Ақпараттық қауіпсіздік тыныштық кепілі 27-Маусым, 2013 Ашық айту ардың ісі



Дата27.12.2016
өлшемі179,64 Kb.
#5693

Ақпараттық қауіпсіздік – тыныштық кепілі


27-Маусым, 2013   Ашық айту - ардың ісі  
Намазалы ОМАШЕВ,
Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, профессор:

– Журналист мамандары Астанада, Алматыда және Қарағандыда даярланатынынан хабардармыз. Еліміздің қай жоғары оқу орындарында журналистика мамандығы кәсіби деңгейде оқытылады деп ойлайсыз?


– Қарағандыны, әрине, Алматымен, Астанамен салыстыруға болмайды. Ол сәл де болса кемшіндеу. Өйткені ол жеке факультет емес, филология факультетінің жанындағы бөлімше. Әзірге факультет екеу. Олар – Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті мен Астанадағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дегі журналистика және саясаттану факультеті.
Таяуда ғана Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің журналист кадрларын даярлау жөніндегі біріккен мәжілісі өтті. Сонда екі министрлік: «осыған дейін 25 жерде дайындалып келген журналистика мамандығын ендігі жерде шоғырландырып, екі-ақ жерде қалдырған дұрыс болар» дегенді білдірді. Әрине, қарсы пікірлер айтқандар да болды. Министрліктегілер: «журналистика – көпшіліктің көз алдындағы, қоғамда өзіндік орны бар ерекше мамандық. Сондықтан бүгінгі талап-тілекке сай дайындау үшін арнайы база керек деген шешімге келді». Әзірге бұл шара толық шешімін тапқан жоқ. Бірақ министрлік биыл гранттар санын көбейтпек. Және ретіне қарай оңтайландыру жұмысын жүргізіп, журналистерді даярлауды екі немесе үш-төрт жерде қалдырады. Бұл енді алдағы жұмыс. Ол шара биыл немесе келесі жылы түгел орындалып бітуге тиіс. Бірден бәрін кесіп тастамаса да осындай талап қойылып отыр. Ал жалпы журналист мамандары Астана мен Алматыда тең дәрежеде дайындалады. Өйткені мен көп жыл бойы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қызмет істедім. Ол жерге ешқандай бөтендігім жоқ. Бұл жерде де журналист мамандарын даярлап жатырмыз. Бөле жаратыны жоқ. Құдайшылығын айтатын болсам, екеуінде де шамалас, бірдей дайын­дап жатыр деп ойлаймын.
– Түсінікті. Бұл сұрақты қойған себебім, журналистикада жүрген бір әріптесім әлеуметтік желілердің біріне «төрт жыл бойы журналистикада оқып, уақытымды бекерге кетіріппін. Теориялық білімнен гөрі практикалық журналистиканы бастап жібергенім де болатын екен. Босқа ақша шашып оқығаныма өкінемін. Университетте ешқандай білім алған жоқпын» деген пікір жазған еді…
– Бұл әңгіме ішінара айтылып қалады. Өткендегі қос министрліктің біріккен мәжілісінде де мінберге шыққан біреу «журналистика факультетінде түк те білім алған жоқпын» деп отыр. Сонда бүкіл бір мамандық саласын сынайтын өрені қайдан алды? Қазақта «су ішкен құдығыңа түкірме» деген мақал бар. Мұндай әңгіме мына көршілес елдерде де, шетелдерде де болған екен. Журналистика – өте күрделі мамандық. Олай жеңіл шеше салуға болмайды. Университеттік білімі жоқ адам кісімен қалай сөйлесіп, сұхбатты қалай жасайды, нені әңгіме қылады? Ол мамандықты сылдыр сөзбен немесе заржақтықпен игеріп алам деу бекер әңгіме. Қазір ондайды ешкім тыңдамайды. Оның заманы өтіп кеткен. Бүгінде терең білім, өре керек.
– Жалпы, басқа саланың маманы журналист бола алмайды деген пікірмен келісесіз бе? Кей әріптестерім «өзге саладан келген адам ешқашан журналист бола алмайды» деп жүр. Әйтсе де, бізде қазір салалық журналистер жетіспейді. Ал салалық журналист болу үшін, сол саланы жетік білетін маман болу керек сияқты…
– Дүниежүзілік тәжірибеге сүйенсек, журналистика мамандарының барлығы дерлік университеттерде дайындалады. Өйткені университеттік білім міндетті түрде керек. Өзім журналист болғаннан кейін қорғаштайын деп отырған жоқпын. Журналистерді университетте дайындау – бұл дүниежүзінде қалыптасқан жағдай. Екінші – басқа мамандық иелерін журналистикаға тарту. Айталық, осында белгілі тележүргізуші Рәбиға Аманжолова «Теле-радио және қоғаммен байланыс» кафедрасында сабақ беріп жүр. Ол талай жыл телевизия саласында жұмыс істеген белгілі маман. Сол кісі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да журналистика факультетіне қайта түсіп, екі жыл оқып, журналист мамандығын алды. Сол сияқты басқа мамандық иелері де қайта оқулары керек. Одан соң біліктілігін арттыруға арналған курстардың болғаны да дұрыс. Оның барлығының да журналистика мамандығына пайдасы тимесе зияны жоқ. Тіпті ауылшаруашылығы институтын бітірген болмаса да инженер мамандығын оқыған немесе медицина саласын бітірген, бойында жазуға деген қабілеті бар адамдар журналистикаға келсе, нұр үстіне нұр. Ал журналистика факультеттерін жауып тастап кез келген саланың адамы журналист болсын деген мүлдем дұрыс емес.
– Бұл жерде әңгіме журналистика факультетін жауып тастау емес, салалық журналистиканы дамыту жөнінде ғой…
– Иә, кейбіреулер «журналистика факультетін жауып тастап, жазуға ыңғайы бар адамдардан-ақ журналист жасауға болады» дегенді айтады. Ол дұрыс емес. Басқа саланың жазуға қабілеті бар адамын тартуға болады. Мәселен, Олжас Сүлейменов политехты бітірген адам. Зейнолла Қабдолов та кезінде сонда оқыған. Сол сияқты кейбіреулер ерекше дарындылығының арқасында журналист, жазушы немесе ақын болып кете береді. Оған ешкім қой демейді. Ол да керек нәрсе. Бірақ осыған бола журналистика факультеттерінің керегі жоқ деу бекер әңгіме.
