2-параграф. Ауыл шаруашылығы саласындағы ұйым (филиал) басшысының орынбасары
8. Лауазымдық міндеттері:
құрылымдық бөлімшенің қызметін басқаруды жүзеге асырады, оның жұмысын ұйымдастырады және үйлестіреді, бөлімшенің негізгі міндеттері мен функцияларына сәйкес мәселелер бойынша шешім қабылдайды;
ұйымның саясатын, бөлімше қызметінің мәні болып табылатын проблемалар бойынша даму стратегиясын айқындауға және іске асыруға қатысады;
іс-шаралар жоспарларын, нұсқаулық және әдістемелік жоспарларды әзірлеуге басшылық жасайды;
бөлімшенің өндірістік-шаруашылық қызметінің нәтижелеріне талдау жасайды;
бөлімшеге келіп түскен құжаттар мен материалдарды қарайды және олар бойынша шешім қабылдайды, олармен жұмыс істеу тәртібін айқындайды;
бөлімше қызметінің мәні болып табылатын мәселелерді келісу үшін бөлімшеге келіп түскен құжаттар жобалары бойынша қорытынды береді;
басқарушылық шешімдердің іске асырылу барысын, олардың әдістемелік қамтамасыз етілуін ұйымдастырады, жоғары тұрған басшылық қабылдаған өзге де құжаттарға талдау жасайды;
жоғары тұрған басқару органдарының қарауына бөлімшенің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша баяндамалар, ұсыныстар, шешім жобаларын енгізеді;
бөлімше қызметінің мәселелері бойынша семинарлар, кеңестер, консультациялар ұйымдастыруға және өткізуге басшылық жасайды және тікелей қатысады;
бағынысты жұмыскерлер арасында лауазымдық міндеттерді бөледі;
бағынысты жұмыскерлерге өкімдер береді және олардың жұмысының нәтижесін талдайды.
бағынысты жұмыскерлердің біліктілігін арттыру үшін жағдай жасайды;
уәкілетті мемлекеттік органдармен, бөгде ұйымдармен, ұйымның құрылымдық бөлімшелерімен бөлімшенің құзыретіне кіретін мәселелерді шешу бойынша өзара іс-қимыл жасайды;
бөлімшенің материалдық, қаржылық, және еңбек ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етеді;
мемлекеттік, коммерциялық және қызметтік құпия болып табылатын ақпаратты қорғау бойынша жұмыстар жүргізеді;
ұйым басшылығына бөлімшенің жұмысын жетілдіру бойынша, бағынысты жұмыскерлерді ынталандыру, жазаға тарту туралы ұсыныстар енгізеді;
бөлімше жұмысының нәтижелерін есепке алуды, белгіленген есептілікті жүргізуді және уақтылы ұсынуды қамтамасыз етеді;
бағынысты жұмыскерлердің еңбекті қорғау және өрт қауіпсіздігі талаптарын, өндірістік және еңбек тәртібін, ішкі еңбек тәртібі қағидаларын сақтауын қамтамасыз етеді;
өз құзыретінің шегінде сыбайлас жемқорлық іс әрекетіне қарсы бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдау үшін дербес жауапты болады.
9. Мыналарды:
Қазақстан Республикасының Конституциясын;
Қазақстан Республикасының Жер кодексін;
Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексін;
«Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңды;
«Геодезия және картография туралы» Заңды;
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңды;
«Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» Заңды;
бөлімшенің (ұйымның) қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, ұйымның міндеттері мен функцияларын және бөлімшенің қызмет аясын, сондай-ақ негізгі қызметпен аралас қызмет аясын негізге ала отырып, тиісті білім саласындағы ғылыми және практикалық мәселелерді, бөлімшенің құзыретіне кіретін мәселелерді шешу бойынша отандық және шетелдік тәжірибені, еңбек, азаматтық, әкімшілік және қылмыстық заңнама негіздерін, экономиканы, еңбекті ұйымдастыруды және басқаруды, коммуникация және байланыстың қазіргі заманғы құралдарын, есептеуіш техниканы, оларды пайдалану ережелерін, ішкі еңбек тәртібі қағидаларын, еңбекті қорғау және өрт қауіпсіздігі бойынша талаптарды білуге тиіс.
10. Біліктілікке қойылатын талаптар:
Жоғары (Мемлекеттік және жергілікті басқару, құқықтану, экономика, менеджмент, агрономия, жеміс-көкөніс шаруашылығы, топырақтану және агрохимия, өсімдіктерді қорғау және карантин, биология, биотехнология, ветеринарлық медицина, ветеринарлық санитария, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы, жерді мелиорациялау, баптау және қорғау, аграрлық техника және технология, ауыл шаруашылығын энергиямен қамтамасыз ету, орман ресурсы және орман шаруашылығы, геодезия және картография, гидрогеология, су ресурстары және суды пайдалану) мамандығы бойынша (және/немесе бакалавр, магистратура, философия ғылымдарының докторы РhD) білім және кәсіби қызмет бағыты бойынша еңбек өтілі 4 жылдан кем емес.