Пессимизм (лат. optіmus – жарқын, pessіmus – қара түнек) – болашақ туралы бір-біріне қарама-қарсы көзқарастар жүйесі. Оптимизм болашаққа жарқын сеніммен, түбінде жамандықты жақсылық, әділетсіздікті әділеттік жеңеді деген сеніммен қараса, пессимизм, керісінше, сары уайымшылдықпен қарайды. Оптимизм мен пессимизмнің екі тұрпаты бар. Біріншісі, белгілі бір негізде ашық не жасырын түрде қоршаған дүниені қозғалмайтын, мәңгі қатып қалған құбылыс ретінде қарастырады. Екіншісі, жақсылықтың жамандықты түпкілікті жеңіп шығуға немесе керісінше бағытталған күресін тарихи дамуда қарайды. Мұнда тек өмір шындығына ғана емес, оның тарихи даму келешегіне “барлығы да жақсылыққа бастап келеді” немесе “барлығы да құлдырап барады” формулалары бойынша баға беріліп отырады. Бірінші тұрпаттағы оптимизм және писсимизм негізінен ежелгі грек мифологиясы мен соның негізінде дамыған антикөзқарастық дәуір философиясына тән, онда материялық және әлеуметтік дүниенің өмір сүруі жыл мезгілдерінің ауысуы немесе аспан денелерінің қозғалысы сияқты өзін-өзі мәңгі қайталап отыратын құбылыс деп сипатталады. Бұл философия өкілдерінің түсінігі бойынша өмірде де, тарихта да ешқандай “мән” жоқ. Алайда грек философиясының тарихында Платон, Эпикур сияқты оптимистік көзқарастағы ойшылдар болды. Сөйтіп, гректердің көзқарасына космолиттік оптимизм мен тарихи пессимизм тән болды. Оптимистік және пессимистік көзқарастар Қайта өркендеу және Ағартушылық дәуірлерінде де өзіндік ерекшеліктерімен көрініп, дамып отырды. Болашаққа оптимистік немесе пессимистік көзбен қарау кәдімгі санаға негізделген халықтың дүниеге көзқарасында да үнемі көрініс тапты.
Оптимизм тұтас алғанда, сындарлы, адамдарды болмысқа көңілі толушылық сезіміне бөлейді. Алайда ол болмысты сыни тұрғыдан ұғынумен астаспаса, адамдарды тек жағымды жайттарды ғана қабылдауға бейімдеп, адамның санасында әр түрлі жалған үміттер ұялатады. Мұндай көңіл-күй ауанында жеке басының мүддесін көздеген адамдар қоғамдық сана-сезімді бұрмалап, өз мақсаттарына пайдалануға тырысады. Бұқараның бұған көзі жетуі оны қатты түңілдіріп, оптимизмнің орнына пессимизм дендеуі мүмкін. Қоғам сындарлы өзгерістер жағына іс жүзінде аяқ басқанда ғана адамдардың сана-сезімі болмысты неғұрлым жарқын өміршеңдік ауанда бағамдауға ойысады. Бұл екі категория адамзат өмірінің мәңгілік серіктері және олардың түп тамыры адамның өзінде. Дүниеге, тарихқа және адамға қатысты байыпты, реалистік көзқарас қана адамдардың сенімді болашағын қамтамасыз етеді
Достарыңызбен бөлісу: |