Мен кейінгі кезде «Қоғам қандай болса, журналистика да сондай» деген пікірді жиі айтып жүрмін. Біреулер журналистиканы қоғамнан бөлек алып қарастырғысы келеді. Ол қоғамнан бөлек бола алмайды. Журналистердің ерекшелігі – жаңалыққа құмарлығы. Қоғамдағы өзгерістерді ертерек сезеді. Соған сай қалыптасады. Басқа айырмашылығы жоқ. Қоғам қалай ала-құла болса, журналистика да солай ала-құла. Біреулер биліктің сөзін сөйлесе, біреулер олигархтардың сойылын соғады. Енді біреулер оппозицияны қолдайды. Қоғамдық пікір әртүрлі болса, журналистикада сол пікірлердің көрініс беруі заңдылық.
– Байқайсыз ба, бүгінде телеарналар тілбұзарға айналып барады. Осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбітсек. Кей әріптестеріміз сөздің мән-мағынасына аса мән бермей, сөзді орынды, орынсыз қолдана беретін болып барады. Бүгінгі теле-радио журналистердің сөз саптауына көңіліңіз тола ма?
– Бұл үлкен проблема болып тұр. Журналистің басты ерекшелігі: біреу жазуға бейім, біреу сөйлеуге бейім. Осы екі қасиет болмаған адамның журналист болуы өте қиын. Қанша жерден дарынды, талантты болғанымен құр сылдыраған сөзге сүйену алысқа апармайды. Михаил Кольцов деген мықты фельетонист болды кезінде. Сол «сары майдың өзін нанға қалыңдатып жақсаң артықтық жасайды, ақ қағазға қызыл бояуды орынсыз жаға берсең, ол тартымдылықтан гөрі көңілді құлазытады» деп айтқаны бар. Борис Полевой: «журналист факті мен фактінің ортасында билеу керек» дейді.
Сол айтқандай әр нәрсені өзінің орнымен пайдалану керек. Әсіресе телевизияда. Радионың да негізгі құралы сөз ғой. Бірақ кейде ол жерде де бос сөз көп. Сөзді түсінбей айту, екпінді дұрыс түсірмеу деген мәселелер бар. Тіпті адам ұялатын сөздерді айтып жатады.
Бұрын Қазақ радиосында алғаш эфирге шығу үшін үміткерлер Патрушев деген мықты режиссердің сынынан өтетін. Ол өте жоғары талап қоятын. Сол режиссер «тынысты дұрыс алмайсың, екпінді дұрыс түсірмейсің, сөзді жұтып, аяғын дұрыс айтпайсың, сингорманизм заңына байланысты «қ» әрпі құлаққа жағымды естілуі үшін «ғ» болып айтылады» деп төбемізде тұрып алатын. Жас журналис­терге күшті талаптарды қойып, эфирге шығудан бұрын дайындайтын. Ал қазір әркім де эфирге шыға береді. Түрге де қарап жатқаны шамалы. Керек десеңіз, сөйлемді дұрыс құрап, ойын дұрыс жеткізсе, өресі болса, түрге де қарамайды. Мысалы, орыстың белгілі ақыны Рождественский – кекеш адам. Ал кезінде сол кекештігіне қарамай орталық телевизиядан ылғи хабар жүргізді. Өйткені ол білімді, айтылатын сөздің мәнін дұрыс жеткізетін.
Бұрын тікелей эфирге шығу қия­мет болатын. Ол үшін тоғыз қабат торғауыттың ар жағына кіргізіп «ойбай, дыбыс шықпасын, өйтпесін, бүйтпесін» деп тіпті көп артық талап қоятын. Кейін шетелге барсам, тіпті олай емес екен. Қазір біз соларға еліктейміз деп басқа жағына кеттік. Өткенде Қазақ радиосына бардым. Шағын бөлменің бір есігін жауып қойды да тікелей эфир жүргізе берді. Өткен-кеткеннің барлығы көрініп тұр. Оған да мән бермейтін болыпты. Көрдіңіз бе?! Яғни біресе біз тоғыз қабат торғауыттың ар жағына кіргіземіз, біресе ашықтық, еркіндік, демократия деп эфирге кесірін тигізетін нәрселерге мән бермейтін болдық. Ол журналистикаға абырой әпермейтін нәрсе. Сосын қандай данышпан болса да эфирге дайындалу деген болады. Сол тақырыпқа байланыс­ты іздену керек. Ойды қалай өрбітіп, қалай дамытып, қалай қорытындылап, қалай тұжырым жасаудың бәрі екшелуі тиіс. Сол кезде ғана телевизияда болсын, радиода болсын хабар шынайы шығады. Сондай жүректен шыққан дүние ғана жүрекке жетеді. Ал жүрдім-бардым әрекетпен миллиондардың көңілін қалай жаулап аласың?! Аудиторияны жаулап алудың қыр-сыры көп.
Сосын ең үлкен нәрсе – тілдік кемшілік. Қазіргі жастар мүлдем кітап оқымайды. Ауызекі сөйлеу тілі деген бар, көркем сөйлеу тілі деген бар. Сөздің табиғи сипаты және шығармашылық сипаты деген болады. Сөздің шығар­машылық сипатын радио мен телевизия кеңірек пайдалануы керек. Ал қазір тек сөздің табиғи сипатын ғана пайдаланады. Сөздің мәніне, парқына дұрыс мән бермегесін айтайын деген ойды жеткізе алмайды. Тыңдап отырған кісі шаршап, зерігіп кетеді.
Қазіргі журналистердің тіл байлығы жетіспейді. Тіл байлығы ауылдық ортада немесе ертегі мен эпос, көркем әдебиетті көп оқығанда ғана қалыптасады.
– Теле-радио журналистері ақпарат жеткізгенде тура мағынасында айтылған «жіберіп алмаңыз, тоғытып жіберді» деген секілді құлаққа түрпідей тиетін сөздерді айтып жатады ғой. Басқалай жеткізудің тәсілін білмей ме әлде?
– Ақиқатты жеткізудің әртүрлі формалары бар. Әр ұлт әртүрлі жеткізеді. Айталық, бізде «өлді» деп емес «қайтыс болды, бақилыққа кетті» деп жеткізеді. Күннің батқанын «күн ұясына қонды» дейді қазақ. Ал оның бәрі еріккеннің ермегі емес. Бет жыртатын ауыр сөздерді жұмсартып, мақтамен бауыздағандай етіп жеткізеді. Бұл қазақтың дәстүріне, психологиясына тән нәрселер. Мәселен, қасқырдың атын атамай «ит-құс» деген. «Ол бәленің атын атап шақырғандай болмайын» дегендегісі. Осы сияқты тіке айтқаннан гөрі мақтамен бауыздағандай етіп жеткізсе, бұның әсері жоғары болады. Яғни баламалап, астарлап жеткізгеннің ықпалы зор. Есте ұзақ сақталады. Ол журналистке, жазушыға тән қасиет болу керек деп ойлаймын. Сондықтан ұлттық ерекшеліктерімізді телевизиялық материалдарда да, радиода да, баспасөзде де, интернетте де біртіндеп игеріп, сынамалап кіргізіп отырсақ біз ұтамыз.
– Бізде журналистерді дайындайтын арнайы курстар бар екен. Десе де, бізде осы дикторларды даярлайтын, дауыс ырғағын анықтайтын беретін мамандар бар ма? Оларды қалай дайындауға болады?
– Сөздің шыны керек, журналистика факультетінде бұл мәселе аз оқытылады. Мен кезінде оқу бағдарламасына «ше­шендік өнер» деген сабақ енгізген едім.
Алматыдағы Өнер институтында режиссерлерді, артистерді дайындайтын факультет бар. Осы жерде тынысты қалай алу керек, дауыс ырғағын қалай таңдау керек, телевизияда қалай, радиода қалай сөйлеу керек дегеннің бәрін оқытады. Оны бітіргендер радио мен телевизияда режиссер болып жұмыс істейді.Эфирге шығатын журналистерді, дикторларды солар дайындайды. Ал журналистика факультетінде жазудың қыр-сырын, оның жанрларын оқытады.
– Неге осындай мамандарды шақырып, факультет жанынан кафедра ашпасқа?
– Иә, жалпы осыны бөлектемей, бірге оқытқан дұрыс. Өйткені қазір радио мен телевизияда тілдік проблемалар тым көбейіп кетті. Сондықтан мұны ойлас­тыру керек. Мүмкін радио мен телевизия хабарларын жүргізудің шеберлік мектебі деген пән енгізу керек шығар. Айталық, Рәбиға Аманжолова радио мен телевизияда хабарды қалай жүргізу керек, қалай дұрыс сөйлеу керек деген талаптар негізінде сабақ бере алады. Осындай бір емес, бірнеше мамандарды қатыстыру керек. Біздің базамыз енді дұрысталып келеді. Ендігі жерде маманды сөздің парқына, сөздің ажары мен сәулесіне мән беретіндей етіп дайындамасақ болмайды.
– Қазақ журналистерінде Алаш қайраткерлерінің бойындағы өткірлік жоқ деген пікірлер жиі айтылады. Өзіңіздің де баспасөзге берген сұхбаттарыңызда осы тектес пікір айтып жүрсіз. Бұлай деуге не себеп?
– Мен оны жалпылама түрде айттым. Қазақ журналистикасында өткірлік жоқ деп. Бұдан да өткірлеу болу керек еді дегенім ғой. Өткен жылы «Алаш көсемсөзі» он томдығын шығардық. Сонда Алаш қайраткерлерінің ұлтқа, жерге, елге, тарихқа байланысты, елдік мәселелер, дәстүрлер жайлы айтылған дүниелері мен қазіргі журналистикадағы пікірлерді салыстырам ғой. Сөйтсем, жиырмасыншы ғасырдың басындағы Алаш көсемдерінің көтерген мәселелері салмақты да өткір екен. Сол себепті олардың деңгейіне жетпегенімізді мойын­дау керек. Бірақ қазір қазақ журналистикасы түгелдей қызыл иек, тісі жоқ, жазған дүниелері селт еткізбейді деген ойдан аулақпын. Әйтпесе анау «Түркістанның» бетіндегі салмақты дүниелер, «Жас қазақта» басылатын өзгеше мақалалар, «Жас Алаштың» бетіндегі өткір ойлар, «Ана тілі», «Алаш айнасы», «Айқын» газеттерінде жарияланып жататын ұтқыр дүниелер аз емес.
Ұлтқа, елге, мемлекеттілікке жаны ауырған, қазақ тіліне, дініне жаны ашыған дүниелер бар. Әсіресе кейінгі кезде көбейді. Бұрындары «қазақ журналис­тикасы тісін батырмайды, жалтақ» деген әңгімелер айтылатын. Мен қазір олай деп айта алмаймын. Ұлттық құндылықтарды, мемлекеттік, елдік, жерлік мәселелердің барлығын көтеретін қазақ журналистері. Өйткені бұл елге шындап жаны ашитын қазақтар ғой. Бұл оның ғасырлар бойы мекен еткен жері, елі. Сондықтан оның болмысына бірден-бір жаны ашитын да, жан-жүрегімен осыған қатты көңіл бөлетін де осы халық.
– Қазір қазақ журналистикасына төніп тұрған қауіп қандай?
– Ол – ақпараттық кеңістігіміздің қауіпсіздігі. Бұған кейде көп мән бермейді. Ақпараттық кеңістікті алдырып қойсаң, сен жеріңді ала бағандармен қоршап алғаннан түк те пайда жоқ. Біз Қытаймен, Ресеймен, Өзбекстанмен шекараны жөнге келтірдік деп қуандық қой. Егерде ақпараттық кеңістікті көзіміздің қарашығындай сақтамасақ, ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін осы бастан ойламасақ он жерден ала бағанмен қоршағанымен өзге елдің идеологиясы жаулап алса, өзіңнен-өзің басқа елдің жетегінде кетесің. Бұндайдың бетін ары қылсын. Сондықтан мені аса қатты толғандыратын дүние ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігі. Өйткені кезінде Чилиде, Польшада, Чехославакиядағы төңкерістердің барлығы ақпараттық кеңістіктің әлсіздігінен болды. Ол тарих ұмытылмауы керек. Италияның өзі де кезінде осы қасіретті басынан кешкен. Бұлардың жанында біз жаңадан ғана дамушы елміз. Италия америкалық фильмдердің тасқынының астында қалып қойып, халық дәстүрінен жаңылысып қала жаздады. Бүкіл ғалымдары мен қоғам қайраткерлері көтеріліп, италияндық фильмдерді көбейтті де америкалық фильмдерді азайтты. Өзге елдің тасқынан осылай әрең құтылды. Көрдіңіз бе ақпараттық қауіпсіздік қандай екенін? Бұған тек журналистер ғана емес мемлекет те, қоғам қайраткерлері де, басқа саланың мамандары да араласуы керек. Өйткені біз қазір ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Барлығы түгел ашық. Соны пайдаланып дамыған елдер бізге өзінің ақпаратын тықпалайды. Мәселен, Ауғанстан өзінің ақпаратын Америкаға апарып тықпалай алмайды. Ал Америка өзінің ақпаратын Ауғанстанға күнде құйып жатыр. Солтүстік Корея да өз ақпаратын Америкаға бере алмайды. Сол сияқты саяси мәселелерде біздің көзқарасымыз Ресейдің саясаты арқылы қалыптасып жатыр. Мысалы, Сирияны алайық. Сириядағы жағдайға байланыс­ты бізде қазір екіжақты көзқарас бар. Бірі – Ресейдің көзқарасы, екіншісі – Американың көзқарасы.
Ақпараттық қоғамда бір оқ шығармай, тек ақпараттың өзімен-ақ бір елді жаулап алуға болады. Сондықтан көзіміздің қарашығын қалай қорғайтын болсақ, ақпараттық кеңістігіміздің қауіпсіздігін де дәл солай қорғауымыз керек.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ

төртінші билік
Қазіргі қоғамда бұқаралық ақпарат құралдары – төртінші билік деген ұғым қалыптасқан. Оның негізі жоқ емес. Бұқаралық ақпарат құралдарының басты қаруы – қоғамдық пікір. Мемлекеттік деңгейден бастап жекебастық мәселелер алдымен теледидар мен газетте жарияланып, кейіннен шешімін табатындығының күнделікті куәсі болып жүрміз. Бұқаралық ақпарат құралдары әділдік пен шыншылдықтың жақтаушысы ретінде қабылданады. Мұның сыры неде? Ең бастысы – журналистердің қоғамда қалыптасқан имиджінде, азаматтық ұстанымында. Әрине, БАҚ тарапынан қолдан жасалған шабуылдар мен «қара пиарлар» туралы әңгіме басқа. Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны мен маңызын Ахмет Байтұрсыновтан асырып ешкім айтқан жоқ: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Көзсіз, құлақсыз, тілсіз адамның өмір сүруінде мән жоқ сияқты, қоғамның да онсыз тіршілігі қараң. Сондықтан БАҚ төртінші билік қана емес, басты қажеттілік!

Кеңес Одағы тұсында Лениннің: «Баспасөз – үгітші, насихатшы, ұйымдастырушы» деген қағидасы басшылыққа алынатын. Бірақ кімді, нені насихаттап, үгіттейтіні ашық айтылмаған. Біз оның жауабын «Партияны құру үшін жалпыорыстық «Искра» газетін ашу керек. Ол партияның үгітші, насхатшы, ұйымдастырушы қызметін атқарады» деген сөзінен таптық. Яғни ол партияның ғана құралы болған, функциясы сонымен шектелген.

Бұқаралық ақпарат құралдары шын мәніндегі демократиялық идея кезінде ғана төртінші билікке көтеріледі. Қазір Қазақстанда демократия салтанат құрған деп айту қиын. Сондықтан баспасөз кейде бірінші билікке де шығып кетеді, кейде билікке киліге алмай қалуы да мүмкін. Кейде төртінші билікке тұрақтайды. Оның негізгі заңдылығы былай ғой: заңды шығарушылар – бірінші, оны атқарушылар – екінші, сот – үшінші, қоғамдық пікірді бастаушы баспасөз – төртінші билік. Әлгінде айттым, шын мәніндегі демократиялық елдерде солай болуға тиіс. Ондай елдер тым аз. Ресейде 1991 жылғы, 1993 жылғы көтерілістер кезінде неге алдымен Останкиноны қоршап алды? Осы жай біздің журналистерді немесе басқаларды ойландырды ма? Өйткені ол ел шын мәніндегі демократиялық ел емес. Себебі қалың бұқарамен байланыс орталығы Останкино екенін анархиялық билікшілер біледі. Бұл жерде журналистика бірінші билікке шығып кетіп отыр. Міне, мына билік құлады деп ақпаратты тарата қоюға Останкино телеорталығы керек болды. Бұл жерде Парламент Үйі де, Министрлер Кабинеті де оның көлеңкесінде қалды. Шын демократиялық ел болса, билік иесі мынау деп заң шығару арқылы куәландырар еді. Әрі Заң Президентке де, халыққа да ортақ бірінші билік болар еді. Көтерілісшілер Останкиноны басып алып, міне, билік иесі бізбіз деген хабар тарату арқылы билік жүргізгілері келді. Әр елде билік әр түрлі. Бір елде әскер күші басым, бір елде Президенттік билік бар. Бір елде шындығында Парламент, заң шығарушы орган билікте. Болгарияда, Швецияда бөлек. Бізде Президенттің өзі айтқан: қазір даму жолына түсіп, әбден қалыптасып алғанша Президенттік билік керек, - деп. Ол, әрине, дәлелді.

Біз егеменді ел боламыз десек, ақпараттық кеңістігіміздің қауіпсіздігін қызғыштай қорып сақтауымыз керек. Онсыз тәуелсіз мемлекет, егеменді ел болу қиын. Бұл – ақиқат.

Қазір әлемдік ақпарат құралдарына қатысты "ақпараттың еркін ағымы ("свободный поток информации") деген теория дәуірлеп тұр. Ол қағиданың тоқ етері мынаған саяды: "Адам баласы – жарық дүниенің иесі. Сол себепті ол әлемдегі жаңалық атаулыдан хабардар болуы керек. Сондықтан ақпаратқа шекара қойылмауы тиіс". Бір қарағанда бұл теорияда мін жоқ секілді. Бірақ, сол ақпаратты таратуда жер шарындағы барлық елдің мүмкіндігі бірдей ме? Осы жағы бізді ойлантуы тиіс. Бұл тұжырым шындығында адамзатқа деген шынайы қамқорлықтан туған ба, әлде көкейінде өзге де пиғылы барлардың ойлап тапқаны ма? Мысалы, АҚШ пен Ауғанстанның, Ресей мен Чешенстанның ақпаратын өзге елге таратудағы мүмкіндігі бірдей емес қой. Тіпті салыстыруға келмейді. Гәп осында.

Осы жерде дүние жүзіне белгілі қолбасшы Наполеон Бонопарттың: «Төрт жүз мылтықтан төрт баспасөздің күші артық» деген қанатты сөзі еріксіз ойға оралады. Яғни ол әскербасы бола тұра қару-жарақтың күшінен бұқаралаық ақпарат құралдарының күшін 100 есе артық деп бағалап отыр. Олай болса алпауыт елдердің әртүрлі пиғылдағы ақпарат құралдарының басқа елге баса-көктеп еніп, жүргізіп отырған жұмысын қалай бағалауға болады? Оның үстіне өзге елге тікелей соғыс ашып, материалдық үлкен шығынға ұшырап, жауынгерлерінен айырылып, халықаралық қауымдастықтардың наразылығына қалудан гөрі, аз шығын жұмсап, көзге анық көріне бермейтін идеологиялық соғыс арқылы басып алу әлдеқайда тиімді емес пе.

Сонау 1960-жылдардағы Чехословакия мемлекетінің іргесін шайқалтқан жағдайды, немесе 1970-жылдардағы Чилидегі төңкерісті, сол сияқты, 1980 жылдардағы Польшадағы қоғамдық өзгерістердің қай-қайсысы да мемлекеттің БАҚ құралдарынан ажырап қалуынан болған. Олар өзге елді былай қойғанда өз елдерінің ақпарат құралдары қарсылығына тап болған. Сонда Чили президенті Сальвадор Альенде: "Мені тақтан тайдырған әскерилер емес. Менің қолымнан бұқаралық ақпарат құралдары кетіп қалды ғой. Түбіме жеткен солар", - деп еңірегенде етегі жасқа толған еді.

Атышулы американдық идеолог Збигнев Бзежинский жетпісінші жылдардың соңына қарай Польшаға жиі ұшып келіп, сол елдің бұқаралық ақпарат құралдарын өз мақсатына еркін пайдаланды. Ешқандай тосқауылсыз жүргізілген осындай БАҚ-тың қарсылығы әсерінен армияның күш-қуатына сенген социалистік Польшаның қалай құлағаны тарихтан белгілі.

Бұдан шығар қорытынды – егер ақпарат құралдарының алар орны мен арқарар қызметінің мәнін толық бағаламайтын болсақ, оның аса нәзік тұстары мен әрі өте күрделі құрылымын жете игермесек, қиын тосқауылдарға кезігеріміз анық.

Демократияға берілген көптеген анықтамалар ішінде Англияның премьер-министрі болған Уинстон Черчилльдің мына сөзі айрықша орын алады: "Демократияның көптеген кемшіліктері бар екендігін мойындай отырып, бір ғана артықшылығын ескерте кеткенді жөн көремін. Ол артықшылық мынада: бүгінге дейін ешкім де демократиядан асып түсетін ештеңе ойлап тапқан жоқ". Не нәрсенің болсын шынайы келбетін айқындауда, әрбір оқиға-құбылыстың әлеуметтік тегін тануда сыни көзбен қараған дұрыс.

Сөз бостандығын ұлтпен ойнауға пайдаланып, елдің рухани-мәдени болмысына қайшы айқай-шуға тиісті тосқауылдың болмағы шарт. Сондай-ақ, бұл мылтықсыз майданда жауапкершілікті мемлекеттің мойнына алуы – жеңіске апарар жалқы жол.

Демократия, жариялылық туралы сөз бола қалған кезде еркіндік туралы айтылмай қалмайды. Бірақ ең дамыған деген АҚШ, Еуропадан да шексіз еркіндікті көре алмайсың. Жанымыздағы Ресейді алып қарасақ та сондай. Сондықтан да, ақпарат еркіндігі жөнінде айтқанда, әңгіме сол еркіндіктің не үшін, қандай нәрсеге берілетіндігінде болса керек.

Мысалы: Американың мемлекеттік мүддесі мен жеке адамдардың мүддесінің ара жігін анық білуі.

Жасыратыны жоқ, бізде сөз бостандығы, БАҚ еркіндігі дегенді кейде әртүрлі жолмен өз пиғылдарына пайдаланушылық кездеседі. Біреулер мемлекеттілігімізге зияны тиіп, соған нұқсан келтіретіндей материалдар жариялап, хабарлар шығарып жатады. Көбіне ол білместіктен болуы мүмкін. Ал енді кейбіреулер әдейі қиямпұрыстықпен, біле тұрып, білмеген болып, көре тұрып, көрмеген болып, жаны ашымастың ісін істейді. Ұлттық мәселелерге келгенде бұра тартып, жарға итеріп жібергісі келіп тұратындар, өкінішке қарай кездеседі.

Қазақстан журналистикасының айналасында кейінгі кездерде саяси капиталға байланысты да көп мәселелер айтылып жүр. Сондай-ақ БАҚ магнаттары пайда болуының алғышарттары және мұндай алпауыттардың қоғамға тигізетін қандай әсері бар деген секілді тақырыптар күн тәртібіне қойылып келеді. Шындығында, біз мұны қалайық, қаламайық, оларды қоғамның өзі туғызды. Оның үстіне, Қазақстан – жариялылық құндылықтарын құптаған ел. Яғни, ақпаратқа қысымшылық жоқ. Бірақ БАҚ магнаттарын мемлекеттік мүддеге жұмыс істеуге шақыру әсте дұрыс. Өйткені, олардың қолында үлкен идеологиялық құрал бар екенін естен бір сәт те шығаруға болмайды. Қайта БАҚ иесінің қайдан шыққанын, оның тәуелсіз елімізге қаншалықты дәрежеде жаны ашитынын, "қаражатын өзі өмір сүріп отырған қоғамға жұмсай ма, жоқ көкейінде жүрген бір дара пиғылына шашады ма?" деген мәселелерді зерттеудің ешқандай артықшылығы жоқ. Несін жасырамыз, бізде осы жағы жетіспейді. Мұндай игілікті іс-шаралар мемлекеттік тұрғыда жасалынуға тиісті. Әрі тәуелсіз елімізді мұратына жеткізетін асыл құндылықтарды айқындауымыз керек. Себебі, тағы да айтам, дамыған елдердің тұрмыс-салтына көз жіберсек, олар әлдеқашан өздеріне лайықты идеологиялық негіз жасап алған. Мысалы, Оңтүстік Кореялықтар өздерін «Тау самалы елі» деп дәріптейді. Ал испандықтар ағылшын тілін білуге құштар емес. Испан тілінен сұлу тіл жоқ деп есептейді. Француздар өнер, білім, ғылымның ортасы екенін мақтаныш етеді.

1999 жылы Канаданың Монреал қаласында дүниежүзілік коммуникация мен журналистика ұйымы – ОРБИКОМ-ның үлкен конференциясы өтті. Әлемге аты тараған, аузымен құс тістеген небір жұлдыздар қатысты. Сол сыйлы қонақтарды қала мэрі бір ағаш үйде қабылдады. Сонда қонақасы берілді. Көкке бой тіреген небір зәулім ғимараттар тұрғанда бұнысы несі екен деп ойладық. Сөйтсек әлгі жайда кезінде үкімет үйі орналасқан екен. Міне сізге, елдің тарихын қастерлеудің үлгісі. Оның жанында біздің тарихымыз дария емес пе? Қазақ – тарихы терең, табиғаты таза халық. Ғасырларға кететін тарихында біреудің алажібін аттамаған, көршілеріне көз алартпаған. Өзгенің жерін жаулап, біреудің қанын жүктемеген. Ол ақкөңіл, кеңпейіл, аса қонақжай дара халық. Ауыз әдебиеті өте бай, сөз қадірін түсінген, тарихын тасқа қашаған дана халық. Әлем өркениеті алдында беті ашық, жүзі жарқын. Сондықтан мақтан етер, үлгі тұтар қасиеттері жетіп-артылады. Сондай брэндтерді айқындап аламыз десек, ешкім қолымыздан қақпайды.

Өткен ғасырдың басында ірі державалар қару-жарақ шығаратын зауыттарды көптеп салып, соғыс қамына мықтап кірісті. Осы мақсатқа ұлттық қордағы қаржының жартысынан астам бөлігін жұмсап, бұл әрекет сырттан төнер қауіптен қорғану үшін керек болды деп ақталып жатты. Әйтсе де, одан соғыс қаупі өрши түспесе, басылған жоқ. Одан кейін барлық қаржыны халықаралық саясатты дамытуға төкті. Түрлі ұйымдар құрылды. Бірақ, әр ел өзіне ылайықтап саясат жасап алды. Бір байламға келу күн өткен сайын қиындай берді. Сондықтан өткен ғасырдың соңында Парижде ЮНЕСКО-ның ұйымдастыруымен білім берудің дүниежүзілік бірінші конференциясы өтті. Екі жүзге тарта елдің білім министрлері мен түрлі делегациялар қатысқан осы салиқалы жиында адамзатты жақындастыратын тек қана олардың білімі мен рухани қазынасының бірлігі деген тұжырымға тоқтады. Яғни, білім беру жоспарының тең жартысы әр елдің өзіндік ерекшелігіне: тарихына, тіліне, діліне, дініне т.б. толып жатқан өзгешеліктерін орайластыра жасалып, қалған бөлігі жалпы адамзат ақыл-ойының озық үлгілерімен толығуы қажет деген бір байламға келді. Сонда бір стандартпен білім алғандардың рухани жақындығы артып, бірін-бірі тез түсінеді. Оның үстіне әр ел ұлт ретінде өзін-өзі сақтап қалады деп шешті. Бірақ, сонда да шортандардың майда шабақтарды жұтып қою қаупі әлі де күшті болып тұр.

1995-жылы тәжірибе алмасу мақсатында Американың Оклахома мемлекеттік университетінде болғаным бар. Сонда ғалым әріптестерімізбен пікір алмасу кезінде мынадай бір әңгіме болды. «Шындығын айтсақ, сіздердің Қытай, Ресей сияқты алпауыт елдермен шекаралас болуларыңыз – жұтылып кету қаупін жоққа шығармайды» деді. «Онда Қазақстанда орналасқан атом қаруларын құртқанша неге асықтыңыздар?» деген сұрағымызға былай деп жауап берді: «Сіздер атом қаруымен де ол елдерді қорқыта алмайсыздар. Атом сіздердің тәуелсіздіктеріңізді қорғап қала алмайды. Сіздерді дүниежүзілік қауымдастық қабылдайтын бір ғана жол бар. Ол – өшпейтін тарихы, өнегелі мәдениеті бар, өркениетті ел ретінде дүниежүзін мойындату» деп, мысалға Балтық жағалауындағы елдерді келтірді. Американдық әріптестерімнің айтқанын түгелдей қабылдамағаныммен, бір шындықтың бар екені ойға қалдырды.

ХХ-ғасырдың басында қазақ халқының қамы үшін талай құрбандықтарға барған арыстарымыз: А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, М. Шоқайларды тоғыстырған – рух бірлігі, ел мүддесі болатын. Қазір қарап отырсақ, біздерге солардың парасаты мен патриоттығы жетіспейтіні күн өткен сайын анық көріне бастады. Білгір маман бола тұра бойында елжандылық жоқ, ұлтын сүйетін қасиет дарымаған, жеке басының қамын көбірек күйттеген адамдардың қатары аз емес екендігі ойлантуы керек. Дәл бүгінгі күні елімізге іс тетігін білетін азамат қана емес, әр нәрсені елдік мүдде тұрғысынан ойлайтын, адамгершілігі мол, өткен тарихымызға құрметпен қарайтын ұлтжанды тұлғалар керек.
Намазалы ОМАШЕВ,

Журналистика мәселелерін



зерттеу институтының

директоры, ф.ғ.д., профессор

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет