ҚАНЫБЕК САРЫБАЕВТЫҢ ӨМІР ЖОЛЫ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӨНЕРІ
МАЛИКОВА А.Ә.
Мақалада өмірі де, өнері де өзге ақындарға ұқсамайтын сөз зергері, поэзияның талабына толықтай жауап беретін әрі тың жаңалықтар енгізе алған от ауызды ақын Қаныбек Сарыбаевтың өмір жолы мен шығармашылық өнері қамтылған
Кілт сөздер: поэзия, лирика, тақырып, патриот, азаматтық ұстаным, махаббат лирикасы, табиғат лирикасы
Ең әуелі, ақынның Қаныбек Сарыбаев атануы да қызық. Тіршілік заңы бойынша ол – Қаныбек Жабағин немесе Қаныбек Қабылбекұлы болуға тиіс еді. Бірақ тағдырдың жазуымен Қаныбек Сарыбаев атанды. Ол әке-шешесінен тоғыз айлығында көз жазып қалады да, кейінірек жігіт ағасы атанған шағында қайта табысады.
Ақын Қаныбек түп нағашыларының қолында өседі. Бауырына басып, бала етіп алған нағашы көкесі Қасымхан өлең-жырға, ән-күйге құмар сезімтал кісі болған. Әсілі, Қаныбекке өнер нағашы жұртынан да келіп қонған сияқты [1].
Қаныбек Қасымханұлы Сарыбаев 1938 жылы 13 наурызда Түркістан қаласында дүниеге келген. Ақынның балалық шағы нәубәт, зобалаң репрессия жылдарымен сәйкес түсіп, заманы басынан сипай қоймағаны, ағайынның ала ауызға айналып, аш-жалаңаштық, қатыгездік, мейірімсіздік жайлаған Сталиндік сұсты, сұрқай аласапыранмен тұспа-тұс келгендігі аянышты-ақ. Тағдыр тауқыметімен түп нағашыларының қолында тәрбиеленген ақын Қаныбек Сарыбаев өз тағдырындағы келеңсіздікті өз өмірбаяны етіп өзі куәландырады.
Әкем мені алдады,
Ұнамапты алғаны.
Дүниеге әкеліп.
Назарын да салмады.
Анам мені алдады,
Жат есігін таңдады.
Жастай батып жаныма,
Жалғыздықтың салмағы.
Бәлкім, соның салдары,
Бағым менің жанбады.
Тірі атам мен анама,
Мейірім бір қанбады.
Балалықтан әлі айқын,
Ерте айырылдым солай тым.
Нағашымның әйелі,
Ала көзбен қарайтын [2].
Қаныбек Сарыбаевтың білім алуға деген ынтасы бала кезінен-ақ байқалады. Ол әңгіме тыңдағанға құмар болды. Сондай-ақ оның ақындығы да бала кезден басталғанын аңғарамыз. Бала күнінде көршінің бір семіз сары қызы қайта-қайта мазақтап қоймапты. Сонда әлі мектепке бармаған бала Қаныбек қалт тұра қалып:
Бетің семіз
Нәбидің ботқасындай.
Өзің семіз
Әдүшкиннің шошқасындай, – деп, тілмен шағып алған екен.
Құшата ауылындағы қазақ-өзбегі аралас қариялардың арасында жүргенді ұнататын, солардың әңгімесін ұйып тыңдайтын. 1945 жылы Ұлы Отан соғысы бітіп, жасы мен кәрісінің қуанышында шек жоқ, жаймашуаққа бөленген кезеңнің күзінде бала Қаныбек Түркістан қаласы Құшата ауылындағы жетіжылдық оқуға келеді. Бала болып ойнамайтын, үнемі ойланатын бала Қаныбектің бұл кейпіне ұстаздарының да таңданыс білдіріп, оған қосымша сабақтар үйретіп, мектептен тыс әдеби кітаптар ұсынып қолдағаны айқын. Жаңалыққа жаны құмар бала мектептің қоғамдық жұмыстары мен мәдени іс-шараларына да атсалысты. Мектепте жүргенде қабырға газетінің редакторы болып, ол газетті оқырмандары таласа талқылап, тіпті мектеп директоры үйіне алдыртып оқыған. Оның мектептегі белсенділігі, білімділігі ұстаздарын да қаймықтыра бастады. Бұл болашақ қайсар ақынның бастама-бастауы ғана еді.
1953 жылы Қаныбек Сарыбаев 15 жасында еңбек жолын бастауына тура келеді. Жетімдіктің ащы запыраны Қаныбекті мейлінше қайрап есейтіп жібергендігі болар, жұмысын Түркістан қаласындағы мәдениет бөлімінің кітапханашылығынан бастайды. Қаныбек өз мүмкіндігінің шектеулілігін сезініп әрі білімін толықтыруды мақсат етіп осы кітапханада білімін жетілдіреді. Қазақ-өзбек әдебиетшілерінің туындыларын талғамай үстін-үстін оқи береді. Онан соң шетел классиктерінің туындыларымен танысады. Түркістандағы бұл кітапхана Қаныбек Сарыбаев үшін ұлы университеттерден де артық болғаны, оңашада білімнің кәусарынан мейірі қанғанша сіміргені айтпаса да түсінікті. Ол білімге құнықты, қолжетімді Түркістандағы жұмысшы жастардың да мектебін бітіріп алды. Аты аталған кітапханада жүріп, Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, 1963 жылы аталған оқу орнын ойдағыдай тамамдады.
Қаныбек Сарыбаевтың 1970 жылы жарық көрген «Отырар оттары» туындысынан киелі де тарихи мекен – Отырарға көз тігіп, оның тарихына алаңдаушылық білдіруі – оның көрегендігі мен болашақты болжағыштығының айғағы. Түркістан төрінде жүріп Отырарды аңсайды.
Қаныбек Сарыбаев «Алматы» баспасынан «Советтік сөз» өлеңдер жинағын кітап етіп бастырғанымен, цензураның көзіне түсіп қалып, кітаптары түгелімен макулатура машинасында туралып кетеді. КГБ қызметкерлерінің назарына түсіп қудаланып, ақын өміріндегі ең ауыр кезеңі басталады. Бұл 70-жылдардың орта шені болатын. Ақын таланты толықсып, дауылды күнгі теңіздің толқынындай аласұрып тұрған шағы еді. Әлдекімдердің өсегіне қалып, қайта-қайта тергеуге алынып, әртүрлі кабинеттердің алдында телмірумен қайран алтын уақыттар өткен. Оны біреулер «антисоветчик» деп көрсетіп, құлаш-құлаш арыз жазып, өлеңдерін КГБ-ға өткізе береді екен. Тіпті орысшаға жолма-жол аудартып Мәскеуге әлденеше рет жолдаған. Ұлылықтан дәмесі бір ақынсымақ біреу сол күндері Қаныбекке «Сіз неге өмірге ылғида қара көзілдірікпен қарайсыз?» деп күстаналап хат жазыпты. Қара көзілдірік киіп отырған кім екен сонда? Көз алдындағы ақиқатты көрмей, аспаннан шумақ іздеген Қаныбек пе? Алайда ақынды ақын ғана тани алады. КГБ-ның өтініші бойынша Қаныбектің өлеңдерімен танысып көрген орыс кеңес ақыны Андрей Андреевич Вознесенский сол жылдары: «Никакой он антисоветчик, настоящий советский талант, истинный и искренний. Надо его окружать вниманием и заботой», – деп батыл пікір жазып беріпті [1]. РСФСР-дің танымал ақыны әрі суретшісі А.Вознесенскийдің Қаныбек Сарыбаевты ақтап алуы да тегін емес. Ер Қаныбектің талантына табынғаны болып табылады.
1970 жылдың соңына таман Қаныбек Сарыбаев Өзбекстан Республикасы Фариш ауданына қоныс аударылады. Мұны, егер КГБ-ның әсері десек, жер аударылғанға көбірек ұқсайды. Өзбек ағайындар білімді ақынды жұмыссыз қалдырмай, Фариш аудандық партия комитетінде қызмет атқаруына мүмкіндік жасайды. Қаныбек Өзбекстанда жүріп «Фариш», «Туған топырақты аңсау», «О, Махаббат, махаббат» өлеңдерін жазды.
1972 жылы Қаныбек Сарыбаев Түркістанға қайта оралып, аудандық газеттің тілшілік қызметіне келді. Бірақ бір жерде тұрақтап жұмыс істемегенін, жүйедегі шалағай бастықтармен сөзге келіп қала беретінін ақын өз өлеңдерінде қамтыған. Мысалы:
Қайран сонау жастықта,
Лаулап едім жалындай.
Ойы қортық бастыққа
Шу шығардым бағынбай [2].
Ақынның талантын жоғары бағалаған Қалихан Бекхожин, Нұфтолла Шәкенов, Қадыр Мырзалиев сынды қазақ поэзиясының тарландары алыстан қол бұлғап, Қаныбекті екі рет Алматыға шақыртып алдырады. Қасиетті қара шаңырақ «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке орналастырады. Бірақ Оңтүстіктің ашық аспаны мен байтақ даласына бауыр басып өскен Қаныбек үлкен қалаға сыймай, екі ретінде де ауылға қайтып келіп қалады және жайдан жай келмейді.
Қаратау қолтығымнан демеп еді,
Жұлдыздар жымындасты төбедегі.
Алыстан аласұрып жеткенімде,
Алатау алалайсың неге мені? – деп, өлеңдетіп, ондағыларға өзінің өкпе-назын айтып оралады [1].
Қаныбек Сарыбаев республикалық, облыстық, аудандық мерзімді баспасөздерде өлеңдерін бірінен соң бірін жариялап тұрды. 1979 жылы 20 қазанда «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Менің балам», «Күлші, жаным» өлеңдері басылса, осы жылы «Шамшырақта», «Бадырақ көз», «Асқанға тосқан», «Сары албасты» өлең топтамалары оқырманын елең еткізді. Сондай-ақ «Кентау правдасында» 1979 жылы 1 қыркүйекте жарық көрген «Жұлдыздарға тілеулес бол!» өлеңі және осы газеттің 13 қазанындағы нөмірінде «Күлші, жаным», «Қалай ғана...», «Сен мені сағындың ба?» жырлары жаңалықтың лебіндей халқымен қауышты.
1982 жылы «Өскен өңір» газетінде «І.Жансүгіров», «Дап-дардай Жапсарбайдың жоқтауы» басылды. 1982 жылы 7 қарашада «Оңтүстік Қазақстан» бас басылымында «Олжалы керуендер» толғауы оқығанды тәнті етті. 1986 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналының 3-нөміріндегі 17-бетте аға Бауыржан Момышұлына арнау өлең жазғаны мәлім.
1984 жылы Қызылқұм ауданына (қазіргі Отырар ауданы) келіп, осы ауданның «Қызылқұм» аудандық газетінің тілшісі болады. Бұл ауданның тыныс-тіршілігі, әл-ауқаты, қарапайым халқы, экономикасы, ежелгі Отырар тарихы ақын Қаныбек Сарыбаевты бей-жай қалдырмайды. Оның қаламының ұштала, қырлана, сырлана түсуіне ықпал етіп, шығармашылығының толысуына, шыңына жетіп шарықтауына көп көмегін тигізеді. Отырар – Әбу Насыр әл-Фарабидің, Исмаил әл-Жауһари әл-Фарабидің, Майлықожа Сұлтанқожаұлының, Мәделі Қожаның, Ергөбек Құттыбекұлының, Мырзабек Байжанұлының (Қызыл жыршы), Айтбай Белгібайұлының, Сәдуақас Жақашұлының, Молда Мұсаның, Балтабай Тебейұлының, Зияш Қалауованың, Елеусіз Байырбековтің, Ақберді Бекбауұлының, Байқожа Баязитовтың, Мұхтар Шахановтың, Шәмші Қалдаяқовтың отаны болғандығы Қаныбек Сарыбаевтың рухын көтерді. Сырдария өзені, Шәмші Қалдаяқов әуенімен танымал Арыс өзені, бабтардың бабы Арыстанбаб Қаныбек ақынның қайнар бұлаққа айналуына, көзінің ашыла түсіп, өркен жаюына ықпал етті. Ақын бұл ретте:
Отырар – киелі жер елімдегі,
Деген ой жетелейді мені ілгері.
Бабтардың бабы Арыстан бабамыздың,
Осында тұрақтауы тегін бе еді?! – деп, сұрақ қоя жырлайды да, өзін де осы өлкеге тұрақтатады [3]. «Отырар – ұлылар отаны» деген қағида бүкіл Қазақстанға қала берді әлемге таралып жатса, поэзияның қайнары – қайсар Қаныбек қалайша тыныш жата алсын?! Өзінің қамал бұзар қырықтан асқан шағында Отырар өңірінің майталман нарқасқаларымен араласып, отты өлеңдерін жалынмен өрнектеді. Ел ішіндегі келеңсіздік көлеңкелі көріністерді де қамтып қалам тартты. «Қызылқұм» газеті әдеби материалдарға байып, көркемдігі артып, халқының сүйіп оқитын газетіне айналды.
1988 жылы Қаныбек Қасымханұлы Сарыбаев түпкілікті Отырар ауданы әл-Фараби атындағы мәдениет бөлімі сарайында автоклуб меңгерушісі қызметіне келді. Бұл мәдениет саласына Қаныбектің келуі Отырар ауданы мәдениетінің жаңа көкжиектерге көз тігуіне, ілгерілеп дамуына, облыс, республикаға танылуына ақжолтайлық әкелді. Қаныбек Сарыбаев өз шығармашылығын күнделікті «әләулайлімге» айырбастамады. Облыстық, республикалық мүшәйраларға қатысып, жеңімпаз атанып, өз замандас ақындарымен сөз таластырып, поэзия көкпарында додаға түсіп, таныла түсті. 1998 жылы наурыз айында өткен облыстық «Қасиетті қалам» тақырыбындағы жазба ақындар арасындағы жыр сайысында ақын Сарыбаев бірінші бәйгені жеңіп алған. Бұл сайыста 150 ақынның бақ сынағанын айта өткен орынды. Қаныбек Сарыбаев ақиық ақын Хантәңірінің мұзбалағы Мұқағали Мақатаевпен сырлас әрі мұңдас болып, өз өлеңдерінің тұсауын кестіріп отырды. Бұл жөнінде қазақша күрестен кезінде Қазақстан чемпионы болған спорт шебері Байжан Әбілдаев өз естелік әңгімесінде айтады.
Қаныбек Сарыбаевтың Ханбибі Есенқарақызымен де хат берісіп, хат алысып тұруы ақындардың рухани байланысқа түсуінің шарты іспетті. Қаныбек Сарыбаев Ханбибіге жолдаған хатында:
Үшбу сәлем жолданды жаны ризадан,
Ақындарға адалдық – қағида, заң!
Мұқағали ағаның есінде ме,
Дәметкені жылы сөз Фаризадан? – десе [4, 174 б], оған Есенқарақызы былай деп жауап жазады:
Ақын неге шағындың,
Қалмады ма, қалың мұң?
Емес еді бізге шарт
Тіршілігі қарынның [5, 201 б]!
Қаныбек Сарыбаев Отырар ауданы мәдениет саласында айтыс жанрына да ден қойып, егеменді елде айтыстың жаңаша түрде заман талабымен үндесетін үлгісін ұсынды. Ол өзі айтыстарға қатыса жүріп, Отырар ауданынан ақындар мектебін ашты. Өйткені, өзінің орта жасқа келгені, іс-сапарларда оңтайлы жүріп-тұруының қиындауы, сондай-ақ қаржының қыспаққа алуы әсер етті. Ақындар мектебі ресми түрде ашылмаса да, Қаныбек ақынның өткір тілінің көмегімен ашылды. Қаныбек Сарыбаев Отырар ауданындағы ақындыққа бейімділерді жас-кәрісіне қарамай сүзгіден өткізді. Қаныбек ақын аға ретінде Әселхан Қалыбекованың поэзиясына бағдар беріп, оның өлеңдеріндегі теңеулердің болашағы тиімділік әкелетінін ескертіп отырды. Іргесі сөгілмеген іні ретінде тасада жүрген, отбасы, ошақ қасының көлеңкесінде көлбеңдеген аса дарынды апа, ауыл ақыны Тәушен Әбуованы табады. Тәушеннің өлеңдері қазақтың нағыз қара өлеңдері, кіршіксіз таза көркем тілмен өрнектелген дайын туындылар еді. Оның үстіне Тәушен ананың сауаты болмаған соң, тек ауызша ғана айтатыны, өлеңдерін жүрегіне жазып алатыны, айтыскерлікке таптырмайтын дайын қазына екендігі белгілі. Қаныбек Сарыбаев Тәушенді тығырықтан шығаруға, оны бүкіл елге танымал етуге барынша кірісті. Тәушеннің отағасын көндіру, оған өнердің өміршең киелілігін түсіндіру қиямет-қайым болды. Қайсар Қаныбек ақын ақыры жеңіп шықты. Тәушенді елге танытты. Қаныбектің еңбегін бағалаған ақын Тәушен Әбуова:
Себепкер боп шығарған Қаныбегім,
Қаныбекжан, сен менің бағым едің, – деп ризашылығын өз кітабында білдіреді [6,107 б].
Қаныбек Сарыбаев өзі ашқан ақындар мектебіне жас таланттыларды тартты. Отырар ауданы мәдениет бөлімі мәдениет сарайынан ашылған ақын-айтыскерлер мектебінде Бекарыс Шойбеков, Жәкен Омаров, Анар Жаппарқұлова, Маржан Есжанова тағы да басқалары жарқырап көрініп елге танылды. Қаныбек оларды өз баласынан артық баулыды. Бойындағы барлық жиған-тергенін сіңірді. Әсіресе Бекарыстың құйма құлақтығы, оқып берген немесе оқып алған 70-80 ң шумақ өлеңді жаттап алатыны Қаныбек ақынды қайран қалдыратын.
1986 жылдың маусым айынан КСРО Жазушылар одағының мүшесі болды. Ол өзінің Жазушылар одағына мүше болғанын былай суреттейді:
Мен кіргеннен іріді
Жазушылар одағы.
Сәтсіздіктің құрығы
Тағы алдымнан орады, – деп 70 жылдық ғұмыры бар компартияның құлауын да өлеңіне өрнек етіп, ғұмырнамаға бейімдейді [2].
Ел десе, ет жүрегі елжірейтін ақын Қаныбек халық арасында көбірек жүрген. Өзінің жаңа шығарған өлеңдерін мезетінде көпшілікке оқып беріп отырды. Тіпті күнделікті жүріс-тұрыста кездескен, көңілі ауған адамдарға бір-екі ұтымды шумақ өлеңдер шығарып отырғаны белгілі. Табан асты суырып салып айтуы, яғни импровизаторлық ақындығының болуы шоқтығының биік екенін көрсетеді.
Қаныбек Сарыбаев Отырар ауданы мәдениет бөлімінен 1998 жылы зейнеткерлікке шықты. Зейнеткерлікке шыққан соң өзінің туған жері Түркістанға көшіп кетті. Сонда жүріп, сол уақыттағы Түркістан қаласының әкімі Өмірзақ Әлиевтің қолдауымен шығармашылығын жалғастырып, «Меккемен тете мекенім» кітабын Түркия мемлекеті баспасында шығартты. Түркістандықтар Қаныбекті құрмет тұтты, қадірледі. Айғағы десек, Қаныбекке мемлекет тарапынан үй де беріп, «Түркістан қаласының құрметті азаматы» атағын да ұсынды. Қаныбек Сарыбаев 2002 жылы 10 желтоқсан күні Түркістан қаласында дүниеден озды. Қаныбек Сарыбаевтың қайтыс болуы замандас ақындарының қабырғасын қайыстырды. Ұстаз ағасының қапыда кеткеніне Ханбибі Есенқарақызы:
Тал түстен аса бергенде,
Алпыстан аса бергенде
Жығылдың орға барыстай
Ажалдан хабар келгенде
Өлеңнің Ханы – Орда едің,
Таусылды қалай дәрменің?
Өкпеге қимай жүргенде,
Өлімге қияр жан ба едің? – деп өзегі өртенеді [7, 64 б].
Қаныбек туралы Сахабат Сәрсенбек «Қаратаудың Хан қасқасы Қаныбек» туындысын жазды [8, 35 б]. Сондай-ақ Оңтүстіктің абыз жазушысы Мархабат Байғұт та «Ер Қаныбек ер-тұрманы бүтінделмей өтсе де...» деген көлемді мақаласын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 2008 жылғы №35 санының 4 наурызында жариялады [9, 3 б]. Ал, Атанбек Наурыздың да «Қаныбектің қарапайым өнегесі» («Шымкент келбеті» газетінің 2008 жылдың 18 сәуірінде жарық көрген) тақырыбындағы мақаласы тұшымдылығымен, ел үндестігімен ерекшеленеді.
Қаныбек Қасымханұлы Сарыбаевтың ерен еңбегі мемлекет тарапынан ескерусіз қалған жоқ. Жүйелеп айтар болсақ, олар мыналар:
– Бүкілодақтық көркемөнерпаздар фестивалінің лауреаты (1967) ;
– «За доблестный труд» медалінің иегері (1970);
– КСРО Жазушылар Одағы мүшесі (1986);
– Бүкілодақтық ІІ халық творчестволық фестивалінің лауреаты.
Қаныбек Сарыбаев қазақ әдебиетінің алтын қорына өзінің өміршең шығармаларын қосты. Өзі өлсе де, «артында өлмейтұғын із қалдырған» шығармалары қазіргі таңда да оқырмандардың жандарына жақын. Олар ақынның өлеңдерін ауыздарынан тастамай, күнделікті өмірде қолданады. Қаныбек ақын Отырар, Түркістан аудандарының халықтары үшін «аңыз адамға» айналған. Халық арасында Қаныбектің тауып айтқан, қауып айтқан сөздері көп қолданылады. Бұл ақынның, шын мәнінде, өз халқымен етене жақын бола алғандығын көрсетеді.
Шындықты шіміркпей айта білу – ақынның қапысыз қолтаңбасын танытатын ерекшелігі. Өзінің ақындық талантының арқасында, бойындағы адамгершілік қасиетін ту етіп, халқымен бірге жасайтын өлмес туындыларымен Қаныбек Сарыбаев қазақ поэзиясының биікке көтерілуіне мол үлес қосты. Ол қоғам өміріндегі «кедір-бұдырларды», біз байқай бермейтін күнделікті тіршілікте кездесетін келеңсіздіктерді алаңдамай ашып айта білген ақиқатшыл сөз шебері бола білді.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Аманжолов Қ. Өлеңдер, поэмалар // Нұрлы дүние. Таңдамалы – Алматы: Жазушы, 1991
2. Сарыбаев Қ. Қақыратып додаңды! // Өлеңдер топтамасы. – Оңтүстік Қазақстан. 2012, 11 ақпан
3. Отырар. Құрастырған: Еркін Қыдыр. – Астана: Фолиант, 2009
4. Есенқарақызы Х.Хан қызындай Ханбибі. – Алматы: Ордабасы, 2003
5. Есенқарақызы Х. Күн шығады қызарып. – Шымкент: Ордабасы, 2004
6. Әбуова Т. Шығармалар. – Шымкент: Ғасыр-ІІІ, 2005
7. Есенқарақызы Х. Ай туады бозарып: Өлеңдер. – Алматы: Жазушы, 2004
8. Евразия журналы. 2008, 25 сәуір №17
9. Қаныбек С. Ләззат пен азап // Өлеңдер. – Шымкент: Ордабасы, 2013
МАЛИКОВА А.А. ЖИЗНЕННЫЙ ПУТЬ КАНЫБЕКА САРЫБАЕВА И ЕГО ТВОРЧЕСТВО
В статье рассматривается жизненный путь и поэтическое творчество самобытного, пламенного поэта Каныбека Сарыбаева, идущий своебразным путём, являющийся новатором в казахской поэзии. Автор показала, что его поэтическое творчество отвечает всем требованиям искусства.
Ключевые слова: поэзия, лирика, тема, гражданская позиция, любовная лирика, лирика о природе, национальный мотив.
MALIKOVA A.A. THE LIFE (CARRER) AND CREATIVE ARTS OF KANYBEK SARYBAYEV.
Article covers the life and creative arts of Kanybek Sarybayev, whose life and creation doesn`t look like other writers, who could respond to all the demands of poetry and introduced innovations.
Keywords: poetry, lyrics, topic, patriot, citizenship, lyrics of love, lyrics of nature
Достарыңызбен бөлісу: |