Новостроительный көшесі
Новостроительный көшесі Космонавтар көшесінен басталып, Наркескен көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 400 м. Балауса, Жекебатыр көшелерімен қиылысады.
Новостроительный – «жаңа құрылыс» деген мағынаны білдіреді. Республикамызда осы аттас елді мекендер кездеседі.
Ноғайлы көшесі
Бұрынғы атауы – Зеленый берег көшесі. Ноғайлы көшесі Дулыға көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 261,4 м.
Ноғайлы – Алтын Орда ыдырағаннан кейін құрылған Ноғай Ордасының негізін қалаған түркі-моңғол тайпаларының ортақ атауы. ХV-ХVІ ғасырлардың аяғында Ноғайлы жұрты көрші елдерге де осы атпен мәлім болған. ХVІ ғасырдың екінші жартысынан бастап Ноғайлы бірнеше ұлысқа бөлініп кеткен. Ноғайлы мәдениетінің ең негізгі мұрагерлерінің бірі – қазақ халқы болып табылады.
Нұрлыжол көшесі
Бұрынғы атауы – Школьный көшесі. Нұрлыжол көшесі Армандастар көшесінен басталып, Ұлан орамы, Өркениет, Аралқұм, Қаражал, Көксай көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1700,6 м.
Нұрлыжол – «келешегі жарқын, ашық, жарық» деген мағынаны білдіреді. Нұрланып, нұр шашып тұрған жақсылыққа бастайтын жол. Сондай-ақ, ақ жол, сәт сапар тілеу мағынасында да қолданылады. Елімізде осы аттас елді мекендер де бар.
Обаған көшесі
Бұрынғы атауы – №39 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (оң жақ). Обаған көшесі Қарасаз көшесінен басталып, М.Төлебаев көшесінде аяқталады. Кеңгір, Таскескен, Арғанаты, Балқантау, Жанкент, Ақсу-Аюлы, Зеренді, Ошақты, Сырымбет, Бағаналы, М.Жұмабаев даңғылын, Сарқан, Бөрілі, Баянтау, Мойынты, Түлкібас, Қордай, Қоңыраулы, Бесшалқар көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 3005,8 м.
Обаған – Тобыл алабындағы өзен. Қостанай облысының Әулиекөл, Қарасу, Алтынсарин, Ұзынкөл аудандарының жерімен ағады.
Ойжайлау көшесі
Бұрынғы атауы – Е.Пугачев көшесі. Ойжайлау көшесі Жерұйық көшесінен басталып, Әулие ата көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 354 м.
Ойжайлау – Жетісудың таулы жерінде, Еңбекшіқазақ ауданының Асы жайлауының бергі жағында, Жоңғар Алатауының Лепсі өзені жағасында орналасқан көк майсалы, көкорай шалғынды көрікті жайлау және Қорғас өзенінің төменірек тұсынан қосылатын кішкене өзен.
Ойыл көшесі
Бұрынғы атауы – Квартальный көшесі. Ойыл көшесі Арқарлы көшесінен басталып, Байқадам, Балықты, Жасыл, Көкбастау көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1240 м.
Ойыл – Жайық алабындағы өзен және Ақтөбе облысындағы аудан, елді мекен атауы.
Достарыңызбен бөлісу: |