздың қолында не сойыл, не найза жоқ, бар болғаны, тобылғы сапты қамшы. Осынау қарусыз қызды көрген қызба қалың топ, енді шыдай алмады, лап қойды (І. Есенберлин. Көшпенділер).
... Ерте замандардың бірінде қазақ даласына шабуыл жасаған дұшпанның қалың қолы бұл күнде құм астында қалған бір қаланы қоршап алыпты. Қалаға келетін ауыз суды тоқтатып, қорғаннан өте алмаған жау қамаудағы халықтың берілуін күтіпті. Қала жым-жырт. Бірнеше күн өтсе де, қалаға кіргізер нышан байқалмапты. Сонда дұшпанның әскербасы жарлық шығарған:
Қаладан көтергенінше зат алып, әйелдердің кетуіне рұқсат!
«Ерлері жоқ әйелдер бәрібір ұрпақ өрбітпейді, бұл халықты осылай құртамыз», − деп жау өз үкіміне масайрапты.
Қаланың байлығын таласа-тармаса бөліскен жау енді еркек атаулыны құрту үшін азаматтарды іздесе, қаланың бірде-бір үйінде жан жоқ!
Әйелдер бір-бір ер азаматты қапқа салып, алып кеткен екен. Кішкене қыздар ер балаларды, кемпірлер шалдарды көтеріп кетіпті. Бір халық осылай аман қалыпты дейді аңыз (Ф. Оңғарсынова. Шашы ағарған қыз).
Табиғаты нәзік болса да, әйелдер тек ерлік тағдыр кешеді. Бірақ олар жаһанға жар салып, жарияламай күнде ерлік жасайды.
Ел басына төнген қара бұлтты ақыл-парасатымен, тапқырлығымен, ұстамдылығымен, қулығымен, кейде ерке назымен бір сәтте ыдыратып жіберетін қазақ әйелдерін бейнелейтін мысалдар көркем әдебиетте молынан кездеседі. Мысалы:
...Сөйткенше, төрде отырған біреудің қатты тамсанған үнін есітті. Қараса – Сары апаң екен. Ол ашулы түспен түйіліп, қара шапанды басына жамыла беріп, жүрелей отырып ап, айғайлай жөнелді.
Сөзінің басы Бөжейді мақтау мен сол жақсыны жоқтау еді. Соның аяғын шұбыртып кеп:
Мына да қарлар не дейді?
Жақсыдан жаман көбейді.
Ескінің асыл көзі еді.
Ұрлап та көмдің Бөжейді, – деп қатты айғайлап, қалт тоқтады.
Екі жақ та: «айтамыз, жеткіземіз» деген орайлы сөздерін осы әйелдердің аузымен айтысты. Осыдан әрі қайталаған да, өршіген де сөз болған жоқ (М.Әуезов. Абай жолы).
Шын мәнінде, қазақ тарихы мен мәдениетін зерделесек, сан ғасырлар бойғы күресте елдігін ерен ерлігімен, асқан парасатымен, шексіз шыдамдылығымен сақтай білген, ұлттық рухты ұрпағының бойына тіл арқылы сіңіре білген әйел-аналар да аз емес (Құртқа, Қарашаш, Домалақ ана т.б.).
Ал біздің дәуірімізге дейінгі ІV ғасырдың аяғы мен V ғасырдың басында өмір сүрген сақ патшасы Зарина еркіндігіне ерлігі, серілігіне сұлулығы сай керім келіншек болған көрінеді. Ол өздеріне жау елдің батыры Стриангейді кездестіріп, олардың арасында ерекше махаббат сезімі тұтанады. Қолға түскен батырды өлімнен қорғап қалған Заринаға Стриангей адал махаббаттың белгісі ретінде екі патшалықты біріктіріп, қосылуға тілек білдіреді. Алайда ойлануға бір жыл сұраған сақ патшайымы келісілген мерзім біткенде былай жауап береді:
–...Мен сені шынымен жақсы көрем. Бірақ сен екеуіміз қосыла алмаймыз. Себебі, мен саған тұрмысқа шықсам, сен – хан, мен ханым болам. Менімен қоса елім де саған бағынышты болады. Сондықтан жеке басымның бақытын елімнің еркіндігіне айырбастай алмаймын. Махаббаттан да күшті нәрсе бар, ол – елімнің тәуелсіздігі. Қош, сүйіктім! – дегенде екеуінің де көзінен ыстық жас ыршып кетеді [5,166-179].
Халқы үшін сүйіктісінен бас тартқан сақ қызы Заринаның қайсарлығы, еліне деген шексіз сүйіспеншілігі, тәкаппарлық қасиеті ғасырлардан бізге тозбай жетіп, қазақ әйелі үшін өнегелік сипат алғаны анық.
Сондықтан ана тілінің тағдырында, бүгіні мен ертеңінде бағзы замандардағыдай аналардың алатын орны, атқаратын қызметін көрсету мен жаңғыртудың мәні ерекше. Демек, тіліміздің алтын арқауын асыл қолдарынан шығармай ұстап, құнарын жоғалтпай сақтап, ұлттық тіліміздің қадірі мен құдіретін ұғындыруды аналардың қасиетті парызы ретінде қазіргі қазақ қоғамында қалыптастыру, оның әлеуметтік-материалдық негізін жасау – өзекті мәселелердің бірі.
Өз тілін «ана тілі» деп атаған қазақтардың танымында, мәдениетінде «әйел-анаға» ерекше мән берілгені белгілі.
Ел аузында есімі қалған небір кемеңгер ойшылдардың, ұлтымыздың біртуар азаматтарының, танымал тұлғаларының бойындағы асыл, ғажайып қасиеттердің әжесінен не анасынан, яғни нағашы жұртынан даритыны кездейсоқтық емес. Көркем әдебиеттегі аналар бейнесін тілдік дүние суреті аясында қарастырар болсақ, бұл орайда таңғажайып қазыналарға, жақұт-жауһарларға кездесеміз. Мысалы: «Абай жолында» Зере Құнанбайдың қаталдығына разы болмай, қапаланған тұста былай дейді:
- Айында, аптасында бір көреді. Арыз, мұңын саған айтпай кімге айтады? Қатты болсаң, қасыңа бол! Досыңа, қатын-балаңа қатты боп қайда барасың өзің? «Жер тәңірі сенсің» деп қошеметшің айтсын! Бұл жерде, бұл мекенде сен мойныңдағы қарызы мол әкесің, білдің бе? Айттым ғой, «жер тәңірісімін» десең де, аяғың аспаннан салбырап түскен жоқ. Сен де пенденің ұлысың, анадан туғансың. Менмін сені тапқан. Мынау аналар аналық зарын айтады.
Кәмшат турасында күйзелтіп отырсыңдар сендер бізді. Тап енді, емін тап ақырғанша! Құтқар анау қаршадай жетімегімді! - деп, қатты бұйрық етіп тоқтады.
Үй іші үнсіз еді. Құнанбай тез жауап айта алмай, булығып қалды. Талайдан естімеген үнін есітті, анасының үні − ардың үні боп, қатты қадалып тұр (М.Әуезов. Абай жолы).
«Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деп санайтын дана халқымыз бала бойындағы ізгі, асыл қасиеттердің, үлгі-өнегенің ана сүті, қаны арқылы ананың ата тегінен тарайтынын сұңғылалықпен, асқан сезімталдықпен байқап отырған.
Мысалы: «Ұлжан тартымды болумен қатар сыншы да ана. Баласының жаңағы мінезіне біраз ойлана қарап отырды. Биыл денесі өскелеңдеп қалған баласы, мінез жағынан да ересек тартқан сияқты. Ұлжан көппен бірге күлген жоқ еді. Енді байқай отырып, ақырын мырс етті де:
– Балам-ау, қаладан молдалық әкеледі десем, нағашыңа тартып қайтқанбысың, немене? - деді.
Үлкендердің бәріне бұл өте түсінікті еді. Жаңағы бала мінезінің дәл шешуі сияқты болып, қайта күлдіреді.
– Бәсе, Шаншар?
– Битан, Шитан!
– Тонтекеңнің жиенімін деп тұр ғой! – десіп, Абайдың нағашыларын еске алысты. Өлерінде: «Жазыла - жазыла қожа - молдадан да ұят болды, енді өлмесек болмас!» деп кеткен Тонтай сөздері де көптің есіне түсті.
– Апа-ай, енді бақсы - құшынаш боп, елтірі-сеңсең жинағанша, Тонтекеңе тартқаным көш ілгері емес пе? –деп Абай іле жауап берді.
– Жарайды, ендеше, ержетіп қапсың, балам, – деді шешесі» (М.Әуезов. Абай жолы).
Жоғарыда айтылғандай, ұлтымызды біртұтас етіп ұйыстыратын ұйытқы күштің бірі де бірегейі ұлт тәрбиесіндегі ана рөлі екені айдан анық. Бесіктен берілетін тәрбиеге айрықша көңіл бөлген ата-бабаларымыздың асыл мұраларындағы ақылы асқан Құртқа қыздың, Қыз Жібек, Қарашаш, Айман, Домалақ ананың т.б. бейнелері, халқымыздың тәрбие, үлгі-өнегенің мәні туралы өлмес, өшпес мақал-мәтелдері соның айғағы.
Біздің ойымызша, бүгінгі қоғамда ананың орны әлі де бәсең. Ал қашанда ана тілінің ұлтты ұйыстырушылық қасиетін, құдіретін күшейту әйелдердің қоғамдағы қызметін арттырумен байланысты екені бесенеден белгілі.
ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Қайдар Ә. Ұлтты ұйыстыратын құдіретті ұйытқы. – Алматы: Қазақстан, 2003. – 32 б.
2. Айталы А. Ұлттық жаңарудың алғы шарттары // Тіл және қоғам. – 2004. – № 3. – 31-38 бб.
3. Кекілбайұлы Ә. Ұлттық руханиятымыздың өзегі – тіл // Тіл және қоғам.
– 2004. – № 3. – 15-18 бб.
4. Айтбайұлы Ө. Тіл мүддесі не ойлатпас саналыға! // Тіл майданы.
– Алматы: Арыс, 2000. – 319 б.
5. Жұртбаев Т. Дулыға. Алматы: Жалын, 1994. – 368 б.
БАЙГУТОВА А., ТАНАБАЕВ Г. РОДНОЙ ЯЗЫК И ЖЕНЩИНА-МАТЬ
В статье рассматривается этнокультурное значение взаимосвязи женщина ~ родной язык и женщина ~ мать.
Ключевые слова: правильная мать, правильный отец, правильный педагог, будущее нации, величие языка.
BAYGUTOVA A. TANABAEV G. NATIVE LANGUAGE AND A WOMAN-MOTHER
The article deals with ethnic and cultural value of the relationships “a woman ~ mother tongue” and “woman ~ mother”.
Keywords: proper mother, father right, the right teacher, the right teacher, the future of the nation, the greatness of the language.
Достарыңызбен бөлісу: |