Қарағанда облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу кенті Ю. А. Гагарин атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Саденова Меруерт Айдарқызының өткізген тәрбие сағатының жоспары.
Тақырыбы: Аналарды аялайық!
Мақсаты: Анаға деген бала махаббатын ояту. Анасын сүю арқылы еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру. Оқушыларды аналардың еңбегін бағалай, құрметтей білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: көріністер, әндер, оқушылар әңгімелері, суреттер, буклет. Плакатқа жазылған нақыл сөздер, оқушылар суреттері.
Барысы: І бөлім.
Кіріспе әңгіме
1-бастаушы: Адам бойындағы барлық жақсы қасиет күннің нұрынан , ананың сүтінен дарыған. Сондықтан, құрметті асыл аналар, ұстаздар, бүгінгі «Аналарды аялайық!» атты ашық тәрбие сағатымызды бастаймыз. «Ата-ананың қадірін білмеген – халық қадірін білмес» деген атақты жазушымыз Ғабиден Мұстафин.
- Балалар, бізді өмірге әкелген кім?
- Ана
- Сол, ең жақын адамдарды қадірлей де, аялай білеміз бе?
Мархабат: Біз ғана емес,
Қадір тұтқан балалар
Аналардан туған небір даналар
Ана деген-тіршіліктің тірегі
Армысыздар қасиетті аналар
2-бастаушы: Жер бетіндегі ең әдемі сөз – Ана. Адам алғаш сөзін де осыдан бастайды. Жер бетіндегі тілдердің бәрін де осы сөз ерекше қадірлі. Ана десе толқымайтын жүрек, тебіренбейтін көңіл болуы мүмкін емес.
Хыдырали: Ана деген ақылшың,
Анаң барда батырсың.
Қасыңда кім болса да ,
Тек анаңа жақынсың.
1-бастаушы: «Ат биеден туады, алып анадан туады» дейді халқымыз. Дүниеде анасыз адам жоқ. Қаламы қарымды жазушы да, данышпан ғалым да, сөзге жүйрік шешен де, ел басқарған елбасы да, күміс көмей әнші мен мың бұралған биші де анадан туып, анадан нәр алып өседі.
Базарбек: Шуақ төгіп, күлімдейтін қарасам,
Анашымды күнге ғана баласам,
Жер бетінде ең жақыным өзіңсің,
Мәпелейсің, аялайсың әрқашан.
2-бастаушы: Ана- ең аяулы жан. Ол іңгәлап дүние есігін ашқан сәттен бастап өмір бойы өз ғұмырын бізге арнайды. Қандай жағдай болмасын, әрқашан қасымыздан табылатын асыл жан – ардақты аналарымыз!
Нұрислам: Ана деген асқақ ән,
Орындайтын әрқашан
Анадай қымбат сыйлықты,
Таба алмайсың ешқашан!
Хор: «Анашым»
ІІ бөлім. «Ата тәлімі»
1-бастаушы: Ата-бабаларымыздан бізге жеткен көптеген ғибрат аларлықтай өсиет сөздері бар.
- Ана-өмір беруші
- Алақаныңа қуырдақ қуырып берсең де, ана борышын өтей алмайсың.
Қазір енді сол ғибрат сөздерден көрініс тамашалайық
1-көрініс
Қарт: Балам үйдің алтын қазығы кім?
Бала: Ата, үйдегі алтын қазық-бала.
Қарт: Жоқ, балам, үйдегі алтын қазық-ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі-қызға үлгі, әке тәрбиесі-ұлға үлгі.
2-бастаушы. Ананың тілі, ананың махаббаты, ананың тілегі тіл жетпес бір жатқан теңіз емес пе? Па, шіркін, ананың айналып-толғанғаны кімнің есінен кетеді.
2-көрініс:
Қарт: Балам, жоқты бар, ашты тоқ ететін кім?
Бала: Ата, жоқты бар, ашты тоқ ететін мейірімді әке.
Қарт: Балам, әке қанша мейірімді болса да ананың жөні бөлек. Жоқты бар, ашты тоқ ететін ол – ана. Анасыз бала ұйықтамайды, қатықсыз айран ұйымайды.
ІІІ Бөлім «Оқушылар шығармашылығы»
1-бастаушы: Әлпештеген баласын
Ана-бақыт, ана-күн.
Әркім сүйіп өзінің
Мақтан етер анасын.
Ананы жырлаймын деп ақын тебіренеді. Ана бейнесін мүсіндеймін деп суретші ойлананды. Біздің сыныптастарымыз да құр алақан емес. Менің сыныптастарым өз аналарына арнап шығарған жыр шумақтарын, жазған әңгімелерін немесе жаттаған тақпақтарын айтады.
Фатима: Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді жас сәби де жарқылдап
Ана деген бәйтерегі өмірдің
Ана деген – алтын қазық, алтын бақ
Ана деген – асыл жаңдар бұлақтай
О адамдар қадірлей біл ананы
Жат қылыққа ақыл-ойды тонатпай
Ардақ: Ана десем сезім білер тым ыстық
Жарасымды адамдарға туыстық
Бар адамға берсе ананың мейірін
Орнар еді бар әлемге тыныштық
Ерсұлтан: Ана десем, алғыс алам халқымнан,
Ана десем, теңіз болам шалқыған
Ана десем, ашылады қабағым
Ана десем, әділдікті ұғамын
Айнұр Мен мұғалім анамның, өнегесін аламын.
Ертең мен де анамдай, Оқытушы боламын.
Мен үшін не керек- бәрін іздеп табасың.
Айналайын анашым, жұмысыңа барасың.
Қайтып мені көргенде, шын сағынып қаласың.
Әділхан Сенен өскен балалар. Батырлар мен даналар
Құттықтаймыз мейраммен , Құрметті аналар!
Байназар
Әр сөзімді жаттаған, жүрегімде сақтаған,
Анашым деп мақтанам, айналайын ақ анам!
Аңсар
Айналайын анашым, әлпештеген баласын,
Еміп өскен бөбекпіз, анамыздың мамасын.
Базарбек Ақ қабақты анашым, күн сәулелі анашым.
Әлпештеген баласын, айналайын анашым.
Ерсұлтан Бәрімізге анасың, біз үшін күн боп жанасың.
Құтты болсын мейрамың, құттықтаймын анашым.
Ерлік, еңбек атқарған, еңбегімен мақтаған,
Ел сенімін ақтаған, айналайын ақ анам.
Бізді өсіріп баптаған, жақсы болсаң шаттанған.
Алтыным деп мақтанам, айналайын ақ анам.
Ардақ Еркелесем күлімдейтін, ұрысқаны білінбейтін,
Маңдайымнан иіскелейтін, құлыншағым күнім дейтін.
Мәпелейсің мені анам, қолыңдағы құсыңдай,
Құлпыра өсіп дем алам, құшағыңда қысылмай.
Ән: «Менің анам- алтын!»
IV бөлім. «Ана – күрескер, ана – қайраткер»
2-бастаушы:Адамзаттың ертеңгі тағдырына мазасызданып, соғысқұмар жендеттерге ашық үн көтерген, қоғамда бейбітшілік орнату жолында аянбай тер төккен күрескерлер мерекесі-бұл. Олар өнер жұлдыздары – Күләш, Роза, Бибігүл, сондай-ақ, еңбек озаттары, қайраткер әйелдер.
Ақжарқын: Мақтаныңдар, аналар –
Қыздардан батыр, дана бар.
Елі сүйген батырлар –
Әлия, Мәншүк-даралар!
Мархабат: Ақын болам Шолпандай,
Әнші болам бал таңдай,
Күйші болам Динадай,
Ғалым болам Нәйләдай!
Мұғалім: Бас иейік те, құрметтейік те ананы. Әйел-ана барлық қиындықты күш, сарқылмайтын бұлақ емеспе?! Елбасы – Нұрсұлтанды да, Күләш пен Мәншүкті де дүниеге әкелген - ана!
V бөлім. «Әнімді анама арнаймын»
1-бастаушы: Көгілдір көктем келді.Дала қандай әсем! Қар еріп жылғалардан су ағып жатыр. Жер беті жұқа ғана тебінге орана бастапты. Бәйшешектер бүр жарып, жыл құстары да келе бастапты. Олармен бірге көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесі де келді.
2-бастаушы: Бүгінгі күн – жер бетіндегі барлық аналардың, қыз-келіншектердің мерейлі мерекесі. Жер бетіндегі тіршіліктің өзегін келешекке жалғаған, өсер ұрпаққа құндағынан ізгіліктің дәнін еккен аналар мерекесі-бұл.
Ернар: Әлпештеген, аялаған
Ақ сүт берген анашым
Сәлем жазып бүгін саған,
Мейрамыңмен құтықтаймын
Ерсұлтан: Достықты біз ойлаймыз,
Бірге күліп, ойнаймыз.
Қыздарды да құттықтап,
Мерекесін тойлаймыз!
Хор: «Әрқашан күн сөнбесін!»
Мұғалім: Адамзат ең алдымен ана алдынды парыздар. Ана парызы алтынға бөлеуді, ақ орда салуды қаламайды, ана баласының ер жетіп, адам болуын қалайды. Анаға осыдан артық тарту-таралғының керегі жоқ. Бүгінгі 8 наурыз мерекесімен аналарды құттықтаймыз.
Хормен: Аналарды сүйеміз,
Сөзін ойға түйеміз!
Әжені де ардақтап,
Әдеппен бас иеміз.
Әйел – ана, әйел - өмір. Аналар адамды бесіктен бастап баулиды, «Өмірдің іргетасы солардың қолымен қаланады» деген ұлы ғұламалардың бірі. Адамзат жүріп өткен небір ауыр жол, алмағайып заманнан ұрпағын аман-есен бүгінгі күнге жеткізген әйел-ана құдыретін жырмен өрнектеп, әнмен әуелетіп, сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Сондықтан да «Аналарды аялайық!». Ана көреген, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Олай болса ана атына кір келтірмей, оларды әр уақытта ардақ тұтып, құрметтеуіміз керек.
Хор: Анаға рахмет!
Достарыңызбен бөлісу: |