НАҒЫЗ ЖҰМЫР ҚҰРТТАР немесе НЕМАТОДТАР КЛАСЫ - NEMATODA
Нематодтар түр саны жағынан 27000-нан астам, кеңістікке таралуы сипаты жағынан да ең жоғары
тұрған топ. Бұлардың бүкіл әлемде кездеспейтін ортасы жоқ. Мұхиттар мен теңіздер түбінде, тұщы суларда,
топырақ арасында еркін қозғалып тіршілік етсе, паразиттік түрлері өсімдіктер мен жануарлардың барлық
мүшелерінде кездеседі. Құстар мен насекомдардың паразиті ретінде олар ауа қабатын да меңгерген деп
айтуға болады. Айналамызда жүріп жатқан шіру процесінің барлығы осы нематодтардың қатысуы арқылы
жүреді. Кеңістікке таралуы тұрғыдан оларды бактериялар мен бірклеткалы организмдермен салыстыруға
болады.
Нематодтардың тіршілік ету орталарының алуан түрлі болып келуіне қарамастан құрылыстары бірдей.
Құрылысы мен физиологиясы.
Нематодтардың дене мөлшері мен формасы (пішіні) эволюция
барысында түрлі тіршілік орталарына бейімделу нәтижесінде (бентос қабатында сырғуға, суда жүзуге,
топырақ арасына енуге) қалыптасқан.
Еркін тіршілік ететін нематодтар ұсақ, ұзындығы 1 миллиметрге әзер жетеді, ал паразит түрлері
әжептәуір ұзын болады. Мысалы: жылқы аскаридасының (Parascaris eguorum) ұзындығы 37 см, Placentonema
gigantissima-ның 8 метр. Денесінің алдыңғы ұшында ауызы, артқысында аналь тесігі орналасқан және
денесін бойлай төрт жолақ (екеуі бүйірінен, екеуі арқа және құрсақ бөлімдерінің ортасынан) таралымдар
өтеді.
Нематодтардың денесі сыртынан қалың кутикула қабатымен қапталған. Кутикула сомалық (дене)
бұлшықеттерге тірек бола тұрып нематоданың өзіндік сыртқы қаңқасын құрайды да, денені механикалық
жарақаттанудан, улы заттардың әсерінен сақтап, қорғайды.
Нематодтардың денесі арқа құрсақ бұлшықеттерінің қарама-қарсы кезектесе жиырылып серпілуінің
нәтижесінде дорзо-вентральды бағытта ғана иіле алады және құрт оң немесе сол жақ бүйірімен қозғалады.
Әрбір бұлшықет клеткасы ұзын ұршық тәрізді болып, жиырылғыш және цитоплазмалық аймақтан,
сонымен қатар нерв бағаналарына бағытталған плазмалық өсінділерден тұрады. Бұлшықет клеткасының
жиырылғыш аймағында миофибрилдер, ал цитоплазмалық аймақта ядро, митохондриялар, гликоген
гранулалары, тірек талшықтары, басқа да органеллалары орналасқан. Плазмалық немесе иннервациялық
өсінділері орталық нерв жүйесінің қозу толқынын (импульсін) қабылдап, бір бұлшықеттен екіншіге өткізеді.
Сонымен нематодтардың бұлшықет клеткасы жиырылғыш қызметінен басқа, қозуды өткізу қызметін де
атқарады.
Бұлшықет клеткаларының саны бойынша нематодтарды меромиарлы және полимиарлы деп екі топқа
бөледі. Меромиарлы топтағы нематодтардың бұлшықет клеткаларының саны 8-ден аспайды, бұларға ұсақ
түрлері жатады, ал полимиарлылардың клетка саны ондаған және жүздеген, бұларға ірі нематодтар жатады.
Тері-бұлшықет қапшығы мен ішектің арасында протоцель немесе схизоцель деп аталатын денесінің
алғашқы реттік қуысы орналасады. Бұл қуыстың өзіндік қабырғасы жоқ және іші сұйық затқа толы. Сұйық
зат денені кернеп, оның жұмырлығын тұрақты түрде сақтайды. Алғашқы реттік қуыс дененің тірегі бола
тұрып, зат алмасу процесіне де қатысады. Дене қуысы арқылы қорытылған заттар ішектен бұлшықеттерге,
ішкі мүшелерге, ал зат алмасудың қалдық өнімдері зәр шығару мүшесіне ауысады. Осылайша дене қуысы
организмнің ішкі ортасы болып келеді. Паразитті нематодтардың дене қуысында түссіз сұйыққа толы
клеткалар топтасып жатады, жалпақ құрттардың паренхимасына ұқсас. Қуыстың сұйық затында валериан,
капрон қышқылдары бар, сондықтан да олар улы.
Ac қорыту жүйесі ұзына бойы созылған тік түтік тәрізді, алдыңғы, ортаңғы және артқы ішектен тұрады.
Ауыз тесігі дененің алдыңғы ұшында орналасып, көпшілік жағдайда ерекше өсінділер - еріндермен
қоршалған: арқа және екі бүйірлік. Ауыз тесігі ауыз қуысымен (стома) жалғасады. Ауыз қуысының
құрылысы әр түрлі. Нематодтардың жануарлар паразиті болып келетін (зоопаразит) өкілдерінің ауыз
қуысында кутикулярлы тіс өсінділері болады, ал өсімдік паразиттерінің (фитопаразит) ауыз қуысы сорғыш
мүшеге - стилетке айналған. Стилет ауыз қуысында арнайы бұлшықет - протракторлар арқылы қозғала
алады. Топырақта және суда тіршілік ететін жыртқыш нематодтарда стомалық қуыс найзамен немесе
қозғалмайтын өсінділер - онхамен қаруланған.
Ауыз қуысы өңешке ұласады. Өңеш үш қырлы, алдыңғы бөлімі қалың, бұлшыкетті, артқысы - безді.
Өңештің кеңейген бөлімі бульбус деп аталады. Көпшілігінде бульбусы екеу: ортаңғы (метакорпальды) және
артқы (кардиальды). Кардиальды бульбустың үккіш аппараты жақсы дамыған.
Кейбір нематодтардың ас қорыту жүйесі қоректенуіне байланысты әр түрлі деңгейде редукцияға (кері
өзгеріске) ұшыраған. Мысалы, филяриялардың (Filaria) артқы ішегі тұйықталып, аналь тесігі болмайды,
трихинеллаларда өңеш үлкен клеткалар жиынтығьг түрінде дамыған, ал мермитидаларда өңеш жойылған.
Еркін тіршілік ететін нематодтар ұсақ организмдермен, паразитті нематодтар өз иесінің сөлімен, тканімен,
ал кейбіреулері иесінің қанымен қоректенеді.
Сондай-ақ кейбір фитонематодтарда ішектен тыс ас қорыту процесі байқалады. Стилеттің көмегімен құрт
өсімдік тканіне ас қорыту безінің ферментін бүркеді, сондықтан ас қорытудың алғашқы кезеңі организмнен
тыс жерде өтеді. Жартылай қорытылған қоректік заттар нематода ішегіне стилет арқылы түседі.
Нематодтарда кірпікшелерінің жойылып кетуіне байланысты протонефридиялы зәр шығару жүйесі де
жойылып, зәр шығару қызметін мойын безі (ренетта) деп аталатын бір клеткалы тері (гиподермальді) бездері
және фагоцитарлы клеткалар атқарады.
Мойын бездері екі типті болады: шомбал және тармақталған. Еркін тіршілік ететін нематодтардың мойын
безі шомбал типті, түтікшесі қысқа.
|