... Атақты және бай адамдардың мүдделері,тіпті мәдениетті қоғамдардың өзінде де көпшіліктің мүдделеріне жау болады
Талантты ғалым, публицист, әдебиет зерттеушісі, саяхатшы-географ Шоқан (шын аты Мұхаммедханафия) Шыңғысұлы Уәлиханов XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі. Оның қысқа да жарқын өмірі, жан-жақты зерттеушілік қызметі, философия, этнография, тарих, экономика, құқық, география, ауыз әдебиеті, әдебиет теориясы, т.б. жайындағы ғылыми зерттеулері, пікірлері қай кезде болмасын өзінің құндылығымен жарқырай берері сөзсіз. Қазақ халқының рухани ізденістерінің жарқын көрінісі бола отырып, қоғамдық ойсана, пікір-тұжырымдардың биіктей өркендеуіне ерекше ықпал етті. Шоқан 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде атақты аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов отбасында дүниеге келген. Арғы атасы Абылай жоңғарларға қарсы соғыста асқан ерлік көрсеткен, ел бірлігі мен тыныштығы үшін күрескен, ақылды қолбасшы, іскер дипломат, амал-айласы мол Орта жүз ханы болған. Шоқанның балалық шағы Сырымбет тауының баурайында, туған елі Көкшетауда өткен. Шоқан әжесі Айғанымның тәрбиесінде болған. 1847 жылы 12 жасар Шоқанды әкесі сол кездегі ең таңдаулы оқу орны болып есептелген Сібір кадеті корпусына оқуға орналастырады. Шоқанның бүкіл келешегі мен ғылым, өнер жолындағы талантын ашуда бұл оқу орнының маңызы ерекше болды. Мұнда жабық әскери оқу орны болғанымен, көптеген пәндер әскери сабақтарға қоса орыс, батыс әдебиеті, географиясы мен тарихы, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері оқытылып, орыстың озық ойлы интеллигенттерінің өкілдері сабақ берген.
Қашқария-үш жағы бірдей биік тау жоталарымен қоршалған, төртінші-шығыс жағы Гоби даласымен ұласып жатқан құмды сахара. Шекаралық тау жоталарының ішінде жол қатынасына қолайлысы Тянь- Шань.
Бұл тау арқылы үш жол өтеді.
Таудан талай өзен ағып шығады.Осы өзендер болмаса, бұл құлазыған құнарсыз жерлер адам мекені бола алмас еді.
Қытайдан Қашқарияға келетін жалғыз-ақ жол бар. Ол бір жақсы өңделген жол және оның бойындағы елсіз жерлерде почта тасу міндетін атқаруға тиісті қашқарлықтар мекендейді.
Ауа райы жақсы, жергілікті адамдарға оның таза ауасы қандай жақса, шетелдіктерге де сондай жағады. Қысы ұзақ болмайды, қары көп жатпайды. Өлкенің минералдық байлықтары аз зерттелген, әйтсе де алтын және мыс кендері бар екенін аңғартқандай белгілер кездеседі. Бұл елде жүзім, мақта, астық және бақша өсімдіктері егіледі.
«Алтышаһар» халқының санын анықтау мүмкін емес.Қытайлардың қала деп санап жүрген ең үлкен қыстақтарының өзінде халық саны өте аз. Қашқар округының ең үлкен қыстақтары Файзабад пен Ханрықта небәрі 2 мыңға жуық үй бар.
Қашқарлықтар мейірбан әрі бауырмал, жарқын мінезді, еңбекқор және мейлінше сыпайыгер халық.
Осы сапарында қазақ,қырғыз ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинап алады. Бұл еңбегін жоғары бағалаған генерал Г.Х.Гасфорт оны наградаға ұсынады, әскери лауазымы бір сатыға жоғарылап, поручик атағын алады.
Шоқаннан қалған мұраның бірі — бейнелеу өнеріндегі зерттеулері. Бұл еңбектер оның өнердің осы саласындағы қазақтың тұңғыш профессионал суретшісі болғанын дәлелдейді. Ол негізінен портрет, пейжаз және халықтың тұрмыс-салтын бейнелеумен айналысқан. Одан 150-дей сурет қалған.
Шоқан өмірімен ғылыми творчестволық қызметінің аса елеулі кезеңі – оның 1859 жылдың аяғында Петербургте болуы еді. Петербургте ол идеялық жағынан көп өсіп, әлеуметтік жағынан толысып қайтты. Денсаулығы нашарлап ол еліне қайтады. Шоқан 1865 жылы қайтыс болады. Оның сүйегі Алтынемел тауының баурайындағы Қөшен – Тоған деген жерге қойылады.