Қарындағы астың қорытылуы және оның жас ерекшеліктері. Қарынға түскен ас қоймалжыңына қарын сөлі әсер етіп, ас қорытыла бастайды. Қарын сөлінің құрамында 98% су, 0,3%-0,5% тұз қышқылы және әртүрлі тұздар мен органикалық заттар болады. Қарын сөлінің рН реакциясы – қышқыл.
Органикалық заттарға ферменттер мен азотты қосылыстар жатады.
Сөл құрамында белокты ыдырататын пепсин, сүт казейнін ыдырататын химозин, майды қорытатын липаза ферменттері болады.
Пепсин рН реакция 1,5-2,5, яғни қышқыл ортада ғана белсенді қызмет атқарады. Қарында барлық белоктар қорытылады, сонымен бірге тұз қышқылының әсерінен тамақпен түскен бактериялар да қорытыла бастайды, яғни қарын сөлі қорғаныс қызметін де атқарады.
Қарын сөлінің құрамындағы липаза ұсақ молекулалы (жұмытрқаның сары уызындағы, ана сүтінің құрамындағы) майды ғана қорытады. Ол майды глицерин мен май қышқылына дейін ыдыратады.
Бұл ферменттің әсер етуі үшін тұз қышқылы астың құрамындағы майды ұсақ май тамшыларына ыдыратады.
Қарында ас 3-4 сағаттан 10-11 сағатқа дейін болады.
1 жасқа дейінгі балалардың қарын сөлінде тұз қышқылы мен ферменттердің күші төмен болады. Оның есесіне химозин белсенді болады. Емшектегі баланың сөлінің рН реакциясы жоғары болады:
1 айда 5,84;
3-7 айда 4,94;
7-9 айда -4,48;
9 айдан асқан соң 3,76 тең болады.
Сондықтан сөлдің құрамындағы рН 2,0 болғанда белсенді болатын пепсиннің асты қорытуда рөлі төмен болады. Сондықтан емшектегі балаға сиыр сүтін немесе басқа жасанды сүт бергенде диатез – бет терісінде қызғылт қышыма қабыршақтар пайда болады.
Жаңа туған сәбидің қарны көлденеңдеу, ересек адамдарда тік орналасқан. Қарынның пішіні әртүрлі: 1,5 жасқа дейін дөңгелектеу, 2-3 жаста алмұрт тәрізді, 7 жаста ересек адамның қарнындай болады. Сиымдылығы да әртүрлі: жаңа туған сәбиде – 30-35 мл, 1жаста 300-350 мл, 10-12 жаста - 1,5 л, ересек адамдарда 1,5-2 л.