Ағыбай батыр көшесі
Бұрынғы атауы – Интернациональный көшесі. Ағыбай батыр көшесі Ә.Бөкейхан көшесінен басталып, Асанқайғы көшесінде аяқталады. Республика даңғылын және Қорқыт, М.Ғабдуллин, М.Мәметова, Ш.Иманбаева, Үшқиян, Р.Қошқарбаев, Ш.Уәлиханов, Тараз көшелерін қиып өтіп, Ұзындығы – 1380,6 м.
Ағыбай батыр (1802-1885) – Ресей отаршылығына қарсы ұйымдастырылған Кенесары Қасымовтың көтеріліс басшыларының бірі, қолбасшы.
Адырна көшесі
Бұрынғы атауы – Самоцветный көшесі. Адырна көшесі Құлагер көшесінен басталады. Ұзындығы – 344,2 м.
Адырна – қазақтың көп ішекті шертпелі саз аспабы. Аспаптың шанағы қуыс, беті терімен қапталады. Адырнаны тізенің үстіне қойып, басын иыққа тіреп, ішектерін іліп тартып немесе шертіп ойнайды. Адырна қазіргі кезде фольклорлық әуендер мен шағын күйлерді орындауда қолданылады.
Айғаным көшесі
Бұрынғы атауы – №171 көше. Айғаным көшесі Ұлбике ақын, М.Жагорқызы, Айман-Шолпан, Қыз Жібек, Айша бибі, Тұмар ханым, Ақжүніс, ақын Сара көшелерімен қиылысып, Қорғалжын тасжолында аяқталады. Ұзындығы – 967,2 м.
Айғаным Сарғалдаққызы (1783-1853) – Ш.Уәлихановтың әжесі, Уәлидің кіші әйелі. Айғаным өз заманының алдыңғы қатарлы адамы болған. Шоқанның болашақта үлкен ғалым болып қалыптасуына әжесі Айғанымның әсері көп болған.
Айдарлы көшесі
Бұрынғы атауы – №29 көше. «Көктал» тұрғын алабы. Айдарлы көшесі Баршын көшесінен басталып, Ұлытау көшесінде аяқталады. Құланөтпес көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 294,2 м.
Айдар – кішкентай баланың төбесіне қойылатын шаш. Айдар қою қаһарлы күш-қуаттың белгісі тәрізді болған.
Достарыңызбен бөлісу: |