Антик натурфилософиясы



бет2/2
Дата24.12.2021
өлшемі22,89 Kb.
#104829
1   2
Байланысты:
Философия Антик натурфилософиясы

натурфилософия деп атайды. Дүние қалай пайда болды, қалай жаратылды, ең бірінші не пайда болды деген сұраққа ерте грек ойшылдары жауап бере отырып, өз пікірлерін алға тартты. Антикалық философия - бүкіл дүние жүзілік философияның дамуындағы керемет құбылыс. Ол Көне Грекияда біздің дәуірімізден бұрынғы VII ғасырдың соңында қалыптасып, біздің дәуіріміздің VI ғасырына дейін өмір сүрді. Көне Грекияда мың жылдан артық уақытта әртүрлі сарындағы философиялық ілімдер пісіп, жетіліп кейінгі философиялық ойлаудың дамуына негіз, бастау болды.

Антикалық философияның өзіндік келбеті, ерекшелігі бар, оның ең бастапқысы табиғат туралы ілімдермен тікелей байланыстығы. Алғашқы грек философтарын физиктер деп сипаттау кездейсоқтық болмаса керек. Көне грек философиясының тағы да бір маңызды ерекшелігі - оның онтологиялық сипаты. Грек ойшылдары табиғаттың, бүкіл әлемнің мәнін білуге тырысты. Алғашқы бастаулар, түпнегіздер сияқты қарапайым ізденістерден бастап, жалпы болмыс мәселесіне көтеріледі. Антикалық философияға әлемді біртұтастық тұрғысынан пайымдау тән. Антикалық философ - ол дана, оның таным процесіндегі жалғыз қаруы өзінің ақылы, ал құралы - байқау. Осыдан келіп оның пайымдау және жалпылау сияқты сипаттары туындайды. Антикалық философияның дамуында бірнеше кезеңді бөлуге болады. Бұл мәселеде әртүрлі көзқарастар бар. Ол дәуірлер екі маңызды факторға сүйенеді: біріншіден, көне грек қоғамның өзіндік дамуы, екіншіден философиялық мәселелердің өзгеріп отыруы.

Антикалық философияның натурфилософиялық дәуірі шамамен біздің дәуірімізден бұрынғы VII ғасыр мен IV ғасырлар аралығын қамтиды. Натурфилософия– (латынша natura – табиғат) – табиғат философиясы; табиғатты біртұтас қарап, үстірт пайымдау арқылы түсіндіретін ілім. Натурфилософия ерте заманда, ғылыми танымның бастапқы кезеңдерінде елеулі орын алып, философияның тарихи қалыптасуының алғашқы формасы болды. Натурфилософия ұғымының шығуы стоиктерден (Сенека) басталады. Ежелгі грек натурфилософтары ғылым тарихында едәуір рөл атқарған бірқатар болжамдар ұсынды, оның ішіндегі маңыздыларының бірі – атомистік болжам (атомизм). Кейіннен натурфилософия физика немесе физиология, яғни табиғат жөніндегі ілім деп аталды. Орта ғасырларда философияда геоцентризм түсінігінің орын алуына орай натурфилософия ғылымы ой-өрістен христиан, ислам және иудей теологияларына ауысты. Қайта өркендеу дәуірінде Натурфилософия Дж. Бруно, Б.Толезио, Дж.Кампанелла, Дж.Кардано, Ф.Парацельс, Ф.Патрици есімдерімен байланысты пантеизм, гилозоизм негізінде дамыды. Бұл кезеңдегі натурфилософия табиғатты біртұтас қарау принципін ұсынып, бірқатар терең мәнді диалектикалық қағидалар (мысалы, өзгерістің қайнар көзі қарама-қарсы бастамалардың күресінде деген ілім) тұжырымдады. Бірақ табиғатты түсіндіру астрологиялық, алхимиялық, мистикалық түсініктерге толы болды. 17 – 18 ғасырларда механистік жаратылыстану ғылымдарының қарқынды дамуына байланысты табиғатты талдамалы және метафизика тұрғыдан зерттеу басым болып, натурфилософия ғылымнан шеттетілді. Классикалық неміс философиясында Натурфилософия негізгі пәндердің біріне айналып, өз заманындағы жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін объективтік идеализм тұрғысынан тұжырымдамақ болған Ф.В. Шеллинг философиясынан елеулі орын алды. Ол диалектикалық полярлық идеясы арқылы дүниенің біртұтастығының жіктелуі мен жоғары формалардың төмен формалардан дамып жетілуін түсіндірмек болды. 20 ғасырларда натурфилософияда теріс көзқарастар орын алды. Кейбір философ бағыттардың (экзистенциализм, прагматизм) өкілдері философия объектілерінің жағымсыз дүниесін зерттеумен шұғылданбауы керек деп есептеді. Неореализм, сыни онтология, марксизм т.б. өкілдері натурфилософия жаратылыстану ғылымдарының деректерін ескермей, табиғатты тануға дұрыс қарамаған деген пікірді ұстанды. Нақтылы натурфилософиялық жүйелердің негізінде философияның ерекшелігін, философия мен арнаулы ғылымдардың арақатынасын ерекше түсінуге негізделген “натурфилософиялық ойлау стилі” жатыр. Оның шеңберінде философия кез келген теориялық білімнің жоғары типі ретінде қарастырылады. Экспериментті жаратылыстанудың дамуы натурфилософиялық идеялар мен ғылыми зерттеулер нәтижелерінің бір-біріне қайшы келуіне әкелді. Мысалы, Гегель өзінің “Табиғат философиясы” деген еңбегінде жарық спектрі туралы Ньютон ілімін теріске шығарып, атомизм, эволюция идеяларын сынға алды. Қазіргі кезде натурфилософия ойлау стилі табиғатты тану саласында ғана емес, әлеуметтік құбылыстарды зерделеуде де көрініс береді.

Көне грек философиясы немесе архаизм (көне, ескi, атам заманғы) б.з.д. VI-V ғ. басындағы кез. Бұл кезеңдегi негiзгi мектептер: Милет мектебi (Фалес, Анаксимандр, Анаксимен); Пифагор және пифагоршылар; Элеаттар (Парменид, Зенон); атомшылар (Левкипп, Демокрит). Бұл мектептерден тыс тұрған философтар - Гераклит, Эмпедокл және Анаксагор. Классикалық кезеңнiң негiзгi мектебi - софистер (Горгий, Гиппий, Протогор, т.б.). Алдымен бұларға қосылған, кейiн оларды сынаған Сократ, Платон, оның мектеп академиясы, Аристотель және лицей мектебi.

Эллиндiк кез (б.з.д. IV-б.з.V ғ.). Бұл кезеңнiң негiзгi мектебi: Эпикур мен Эпикуршiлер (Лукреций Кар), Стоиктер (Зенон, Луций Анней Сенека, Марк Аврелий); скептиктер (Пиррон, Секст Эмпирик); кинктер (Антисфен, Диоген Синопский); неоплатонизм (Плотин, Прокл, Янвлих).

Антикалық философияның (даму кезеңiне тәуелсiз) негiзгi сипаты - ғарыштық логоцентризм. Логос - ежелгi философияның орталық ұғымы. Гректер ғарышты тәртiпке салынған және антикалық адамды да тәртiпке салынған әрі үйлесiмдi жүйелер деп көрсетедi. Адам бойындағы зұлымдық пен шалалық нақты бiлiмнiң жеткiлiксiздiгi ретiнде түсiндiрiледi және оны философия көмегiмен толықтыруға болатынына сенедi. Көне грек философиясының негiзгi тақырыбы - ғарыш, физика. Алғашқы грек философтарын - физиктер, ал философияны - натурфилософия деп атады. Осы кезеңде әлемнiң бастамасы жөніндегі мәселе қалыптасты. Элеаттардың философиясы бiрте-бiрте натурфилософиялық мотивтерден айырыла бастады. Ендi болмыс, оның құрлымы, ойлаудың басты тақырыбы болып қалды. Ертедегi антикалық философияның орталық мәселесi онтология болып, алғашқы ғылыми (мифологиялық емес) дүниеге көзқарастың жиынтығы жасалды.

Милет мектебі - Грекиядағы ең көне материалистік философиялық мектеп. Милет қаласы сауданың, теңізде жүзудің, мәдениеттің ірі орталығы болды, ал бұл жағдайлар Фалес, Анаксимандр және Анаксимен секілді көрнекті милеттіктердің ой-өрісі мен ғылыми ынта-талабының жан-жақты өрістеуіне жағдай жасады. олар математика, география, астраномия салаларында ғылыми жаңалықтар ашты. Фалес әлемнің түпнегізі су деп есептеген. Бәрі судан пайда болады, бәрі суға айналады. Фалестің шәкірті Анаксимен әлемнің негізі ауа, ал Гераклит от деп есептеді. Анаксимандр барлық заттар мен құбылыстар шексіз, шетсіз апейроннан пайда болған деді.

Фалес (б.д.д. 624-547ж.ж.) - Милет қаласынан шыққан грек философы және саяси қайраткері. Аңыз бойынша ерте грек жеріндегі жеті данышпанның бірі. Мысыр және Вавилонда математика және астрономия ғылымдарымен танысады. Б.д.д. 585-584 ж.ж. күннің тұтылуын алдын - ала дәл болжаған деген мәлімет бар. Сондай-ақ пирамиданың көлеңкесінің ұзындығы бойынша пирамиданың биіктігін анықтайды.

Фалес бір жылды 365 күнге, 365 күнді 12 айға бөліп, күнтізбенің (календарь) жасаудың алғашқы бастамасын көрсетуші ретінде және стихиялы-материалистік Милет мектебінің негізін қалаушы ретінде танымал. Ол заттардың алуандылығынан бірегей бастапқы негіз іздеп, оны материалды, нақты зат деп есептеді. Дүниенің, барлық нәрсенің түп негізі, алғашқы бастамысы - су деген пікірді ұстанады. Ол буға айналады, бу ауаны құрайды, қарама-қарсы бағытта оларда өзгерiс жүредi, жер тiптi тас та осының нәтижесi. Әртүрлi, әр алуан әлемнiң сапалық жағдайының мәнi мен байланысының айырмашылығы - осыдан алғашқы орынға шығады. Бәрі судан пайда болады, бәрі қайтадан суға айналады дейді.

Фалес құдайды жоққа шығарады, бiрақ әлемдi түсiндiруде құдайға жүгiнедi. Оны сол кездегi ең батыл, таңқалдыратын тiрлiк иесi дедi. Фалес: Тiршiлiк мәнінің ең ежелгiсi - Құдай, өйткенi ол тумаған. Бәрiнен де әдемi - әлем, өйткенi оны құдай жасаған. Бәрiнен де данышпан уақыт, өйткенi ол бәрiн шешедi, - дейдi. Дүниедегi қиын не? - Өзiңдi тану. Ең оңайы не? - Басқа бiреуге кеңес беру. Бақытсыздықтан қай кезде құтыласыз? - Жауыңа сенен де қиын болғанда.

Анаксимандр (шамамен б.д.д. 610-546 ж.ж.) - ежелгі гректің материалист - философы, стихиялы диалектик, Фалестің бас шәкірті. Грециядағы «Табиғат туралы» атты тұңғыш ғылыми шығарманың авторы, бірақ бұл шығарма бізге жеткен жоқ. Анаксимандр дүниенің негізі, бастамасы ретінде - архе (негіз) ұғымын енгізді, дүниенің негізі - апейрон (шексіз нәрсе) деп есептеген. Апейронның ыстық пен суықтың қарама-қарсылығы туады; олардың күресі космосты дүниеге әкеледі; ыстық-от ретінде көрініс тапса, суық аспан мен жерге айналады. Анаксимандр материаның сақталу және айналу заңын тұңғыш рет тұжырымдады. Анаксимандрдың космологиялық теориясы бойынша жазық цилиндр формасындағы Жер Ғаламның ортансында тұр. Жер төңірегінде аспанның үш сақинасы: күн, ай және аспан денелері - жұлдыздар айналып жүреді. Тарихта тұңғыш рет эволюция идеясын ұсынды: адам - балықтан пайда болған. Анаксимандр алуан түрлi табиғаттың негiзiнде әлдебiр белгiсiз және шексiз материя жатады деп ойлады, оны апейрон деп атады. Мiне, осы түсiнiк дүниенiң материалдық субстанциясын оның тереңiрек қарағанын көрсетедi.

Анаксимен (шамамен б.д.д 588-525 ж.ж.) - ежелгі грек материалист - философы, стихиялы- диалектик, Анаксимандрдың шәкірті.Оның ілімінше, барлық нәрсенің бастамасы материадан - ауадан пайда болған, қайтадан ауаға айналады. Ауа шексіз, мәңгі, қозғалыстағы зат. Қоюланғаннан кейін - бұлтқа, суға, жер мен тастарға, сейіліп - отқа айналады. Мұнда санның сапаға ауысу идеясы көрініс тапқан. Ауа бәрін қамтиды: ол әрі жан, әрі ғаламның сансыз заттардың өмір сүретін ортасы. Анаксимен жұлдыздар - от, бірақ оның жылуын сезінбейміз, өйткені олар өте қашықта орналасқан, күн қатты жанып тұрған алып аспан денесі деп үйретті.

Элеаттар - Элей философия мектебi б.з.д. VI - V ғғ. - ежелгi Элейде, қазiргi Италия территориясында өмiр сүрдi. Өкiлдерi: Парменид, Зенон Элейский, Мелисс Самосский.

Элейден шыққан ойшылардың жаңалығы мынада: космологияны онтологияға (болмыс теориясына) өзгерту, өзiндiк философиялық категорияларды ойлап табу (болмыс, биболмыс, ойлау), диалектикалық тәсiлдi енгiзу мен пайдалану арқылы философияда дәлелдеудiң қажеттiлiгi мен оның тәсiлдерiн қолдануды (абсурдқа әкелу принципi) мойындау. Аталған философтардың бәрі дүниенің негізі материалдық субстанция деп есептеді. Субстанция дегеніміз түпнегіз, ол өзінің басқа арқылы түсіндірілуін қажет етпейді. Элеаттар мектебінің өкілдері Парменид, Зенон, Ксенофан. Субстанцияны түсіндіру мәселесінде олар нақты бір зат пен құбылыстан гөрі өзімен өзі болмыс деген ұғымды қарастырады. Парменид философиясының негізгі тезисі - болмыс бар, болмыс емес жоқ, болмыс еместі тануға, тіпті ол туралы айтуға да болмайды. Ол мәңгілік, пайда болмайды, жойылмайды, ол біркелкі және үздіксіз. Ксенофанның пікірінше, болмыс дегеніміз - Құдай. Құдай әлемнің субстанциясы. Зенон шекті және шексіздік, жалғыздық пен көптік, қозғалысты ойлаудың мәселерін қойып, зерттеді. Зенон бос кеңістік, көптік, қозғалыс мәселелерінің сезімдер үшін бар екендігін мойындады, ал оларды ұғымдар деңгейінде қалай түсіндіру қажет. Мәселенің түп төркіні осыда болса керек. Аристотель Зенонды диалектиканың негізін қалаушы деп бағалаған, өйткені, ол ақиқатты, қарсыласының ойындағы ішкі қайшылықтарды айқындап, оны шешудің жолын қарастырған.

Ежелгi Грециядғы материалистiк бағыт кейiнгi кезеңде Демокриттiң философиясынан толығырақ көрiндi. Демокрит (б.д.д. 460-370 ж.ж.)-ежелгі грек материалист-философы, Левкипптің шәкірті, гректердің тұңғыш энциклопедист ойшылы. Демокрит-атомдық көзқарастың негізін салушылардың бірі. Ол дүниенің бастамасы ретінде екі негізді-атом мен бос кеңістікті алға қояды. Атом - дегеніміз бүтін, бөлінбейтін кішкене бөлшек. Оның бірігуінен және бөлуінен бүкіл әлемдегі заттар мен құбылыстар құралады. Олар сапа жағынан емес, саны, түрi, формасы, ретi, тәртiбi немесе орналасуы және көлемi жағынан бiр-бiрiнен өзгеше келедi. Осыған байланысты денелер белгiлi бiр сапаға, қасиетке ие болады, жылы не суық, ауыр не жеңiл, қатты не жұмсақ болып келедi. Атомдар мәңгi қозғалыста болады да, бiр-бiрiмен соқтығысып шағысып жатады. Бәрi де үнемi өзгеру үстiнде болады, бәрi де заңды түрде және қажетiне қарай өтедi.

Адам да атомдардың бірлігі, бірақ оның жаны бар. Жан дегеніміз де зат, ол ерекше атомдардан, яғни жеңіл және тез қозғалуға бейім атомдардан құралады.

Демокрит осы принципімен таным процесінде түсіндіреді. Таным дегеніміз заттардың бетінде ағып жүретін атомдарды қабылдау. Олар - заттармен құбылыстардың бейнесі.

Атомдар бос кеңістікте бір жерден екінші жерге ауысып, үздіксіз қозғалып отырады. Осы қозғалыс процесінде олар бір-бірімен қосылып, тұтас материяны құрайды: отты, суды, жерді тудырады. Атомдар-болмыс, ал бос кеңістік-болмыс емес.

Демокрит танымның материалистік теориясын дамыта келіп, адамның санасы-обьективті түрде атомдардың сезім мүшелеріне жасайтын әсерінің нәтижесі деп есептеді. Дүниені танып-білудің екі түрін көрсетеді:

1. Сезім арқылы танып-білу,

2. Ақылмен танып-білу.

Демокриттің атомдық теориясы көптеген ғасырлар бойы ғылымға жол көрсеткен ілім болды. Оның материялық атомдардың обьективті өмір сүретіндігі туралы жалпы философиялық көзқарасы ғылым мен философияның тарихында орасан зор маңызға ие. Демокриттің көзқарастарын Эпикур мен Лукреций Кар әрі қарай дамытты.

Софистер философиясымен антикалық философияның гуманистік дәуірі басталады. Софистер (гр. sophists-өнерпаз, дана) - даналықтың, шешендіктің кәсіби ұстаздары ретінде саналған ежелгі грек философтарын осылай атаған. Олардың халықты риторикаға, философияға үйретудегі атқарған еңбектері зор. Діннен бас тарту, табиғат құбылыстарын ұтымды түсіндіру, этикалық және әлеуметтік релятивизм-олардың ортақ көзқарасы болып табылады. Софистер екі топқа бөлінді: Аға софистер-табиғатты материалистік тұрғыда түсіндірді. Бұл топтың өкілдері-Протагор, Гиппий, Продик, Антифондар-алғашқы ағартушылар. Екінші тобы- Кіші софистер (ақсүйектер тобы)-Гипподам, Критий-философиялық идеализмге ден қойғандар. Софистер Софистика деген әдісті қолданды.



Қорытындылай келе, антикалық философияның негізгі сипаты ғарыштық логоцентризм екенін түсіндік. «Логос» ежелгі философияның орталық ұғымы. Ежелгі грекия дүниетанымының формасы – философияны қалыптастырған негізгі үш мәдени орталықтың бірі болып табылды. Оның қалыптасуы Ерте Үнді және Қытай жерлерінде байқалған. Бірақ антикалық ақыл- ойдың дүниеге келтірілген жеңісінің Шығыстық философиямен салыстырғанда өзіндік ерекшеліктері болды. Философияның қалыптасуына алғышарт болған ол гректердің өмір сүру түрлері және басқа халықтардағы сияқты мифология, дін, ғылыми білімнің бастапқы негіздері , сана және тіршілік даналығы. Осылайша әртүрлі дәуірдің философтары антикалық философиядан шабыт көзін тапты десек те болады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет