Батаны кімдер береді?
Бата көбінесе жастарға беріледі. Бата беретіндер: көпті көрген құрметті ақсақалдар мен кемеңгерлер, дуалы ауызды билер, атақты адамдар, өз ісінің хас шеберлері. Қазақ халқында бата берудің өзіндік орны мен жолы, жөні бар. Батаны халық арасында (қонақтар ішінде) үлкен адам болмаса, көптің рұқсатымен, жас болса да бас боларлық жолы, жөні бар адам береді. Ерлер отырғанда әйел бата бермейді. Әйелдер арасында сөз білетін бір ер бала отырса, әуелі сол бата беруге тиісті. Халқымызда батырларға, билерге ардақты аналардың да бата берген кезі көп. Бата көзі тірілерге ғана емес, аруақтарға да жасалған. Батаның өз қисыны бар. Оның айтылатын да, айтылмайтын да жерлері болады. Және де қуаныш пен тойдың ретіне қарай соған лайықты бата беріледі. Қазақта ұлы үйленгенде атасы, ол болмаса, сол әулеттің үлкені, әкесі бата беруге тиіс. Той иелерінің қалауымен екі жасқа бата беруді басқа да үлкен кісілерден сұрауға болады.
Қазақта: «Өз ісінің шеберінен бата алса, соған тартып, батасын алған жас та шебер болады», - деген сенім бар. Бұл орайда Х.Досмұхамедұлы былай дейді:
«... Қазақ қауымы арасында өз ісінің шын шебері, мәселен, би, ақын, зергер т.с.с. табиғат сыйлаған дарын-өнерін басқа біреуге ақ батасы арқылы мирас етіп қалдыра алады деген сенім кең таралған. Сондықтан да осындай атаққа немесе өнерге ыңғайлы, икемі барлар сол саланың атақты өкіліне аттанады және қайтсе де оның көңілін тауып, ақ батасын алуға тырысады. Қазақ арасындағы белгілі бір би, атақты ақын, аруақты бақсы не зергер пәленшеге, түгеншеге өзінің ақ батасын беріп, ақыл-өсиетін айтыпты, сонан соң ол да би, ақын, бақсы не зергер болыпты, дегендей аңыз-әңгімелер орасан көп. Бұл – батаның бір түрі.
Батаның тағы бір түрі – ас-дәмге ризашылығын білдіріп, рахметін айту. Әрбір қонақ өзіне арналып сойылатын қойға батасын беріп және әр дастарқаннан кейін үй иесіне рахметін білдіріп отыруы шарт... Әдетте, батаны қонақтардың ішіндегі ең жасы үлкені береді және ол көбінесе өлең түрінде болып келеді...»
Достарыңызбен бөлісу: |