С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Ашимбетова Р.Д.
Журналистің тіл мәдениеті
Оқу құралы
050504 «Журналистика» мамандығының студенттеріне арналған
Павлодар
2010
УДК 070:81'271.2(075.8)
ББК 76.01я73
Ж78
Пікір жазған:
филология ғылымдарының докторы, профессор Б. Сағындықұлы;
С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің доценті Ж.Бижан
Ашимбетова Роза Дүйсенқызы
Журналистің тіл мәдениеті. – Павлодар: ПМУ, 2010, 96 бет
Оқулық қазақ тіл мәдениетінің саласында даярланған, теориялық бәлімінде қазақ әдеби тілінің қасиеттіріне сипаттамасы берілген. Автор оқу барысында атақты ғалым М.Балақаевтің «Қазақ тіл мәдениеті» деген кітапқа негізделініп, осы оқу-әдістемелі құралдың тәжірибелік тапсырмалар мен жаттығуларды қазіргі газет мәтіндер бойынша жинастырып даярлаған.
Еңбек жоғары оқу орындарының тарих, филология және журналистика факультеттерінің оқытушылары мен және студенттеріне арналып жазылған.
УДК 070:81'271.2(075.8)
ББК 76.01я73
Ж78
©Ашимбетова Р.Д., 2010
©С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010
Материалдың дұрыс болуына, грамматикалық және орфограыиялық қателерге авторлар мен құрастырушылар жауапты
Мазмұны
1 бөлім
«Тіл мәдениеті» курсының зерттеу объектісі,
мақсаты және міндеттері 4
Ауызша сөйлеу мәдениеті мен дыбыс тілінің
тікелей байланыстылығы 7
Сөз қолдану мәдениеті мен жазу мәдениетінің байланысы,
оған қойылатын талаптар 11
Тіл тазалығы 16
Сөз жатықтығы (әдеби тіл нормалары) 21
Сөз дәлдігі 29
Сөз байлығы 34
Сөз әсерлігі 42
Ұлттық мәдениет және баспасөз 45
2 бөлім
Мәтін мәдениет мұрасы ретінде 52
Қазақ тілі ұлттық мұра 54
Шешендік өнердің өрісі 56
Ауызекі сөйлеу тілінің қазақ тілі тарихындағы орны 57
Сөйлесе білу мен әңгімелесуге үйренудің жолдары 58
Қазақ тілінің орфоэпиясы. Ауызекі сөйлеу стилінің
фонетикалық және интонациялық ерекшелікері 61
Адамды иландыруға көмектесетін 14 ереже 67
Ережелерді қолдану мысалдары (біздің өміріміздегі жағдайлар) 73
Ымдау және қимыл, қарым-қатынастың вербальды емес құралы 77
Дене тұрысы және қимыл тілі 80
Мақтау өнері 83
Тәжірибелік тапсырмалар 85
Пайдаланғат әдебиеттер тізімі 97
1бөлім
«Тіл мәдениеті» курсының
теориялық негіздемелері және сипаттамасы
«Тіл мәдениеті» курсының зерттеу объектісі, мақсаты және міндеттері
... Ана тілі - жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп сақтап отыратын қазына. Сондықтан да біздің ана тіліміз халық болып қалыптасқаннан бері жасап келе жатқан жан дүниеміздің айнасы, өсіп өніп, түрлене беретін мәңгі құрымайтын бәйтерек болып қалмақ...»
Ж.Аймауытов
Шынында да, тіл - адам қоғамының туындыларының ішіндегі асылдардың асылы, қымбаттың қымбаты, адамды адам еткен ұлы күштердің бірі. Ол қоғам тарихының барлық дәуірінде де оның күресі мен дамуының құралы, рухани өмірінің, бүкіл мәдениетінің тұтқасы болып келеді. Қоғамдық ой-сана, дүниетаным тіл арқылы ғана қалыптасып, жарыққа шығады, басқаларға беріледі.
Тіл - адам баласын қазіргі прогреске жеткізген ұлы да бірегей туынды. Осы себептерден де сөйлеу мәдениетіне жетілу, тілді дұрыс та, тиімді және шебер де тартымды пайдалана білу талабы көне замандардың өзінде-ақ басталған.
Адамдар өздерінің өмірлік серігі, бүкіл тіршіліктің құралы, рухани өмірінің айнасы - тіліне, оның тағдырына бейтарап қарамаған, оны қызғыштай қорып мәпелеген. Қоғамның мәдени дәрежесін көтеру бағытындағы әрбір қадам, алдымен, тіл мәдениетін, жазу, сөйлеу шеберлігін дұрыс жолға қою, оны үздіксіз жетілдіре беру талабынан басталып отырған.
Байырғы замандардан пайда болған алғашқы грамматикалық топшылауларды «өнертабысы», «грамматикалық өнер» деп атау, грамматиканы сөйлеу, жазу өнерін үйрететін ілім деп анықтау, тілді шебер қолдануға, шешендікке үйрететін «риторика», «стилистика» деп аталатын ғылымдардың пайда болуы айтылғандарды дәлелдесе керек.
Тіл тазалығына, сөйлеу шеберлігіне қазақ халқы ерекше мән берген. Ғылым-білім дегендерден алыс жүрген замандардың өзінде де тіл өнерін - өнердің өнері, «Өнер алды - қызыл тіл» деп бағалаған. Асылы, жақсы сөзді жанына азық ете білген, атқан оққа тоқталмаса да жүйелі сөзге бас иген, орнын тапқан екі ауыз сөзді ер құнымен теңестірген бір халық болса, ол қазақ халқы болар. Тіл ұстартқан халқымыз тіл өнерін мәпелеп отырып, сол қадірлісінің қадірін түсіретін, оған жауапсыз қарайтын, сөз мәнісін білмейтін көз жұмбайлыққа да жирене қарап, солардың атына да ащы, өткір сын айтқан. Мәселен: Байлауы жоқ шешеннен, үндемеген есті артық; аузына келгенді сөйлеу - ақымақтың ісі, алдына келгенін жеу - айуанның ісі, өсекшінің тілі қышып тұрады; іріген ауыздан - шіріген сөз шығады; Жақсы сөйлесе - аузынан гүл төгіледі, Жаман сөйлесе аузынан жын төгіледі - деген мақалдар осындайларға айтылса керек. Сондықтан да «бауыздамай қан шығаратын», «мірдің оғындай өткір» ащы мысқылдарды тіл бұзушыларға, сөз жүйесін білмейтін бәтуәсіз адамдарға айта білген.
Халқымыздың бағзы заманнан келе жатқан осындай жақсы дәстүрі бұл күндері қайтадан жалғасын тауып (егеменді ел болғаннан кейін), ғылыми негізде дамытылып келеді.
Жаңадан «тіл мәдениеті», «сөйлеу мәдениеті» деген күрделі ұғым-түсініктер пайда болды, кейін оның арнасы кеңейіп, өзіндік бір мақсаты бар жеке ғылымға айналды. «Сөз мәдениеті» дегеніміз мағыналық өрісі кең дүние. Тіл жеке сөздерден тұрса да, оның әрбір сөзінде тура, ауыспалы, қосымша мағынасы болады (омоним, синоним, метафора). Мысалы: Ақындар «сөз» деп, поэзияны ұғынса, ұлы Абай «... сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп, «сөз» деген ұғымды жаңа сападағы поэзияға байланысты қолданады. «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» деп, жүректен шығатын әрбір ойды бейнелі де көркем, қысқа да нұсқа бір негізі - поэзияда екендігін нақты мысалдармен айқындап береді. «Сөз» деп - жеке адамның ой-пікірін де, сонымен қатар идеясын да айтады.
Мысалы: «Ол артында сөз қалдырды» (соңында өшпес мұра қалдырды), «сөзі өтімді» дегенде - «айтқан пікір қонымды, нақты, иненің көзінен де өте алады» дегенді, «Ол маған сөз айтты» дегенде - «мені жақсы көретіндігін, сүйетіндігін білдірді» деп айтылғанын түсінеміз.
Сөзге байланысты мынадай да тіркестер бар: «отты сөз», «жылы сөз», «жүйелі сөз», «орынсыз сөз», «жаман сөз», т.б. Бұлардың қайсысы болсын, сөйлеуші адамның ішкі жан дүниесін қандай мақсатпен қозғалысқа түсетіндігінен хабар береді десек, артық айтқандық емес.
Қысқасы, санай берсек, сөздің беретін ұғымы өте кең. Сондықтан «сөз мәдениеті» дегенді - «сөйлеу мәдениеті», «тіл мәдениеті» деп те айта береміз. Сөз - тілдің қолданыстағы көрінісі болса, «тіл мәдениеті» тілдің жеке элементтерін, тұлға-тәсілдерін, оның тәжірибе елегінен өтіп қалыптасқан, қоғам тарапынан қабылданған заңдылықтарына сәйкес дұрыс пайдалану туралы білім саласы. «Сөз мәдениеті» - тілдің фонетиканың нормаларын бұлжытпай сақтау ғана емес, айтайын деген ойымызды тыңдаушыға жүрекке жылы тиетін, «айналасы теп-тегіс жұмыр келген», әсерлі ұғымды дәл жеткізу жайын қамтиды.
Халқымыздың қазіргі мәдени-рухани жағдайын, ана тілімізді, салт-дәстүрімізді байытуға байланысты баспасөз бетінде неше түрлі мәселелер көтеріліп жатады. Сондай мәселелердің бірі - халқымыздың мәдени өмірінің тұтқасы болып келе жатқан мол мұрасы, ел байлығы - тілін байытқан үстіне байыта, толықтыра, көркейте түсу. Ішкі мүмкіншіліктерімізді аша білгенде ғана мәдениетіміздің өркен жаяры сөзсіз. Сонда «тіл мәдениеті» туралы ішкі ойымызды тағы да жинақтауға болады. «Тіл мәдениеті» дегеніміз - сөздерді дұрыс қолданудың емле мен белгілері ережелерін сақтап, сауатты жазу, оның ғасырлар бойы сұрыпталып келген, сөз зергерлері оюлап берген көркемдігі мен әсем өрнегін орнымен қолдану сияқты амал-әрекеттерді қамтиды. Тіл мәдениеті - тілдік нормаларының, тіл тәсілдерінің жетіп, ширап даму дәрежесі. Тіл мәдениеті негізінен сөзді орынды қолдану деген ұғымды білдіреді. Сөйлеу коммуникативтік қызмет атқарумен қатар, адамның ішкі өмірінің рухани байлығын жарыққа шығарып, жан сарайын танытады.
Сөз адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, байыптылығын, ақыл-парасатын көрсетеді. Сондықтан да сөйлеу мәдениетіне қай уақытта болса да ерекше мән берген, қай халық болса да қатты бағалаған. Сөйлеу мәдениеті сөйлеуші адамның ішкі жан дүниесінің тазалығына да, сөз өнеріне де қатысты. Сөзге шешен адам мәдениетті әрі шебер сөйлейді. Мәдениетті, ой-өрісі жоғары, өмірге сенімді, адал адамдардың сөйлеу тілі де жоғары болуға тиісті. Себебі, тіл - адамның ішкі жан дүниесінің айнасы.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
«Тіл мәдениеті» курсы нені зерттейді, оның алдына қоятын басты мақсаты қандай?
Тілді қадірлейтін халқымыз тіл құдіретіне байланысты қандай қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер қолданған? Мұндай қанатты сөздердің ішкі сырына үңіліп көріңдер, оның тәрбиелік мәні, мағынасын қалай түсінесіңдер? Оны өз сөздеріңмен, өз ойларыңмен дәлелдеп көріңдер.
«Тіл мәдениеті», «сөз мәдениеті» деген тіркестердің арасында қандай табиғи байланыс бар, оны басқаша атау мүмкін бе?
Тіл мәдениеті дегеніміз не, оны қалай түсіндірер едіңдер? Тіл мәдениеті өз алдына қандай талаптар, міндеттер қояды?
Тіл мәдениеті мен мәдениетті, ой-өрісі жоғары, парасатты адамдарды бір-бірінен бөліп алып қарауға бола ма? Болса оны қалай түсіндірер едіңдер, оған өз орталарыңнан мысалдар келтіріп дәлелдеңдер.
1-тапсырма: Төмендегі тақырыптар бойынша ой толғай отырып, мазмұнды түрде шағын шығарма не мақала жазыңдар.
1.О, қасиетті туған жер!
Түнгі серуен.
Ұлттық тағамдар.
2-тапсырма: Мына ұлағатты сөздерді өз ойларыңмен, өз стильдеріңмен жазып жалғастырып көріңдер, әдеби шығармалардан, баспасөз беттеріндегі материалдардан үзінділер ойлап байланыстырыңдар.
а) Басқа ұлттың баласына бауырмал бол, ол сенің досың әрі көршің, қонағың. Қиналғанда қол ұшын бер, бірақ өзің сұраншақ болма. Көп ұлтты әлеумет ортасында өмір сүре біл...
б) Құдайға құлшылық еткен пенденің көңілін кірлетпе. Өз сенімі бар адамды сыйла, еш нәрсеге сенбейтін, ешкімді сыйламайтын кісіден қорық.
в) Ұлым, ата-анаңа мейірімді, халқыңа қайырымды бол. Қарындасқа «сен» деп сызданбай, «сіз» деп ілтипат көрсет. «Сіз» деп сөйлеу кішіліктің емес, кісіліктің белгісі.
Ауызша сөйлеу мәдениеті мен дыбыс тілінің тікелей байланыстылығы
Ауызша сөйлеу мәдениеті сөйлеген кезде орфоэпия қағидаларын сақтап мәнерлеп сөйлеумен тығыз байланысты, яғни, сөздер қалай дыбысталса сөйлеген кезде де әрбір сөздің дұрыс айтылуына мән беруіміз керек.
Өйткені, қазақ тілі - өз табиғатында үнді, әуезді тіл.
Әрбір сөзбен сөйлеу, не мәтінді мәнерлеп, сөздің нақышына келтіріп айту - ауыз әдебиеті асыл қазыналарынан, айтыс өнерінен келе жатқан табиғи заңдылық.
Сондықтан ауызша сөйлеу кезінде тілдің өзіндік заңдылықтарын сақтаумен қатар, сөйлеудің техникасын жетік біліп, қорымыздың да мол болғаны қажет.
Белгілі бір мәтінге грамматикалық талдау жасау, тәрбиелік мәні жоғары үзінділердің әдеби сырын ашып, басқа біреулерге үлгі-өнеге ету үшін де тілдік заңдылықты қатаң сақтаудың үлкен пайдасы бар.
Ойды жеткізер тілдің мәнері, нақышы жеткіліксіз болса, ойшыл ақынымыз Абай айтқандай: «көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда сәні кететінінің» бірі болмақ.
Ауызекі тілде бір сөзді қайталай бермей, оған мағыналас, мәндес синоним сөздерді қолдану да, ойды әсерлі, түсінікті жеткізудің айғағы.
Қашан да сөзді қарапайым қолдана отырып, тартымды да көркем айта білген ғұламалардың шешендігін, сөйлеу мәнеріндегі қатаң сақталған әуезділікті өзімізге өнеге тұтуымыз керек.
Академик, жазушы М. Әуезов сөзінде және жазылған мақалаларында халық даналығы болып есептелетін мақал-мәтелдер мен фразеологиялық тіркестерді, қанатты сөздерді қолданудың шебер үлгілерін ұсынғаны баршамызға белгілі.
Ол қажет жерінде мифтік шығармалардан бастап, өз дәуірінің озық жазушыларынан, халықтың сөйлеу тілінен, керек десе, дүние жүзінің әдебиетіндегі озық үлгілерді алып, ойын дәл, әрі әсерлі жеткізуге дағды-ланғандықтан көркем сөздің атасы болып есептелінеді. Сол сияқты бұл бағыттағы Ғ. Мүсіреповтің, Ғ. Мұстафиннің, С. Мұқановтың шығармаларын атауға болады.
Сөйлеу мәдениетін арттыруда, әрбір сөздің мағынасын дұрыс түсініп, орынды жеткізе білуде сөздіктерді, нормативтік сипаттағы анықтағыштарды, орфоэпиялық сөз тудыру, синонимдер, омонимдер, фразеологиялық сөздіктерді, тілді грамматикалық жағынан дұрыс көрсететін сөздіктерді пайдаланудың маңызы зор.
Ауызекі сөйлеу тілінің өзіндік ерекшелігі - бірін-бірі бетпе-бет көріп отырған екі не одан да көп адамдардың өзара пікір алысу, түсінісу құралы.
Бірін-бірі түсіну үшін сөйлеуші адамдардың дауыс ырғақтары, сөз құралындағы әрбір дыбыстың орфоэпиялық нормаға сай естілуі қажет.
Мысалы: қонбады - қомбады, басшы - башшы, көкөніс - көгеніс, көзсіз - көссүз, өзенге - өзөңгө, айдын көл - айдың гөл, ай қабақ - ай ғабақ, тас бауыр - тас пауүр, жас бала - жас пала т. б.
Сөздерді жазылуынша айту, әсіресе, жастардың тілінде үйреншікті машыққа айналып бара жатқанын аңғару қиын емес. Мұны тіліміздің табиғи дамуының нәтижесі деп қарауға болмайды. Бұл - күнделікті өмір сүріп жүрген ортаның тілге мән бермеуінен және мектептегі оқытуда жіберіліп жатқан кемшіліктер.
Соның салдарынан, адам баласының бір-біріне деген қарым-қатынасы, түсініспеушілігі басталады, бір-бірінің ойын, ішкі жан-дүниесін түсінбейді немесе әр сөзін селқос, енжарлықпен тыңдап, босаңдық танытады.
Сөйлеу тілінде адам баласының бір-бірімен түсінісуі сөз арқылы ғана емес, сонымен қатар, бұған кісінің бет-аузы, қас-қабағы, қол-қимылы қатысып отырады. Яғни, өз сезімін, ез ойын бірнеше нұсқада, бірнеше әдіс-тәсілдерді қолдана отырып жеткізуге тиісті.
Оның үстіне сөйлеуші дауыс ырғағын құбылта сөйлеп, әр сөзіне жан бітіреді, көріктендіре сөйлейді, әсерін, мақамын келтіреді. Бұл жерде әрбір сөйлеуші радио, теледидар, лекторлар мен шешендердің, айтыс ақындарының сөз мәнеріне, сөз саптауына мән беріп, сол негізде сөйлей білуге тырысқаны абзал. Абай атамыз «болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дегендей, әр нәрсені, жағымды нәрсені үлгі тұта білу керек.
Кейде ауызекі сөйлеу стилінде сөйлем мүшелерін қысқартып айту, сөйлемді аяқтамай бітіру, сөйлем мүшелерінің орын тәртібін өзгертіп айту, сөзді талғамай қолдану жиі кездеседі. Бұл кезде сөз немесе сөйлем ажарсыз, әсерсіз болмас үшін әр сөзді дұрыс қолданып, өз орнымен келтіріп отырса, сөйлем түсініксіз болмайды.
Ол үшін синоним, омоним сөздерді талғампаздықпен қолдана білуіміз керек.
Оның үстіне, көбінесе, дәстүрге айналып кеткен кейбір сөздер жиі кездеседі, көбірек айтылады.
Мысалы: «Жұрт, халайық, халық» деген синоним сөздердің ішінен «халайық» сөзі, «барлық, күллі, баршасы, барлығы» дегендерден «барлығы», «бет, жүз, рең, әлпет» дегендерден «бет әлпеті» өте көбірек қолданылады.
Ауызекі стилін жандандыру үшін жазба әдебиеттегі сияқты әрбір синонимдерді басқа да көркемдік тәсілдерді талғампаздықпен қолданса, ой дәл, анық, әсерлі жеткізіледі.
Мысалы: Қайғы, уайым, қасірет, шер т.б. синонимдердің орнын былайша алмастырып қолданса: «Солардың жетуін келтіріп, жазғытұрғы аласапыранға ұрындырсақ, қолда барды тауысып, құралақан отырсақ, Қарағанды қара қайғының астында қалады, мейрамдау түгілі кейде жақын адамның да көңіліне қаяу салады. Оңашада үйде аналы-балалы екі адам іштегі қайғы-шерін жаспен жібітті». (Ғ. Мүсірепов)
Әрине, ауызекі тіл жазба тілдегідей құрылымды, стилистикалық заңдылықты қатаң сақтай бермейді.
Десек те, тіл байлығын, халқымыздың сөз асылдарын тиімді, өз орнымен пайдалана білсек, ана тіліміз де жұтаңдамай, көркейе түседі.
Айтайын деген ойыңды бейнелі де әсерлі жеткізудің бір жолы - эпитет пен теңеуді пайдалану, сөзді бейнелі қолдану, сөйлеу тілінің стиліне мән беру, айрықша эмоциялық рең беру.
Тақырыптың мазмұнына қарай шешен сөзінің ішкі тебіренісі мен толқынысын, көзқарасын көбіне дауыстың ырғағы, күші, ым-ишара, қимыл-қозғалыс арқылы да жеткізіп отырады.
Оның үстіне ауызекі тілдегі жеке сөздің айтылу интонациясы да оның қандай мәнде, қандай мақсатпен айтылып тұрғанын дәл көрсетіп тұрады.
Мысалы: Берілген сұраққа қалай жауап берді?
Дыбыс әуені қандай? Сол адамның ішкі ойын да, сезімін де бірден көрсетіп береді.
Қорыта келгенде: сөйлеген сөздерді дұрыс айта білу, әсіресе, сөз ішінде, сөз аралықтарында, сөз тіркестерінде орфоэпиялық негізгі заңдылықтарын сақтап әуезді де мәнерлі сойлей білу. Мысалы: протеза - сөз алдынан дауысты дыбысты қосып айту: лашын - ылашын, рақат - ырақат, радио - ырадио, рақым - ырақым; элизия - қатар келген қос дауыстының бірін түсіріп айту: ала алмады - алалмады, жақсы өнер – жақсөнер т.б. Оған қоса дауыс ырғағын, интонацияны дұрыс белгілеп, сонымен бірге, әр түрлі бет қимылы мен дене қозғалысы, ым-ишара сәйкес келіп бірін-бірі толықтыру арқылы тыңдаушыны қызықтыра түсу - шешен адамдардан бастап, жеке адамдардың өзіне қойылатын талап-тілектердің бірі.
Ауызекі сөйлеу тілігнің өзіне тән стильдік ерекшеліктері бар:
сөйлеу тілі қарапайым қарым-қатынас жасау кезінде айтылады (бірі бірін жақсы тинитын, жақын адамдардың арасында);
көбіне – көп алдын-ала дайындықсыз өтеді (көлма-қол сұрақ - жауап беру, спондандық – ішкі себептермен пайда болу, сыртқы әсерден болмаған);
сөздердің, сөйлемдердің қалыптасқан қалпы өзгеріске түседі;
қаратпа, одағай, қыстырма сөздер жиі қолданылады;
дауыс ырғағы, интонация, бет-әлпет, қол қимылдары қосымша қызмет атқарады. Ауызша сөйлеу дәстүрін жандандырып, шешендікке үйрету - тіл мәдениетінің ең басты міндеті.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
Ауызша сөйлеу мәдениеті дегенді қалай түсінесіңдер, оның жазба тілден қандай айырмашылыгы бар?
Ауызша сөйлеу мәдениетіне дыбыс тілінің қандай қатынасы бар, оны қалай түсіндірер едіңдер? Орфоэпиялық дағдының ауызекі тілге әсері қандай, мысалдармен дәлелдеңдер.
Тіл мәдениетін қалыпқа келтіру үшін қандай жагдайлар керек, оны әдеби нормага қалай жеткіземіз? Әдеби тіл дегеніміз не?
Ақпарат құралдары: радио, теледидар тілдерінің дыбыстық ерекшелігі, ортага бейімделуі, көпшілік қауымды өздеріне тарта білетін қасиеттері неге байланысты? Оны қандай ғылыммен тікелей байланыстыруга болады?
Әдеби тіл нормасы бай болса да оның сезімге, ой-санага әсер етпеуін қалай түсінеміз? Дауыс ырғағы, интонация, мимика, дикция сияқты ұгымдардың, ерекшеліктердің ауызша сөйлеу мәдениетіне қатысы бар ма, мысалдармен дәлелдеңдер.
Ритмикалық топ деген не, ауызша сөйлеу мәдениетіне оның әсері туралы айт, шешендік сөздерден, поэзиялық шыгармалардан мысалдар келтіріп айтып көріңдер. Сөз бен сөз аралыгында кездесетін «элизия», «протеза», «редукция» құбылысына әдеби шыгармалардан мысалдар келтір, мәнеріне, дыбыстың ерекшелігіне көңіл бөл.
1-тапсырма: Түсіндірме сөздіктен сөйлеу тіліне тән ерекшеліктері бар 20 сөз алып, түсіндіріп көріңіздер. Ол сөздерді сөйлем құрау арқылы айтып орфоэпиялың нормаға сай қолдана біліңдер.
2-тапсырма: Төмендегі мәтіннен ауызекі тілге тән сөздерді көрсетіп, мағынасын түсіндіріңдер. Оны дыбыстық тілмен, сахналық тілмен айтып көріңдер.
Сырым мен молда
Сырым жол жүріп келе жатып, бір мешітке кез болып, намаз оқуға түрады. Сырымның жеңінің ұзындығы етігімен бірдей екен. Мешітке кіріп намаз оқығанда жеңін түрмей, қолын жеңінен шығармай оқиды.
Молда Сырымның мұнысына наразы болып:
Намаз оқығанда қолды жеңнен шығарып оқу керек, - деп ескертеді.
Қолды жеңнен шығармай оқудың қандай зияны бар? - дейді Сырым.
Қолыңды шығарып оқысаң, қолға нұр құйылады, алақаныңмен бет сипағанда нұр бетіңе тарайды, - дейді молда.
Ол нұр қайдан келеді? - дейді Сырым.
Көктен келеді, - дейді молда.
- Япыр-ау, молдеке, мен бұл шариғатыңызға түсіне алмадым. Сіздің айтуыңызша, жеті қат көктен, үш қабат мешіттің төбесінен түсіп тұрған нұр менің жалаң қабат шекпенімнің жеңінен өте алмас дейсіз бе? - депті сонда Сырым батыр.
Молда қысылып, жауап қайтара алмай қалыпты.
3-тапсырма: Сұрақтарға мақал-мәтелдермен жауап беріңдер:
- Бір елі ауызға неше елі қақпақ керек?
- Қызым, саған айтам. Бұны кім тыңдасын?
- Кімнің алдында ауызыңды тыған дұрыс?
- Піл көтермегенді не көтереді? (осы сұрақтарды жалғастырыңдар).
Сөз қолдану мәдениеті мен жазу мәдениетінің байланысы,
оған қойылатын талаптар
... Ел бастау қиын емес,
Қонатын жерден көл табылады.
Қол бастау қиын емес –
Шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан
Қиынды көргенім жоқ...
Бұқар жырау
Сөз өнерінің қиын екендігі, өнер атаулының ең биігі екендігін, Бұқар жыраудың осы бір сөзінен-ақ аңғаруға болады. Қазақ халқы өз ұрпақтарының тіліне, сөйлеу мәнеріне ерекше көңіл бөліп, сөздік қорының молайып отыруына, әдемі сөз саптауларына, өз ойларын еркін айтуларына мән беріп отырған.
Оны көп алысқа бармай-ақ, XI ғасырда адамзаттың мәдениеті мен әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан Шығыстың алып тұлғаларының бірі Кей-Қабус «Кабуснаме» атты ғылыми-әдеби шығармасының «Өнердің абзалдығы, қадір-құрметі және өнегелі болуы туралы» бөлімінде:
«Барлық өнерден сөз өнері жақсы екенін білген жөн. Адамзаттың ең абзал қасиетінің бірі - сөз сөйлей білу. Бұл жағдайды жете түсін де, жақсы сөйлей білуге үйрен: сыпайы, анық сөйлеуді әдет қылғайсың, өйткені қандай сөзді айтуды әдеттенсең тіл соны айтады. Сөзді өз орнымен сөйле. Орынсыз айтылған сөз жақсы болса да жаман көрінеді. Орынсыз айтылған артық сөз опық жегізеді.
Егер сөйлеген сөзіңнен бір нәрсенің пайдалы иісі сезіліп тұрмаса, ондай сөздің айтылмағаны жақсы.
«...Сөз бір шарап сияқты, одан басың ауруы да, жазылуы да мүмкін депті білімдарлар. Біреу сенен бір нәрсені сұрамаса, жауап бермегейсің, ал сұрай қалса, турасын айт. Босқа кететін жел сөзден сақтан», - деген даналық сөзі бізге өнеге ретінде сөздің адам өміріндегі құдіретін паш еткендей (Кабуснаме).
Бұл тіл мәдениетінің адам баласына қажетті өнердің ең биігі, балқаймағы, шынары екендігін дәлелдейді. Шынында да, қазақ халқы қай заманда да аталы сөзді қастерлеген «Жақсы сөз - жарым ырыс», «Өнер алды - қызыл тіл» деп құрметтеумен қатар оған күшті талап та қоя білген.
«Көп сөз - көмір, аз сөз - алтын» деп түсінген. «Алтын» сөзі әрі қысқа, әрі нұсқа болумен қатар, аз сөзбен көп мағына беру. Ата-бабаларымыз көп сөзді ұнатпаған, оны «көмір» деп қана қоймаған, мынадай синонимдерімен беріп, жаратпаған ішкі ойларын дәл жеткізген. Мысалы: «езбе» (езбелеу), «балпыл» (балпылдау), «былшыл» (былшылдау), «мылжың» (мылжыңдау), «оттау» т.с.с.
Халқымыздың ғасырлар бойы сақтап бізге жеткізген сөз мұрасын толық меңгеру, оны өз орнымен пайдалану - баршаның міндеті.
Кім болса да өз пікірін дәлелдеу үшін сөзге, сөйлемге байланысты қажетті сөз тіркестерін терең меңгеріп, күнделікті өмірде қолдана білулері керек.
Сөзді өз орнымен қолдану - білімділіктің белгісі. Солай болса тұрса да сараң сөйлейтін, өз ойын еркін жеткізе алмайтын, былапыттап сөйлейтіндер ұстаздар арасында да кездесіп қалады.
Мысалы: Мінбеде сөйлеп тұрған бір шешен С. Торайғыровтың поэзиясына былай баға береді:
«Сонымен, Сұлтанмахмұттың лирикасы поэма сияқты ұзақ болып келсе, поэмалары сюжетсіз болып, бірақ лирикалы болып, әлеуметтік лирика болып келеді».
Мұнда, бір сөйлемнің құрамында «болып» етістігі төрт рет, «лирикасы болып» деген тіркестер үш рет қайталанған.
Бұл - тіл мәдениетін бұзушылық. Тиянақты бір ой, нақты шешім бұл сөйлемде атымен жоқ. Міне, осындай мысалдарға қарап отырсақ - қазіргі таңдағы ең бір зәру, көкейтесті мәселе - тіл мәселесі болып отыр.
Қазір жеке ел болып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей кезеңде қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алды. Қазір де қазақ тілін дамытуға толық мүмкіндік бар.
Сондықтан ауызекі тілде сөздерді орынды қолданумен қатар, дұрыс жазу талабына, жазу мәдениетіне де көңіл бөлінеді. Яғни, орфографиялық нормадан ауытқуға, оны өз бетімізше өзгертіп жазуға болмайды.
Өйткені, емле ережелері заңды түрде бекітіледі, жалпыға ортақ емле ережелерін сақтау, оны грамматикада қолдана білу - бәріміздің міндетіміз.
Қазір қазақ тілінің лексикасы молайды, оның сөздік құрамына интернационалдық, ғылыми-техникалық жаңа терминдер енді. Мысалы: Ғарыштық кеңістікке байланысты - ғарышкер (космонавт), ғарышжай (космодром), әуежай (аэропорт), көгілдір экран, теледидар (телевизор), көгілдір от (газ), электрондық өткізгіш, ұшақ (самолет), тік ұшақ (вертолет), ұжым (коллектив) т.б.
Кейінгі кезде пайда болған аң-құс, жан-жануар, өсімдік атаулары, шаруашылық, тұрмыс, мәдениет, өнер, спорт салаларына байланысты құрал-жабдық, ұғым атаулары және екінші сыңары «аралық», «тану», «сымақ» сөздерімен келген атаулар бірге жазылады. Мысалы: Көзқарас, сутегі, сүтқоректілер, түйеқарын, жанкүйер, көрермен, оқырман, ауданаралық, қоғамтану, тәнтану, дүниетану, т.б. сөздер бірге жазылып, бір жүйеге түсті.
Тіркес құрамындағы жеке сөздер естілуінше жазылмай, негізгі тұлғалары сақталып жазылады. Мысалы: Ала ат (алат емес), бара алмаймын (баралмаймын емес), қара көлеңке (қарагөлеңке емес), көк орамал (көгорамал емес), барып па екен (барыппекен емес).
Жалпы алғанда заңды түрде қабылданған ережені іске асырып, дұрыс сақтағанда ғана орфографиялық нормасын қалыптастыра аламыз.
Нағыз мәдениеттің ту етері - тіл, ол жалпы адамзаттың мұратымен астасып жатқанымен, тұп тамыры міндетті түрде белгілі бір әлеуметтік этникалық ортадан бастау алады.
Сондықтан да өз тарихына, ұлттық дәстүріне, туған жеріне, туған тіліне қамқор көзбен қарап, қадірлей білген сана-сезімі жоғары адам ғана мәдениетті болып есептеледі.
Әсерлі сөйлеу, ойлау, тыңдау мәдениетімен бірге, жазу мәдениетін меңгеру - негізгі шарттың бірі. Ол үшін: стильдік элементтерден ажыратып қолдану керектігі, сөздердің, сөйлем мүшелерінің орналасу заңдылығын сақтау, орфографиялық, синтаксистік норманы білу, қазақ тілінің табиғи қалпын сақтап, үндестік заңы бойынша жазу, т.б. заңдылықтарды тиянақты меңгеруді талап етеді. Жазу мәдениетіндегі сауаттылық, әдетте емле (орфография) тыныс белгілерінің (пунктуация) дұрыс қолданылуына қарап белгіленеді.
Ауызекі тілдегі берілген ойды қағазға түсіру үшін әрбір тыныс белгілерін өз орнына қоя білу керек.
Тыныс белгілері дұрыс қойылған сөйлемді оқу да, ұғынуда жеңіл. Керісінше, тыныс белгілерін қате қою кейде сөйлемнің мағынасын бұзады, мағынасы бұзылған сөйлем айтайын деген ойды білдіре алмайды.
Тыныс белгілерін белгілі бір ережеге сүйеніп қоймаса, сауаттылық саналы меңгерілмейді. Тыныс белгілері негізінен сөйлемнің құрылысына негізделіп қойылады. Мысалы: үтірдің бірыңғай мүшелерді бөліп көрсетуі. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ - бес дұшпанды білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой - бес асыл іс көнсеңіз». (Абай)
Сызықшаның бастауышты басқа мүшелерден айыра білу үшін қойылуы: Әр адамның бағасына бір ғана өлшеуіш бар: ол - өнімді адал еңбек. (С. М.)
Мен - көмір де, сен - темір, ерітуге келгенмін. (Қазыбек)
Сөзді дұрыс қолдану мен жазу мәдениеті әрқашан да бір-бірімен тығыз байланысты, яғни, бір нәрсенің екі жағы сияқты оны бір-бірінен бөліп алып қарауға болмайды.
Сондықтан да ішкі ой дүниемізге байланысты қандай сөзді қолдансақ та оны сауатты жаза білуіміз керек. Ол үшін мынадай принциптерді білудің маңызы өте зор:
Грамматикалық принцип - тыныс белгілерді грамматикалық ережелерге сүйеніп қою.
Мағыналық принцип - сөйлемнің тыныс белгілерін синтаксистік категориялар мен синтаксистік тұлғалардың мағынасына негіздей қою.
Интонациялық принцип - сөйлемнің тыныс белгілерін синтаксистік категориялар мен синтаксистік тұлғалардың сазына, нақышына келтіріп айтылуына және естілуіне қарай қою.
Бұл принцип, біріншіден, тыныс белгілерін дұрыс қою арқылы ой-өрісті кеңейтеді, екіншіден, тілдің ішкі заңдылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік жасайды, үшіншіден, әдеби тілдік нормаға сай сөйлей білуге баулиды.
Ауызекі тілде нақты сөз өрнектері ым-ишара, мәнерлі қимыл қозғалыстар адамның жан дүниесіне әсер етсе, ал жазба түрде ойды оқырманға дәл жеткізу үшін әрбір сөз, әрбір тыныс белгі өз орнында келіп, ой мен сезімге бірдей дөп тиіп жатуы қажет, басы артық сөздердің болмағаны дұрыс.
Мысалы: «Мен - көмір де, сен - темір, ерітуге келгенмін» деген Қазыбектің сөзіне бір оқушы былайша ой толғайды:
«Қазыбектің баяндауында зәулім ойлылық бар, қол жетпес асқар таудың қаһарлы шыңдары көрінеді, терең сезімі бар, онда халық күші қазандай қайнайды. Шешеннің сөзінде қара дауыл қаптап келе жатқандай, дауылдың арты нөсер жаңбырға айналар, одан суық ызғар сезіледі, бәрі-бәрі жинала келе, халық күші тасқынға айналар, ал тасқын жапандағы барлық тастарды домалатып әкетер, қазақ жеріне жиналып қалған өктем күшті жуып-шаяр, тазарар ақталар, содан әрі босаған жер қайта гүлденер, жасарар, жаңа хош исі аңқыр, өрісі кеңір, кең даласында еркін көшіп-қонар, қауіп-қатерді ұмытар, халық сонда бір еркін демалар!»
Міне, оқушының сөз саптауынан тілдік қорының бай екендігін, әдеби тілді еркін меңгеріп, өз орнымен қолдана білетіндігін байқап отырмыз.
Қысқасы, тілдегі сөздердің қыр-сыры көп. Оларды бір-бірімен тіркестіріп, тілдің көркемдегіш құралдарының сан алуан тәсілдерін қолдансаң, неше түрлі мағынаға ие болып, сан қилы өң береді. Сондықтан ойды дұрыс құрып, сөз мағынасын жете түсіну керек. Сөз саралай білу, сөзді жазу мәдениетінде дұрыс қолдану да сауаттылықтың белгісі.
Жазу - белгілі бір ойды, бүгінгі тарихты ертеңгі ұрпаққа жеткізу құралы. Жазу - аса пәрменді мәдени мұра. Яғни, сөз қолдана білудің де, жазба тілдің де маңызы ерекше.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
Сөз қолдану мәдениеті мен жазу мәдениетінің бір бірімен байланысы, туыстық қарым-қатынасы қандай, оны қандай мысалдармен дәлелдеп айтуга болады?
«Ақылдың көзі - аталы сөз» деп халқымыз бекерге айтпаган. Сонда әдеби тілді еркін меңгеру үшін, сөз қадірін терең түсініп тілдік оралымга байланысты тиімді қолдана білу үшін қандай жағдайлар қажет деп ойлайсыңдар?
«Тіл - ақылдың өлшемі» дейді. Осыған байланысты көркем әдеби шығармалардан адамгершілікке, имандылықка байланысты үзінділерді таңдап алып, жатқа айтып көріңдер. Сол үзінді туралы өз пікірлеріңді ортага салып сұхбаттасыңдар.
Көркем-әдеби туындыларды аз оқитын адамдардың сөздік қоры аз болады, соған орай, олардың дүниетанымы да, сөйлеу мәдениеттілігі мен өз ойын логикалық баяндауы да төмен екендігі байқалады. Сондықтан бүгінгі күн мәселесіне арналган әдеби шығармаларды оқып, пікір таластырып көріңдер. Ондагы басты мәселелерді өмірмен байланыстырып өз ойларыңды еркін айта білуге тырысыңдар.
«Жақсы сөз - жарым ырыс», «Сөз тапқанга қолқа жоқ», «Сөзіне қарап кісіні ал», «Сөз өнері - дертпен тең» деген қанатты сөздерді тақырып етіп алып, шағын мақала, шығарма жазыңдар. Алдымен қажетті тірек сөздеріңді ой елегінен өткізіп, жоспарлап, дайындап алыңдар.
1-тапсырма: Төмендегі тұрақты сөз тіркестерін пайдаланып, шағын мәтін құрастырыңдар. Әрбір сөйлемнің арасындағы грамматикалық байланысқа көңіл бөліңдер.
Сіркесі су көтермеу, қара қылды қақ жару, жүрегі жарылып кете жаздау, жүзі шыдамау, беті бүлк етпеу, қырық пышақ болу, көзіне көк шыбын үймелеу, асты-үстіне түсу, қол аяғын бауырына алу, аузына қақпақ болу, ат тонын ала қашу, сай-сүйегі сырқырау, ішіне пышақ айналмау, жерден алып, жерге салу, ұры-қарыға қара таппау т.б.
2-тапсырма: Төмендегі сөздердің мағынасын мақал-мәтелдермен жеткізіп, алмастырып көріңдер. Сөз мағынасын бірнеше нұсқада жеткізуге дағдыланыңдар.
Үлгі: Жоқшылық, кедейлік - «Қысқа жіп күрмеуге келмейді», «Жоқшылық жомарт ердің қолын байлайды», «Бөрі арығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтып».
Қадыр, бедел, ниет, қанағат, мылжың, өштік, кекесін сөз, менсінбеушілік, адалдық, ақ көңілділік, әпербақан, күш көрсету, жуас, көкіректік, қайырымдылық, ізденіс, ашушаңдылық, ойын, жалғыздық, байлық, мырзалық, қонақжайлық, бекершілік, үй болу т.б.
3-тапсырма: Төмендегі мәтінге сүйене отырып, мына тақырыптарда ой толғап, шығарма жазып көріңдер. Әрбір сөйлемдегі ойдың дәлдігіне, тағылымдығына көңіл бөліңдер. Мәтіннің тәрбиелік мазмұны жоғары болсын.
а) Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!
б) Қазақ қыз баланы қонағындай сыйлаған.
в) Отбасы жас - жұбайлардың татулығымен қызықты.
Достарыңызбен бөлісу: |