Современниктер көшесі
Современниктер көшесі Романтиктер көшесінен басталып, А.Тоқпанов көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 144,2 м.
Современниктер деген сөз «замандастар» деген ұғымды білдіреді.
Солнечный көшесі
Солнечный көшесі Қараөткел көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 200,2 м.
Солнечный – «шуақты» немесе «жаймашуақ» деген ұғымды білдіреді.
Сусамыр көшесі
Бұрынғы атауы – М.Лунин көшесі. Сусамыр көшесі И.Крылов қысқа көшесінен басталып, Өзен көшесінде аяқталады. Қызылжар, Қатаркөл орамдарымен және Үстірт көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 767,6 м.
Сусамыр – жайлау аты. Жамбыл облысында орналасқан. Атауға байланысты қазақтың халық әні бар.
Сұлукөл көшесі
Бұрынғы атауы – Олимпийский көшесі. Сұлукөл көшесі Болашақ көшесінен басталып, Ардагерлер көшесінде аяқталады. Алмалық көшесін қиып өтеді. Ұзындығы – 828,6 м.
Сұлукөл – көл аты. Көлдің ғажаптығына, сұлулығына байланысты қойылған атау. Еліміздің бірнеше жерлерінде Сұлукөл атты көлдер кездеседі.
Сұлутөбе көшесі
Бұрынғы атауы – №34 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (оң жақ). Сұлутөбе көшесі М.Жұмабаев даңғылынан басталып, Қордай көшесінде аяқталады. Сарқан, Бөрілі, Баянтау, Мойынты, Түлкібас көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 638,4 м.
Сұлутөбе – шоқы, жота, төбелердің көркемдігіне, әсемдігіне байланысты қойылған атау. Бірнеше өңірлерде осы аттас жерлер бар.
Сұлутөр көшесі
Бұрынғы атауы – №36-12 көше. «Қараөткел» шағын ауданы. Сұлутөр көшесі Атырау көшесінен басталып, Имантау, Арна көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 621,3 м.
«Сұлутөр» – Жамбыл облысындағы жайлау аты.
Сығанақ көшесі
Бұрынғы атауы – №19 магистраль көшесі (Жаңа әкімшілік орталық). Сығанақ көшесі Тұран, Қабанбай батыр даңғылдарын және Сауран, Ақмешіт, Түркістан, Орынбор көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 3074,8 м.
Сығанақ – ортағасырлық қала. Қызылорда облысы, Төменарық теміржол стансасының солтүстік-батыс жағында 10 шақырым жерде орналасқан. Ертедегі Сығанақ – қыпшақ мемлекетінің сауда және саяси орталығы болған. Қала туралы алғашқы дерек Х ғасырдағы парсы шығармасы «Худуд әл-Әлемде» кездеседі.
Сырдария көшесі
Сырдария көшесі Ж.Омаров көшесінен басталып, Күлтегін орамында аяқталады. С.Сейфуллин, Қарағанды, Ә.Жангелдин көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1204,8 м.
Сырдария – Орта Азиядағы ірі өзен.
Сырымбет көшесі
Бұрынғы атауы – №46 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (оң жақ). Сырымбет көшесі Б.Момышұлы даңғылынан басталып, Жанкент көшесінде аяқталады. Талғар, Обаған көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 950,1 м.
Сырымбет – Көкшетау қыратының солтүстік-батыс жағындағы үстіртті жазық өңір. Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданының құрамына кіреді.
Сілеті көшесі
Бұрынғы атауы – №17 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (сол жақ). Сілеті көшесі Ғ.Мұстафин көшесінен басталып, Бурабай көшесінде аяқталады. Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 596,9 м.
«Сілеті» – суға байланысты туған атау. Қазақстанның бірнеше жерінде осы аттас өзендер мен көлдер бар.
Достарыңызбен бөлісу: |