Дәстүрлі оқыту мен интербелсенді оқудың айырмашылықтары Оқу жүйе- лері
Пара-
метрлер
| Дәстүрлі білім беру (білімді жинақтауға негізделеді)
| Интербелсенді оқу
(білімді өздігімен игеруге негізделеді)
| Негізгі мазмұны |
Оқыту, үйрету, білім беру (үйренушілердің толық білімсіз-дігі пайымдалады)
|
Оқу, үйрену, білім алу («үйрену арқылы ғана білімді меңгеру ықтимал» деген қағида ұстанады)
| Негізгі мақсаты | Адамдардың күнделікті бол-мысқа бейімделуі, «біліктілік» тұжырымы бойынша білім, білік, дағды «беру» |
Күнделікті болмысты адам мұқтажда-рына сәйкес түбегейлі өзгерту, «құзырлылық» («компетенция») тұжырымы бойынша құзырлардың (компетенциялардың) қалыптасуына тиімді орта мен жағдай жасау
| Субъект | Оқытушы |
Студент пен оқытушы
| Объект |
Студент
|
Бүкіл Әлем, бүкіл өмір (өмір сүру, еңбек жасау, қарым-қатынас, жаңа нәрсеге үйрену)
| Оқытушы рөлі |
Білім көзі, белсенді үйретуші, біліммен «бос ыдыстарды» толтырушы, студенттерден анағұрлым көп білуші, «солист», «жалғыз актерлі театр» актері, «асаба»
|
Таным процесі мен үйренуді ұйымдас-тырушы, жүргізуші, бағыт-бағдар сілтеуші, проблемалық түрде студенттер түйсінетін және талдайтын болмысты құрастырушы.
| Студент рөлі |
Ырықсыз, бәлсенді, айтқанды орындаушы, қайталаушы, тыңдаушы
|
Белсенді, өз біліміне деген жауапкер-шілікті түсінуші, білімді өздігімен игеруші, өз қажеттіліктерін айқындаушы.
| Оқытушы әрекеттері |
- Мәліметтер мен ақпараттар береді;
- Өзі жасаған қорытындылар мен тұжырымдарды келтіреді;
- Тапсырмалар береді;
- Студенттердің білімін тексереді.
|
Студенттерде келесідей қабілеттерді
дамытуға ұмтылады:
- өзіндік әрекеттер мен көзқарас қалыптастыру мен дамыту,
- ақпаратты өздігімен игеру: талдау, шешім қабылдау, жаңа мазмұн құру;
- проблеманы айқындау және оны шешу жолдарын қарастыра білу,
- келіссөздер және пікірталас жүргізе білу,
- өз сөзіне иландыру және бітімге келе білу.
| Кесте №9 Дәстүрлі оқыту мен интербелсенді оқудың айырмашылықтары (жалғасы)
Студент әрекеттері |
- Бастамашылдық пен ынтаны көрсетпейді, олардың есіне өз міндеттерін жиі салып, әрекеттерін қадағалап, бақылап отыру керек.
- Сабақта енжарлық пен ықтиярсыздықты байқатады.
- Бәлсенділік (пассив) пен ырықсыздыққа беріліп, аяққы нәтижеге деген қызығушылығы мен жауапкершілігі жоқ.
|
- Білімді өздігімен игереді; олар білімді өзіндік түсінік, ойлар, идеялар, көзқарас деп түсінеді.
- Өз біліміне деген жауапкершілігі жоғары: оларға еш қысым жасаудың қажеті жоқ.
- Бастамашыл, белсенді.
| Оқу мақсаттары-ның студент мүддесіне қатысы |
Студенттердің талаптарына сәйкестелмеген оқытушы құрастырған бағдарламалар мен жоспарлар бойынша;
оқу логикасы мен мақсаттары, күтілетін нәтижелер студент қатысуынсыз бекітіледі; студенттер талқылауға қатыстырылмайды, олардың пікірі ескерілмейді
|
- Студенттердің мұқтаждары мен мүдделеріне сәйкес.
- Барлық қатысушылар шешім қабылдауға өз үлесін қоса алатындығын сезінеді.
- Барлық қатысушылар өз шешімдерін жүзеге асырудағы өз жауапкершіліктерін сезінеді.
| Әдістемелік ұстаным | Білім дайын күйде беріледі, шығармашылыққа жол берілмейді. Оқу/оқыту - есте сақтау деп түсініледі. |
Білім дайын түрде берілмейді, білімді күмәнданып қабылдау: бұл ұстаным диалогтық қарым-қатынас, сыни көзқарас пен шығармашылық белсенділікке негізделеді.
| Әдістемелік тәсілдер | Монолог, авторитаризм, қысым жасау, жасандылық, ұрандар, «мәдени жаншу (диктат)».
|
Диалог, еркіндік, қысымнан арылу, өзінділік, мәдени ықпал.
|
Проблемаларға қатынасы
|
Проблемалардың пайда болуы жеңіліс деп түсініледі
|
Проблемалардың пайда болғаны оларды шешу жолдарын іздестіруге бастайды
|
3. Диалогты философиялық тұрғыдан негіздеу
3.1 Антроптық және біліми дағдарыс туралы
«Неліктен бүгінгі күні білім жүйесінде диалогқа аса көтеріңкі көңіл бөлініп отыр?» деген сұраққа жауап беретін болсақ, қазіргі дәуірде адамгершіліксіз барлық білімнің қажетсіз, ада болып қалатындығы дәлелденген секілді. ХХ-шы ғасыр ізгі мақсаттарды ұстанбаған білімнің қандай қатерлі нәтижелерге әкелетіндігін жан түршіктіретін мысалдар арқылы көрсетті. Жер бетінде тіршілік атаулыны жойып жібере алатын жойқын атомдық және ядролық қару, экологиялық апаттардың өршуі - сондай білімнің нәтижесі. Мұндай нәтижені келесі сөздерден көруге болады: «Мен концлагерді бастан кештім. Мен бір де бір адам көруге болмайтын жәйттерді көрдім:
білімді инженерлердің газбен тұншықтыратын камераларды салғанын;
білімді дәрігерлердің балаларға у беріп өлтіргенін;
білімді медбикелердің нәрестелерді мерт қылғанын;
университет түлектерінің балалар мен әйелдерді атып, өртегенін.
Сондықтан да мен білімділікке сенбеймін. Сіздерден өтінерім: оқушыларыңызға тек адам болуға көмектессеңіздер екен. Сіздердің ұмтылыстарыңыз ешқашан да оқымысты тажалдардың, білікті есалаңдардың, білімді Эйхмандардың пайда болуына әкеліп соқпауы керек. Кітап оқудың, жазудың, арифметиканың балаларымызға адамгершілікті болуға көмектескенде ғана маңызы бар» (В.Кукушкин, 83).
Адамзат қоғамы бүгін антроптық (адами) дағдарыс алдында тұр. Бұл кризистің мазмұнын философ А.Печчеи келесідей айқындаған: «Адамзаттың бүгінгі қиыншылықтарының түп-тамыры - адам табиғатының жетімсіздігінде». Ал бұл жетімсіздік адамның рухани азғындауынан туындап отыр. Шындығында да адамдар бүгінде тіпті де рухани мәселелерге назар аудармай, басқа құндылықтарды ұстанып кетті емес пе?! Біздің (жеке адамның және бүткіл қоғамның) басты мақсаттарымыз мен құндылықтарымыз экономикалық (тұтынушылық) тұрғыға ауысқан, ал бұл үрдіс рухани, моральдік, этикалық қағидаларды ұстанбауға әкелуде. Сол себепті де бүгінгі қоғамда адамдардың арасында жаттану мен өшпенділік мықтап орын алып, түсініспеушілік пен жалғыздық адамзаттың басты проблемасына айналған.
Бұған қоса, білімдік (ағартушылық) парадигма да бүгінде дағдарысқа ұшырап отыр: тек сандық мөлшерлерге бағытталған білім («неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы» деген қағиданы ұстанған), өмірлік жеке тәжірибемен қуатталмаған білім (адамның өзіндік «Мені» ескерілмейтін), рухани тұрғыдан негізделмеген білім (эгоистік «Мен ғана!», тұтынушылық «Маған ғана!» қағидаларын ұстанған) адамзатты бүгінгі күнгі рухани, әлеуметтік, экономикалық, саяси тығырықтан шығара алмайды.
3.2 Диалог – адамгершілікті иемденудің негізгі құралы
Қазіргі заманда білім адамды бұрынғыдай табиғатты өзіне бағындырып, дүниені игеру немесе өзгерту үшін қажетті ұғымдармен «қаруландырмай», керісінше оның болмыс пен жаратылыс заңдылықтарын біліп, дүниеге бейімделіп, «кірпіш» секілді «қалануына» әкелуі керек. Білім адамға ақыл беріп, әлемді көріп, түсінуге, оған өзінің жан дүниесін ашуға, сол арқылы ақиқатты ізденуге жетелеуі қажет.
Білім әр адамға өз әлемін айқындап, оның құндылықтары мен қағидаларын белгілеуге көмек беруі керек. Бұл арқылы адам өзінің ішкі жан дүниесін ашып, оны басқаруға үйренеді. Кешегі дәстүрлі оқыту жүйесі тұлғаның дамуын оның парасаттық (интеллектуалдық) деңгейімен түсіндірсе, бүгінде бұл мәселе тұлғаның өзіндік рефлексиясымен (яғни қоршаған, зерттеліп жатқан болмысқа деген адамның өзіндік көзқарасы, оның құндылықтарын, себептері мен салдарын, мағынасын түсінуі) байланыстырылады.
Ал бүкіл Әлемді және басқаны түсінуге, адам болуға, адамгершілік қасиеттерді бойыңа дарытуға тек диалог арқылы ғана жетуге болады. 1998 жылы өткен Әлемдік философиялық конгресте диалог - тұлғаның адамгершілік қасиеттерді иемденудің ең басты тәсілі деп аталғаны бекерден бекер жәйт емес болар.
Сонымен, білімнің басты мақсатын «Үйрету!» емей, «Адами қасиеттерді басқа адамды түсіну арқылы бойға сіңіру үшін қажетті жағдайлар жасау» немесе, басқаша айтқанда, «Диалог пен қарым-қатынасқа үйрету» деп қабылдап, «Диалог – оқу/оқыту процесінің басты құралы» деген қағиданы ұстану керек.
3.3 Диалог – адам өмірінің мәні мен мақсаты
Сайып келгенде, тiршiлiктiң негiзi осындай қарым-қатынас пен диалогқа орнығады: басқаның ойымен, пiкiрiмен, көзқарасымен санасу, бөтендi түсiне бiлу, өзiңдi оның орнына қоя бiлу – осы қасиеттердiң бәрi де әлеумет ахуалын белгiлейтiндiгi даусыз тұжырым. Өмiрде ең керектi бiлiм – қоғамда қарым-қатынас құра бiлу, басқа адамдармен тiл табысу. Мiне осылай ғана бiз әр адамға тән, табиғатымызда жаратылыстан қалыптасқан менмендiктен арыламыз. Философ Эрих Фромм келесi сөздерде осы ойды меңзеген сияқты: «Адамның өмiрдегi басты мақсаты – нарциссизмнен (яғни, менмендiктен) арылу» (Э.Фромм, 64).
Пәлсапашы Қанат Нұрланованың пайымдауы бойынша, қарым-қатынас идеясы қазақ ұлттық философиясының негiзiнде жатыр. «Өмiр мәнi – араласу, қатынасу, iштесу, қауышу, дидарласу, жүздесу, яғни, түсiнiсу»,- деп түсiнген ата-бабаларымыз осы әрекеттер арқылы басқа адамға, оның көзқарасы мен дүниетанымына, ойы мен пікіріне деген ыждаһат пен ықылас қалыптасатындығына көздерiн жеткiзген (К.Нурланова, 4).
Соңғы кезде жиi келтiрiлетiн Ысты Бөлтiрiк шешеннiң келесi сөздерiнде де осы терең мағыналы идея жатыр: «Қарт шешеннен:”Өмiрдiң мәнi не: бала ма, бақ па, дәулет пе?»- деп сұрағанда, ол былай деп жауап берген екен: «Бала деген артта қалған iз емес пе, бақ деген аспанда ұшқан құс емес пе, дәулет деген қолда ұстаған мұз емес пе? Бұл өмiрдiң мәнi – сiз бен бiз емес пе?!»
Сонымен, адамзат ғұламалары біздің тек қана қарым-қатынас арқылы, диалог құру арқылы ғана Әлемді тануымыз ықтимал, яғни таным мен білім - адамдардың өзара әрекетінің нәтижесі деп есептеген, тіпті қарым-қатынас, диалог - өміріміздің мәні деп түсінген. Олар ықылым заманнан бері бұл қағиданы адам өмірінің негізі ретінде санап келеді. Адамның жаратылысынан әлеуметтік мақұлық екендігін де ұмытпау керек: біз бір-бірімізсіз өмір сүре алмаймыз.
Экзистенциализм философиялық бағытының көрнекті өкілі Карл Ясперс адам өз өмірінің мәнсіздігінен, абсурдтығынан, өмірдегі жалғыздығынан, жаттанудан тек шынайы қарым-қатынас (коммуникация) арқылы ғана арылуына болады деп есептеген. Қарым-қатынас дегеніміз, К.Ясперс бойынша, жақын адамдармен бірін-бірі жақтыру, достық пен махаббат жағдайында қауышып, ешкімге де ұқсамайтын қайталанбас (уникалды, уникумды) ішкі жан дүниеңді жүзеге асыру (А.Перцев, 9).
Кезінде Кеңес Одағында есімі тек әдебиеттанушыларға ғана мәлім болып қойған, ал Батыста терең философ ретінде дәріптелген М.М.Бахтин атақты орыс жазушысы Ф.Достоевскийдің шығармашылығын талдай келе, былай деп жазған еді: «Адамның шынайы өмірін сөзбен құрастырудың жалғыз ғана адекваттық формасы болып ешқашан аяқталмайтын диалог танылады. Өмір өз табиғаты бойынша диалогтық құбылыс. Өмір сүру дегеніміз диалогқа қатысу: сұрау, тыңдау, жауап беру, келісу және т.с.с.» (М.Бахтин, 153).
Тағы да бір жерде М.М.Бахтин былай дейді: «Достоевскийде адам қаратпа субъектісі болып шығады. Ол туралы айтуға болмайды, - оған тек қаратып сөйлеуге болады. Сол себепті де Достоевскийдің көркем әлемінің нақ ортасынан диалог орын алған, және де диалог тәсіл ретінде емей, мақсат ретінде қолданылады. Бұл жерде диалог әрекеттің себепкері емес – ол әрекеттің өзі... Болу дегеніміз диалог арқылы қарым-қатынас құру» (М.Бахтин, 338). Диалог туралы ойын М.Бахтин әрі қарай былай деп пысықтайды: «Барлығы да құрал, ал диалог – мақсат. Бір дауыс ешнәрсені аяқтамайды және ешнәрсені шешпейді. Екі дауыс - өмір минимумы, болмыстың минимумы... Достоевский диалогының негізгі схемасы қарапайым: «мен»-нің «басқаға» қарама-қарсы тұруы тәрізді, адамның адамға қарама-қарсы тұруы» (М.Бахтин, 339).
Философияда сөйтіп диалог тек қана қарым-қатынас құралы болмай, сонымен бірге өмірлік мақсат ретінде танылып отыр. Бұл тұжырым өмірге деген көзқарасты түбегейлі өзгертуі мүмкін. Ол «Өмірдің мәні – қарым-қатынас пен диалог, өмірдің өзі де қарым-қатынас пен диалог» деген өмірлік қағиданың үстемдігіне бастайды. Ал бұл дегеніңіз әр адамда басқаға деген ынта мен ықыластың пайда болуына алып келеді, адам өз өмірінің мәнділігі мен толыққандылығын тек басқалармен байланыс пен қарым-қатынас арқылы ғана өлшейтін болады. Ол басқалар үшін өзінің ішкі әлемін айқара ашып, басқаларды тануға ұмтылады, сол арқылы «Мен ғана!» деген эгоцентристік көзқарастан арылып, өз жүрегінде адами қасиеттерді ұштай түседі, адамгершілікке негізделген құндылықтарға бағытталады.
3.4 Диалогтың ерекшеліктері
Диалог - екі жақтың сөз арқылы ауызша немесе жазбаша қарым-қатынасы. Мұнда екі жақтың құқықтары бірдей болғандықтан, диалогты демократиялық қоғамдағы қарым-қатынастың басты нысаны деп атауға тұрарлық. Ал демократиялық қоғамның әрбір мүшесі өмірде туындаған қандай да болмасын проблеманы терезесі тең тұлғалардың қарым-қатынасында талқылауға дайын болып, өзінің конструктивтік позициясын басқаларға білдіруге және жеткізуге ұмтылады. Бұл қарым-қатынас міндетті түрде конструктивтік ұстанымда болып, басқалардың тұлғасы мен пікірін түсіну және сыйлау тұрғысынан жасалады.
Диалог тек қарама-қарсы отырған адаммен ғана орын алмайды, диалогты әрбір адам өзімен де жасайды. Атақты структуралист Ю.Лотман қарым-қатынастың (коммуникацияның) схемасын екі түрде былайша көрсеткен: «Мен – Ол» және «Мен – Мен». Бірінші схема түсінікті, өйткені ол басқамен жасалған диалогты, қарым-қатынасты меңзейді. Мұнда «басқа» рөлінде бөтен адамдар, ақпарат, кітап, табиғат, бүкіл Әлем болуы ықтимал. Ал екінші схема өзіңмен-өзің жасаған диалогты айқындап тұр.
Біздің санамызда (басымызда, миымызда) өзіндік түсінік, пікір, ойлар формасында туындайтын білім де тура осындай екі жолмен игеріледі, сіңіріледі: алдымен басқамен қарым-қатынас арқылы, содан кейін өзіңмен диалог жасау, яғни рефлексия арқылы. Рефлексия қарастырылатын әрбір мәселе бойынша ой толғатып, жан-жақты зерттеп, өз түсінігіңді қалыптастыру, өзіңді тану мен түсіну, ішкі жан дүниеңе үңілу, өзіңмен сырласу, өзіңе есеп беру дегенді білдіреді. Осындай рефлексиялық жұмыс санада жаңа ұғымдар мен түсініктерді құрастырады, жаңа білім, міне, осы кезде қалыптасады, сол себепті де оқу/оқыту процесіндегі барлық іс-әрекеттердің негізін рефлексия құрауы керек.
Диалогтың негізінде қарым-қатынасқа деген қажеттілік жатыр. З.С.Смелкова бұл турасында былай дейді: «Ең бастысы – бірлескен жұмысқа ішкі қажеттілікті (мотивация) қалыптастыру, психологиялық жақтырушылықты қамтамасыздандыру, белсенді түрде іздену мен жаңа білімді игеруге бағытталу» (З.Смелкова, 55).
Диалогқа деген қажеттілік қашан және қалайша туындайды? Оның келесідей шарттарын келтіруге болады:
1. Танымдық ұстаным.
Егер студент «Жаңа түсінік (білім) бірлескен жұмыс нәтижесінде ғана қалыптасады» деген қағиданы ұстанса, онда ол әрқашан да өзінің идеялары мен туындаған сұрақтарын басқаларға жеткізіп, оларды талқылауға дайын болады.
2. Психологиялық алаңдамаушылық.
Диалогта студент өзінің құқықтарын ешкім аяққа баспай, ойлары мен идеяларының, пікірлері мен көзқарасының мұқият тыңдалып, олардың сенімсіздік пен күлкіден қорғалатындығын білсе, онда ол өзін қарым-қатынастың тең дәрежелі субъектісі ретінде қарастырады.
3. Қызығу.
Монологқа қарағанда диалогтың қызық екендігін түсініп, студент оның ұтымды жақтарына назар аударады:
- егер монолог оқытушының басымдылығына жетелесе, диалогтың басты кейіпкерлері ретінде студенттер танылады;
- егер монолог студенттерден тек тыңдау мен жазу (көшіру) сияқты қызықсыз (бәлсенді, пассив) әрекеттерді талап етсе, диалог көптеген интербелсенді тәсілдерді қолдануды меңзейді;
- егер монологта тек оқытушының ғана пікірлері жарияланатын болса, диалогта сабаққа қатысып отырғандардың бәрінің де пікірі ортаға салынып, талқыланады;
- егер монологта жұмыс нәтижесі көзге көрінбей, кейінге (келесі сабаққа) шегерілсе, диалогта өз қолыңмен жасаған жұмыстың нәтижесі мен нәтижелігін әр сабақта көруге болады.
Шындығында да монолог екінші жақты ескермейді, оның пікіріне құлақ аспайды, оған өз ойын жеткізу мүмкіндігін бермейді. Монологты оқытудың негізгі әдісіне айналдырған ұстаз шәкіртіне тіпті ойлануға мұрсат та бермейді: мәселен, мұндай ұстаздар сұрақ қойғаннан кейін жауапты орта есеппен тек үш секунд қана күтеді екен. Бұл уақытта шәкірт тарапынан жауап естімесе, ұстаздың назары басқа оқушыға ауады немесе жауапты өзі береді екен. Ал егерде шәкіртке сұрақ қойып, оған ойлану үшін, өз ойын басқалармен талқылап, ұштай түсу үшін бірнеше минут уақыт берілсе қайтеді? Диалог - екі жақтың да үні мен даусы емес пе?
Сол себепті де монологтық үрдістен арылу үшін бірінші кезекте оқытушы өз сөзінде үзіліс (пауза) жасап отыруы керек: «Диалогқа қатысушылардың сөйлеу ретін тактарге (такт – музыкада ырғақтың қысқа кезеңдері – А.Ә.) бөлуге болады: бір такт – сөйлеу, екіншісі – үндемеу. Бұл тактар бір-бірін тұрақты түрде алмастырып тұратындықтан, диалогты ырғақты процесс деп атауға болады» (О.Гойхман, Т.Надеина, 131), яғни ұстаздың сөзі үзікті болып, екінші жақтың да сөзге араласуын талап етуі қажет. Сонда мұғалім сөйлеушіден тыңдаушыға айналады және де сөйлеу мәнерінің мұндай жаңаша күйі шәкіртке өз ойын құрастыру, қалыптастыру, жеткізу мүмкіндігін береді, оны диалогқа шақырады.
Бүгінде диалогтың екі түрі айқындалады: ақпараттық және түсіндірмелік (интерпретациялық). Ақпараттық диалогтағы қарым-қатынасқа қатысушылардың арасында білім деңгейлері тұрғысынан алшақтық болады, ал интерпретациялық диалогта қатысушылардың білімдері біркелкі болып, тек түсініктері ғана әртүрлі болады (О.Гойхман, Т.Надеина, 131).
Әдетте оқу/оқыту процесінде ақпараттық диалог жиі кездеседі, өйткені көп жағдайда оқытушы сабақты өзінің мол тәжірибесін студенттерге беру процесі деп түсінеді. Оқытушы мен студенттердің білімдері біркелкі болмағандықтан, аудиторияда диалогтың монологқа айналып кету қаупі бар: студенттің мұндай теңсіздік жағдайында диалогтың тең құқылы қатысушысы болып кетуі екіталай, ол мұндай қарым-қатынаста өзін төмен санап, одан бас тартуы да ықтимал.
Мұндай жағдай орын алмау үшін З.С.Смелкова келесідей ұсыныс жасайды: «...Диалог – қарым-қатынас субъектілерінің тоғысуы, олардың әрқайсысы да өзінің серігіне, тыңдаушысынан, түсінушіге қаратып сөйлейді. Оқытудың нәтижелігі олардың қаншалықты тең құқықты екендігіне, мұғалімнің қарым-қатынаста өзінің басымдылығын білдіртпей, қаншалықты бірлескен ой-толғанысты, бірлескен шығармашылықты ұйымдастыра білуіне, ал оның серігі оқушы рөлінен тең құқылы автор рөліне ауыса алатындығына байланысты» (З.Смелкова, 49).
Оқытушы тарапынан осындай тең құқылы жағдай жасалғанда ғана диалог тиімді әрі нәтижелі болып, қатысушылардың танымдық мүдделеріне сәйкес келеді. Сол себепті де оқытушының әр сабақтағы басты міндеті - аудиториядағы қандай да болмасын қарым-қатынасты интерпретациялық диалог деңгейіне көтеру. Бұл үшін ұстаз қарым-қатынаста студенттің білетін мәліметі мен әлі де білмейтін ақпарат (алайда оқытушыға таныс) арасындағы қарама-қайшылық пен айырмашылықты оның жеке тәжірибесіне сүйене отырып теңдестіруі қажет. Студент жаңа мәлімет бойынша өзінің жеке тәжірибесіне жүгінетін болса, диалогтағы екі жақ та тең құқылы болып, өзара қарым-қатынаста ақпаратты қайталамай (репродукция), оны өзіндік тұрғыдан түсіндіруге ұмтылады (интерпретация). Интерпретациялы диалогта тек қана ақпарат емес, сонымен бірге жаңа ұғымдар, түсініктер, құндылықтар қалыптасады. Осылайша оқу/оқытудың нәтижелігі арта түседі.
Оқу/оқыту процесінде диалогты интербелсенді әдістерді қолдану арқылы жүзеге асыруға болады, өйткені мұндай әдістер қарым-қатынас процесінің қатысушыларын ынталандырып, оларда ішкі мотивацияның пайда болуына әкеліп, өзара әрекеттесуіне, бір-біріне ықпал жасауына бастайды. Білім осындай коммуникативтік араласуда пайда болады, ал үйренушінің тұлға ретінде өсуі мен дамуы өзара ықпалдасуда арта түседі.
Кесте №10
Тұлға аралық қарым-қатынас мақсаттарын
айқындайтын етістіктер
Сөйлесу
|
Сөйлесуді бастау, сұрақ қою, жауап беру, пікір келтіру, ойды білдіру, тыңдау, келіспеу,
|
Әрекеттесу
|
Ынтымақтасу, қосылу, шақыру, қатысу, ұсыну, бірлесу, кеңесу, ортаға салу
|
Әдеп
|
Ғафу өтіну, кешірім сұрау, кешіру, ризашылық білдіру (рахмет айту), сыйласымдық білдіру
|
Қолдау
|
Көмектесу, жәрдем беру, күлімсіреу (езу тарту), мақтау, қолпаштау, қол шапалақтау
|
Интербелсенді оқу/оқыту әрбір үйренушінің талабы мен талпынысын, күш-жігері мен қайрат-энергиясын бірлесе білім алу процесін ұйымдастыру арқылы бірнеше есе ұлғайту мүмкіншілігін береді. Тұлға аралық танымдық қарым-қатынас пен студенттің оқу әрекеттерін біріктіру тамаша жетістіктерге жеткізетіндігі – дау туғызбайтын мәселе, оны тіпті аксиома деуге де тұрарлық. «Оқытушы – студент», «оқытушы – студенттер тобы», «студент – студент», «студент – студенттер тобы», «студенттер тобы - студенттер тобы» секілді өзара қарым-қатынас жүйесінде әрбір үйренушінің білімі мен түсінігі кең контекст аясында табылып, үнемі даму және тереңдеу бағытында болады.
3.5 Диалог арқылы оқыту және ұстаздардың ынтасы
Сонымен, таным процесін қарым-қатынасқа айналдырған абзал: сабақты тұлға аралық коммуникацияға негіздеп, студенттермен еркін әрі тең құқылы диалог жасаған жөн, өйткені диалогтың үйренуде қомақты нәтижелерге қол жеткізетіндігі бұрыннан аян. Мәселен, В.Капицаның деректері бойынша, ғылыми-зерттеу институты қызметкерлерінің келтірген жаңа идеялардың 55%-і шығармашылық қарым-қатынас нәтижесінде туындаса, ғылыми әдебиетті оқу арқылы олардың тек 11%-і ғана пайда болған (В.Капица, 80).
Оқу процесінде бір жақты монологтан бас тартып, тең терезелі диалогты құрастыруға ұстаздар құлықты ма? Мұндай өзгерістердің олар үшін оңайға соқпайтындығы белгілі нәрсе, өйткені талай жылдар дәстүрлі білім беру ауқымында алдымен өздері тәлім-тәрбие алып, содан кейін еңбек жасаған ұстаздарға қысқа уақытта бұрынғы әдеттерден арылу, үйреншікті әдіс-тәсілдерден бас тарту – қиын шаруа.
Бұл мәселе тұрғысында Интернет материалдары бойынша бірнеше статистикалық мәліметтерді келтірейік.
Ресей деректеріне сүйенсек, жоғары оқу орындарында оқытушылардың 86%-і сабақта айтылатын әңгімені монологқа айналдыруға бейім болып, бұған қоса олардың 72%-і студенттердің пікірін аяғына дейін тыңдамай, өздері қорытынды тұжырым жасауға ұмтылады екен. Осындай әдіс ұстанған оқытушылардың 84% өз тәсілдерін дұрыс деп есептейді, яғни оларда еш күмән болмай, бұл ұстаздар рефлексивтік ой-толғанысқа тіпті де ден қоймайды. «Оқытушының сөзі мен әрекеті әрқашан да дұрыс» деген мұндай ұстанымның таным процесінде диалогтық қатынасты қалыптастыруға кедергі туғызатындығы сөзсіз.
Сауалнама нәтижелері оқытушылардың біраз бөлігі тұлға аралық қатынастардың әдістері мен тәсілдеріне аса көңіл бөлмейтіндігін де көрсетеді. Тіпті олардың 5-тен 22%-ке дейіні келесідей біліктерді меңгермеген болып шыққан:
конфликтік жағдайда дұрыс шешім таба білу,
студенттермен тең құқылы түрде қарым-қатынас жасай білу,
өз талаптарын бұйрық түрінде емей, сұрау (өтініш) немесе кеңес формасында ұсыну.
Оқытушылар мұнымен қатар студенттерді оқу процесінің тең құқылы мүшесі ретінде қарастырмайды. Мәселен, олардың тек 29% ғана студенттерді сабақтың мақсаттарын құрастыруға қатыстырса, оның есесіне оқытушылардың 68% студенттердің жеке басының мүмкіншіліктері мен мүдделерін ескермейді деп келтіреді ресейлік деректер.
Ал студенттердің қарым-қатынасқа деген ынтасы қандай? Тағы да ресейлік деректерге жүгінетін болсақ, студенттердің 80,2% оқытушыларды жағымды тұрғыдан қабылдап, өздерін ұстаздарға тілеулес ретінде есептейді, яғни олар диалогтық қарым-қатынасқа дайын. Бірақ студенттердің 66,9% өзара сыйласымдыққа негізделген қарым-қатынасқа деген ынта мен қызығушылықты оқытушы тарапынан кезіктірмейді екен. Бұл жәйт студенттердің диалогтық қарым-қатынасқа дайын болғандығын, ал оқытушылардың ондай араласуға әлі де әзір еместігін анық көрсетеді.
Мұндай жағдай жоғары білімнің басты проблемаларының бірі болып, әлемнің басқа да жерлерінде мықтап орын алған. Мәселен, бұл үрдісті 1996 жылы Уильям Беккер және Майкл Уоттс (W.Becker, M.Watts) АҚШ-тың жоғары оқу орындарында экономика пәндері бойынша сабақ беретін оқытушылар арасында жүргізген сауалнама нәтижелерінен көруге болады (Т.Суспицина. Статус и состояние экономики как учебного предмета в вузах США. – www.ecsocman.edu.ru).
У.Беккер мен М.Уоттс АҚШ оқытушыларына сауалнамада оқытудың әдістемесі бойынша келесідей мәселелерді қарастыруға ұсынған:
1. Жаңа материалды ұсыну әдісі (стилі).
2. Тапсырмалар мен аудиториядағы жұмыс түрлері.
3. Басылған мәтіндерді қолданатын тапсырмалар.
4. Ақпаратты мәліметтер базасынан (әр оқу орнының ақпарат қорынан) ізденуге бағыттайтын тапсырмалар.
5. Ақпаратты басылып шыққан материалдарда (кітап, журнал дар, зерттеулер, т.б.) ізденуге бағыттайтын тапсырмалар.
Бұл сауалнама АҚШ бойынша 3059 экономика оқытушыларына жіберілсе де, оған ұстаздардың тек 625 ғана жауап қайтарған (20,5%). Сауалнама қорытындысы бойынша У.Бекер мен М.Уоттс экономика пәндері оқытушысының орташа портретін келесідей құрастырған: ол – философия докторы атағы бар ақ нәсілді ер адам (сұралғандардың тек 17% ғана әйел, ал 11% нәсілдік және этникалық азшылықтардың өкілдері болып шыққан), оның негізгі оқыту тәсілі дәріс (лекция) болып табылады, сабақ кезінде ол формулалар мен графиктерді келтіру үшін тақта мен борды пайдаланады, ал үй тапсырмасы ретінде кеңінен тараған оқулықтан мәліметтерді оқып келуді талап етеді екен.
У.Бекер мен М.Уоттс 2001 жылы осы сауалнаманы қайта жүргізгенде де дәстүрлі (монологқа негізделген) лекцияның оқытушылардың ең сүйікті әрі кеңінен қолданатын әдісі болып қала бергенін анықтаған.
Байқап отырғанымыздай, дүние жүзіндегі алдыңғы қатардағы жоғары оқу жүйесі деп саналатын АҚШ университеттерінде де монолог оқудың/оқытудың басты әдісі ретінде қолданып, тиімді қарым-қатынас пен ізденіске, зерттеуге негізделген интербеленді тәсілдер әлі де оқу процесінде кең қолданысқа ие болмаған.
Алайда бүгінгі күннің талаптары диалогты оқу/оқытудың басты әдісі мен құралына айналдыруды қажеттеп отыр. Бұл мәселе жоғары мектептің оқу процесінде интербелсенді әдістемені жан-жақты қолдану ісін мықтап қолға алуды міндеттейді.
ІІІ. ИНТЕРБЕЛСЕНДІ ОҚУ/ОҚЫТУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ШАРТТАРЫ
1. Интербелсенді оқудың шарттары
Интербелсенді оқу дәстүрлі оқытудың негізгі идеялары мен ұстанымдары болып келген авторитарлық пен үстемдікті, үйретушінің мызғымас беделін, монологты, сырттан (үйретуші тарапынан) күштеуді демократиялық коммуникациямен алмастырады.
Іскерлік пен ынтымақтастыққа, үйренушілердің мүдделері мен қызығушылығын ескеріп, өзара силасымдылық пен тәуелділікке, бірлескен іс-әрекеттерге негізделген мұндай қарым-қатынас үйренушілерге саналы және ерікті түрде білім ауқымын айқындап, оқу/үйренудің нысандары мен әдістерін өздігімен таңдау мүмкіншілігін беру арқылы олардың өз біліміне деген жауапкершілігін нығайтады. Сол себепті интербелсенді оқуда/оқытуда келесі шарттарды қадағалау міндетті деп тану керек:
- жағымды психологиялық орта орнату,
- үйренушілерде білім игеруге деген қызығушылықты (мотивация, ынта, ұмтылыс) тудыру,
- білім игеруде үйренушілерді сәттілікке бағыттау,
- білім игеру процесін коммуникативтік процесс деп түсініп, бірлескен әрекеттерді қолдану.
1.1 Жағымды психологиялық орта орнату
Бүгінде білім игеру процесінде ортаның маңызы дау тудырмайтын аксиома іспеттес. Американдық философ Джон Дьюи білімді тәжірибе деп түсініп, оны құрастыруда ортаның алатын орнын ерекше атап кеткен: «Тәжірибе индивид пен оны қоршаған ортаның әрекеттесу процесінде пайда болады». Ал қоршаған ортаны Дж.Дьюи «жеке бастың қажеттіліктері, қалаулары, мақсаттары және қабілеттерімен әрекеттесу арқылы тәжірибенің іске асырылуын қамтамасыз ететін қандай да болмасын ситуация» деп атайды (Дж.Дьюи, 343).
Интербелсенді оқуда/оқытуда үйренушілер қомақты нәтижелерге өзара қарым-қатынас пен әрекеттесу, бірлескен әрекеттер арқылы жететіндігін біледі, сол себепті де олар үйренудің нәтижесіне деген өз жауапкершіліктерін түсінеді. Сондықтан мұндай сабақтарда жағымды психологиялық климаттың, сенім атмосферасының алатын орны аса маңызды. Интербелсенді оқуда/оқытуда оқытушы бұрынғыдай барлық күш-жігерін үйретуге жұмсамай, студенттердің бірлесе отырып, өздігімен білім алуына тиімді жағдайлар жасайды.
Мұндай ұстанымның дәлелін келесі сөздерден көруге болады. Ғұлама ғалым Альберт Эйнштейн кезінде «Мен өз шәкірттерімді ешқашанда үйретпеймін; мен тек олардың үйренуіне тиімді жағдайлар жасауға тырысамын» деп айтса, суда жүзу бойынша он бір Олимпиада чемпионын дайындаған атақты австралиялық жаттықтырушы Фред Корлайль «Мен чемпиондарды даярлап шығармаймын, мен тек жеңімпаздар қалыптасатын орта дайындаймын» деген екен.
С.Мирсейітова егер «сыныптағы ортада оқушылар арасында еркін қарым-қатынас, өзара әрекеттесу мен ынтымақтастық қуатталып, оқушыларға өзіндік идеяларды ұсыну мүмкіншілігі берілсе, онда олар ешнәрседен қаймықпай, берілген тапсырмаларды ынтамен орындайды» деген ұйғарым жасап, әрі қарай былай деп жазады: «Мұндай сыныпта мұғалім қуаттаушы (фасилитатор) болып, таным процесін бағыттайды, олар өздерін үйренуші деп таниды, әр оқушының жеке тәжірибесі, әлеуметтік қарым-қатынас пен ізденуге негізделген орта құрады» (С.Мирсеитова, 2008, 24-25). Мұндай орта «таным, ізденіс және еркін пікір алмасуға жағдай жасайды», мұндай орта – «әрбір үйренушіге өз білімі мен сыныптағы барлық оқушылардың біліміне жауапкершілікті жүктейтін, тіл және басқа да коммуникативтік құралдар бірлесе проблема шешу мен жаңа идеяларды зерттеу социумы» (С.Мирсеитова, 2008, 81). Мұндай орта педагогтардың негізгі ұмтылысына айналады: «Білім берудің басты мақсаты - ешкімге ұқсамайтын дербестігі, рухани әлемі, шығармашылық потенциалы бар адамның қалыптасуы мен дамуы үшін орта құру» (С.Мирсеитова, 2008, 5).
Бұл секілді ортада бірінші кезекте жағымды психологиялық климат құрылады, яғни студенттік топ (аудитория, сынып) ішінде тұлғаның жан-жақты дамуы, бірлескен өнімді әрі тиімді жұмыс жасауына қолайлы тұлға аралық қатынастар мен жағдайлар жасалады.
Жағымды психологиялық климат топ (аудитория, сынып) құрамына кіретін үйренушілердің еркіндігін меңзейді. Бұл еркіндік өзара сыйласымдық, жолдастық, бір-біріне бейімделу және бөтен пікір мен көзқарастарды жағымды тұрғыдан қабылдау мен оларды түсінуге деген ұмтылыстан, оларға төзе білуден тұрады.
Үйренушілер тек осындай жағдайда ғана оқу/үйрену процесі тиімді сипат алатындығын түсінуі керек. Жағымды психологиялық климат құру - әр сабақтың және жалпылама алғанда бүкіл білім игеру процесінің басты мақсаты. Үйренушілер әр сабақта жағымды атмосфераны орнатуға ұмтылу - жақсылық пен ізгілік нышаны деп түсінгені абзал.
Жағымды психологиялық климат құру үйретуші мен әрбір үйренушіден келесі ережелерді сақтауды талап етеді:
1. Үйрену процесіне қатынасушылардың әрқайсымен өзара сыйластыққа негізделген жеке қарым-қатынас орнатуға мүдделі болу.
Сыйластық қарым-қатынасты оқу процесінің ғана емес, сонымен бірге бүкіл өміріміздің мәні мен мағынасы деген философиялық түйін ұстанып, осындай жүздесуді сабақтың негізіне айналдыру керек.
2. Қарым-қатынаста қысымнан бас тартып, «жұмсақ» әдістерді қолдану.
Сабақ беруде халқымыздың «Жақсыдан жылы шығады», «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жылы-жылы сөйлесе – жылан інінен шығады, суық-суық сөйлесе – мұсылман діннен таяды» деген аталы сөздерін ұмытпаған абзал. Сондықтан да қысымға негізделген әрекеттерді педагогикалық қызметтен аластату керек, өйткені олардың игі нәтижеге апаруы неғайбыл нәрсе.
Физиканың «Қандай да болмасын қысым қарсылыққа тура пропорционалды» деген заңын мектептен білеміз. Міне осы қағиданы француз философы әрі жазушысы Альбер Камю қоғамдық қатынастарға да қолданған. Неғұрлым қатты қысым жасасақ, соғұрлым қарсылық та күшейе түспек. Сондықтан да білім беру ісінде мейлінше жұмсақ болу шарт.
Көне қытай данышпаны Лао-цзы былай деген екен: «Шөп өсіп тұрғанда жұмсақ болады да, өлгеннен кейін қатып қалады, адам денесі де тірі кезінде жұмсақ та, өлгеннен кейін қатты болады. Демек, өмір дегеніміз - жұмсақтық, ал өлім - қаттылық. Ең жұмсақ нәрсе – су, ол қандай да болмасын кейіп (форма) қабылдап, кез келген қалыпқа енеді. Сонымен бірге ең қуатты да су: тасығанда оның тегеурініне шыдайтын бір де бір тосқауыл жоқ та болар. Демек, жұмсақтық – күш.. Демек, су сияқты жұмсақ болып, әр адамның бабын таба білу керек».
3. Әрбір үйренуші мен бүкіл топ жұмысына көмек пен жәрдем жасау, қол ұшын беруге дайындық.
Оқу процесінде қатысушылардың барлығы да өздерінің ортақ іспен айналысып, маңызы бар проблеманы шешіп жатқандығын есте ұстауы қажет: «Илеп жүргеніміз – бір пұшпақтың терісі». Сол себепті де әркімге қол ұшын беру - бірлескен жұмыстың нәтижелігін арттырады деп тұжырымдаған дұрыс. Ал ұстаздың оқу процесі барысында әрбір үйренуші мен топтың жұмысын, оның нәтижелерін қуаттап, қолдап, қолпаштап, олардың нәтижелеріне шын көңілден қуанып отыруы қажет.
4. Әрбір пікірді тыңдай білу, оны сыйлау және онымен санасу.
Әр мәселе бойынша әрбір адамның өзіндік пікір қалыптастыратындығы хақ: «Қанша адам бар болса, пікірлер де соншама» деп бекер айтылмаған болар. Сайып келгенде, білім дегеніміз әр адамның өзіндік түсінігі, пікірі, ұстанымы, тұжырымдамасы, көзқарасы, уәжі, ойлары, дәлелдері. Сондықтан да білім алу процесінде үйренушілердің өзіндік көзқарас қалыптастыруға ұмтылуын ынталандырып, ондай әрекеттерін қуаттаған жөн.
5. Жағымды (позитивтік) және конструктивистік көзқарас ұстану, ешкімді де, ешнәрсені де (өзгенің пікірі мен көзқарасы) сөкпеу, даттамау.
Жұмыс барысы мен нәтижесінде туындайтын сәтсіздіктердің алдын алу, оларды болдырмауға ұмтылу; ал сәтсіздік болған жағдайда кімнің кінәлі екендігін іздемей, оның себептерін талдап, болашақта оны қайталамаудың жолдарын қарастыру.
Жұмысқа әртүрлі тәсілдер мен құралдарды қолдану арқылы үнемі жаңалықтар енгізіп отыру.
Бұл жәйт үйренушілердің назарын білім игерудің қиыншылықтарынан оның қызықты жақтарына аударады, оларды ынталандырады, еркіндік береді.
Шығармашылыққа негізделу, шығармашылық тұрғыдан қатысушылардың ашылуына мүмкіндік беру.
Шығармашылық дегеніміз жаңалық ашу. Әр сабақта студенттерді біреудің айтқанын қайталамай (репродуктивтік әрекеттер), жаңалық жасауға, ашуға ынталандырып отырған абзал.
Жағымды психологиялық климат құруда сабақ басында (қажет болған жағдайда сабақ ортасында) үйренушілердің көңілін көтеру үшін және олардың назарын сабаққа аудару мен жұмысқа ынталандыру мақсатында ойсергектер (немесе кейде ойашар деп те аталады) қолданған тиімді. Ойсергектер үйренушілерді еркін сезіндіріп, оларды секемдік пен сенімсіздіктен арылтудың тиімді амалдары болып табылады (ойсергектердің мысалдары төменде беріледі).
1.2 Мотивация тудыру немесе қызығушылықты ояту
Үйренушінің оқуға/үйренуге деген ықылас-ынтасы, ниеті мен зауқы болмаса, оқу нәтижесінің мардымды болуы екіталай. Француз жазушысы Анатоль Франс кезінде «Тамақ тек зор тәбетпен ішкенде ғана сіңеді» деген екен. Оқу мотивациясы дегеніміз дәп осы сияқты білімге, білуге деген «тәбет».
Мотивация - әр үйренушінің білімге деген қажеттілігі мен мұқтаждығы, құлшынысы мен ұмтылысы, ынтасы мен көңілі, қызығушылығы мен құмартушылығы, оның білім процесінде алдына қойған мақсаттары мен мүдделері.
Мұнда басты мәселе әр үйренушінің жеке «Мен»-імен байланысты, яғни мотивация үйренушінің білімге деген қатынасымен тікелей байланысты болып, оқу процесінде шәкірттің үйрену әрекеттерімен айқындалады.
Мотивацияның түрлері:
1. Танымдық мүдделер
1) Кең ауқымды мотивтер
- білім алу;
- кәсіп алу, маман болу.
2) Оқу-танымдық мотивтер
- білім игеру тәсілдерін меңгеру,
- белгілі бір тақырыпты (ақпарат, мәлімет, ұғым, пән, білік, дағды, машық, құзырет) игеру.
Достарыңызбен бөлісу: |