Батаның негізгі түрлері: Ақ бата; Теріс (қарғыс) бата; Серттесу батасы (баталасу).
Ақ бата – шын жүректен шыққан ізгі тілек, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өсиетнама, Аллаһ Тағаладан мейірім-шапағат сұрау, қазақтың қасиетті тұмары. Ақ батаның негізгі мақсаты – ағайынның бір-біріне деген мейірім-шапағатын, сүйіспеншілігін білдіру, бірін-бірі ынтымақ-ырысқа, береке –бірлікке шақыру, үлкен-кішінің жолын ашу, келешекте жүзеге асырылатын мақсат, мүдделерді белгілеу. Соған сәйкес, ақ бата көбінесе мынандай жағдайларға байланысты беріледі: жаңа туған нәрестеге, өмір жолын жаңа бастаған ұл-қызға, жас отауға, алыс жолға шығушыларға, үлкен бір істі қолға алушыларға, жорық-шеруге аттанушы сарбаз-сардарларға, түрлі жақсылықтарға арнап жасалынған тойларға, аруақтарға арналған асқа, жауын тілеген тасаттыққа, жиналған егінге, садақа, құрбандыққа, қонақасыға, күздік, соғымға сойылған малға, сойылған соғым басына, қонақасыға, Наурызға (Наурыз бата), Жаңа жылға, мүшел жасқа, дастарқанға, Ораза ұстағандарға (Жарапазан бата).
Теріс бата – қарғыстың қатты, жазаның өте ауыр түрі. Мұндай батаны әке-шешесі сенімін ақтамай, үлкен ұятқа қалдырып, әулетін, ата-тегін масқаралаған, өздеріне қолы, тілі тиген, дінін, тілін, Отанын сатқан, жауыздық, ауыр қылмыс, кешірілмес күнә жасаған баласына қолдарын теріс жайып тұрып берген. Батаның бұл түрі ел ішінде өте сирек қолданылады. Теріс бата ұрпақтан-ұрпаққа қара таңба болып қалып келген. Ата-анасының теріс батасын алғандарды халық жек көрген, оларға сенім артпаған, қонаққа шақырмаған, қыз беріп, қыз алыспаған, дос болмаған. Теріс батаны қайтару, қайтып алу үшін алқалы жұртты жинап, Аллаһ Тағаладан теріс батаны өзгерту сұралып, жалбарыну рәсімдері жасалынған. Тірі болса, ата-анасы: «Теріс батамды қайтып алдым», - деп айтқан. Адамдар қаншама ашуланып, қорланып, намыстанса да теріс бата беруге асықпағаны, теріс бата беруден сақ болғаны, теріс батаға мән бермей, айтып қалудан бойын аулақ ұстағаны абзал. Өйткені, «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады».
Серттесу батасы (Баталасу) – құдалықта, серт пен уәдеде, елшілікте, ел арасындағы маңызды үлкен шараларда жасалатын жол. Ол – хан, ақсақалдар, билер алдында, аруақ орнында да жасалып, қол алысылып орындалатын ғұрып. Оны бұзу, яғни, «бата бұзу» - қарғыспен тең. Қазақ баталасуды – елдіктің, тектіліктің, азаматтық қасиеттің белгісі деп таниды. Этнограф – жазушы Сейіт Кенжеахметұлы баталасуға байланысты мынандай бір оқиғаны айтады: «Шақшақ қайтыс болғанда (ХVII ғасыр) оның жас әйелі Сомалтынды жақын қайнысы Әйдеркеге қосады. Осы Сомалтынның Шақшақтан туған жас баласы Есназар мен Әйдеркеден туған Жылқыайдар екеуі енелес. Екі бала бірге өсіп, ер жеткеннен кейін елдің басты адамдары жиналып: «Сомалтын қасиетті, өнегелі ана болды. Бұдан былай одан туған Есназар мен Жылқыайдар бір ананың баласы болғандықтан, қанша ата өтсе де, бір-бірінен қыз алыспасын, өмір бойы туыс болып саналсын», - деп, қол жайып, аруақ атын айтып, баталасыпты. Міне, сол бата арада 400 жылдай уақыт өтіп, арасы 12 атаға толса да, әлі бұзылған жоқ».
Достарыңызбен бөлісу: |