Ұлы тағылым
Ауыз әдебиетінде, қала берді кейінгі жазба әдебиетімізде есімін мәңгіге қалдырған аналар қаншама!
Олар сұлулықтың символы болды, оларда ерекше қастер мен тұспалдар, поэтикалық портреттер қаншама! Талай-талай ерлер сүйген қызының намысы үшін құрбан болмады ма? Жігіттегі білек, қыздарымыздың жүрегі талай-талай таразы басына тартылды. Қала берді, қыз-келіншектер тағдырын қорғауда поэзиямызбен бірге, өлең-әніміз, сазымыз бен күйіміз ерекше рөлге ие болды.
Ғабиттің «Ананың анасынан» бастау тапқан аналар ірілігі аңызға айнала келе, «Ақбосаға» әніне ұласты да, Бауыржанның келіні Зейнептің ерлігімен өрлей түсті. Олардың әрбірі «Өмірді өздері сілкілеуге жаралғандығы» сондай, тас пен мәрмәрдан салынуға тиісті ескерткіштер күтуде, ал Сараларымыз бастаған жыр құдіреті Біржан сияқты поэзия алыбының «екі аяғын бір етікке тықты» (Қадыр). Ал «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» (Жұбан мен Исраил) әнін естігеніңде, бар болмысыңмен солардың ұрпағы екендігіне риза боласың!!! Қыз Жібек пен Баян, Ақтоқты, Ақжүніс пен Ботагөздің, Абай қыздарының сөзден жасалған портреттері, Рафаэль мүсіндеген мадонналар - қазағымда шексіз көп екен деп қоюға болмайды, сонымен бірге бабалар жасаған тіл құдіретіне қайырылып келіп, бас игендейсің, тағзым еткеніне ризасың!
Қыздарымызға тән нәзіктік, сұлулық, ұяңдық, ибалық, сыпайылық, әдемілік, ұялшақтық, мығымдылық, өнерлік, іскерлік, шеберлік, адалдық, сүйіспеншілік махаббат мұратына жетудегі арман құсы, қайрат-жігері, бәрінен де ар тазалығы (кей халықтың қыздарына тән деп айтуға келе бермейді-ау) - осы қасиеттерімен қазақ қыздары зор тағылым иесі!
(М. Тілеужанов).
Тіл тазалығы
Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау! Бұл тілден май тамады десе сияр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң, небір алуа, шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне... осындай майса, сұлу тілді қалай өгейсітуге болады...
Нұртас Оңдасынов
Сөз қолдану мәдениетін арттыратын негізгі шаралардың бірі – тіл тазалығы. Тіл тазалығы дегеніміз – айтайын деген ойымызды еркін жеткізу, сөйлегенде бөгде тілдік элементтерді – диалектілерді, варваризмдерді араластырмай сөйлеу халқымыздың асыл сөз қазыналарын тиімді пайдаланып, жатық, анық сөйлеу, әдеби тілде сөйлеу. Абай атамыз: «Сөзінің бірі жамау, бірі құрау» деп өзіне дейінгі кейбір ақындарды сынайды. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп - тегіс, жұмыр келсін айналасы» деп, әрбір сөздің түсінікті, жеңіл, мағыналы болуын өз ортасынан қатаң талап етеді. Ұлы ақынның бір ғасырдан астам уақыт бұрын тіл тазалығына ерекше мән бергендігін көреміз. Әрине, бөтен тілден сөз алмай таза ана тілінде сөйлейтін бірде-бір халық болмайды. Тек ол сөздер жергілікті халықтың тілдік заңдылықтарына бағынып, фонетикалық өзгерістермен барша қауымға түсінікті жалпы халықтың тілге айналуы керек.
Шынайы бейне жасауда, сом тұлға жасауда, әдеби қаһармандардың ішкі-сыртқы бейнесін суреттеуде әрбір жазушы халық тілінің мол байлығын, әдеби тілге, әдеби нормаға ене бермейтін басқа тілден енген сөздерді де қолдануы мүмкін. Бірақ жергілікті тілдік ерекшеліктер (диалектер, жаргон сөздер) әдеби нормаға жатпайды. Себебі мұндай сөздер жалпы оқырман қауымға түсінікті емес.
Қазақ тілінде өзге тілден енген сөздер өте мол, тіпті сөз тудырушы қосымшалар бар екені де мәлім.
Мысалы: Тілімізде «байсал табу», «байсалды» деген сөздер бар. «Байсал» сөзі қазіргі әдеби тілімізде жеке тұрып көп қолданылмайды. Тап осы күйінде қолдану – тіл тазалығына нұқсан келтіргендік болар еді. Бұл сөз не «байсалды» деген туынды сөз түрінде, не «байсал табу», «бойы байсал тарту» деген тіркес түрінде келеді. «Байсалды» сөзі – сабырлы, ұстамды, байыпты деген сын есім мағынасында көбінесе адамға байланысты айтылады. Ал бұл сөздің қазақ тіліндегі ертеректегі мағынасы адамға қатысты «сабыр» дегеннен гөрі, жалпы мәндегі «тыныш, тыныштық» деген мағынада қолданылатындығы байқалады. «Байсал табу» деген тіркестің «тынышталу», «тыныш табу» деген мағынасы осыған саяды.
«Даудың байсал тапқаны – төрешіге барғаны» (С.Сейфуллин) деген ескі нақыл сөздерде «байсал табу» фразасы «тыныш табу» дегенді аңғартады. Бұқар жыраудың «Байсалды үйге түсіңіз» дегендегі «байсал» сөзі де – «тыныш, ұрыс-керіссіз» деген мәнде. Яғни, бұрынғы мағынасы қазіргіден өзгешелеу мәнде де жұмсалған. Тек бұл сөздерді қай жерде қандай мағынамен қолдана білу керек екендігін түсіне білген жөн. Тіліміздің мәдени лексика деп аталатын тобына жататын «дәптер» сөзі әуелде грек (дифтера), одан иран тілдері арқылы (дафтара) түркілер мен монғол (дэвтэр), тибер (девтһер) тілдеріне тараған.
Мұндай мәдени лексика тіл-тілдің барлығында да кездеседі деуге болады. Бұл сөздер әдеби тілге еш нұқсан келтірмейді, қайта тілімізге кіріп, төл тіліміздей болып кеткен сөздер.
Өзге тілден еніп, заңды түрде орныққан осы тәрізді сөздерден кейбіреуілердің дағдысына енген мүкістіктер: «остановкаға барамын», «екі морожный ала келерсің», «ужас», «звонит ету керек», «лестницадан көтерілгенде», «диспансерлік неблюденье болады», «қой, завтрак жасайық» т.б. мүлде басқа.
Дағдының да дағдысы бар. Жұртшылық қабылдаған, тілде орныққан, дағдыға енген шетелдік сөздің орны бөлек. Ал ондаймен санаспай, бөгде «элементтерді» оңды-солды жұмсау сөйлеушінің сөзге ұқыпсыздығын көрсетеді. Бұл – мәдениеттілік емес, қайта ана тілімізді шұбарлау, туған тілімізге қинаят жасау деген сөз. Мұндай тілде сөйлегендерді «мәңгүрт» десе де болады. Ана тілге деген сүйіспеншілік, ыстық сезімнің лебі таза сөйлеуден де байқалып тұрады. «Ана тілі – қайнаған қанның, қиналған жанның, толғанатқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болу керек» (С.Торайғыров). «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту», - дейді Б.Момышұлы.
Осындай ұлағатты сөздерге мән бермегендіктен өз тіліне өздері тосырқап қарайтын, бөгде тілдік элементтерді араластырып сөйлеуді мәдениет деп санайтындар т.с.с. өзге де тұрпайы ерсіліктер (жоғарыда айтылған сияқты) кездесіп қалып отырады.
Тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болса да өз ортамыздан әлі күнге дейін тұрпайы сөйлейтін жастарды кездестіріп қаламыз. Тіліміздің лексикалық, фонетикалық, грамматикалық нормалары мен заңдылықтарын ескермейді, қазақ тілінен алған теориялық білімдерін пайдалана алмайды, сөйлегенде тыңдаушы өзінің ойын ұғып, сезіп тұрма, жоқ па, онымен санаспайды. Басқа тілдің сөзін араластырып, өз тілінің құтын қашырып сөйлеу мәдениетсіздік екенін аңғармайды. Белгілі жазушы Т.Ахтанов өз шығармаларында кейбіреулердің әңгімелесу кезінде бөгде сөздерді нормадан тыс араластырып сөйлейтін ерсіліктерін өткір сынаған.
Мысалы: «Сәуле» атты драмалық повестегі кейіпкерлерінің әңгімесінде мынадай сөздер кездеседі.
Алдаберген: Жазушы деген жақсы ойлайды деуші еді... Қап, сен қауғада жүргенде, Бөпежан «без двух» отыр еді. Сен бардың да...
Бөпежан: Ылғи жұпыны киінуші еді. Теперь настоящий шик. Мама, осы жарасады.
Жазушы Д.Исабековтың да «Әпке» драмасынан қазіргі жастардың ана тілімізге немқұрайлы қарайтын кемістерін сынаған мынадай жолдарын кездестіреміз
Мысалы: Нәзила: «Білмеймін. Мен дұрыс жасамаған да шығарамын. Бірақ, әлгі қыздың тым еркінсіп, ар-ұятты естен шығарып бара жатқаны жаныма тиді», «Я так хочу» деп, Тимурды құшақтап апты. «Котенок мой» деп, бұл да өліп бара жатыр...»
(Жастардың өз сүйгендеріне айтатын «жұлдызым, айым, күнім» деген теңеулері бола тұрса да) сонымен қатар, кейбір сөздерге тиісті қосымшалардың нормаға айналған түрлерін жалғамай, басқа түрлерін орынсыз жалғау да тіл тазалығына кесірін тигізеді.
Мысалы:
Жазда бұл жерде ыссы болады (ыссы есем - ыстық).
Шешесі ауызғы бөлмеге шықты да, төсектегі жатқан жиенінің жанына келді. (ауызғы емес – ауыз бөлмеге, төсектегі емес – төсекте).
Рабиға баласының бетін сүйді (бетін емес - бетінен).
Абай жасында молдаға оқыды (молдаға емес - молдадан).
Сонымен қатар, сөздерді дұрыс байланыстырмай, орынсыз тіркес құрау, сөйтіп, сөйлем құрылысы мен мағынасын бұзатын кемшіліктерге көркем әдебиеттегі, газет-журналдағы әңгімелерден көптеген мысалдар келтіруге болады.
Мысалы:
Ертелетіп екпіндетіп келген Шегебай енді уайым жейтіні жоқ кісіше асықпай аяндап барады.
Тақ алдында есіктің көзінен сарт етіп дәрігер машинасы тоқтай қалды.
Әлде жат жұрттыққа жаралған ежелгі қыз қылығына бағып, неғайбыл болашақтағы тағдырына өзін-өзі дайындап бой ұсына бастағаны ма?
Кейбіреулер айтатын деген сөйлемді жарыққа шығармай, сөйлемнің соңын жұтып сөйлейді. Мұндай стильдік ерекшілік тіл тазалығына, тіл мәдениетіне үлкен зиянын тигізеді.
Мысалы: «...Мен... енді былай... Сәкең айтқасын... кетіп жатқаным ғой, Құрал-сайман, жұмысшы күші тапшы дегендей ... Сіздер ғафу етіңіздер, мен кішкене былай...»
Кейіпкер тілінде кездесетін мұндай кедір-бұдырлықтар күнделікті өмірде жиі кездеседі. Мұндай мысалдарды әрбір жазушы өмірден алып жазады. Әдеби қаһарманның тілі, іс-әрекеті, мінез-құлқы арқылы тілімізді бұзып сөйлейтін адамдардың бейнесін жасайды. Дәл осылай сөйлейтін кісілердің арамызда жүргенін еске салады, тіл тазалығын сақтап сөйлеуге жетелейді.
Ауызекі тілде немесе жазуда болсын әр сөз айтылар ойға, мазмұнға қатысты болып, мағыналық жағынан жақын тұруға тиіс. Бірақ, кейбір адамдардың сөйлеу дағдысына сөз тазалығына нұқсан келтіретін, сөзді әсерлігінен айыратын «қызметсіз» қыстырылып жүретін «жаңағы, нетіп, әлгі, не қылғанды, ал енді, сонымен, солай етіп жүргенде,нетіп кеткеннен кейін» т.б. осындай сөздер өзінің тыңдаушыларын мезі етеді. Осындай сөздің керегінен керексізі көп болып жатады. Әсіресе сөйлеушінің айтар ойы айқын болмай, өзі сөз етіп отырған жайдан түсінігі бұлдыр болған кезде, сүлеңсіз сөздер киліккіш келеді.
Сөз тазалығын сақтауға талаптанған адам белгілі бір мәселе жөнінде әңгіме қозғамас бұрын сөйлейтінін кесіп-пішіп, ой елегінен өткізіп алып, жұрт алдына шығады. Сондай ортаның бірі – ұстаздар қауымы. Елімізде мыңдаған ұстаз, милиондаған шәкірт бар. Тәжірибелі ұстаз шәкірттеріне айтар ойын сірескен жансыз тілмен емес, екемді, орамды тілмен жеткізеді. Ал ондай кітап тілінен гөрі сөйлеу тілінің амал-тәсілдеріне де арқа сүйейді. Алайда ұстаз алдында бастан-аяқ бір сарынмен сөйлейтін оқушылар да кездеседі. Оның сөйлеу тілін дұрыс арнаға салып, шұбырынды сөз, сіреспе тіркес, түрлі қыстырма сөздерін тазартып отыру – ана тілін ардақтай білетін әрбір ұстаздың қасиетті борышы.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
Тіл тазалыгы дегенді қалай түсінесіңдер, оның әдеби тілмен қандай байланысы бар?
Қазақ тілінің әлемдегі бай тіл екендігіне ешбір шүбә келтіруге болмайды, солай бола тұрса да ұлттық тіліміздің әлі күнге дейін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеріле алмай келе жатқанын қандай мысалдармен түсіндірер едіңдер?
Тіл мәселесінің ішкі саясатқа қатысы бар ма? (Мемлекеттік тіл әлі күнге дейін қағаз жүзінде).
Тіл мәртебесін көтеріп, тіл тазалыгын сақтау үшін қандай жагдайлар керек? Оны неден бастауға болады, өмірден ңақты мысалдар келтіріп, дәлелдеп көріңдер.
Көркем әдеби шыгармалардың өз ойымызды еркін жеткізіп, әдемі, әсерлі свйлеуімізге үлкен әсері бар. Сондықтан да бір әдеби шығарманың тіліне талдау жасап көріңдер, көркемдегіш сөздері бар сөйлемдерді іріктеп алып, ауызекі тілде қолдануга ( теңеу, эпитет, метафора, қанатты сөздер т.б.) үйреніңдер.
5. Табигат суреті берілген жерлерді (пейзаж), ой толгауларды (монолог) жатқа айтып дагдыланыңдар! Ауызекі тілде «варваризмдерді», тұрпайы сөздерді қолданудан сақ болыңдар.
1-тапсырма: Мәтіннің мазмұнын өз сөздеріңмен айтып беріңдер. Әр бөлімнің теңеулеріне мән беріңдер: Әкесінің өлгені - асқар тауының құлағаны, шешесінің өлгені - ағар бұлағының суалғаны, ағасының өлгені - оң қанатының қайырылғаны ... т. б. сөз оралымдарының мағынасын жеке-жеке ашыңдар. Қарашаштың қайтыс болғанын Жиренше қалай білді?
Қарашаш сұлудың қайтыс болғанын естірту
Қарашаш сұлу Жиренше үйде жоқта ауырып қаза болыпты.
Әз Жәнібек хан: «Жиреншеге біз естірте алмаспыз, өзіне-өзі естіртсін, ешқайсысың сездіріп қоймаңдар», - деп, уәзірлерімен сөз байласып қояды. Бір күні Жиренше шешен елге қайта оралып, ханның үйіне түсіп, сәлемдесіп отырады. Хан Жиреншеге:
Ау, шешенім, әкесі өлген қалай болады? - депті. Жиренше отырып:
Әкесі өлсе, асқар тауының құлағанымен бірдей болады, - депті.
Шешесі өлген қалай болады?
Ағар бұлағы суалғанымен бірдей болады.
Ағасы өлген қалай болады?
Оң қанаты қайырылғанымен бірдей болады.
Інісі өлген қалай болады?
Сол қанаты қайырылғанымен бірдей болады.
Апа-қарындасы өлген қандай болады?
Ұзын өрісі қысқарғанымен бірдей болады.
Қатыны өлген қандай болады?
Аһ!.. Менің Қарашашым өлген екен ғой? - депті Жиренше. Ол күйініп, қамшысын таянғанда, қамшының сабы ортасынан шарт сынып кетіпті.
2-тапсырма: Төмендегі сөйлемдерді өз стильдеріңмен түзетіп көріңдер!
Үлгі: Бұны, өздеріне жәрдем етіп отырған совхоздың (біріккен шаруашылық) бірер сақпан қойын уақытша жайылуға колхозшылар рұқсат етіп, совхозға берген болатын.
а) Бұны, өздеріне жәрдем етіп отырған совхоздың бірер сақпан қойы уақытша жайылуға рұқсат етіп берген болатын.
б) Кейде нақ төбелерінен нажағай жарқ беріп, шарт еткенде дүрк беріп жарылып та кетеді.
в) Сол сәтте және де Дәрменнің түсінен бұның көзі өзгеше жайды аңғарып, сескеніп қалды.
г) Бұрын қалаға келіп үзақ жатқан шағында көбінесе өзінің нақты орнықты пәтерінде уақыт өткізетін.
3-тапсырма: Төмендегі сөйлемдерді түзеп, әдеби тілмен қайта құрып жазыңыздар.
Лесницадан көтерілгенде, жүрегі аузына тығылады. Танзиметті алып тастауға совет береді. Ештеңеден қысылмаймыз, астымызда персональный машина. Өзіңіз қай округтансыз, тұрған жерлеріңіз грязь шығар, ә? Ну, как же это так, есікті ашып кетіпсің, что за безобразие. Ол туберкулез, онда заходить нельзя! Старик, понимаешь, в чем сначала ресторанда, потом жолдастарда. Кешегі алдымызда жүгіріп жүрген жігіт вдруг өзгеріп кетті.
Біздің келгенімізге много болды, демалу деген вообще болмады.
4-тапсырма: Төмендегі сөздердің әдеби баламасын тауып, мағынасына толық талдау жасаңдар. Әрбір сөздің әдеби тілдегі қолданысына стильдік мәні жоғары бір-бір сөйлем қүраңдар.
а) емдеухана - аурухана, айыр - шанышқы, қарыз - дыкер - қарыздар, зиратнама - бейіт, қабір; желдік - желдеткіш, ажым - әжім, балау - палау, қартамыш - қартамыс, ибат - инабат;
б) қаржымыс - қарымта, кәдуілгі - кәдімгі, айыл - әйел, ақтас - түйме, жер там - жер үй, жұмыстау – жұмыс істеу, жұмыстану; зиярат - зират, кәмәләт - кәмелет, кәззеп - кәззап, кәзір - қазір; жаһүт - жақұт, зәлім - залым, жаһил - жаһіл ...
Сөз жатықтығы (әдеби тіл нормасы)
Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты, я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән, күй болсын, сөзбен сөйлеп, суреттеп көрсетуге болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді.
Мәшһур Жүсіп Көпеев
Әдеби тіл - адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасау нәтижесінде қалыптасып бекіген, жалпы халыққа тегіс танылған тілдік құбылыстар жүйесі. Стильдік тармақтары сараланған, қолдану өрісі кеңейген, қоғамдық қызметі әр алуан жүйелі тіл саналатын болғандықтан, оны қалыптасқан бір қалыпты (нормалы) тіл деп те айта аламыз. Өйткені әдеби тіл мен тілдік норма бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл туралы белгілі тілші ғалым Мәулен Балақаев: «Әдеби тіл қалыптасқан нормалы тіл болса, әдеби тілге сіңіскен, әдеби тілде орныққан тіл айлықтары тілдік нормаға жатады» - дейді. Сондықтан тілдік норма сөзді қолдануда, дұрыс айтуда, сөйлем құрауда, грамматикалық тұлғаларды дұрыс жұмсауда, яғни тілдің өн бойында сақталуы керек. Бұл айтқандарға қарап, тілдік норманың өзін сөзді қолдану нормасы, сөздің емлесін сақтау, дұрыс жазу - орфографиялық норма, дұрыс сөйлеу - орфоэпиялық норма, сейлем құраудағы норма - синтаксистік, ал грамматикалық тұлғаларды дұрыс жұмсаудағы норма - грамматикалық деп жіктей таратып, бірнеше түрге бөлуге болады. Жалпы, әдеби тілдің бұл тілдік нормаларының бірізділігін сақтау тіл мәдениетін көтерудің негізгі басты бір жолы екендігі туралы мамандарымыз көптен бері айтып келеді. Норма - тілді таңдап-талғап қолданатын, талғамы өскен, тілдік элементтерді саналы түрде екшеп, іріктеп алу қабілеттерінің жетілген заманында туған саналы әрекеттің жемісі.
Сайып келгенде, тілді өз орнымен, рет-ретімен, шашыратпай еркін қолдану, әрбір сөзді көркемдік тілмен орнықты жеткізіп, дәл айта білу - жатық сөйлеуге, сөз шеберлігіне алып келеді. Сөз жатықтығы болмаса, жүрек сезімі арқылы шығатын әрбір сөз, оралымда ой мағынасыз, шұбарлау болған болар еді. Әдеби тілді еркін қолданып, жатық сөйлеуге дағдылану үшін, стильдік ерекшелігімізді ұштау үшін көркем әдебиет тіліне мән беріп, автор тіліне ілесе білуіміз керек.
Мысалы: Жазушы О. Бөкеевтің «Ұйқым келмейді» әңгімесінен үзінді келтірейік ... «Мен ойладым ...
Өмір деген ғажап дейді, түк те ғажап емес, әншейін осындай автобусқа мініп белгілі бір аялдамада түсіп қалу, біреудің тойып секіруі, біреудің тоңып секіруі. Әлдекімдер көрер таңды көзімен атқызып, ой қажып ұйықтамайды, әлдекімдер ішіне тарс бүркеніп, уайымсыз тоқ ұйқыға басады. Сайып келгенде, өмір дегеніміз - өзгенің бақытына қызығып өту ғана ... Ал мынау жанымдағы тойған қозыдай томпиып отырған қыз ше? Оны ертең не күтіп түр? Бақытты ма, бақыты жоқ болса, оны іздеп таба ала ма? Не ойлайды? Жігіті, ұнатқан біреуі бар ма? Тіпті мен туралы қандай сезімде келеді. Адамдарға сене ме? Аты кім? Қайтіп кездесер ме екенбіз? ...»
Жазушы кейіпкердің ішкі сезім дүниесін ашу үшін әдеби жатық тіл мен көркемдік тәсілдерді қолданады. Әсіресе, ішкі монологқа, ішкі тебіреніс-толғанысқа жиі ерік береді. Мұнда басы артық сөз, оралымсыз тіркестер атымен жоқ. Бәрі де орнықты, ой дүниесіне байланысты өз орындарын тауып, әдеби нормаға сай берілген. Көркем әдебиет тілінде ғана емес, ауызекі тілде де әрбір сейлеуші өз сезімін осындай әдеби жатық тілмен еркін жеткізе білу керек.
Тіл жатықтығын жүзеге асыру үшін тілдік норманы үш түрлі принципте қолданамыз:
1) Тілдік норма қоғам мүшелерінің барлығына түсінікті, ортақ сипатқа негізделеді.
2) Тілдік нормаға тән екінші принцип - тұрақтылық.
3) Тілдік материалдарды қалай болса солай ала салмай, іріктеп екшеп қолдану. Сөйтіп, тілдің сымбаттылығын көрсетіп сөз өнерінің қадір-қасиетін үздіксіз жетілдіріп, тілдік ортаны, сөйлеу мәдениетін дамытып, олардың жауапкершілігін, ұқыптылығын арттырып отыруға түрткі болуымыз керек.
Тілдік норма - қоғамның барлық топтары үшін қолайлы қатынас құралы.
Ол - мемлекет орындарының, ғылымның, көркем әдебиеттің, газет-журналдардың, театрдың, кепшілік алдында сөйлейтін, лектор, диктор, үгітші-тілшілердің, қала берді жазу арқылы қағаз бетіне түскен ресми тіл. Әдеби тілдің осы ерекшеліктері мен жұмсалу аясының кеңдігі тіл жұмсаушылар үшін жалпыға ортақ жүйе, тұрақты норма болуды керек етеді.
Тіл мәдениетінің әдеби тілдің талаптары тұрғысынан алғанда жазуда ғана емес, сөйлеу тілінде де белгілі нормалары болуға тиіс. Әдеби тілдің түрлі-түрлі стильдерге қат-қабаттарынан негіз болатын нәрселері де жалпы сол халық екшеген нормалары. Тілдік нормалар қоғам мүддесіне негізделеді, олар жалпы халыққа бірдей түсінікті, көңілге қонымды болуы тиіс. Сөздердің айтылу нормасы мен жазылу нормасы бірдей бола бермейді. Дүрысында: ішсе, сенбе, ақ ешкі, сақ бол, құлын, өрік, кез салды, бара алмады, Қонысбек, кім келді? Жаңақорған, асшы, тұз сал, түнгі, Жанқожа, айта көр - дегендердің осы жазылуындай етіп айтудағы түрін нормаға жатқызуға болмайды. Оның себебі, сөздердің айтылу нормасы мен жазылу нормасы әр уақытта бірдей емес. Бұл - қазақ тілінің орфоэпиялық заңдылығымен тығыз байланысты. Дұрыс сөйлей білу тілдің жатықтығын көрсетеді.
Жоғарыдағы мысалдарды сөздің айтылу нормасына сәйкес қолданатын болсақ, ол былайша естіледі және солай айтылуға тиісті. Мысалы: ...ішше, сембе, ағешкі, сақ пол, құлн, өрүк, көс салды, баралмады, Қоныспек, кім гелді? Жаңағорған, ашшы, тұс сал, түңгү, Жаңғожа, айта гөр, т.б.
Көркем әдебиет тілінде әдеби тілдің нормасына жатпайтын, көпшілікке түсініксіз, экспрессивті-эмоциялы бояуы басым, белгілі бір шағын әлеуметтік топтардың тілінде кездесетін жаргондар, варваризмдер, дөрекі, жергілікті ерекшелігі бар диалектілер мен кәсіби сөздер жиі ұшырасып отырады. Бұл - заңды құбылыс. Өйткені автор шығармасындағы кейіпкер өмірімен қоян-қолтық араласып, мінез-құлқы, кәсібі, ортасы, білім дәрежесі жағынан жан-жақты бейнеленуі керек. Шығармадағы кейіпкер суреттеліп отырған сол ортаның адамы.
Бірақ әдеби шығармада бар екен деп оны өз ортамызда қолдануға тырысатын болса, үлкен ағаттық жасаған болар едік (Мұндайлар қазіргі өмірде жиі кездесіп қалады). Диалектілер - жергілікті тіл ерекшеліктері, олар өз ортасында айтуға бейімді болып келеді. Жалпы қауымға таныс әдеби тілге жатпайды. Мысалы: Сіріңке - кеуірт, күкірт, шырпы, шағар, им, оттық, шаңпақ; Шылапшын - леген, жам, кірлен, кірші; Кесе - самал, пиала, кәсе, тасаяқ, шыныаяқ; (Осындағы: шырпы, кесе, шыныаяқ - сөздері әдеби тілге еніп, жалпы халықтың тілге айналып келеді).
Дей тұрғанмен де, белгілі бір кәсіпке байланысты, жергілікті жердің ерекшелігін көрсету үшін арнайы бадырайтып, ашып жазатын, әдеби тіл байлығын молайтуға себепші болатындары да толып жатыр. Олар белгілі бір стильдік мақсатта кейіпкер тілін көрсетеді.
Мысалы: «Қариялар айтпақшы, Қауғабаевтың пешенесіне солай жазылса, бұл қайтпек? (0, иә, басқарушы жолдастың тұрмысы жаман емес екен, зеңкиген бес бөлмелі, шатырлы үй-жай мынау (О.С.).
«Бүгін мені емешегің үзіліп, неғып қонаққа шақыра қалдың, әуелі соны айтшы, қызталақ! (О.С.).
Әдеби тілдің нормасын, тіл мәдениетін сақтау дегеніміз - тілді тек бірізділікпен қатып қалған қағида бойынша қолдану емес, оның тәсілдерін орынды пайдаланып, әр сөзді өз орнына қоя білу, оқырманын жалықтыратын бір сарындылық емес, ойнақы бейнені дәл қолдануды талап етеді. Тілдік элементтердің орны дегенде, оның сөйлемдегі қызметін, қай сөзбен тіркесіп тұрғанын ғана түсінбеу керек, сонымен бірге оның қай жанрда, әдеби еңбектің қандай түрінде қолдануға болады деп қарау керек. Мысалы: Жүректің саусағы, көңілдің жайлауы, көңілдің қаймағы, сенімнің шырағы, шындықтың оты, мазасыз жүрек деген тіркестерді таза ғылыми, ресми мәтіндерде қолданса, өз орнын таппаған тіркестер болар еді. Ал өлең тармақтарында мұндай тіркестер өз орнын тауып, көркемдік тәсіл ретінде құбыла түрленіп, құлпырып жүре береді.
Мысалы: Шындықтың оты жанымда,
Шалықтар жүрек барында,
Шағала сынды шарқ ұрам,
Шабытым жанған шағымда.
Жайқалған гүлден, шайқалған жасыл теректен,
Іздедім сені, осылай ету керек пе?
Бәрі де тұрды қоңырқай ғана мұңайып,
Жыр толды содан мазасыз мынау жүрекке. (А. Таубай)
Бұл - әр жанрдың өзіндік нормасы, өзіндік сөз қолданысы болады деген сөз.
Өзге тілдік нормалардан (диалект) әдеби тіл нормасының өз ерекшелігі бар. Әдеби тіл нормалары оқулықтарда, сөздіктерде, көпшілік қауымның қажетіне айналып отырады. Ал, тиісті әдебиетте көрсетілген қағида, ережелерді сақтамау - нормадан ауытқу болып саналады. Бірақ сөздіктерде тіркелмеген, түрлі оқулықтар мен анықтағыштардан ұшырата алмайтын сөздерді де күнбе-күн кездестіреміз. Әрине, әңгіме бұл жерде қоғамдық өмірдегі сан алуан жаңалықтарға байланысты пайда болып, жаңа мағыналық сипат алған сөздер жайында болса бір басқа. Тиісті әдебиеттерде тіркелмеген сөздерді кітаптардан, күнбе-күнгі газет-журналдардан оқып, радио, теледидардан да естіп жүрміз.
Бір кездерде жаңа сөз болып, өз ортасына бейімделіп кете алмай жүрген мына сөздер бұл күндері арнаулы сөздіктерге еніп, жалпыхалықтық тілге айналды. Себебі әрбір жаңа сөз тіл жұмсау дүкенінде сыналып байқалады, ауызекі тілде халық тәжірибесінен өтеді. Олардың құбылысты дәл, дұрыс бейнелей алатындары өміршең қалады да, лингвистикалық зерттеу елегінен өткен соң, сөздіктерде тіркеліп, оқулықтарға енеді.
Мысалы: Ардагер, тәлімгер (наставник), баспагер, басылым, ғарыш, теледидар, әрлеуші, лездеме (жоспарлау), айдар (рубрика), ғарышкер,
құқұқтану, құжат, ұжым (коллектив), ұшақ, тікұшақ, көгілдір экран, өкім, мәслихат, құрылтай, құрылтайшы т.б.
Тіл жұмсау дағдымызда жиі қолданылатын сөздің бірі - ұстаз.
Бұл сөз - «оқытушы», «мұғалім» дегенмен синонимдес. Ал, қазір жас ұрпақты мамандыққа баулу ісінің елімізде өрістеп, кеңінен қанат жаюына байланысты жастарды мамандыққа, еңбекке баулушы, тәрбилеуші адамдарды да «ұстаз, ұстаз-жетекші, ақылшы ұстаз» деп атай бастады. Кейін «тәлімгер» деген сөзбен орын алмастырды. Қалай десек те жетекшілік ететін, белгілі бір кәсіпке үйретіп, баулитын адамдарды «тәлімгер», «ұстаз-тәлімгер» деп атау дағдыға айналып, күнделікті тұрмыста жиі қолданылып келеді. Әдеби тілге еніп, жалпы халыққа таныс болғаннан кейін де көңілге қонымды, тілге жатық естіледі. Сөз жаттықтығына қойылар талаппен мүлде сыйыспайтын ағат қолданыстардың көзге шыққан сүйелдей болып баттиып тұратыны да, бидай арасында өскен бидайықтай көзге бірден шалына қоймайтындары да болады. Сөз мәдениеті үшін, әсіресе, соңғысы қауіпті. Өйткені ондайлар ет үйрене келе кейбіреулердің дағдысына сіңеді. Мысалы:
«Адамның кенет толқуы не дұрысқа, не бұрысқа көнбейтін өліара сәт қой. Екі қолын қайда қоярын білмей абыржып қалмасы бар ма? Ақыры арқасына айқастырып салды да, бұтағын сыпырып, сылып алған сырғауылдай сыйдия қалды. Сол мұң екен, үстіңгі еріннің сол жақ құйрығы өстіп жоғары шапшып қалушы еді. Костюм үстіне түскен алақаны матаны уыстап мыжғылай берді» (газеттен).
«Таңсәріде». «Жайма шуақ» болмайтынын білмейді-ау деймін. «Жайма шуақ» деп кешегі, не болмаса бүгінгі күннің сипатын айтады. Тегінде мал жаюға болатын қысқа күннің шуағын айтады. Таңсәріге де, тұтас алғанда түн мезгіліне де мұның қатысы жоқ» - дейді.
Сөзді бұлай қолдану дұрыс, бұлай қолдану бұрыс деп баға беру оп-оңай шешіле салатын да шаруа емес. Оны кейде газет-журнал беттерінде ара-тұра айтылып жүрген тартысты пікір-таластардан да байқаймыз. Тіліміздегі бір алуан сөздердің жұмсалуын кейбіреуіміз даулы деп білсек, екінші біреуіміз ондай сөздерді өз мағынасына сай қолданылған деп танимыз. Сондай сөздердің бірі - «паш етті». Осы сөздің мағынасы кейбіреуіміздің түсінігімізше мүлде бұрмаланған. «Паш ету» деген - әшкерелеу, қылмысының, не айыбының бетін ашу деген мағынада. Ал кейбір сөз қолданушылар оны «дәріптеу» деген мағынада қолданады.
Парсы тілінде «паш ету» дегеннің мағынасы «айыбын бетіне басу» дегенді білдірсе, қазақ тілінде - «жария ету», «әйгілеу», «білдіру» дегенді білдіреді. Көркем сөздің көрнекті зергерлері бұл сөзді осы мағынада қолданған. Мысалы:
«Тауының Шыңғыс, биігінің Хан аталғаны сол, Шыңғыс ханның мекен еткен қонысы екенін паш етеді». «Сылдыраған шолпысы әлдеқайда былдыраған тілмен Тоғжанның келуі мен кетуін паш етеді» (М.Ә.).
Паш етуге байланысты осындай мысалдарды өзге де суретшілердің шығармасынан кездестіруге болады. Егер де «паш ету» сөзінің мағынасын парсы тіліндегідей түсінетін болсақ, «Тоғжанның келері мен кетерін шол-пысы масқаралап, қылмысын ашып түр» деп ұғар едік. Осы мысалдың өзінен-ақ «паш ету» сөзінің мағынасы «әйгілеу», «жариялау, білдіру» екендігін байқаймыз. Атақты әнші, сазгер Жаяу Мұсаның «Зорлығын Мұстафаның паш қыламын» деуін де «жұртқа жария етемін, әйгілеймін» деген мағынада екендігін түсінуіміз керек.
Қысқасы, сөз мағынасының өзгеруі, қызметінде жаңа бір қырдың пайда болуы, өзгеше реңге көшуі тілдің өз заңдылықтары бойынша өрбіп отырады. Соларға сүйенбей, оларды елеп-ескермеу «дұрыс» не «бұрыс» деп кесіп айтып, әркім өз қиялынша топшылау жасап жатса, көлеңкеге қарап пішкен тондай келіссіз болып шығуы да мүмкін. Сөздің де сөзі болғанымен, сарасы бар. Тіл табиғаты мен заңдылығын дәл сезініп, дәлелмен дұрыс айтылған сөздің жөні тіпті бөлек болмақ.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
«Сөз жатықтығы» деген тіркесті қалай түсінеміз, оның «таза сөйлеу», «әдемі сөйлеу», «анық сөйлеу» деген сөз тізбектерімен қандай байланысы бар? Өз ойларыңды күнделікті өмірде көріп жүргендеріңмен, теледидардагы көрермен қауымның тілдерімен, не басқа да жагдайлармен салыстырып дәлелдеңдер.
Сөйлеушінің сөзі жатық болу үшін әдеби тіл нормасын еркін меңгеруі керек. Сонда «әдеби тіл» дегеніміз не, оның негізін салушы кім?
Өздерің оқып жүрген бір әдеби шыгармадан үзінді алып, тіліне талдау жасап көріңдер. Сондағы сөздердің барлыгы жалпыхалықтық тілге жата ма, жатпаса ол қандай сөздер? (диалект, жаргон т.б.).
Сөз жатықтыгын жүзеге асыру үшін тілдік норманы қандай принциптермен іске асырамыз? Өз ойларыңды бір жүйеге келтіріп, бір тақырыптың төңірегінде сөз саптап көріңдер.
Диалект сөздерді әдеби тіл нормасына енбейді дейміз. Сонда диалектілер тек қана жергілікті тіл ерекшелігі ме, немесе олардың әдеби тіл қатарына жақындап, түрленіп, өзгеріске түсейін деп жүргендері бар ма? Мысал келтіріп, өз ойларыңды белгілі бір дәлелдермен айтып қараңдар.
Қазақ тілінің орфографиялық, орфоэпиялық нормасының сөз жатықтыгына қандай қатысы бар? Сөздердің дұрыс айтылуына көңіл бөліп, театр тілімен (театр актерларының тіліне еліктей отырып) бір әдеби шыгармадагы монологтарды, табиғат суреттерін жатқа айтып көріңдер.
Кейбір сөз оралымдары ғылыми, ресми мәтіндерде де өз орнын таппай тұрады. Естігенде құлаққа түрпідей тиіп, шындыққа сыйымсыз болып келеді. Ал поэзиялық шыгармаларда олар өзгеше бір реңге еніп, құлпырып кетеді. Бұл неліктен деп ойлайсыңдар? (мысалы: «сөнбейтін серік», «қай-ғысыз күлкі», «ой-тұлпарды қоямын күрмеп-күрмеп»)
Осындай сөз өрнектері бар ресми мәтіндер мен бір лирикалық шыгарманы салыстырып көріңдер.
1-тапсырма: Қазақ әдеби тілін тиімді пайдалана отырып, көңіл айтуды қара сөзбен жеткізіп көріңдер. Өз ойларыңды толық, терең мағынада жеткізу үшін мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді пайдаланыңдар. Өлең мен қара сөздің айырмашылығын түсіндіріңдер.
Орынбай ақын Кертағыұлының Шыңғыс пен Зейнепке Шоқан қайтыс болғанда көңіл айтқаны.
Уа, Шыңғыс, Зейнеп ханым, көтер басты,
Қай қазақ ой ойлаған сенен асты?
Баласы жеті момын келіп тұрмыз,
Күңіреніп босағаңа төгіп жасты.
Тарихтан талай адам көрген едік,
Қызықты нелер дәурен сүрген едік.
Жасымыз мұнша жасқа келгенінше,
Шоқандай науша жасты көрмеп едік.
Қыршын жас, қайран Шоқан өткен бүгін,
Күйзелтіп ел-жұртын кеткен бүгін.
Аяулы жарқын жүзін еске тастап,
Дүниеден ем таба алмай өткен бүгін.
Әуелде солай жазса, не істейсің?
Бұйырса тағдыр, қалай бас имейсің?
Қайран жас қызғыш болған халқы үшін,
Қалайша қазасына күйзелмейсің!?
Түлпар бар ма түяғы майрылмаған?
Сұңқар бар ма қияғы қайрылмаған?
Қашан да тағдыр - ажал жеткен күні,
Кімдерден кімдер жылап айрылмаған!?
Өлеңдегі «науша», «қызғыш», «майрылмаған», «қияғы» деген сөздердің баламасын табыңдар, бүл сөздер әдеби тіл нормасына ене ме, түсіндіріңдер.
2-тапсырма: Мына мәтіннің құрамындағы диалект сөздердің баламасын дәл тауып, әдеби тілдегі сөздермен алмастырып, қайтадан құрыңдар. Бұл сөздердің тілге жеңіл, ауызекі тілде жиі қолданылатындығына көңіл бөліңдер.
Мысалы: - Сен тағын, тағын бастадың ба?! Қанша үрмет қысам да бомай-ақ қойдың ғой, жүдә! Сен албасты! Секеңдеген шәйтән. Қараңғы үйге жалғыз өзіңді қамап қояйын ба, шыли. Көзіңді бозартып, - деп, Мақпал біраз қабағын түйіп, өтірік ашуланған боп қарап тұрды. Сөздері әсер ететін емес. Тамсанды да, аяғын екі-үш басып:
Қараң қалғыр, қоясың ба, жоқ па? Тұр ғой, міні, мыналар адамша тып-тыныш ... Әлде жын ұрды ма сені, түге? - Үй, тілеуің құрсын, өл де маған?... Секеңдеген албасты ... Наяты ... Неткен бүліксің сен ... Құдай ұрып?!
Үй, сарамас... Буазына не бересің тентектің!... Жәйің осы... осы. Бұдан артық қаяққа апарам сені? Оттығың бар. Бедең өні! - деп ішінен:
-Байлап қойсам ба екен, жүдә?.. (М.Ә. «Білекке білек»)
3-тапсырма: Төмендегі портреттерді салыстыра отырып, түсінгендеріңді жазбаша жеткізіп көріңдер. Адамның жан дүниесін білдіретін сөздерді тауып, олардың мағынасына талдау жасаңдар.
...Исаны менің алғаш көруім - 1922 жылдың жазында, Қызылжар қаласында. Сондай бір ақын келіпті дегенге пәтеріне іздеп барсам, түр-тұлғасы жараған киіктей қағылез, бет-аузы бір-ақ уыстай кішкене, «тақия сыймас шекелім» дегендей, шекесі жалпая біткен, лақ-текедей сыртына тебе біткен кішкене қара көзді, ұшы имектеу, тұмсығы көтеріңкі біткен жіңішке мұрынды, сүйір иек, жұқа ерін, жіңішке ұзын мойындағы жүтқыншағының үлкендігі кішігірім баланың жұдырығындай, көкпардың атындай ойнақы мінезді жігіт екен. Басында жасыл пайымен тыстаған, алдыңғы жағын түре киетін пұшпақ бөрік, үстінде жағасына қара барқыт салған түйе жүн шекпен, аяғында қазақы етік, костюмі қалаша (С.Мүқанов).
Бұл жолы қырықты алқымдаған, денесі сәл имиген, ұзын тұра мұғалімнің аты - Шабақ. Мектеп директорының немере ағасы. Ол өткен жылға дейін бастауыш класқа сабақ беретін. Соңғы кезде облыс орталығындағы педагогика институтын сырттан оқи бастаған көрінеді...
Шабаң ағай «әй, өй» деп тұрпайы сөйлейтін, саба түсіндіруі алдыңғы оқытушыға қарағанда көп олқы, бағаны алалап қоятын кісі екен (М. Гумеров «Ерегес»).
Соғыс кезінде маған хат жазып тұрған көп қарындастардың бірі - Сима деген қыз суретіңді жібер деп өтінді. «Осының өзі қандай жігіт екен, көрейінші» деген болу керек. Дұрыс қой, бірақ қыздың өтінішін орындауға пәрмен болмады, окопта отырған солдатты кім суретке түсіре қойсын. Сонда да қыз ренжімесін деп жауап жаздым. Майданда фотография жоқ, сондықтан суретімді ауызша айтайын деп, мынадай өлең жаздым:
Достарыңызбен бөлісу: |