Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары



бет26/34
Дата21.07.2017
өлшемі5,93 Mb.
#21827
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   34

* * *

Бұл күнде мерейтой көбейді. Көл-көсір дастарханға көз, көпірме сөзге құлақ үйренді. Қай асқа қасық, қай шалқымаға құлақ саларын білмей бөгіп отыратын болды жұрт мұндай тойларда. Тойлардың дастарханы айна-қатесіз ұқсас, өйткені ас бір аспаздың қолынан шығады, сөйленер сөз де біреу-ақ, аянбай мақтау, жабыны тұлпар, күйкентайды сұңқар ет, бәрекелді.



  • Мына той қызық басталды.

Той иесі суайт еді.

Тойшыларға бәрібір, өзіне сөз беріледі-ау дегендері айтатын тәтті лебіздерін жұптап отыр.

Тойды ашу үшін сөз той иесінің ағайын ақсақалына берілді.

Ауылдың кәдімгі қара шалы микрофонды қолына жасқана ұстап, шошыңқырап аузына жақындатты да:



  • Қарағым!-деді. – Сен елуге шыққанша елді алдап келіп едің, енді қоярсың. Бізге де, саған да керегі сол,-деп микрофонды той иесіне ұстата салды.

Айналайын қазақтың қара шалы, шындықты сен айтпасаң, кім айтады, мына қошаметшіл ағайыннан оны күту-күпірлік.

* * *


Кейінгі кезде мен 25 және 17 нөмерлі автобустарға жиі мінетін болып жүрмін. Бұл екеуі жүретін жолда Қонаев аялдамасы бар.

Автобустардың кондукторлары кез келген аялдамадан шыға бере келесі аялдаманың атын айтып, «...бар ма?»-деп сұрайды. Сонда кондукторлар өзіміздің қара көз бола тұра «Кунаева бар ма?»-деуден бір танбайды. Бұл - грамматикалық жағынан сауатсыздық. Біздің сауатсыз бауырларымыз орыстың «Остановка Кунаева» дегенін қазақша айтқан болып отыр. Орыстар ілік септігінде айтып отыр, олар қазақтың ұлы перзенті Қонаевтың кім екенін білмесе де ер адам екенін біледі, ал біздің білімсіздер Қонаевты, (айтуға ауыз бармайды) кімге айналдырып жібергенін білмейді.

Жарайды орыс тіліне шорқақ-ақ болайық, ал ат жалын тартып мінген қазаққа Қонаевтың кім екенін білмеу өлім емес пе?! Өлімнің көкесі!

«Театр киім ілгіштен басталады»-деген сөз тегін айтылмаған, ең бастысы, ол –театрға келген адамның мәдениеттілігін білдіреді.

Ал, қоғамдық транспорт-оны жүргізушілердің, кондукторлардың мәдениеттілігімен қоса саналылығын да білдіреді. Егер біздің автобус, троллейбустарымызда өз елін сүйетін адамдар қызмет етсе, осыдан алды он, соңы төрт-бес жыл бұрын өзгертілген көшелер атымен аталатын аялдамаларды сол бұрынғы қалпында жариялар ма еді. Білгенге аялдаманың атының өзі-патриоттық тәрбиенің көзі.

* * *


Мені, анығырақ айтқанда, менің жазғандарымды менсінбеген бір ағай:

  • Әй, қойшы соны, балаларға арналған шығармалар ғой,-деді әңгіме кезінде.

Балалар жазушысын, анығырақ айтқанда, балаларға арналған шығармаларды ауызға алғысыз етіп отырған адамды бірінші рет көруім еді бұл.

Мен балалар жазушысы болғанымды бақытым деп білетін едім.

Әжептеуір сөзге келдік.

Ол ағайды алған бетінен қайтару мүмкін емес еді.

Қазір де мен мына әңгімені ол үшін емес, балалар әдебиеті үшін жаным күйіп жазып отырмын.

Менің жеке шығармашылығымды кім қалай бағалайды, ол-өз еркі, ал балалар әдебиетіне бұлайша мұрын шүйіріп қарау-білімсіздік.

Небір ұлы жазушылар балаларға арнап шығарма жазуды ардақты борышым деп білген.

Адамзат көркем ойының алыбы Л.Н.Толстой «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясын жазып, даңқы мейлінше шарықтап тұрған кезінде тұтас үш жыл бойы балалар әдебиетіне өзіндік үлесін қосумен айналысқан, «Әліппе», есеп кітаптарын, балалар түсінігіне лайықты бірнеше кітапша жазған. Сол әңгімелер көлемі, қазіргі журналистік тілмен айтқанда, 20-30-ақ жол, салмағы-зіл батпан.

Ұлы орыс сыншысы В.Г.Белинский: «... должно родиться а не сделаться детским писателем, это своего рода призвание. Тут требуется не только талант, но и своего рода гений»,-деген.

Осы екі гәпті білген адам балалар әдебиетін, оның талмай жазып келе жатқан өкілі – мені бұлайша қомсынып, көңірсімес еді.

Ақылды адам айтпақ сөзін білер еді.

Ақылсыз адам білмей сөйлеуге беріледі.

* * *

Менің «Мен – апамның баласымын», атты романым «Жұлдыз» журналында жариялануға дайындалып жатқанда Таразға қазақтың оқыған-тоқығаны көп білгір жазушыларының бірі – Төлек Тілеуханов келіпті. Жолығып, әңгімелестім.



Төлек - «Жұлдыздың» бөлім меңгерушісі, менің қолжазбамды оқып, разы болыпты. «Әсіресе итің керемет екен»,-деді Төлек. Мен білетін Төлек - сөзге жоқ, біреуді мақтау сөз аузынан шығып көрмеген жазушы.

Қатты қуандым. Енді қалай, сиясы әлі кеппеген шығармам мақталып отыр.

Шынында, мен романымда балалығымның апайтөс, алғыр тазысы қарауыз жөнінде сүйсіне жазғаным рас.

Жазушыға кім, не туралы жазу үшін көп дайындық керек. Мен де қарауыз жөнінде жазуға аз дайындалғаным жоқ. Бұл ретте білгенге үйренерлік жазушылар - Джек Лондон мен Мұхтар Әуезов. Лондонның «Ақ азуы» мен Әуезовтың «Көксерегін» оқыған адам ит туралы қалам тартудың қыр-сырына әбден қанығары аян. Бұл екі ұлы жазушыда елеулі айырмашылық бар. Лондон ит болып жазады, Әуезов ит туралы өзі баяндайды. Лондон тіптен ит туралы жалғыз «Ақ азу» емес, тағы екі роман жазған. Ол «Джерри- аралдық», «Майкл-Джерридің інісі» деген романдарында итті басты кейіпкерлері етіп ала отырып, өзі өмір сүрген қоғамның ең өзекті мәселелерін қопарып жазған. Ал, Мұхаң ойын баласы, аңғал Құрмаштың адаммен әсте достаспайтын жыртқыштың аузына түсіп қалғанын қатыгез өмірдің трагедиясына айналдырып өрнектеді ғой.

Әдебиетте бұл екі жазушыдан үйренгендер көп болды. Елікегендер емес, үйренгендер олар. Мен солардың ішінен өзіміздің Мұхтар Мағауинді ерекше атар едім. Мұхтардың «Тазының өлімі» деп аталатын хикаяты иттің көкірек көзімен қазақ өмірінің бүткіл бір аумалы-төкпелі кезеңін керемет бейнелейді.

Мен болсам, Лашыныммен байланыстыра отырып, өзім бала болған кездің, яғни өткен ғасырдың елуінші жылдарының өмір шындығын өрнектедім. Онымның енді Төлек сияқты кірпияз жазушының көңілінен шыққаны – маған қуаныш!

* * *

2007-ші жылды мен білетін адамдардың ішіндегі ең жақсы қорытындылағаны профессор Мекемтас Мырзахметов болды.



Бұл жылдың соңын ала Мәкең әдебиет пен өнер адамдарына арналған мемлекеттік стипендияны иеленді, Жамбыл облысының Құрметті азаматы атанды.

Біраз адам Мәкең ағамызды осы қуаныштарымен құттықтадық. Сөйтсек атақты ғалым стипендияға да, атаққа да өзін кімдердің ұсынып, олардың қалай беріліп жүргенін білмейді, сонша бір жарыла қуанып та отырған жоқ. Бәйгені шаппай алды деген осы-ақ болар.

Стипендияға да, Құрметті атаққа да адам талай өткелектіен өтіп барып ие болатыны екінің біріне аян. Облыстың Құрметті азаматы атағын алу үшін кейбіреулердің әліне қарамай басын тауға да, тасқа да ұрғанын көріп те, біліп те жүрміз. Ал, Мәкеңе стипендия да, атақ та өз-өзінен бұйырған.

Бұл, әрине, бір қарағанға, әйтпесе, бұл талантты, дарынды еңбекқор адамның әдебиеттану ғылымына, облыстың қоғамдық өміріне қосқан үлесі тым қомақты. Оған көрсетілген құрмет - өзі өмір бақи сарыла зертттеп, насихаттап келе жатқан ұлы ұстазы Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген ұлғатының анықтығының айқын көрінісі.

* * *

-Өткен жаңа жылыңызбен құттықтаймын!



Қазақ радиосының адамдар бір-бірін құттықтап, музыкалы сәлем жолдап жататын бағдарламасында біреу осылай деп соқты.

Мен неге «соқты»-деп кекесінмен айтып отырмын? Себебі құттықтаушы бұл жерде Жаңа жыл деп тек 1-қаңтарды айтып отыр, біздіңше 1-қаңтар – жаңа жылдың алғашқы күні, алда оның әлі 365 күні бар, ал биыл – кәбиса жыл, ендеше ол 366-ға толады.

Әңгіме ауанымен арифметикаға түсіп кеттім, әйтпесе, менің айтпағым: адам әр сөзін абайлап сөйлеуі керек. Бір кезде «Аздан да, көптен де үнемдейік»-деген жақсы ұран болған сол сияқты, аз айт, көп айт –ойланып айт. Әр сөздің түбіне терең бойламай сөйлеу олақтық қана емес, шолақтық та. Аузына келгенді ойланбай айта салатынға күйіп кеткен қазақ: «Абайламай сөйлеген ауырмай өледі»-деп ескерткен. Абайламай сөйлегенге осыдан артық тұқырту сөз қайдан табылсын. Әр сөзді пішіп, кесіп сөйлеу-ақыл-ойдың көрінісі. Осыны білген адам сөзін түзер дегеннен басқаны айту-артық.

* * *


Ұлы Гогольге «Өлі жандар» атты теңдесі жоқ романның сюжетін ұлы Пушкин берген. Таланты жөнінде бұл екі алыпты салыстырып сөйлеу-әбестік. Әрине, Пушкин «Өлі жандарды» Гогольге өзі жаза алмайтын болғандықтан берген жоқ. Мұның себебін білмек болып басын қатырғандардың бір де бірі ешқандай анық қорытындыға келе алған жоқ, бәрінікі – жорамал. Біздіңше сол жорамалдардың ішіндегі дұрысы Ресейдің ірік-шірігін жер-жеберіне жетіп жазуға керемет улы тіл қажет болды, ол – Гоголь, Пушкин мұны білді де Гогольге қолқа салды.

Гогольдің бір ғана «Өлі жандар» емес «Ревизор» атты комедиясымен де шіріген қоғамының сілікпесін шығарғанын жақсы білеміз.

Қазақта Гоголь болса, қазір оған жазғызар тақырып, берер сюжет көбейіп тұр. Соның бірі – комиссия.

Комиссия да ревизор сияқты тексеретіндер. Гогольдің кезіндегі ревизорлар қазіргі комиссияның қасында жіп есе алмайды десе болады. Гогольдің ревизоры арбамен келсе, қазіргі комиссияның немен келетінін енді өздеріңіз білесіздер. Қалтасынан соқыр тиын шығып жатпаған соң олар ұшақтың әкесіне, вагонның тәтесіне, машинаның көкесіне мінеді, жолдың төтесімен келеді. Оны айтамыз, комиссия келеді дегенде, асырып айтқанға жарты жыл, кемітіп айтқанда бір ай бұрын әуре-сарсаң басталады. Алдымен, мекеменің есепшісі комиссия мүшелерінің мініп келетін, аттанып кететін көліктеріне жұмсалатын шығыннан бастап, жүріп-тұруы, жатуы, шайы, пайы, қойшы әйтеуір, туалетіне дейін кететін қаржыны ең жоғарғы тариф бойынша есептеп шығарып, әдемілеп компьютерге басып, екі данасын бастыққа береді. Ұмытып барады екем, мұның бәрі не үшін жасалатынын алдымен айту керек екен. Мұндағы мақсат-комиссияның бүткіл шығынын мекеме қызметкерлеріне шашып тастау. Бұл дегеніңіз – қызметкерлерден ақша жинау. Мен тегі ұмытшақпын, мекеме есепшісі де ұмытшақ, есесіне бастық перен, ол есепшінің есебіне комиссияның өзі сияқты бастығының қалтасына салатын ақшаны қосуды әсте ұмытпайды. Бұдан арғысы енді оңай, ақша жиналады, орын-орнымен жұмсалады. Мемлекеттің қара шақасы да шығын болмайды, рас қызметкерлер алғаш қыржыңдап-тыржыңдаған, қазір үйреншікті жай болып кеткен. Комиссияның бір емес, мыңы келсін, бәрібір, бәрі селт етуді ұмытқан, тізімге қол қойып қарап отырады.

Мұны қалай түсінуге болады сонда? Кешегі өзіміз жатып кеп күстаналайтын коммунистер үстемдік еткен заманада мұның біреуі де жоқ болатын. Іссапарға шыққан адамға жол ақысы, тәуліктік шығыны, жамбас пұлы төленетін. Сонымен бітті, іссапарға шыққан адам барған жерінде бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүріп, қайтатын, әрине, пір атқандар да болады, ондайлардың үстінен арыз түсіп, талқыланып, жөнге салынатын. Мемлекетіміз, оның әрбір мүшесі тәуелсіздік алып, айтқанның құшырын қандыратын, естігеннің аузының суы құритын заман орнатамыз деп жатқандағы кейпіміз мынау.

Елбасымыз мұның бәрін түбірімен жою қажеттігін әлденеше рет қадап айтып-ақ келеді, тіптен шенеуніктердің іссапарға орынсыз көп шығатындарының жазаланғандары да бар. Жоғары лауазымды қызметкерлердің іссапарды сылтауратып, бұрынғы бауыр басып қалған қаласы Алматыға барғыштап жүргендері де сын тезіне алынғаны белгілі.

Сонда қалай, біздің ләпбай шенеуніктеріміз жөнді-жөнсіз келген комиссияға бағыныштыларын майшелпек қылып қойып отыра бермек пе.

КЕзінде біз де – талай космиссия құрамында болғанбыз, қанша комиссия бізді де тексерген, мұндай сұмдықты көрген емеспіз. Коммунистік билік белең алған кезеңде комиссия дегеніңіздің жұмысы-белгілі бір мәселе бойынша тексеру, бар мен жоқты анықтау болатын. Тексерілген мекемеде, әрине, кемшілік болады, бірақ, олардың басшылары ол үшін қазіргідей пұшайман болмайтын. Қорытындысын естірткен жиында мекеме басшылары мұны атап айтып, тексерушілерге шексіз ризашылығын білдіретін.

Қазіргіміз қай жосық?

* * *


Еліміз парламенттік-президенттік билік жүйесіне көшіп, бұл бағытта айтарлықтай тындырымды жұмыстар атқарылып жатыр. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың сара саясаты бұл демократиялық таңдаудың да ойдағыдай жүзеге асатынына еш күмән туғызбасқа керек. Басқарудың бұл түрі бойынша ендігі жерде Үкіметті Парламент жасақтайтын болады.

Бұл үрдістің желі жергілікті жерге де жетті. Ендігі жерде барлық деңгейдегі әкімдерді облыс әкімі сол деңгейдегі депутаттар қарауына ұсынып, солар бекітетін болды. Мұның бұрын қолынан түк келмейтін депутаттардың статусын көтеретіні өзінен-өзі түсінікті. Алайда, әбден қауқарсыз болып үйреніп қалған депутаттар еңсе көтеруге бейімсіз екен. Олай дейтініміз өткен жылдың соңын ала облыста біраз әкімдердің ендеп орын алмастырулары болды. Неге екенін, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Б.Нүркенов айдың-күннің аманында өз өтінішімен өз қызметінен босады. Бұл енді әріден қолданылып, өзін-өзі әбден ақтап келе жатқан әдіс, кінәсі басынан ассын, тек кісі өлтірмесе болды, шенеунік атаулы өз өтінішімен босанады.

Б.Нүркеновтің бұл әрекеті облыс әкіміне бірнеше аудандардың әкімдерін әскер тілімен айтқанда рекогносцировка жасауға мүмкіндік берді. Тиісінше, Байзақ, Мойынқұм, Талас аудандарының әкімдері А.Нұралиев, О.Жиенқұлов, Б.Құлекеев, тиісінше, Т.Рысқұлов, Талас, Байзақ аудандарына әкім болды. Сөз бар ма, олардың үшеуі де белгілі азаматтар, әкімдік қызметтің қыр-сырына әбден қанық шенеуніктер. Алайда, олар өздерін біркісідей қолдап дауыс берген депутаттардың бірен-саранына ғана таныс. Сонда деймін-ау, депутаттар өз аудандарының келешегін танымайтындарға тапсырғанадары ма? Бұл – бұлтақтамай, турасын айтқанда, депутаттардың аяғын өмір ағымына сай баса алмай отырғанының нақ өзі.

Конституция берген құқықты пайдалана алмаудың осыдан артық мысалын қайдан табарсың?!

* * *

Өткен жылдың күзінде өзім туып, өскен Шу ауданына жолым түсті. Шуда менімен емшектес үш қарындасым, олардың үйлі-баранды болған бала-шағалары, яғни жиендерім тұрады.



Әке-шешемнің кенжесі іспетті болып өскен жиен қарындасымның үйінде қонып отырғанмын, ол үйде ағасының қызы Ақерке жүр екен, бетінен сүйдім. Әңгімеден әңгіме шығып отырып, Ақеркенің аудан орталығындағы орта мектептің жоғары сыныбында оқитыны айтылып қалды. Жиен қызым екеуміздің арамызда төмендегідей әңгіме өрбіді.

  • Не, «Коммунизмде» орта мектеп жоқ па?

  • Ой, аға «Коммунизм» қалғалы қашан, қазір ол Ақтөбе ауылы аталады. Әдемі орта мектеп тар, бірақ жоғарғы сыныптар жоқтың қасы. Ел ертең тестілеуден өтпей қалады деп жоғарғы сыныптардағы балаларын өстіп жан-жақта, қалада, аудан орталығында оқытуға мәжбүр болып отыр. Әр сыныпта басқа жақта оқуға мүмкіндігі жоқ бес-алты бала қалған.

  • Қызық екен! Сонда ол мектептің мұғалімдері нашар болғаны ма?

Сөзге Ақерке араласты:

  • Жоқ, аға. Біздің апайларымыз бен ағайларымыз жақсы. Оқулық жоқ, үш-төрт балаға бір кітаптан, қайтіп оқытсын?

Осы аз ғана әңгіме мені көп ойға жетеледі.

Мынау – масқара!

Әр ауылда «Бар жақсымыз – балаларға!» деген комиунистік ұранның мүлтіксіз жүзеге асқанының белгісіндей болған ең әдемі ғимарат-мектептер тұрып, жұрт балаларын тентіретуге мәжбүр болған. Мектептегі оқудың жартысынан астамын бөтен үйде жүріп оқыған малшының баласы- мен мұны жақсы білемін, бұл тірлік тентіреумен бірдей. Үй иелерінің, мейлі олар жақын туысқандары болсын, қабағына қарау баланы жастайынан жалтақ, жарымжан етеді. Өзегің талып оқудан келгенде бір жапырақ нанға еркін қол соза алмайтыныңнан асқан қорлық бар ма?!

Ана бір Колбинді тұлға тұтқан жылдары кейбір сыңарезулер Қонаевтың кезінде Қазақстанда мектептер саны пәленге азайып кетті деп соқты. Сонда сол шіркіндердің Қазақстанда жүргізілген ұжымшаларды ірілендірумен бірге бұрынғы кішігірім мектептердің де жабылып, есесіне ірілендірілгенін білмегені таңдандырады. Айталық, 1958 жылы біз онжылдықты бітіргенде бүкіл Шу ауданында Шу қаласын қосқанда орта мектептерді санауға бір қолдың саусағы көптік ететін. Қазір әр ауылда Қонаев салдырған орта мектеп бар. Ал, енді соларды ұқсатып пайдалана алмау кімге сын? Жергілікті баспасөзде жарияланған облыс әкімі есебінің «Білім беру» тармағын оқысаңыз, бұл саладағы ересен жетістіктерге басыңыз айналады. Бәрі рас, біздің мемлекетіміз оның басшысы Н.Ә.Назарбаев мектептер мен мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінің жүйесін арттыру, олардағы оқыту мен тәрбиелеуді осы заманғы материалдық-техникалық құрал-жабдықтардың ең озық үлгілері негізінде жүргізуге шексіз қамқорлық көрсетіп отыр. Осыған орай облыста атқарылған игі шаралар шоғыры жетерлік. Сонда мен өзім бір кейіпкері болған жоғарыдағы әңгімені қайттік?

Ептеп сұрастырып көрсем, бұл жалғыз Шу ауданында емес, барлық ауданда көзге көп еленбей белең алып бара жатқан жайт екен. Тұрар Рысқұлов ауданындағы Көкдөнен, Жамбыл ауылдарындағы орта мектептер де жаңа оқу жылының басында біраз оқушылары сапалы білім іздеп ыдырап кеткендіктен біраз әуре-сарсаңға түсіпті. Ондағысы – оқушы санын толтыру үшін жан-жақтан бала іздеп тауып, оқуға тартқан.

Осыларды біле келе үлкен проблеманың шаужайынан ұстағанымды білдім. Мұны, әлбетте, жергілікті білім беру органдары біледі, бірақ жария ете алмайды, өйткені өздері жауап берулері керек. Ал, бұл проблеманы шешудің жолы, біздіңше, анау айтқан қиын емес. Ол үшін мектептердегі білім беру сапасын арттыру қажет, содан соң оқытудың құрал-жабдықтарын жықсылап сайлау, бір кітапты үш-төрт бала әрі тарт-бері тарт етіп жүргенді құрту керек. Ең бастысы – «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деген ұзын арқау, кең тұсау психологияны да, орынсыз шамшылдықты да қойып, барлық жердегі істің жайын анықтау қажет. Арғы жағы, әрине, шара қолдану.

Барлық жерде оқытудың озық үлгілері – компьютер, интерактивтік оқу өмірге еніп жатқанда ауыл мектептерінде оқулықтың жетпеуі неткен қарама-қайшылық. Оқулық қара базарда қаптап тұрады, мектептерде жоқ. Бұл – түсініксіз жәйт. Мұның түп-төркіні- күмән.

Ұзын сөздің қысқасы ауыл балаларының оқуы мен тәрбиесіне мықтап көңіл бөлмей болмайтын дәрежеге жетіппіз. Өкінішті-ақ!

* * *

Қазақ – керемет нәзік халық. «Достың көңілі бір атым насыбайдан қалады» деген тұжырымды қазақтан басқа халық жасай алар ма екен? Қайдам? Досқа қазақ қоң етіп кесіп беруге әзір. Қараңыз, замана ағымымен бүгінде шылым тартып, арақ ішетін болған қазақ бір кезде осылардың ағайыны насыбайды ауызға алғысыз у, лас зат санаған. Міне, сол кезде сол түкке тұрғысыз заттың өзін әуестікпен сұраған адамы бермей қойса, соған да өкпелеген ғой қайран ақкөңіл ағамыз. Содан барып кісінің көңілін қалдырмау керек деген үлкен ой айтылған. Онсыз көңіл орнына түспейтінін сұмдық тап басып айтқан. Сұмдық дейтінім соншама жиіркенішті заттың өзіне көңілі қалған адам неткен нәзік, жаны жараланғыш. Мұндай адамнан ешқашан жамандық шықпайды.



Айналайын қазағым ақыл айтуды білген. Ноқай: «Өй, кісінің көңілін қалдыруға болмайды»-деп дүңк ете қалар еді, ал біздің ойға жүйрік, сөзге шешен ағамыз шендеспейтін ұғымдардың өзін қиюластырып, қандай әдемі образды ой айтқан.

* * *


Мінездің бір жаманы кекшілдік. Бұл жаман әдеттен аулақ бол дегенді біздің қазақ «Жақсының кегі жібек орамал кепкенше, жаманның кегі басы көрге жеткенше» деп мінеп-шенеп тұқыртқан. Түу, неткен тапқырлық! Дүниеде үлбіреген шай орамалдан жылдам кебетін зат бола қоймас. Кектің соңы сойқан екенін, шұғыл табыспаса болмайтынын осыдан тез қазақы уақыт өлшемімен өрнектеу мүмкін емес тіптен.

Айналайын қазағымның қай тапқырлығына таңданарсың. Тек Абайша «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деу ғана керек.

* * *

Кербұлақ – менің туған жерім. «Мен – апамның баласымын» атты романымда Кербұлақ жөніде кең толғап жазғанмын. Шу аудандық мәдениет үйінде өткен романымның тұсаукесерінде осы Кербұлақтың ойы мен қырын көп шарлаған қойшының баласы, зерделі азамат Жақан Қожағұлов: «Біздің Кербұлақты білеміз дегеніміз бекер екен, нағыз білетін адам Әлдекең екен»,-деді.



Мен қатты толқыдым. Неге? Кербұлақ – қазір иесіз қалған өлке. Біздің бала күнімде Кербұлақ тауын қақ жарып ағатын осы аттас өзеннің күнгей беіт ұзыннан ұзақ салынған шатырсыз жаппа тамдар болушы еді. Осы тізілген тамдарда сонау басы Барлыбайдан анау аяғы Бөкейге дейін екі кеңшар – «Кербұлақ» пен «Қарауылтөбенің» адамдары өсіп-өніп, еңбеккерлер егін егіп, мал бағып жататын.

Сол сүттей ұйып отырған ел 1949 жылдың ерте көктемінде Шу бойына күштем көшірілді. Ата мекендерінен қоныс аударғылары келмегендерді тыңдаған белсенді болған жоқ. Бала болсақ та біліп қалғанбыз, кейбір қариялар қатты қиналды. Кенбай дейтін ақсақал Кербұлақтың бір уыс топырағын дорбаға салып алып: «Өлсем, көріме салыңдар»-деп егіліп жылаған. Бұған аяныш білдіргендер де, күлгендер де болды. Аяйтыны – ақсақал шынында да өлім халінде еді, күлетіні – Шу дегеніңіз мына тұрған жер.

Таулықтар ойға жер аударылып емес, шаруа қамымен көшіріліп еді. Шу бойының суармалы құнарлы жеріне қызылша деп аталатын өнімі тәтті, еңбегі қатты техникалық дақыл егіле бастаған. Көзіміз көрді ғой, ол кезде техника жоқ, барлық жұмыс қол күшімен атқарылатын. Қызылша плантациясында ауылдың барлық ақжаулықты аналары алты ай жазға күнге күйіп, күзгі жиын-терін кезінде суыққа тоңып жүрер еді. Есесіне уыс-уыс ақша тауып, қап-қап қант алатын.

Ал Кербұлақ болса, елсіз-күнсіз қалған жоқ, жыра-жықпылдары қыстау, жотасы жайлау болып, төрт түлік малға толған. Міне, енді социалистік меншіктің ту-талақайы шығып, іске жарардың бәрін қолы ұзындар талапайға салған сойқан Кербұлақты да айналып өтпепті. Отар-отар қой мен үйір-үйір жылқыдан тігерге тұяқ қалмаған. Сонау 1949 жылы елін көшіргенімен малы, оны бағатын адамы қалған, қысы-жазы малшылардың қамын жасауға жегілген адамдар бригада-бригада болып қаптап жүретін Кербұлақ енді қу-медиен өлкеге айналған. Оның жыра-жырасындағы жалғыз аяқ соқпақ жолдар түгілі өзенді бойлап көсілііп жататын күре жолының өзіне шөп шығып кетіпті.

...Әне бір жылы осы Кербұлақтың баласы, марқұм жазушы Қарауылбек Қазиевтің туылғанына алпыс жыл толуын атап өтуге келген құдасы, шымкенттік ақын Шалқар Әбішев: «Қарауылбектің туған жерін көрсетіңдер»,-деген тілек айтты. Оны біз ҚазМУУ-дің бесінші курсында оқып жүргенде «Ақ бантик» әңгімесін Қарауылбекпен жарысып жазған Ерғали Ахметов те қостады.

Кербұлақты көрмегелі талай жыл өткен.

Ана бір жылы бала күнгі досым Әлібек екеуміз Кербұлақтың басынан түсіп, аяғынан шыққанбыз. Марқұм болып кеткен қайран Әлібек дос мені кіндік қаным тамған, бүгінде жұрнағы да жоқ үйдің орны, «Ауна»-деп қалың шөп тұнып тұрған жерді көрсетті.

Өзім де біліп тұрмын, бұл – біздің отбасмыз қаншама жыл бақытты өмір өткізген қоржын тамның орны. Ұйысқан шөп үстіне жата кетіп аунадым. Ішім елжіреп, көңілім әлейім-жәлейім болды.

О, туған жер! Кербұлақ! Сен мені дүниедегі ең қамқор, ең әділ әкенің, ең аяулы, ең әдемі ананың ұлы етіп өмір есігін аштырып, ең мейірімді, ең ақылды әженің бауырында өсірдің.

Кербұлақ! Сенде әлемнің барлық пұшпағында бар ғажаптың, хайуанаттың шөп-құрайдың, тал-дарақтың бәрі бар. Терең сайларың, тау-тасың, құз-қияң, маған әжеленген, әке-шешемнен әкем тәрбие берген жоқ. Қуаныш-қайғы, үрей-қорқыныш, жақсы көру-жек көру, жалпы адамзатқа тән қасиеттің бәрін сен ұялаттың бойыма. Жер басып, тау асып жүруді де сен үйреттің. Асып-тасуды білмейтін момын болмысым – сенің мінезің, Кербұлақ. Ешкімге есе жібермейтін қайсар қалпымды сен, сенің өркеш-өркеш тауларың қалыптастырған.

Мына мен аунап жатқан жұрнағы да жоқ үйдің алдындағы ана тұста – Қалдыбайдың құйында ауыл балалары ерсілі-қарсылы құлаш ұрып шомылғанымыз қандай еді! Кейін Шу өзенінде балықтай жүзгенім, Есіл, Ертіс өзендерінде, Арал, Қара теңіздерде, Атлант мұхитында көсіле малтығаным сен берген сабақтың арқасы еді, Кербұлақ!

Түбі тұңғиық терең, беті бүлк етпейтін тұнық құй, мен саған ұқсаспын. Мұны біреу білер, біреу білмес, ал өзіме аян.

* * *

Кербұлақ емгіп тұр екен. Тауы, ой-қыраты, сай-саласы белуардан көк майса. Шалқардың «Джипа» саздау жерде ну қорысқа еніп кетіп қырлау жерге төсінен алатын қалың шөпті тіліп келеді.



...Қарауылбектің әкесі Қазы қойшы екен.

Қарауылбек «Кербұлақ» ұжымшарының ең аяқты далауыздағы Естембет деген жердегі қой қорасында туған.

Келсек, Қарауылбек туған үйдің де, қой қораның орнын да қалың шөп басқан.

Бұл жолы бізді бастап келген құрдастарымыз Әділхан:



  • Жігіттер, осы енді Қарауылбек туған үйдің орны. Одан бері көп жыл өтті ғой, ізі де жоқ,-деді.

Қарауылбектің құдасы Шалқар да, досы Ерғали да ләм-мим демеді. Екеуі Қарауылбек екеуміз туған үйді көреміз деп көңілдері өсіп келіп еді, орны да жоқ, елсіз-күнсіз айдалаға келгендей болып қайтып келеді.

Менің де көңілім пәс тартты.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   34




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет