Қарағанды Бөкетов университетінің
академиялық адалдық ережесі
Анықтама
Академиялық адалдық – білім беру бағдарламаларын игеру және білім беру қызметін жүзеге асыру, оның ішінде жазбаша (бақылау, курстық эссе, дипломдық, диссертациялық) жұмыстарды орындау кезінде, білім беру үдерісіне қатысушылардың өзара қарым-қатынасында өз ұстанымдарын білдіру барысында мінез-құлық нормаларын белгілейтін құндылықтар мен қағидаттар жиынтығы.
Білім беру үдерісіне қатысушылар – білім алушылар, профессор-оқытушылар құрамы, әкімшілік-басқару және оқу-көмекші персоналы.
Білім алушы – университетте білім алып жүрген тұлға.
Оқытушы – өз мамандығы мен ғылыми біліктілігіне сай және еңбек шартына сәйкес бакалавриат, магистратура мен PhD докторантураның білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылардың даярлығын жүзеге асыратын жоғары оқу орнының ғылыми-педагогикалық қызметкері.
Қызметкерлер –білім беру үдерісіне қатысатын университеттің әкімшілік-басқару және оқу-көмекші персоналы.
Жалпы бақылау – ағымдағы, аралық, қорытынды бақылау және мемлекеттік аттестаттауды өткізу кезінде университеттің білім беру үдерісінде қолданылатын мониторинг рәсімдері.
Құжаттамалық бақылау – бұрмалаудың алдын алу мақсатында құжаттардың дұрыстығын, дәлдігін зерттеу және талдау негізінде жүргізілетін бақылау түрі.
Бағаланатын жұмыс – білім алушының белгілі оқу кезеңінде оқудағы жетістіктерін анықтау үшін ағымдағы, аралық және қорытынды бақылау аясында орындайтын жұмысы немесе тапсырмасы (жазбаша жұмыс, бақылау жұмысы, зертханалық жұмыс, тәжірибелік жұмыс, өздік жұмысы, зерттеу жұмысы, тесттер, курстық жұмыс, диссертация, жоба және т.б.).
Жалпы ережелер
Академиялық адалдық ережесі 2008 жылғы 18-наурыздағы № 125 Жоғары оқу орындарында білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау өткізудің Үлгілік ережелерінің талаптарына (07.04.2017 ж. берілген өзгерістер мен толықтырулармен), Қарағанды Бөкетов университеті Корпоративтік этика кодексіне сәйкес жасалған.
Осы ереже академиялық адалдықтың негізгі ұғымдары мен қағидаттарын, оларды қолдану мақсаттары мен міндеттерін айқындайды, білім беру үдерісіне қатысушылардың академиялық адалдықты сақтау бойынша құқықтары мен міндеттерін белгілейді, академиялық адалдықты бұзу түрлерін және олар жасалған жағдайда шара қолдану тәртібін анықтайды.
Академиялық адалдық ережесін қабылдау мамандарды сапалы даярлау, Университет миссиясы міндеттерін жүзеге асыруға ықпал етеді.
Академиялық адалдық ережесі білім алушылар, профессор-оқытушылар құрамы, әкімшілік-басқару және оқу-көмекші персоналы тәрізді оқу үдерісіне қатысушылардың барлығы үшін бірыңғай болып табылады.
Қазақстан Республикасында білім беру қызметін реттейтін нормативтік актілер, Университет Жарғысы мен оның даму стратегиясы өзгертіліп, білім беру бағдарламаларына қойылатын талаптар қайта қаралған жағдайда Ереже қайта қаралуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |