Йемендегі араб əдебиеті
Белгілі бір деңгейде постмодернистерге жататын араб авторлары санаулы ғана. 1990 ж. басында постмодернистік сипаттағы Йемен көркем прозасы пайда болды. Бұған дейін Йемен əдебиеті реалистік жəне модернистік бағытта дамыған болатын. Жиырма жылда бұл екі бағытқа деген қызығушылық жоққа айналды. Сонда бұл мəселелерге басқа қырынан қарау, оларды пародияға, гротескке айналдыру тығырықтан шығаратын жол болып шықты. Əдебиетте бұл бағдар 1980 жылы Йемен қоғамының тығырыққа тірелуі кезінде пайда болды, ал 1990 жылы идеологиялық леп симулятивті сипатта болды. Сол кезде үлкен ықпалды күшке айналған ислам фундаментализмі қоғамдық əділеттілік орнатуды өз мойнына алғанмен, іс жүзінде Йемен қоғамында ешқандай өзгеріс болған жоқ. Фундаментализмнің өсуі интеллигенция өкілдерінің шығармашылығында өткір сынға алынды. Бір жағынан осы кезеңде Йеменде интернетке қолжетімділіктің əсерінен мəдени жаһандану идеялары кең тарады. Бірақ йемендік негізде жаһанданудың жүруі виртуалды сипатта болды. «Демократия», «сенім бостандығы», «адам құқығы» секілді түсініктердің барлығы Йеменде шынайы көрініс таппады. Қандай да бір идеология, сенім мен ұмтылыстың барлығы бар болғаны симулякр жəне олар тек иронияға ғана лайық деген түсініктің қалыптасуына алып келді. Йемендік авторлар қоғамда болып жатқан құбылыстарды ирониямен интерпретациялай бастады. Олардың дүниетанымындағы ұқсастықтар себебінен жазушылар келесі сипаттардан құралған баяндаушы стратегияны қолданды:
1. Жаппай пародиялау.
2. Латынамерикалық «керемет реализмге» жақындық.
3. Қуыршақ кейіпкерлердің шарттылығы.
4. Өткір гротеск жəне «қара əзіл-оспақ».
5. Ұлттық жазбаша мұра мен ауыз əдебиетіндегістилистикалық шартты белгілер жүйесі, сюжеті мен мəтіндердің тікелей немесе пародиялық қолданысы.
6. Сюжеттің фрагменттілігі, мəтіннің деконструкциясы.
7. Жанрлар мен стильдердің араласуы жəне стилистикалық жəне жанрлық шартты белгілер жүйесінің қолданысы. Йемендік əдбиеттанушы Абд əл-Хамид əл-Хусами «Йемен əңгімесіндегі постмодернизм» мақаласында Уаджди əл-Ахдаль, Мұхаммед əл-Ғарби əл-Амран мен Худа əл-Аттастың есімдерін атап өтеді. Бұл тізімге өз шығармаларын жоғарыдағы сипатта жазған Абд əл-Карим ар-Разихи мен Арва Абдо Османды қоса аламыз.
Йемен авторларының ішінде постмодернистік сипаттарды өз шығармашылығында қолданған белгілі публицист, ақын, драматург, прозаик Абд əл-Карим ар-Разихи болатын. Ол 1952 жылы Таизз провинциясында көп балалы шейхтің отбасында дүниеге келген. Аденге он жасында келіп, бес жыл бойы күлшеханада жұмыс істей жүріп, мектепте оқиды. 1967 жылы Ар-Разихи Солтүстік Йемендегі Худейдаға оралып, əскерге қызметке алынды. Бірақ бір жылдан соң көз жанарының кемістігіне байланысты бұл қызметінен босап, Санадағы мектептердің бірінде орта білімін толықтырып, бір жыл бойы ауылда мұғалім қызметін атқарды. Содан соң Сана университетінің филология бөліміне оқуға түседі. Университетті тəмамдаған соң ар-Разихи Ақпарат жəне мəдениет министрлігінде қызмет етіп, кейін «əл-Йəмəн əл-жадид» мəдени-тарихи журналының редакциясында хатшы қызметін атқарады. Ал 1988 жылы Санадағы Мəдени зерттеу орталығында жұмысқа орналасады. Абд əл-Карим ар-Разахидің 1991 жылы жарық көрген «Ақ сиырдың өлімі» жинағындағы əңгімелері сатиралық реализмнің нағыз сюрреализммен бірлескен сипатында жазылған. Сатираның объектісі – Йемендегі ауыл тұрғындарының менталитеті. Олардың сенім-нанымдары мен ойлары жазушының «Есек жылы», «Қап», «Жулейла», «Бір түрлі құстар», «Ақ сиырдың өлімі», «Ешкінің басы» əңгімелерінде айқын көрініс тапқан. Оқиғалары Йеменнің шынайылықпен суреттелген ауыл-қалаларында орын алғанымен, кейіпкерлер көбіне сюрреалистік немесе пародиялық сипатқа ие. Мысалы, «Ешкінің басы» əңгімесінің сюжеті ауыл аңыздарына сүйеніп жазылғанымен, пародиялық түрде ұсынылған. Ар-Разихидің əңгімелеріндегі жан-жануарлар мен жансыз заттар өзгеше сипат пен мүмкіндікке ие. «Соқыр мен оның таяғы» əңгімесіндегі сөйлейтін таяқ, «Есек жылындағы» аспанға ұшқан есек, «Қала айының қайғылы соңы» əңгімесіндегі қала көшелерін кезетін ай, «Менің ағаш əпкем» əңгімесіндегі жан біткен ағаш, «Шыбын» əңгімесіндегі өткенді бейнелеп бере алатын темекі түтіні – осының мысалы. Дегенмен «əл-Уишах» əңгімесіндегі ақын əз-Зубейри мен жендет əл-Уишах секілді шынайы тарихи кейіпкерлер түс секілді сюрреалистік жағдайда əрекет етеді. Жалпы жинақтағы көп əңгімелердің желісі түс қағидаты бойынша түзілген. Мұнда іс-қимыл күтпеген жерден өзгеріп, тез алмасып отырады, оқиға желісі ешқандай логикалық алмасу, сюжеттік желісіз дамиды, мəтін фрагменттік, ризоматикалық болып шыға келеді. Автор мұндай тəсілді «Жулейла», «əл-Уишах», «Екі еселенген түс», «Ар-Рзихидің» түсі əңгімелерінде қолданады. «Қап» əңгімесінде кейіпкер-баяндаушы балалық шағында өзінің ауылдас құрбысына ессіз ғашық болғандығын баяндап береді. Содан соң ол жіберіп қоятын ауруының болғандығын, таңертең жатын бөлмеден шығуға ұялғандығын айтады. Бірде қапта жатып, бала қаптың қозғалып, кеңейгенін сезеді, содан соң ол ұшып кетеді. Ұшып бара жатып бала адам сенгісіз ұлғайған қаптың ішінде барлық ауыл тұрғындарының ұйықтап жатып, жіберіп қойып жатқандарын көреді. Ал қап болса ұлғайған үстіне ұлғайып, ақыры жарылып кетеді. Кейіпкер ояна келе, анасының дауысын естиді, ол əкесінің түрмеден босағандығын айтып жатыр екен. Мағыналық жағынан əңгіменің соңы мен басының ешқандай байланысы жоқ. Бұл автордың сюжеттік құрылымды əдейі бұзғандығына ұқсайды.
Автордың «жоғарғы» мен «төменгі» тақырыптарды əдейі араластыруы «Бір түрлі құстар» əңгімесінде айқын байқалады. Əңгіме желісі 1930 жылы Британияның Солтүстік Йеменді бомбалауына негізделген. Бұл қайғылы тарихи оқиғадағы қатігез отаршылардың əрекетін баяндай отырып, автор жынды Хумади мен оның жақсы көретін жұмбақ «құмырсқа» тасы туралы айтады. Осылайша ол сюжеттің пафосын мақсатты түрде төмендетеді. Арво Абдо Османның «Маса қаласы Танакада болып тұрады» əңгімелер жинағының (2001) басты сипаты ұлттық фольклорды пародиялау болып табылады. Арва 1965 жылы Таиззде туылған. Ол бала шағынан-ақ Йемен фольклорына əуес болып өсті. Сана университетінің философия бөлімін тəмамдағаннан кейін Арво саналық Мəдени зерттеу орталығында Йемен фольклорымен жəне этнографиясымен айналысады. Нақ осы жұмыс оның əңгімелерінің рухы мен стилін айқындады.
Йемендік прозаиктер қатарында постмодернистік баяндаушы стратегиясын қолданған Уаджди Мұхаммед əл-Ахдаль 1973 жылы Худейда ауылында дүниеге келген. Ол – Солтүстік Йемендегі белгілі ислами заң маманы, ғалым, əдебиетшілер отбасының өкілі, Сана университетінің география бөлімінің түлегі. Ол өзінің ерекше таланты, жүйрік қиялы, сөз бен əзіл-оспақтың қаймағын түзуші ретінде оқырмандар, сыншылар, кəсіпқой əдебиетшілер арасында танылып, бірнеше əдеби номинация бойынша лауреат атанып, Республика президентінің жас автор-новеллистерге тағайындаған сыйақысына ие болды.
ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдағы Йемен прозасының жаңашылдығы туралы сыншы Мұхаммед əш-Шайбани: «Бұл буын өкілдерінің басым көпшілігінің шығармаларында жарқын болашақтан ертерек дəмелену туралы тосын ойлар болмады, революция рухы олардың шабыттарын шақырмады… басты кейіпкер ендігі жерде пайғамбар емес…», – деп көрсетті. Араб елдерінің жаңа заман əдебиеті əлемдік əдебиеттің озық үлгілерінің қатарына қосылып келеді. Модернист жазушылардың жаңашыл əдіс-тəсілдері араб қоғамының бүгінгі суретін бейнелеуде көркемдікпен қолданып келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |