Қараман мектебінде нан мерекесі тойланды



Дата16.01.2020
өлшемі30,5 Kb.
#56023
Байланысты:
Нан туралы мақала
1420946097
Қараман мектебінде нан мерекесі тойланды

Бағзы заманда байлығы шалқыған адам бiр данышпанға келiптi. «Менiң байлығым тасып толып кеттi. Кедей-кепшiкке үлестiрсем де таусылар емес. Керiсiнше, көбейiп бара жатқан сияқты. Мұның себебi не?» деп сұрапты.

Данышпан ойланып отырып: «Сiз бiр жаққа керуен тартып барып қайтыңыз, келген соң жауабын айтармын» дейдi де, бiр адамын әлгi байдың керуенiне жасырын қосып жiбередi. Бай басқа қалаға жол тартады. Түйе үстiнде нан жеп, су iшiп келе жатқан оның қолынан нан ұсағы жерге түсiп кетедi. Ол түйесiнен жерге түсiп, қанша iздесе де нан қиқымын таппайды. Салы суға кеткен әлгi бай керуенiн сол жерге тоқтатып, жаңағы нан ұсағы түстi-ау деген жердi қоршап қояды. Нан қиқымын iздеп, сол жерде бiр айдай уақыт керуенi тұрақтап қалады. Нан ұсағын тауып, басқа шаhарға саудамен барған бай олжалы болып оралады. Данышпанның адамы соны бақылап жүрiп айтып келедi. «Сiздің бай, бақуатты болып бара жатқаныңыздың себебi – нанды ұсағына дейiн қадiрлей бiлуiңiзде» деп жауап қайтарыпты данышпан сонда байға.Міне, бір аңыз осылай дейді. Бұл ас атасы саналатын нанды қастерлеудің бір көрінісі. Байдың аты – бай, ал кедейлер үшін бір уыс бидайдың қаншалықты қымбат болғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл тағамды қазақ дастарқанына келген күннен бастап, ерекше қастерлеген. «Арпа бидай ас екен, алтын, күміс тас екен» деген халқымыз тіпті оны дастарқан басында бір қолмен үзуге де тыйым салған.

Үстіміздегі жылы үкіметтің қаулысымен елімізде 16-қазан Нан күні мерекесі болып жарияланды. Бұл да болса қасиетті тағам нанға деген ерекше құрметтің белгісі. Еліміздің Елтаңбасында масақ суреті бейнеленген. Ол біздің Отанымыздың байлығын  көрсетеді. Біз оны мақтанышпен айта аламыз.

Нан — Аллатағаланың адам баласына сыйлаған ең ардақты тартуы. Қай тағамды алмаңыз, бәрі де нанмен, дәмді нанмен ғана қуатты. Ол біздің алдымыздағы дастарханға келгенше, қаншама маңдай тер төгіледі. Мұны дихан ғана біледі. Сондықтан, нанды қорлауға ешкімнің де қақы жоқ. Алтының тасып, ақшаң көп бола берсін. Бірақ, оған сатып алатын нан болмаса, байлықтың ешбір мәні болмайды. Нан — ешнәрсемен тең келмейді. Оның құнына баға жетпейді.

   Қазіргі кезде нанның қадірін білмей, қасиетті тағамды балалар мен үлкен кісілердің аяқ асты немесе қоқысқа тастаған кездері көп кездеседі. Сол себепті нанның қандай үлкен еңбекпен, диқаншылардың маңдай терімен, қаншама адам еңбегімен дастарқанға келетініне оқушылардың көзін жеткізу мақсатында Қараман орта мектебінде «Ас атасы -нан» деген атаумен іс-шара өткізілді. Аталған шараға бірінші сыныптан бастап он бірінші сыныптың оқушыларына дейін белсенді қатысты. Оқушлар нанның қадір-қасиеті туралы, диқанның еңбегі туралы тақпақтар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар айтты. 3, 8 -сыныптың оқушылары қызықты көрініс көрсетсе,4-сынып оқушылары нан туралы «Солнышко-зернышко»әнін хормен орындады.

Оқушылар наннан жасалған тағамдар көрмесін де ұйымдастырды.

Нан мерекесіне арналған шара әр баланың санасына наннан артық өмірде ешнәрсе жоғына мән беру керектігін, нанның ешнәрсемен тең келмейтінін, оның құнына баға жетпейтінін дәлелдей отырып, қасиетті нанды қастерлеуге тәрбиелеуге ықпал етті деп ойлаймын.

Дастарқаныңыздың үстінде күнде нан тұрмаса, көңіліңіз де, дастарқаныңыз да – орта, берекеңіз кетіп, дүние ойсырап тұрған секілді басқа тамақ көзіңізге көрінбейді. Нанның қасиеттілігінің өзі осыдан-ақ көрінеді. Өзге халықты қайдам, қазақтың нансыз, дәмі тіл үйірер бауырсақсыз  күні жоқ деуге болады. Үйімізге қонақ келсе, ең алғаш дастарқанға нан қоямыз. Асығып тұрған кісі болса, «Ең болмаса нан ауыз тиіңіз» дейді үлкендер. Барған үйден нан ауыз тимей шықпаймыз. Бұл нанның құдіретті ас екендігінің тағы бір белгісі. Ендеше дастарқаныңыздан нан үзілмесін, ағайын!
Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Нұрмағамбетова А.Қ.

«Қараман орта мектебі»ММ

Қарасу ауданы, Қостанай облысы

        


 

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет