Асхат әлімов интербелсенді әдістерді жоғАРҒы оқу орындарында қолдану оқу құралы Алматы


Үйренушілердің өз біліміне деген жауапкершілігі



бет18/314
Дата29.05.2020
өлшемі0,52 Mb.
#71580
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   314
Байланысты:
А.Әлімов Интербелсенді әдістерді ЖОО қолдану.doc.doc (копия)

Үйренушілердің өз біліміне деген жауапкершілігі

(эссе)
- Мұғалім не үшін тозаққа барады?

- Өзі білгенді сұрай бергені үшін! –

деген қазақы әзілде терең мағына жатыр. Шынымен-ақ неліктен мұғалім оқушыдан көбіне-көп өзіне мәлім нәрселерді сұрайды – олардың бәрі де өзіне белгілі ғой?! Мүмкін ол өзінің білмейтінін сұрауы керек болар? Әрине, бәз біреулердің «Мұғалімнің білмейтіні бар болса, ол несіне ұстаз болып жүр!» деп ойлауы да ықтимал. Пән бойынша мағлұмат тұрғысынан алатын болсақ, дәп осылай: мұғалім көп нәрсеге қанық. Алайда оның білмейтіні де шексіз дүние. Мұғалім нені білмейді? Ол шәкірттің ішкі жан-дүниесінің болмысы мен ахуалын білмейді, оқушының қандай ойы, пікірі, дүниетанымы, көзқарасы, түсінігі, пайымдауы, уәждері, дәлелдері бар екендігін білмейді.

Сол себепті де ұстаз шәкірттерінен білмейтінін сұрап, олардан тілейтіні - тақырып (мәселе, проблема, ақпарат, мәлімет) бойынша өзінің ойларын, түсінігін, толғаныстарын, сезімдерін, тұжырымдауын, талдауларын келтірулері.

Алайда үйренушілер мұндай жұмысқа дайын емес, олар тіпті оны мойындайды да: «Біз оданша өткен тақырыпты қайталап берейікші?» деп. Неліктен шәкірттер белсенді әрекеттерге ден қойып, өзіндік түсінікті қалыптастырып, оны өзгелерге жеткізуден қашқақтайды?

Менің ойымша, мұның басты себебі - ырықсыздық, енжарлық. Жалпы алғанда, адам баласы үшін біреудің айтқанымен жүру оңай өмір салтына айналған. Бұл қанға сіңген әдет: біз жетекке әбден көндігіп кеткеміз. Өз ықтиярымыз, қалауымыз, таңдауымыз жоқ, ырықсыз бір беделдінің (ата-ана, мұғалім, оқытушы, бастық, әйеліміз немесе күйеуіміз, жасы үлкендер, т.б.) айтқанына иланып, мойынсұнып, оның артынан еріп, оған өзімізге қатысты мәселелер бойынша барлық шешім қабылдау өкілеттілігін беріп, жетекке көніп жүре береміз.

Ыңғайлы позиция емес пе бұл: ойлаудың да, толғанудың да қажеті жоқ, - біз үшін басқа біреудің басы ауырады, басқа біреу өміріміздің маңызды проблемаларын шешеді. Біреуге тәуелді, бағынышты болғанды қалау, біреудің ырқына бой алдыру - адамның басты келеңсіз қасиеттері деп есептеуге тұрарлық.

Сенбесеңіздер, бұрнағы жылдарға көз жүгіртейікші: өмірдің елеулі кезеңдерінде (жоғары оқуға түсерде, жұмысқа тұрарда, тұрмыс құрып той жасағанда, балаларыңыздың есімін таңдағанда, т.с.с.) өзіміз таңдау жасап, шешім қабылдап па едік?

Мен жыл басында 1- курс студенттерінен «Осы мамандақ пен біздің жоғарғы оқу орнын қалай таңдап алдыңыз?» деп сұрағанда, олардың көпшілігінің өзі емес, басқалардың сілтеуімен бізге келгендігі белгілі болды. Тіпті жастардың арасында «Мектеп бітірген соң мен ПҚЖ-ға оқуға түсемін» деген әзіл де бар. «ПҚЖ» дегеніңіз «Папам Қайда Жібереді» екен. «Джуниор Эчивмент Казахстан» қоғамдық қорының деректері бойынша жоғарғы сынып оқушыларының 30% ғана болашақ мамандығын саналы түрде таңдап, қалған бөлігі біреудің сілтегенімен жүре береді екен («Московский комсомолец» Казахстан» газет і, 2-8 ақпан, 2006).

Бұған қоса біз бар әрекеттерімізді сол беделдің бағалауымен өлшейміз, соған жалтақтаймыз. Оның «ақ» дегені алғыс, «қара» дегені қарғыс болады біз үшін. Алысқа бармай, мектептегі сабақты көз алдымызға елестетейік. Оқушы жауап бергенде немесе қандай да бір әрекет жасағанда жүзін мұғалімге бағыттайды, айтайын дегенін соған қаратып сөйлейді, мұғалімге бағыштайды, ұстаздан мақтау, мадақ, қолдау күтеді, жауабымды «дұрыс-бұрыс» деп осы кісі бағаласа екен деп тұрады. Қайтадан тәуелділік, тағы да бағыныштылық. Бұл ұстаным өмір бақилыққа айналып кетпей ме?

Осы біз неліктен балалық шаққа оралғымыз келіп тұрады? Әрине, ол кезде біздің жан дүниеміз бүгінгіден әлдеқайда таза, кіршіксіз болғандығын мойындаймыз, сол пәктікті аңсаймыз, соған ұмтыламыз. Егерде өткенге қайтар жол болса, жалаңаяқ болса да жаяу тартып кетпес пе едік сонау көз жауын алған, мұнар шалған бала күндерге?!.

Сонымен бірге балалық шақты сағынудың басқа да түсіндірмесін келтіріп кетейін. Өмірінің тек сол кезінде ғана адам өзін толық қамқорлықта болғандығын сезінеді, ол не ішем, не жеймін, ертеңгі күнім қандай болар деп ойланбайды, қаннен-қаперсіз ойнап-күліп жүре береді, өйткені оны барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етіп, қызғыштай қоритын анасы бар. Біз осындай жайбарақат уақытты аңсаймыз, өйткені онда ойланып-толғанбай бақытты күй кештік, мұқтаждарымызды еш әрекетсіз-ақ қанағаттандырушы едік қой, барлық нәрсе дайын күйінде қолымызға түсуші еді ғой!.. Ана махаббаты біздің қорғаушымыз бен таянышымыз, арқа сүйеріміз бен жанашырымыз іспеттес.

Алайда біз мұнда да барлық мұң-мұқтаждарымыздың шешімін басқаға (бұл жерде анамызға) ысырып қоятын кезді сағынып жүрген жоқпыз ба? Әрине ана махаббаты қасиетті, бірақ оның әсірелігі, астамшылдығы, көп мөлшерден асуы адамды баяғы масылдыққа әкелмей ме: «Мен не үшін ұмтыламын, не үшін өзімді қинаймын, егерде анам менің барлық сұраныстарымды қанағаттандырып отырса?» деген жаңсақ дүниетанымдық көзқарастың да пайда болуы әбден ықтимал анасының баласында. Ал мұндай масылдықтың өмір қағидасына айналып, әрқашан өз проблемаларымызды біреуге ығыстыра салуға дайын болуымызға да әкелуі әбден мүмкін. Айналамызға көз жүгіртейікші: қырыққа жетсе де әлі анасының зейнетақысына қол жайып отырғандар немесе тіпті шешесінің мойнына отырып алып, аяқтарын төмен салбыратқандар кездесетін шығар?..

Неліктен біз өз өміріміздегі, өзімізге ғана тиеселі проблемаларды шешуді басқа біреуге жүктейміз? Сонда біз кім үшін өмір сүреміз? Өзіміз үшін емес пе? Америкалық ақын Уолт Уитмен «Мен де, басқа адам да Сіз үшін бұл жолды жүріп өте алмайды, Сіз оны өзіңіз жүріп өтуіңіз керек» деп айтқандай, бұл өмір менікі, сондықтан да мен оны өзім сүріп, өзім бұл дүниеден өтуім керек – мен үшін ешкім де өмір сүріп, ешкім де өлмейді. Сол себепті біз басқалардың өміріне еш ұқсамайтын өзіндік өмір сүріп, өлімге дайын болуымыз қажет дейді адамзат ұстаздары. Сүйікті Пайғамбарымыздың (Салаллаһу ғалейһи уа с-саламу) хадистерінен: «Ажал жетпей тұрып өлуге дайындал», «О, Алла Тағала! Маған кіршіксіз адал өмір, ақ өлім жіберуіңді, Өзіңе қайғы-қасіретсіз оралтуыңды тілеймін!»

Мен осы сөздеріммен не нәрсе меңзеп тұр деп ойлайтын болсаңыздар, ол идея келесідей: әр адамның өз өмірі мен өліміне деген жауапкершілігі сияқты мүмкін білім берудің ең басты проблемасы - өз біліміңе деген жауапкершілік болар.

Мектепте де, жоғары оқу орындарында да көп жағдайда шәкірттердің масылдық көзқарас қағидаларын ұстанғанын байқауға болады. Олардың басты қағидасы «Мені үйретсін, маған білім берсін» болады. Оқушы білім алу барысында, «Мұғалім мені оқытып, үйретсін, өйткені ол сол жұмысы үшін мемлекеттен ақша алады» деген ойда болса, студент те сол сияқты немесе сәл басқашалау («Мен оқудың ақшасын өз қалтамнан төлеймін, сондықтан да маған осы ақшаға тиеселі білім берсін») ниетті ұстанады. Олар өзін іші қуыс ыдыс сияқты түсінеді: «Ұстаздар сол ыдыстың ішіне неғұрлым көбірек білім салса, соғұрлым дұрыс болады, ал білім менің тарапымнан еш талап пен ықтиярлық болмаса да автоматты түрде игеріледі», - деп жаңсақ ойлайды олар. Бұл өмірге еш бейімділігі жоқ, дайын нәрсені талап ететін масылдардың философиясы емей немене?!

Алайда мұндай масылдық дүниетаным бүгінгі күні өміршеңді ме? Адамзат тарихы «Үйрету мүмкін емес, үйрену ғана ықтимал» деген қағиданың ақиқаттылығын дәлелдеп берген жоқ па? Бұрынырақта білім берудің басты қағидасы «Үйрету!» болса, бүгінгі күні басты идея «Үйрену!», тіпті «Үйренуге үйрену!» ұстанымына айналып отыр.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   314




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет