Жалған неке кейбір елдердің тәжірибесіне сәйкес келісім шарт деп анықталса, кейбір мемлекеттер халқының арасында жолдастық көмек ретінде кең өріс алған. Жалған неке келісім-шарт ретінде бөтен адамдар арасында жасалатын шарт болып табылады. Мұның себебі некеге тұрушы тұлғалардың біреуінің ақша қажеттілгі және екіншісінің некеге тұру арқылы нақты бір мәселені шешуі болуы мүмкін. Әдетте тіркелу, тұрғын үйді алып-сату мәселелерінде қолданылады.
Жалған неке жолдастық көмек ретінде бір-бірін жақсы танитын немесе көптеген таныстары екеуіне де ортақ тұлғалар арасында жасалады. Бұл жағдайда жалған неке заңды некеге айналуы мүмкін. Жалған некенің бұл түрі бойынша ерлі-зайыптылар достық, тіпті жыныстық қатынастарға да түседі. Дегенмен де некенің бұл түрін жалған неке деп қарсатыру керек, өйткені некенің жалған немесе жалған еместігінің басты көрсеткіші ─ әйел мен еркектің некеге тұру кезіндегі мақсаты.
Жалған некені жарамсыз деп тану туралы істерді қарау үнемі қиынға соқтырған. Бұдан да қиыны ─ отбасын құру ниетінің жоқтығын дәлелдеу.
Қазақстандық заңнамаға сәйкес ерлі-зайыптылардың бірге тұруы міндетті болып табылмағандықтан, тұрғылықты жері бөлек ерлі-зайыптылардың некесін жалған некелер қатарына қосуға ешқандай негіз жоқ.
Әсіресе отбасын құру ниеті ерлі-зайыптылардың тек біреуінде ғана болмағанын дәлелдеу қиын. Мұндай жағдайларда әдетте қысқа мерзімде сырт көзге отбасы секілді көрінеді, себебі арам ниетті жұбайы өзінің зайыбынан іс жүзіндегі арам ниетін жасыруға тырысады. Оның шынында да отбасын құру ниетінің болмағаны әдетте көздеген мақсатына (азаматтық алу, тұрғын үйге құқық алу) қол жеткізген жағдайда анықталады.1
Бұдан кейін арам ниетті жұбайы алданған тұлғаны тастап кетеді де, жағдайдың шынайы мәнін түсіне бастаған тұлға осыдан кейін барып қана некені жарамсыз деп тану туралы шағым жасайды. Алайда ол нақты жағдайда ажырасудың себебі әдеттегі ұрыс-жанжал емес екенін сотта дәлелдеуі тиіс.
Жалған некеде тұрған ерлі-зайыптылар кейіннен отбасын құрған жағдайда неке жарамсыз деп танылмайды. Мұнда ерлі-зайыптылардың екеуінде де алғашында отбасын құру ниеті болмайды.
Отбасын құру ниеті тұлғалардың біреуінде болмаған жағдайда жоғарыда аталған норма егер сол тұлғаның ниеті өзгеріп отбасы құрылған кезде ғана қолданылуы тиіс.
ҚР Неке және отбасы туралы заңына сәйкес жалған жасалған неке жарамсыз деп танылады.
Жалған некені ерлі-зайыптылардың жас мөлшері немесе әлеуметтік жағдайына қарай анықтауға болады. Бірақ дәлелдеу қиын. Қазақстанда ҚХР мен ҚР азаматтарының арасында жасалған жалған некелердің саны аз емес. Бір адам некені тіркейді, белгілі бір уақыт өткеннен кейін ондаған туыстары келіп кәсіпкерлікпен айналысады.
Қалалық Ішкі Істер Басқармасы заңсыз миграциямен күрес бойынша бөлімшесінің мәліметтеріне сәйкес, 1995 жылдан бастап мемлекетте шетелдік азаматтардың ҚР территориясына кіруін қатаң бақылау тәртібі орнатылды. 2004 жылы 7 мың Қытай азаматы тіркелді, жартысынан көбі оралмандар. Қытай азаматтарымен жасалған 4 неке тіркелді, 5адам тұрғын үйге құқық алды. ҚР Үкіметінің қаулысы бойынша шетелдік тұлға тұрғын үйге құқық алу үшін қазақстандық банк шотында кем дегенде 8 мың долларға ие болуы керек.
2005 жылдан бастап Атырау қаласында отбасы мүшелерінің бірі таяу немесе қиыр шетел азаматы болып табылатын 55 неке тіркелді. Атыраулық қыздар көбінесе мұнай секторларында қызмет ететін венгрлер, американдықтар, ағылшындар мен қытайлықтармен некелесуде.
Қалалық әділет басқармасы хабарлағанындай жалпы отбасы саны да өсіп келеді. Өткен жылы Атырау қаласында 1452 неке тіркелген болса, ағымдағы жылы 1633 неке тіркелді.1
Басқа мемлекеттерде орын алған жалған неке қандай құқықтық мәртебеге ие деген сұраққа келейік.
Ресей Федерациясында мүліктік келісім ретінде жалған неке 30-жылдары пайда болды. Ірі қалаларда тіркелу, шетелге шығу сияқты мәселелердің барлығы жалған неке арқылы шешілді. Ал қазіргі таңда бұл ірі әрі гүлденіп келе жатқан бизнестің бір түріне айналды. Соңғы жылдары Ресей Федерациясында, әсіресе Мәскеу секілді ірі қалаларда жалған некелердің саны күннен күнге өсуде.
Жалған неке жасалу барысында неке қиюға қажетті талаптардың барлығы сақталады, оның мақсаты отбасын құру емес, қандай да бір артылықшылықтарға ие болу. Жалған неке көбінесе тіркеу қағазын алу немесе тұрғын үйге құқық алу сияқты тұрғын үй мәселесін шешу үшін жасалады. Жалған неке екі түрлі болуы мүмкін:
некеге тұрушы тұлғалардың екеуінің де некенің жалғандығын біле отырып қандай да бір пайда табу мақсатында келісім жасасуы
некеге тұрушы тараптардың біреуі алдануы, қателесуі салдарынан некенің жалғандығын білмей отбасын құру мақсатында жасалатын неке
Сот ерлі-зайыптылар (немесе біреуі) отбасын құру мақсатында некеге тұрмағандығына қарамастан ерлі-зайыптыларға тән отбасылық қатынастарға түскен жағдайларда жалған некені жарамсыз деп таниды.
Отбасы қатынастарының орын алғандығы келесі жағдайлармен анықталады:
ерлі-зайыптылардың бірге тұруы
ортақ шаруашылық жүргізуі
бірлесіп қолдану мақсатында мүлікке ие болуы
ерлі-зайыптыларға тән қатынастардың анықталуы (жеке хат алысу және т.б.)
Дегенмен, осы және тағы басқа жағдайлардың анықталуы некенің жалған сипатқа ие болғандығын жоққа шығара алмайды, өйткені уақытша отбасы ретінде көріну үшін жасалған әрекеттер болуы әбден мүмкін.
Барлық жағдайларды зерттеу нәтижесінде ғана сот, некені жалған деп тану туралы шешім шығара алады.
Некенің жалғандығын дәлелдеу мақсатында (азаматтық заңнамамен рұқсат етілген) барлық құралдарды пайдалануға болады: медициналық анықтама, жеке хат алысу, куәгердің айғақтары, яғни некеге тұрушы тұлғалар әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.
Неке жарамсыз деп танылмайды, егер:
неке мерзімі ұзаққа созылса (бір жылдан астам уақыт бұрын қиылған болса)
некеден бала тууы немесе жүктілік орын алған болса баланың немесе жүктіліктің болуы некенің отбасын құру мақсатында жасалғандығын білдіреді.
Үйлену тойы немесе үйлену саяхаты жасалған болса
«Есеп бойынша неке» деп аталатын некенің түрлері де кездеседі. Мұнда некеге тұрушы тұлғалардың екеуі де отбасын құруға ниеттене отырып өздері тұрған некелерінен материалдық немесе басқа да артылықшылықтарға ие болуды көздейді. Мұндай неке заңда белгіленген тәртіппен жасалғандықтан заңсыз деп танылмайды.
Бельгияда жалған неке үшін қылмыстық жауапкершілік көзделетін заң қабылданды. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтері бойынша, некенің Бельгия азаматтығын алу мақсатында жасалғаны анықталса, заңсыз әрекеттер жасаған тұлға екі жылға бас бостандығынан айрылады. Жазаның бұл түрі некелік одаққа тұрушы тараптардың біреуі некеге тұруға мәжбүрлі түрде тартылу жағдайында қолданылады. Сонымен қатар заң бұзғандар үшін 15 тәуліктен 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ақшалай айыппұл төлеумен өтелетін жаза түрлері көзделген. Қабылданған заңға сәйкес муниципалдық басқарма қызметкерлері некеге тұруға ниет білдіруші тұлғалардың ниеттерінің адалдығына қатысты күдіктенсе, некені тіркеуден бас тартуға құқылы.
Индия Жоғарғы Соты некеде жыныстық қатынастың болмауын ─ некені бұзудың басты негіздерінің бірі деп таныды. Яғни мұндай әрекеттерден ерлі-зайыптылардың біреуінде отбасын құру ниетінің жоқтығын көруге болады. Осыған сәйкес ерлі-зайыптылардың біреуінің отбасы міндеттерін орындамауы қатыгездік және некені бұзудың негізі болып табылады.
Венесуэлада тұрғын үйге құқық алу үшін кіру визасы қажет, ал оны алғаннан кейін ПМЖ қойдыру үшін түрлі инстанциялар бойынша жүру керек. Жыл сайын мерзім ұзартумен бес жыл өткеннен соң ғана, міндетті түрде уақытында ұзарту қажет, сонан соң ғана тұлға Венесуэла азаматтығы құқығына арыз бере алады. Венесуэла Латиноамерикандық елдердің ішіндегі басқа елдермен салыстырғанда иммиграциялық заңнамасында ең көп кедергілері бар мемлекет болып табылады.
Американдық көзқарасқа келгенде некені жалған немесе жалған емес деп танудың өзі өзгеше, өйткені олар некеге тұрған ерлі-зайыптылардың Американың екі жағында әр қайсысының жеке өмір сүруінде ерекшелік байқамайды. Ондай некелердің тіпті «голливудтық» деген атауы да бар. Яғни Голливуд ерлі-зайыптылары жылына бір екі рет кездескеннің өзінде ажыраспайды. Бұған қоса 70 жасар шал мен 25 жасар сұлудың арасындағы некенің жалған болу мүмкіндігі ешкімнің ойына да кіріп шықпайды. Мұны американдықтар, ерекше, махаббатқа емес өзара есепке негізделген бір неке деп қана түсінеді.
Иммиграциондық офицерде некенің жалғандығы туралы ой ең алдымен неке мәжбүрлеу бойынша қиылды ма, тараптардың біреуі ақшалай есептесе ме деген күдік пайда болғанда ғана туындайды. Оған ерлі-зайыптылардың жүріс-тұрысы немесе құжаттары себеп болуы мүмкін. Егер некенің жалғандығына байланысты күмән туындайтын болса, ерлі-зайыптылар «Стокс интервьюі» деп аталатын әңгімелесуге шақырылады.
Егер заңсыз әрекеттердің орын алмағандығы анықталса құжаттар Green Card дайындауға жіберіледі. Бұл жерде бір ерекшелікті айта кету керек, егер неке қиылғаннан бастап интервьюге шақырылғанға дейін екі жылдан кем уақыт өткен болса шартты Green Card беріледі. Кейіннен оны шексіз Green Card-қа ауыстыру керек, ал егер ауыстырылмаса Green Card-ты жоғалтады. Ал екі жылдан астам уақыт өткен жағдайда Green Card шексіз болып табылады да мерзімін ұзартудың немесе ауыстырудың қажеттілігі туындамайды. Осымен АҚШ территориясында өмір сүруге құқық пен тұрған үйге құқық алудың заңдық және бюрократиялық процедурасы аяқталды деп есептеуге болады.
Қандай мемлекетте болмасын жалған неке салдарының құқықтық реттелуі қиынға соғады.
Автордың ойынша адал ниетті тұлғаның мүддесін қорғау мақсатында сырт көзге уақытша отбасын құрудың некені жарамсыз деп тануға кедергі болмауы керектігі жөнінде норма енгізу қажет. Бұл норма тек адал тұлғаның мүддесін қорғауға ғана емес ұлттық мүддені де қорғауға жәрдем етер еді, өйткені шетелдік элементпен күрделенген жалған неке, жалған некені өз мақсаттарында қолданатын шетелдік тұлғалар үшін көптеген пайдакүнемдік мақсаттардың көзі болып табылады.
Жалған некені жарамсыз деп тану туралы шағымды прокурор және некенің жалғандығын білмеген тұлға жасай алады.
3.3. Неке шарты.
Бүгінгі таңда неке шартының жақтаушылары да қарсыластары да аз емес.
Барлық мемлекетерде дерлік неке және отбасы қатынастарына түсуші тұлғалардың мүліктік мүдделерін қорғаудың негізгі құралы ретінде неке шарты, яғни некеге тұрушы адамдардың келісімі немесе ерлі-зайыптылардың некедегі және (немесе) ол бұзылған жағдайдағы мүліктік құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісім есептеледі.
Отбасы қатынастарында маңызды болып табылатын мәселелердің бірі меншік мәселесі. Әсіресе ерлі-зайыптылар әр түрлі елдің азаматы болған жағдайда меншік мәселесіне байланысты қай елдің заңы қолданылады деген сұрақ туындайды. Кейбір елдерде, мысалы Италияда, неке қию уақытында шешуші заң деп еркектің ұлттық заңы қарастырылады. Ал Англия, Франция мемлекеттерінде шешуші заңға сілтеме жасайтын коллизиялық нормалар жоқ. Мұнда тараптардың таңдау құқығы бар, әйелдің немесе еркектің мемлекетінің заңы қолданылады. Англия мемлекетінде де тараптарға ерікті түрде келісу немесе таңдау құқығы беріледі. Бірақ тараптар қолданылатын құқықты таңдамаған немесе дауласып жатқан болса коллизиялық нормаға сілтеме жасайды.
Шетелдік ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым қатынастарды реттейтін нормалар әр мемлекетте әр түрлі болғандықтан сол нормаларды унификациялау мақсатында қабылданған халықаралық конвенциялар бар. Мысалы, 1905 жылғы жеке және мүліктік қатынастарға байланысты коллизиялық заңдар туралы Гаага Конвенциясы шетелдік ерлі-зайыптылардың жеке қатынастарын ұлттық заңмен реттеуге сілтеме жасайды. Жоғарыда аталған Конвенцияның ережелері ерлі-зайыптылардың өздерінің келісімі бойынша өзге ережелер көзделмеген жағдайда қолданылады. Ерлі-зайыптылардың арасында келісім болмаған жағдайда ерлі-зайыптылардың мүліктік қатынастарына байланысты неке қию кезіндегі еркектің азаматтық заңы қолданылады.
1905 жылғы жеке және мүліктік қатынастарға байланысты Гаага Конвенциясында неке шартын жасасу мен өзгерту тәртібіне ерекше көңіл бөлінген.
Неке шарты деген не? ҚР заңнамасына сәйкес, неке келісімі немесе басқа сөзбен айтқанда неке шарты деп ─ некеге тұрушы адамдардың әрқайсысының мүддесін есепке ала отырып, мүлікті бөлу туралы дауларын сот тәртібімен шешуден қашуға мүмкіндік беретін ерлі-зайыптылардың келісімі аталады.
Неке шартының пайда болу тарихына қысқаша шолу жасап кетейік.
Жалпы қабылданған пікірге қарамастан, Европа да, Америка да неке шартының алғаш рет пайда болған жері болып есептелмейді. Бұл құжат біздің ойлағанымыздай жас құжат емес. Мыңдаған жылдар бұрын Ежелгі Греция және Римде әйел мен еркек отбасын құрмас бұрын, өздерінің мүліктік қатынастары, сондай-ақ болашақта бірлесе отырып жинайтын ортақ меншікті иелену құқықтары баяндалатын келісім жасасқан. Бұл ұяларлық немесе күлкі боларлық әрекет болып есептелмеген және «сақтандырудың» бұл түрі христиан діні қалыптасқанға дейін халық арасында кең тараған. Кейінгі уақыттарда «киелі одақ» тек шіркеуде қиылып, шіркеу тарапынан реттелді.
1882 жылға дейін Англияда ерлі-зайыптылардың мүлкі «жалпы құқық» қағидаларына (common law) сәйкес еркекке тиесілі болды. Әйелдің некеге тұрғанға дейінгі мүлкі де еркектің меншігіне өтті. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі деген түсінік болған жоқ. XVII ғасырдан бастап Англияда капитализмнің дамуына байланысты, «жалпы құқық» нормалары халықтың дәулетті тобының мүдделеріне қайшы келе бастады. Өте ертеден бері неке шарты орын алып келе жатқан Франция және Англия мемлекеттерінде неке шартының пайда болуы некедегі әйелдің жақын туыстарының мүліктік құқықтарын қорғау, тектік мүліктерін сақтау, азаматтық айналым мен қорғанысты нығайту мақсатында жаңа институт құрылды. Осындай мақсатта әділеттілік соты әйелдің мүлікке құқықтарын танитын неке шарттарын заңды деп тани бастады.
Сөйтіп, 1882 жылы ағылшын парламенті Некедегі әйелдің меншігі туралы Заң қабылдады. Некедегі әйел, қабылданған заңға сәйкес өзінің меншігіне қатысты шарт жасасуға, мұраға қалдыру құқығына ие болды.
Осылайша неке шартының пайда болуының алғашқы себебі, ауқатты топтардың өз капиталын бөтеннің араласуына жол бермеу қажеттілігі болып табылды.
Алғашқы кездерде неке шартын жасау қажеттілігі болған жоқ. Өйткені ерлі-зайыптылардың меншігін күнделікті қолданыстағы заттар ғана құрағандықтан (киім, ыдыс-аяқ және т.б.) бөлетін де ештеңе болған жоқ.
Алайда жеке меншік қатынастарының дамуына байланысты жағдай өзгере бастады. Өз капиталын, байлығын қорғау қажеттілігін тудырған табысы мол отбасылар пайда бола бастады.
Жалпы бір сөзбен айтқанда, отбасы құқығындағы неке шартының пайда болуының тарихы жеке меншіктің пайда болуымен тығыз байланысты деп айтсақ қателескен болмаймыз.
Әрбір адам өзінің жеке өмірінде әр түрлі дәрежедегі отбасылық құқықтық қатынастармен қарсыласады, өйткені әрқайсысымыздың өміріміз отбасы, тап, халық, мемлекет секілді ірі немесе кіші әлеуметтік топтар немесе ұйымдармен тығыз байланысты. Әрбір индивидтің жетістігі қоғамның жетістігімен тығыз байланысты. Неке-отбасы қатынасындағы неке шарты қазіргі таңда үлкен маңызға ие.
Заң ерлі-зайыптылардың мүлкі үшін таңдау құқығын қамтамасыз ететін екі түрлі режим белгілейді: заңдық және шарттық. Екінші жағдайда олар неке шарты арқылы өздерінің нақты жағдайлары мен мүдделеріне қатысты мүліктік құқықтық қатынастарын анықтауға мүмкіншіліктері мол.1
Отбасы құқығының нормалары болса төмендегілерді анықтай отырып шарттық қатынастарды жеткілікті дәрежеде толық белгілейді:
Неке шартының құқықтық табиғатын
Оның жасалу нысанын
Неке шартының мазмұнын
Оны өзгерту, бұзу немесе жарамсыз деп танудың негіздерін
«Неке шарты» атауының өзі көбінесе оның болмысын анықтайды. Неке шартын тұлғалар неке жасына толмаған тұлғалар некеге тұруға ниеттенген (некеде тұрған) сондай-ақ ерекше жағдайларды ескере отырып некеге тұруға рұқсат етілген тұлғалар да жасай алады.
Неке шарты неке қиылған сәтте жасалғанына немесе неке қиылғаннан көп жылдар өткеннен кейін жасалғанына қарамастан жарамды болып табылады. Ең бастысы оның неке орын алған кезде жасалғандығында. Ерлі-зайыптылардың қатынастарының ұзақтығы әдетте неке шартының мазмұнына әсер етеді. Егер ол неке қиылғанға дейін немесе неке рәсімделгеннен кейін жасалған болса, ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтары мен міндеттерінің көлемі үлкен болмайды.
Неке шартының орындалуы тараптардың әрекет қабілеттілігіне қарамастан жүзеге асырылады. Бірақ неке шартын жасау үшін тараптар міндетті түрде әрекет қабілеттілікке ие болулары тиіс. Егер ерлі-зайыптылардың біреуі әрекетке қабілетсіз болса неке шартын әрекетке қабілетсіз тұлғаның атынан қорғаншысы жасай алады. Бұл жағдайда неке шартын жасауға қорғаншысының келісімі міндетті түрде қажет.
Некенің жарамсыз деп танылуы автоматты түрде неке шартының да жарамсыздығына әкеледі. Некенің орын алуы неке шартының міндетті элементінің бірі болып табылады.
Неке шартын тек тіркелген некедегі тұлғалар жасай алады. Осы жерде «неке шартын тіркелмеген некедегі тұлғалар жасай ала ма?» деген сұрақ туындайды. Әрине олардың келісімі неке шарты болып табылмайды, өйткені қазақстандық және басқа да елдердің заңнамасына сәйкес тіркелмеген некелер құқықтық маңызға ие болмайды.1
Неке шарты ерлі-зайыптылардың жеке мүліктік емес қатынастарын реттей алмайды. Бұл неке шартының құрамына тек орындалмаған жағдайда мәжбүрлі түрде жүзеге асырылатын құқықтар мен міндеттердің кіретіндігімен байланысты.
Ал осы ерлі-зайыптылардың жеке және мүліктік қатынастары шетелдік элементпен күрделенген жағдайда қатынастар қалай реттеледі деген сұрақ туындайды?
ҚР «Неке және отбасы туралы» Заңының 205б. сәйкес ерлі-зайыптылардың мүліктік емес және мүліктік жеке құқықтары мен міндеттері аумағында екеуінің бірге тұратын жері бар мемлекеттің заңдарымен, ал екеуінің бірге тұратын жері болмаған жағдайда, аумағында екеуінің бірге тұрған соңғы жері болған мемлекеттің заңдарымен белгіленеді. Бұрын бірге тұрған жері болмаған ерлі-зайыптылардың мүліктік емес және мүліктік жеке құқықтары мен міндеттері ҚР-ң аумағында ҚР заңдарымен белгіленеді.
Ортақ азаматтығы немесе ортақ тұрғылықты жері, неке шарты немесе алиментті төлеу туралы келісімі болмаған жағдайда ерлі-зайыптылар өздері жасаған неке шартына қатысты заңнаманы өздері таңдай алады. Неке шартына немесе алиментті төлеу туралы келісімге қатысты қолданылатын заңды таңдау кезінде ерлі-зайыптыларға ешқандай шектеулер қойылмайды. Ерлі-зайыптылар ешқайсысының да қатысы жоқ елдің заңын таңдауға толық құқылы. Ерлі-зайыптылардың заңнаманы таңдау құқығын жүзеге асыру сәті туралы сұрақ үлкен тәжірибелік маңызға ие.
Неке шартына немесе алимент төлеу туралы келісімге қолданылатын құқықты таңдау туралы ереже шарт жасалынғаннан кейін де енгізілуі мүмкін, өйткені тараптардың өзара келісімі бойынша кез-келген уақытта неке шартына немесе алимент төлеу туралы келісімге өзгеріс енгізу немесе бұзу заңмен рұқсат етілген.
Егер неке шарты немесе алимент төлеу туралы келісім бұдан бұрын шетелдік заңнамамен реттелген болса, келісім жасалғаннан кейін қолданылатын заңды таңдау туралы ережені енгізу мүмкіндігі туралы сұрақ осы келісімді реттейтін елдің заңнамасына сәйкес шешілуі тиіс.
Ерлі-зайыптылар қолданылатын елдің заңын таңдау құқығын пайдаланбаған жағдайда, неке шарты немесе алимент төлеу туралы келісімнен туындайтын қатынастарды реттейтін құқық ерлі-зайыптылардың жеке мүліктік емес және мүліктік қатынастарын реттейтін заңнаманы анықтау үшін қолданылатын ережелер бойынша анықталады.
Осылайша ерлі-зайыптыларға қолданылатын құқықты таңдау мүмкіндігі прогрессивті құбылыс болып табылады. Ерлі-зайыптылар өзіне қолайлы деп санайтын немесе өздерімен тығыз байланысын сезінетін елдің заңын таңдауға құқылы.1
205б. бұрын бірге тұратын жері болмаған ерлі-зайыптылардың мүліктік емес және мүліктік жеке құқықтары мен міндеттері ҚР аумағында ҚР заңдарымен белгіленетіндігіне сілтеме жасайды. Жоғарыда айтылған мәселелер ҚР неке және отбасы туралы заңның 6 және 7 бөлімдерімен реттеледі. Әсіресе 6 бөлімде ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерінің пайда болу аспектілері (28б.), ерлі-зайыптылардың отбасындағы теңдігі (29б.), ерлі-зайыптылардың тек таңдау құқығы (30б.) реттеледі.
Ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтары мен міндеттері деп аталатын тарау ерлі-зайыптылар мүлкінің заңдық (32-37б.) және шарттық (38-42б.) режимін, сондай-ақ міндеттемелер бойынша ерлі-зайыптылардың міндеттеріне қатысты сұрақтарды (43-44б.) анықтайды.
Автордың ойынша 205баппен реттелетін шет елдердегі ерлі-зайыптылардың мүліктік қатынастарының кейбір сұрақтарын қайта қарау қажет. Мұндағы некедегі ерлі-зайыптылардың мүліктік қатынастарының көптеген аспектілерін екі топқа бөлуге болады: ерлі-зайыптыларға тиесілі мүлікке қатысты туындайтын және материалдық мазмұнына байланысты қатынастар.
ҚР-ғы қоғамдық экономикалық және құқықтық жүйедегі өзгерістер күнделікті отбасы өміріндегі құқықтық қатынастардың өсуіне әкеп соқты.
Шетелдік мемлекеттердің заңнамасында неке шартының пайда болуы, мүліктік мәселелерін түрлі шешуді қажет еткен буржуаздық қоғамдық сипатпен түсіндіріледі.
Басқа сөзбен айтқанда, неке шарты бұл ─ ерлі-зайыптылардың екеуі үшін арналған заң. Некеге тұруға тілек білдірген тұлғалар мүліктік қатынасқа байланысты өз ережелерін орнатып бұларды орындауға міндетті. Болашақ ерлі-зайыптылардың неке шартын жасасудағы негізгі мақсаттарының бірі, некені бұзу кезінде сотта мүлікті бөлумен байланысты жағымсыз жағдайлар туындаған кезде өз-өзін материалдық шығыннан қорғау болып табылады.
Шетелдік тәжірибе материалдық жағдайы жоғары отбасыларында, егер де мүліктік мәселелер неке шартында қарастырылмаған болса, бұл мәселелерге байланысты даулар әлдеқайда шиеленіскен болатынын көрсетті. Сондықтан да, әсіресе материалдық жағдайы өте жоғары отбасыларында неке шартын жасасу кең өріс алған. Ерлі-зайыптылардың арасында дау туған жағдайда, сот заңға емес неке шартының ережелеріне сүйенеді. Неке шартының ерекшелігі, оның неке отбасы қатынастары аясында жасалатынында.
Шарттың бұл түріне ерекше субъектілер құрамы тән. Неке шартын некеге тұрушы еркек пен әйел, некедегі ерлі-зайыптылар жасай алады. Неке шарты азаматтық құқықтық келісімнің арнайы сипатқа ие бір түрі болып саналады. Басқа азаматтық құқықтық келісімдермен салыстырғанда неке шарты ерекше субъектілер құрамы, шарттың пәні мен мазмұнына байланысты ерекшеленеді. Неке шарты азаматтық құқықтық келісім шарттарына қойылатын талаптарға сәйкес келуі керек. Бұл талаптар шартты жасау нысаны мен мазмұнына және тараптардың ерікті келісіміне байланысты. Неке шартының басты ерекшелігі оның ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтары мен міндеттерін реттеуге бағытталуында. Ерлі-зайыптылардың мүліктік қатынастары неке шартының пәні болып табылады.
Неке шартының мазмұны дегеніміз ─ ерлі-зайыптылардың нақты немесе басқа да құқықтық меншік режимін белгілеуі. Неке шарты ерлі-зайыптылардың қолда бар мүлкі жөнінде де, болашақтағы мүлкі жөнінде де жасалуы мүмкін.
Неке шартымен реттелетін ерлі-зайыптылардың мүлкіне қатысты сұрақтар төмендегі қайшылықтарды қамтиды:
Ерлі-зайыптылар заңмен бекітілген некеге тұрғанға дейінгі және кейінгі мүлікке қатысты меншік режимін өзгертуге және ерлі-зайыптылардың некеге тұрғанға дейінгі мүлікке немесе оның жекелеген объектілеріне бірлескен, үлестік немесе бөлектелген меншік режимін белгілеуге құқылы.
Ерлі-зайыптылар неке шартында отбасылық шығындарды бөлуге байланысты құқықтар мен міндеттерді анықтауға құқылы. Бұл ереже күнделікті шығындарға да, отбасы мүшелерінің білім алу, күтіп бағу секілді шығындарына да қатысты.
Ерлі-зайыптылар неке шартында өзара күтіп бағу жөніндегі жағдайларды да анықтауы мүмкін.
Ерлі-зайыптылар неке шартында неке бұзылған жағдайда ерлі- зайыптылардың әрқайсысына берілетін мүлікті анықтауға құқылы.
Мамандар шарттың жасалуы некені нығайтуға емес керісінше некенің бұзылуына бағытталғанын мақұлдаса да неке шарты мүліктік қатынастарға қатысты қолданылуда. Ерлі-зайыптылар бұдан былай өздерінің мүліктік қатынастарын заңдық немесе келісімдік негізде құруға мүмкіндікке ие болды.
Неке шартында ерлі-зайыптылар өзара күтіп бағу жөніндегі өз құқықтары мен міндеттерін, бір-бірінің кірістеріне қатысу әдістерін, олардың әрқайсысының отбасылық шығындар жасау тәртібін айқындауға құқылы.
ҚР және басқа да көптеген мемлекеттер үшін неке шарты жаңа бір әрекет болып табылатындықтан, әлі де көптеген шешімін таппаған мәселелер бар. Мысалы, тараптардың біреуі өзіне алған міндеттемелерін орындамаған жағдайда жауапкершіліктің қай түрі белгіленуі керек. Еркек әйелін әр жыл Канара аралдарына апарамын немесе ай сайын 500$ төлеймін деп міндеттеме алып, күтпеген жерден қызметінен айрылып қалған жағдайда шарт талаптарын қалай жүзеге асырады? Міне осындай мәселелерге қатысты өкінішке орай құқықтық тәжірибе ешқандай шешім ұсына алмай отыр.
ҚР неке және отбасы туралы заңында «ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкі олардың бірлескен ортақ меншігі болып табылады, егер меншік режимі неке шартында өзгеше белгіленбесе» делінген.
Неке қатынастары отбасы құқығындағы ең күрделі қатынастардың бірі. Бұл қатынастардың кейбірі мүлдем құқықпен реттелмеген. ҚР Неке және отбасы туралы Заңының 7-тарауы неке қатынастарының құқықтық реттелуіне арналған (ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтары мен міндеттері).
Ерлі-зайыптылардың арасындағы құқықтық қатынастар (немесе неке қатынастары) отбасы құқығындағы басқа қатынастардан субъектілердің өзара ерікті келісімімен басталатындығымен ерекшеленеді. Заңда белгіленгендей, некеге тұру үшін некеге тұрушы еркек пен әйелдің өзара ерікті келісімі қажет.
Неке қатынастары деген түсінік «неке» түсінігімен пара-пар. Ол отбасын құру мақсатымен заңдарда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқылы одақ нәтижесінде туындайтын құқықтар мен міндеттердің жиынтығын білдіреді.
Жоғарыда айтылғандай неке қатынастарының субъектілері ─ ерлі-зайыптылар. Бұл, субъектілердің спецификалық құқықтық сипатқа ие ерекше бір түрі болып есептеледі. Некеге тұратын адамдардың тікелей қатысуымен неке АХАЖ органдарында қиылады. Неке қатынастары неке АХАЖ органдарында тіркелген сәттен бастап туындайды.
Тіркелмеген некелер заңды салдар туғызбайды.
Ерлі-зайыптылар отбасы неке қатынастарына түсу кезінде азаматтық құқық қабілеттіліктерін толық мөлшерде сақтап қалады. Сәйкесінше, кез-келген, оның ішінде бір-біріне қатысты азаматтық құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыра алады. Бірақ жаңа қиылған некенің шегінде ерлі-зайыптылардың ескі құқықтары мен міндеттері өзгеріске ұшырап, жаңа құқықтар мен міндеттер пайда болады. Сондай-ақ неке кезінде де неке қатынастарының шеңберінде де өзгерістер болуы мүмкін: алимент өндіріп алу, меншікті иелену құқығы және т.б.
Ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері АХАЖ органдарында некеге тұру мемлекеттік тіркелген күннен бастап туындайды.
Оған ең алдымен жеке құқықтар кіреді: қызмет, кәсіп түрін, тұрғылықты жерді және т.б. таңдау құқығы.
Екіншіден ерлі-зайыптылардың мүліктік қатынастары кіреді.
Неке және отбасы туралы заңда бекітілген ерлі-зайыптылардың отбасындағы теңдігі қағидасы, ерлі-зайыптылардың құқықтарының көлемі және мазмұны бойынша тең екендігін білдіреді.
Ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкі, олардың бірлескен ортақ меншігі болып табылады.
Заңда ерлі-зайыптылардың мүлікке құқықтарының теңдігі арнайы ескертіледі, өйткені ерлі-зайыптылардың біреуінің некеде тұрған кезеңде үй шаруашылығын жүргізу, балаларды бағып күтуді жүзеге асыруы немесе басқа да дәлелді себептермен жеке кірісі болмауы мүмкін.
Ерлі-зайыптылардың біреуі ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне билік ету жөніндегі жасасқан мәмілесін сот басқа жұбайдың келісімі болмауын дәлелдеп, тек оның талап етуімен ғана және басқа тараптың мәміле жөнінде білгендігі немесе осы мәмілені жасасуға басқа жұбайдың күні бұрын білуі тиіс екендігі дәлелденген жағдайларда ғана жарамсыз деп тануы мүмкін.
Ерлі-зайыптылардың біреуі жылжымайтын мүлікке билік ету жөнінде мәміле мен нотариаттық куәландыруды және (немесе) заңда белгіленген тәртіппен тіркеуді талап ететін мәміле жасауы үшін басқа жұбайдың нотариат куәландырған келісімін алуы қажет.
Мүлікті бөлу бірлескен ортақ меншікке ерлі-зайыптылардың құқықтарының теңдігі қағидасына негізделе отырып жүзеге асырылады. Жалпы ережеден шығатын заңда көзделген ерекшеліктің басты мақсаты кәмелетке толмаған балалардың, көңіл бөлуге тұрарлық ерлі-зайыптылардың біреуінің, сондай-ақ жалпы отбасының мүддесін қамтамасыз ету болып табылады.
Егер некеде тұрған кезеңде ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі немесе басқа жұбайдың мүлкі не ерлі-зайыптылардың кез-келгенінің еңбегі есебінен осы мүліктің құнын едәуір арттыратын салыным жүргізілгені (күрделі жөндеу, қайта жаңғырту, қайта жабдықтау және с.с.) анықталса, ортақ бірлескен меншік үлесінің теңдігі қағидасы сот шешімімен бұзылуы мүмкін.
ҚР заңнамасына сәйкес неке шартын жасасу мен өзгертудің тәртібі төмендегідей.
Неке шарты некеге тұруды мемлекеттік тіркеуге дейін де, неке кезеңіндегі кез-келген уақытта да жасалуы мүмкін.
Некеге тұруды мемлекеттік тіркеуге дейін жасалған неке шарты некеге тұру мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді.
Неке шарты жазбаша түрде жасалады және оны нотариат куәландыруға тиіс.
Неке шарты ерлі-зайыптылардың келісімі бойынша кез-келген уақытта өзгертілуі мүмкін. Неке шартын өзгерту туралы келісім неке шартынаң өзі сияқты нысанда жасалады.
Осылайша ерлі-зайыптылардың мүлікті теңдей иелену, пайдалану және оған билік ету мүмкіндігі заңмен қамтамасыз етіледі. Неке қатынастарының тараптары меншіктің шартты режимін белгілеуге құқылы. Неке шарты бұл үшін негіз болып табылады.
Американдық заңнамада неке шартына байланысты көптеген еркіндіктер берілген. АҚШ-та неке шартының пәні тек мүліктік емес, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың арасында туындауы мүмкін барлық қатынастар бола алады. Мысал ретінде әйгілі эстрадалық әнші Майкл Джексонның неке шартын келтіруге болады. Майкл Джексон әйелі Дебби Роуимен неке шартын жасасады және сол шартқа сәйкес бала күтіп отырған әйеліне сый ретінде 1.25млн. АҚШ долларын төлеуге міндетті болады. Бұған қосымша жыл сайын 58 мың АҚШ долларын төлеуге міндеттенеді. Өз кезегінде Майкл, неке бұзылған жағдайда баланы әкесімен қалдыруды және шешесіне баланы көруге рұқсат берілмеуін талап етеді.
Неке шарты не үшін жасалады? Біріншіден, тұлғалар өздерінің мүліктік құқытарын қорғай алады. Мысалы, некеге тұрмас бұрын ерлі-зайыптылардың екеуінде де автомобилі болған. Некеге тұрғаннан кейін олар өзара келісім бойынша әйелдің машинасын сатады да еркектің машинасын пайдаланады. Сатудан түскен ақша отбасы қажеттілігіне жұмсалады. Неке бұзылады және мүлікті бөлу кезінде автомобиль мүлік ретінде еркектің меншігінде қалады. Нәтижеде әйелдің мүддесі қорғалмайды. Осындай жағдайларды болдырмау үшін ерлі-зайыптылардың некеге дейінгі және некеден кейінгі ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншікке құқықтарын реттейтін неке шартының мүмкіндіктерін пайдалану қажет.
Екіншіден, ерлі-зайыптылардың некеден кейін де жақсы қарым-қатынаста болуларын қамтамасыз ету. Неке бұзылу кезінде әдетте ерлі-зайыптылардың арасы суып, бір-бірінен пайда табуды ғана көздейді. Ал, егер ерлі-зайыптылардың арасында ненің кімге берілетінін анықтайтын келісім болса мұндай мәселелер туындамайды.
Неке шарты ерлі-зайыптылардың (немесе болашақ ерлі-зайыптылардың) құқық қабілеттілігін және әрекет қабілеттілігін шектей алмайды. Мысалы, қызмет, кәсіп түрін таңдау, білім алу, тұрғылықты жер таңдау т.б. құқықтарын шектей алмайды. Мысалы, еркек материалдық жағынан қамтамасыз еттім деп әйелді жұмысын тастап тек үй шаруашылығымен айналысуға міндеттей алмайды.
Неке шарты ерлі-зайыптылардың арасындағы мүліктік қатынастарға қатысты ғана жасалады. Бұл ерлі-зайыптыларды бірін бірі сүюге, бір-біріне адалдық сақтауға және т.б. міндеттер жүктей алмайды дегенді білдіреді. Бірақ неке шартында ерлі-зайыптылардың біреуінің жағымсыз әрекеттері салдарынан келтірілген моральдік зиянның орнын толтыру көзделуі мүмкін. (опасыздық, ұрып соғу және т.б.)
Балаларға қатысты ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері неке шартымен реттеліне алмайды. Мысалы, некенің бұзылуы жағдайында бала кіммен қалады, онымен қарым-қатынасқа түсудің тәртібі қандай болады деген мәселелер қаралмайды.
Неке шарты ерлі-зайыптылардың біреуінің аса қолайсыз жағдайға түсіретін талаптарды (Мысалы, ерлі-зайыптылар некеде тұрған кезде жинаған мүлік және табыс ерлі-зайыптылардың тек біреуінің меншігіне өтетіндігі) қамти алмайды.
Сондай-ақ, некеге түсудің еріктілігі, ерлі-зайыптылардың теңдігі, отбасының игілігі және балалардың өсіп жетілуі мәселелері неке шартында қарастырылмайды.
Неке шарты некеге тұруды мемлекеттік тіркеуге дейін де, неке кезеңіндегі кез-келген уақытта да жасалуы мүмкін. Қандай да бір қымбат мүлікке ие болған жағдайда некеге дейінгі мүлік кімнің меншігінде болса, неке бұзылғаннан кейін де соның меншігінде қалатындығын белгілей отырып, неке шартын некені мемлекеттік тіркеуге дейін жасасқан жөн. Бірақ неке шарты, ерлі-зайыптылардың қолда бар мүлкі жөнінде де, болашақтағы мүлкі жөнінде де жасалуы мүмкін. Мұндай жағдайда меншіктің үлестік режимін белгілеуге болады. Мысалы, неке бұзылуы кезінде бала кіммен қалса меншіктің 2/3-сі соған тиесілі.
Некеге тұруды мемлекеттік тіркеуге дейін жасалған неке шарты некеге тұру мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді. Некені тіркеу мен шартқа отыру арасындағы уақытқа байланысты ешқандай шектеулер жоқ.
Неке шартын орындаудан біржақты бас тартуға жол берілмейді.
Әрине неке шартының жасалуына байланысты ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы өзгере ме деген сұрақ туындайды. Дегенмен, мұндай мәселелер құқықтық емес моральдік-этикалық сипатқа ие деп айтсақ дұрыс болар еді. Бұл толығымен ерлі-зайыптылардың дүние танымына байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |