Асхат әлімов интербелсенді әдістерді жоғАРҒы оқу орындарында қолдану оқу құралы Алматы


Диалог – адам өмірінің мәні мен мақсаты



бет51/197
Дата27.10.2023
өлшемі0,58 Mb.
#188883
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   197
Байланысты:
Интербелсенді әдістерді ЖОО қолдану Асхат Әлімов (1)

3.3 Диалог – адам өмірінің мәні мен мақсаты

Сайып келгенде, тiршiлiктiң негiзi осындай қарым-қатынас пен диалогқа орнығады: басқаның ойымен, пiкiрiмен, көзқарасымен санасу, бөтендi түсiне бiлу, өзiңдi оның орнына қоя бiлу – осы қасиеттердiң бәрi де әлеумет ахуалын белгiлейтiндiгi даусыз тұжырым. Өмiрде ең керектi бiлiм – қоғамда қарым-қатынас құра бiлу, басқа адамдармен тiл табысу. Мiне осылай ғана бiз әр адамға тән, табиғатымызда жаратылыстан қалыптасқан менмендiктен арыламыз. Философ Эрих Фромм келесi сөздерде осы ойды меңзеген сияқты: «Адамның өмiрдегi басты мақсаты – нарциссизмнен (яғни, менмендiктен) арылу» (Э.Фромм, 64).


Пәлсапашы Қанат Нұрланованың пайымдауы бойынша, қарым-қатынас идеясы қазақ ұлттық философиясының негiзiнде жатыр. «Өмiр мәнi – араласу, қатынасу, iштесу, қауышу, дидарласу, жүздесу, яғни, түсiнiсу»,- деп түсiнген ата-бабаларымыз осы әрекеттер арқылы басқа адамға, оның көзқарасы мен дүниетанымына, ойы мен пікіріне деген ыждаһат пен ықылас қалыптасатындығына көздерiн жеткiзген (К.Нурланова, 4).
Соңғы кезде жиi келтiрiлетiн Ысты Бөлтiрiк шешеннiң келесi сөздерiнде де осы терең мағыналы идея жатыр: «Қарт шешеннен:”Өмiрдiң мәнi не: бала ма, бақ па, дәулет пе?»- деп сұрағанда, ол былай деп жауап берген екен: «Бала деген артта қалған iз емес пе, бақ деген аспанда ұшқан құс емес пе, дәулет деген қолда ұстаған мұз емес пе? Бұл өмiрдiң мәнi – сiз бен бiз емес пе?!»
Сонымен, адамзат ғұламалары біздің тек қана қарым-қатынас арқылы, диалог құру арқылы ғана Әлемді тануымыз ықтимал, яғни таным мен білім - адамдардың өзара әрекетінің нәтижесі деп есептеген, тіпті қарым-қатынас, диалог - өміріміздің мәні деп түсінген. Олар ықылым заманнан бері бұл қағиданы адам өмірінің негізі ретінде санап келеді. Адамның жаратылысынан әлеуметтік мақұлық екендігін де ұмытпау керек: біз бір-бірімізсіз өмір сүре алмаймыз.
Экзистенциализм философиялық бағытының көрнекті өкілі Карл Ясперс адам өз өмірінің мәнсіздігінен, абсурдтығынан, өмірдегі жалғыздығынан, жаттанудан тек шынайы қарым-қатынас (коммуникация) арқылы ғана арылуына болады деп есептеген. Қарым-қатынас дегеніміз, К.Ясперс бойынша, жақын адамдармен бірін-бірі жақтыру, достық пен махаббат жағдайында қауышып, ешкімге де ұқсамайтын қайталанбас (уникалды, уникумды) ішкі жан дүниеңді жүзеге асыру (А.Перцев, 9).
Кезінде Кеңес Одағында есімі тек әдебиеттанушыларға ғана мәлім болып қойған, ал Батыста терең философ ретінде дәріптелген М.М.Бахтин атақты орыс жазушысы Ф.Достоевскийдің шығармашылығын талдай келе, былай деп жазған еді: «Адамның шынайы өмірін сөзбен құрастырудың жалғыз ғана адекваттық формасы болып ешқашан аяқталмайтын диалог танылады. Өмір өз табиғаты бойынша диалогтық құбылыс. Өмір сүру дегеніміз диалогқа қатысу: сұрау, тыңдау, жауап беру, келісу және т.с.с.» (М.Бахтин, 153).
Тағы да бір жерде М.М.Бахтин былай дейді: «Достоевскийде адам қаратпа субъектісі болып шығады. Ол туралы айтуға болмайды, - оған тек қаратып сөйлеуге болады. Сол себепті де Достоевскийдің көркем әлемінің нақ ортасынан диалог орын алған, және де диалог тәсіл ретінде емей, мақсат ретінде қолданылады. Бұл жерде диалог әрекеттің себепкері емес – ол әрекеттің өзі... Болу дегеніміз диалог арқылы қарым-қатынас құру» (М.Бахтин, 338). Диалог туралы ойын М.Бахтин әрі қарай былай деп пысықтайды: «Барлығы да құрал, ал диалог – мақсат. Бір дауыс ешнәрсені аяқтамайды және ешнәрсені шешпейді. Екі дауыс - өмір минимумы, болмыстың минимумы... Достоевский диалогының негізгі схемасы қарапайым: «мен»-нің «басқаға» қарама-қарсы тұруы тәрізді, адамның адамға қарама-қарсы тұруы» (М.Бахтин, 339).
Философияда сөйтіп диалог тек қана қарым-қатынас құралы болмай, сонымен бірге өмірлік мақсат ретінде танылып отыр. Бұл тұжырым өмірге деген көзқарасты түбегейлі өзгертуі мүмкін. Ол «Өмірдің мәні – қарым-қатынас пен диалог, өмірдің өзі де қарым-қатынас пен диалог» деген өмірлік қағиданың үстемдігіне бастайды. Ал бұл дегеніңіз әр адамда басқаға деген ынта мен ықыластың пайда болуына алып келеді, адам өз өмірінің мәнділігі мен толыққандылығын тек басқалармен байланыс пен қарым-қатынас арқылы ғана өлшейтін болады. Ол басқалар үшін өзінің ішкі әлемін айқара ашып, басқаларды тануға ұмтылады, сол арқылы «Мен ғана!» деген эгоцентристік көзқарастан арылып, өз жүрегінде адами қасиеттерді ұштай түседі, адамгершілікке негізделген құндылықтарға бағытталады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   197




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет