Кіріспе
Оқу әдістеме құралының жалпы сипаттамасы. Қазақстан Республикасының егемендігін алып, жаңғыру кезеңінде оның тілін, әдебиетін таным құралы ретінде зерттеудің маңызы ерекше. Себебі, қай ұлттың да өзіндік мәдениеті тілінде, әдебиетінде, тарихында көрініс тапқан. Бұл - қасиет қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларының шығармаларында айшықты түрде байқалады. Сондай тұлғалардың бірі – артында мол әдеби, тілдік, мәдени, этнографиялық, философиялық, тарихи мол мұра қалтырған М-Ж. Көпеев.
Мәшһүр Жүсіптің өмір сүрген дәуірі – ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алдыңғы қырық – отыз жылы. Бұл кезең әлеуметтік, қоғамдық тұрғыдан қандай қайшылықты болса, оның шығармашылық жолы да сондай көп иірімді күрделі болды. Ғұлама шешен М-Ж. Көпеевтің мұрасын жинап жариялау, зерттеп ғылыми айналымға ендіру, сөйтіп, халық игілігіне айналдыру жұмыстары еліміз егемендік алған соң ғана шындап қолға алынды. Біздің ойымызша, бұл мәселе – Мемлекеттік «Мәдени мұра» атты бағдарлама аясында жүзеге асырылуға тиіс ұлттық мәдениетін, сипатын көрсетіп, толықтыра түсетін маңызды зерттеу мұрасы, соның ішінде ұлттың ежелгі мәдениетін, әдебиетін, фольклорын, салт – дәстүрін зерттеудің біртұтас жүйесін жасап, бай әдеби мұрасын ежелгі шығыс әдебиетімен, қала берді орыс (еуропа) әдебиетімен тығыз байланыста зерттеу күн құрғатпайтын міндеттердің бірі болып табылады.
Оқу әдістеме құралының өзектілігі. Тақырып тегіннен – тегін қазақ және орыс (еуропа) әдебиеті байланысы (Мәшһүр - Жүсіп шығармалары бойынша) – деп алынып отырған жоқ. Оның да өзіндік себептері бар. Жуықта ғана Орыс елінің төрінде Мәскеудің нақ жүрегінде Абай ескерткіші орнатылды. Біздің елімізде Пушкин күндері басталды. Германияда, Гете туған жерде Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» әні екі тілде шырқалады. Осындайда Қалмұқан Исабаев ағамыздың ерлігі еске түседі. Әдебиетке шекара жоқтығы осындайда сезіледі екен. Елбасының да көксегені екі елдің тыныштығы, ежелгі достығы болып табылады. Қоғамдық формация бізді ежелден орыс ұлтымен жақындастырып, мәдениетіміз, әдебиетіміз біте қайнасып бірін – бірі байытты, дамытты. Мәшһүр Жүсіптің Ресей патшалығын сынағаны шығармаларынан белгілі. Ресей патшалығын сынай отырып, жақсы жақтарын (мәдениетін) да үйренуге шақырды. Демек, Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы орыс (еуропа) мәдениетінің (әдебиеті) үндестігі осы – зерттеу жұмыста тұңғыш рет ғылыми жүйеге түсіп қаралып отыр. Тақырыптың қазақ орыс (еуропа) мәдениетіне, әдебиетіне, халықтар достығына қосар үлесі көп. Мәшһүр Жүсіп өз шығармаларында орыс тілі арқылы келген сөз үлгілерін де қолданғаны байқалады. Олай болса, тақырып осы жағынан да ұтымды. Ұлттар достығы – біздің «Алтын заңымызда» да айқындалған. Қазақстанда 130-дан астам ұлыс пен ұлттың өкілдері тұрады екен, соның бірі – орыс халқы. Олай болса, бұл – көтерілген мәселе өміршеңдігімен, ел мүддесінен шығады деген үміттеміз.
Екіншіден, орыс мәдениеті қазақ мәдениетін (көне түркі) ауыз әдебиеті арқылы білді. Одан кейін, шығыс әдебиетіне де ден қойды. Түркі мәдениеті де орыс (еуропа) зиялыларын, жиһангездерін бей – жай қалтырмағаны тарихтан бізге мәлім. Шығыс әдебиеті қазақ орыс әдебиетін (еуропа) екі ортадағы жалғастырып жатқан алтын көпір десе де болады. Тіпті, ағылшын әдебиеті өкілдері де шығысқа табынған. Мәшһүр Жүсіп шығармашылығына арқау болған: бірінші – ауыз әдебиеті, екінші – шығыс мәдениеті, үшінші – орыс әдебиеті. Орыс (еуропа) әдебиетіне ықпалы зор болған шығыс мәдениетінің Мәшһүр Жүсіп шығармаларына әсерін де зерттеу тақырыптың өзектілігін айқындайтын болса керек.
М-Ж. Көпеевтің шығармалар жинағын, салыстырмалы мәліметтерді сипаттауға арналған қолжазбалардың мәтін деректерін, шығармаларда қолданылған орыс (еуропа) шығыс тілдік дереккөздерін, мәдени, әдеби жадығаттар, мысалдар зерттеудің негізгі нысаны болып табылады.
Оқу әдістеме құралының дереккөздері. М-Ж. Көпеевтің «Хал - ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екендігі?», «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» Казань. Книжный магазинъ. Н-въ. Хусаиновыхъ. Электоро типо-литографія шарафъ. Императорского университета. 1907 г; «Хал - ахуал» Частной русской типографія Б.Л. Домбровского. 1912 г; Қ.П. Жүсіп қолындағы «Әулеттік» мұрағаттар, М-Ж. Көпеевтің шығармалар жинағының Таңдамалы (Екі томдық жинағы) –А., Ғылым, 1990; (Ел аузынан жинаған әдебиет үлгілері). –А., Ғылым, 1992; 1-9 томын, Мәшһүртану ғылыми – практикалық орталығындағы Мәшһүр Жүсіп, жиені Жолмұраттың, ұлы Мұхаметфазылдың, Иманғали Мәненов, Омар Иманбековтің қолжазбалары, Мәшһүртанушылар ф.ғ.д., профессор Қ.П.Жүсіп, А.Қ. Тұрышев, ф.ғ.д., профессор Н.Қ.Жүсіп, Г.Қ.Жүсіпова, Ертай Қ.Жүсіп, т.ғ.к., доценттер Л.Қ.Жүсіпова, Естай Қ.Жүсіп, ф.ғ.д., профессор С.Н. Сүтжанов монографиялары, ғылыми мақалалары, авторефераттары басшылыққа алынды. Ф.ғ.д., профессор С.Негімовтың теледидардан ақын жайында сөйлеген сөздері, мақалалары басшылыққа алынды. Орыс (еуропа) ақын – жазушыларының да еңбектері, мысалдары оқылып, керек жерінде тиісінше пайдаланылды.
Оқу әдістеме құралының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты – Мәшһүр Жүсіптің көркем шығармашылық лабораториясына дендеп ену арқылы оның шығармашылығының қалыптасу арналарын анықтау, орыс (еуропа), шығыс мәдениетінің үндестігін атап айтқанда, орыс әдебиетіне шығыс мәдениетінің әсерін де анықтау болып табылады. М-Ж. Көпеев шығармаларының орыс (еуропа) әдебиетімен үндестігі де қаралады. Оның ішінде: Пушкин, Бунин, Гете, Байрон, жерлесіміз Павел Васильев шығармаларына (қазақ) шығыс мәдениетінің ықпалы да зерттеледі. Бұл – мақсат мына төмендегідей міндеттерді шешуді қажет етеді:
- Қазақстанға орыс (еуропа) мәдениетінің ықпалы;
- Қазақ және орыс (еуропа) әдебиетінің байланысы;
- Мәшһүр Жүсіп және орыс (еуропа) әдебиетінің үндестігі;
- Мәшһүр Жүсіп және Пушкин шығармаларының үндестігі;
- Мәшһүр Жүсіп және Лермонтов шығармаларының үндестігі;
- Мәшһүр Жүсіп және Бунин шығармаларының үндестігі;
Мәшһүр Жүсіп және шығыс (орыс) еуропа әдебиетінің үндестігі (Вильям Блейк, Байрон, Гете);
- Мәшһүр Жүсіп мысалдарының зерттелуі және орыс (еуропа) мысалдарымен үндестігі;
Оқу әдістеме құралының жаңалығы. Зерттеу жұмысының басты ғылыми жаңалығы, ең алдымен Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің артында қалған мол мұрасының әдеби тұрғыдан игеріліп, мәдени тілдік деректер белгілі бір жүйеге түсіп, арнайы орыс (еуропа) әдебиетінің үндестігі нақты дереккөздермен, мәліметтермен дәлелденді. Пушкин, Лермонтов, Бунин, Васильев, Байрон, Гете шығармаларымен Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы ортақ тақырып (шығыс) болғаны, қазақ мәдениетімен орыс, еуропаны XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында байланыстырып тұрған алтын көпір ежелгі «шығыс» мәдениеті де болғаны жаңалық ретінде тұңғыш рет ашылды. Осы – аты аталған ақын, жазушылардың өзекті ортақ тақырыптары да «пайғамбар» (пророк) екендігі мәлім болды.
Оқу әдістеме құралының теориялық маңызы. Тақырыптың теориялық маңызы зерттеудің өзектілігінен көрінеді. Зерттеу нәтижесінде алынған тұжырымдар ең бірінші осындай зерттелімдердің әдебиеттік методологияның дұрыс қалыптасу сипатын айқындайды. Зерттеу анықтағандай әдебиеттегі бұндай тәсілдер ішін – ара Абай, Ыбырай, Шоқан шығармаларына қатысты айтылған еді. Оның өзінде Пушкин, Лермонтов, тіпті Бунин шығармасына байланысты шығыс әсері деген мүлдем айтылмады. Ал «пайғамбар» тақырыбы мүлдем жабық болды. Орыс әдебиетінің қазақ әдебиетіне әсері, ықпалы дегеннен әрі аспады. Шығыс әдебиетінің, мәдениетінің орыс (еуропа) әдебиетіне әсері деген сөзге (тақырыпқа) тоталитарлы режим кезінде тыйым салынды. Қазір белгілі болғандай Байрон (Восточных поэм), Пушкин (Недавно бедный мусульман), Лермонтов («Демон» восточная повесть) шығысқа табынды, мұсылмандарды, құранды насихаттады. Бұның сыртында «Демон» тақырыбын зерттеуге, оны қазақ әдебиетіндегі «Шайтан» тақырыбымен ұластыруға әкелер еді. Мәшһүр – Жүсіп те бұл – тақырыпқа бірнеше өлеңдерін «Шайтанның саудасы» т.б. дастандарын арнады. «Ангел» (періште) тақырыбы да өзекті. Ал Лермонтовтың «Казачья колыбельная песня» өлеңі қазақтың көне дәстүрінен сыр береді. Кейбір шығармалар сюжеті шығыс поэмасынан алынды. Осындай мазмұны сәйкес оқиғаларды Мәшһүр - Жүсіп шығармалары арқылы талдап, зерттеу жұмыстың теориялық маңызын, оның салмағын қаншалықты артылған жүгін көрсетер еді?
Оқу әдістеме құралының практикалық мәні. Оқу әдістеме құралының нәтижелерін кандидаттық диссертацияда әбден қолдануға болады. Екі аралықтағы шығыс тақырыбы өміршең екендігін байқатты. Диплом жұмысының нәтижесінде «Монография» шығаруға болады. Шығармаларына қолданған түрік сөздерін, шығыс оралымына тән ауыстыру, алмасу, троппен, фигураның түрлерін жинап, теріп картотекалық сөздік құруға болады. Монографияны жоғары оқу орындарында пайдалануға болатын оқу құралы ретінде шығарса артық етпейді.
Оқу әдістеме құралында қолданылған зерттеудің әдістері мен тәсілдері. Оқу әдістеме құралында диахрондық-синхрондық салыстырмалы әдіс қолданылды. Тарихи деректерді екшеу әдісі де пайдаланылды. Әсіресе, әдеби зерттеуде кеңінен қолданылып жүрген әдістердің бірі – түп нұсқадан (орысша, ағылшынша, қазақша) нақты мысалдарды іздеп тауып қолдану әдісі тиімді болды.
Оқу әдістеме құралы бойынша қорғауға ұсынылған тұжырымдар:
1) Қазақстанға орыс (еуропа) мәдениеті шыны керек орыс империясының отаршылдық әрекетінің нәтижесінде келгені анық, оны теріске шығаруға болмайды;
2) Қазақстандағы орыс (еуропа) мәдениеті жаман қылықтарымен қоса, жақсылықтарын да ала келді;
3) Бүгін өткенді ұмытып, тарихи шындық оқиғаларды бұрмалап көрсететін болды, еңбекте осы жағына баса назар аударылып, тарихи оқиғалар, деректер нақты мысалмен дәлелденді;
4) Орыс мәдениетімен қазақ мәдениеті келісейік - келіспейік қатар жарыса өмір сүргені шындық. Одан біз ешқайда қашып құтыла алмаймыз; Өткен тарихымыз бәрібір біздің тарихымыз болып табылады;
5) Абай, Ыбырай, Шоқан салған сара жол олар достасқан достық жалғасын әлі де табуда; Мәшһүр - Жүсіп бұл орайда, орыс империясын ашық сынау бақытына ие болды, бірақ, шығармаларында орыс халқының бәрін қаралаудан аулақ екендігі байқалды;
6) Қазақ әдебиеті де шығыстан нәр алды; Жасыратыны жоқ орыс (еуропа) әдебиетінен де үйренді; Абай: «Шығысым Батыс боп кетті» дегенде осындайдан айтты;
7) Орыс (еуропа) әдебиеті де шығысқа бой ұрды; Бұл – тақырып кеңес дәуірі кезінде зерттеушілерге жабық болды. Ұлы орыс шовинизмі қаймана бұратана қырғыз – қайсақтан, түріктен үйренді дегенге намыстары келді. Орыстың XII ғасырдағы эпосы: «Игор жорығы жайындағы сөз» туралы О. Сүлейменов «Аз и я-ны» жазып шығарғанда кейбір ұлтшылдары қылқынып, жыртылып қала жаздап ақынды соттата жаздады. Д.А. Қонаев алып қалды;
8) Шығыс әдебиеті орыс (еуропа) және қазақ әдебиетін ХIХ ғасырдан жалғастырып келе жатқан алтын көпір іспетті; «Пайғамбар» тақырыбы бәріне ортақ болды;
9) Мәшһүр Жүсіп шығармалары да орыс (еуропа) әдебиетімен үндесетіні анықталды.
10) Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы орыс (еуропа) әдебиетінің тілдік үлгілері анықталды.
11) Мәшһүр – Жүсіптің кейбір мысалдарымен Крылов мысалдары үндестік табатыны байқалды.
Оқу әдістеме құралының құрылымы. Оқу әдістеме құралы кіріспе бөлімнен, 4 тараудан және қортындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 Қазақстандағы орыс (еуропа) мәдениетінің ықпалы
Қазақстанның жері мен табиғи байлықтарын орыс ғалымдарының келіп зерттеулері, Қазақстан тарихын зерттеудегі олардың алғашқы жасаған адымдары қазақ халқының экономикалық және мәдени тұрмысындағы бір маңызды оқиға болды.
Қазақстан жерін зерттеу жұмысы Каспий және Арал теңіздерінің карталарын жасаудан басталады. Бұл теңіздер жайлы мәліметтер ертедегі грек және араб жазушылары мен географтарының еңбектерінде бар еді. Алайда бұл мәліметтер, XVII ғасырдағы орыс географтарының материалдарымен, соның ішінде «Сибирь чертеж кітабында» басылып шыққан Семен Ремезевтің картасымен толықтырылғанның өзінде де, өлке жайында толық түсінік бере алмады.
XVIII ғасырдың бас кезінде патша үкіметінің тапсыруы бойынша капитан Е. Мейер Каспий теңізінің суретін түсіріп алып, жалпы суреттемесін жасады. Каспий теңізі, сондай-ақ Орта Азияны географиялық жағынан зерттеу ісіне А. Бекович-Черкасскийдің экспедициясы да бағалы материал берді; бұл экспедиция Амудария Каспий теңізіне құяды деген жалған түсінікті теріске шығарды.
А. Кожин мен В. Урусовтың түсірген суреттері Каспий теңізі жайында қосымша мәліметтер берді.
Табиғат зерттеуші ғалым және саяхатшы академик П. С. Паллас (1741-1811) Россия ғылым академиясының көп жерлерді, соның ішінде Батыс Қазақтанның бір бөлегін зерттеген үлкен бір экспедициясын бастады. Бұл экспедицияның жұмысынан кейін академик болған жас ғалымдар В. Зуев пен Н. Соколов та қатынасты.
XVIII ғасырдың 70-ші жылдарында атақты саяхатшы академик И. Георги (1729-1802) оңтүстік-шығыс Россияны, Алтайды, Байқал бойын, Орал тауларын және Поволжье бойын зерттеді. Георгидің еңбектерінде Қазақстанның жеке аудандарының географиялық суреттемесі ғана бар емес, сонымен қатар қазақ халқының тұрмысы мен тарихы жайында да мәліметтер келтіріледі. Осы кезде Қазақстан жайлы бағалы мәліметтерді академик И. Фальком да жинаған болатын.
Қазақстанды зерттеу үшін XIX ғасырдың алғашқы жартысында бірнеше ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды. 1848-1849 жылдары Арал теңізін капитан-лейтенант А. Бутаков бастаған экспедиция зерттеді. Бұл экспедиция Арал теңізінің жағаларын суретке түсіріп, ғылыми зерттеу жұмысын жүргізді. Экспедицияның жинаған материалдары негізінде Арал теңізінің картасы жасалып, бастырылып шығарылды. Бутаков Арал теңізінде кеме жүрудің (1852) негізін салушы болды. 60-шы жылдарда ол Сырдария мен Амударияның төменгі салаларын зерттеді. Оның экспедициясына, бұл кезде Қазақстанда айдауда жүрген, ұлы украин ақыны Т. Г. Шевченко қатынасты.
Қазақстанның зерттеу ісіне П. И. Рычков (1719-1777) пен А. И. Левшин (1799-1879) едәуір үлес қосты. Қазақстан жайындғы бағалы тарихи-географиялық мәліметтерімен қатар П. Рычков Кіші жүз бен Орта жүздің Россияға қосылу тарихын толық баяндады. Бұл өлкенің тарихын, XVIII ғасырды – XIX ғысырдың алғашқы жартысын қоса алып, өз еңбектерінде А. Левшин де жазды.
Қазақстанның жерін, тарихын және этнографиясын зерттеу ісінде орыс саяхатшыларына қазақ тілмаштары мен жол көрсетушілері де қолынан келген көмегін көрсетіп, халықтың тарихы мен тұрмысы жайында ғалымдарға әңгіме айтып, бағалы географиялық мәліметтер беріп отырды. Олардың көмегімен жиналған орасан зор нақтылы материал өлке зерттеу ісін жеңілдетіп қана қойған жоқ, сонымен қатар орыстың шығыс-зерттеу ғылымын жаңа мәліметтермен байытты [1, б. 383-384].
1 Қазақ және орыс әдебиеті
XIX ғасырдың алғашқы жартысында Қазақстан тақырыбы орыс әдебиетінде бірте-бірте көрнекті орын ала бастады. Егер патша үкіметі, орыстың помещиктері мен капиталистері қазақ халқын отар етіп езу мен құл етудің объектісі деп қана есептеген болса, орыстың алдыңғы қатарлы ғалымдары мен жазушылары қазақ халқының тұрмысын, салт-санасын, әдет-ғұрпын, оның бостандық сүйгіш ниетін сүйе зерттеді. Россияның езілген халықтарының праволарын қадірлеу, олардың тұрмысын әділ суреттеу алдыңғы қатарлы, демократиялық орыс мәдениетінің дәстүрі болып табылады. Бұл дәстүрді орыс әдебиетінің классиктері А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, ұлы сыншы-демократ, В. Г Белинский тамаша айқын бейнеледі.
Қазақстан тақырыбымен шұғылданған орыс жазушыларының шығармаларында екі бағыт: реакциялық-шовинистік және демократиялық-реалистік бағыттар болды Ф. Булгариннің «Иван Выжигин» (1829) деген повесті, И. Скоблевтің әңгімелері (1834) қазақ халқын қорлап, кемітеді. Бұларға қарама-қарсы А. С. Пушкин, В. И. Даль (Луганский), В. А. Ушаков және басқалары қазақ халқының ауыр тұрмысын, езілген жағдайын, оның арманын, орыс халқымен достық қарым-қатынастарының басталуын адамгершілік тұрғыдан суреттейді.
Орыстың ұлы ақыны А. С. Пушкин, Пугачев бастаған шаруалар соғысының тарихына байланысты материал жинау үшін 1833 жылы қасына жазушы В. И. Дальді ертіп Орынбор мен Оралда болды. Сөйтіп ол қазақ халқының өмірімен, тұрмысымен, ауыз әдебиетінің кейбір үлгілерімен танысып, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» поэмасының сюжетін жазып алды. Баян мен Қозының өмірі, олардың терең сырлы махаббаты мен күйініштері ұлы ақынды өте қызықтырады. Өзінің Пугачев бастаған көтеріліс жайындағы еңбегінде және «Капитан қызы» деген повесінде ол қазақтар мен башқұрттардың көтеріліске қатысқанын, қазақ ханы Нұралының патша үкіметін қолдағанын көрсетеді.
Пушкиннің, Лермонтовтың, Белинскийдің шығармалары кавказ бен Орта Азия халықтарының тұрмысынан алынған тақырыптарға жазған көптеген жазушылардың шығармаларына әсер етті. Бұл В. И. Даль мен В. А. Ушаков сияқты жазушылардың шығармаларынан айқын көрінеді.
Ушаков өзінің «Киргиз-қайсақ» («Қазақ») деген повесінде жасында құлдыққа сатылып кетіп, Виктор Славин аталған қазақтың жетім баласының ауыр жағдайын суреттейді. Орысша тәрбиеленіп, білім алсадағы, ол бәрібір көп қорлық көреді. Славин тек қазақ болғандығынан ғана орыстың дворянка қызы Софьяға үйлене алмайды. Софьяның әкесі, князь Любской, қызының тегі жағынан өзіне тең емес, жат ұлт адамына күйеуге шыққысы келуіне қатты ызаланып, келісімін беруден мүлде бас тартады.
Осы повесінде дворяндардың надандығын, олардың дүниеге көзқарастарының шектеулілігін батыл әшкерелей келіп, жазушы адамгершілікті қорғайды. Ол оқушыларының назарын қазақ кедейінің ауыр тұрмысына аударады: бұл жағдай жоқшылық пен аштықтың салдарынан өз баласын шешесінің еріксіз сатуынан өте-мөте айқын көрінеді.
1833-1841 жылдары Орынборда және Оралда чиновник болып істеген В. И. Даль қазақ ауылдарында жиі-жиі болып жүреді. Ол қазақтардың тұрмысы, дәстүрлері мен әдеттері жайында, ауыз әдебиеті жайында бірсыпыра очерктер мен әңгімелер, повестер жазады («Майна», «Түншіл», «Орал казагі», «Солдаттың бос уақыты», «Бекей мен Мауляна»,т.б повестер жазады. Бұл шығармаларды Белинский, Добролюбов, Тургенев жоғары бағалайды.
«Бекей мен Мауляна» деген повесінде адал және ақпейіл қазақ жігіті Бекейдің ерлігі, оның орыстармен достығы, өзінің аса қатал әкесі, феодал Есенгелдіге және зұлым ағасы Жүнкүшікке қарсы батыл күресі өте көркемдікпен суреттеледі. Әсіресе өзінің сүйген қызына үйленуге рұқсат етпеген әкесі мен баласының шайқасуы және жігіттің өлуі жайындағы беттері есте қалғандай.
В. И. Даль қазақтың ақындарын, қазақтың талантты жастарын, қазақ пен орыс шаруаларының достығын қатты ұната көрсетіп, қазақ феодалдарының қаталдығын, деспотизмін әшкерелейді, көп қатын алушылықты мінейді. Қазақ қыздары Мауляна мен Майна қалаға қашып кетіп, орыс заңынан қорғаныс табуға, өздеріне бас бостандығын алуға тырысады; Хиуа хандарының шабуылына ұшыраған қазақтар да орыстардан келіп көмек сұрайды.
Өзінің жазысқан хаттары мен мақалаларында В. И. Даль қазақтың халық ауыз әдебиетінің байлығына үлкен маңыз беріп, орыс пен қазақ батырлар жырының арасындағы ұқсастықты көрсетеді. «Татаршылдық» деген мақаласында Даль патша чиновниктерінің озбырлығын әшкерелейді. В. И. Даль қазақ даласын ғылыми жағынан зерттеу жұмысына қатынасады, Орынборда алғашқы өлке зерттеу музейін ұйымдастыруға көмектеседі.
В. И. Дальдың ру мен ру арасындағы жер дауларын шешудегі әділеттілігі, қазақ әйелдерін әменгерлік дәстүрден қорғауы, ақындарға жақсы қарауы қазақ арасында оның беделін жоғары көтерді. Сондықтан да Исатай Тайманов Орынбор губернаторына жазған арыздарының бірінде онымен Жәңгір ханның арасындағы дауды тергеу жұмысы Дальге тапсырылуын сұрайды. Бірақ губернатор, әрине оған көнбейді.
Қазақстан тақырыбына арналған әңгімелер мен очерктер XIX ғасырдың 20-30-шы жылдарында орыс газеттері мен журналдарында жарияланып отырды. Мысалы, 1828 жылы Н. Муравьевтің «Қырғыз тұтқыны» поэмасы, 1830 жылы А. Крюковтың «Қайсақтар» деген әңгімесі («Жақып батыр» повестінен үзінді) жарияланды. Бұл шығармалар идеялық-көркемдік жағынан алғанда Ушаков пен Дальдың шығармалары дәрежесіне жете алмады. Көпшілігін алғанда олар жай еліктеу ғана болды, олардың бір бөлегінің аймақ тану сипаты ғана болды [1, б. 384 - 387].
2 XIX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан мәдениеті
XIX ғасырда Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев секілді ойшыл демократтар шықты. Бұлардың философиялық және мәдени-ағарту жөніндегі көзқарастары орыс демократтарының ой тұжырымдарымен ұштасып, қабысып жатты. Жоғарыда аты аталған қазақ халқының ірі қалам қайраткерлері жөнінде жазылған күрделі еңбектерге сүйеніп отырмыз.
Қазақ халқының жазушысы, этнографы тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов: «Мы связаны с русским народом историческим и даже кровным родством. Судьба миллионов людей, подающих несомненные надежды на гражданское развитие, людей, которые считают себя братьями русских по отечеству и поступили в русское подданство, кажется, заслуживает большего внимания и большей попечительности в таких решительных вопросах, которые формулируются в шекспировское: «быть или не быть», - деп айтқан-ды.
Оқымысты Шоқан Уәлиханов өз халқының болашағын алдын-ала болжады. Осы арада да ол өте көрегендігін істеді. Сонымен қатар Шоқан Уәлиханов орыс халқын тұтас алып отырған жоқ. Патша үкіметінің итаршысы болған, оның зорлық-зомбылығын жүгенсіз іске асырған бейбастақ орыс чиновниктері мен орыстың еңбекшіл халқының ара жігін ашып, айыра таныған болатын. Өз тұсында жақын досы Ф. М. Достоевскийдің: «Что тянуло... офицеров и чиновников в Западную Сибирь и Казахстан?» - деген сұрағына ол (Шоқан Уәлиханов): «…желание немного разбогатеть на обширных просторах независимой Татарии …обирать киргиз и на их деньги шить жене померанцевое платье на цитровых лентах…» - деп ащы мысқылмен жауап берген еді. Патша чиновниктерінің мінез-құлқын білетін Ф. М. Достоевский: «…хотя в Сибири холодно, но чиновникам живется тепло», - деп Шоқанның әлгі пікіріне үн қосты.
Шоқанның үнемі хат жазысып, хабарласып тұратын Петербургтегі достары: Ф. М. Достоевский, А. Н. Майков, В. С. Курочкин т.б. еді. Шоқан 1856 жылы Ф. М. Достоевскийге жазған бір хатында өзі қызмет істеп, өмір сүріп жүрген жерін ұнатпай, содан кеткісі келгенде: «Омск так противен сплетнями и интригами, что я не на шутку думаю его оставить. Как вы думаете об этом? Посоветуйте, Федор Михайлович. Как это устроить лучше?» - деп жазса, тап 1856 жылы Парижде жүрген И. С. Тургенев Россияға – Л. Н. Толстойға мынадай хат жазады: «Париж бұдан бұрын маған мұндай жексұрын көрінген емес еді. Бұл қалаға өте рахат тұрмыс жараспайды. Мен Парижді басқа бір жағдайда көріп едім, онда маған ұнаған болатын...» - деді.
И. С. Тургенев пен Ш. Ш. Уәлиханов екеуі бірін-бірі көрмей білмей-ақ сол 1856 жылы екі қала туралы жазған хаттары қалай сабақтасып жатыр десеңізші. Жат елде, бөгде жерде жүрген екі адам бөтен қалаларда өмір сүріп, соның ойы-қырын білмегендіктен ұнатпайды. Әрине, жағдайлары ұйқаспаса да іштей жатырқап, іштері пысып, мүлде кеткісі келетіндігін баяндайды. Орыс пен қазақ халқының ардагерлері бірін бірі алыстан ұғысады.
Шоқан Уәлихановтың жас кезінен бастап-ақ Н. Ф. Костылецкий, Н. И. Дабшинский, Т. Сейфуллин сияқты Россияның зерделі адамдарымен тікелей байланыста болуы мәлім. Бұлардың бәрі де Қазан университетінің Шығыс факультетін бітірген егде адамдар, жас Шоқанның қалыптасуына айрықша ізгі әсерін тигізгендер. Екі жақты Шоқан тәрбиесін жазушы Сәбит Мұқанов түбегейлі көрсетіп, көп жылдық зерттеу нәтижесін жариялады.
Сол дәуірде Шоқан Уәлиханов көрнекті ориенталист, тюрколог-профессор И. Н. Березинмен хат жазысып, пікірлесіп жүрді. Оған себеп болған И. Н. Березиннің жақын досы өзі әдебиетші-ориенталист Ф. И. Костылецкий еді. Жер аударылып Омбыда жүрген тарихшы-ғалым Гансевский де зор ықпал жасады. Аты шулы әлемге аян ұлы демократ Н. Г. Чернышевскийдің жас досы, әрі шәкірті, өзі әдебиетші В. П. Лободовскийдің де құнарлы әсері тимей қойған жоқ. Ендеше, И. С. Тургеневке Шоқанның қиырда жатып үн қосуы заңды сияқты.
Өр талантты жас Шоқан Омбыдағы кадет корпусында оқып жүрген кездің өзінде-ақ Д. Фонвизиннің, И. А. Крыловтың, А. С. Грибоедовтың, А. С. Пушкиннің, Н. В. Гогольдің, Яновскийдің, В. Г. Белинскийдің, А. И. Герценнің (бүркеншік аты - Искендер); Н. Г. Чернышевскийдің шығармаларын сарқа оқуы анық, солармен қатар Батыс Европаның атақты жазушылары Шекспир, Руссо, Карлейль, Диккенс, Теккерей т.б. орыс тіліндегі нұсқаларын меңгере білуі даусыз. Орыс елінің көрнекті ғалымы Н. И. Веселовский қыршын күнінде дүние салған, оған дейін өзекті еңбектері орыс, ағылшын тілдерінде жарық көріп, айдай әлемге танылған біздің Шоқан Уәлиханов жөнінде: «Шығыстану ғылымының құнарлы өлкесінен жарқ етіп өте шыққан құйрықты жұлдыз Шоқан еді», - деп, шындықты бүкпей айтты. Сәбиттің Шоқан туралы жазған романын «Аққан жұлдыз» деп атауы Н. М. Веселовскийдің осы мінездемесімен сабақтасса керек-ті. Сол кезде жер аударылып Омбыда жүрген декабрист Дуров Шоқанды: «Жұрт таңырқарлық кесек ойлы адам» деп бағалады. Шоқанмен кадет корпусында бірге оқыған досы, заманында Сібір ғалымдарының шамшырағындай болған Г. Н. Потанин: «…у нас с Чоканом происходили большие споры в его квартире, каждый раз я уходил от него разобиженным, потому что чувствовал себя всегда побитым на всех пунктах. Я все-таки думал, что моя сторона правая, только я не имею ни тех знаний, ни того искусства, какие были у Чокана, чтобы спорить с ним», - деп мінездеме берді.
Шоқан Уәлиханов Н. Г. Чернышевскиймен бетпе-бет кездескеннен кейін: «Чернышевский қандай ғажап адам еді, ол тек қана орыс халқының емес, басқа халықтардың да тұрмыс жағдайын, өмірін тамаша білетін кісі екен. Онымен сөйлесіп танысқан соң Россиясыз құритынымызға көзім жетті; орыс халқынан қол үзу – ағарту ісінен қол үзу екенін әбден ұқтым. Орыс халқынсыз біз баяғы жүгенсіз билейтін деспотизм мен қараңғылық басқан тек қана азиялық ел боламыз да қаламыз, одан басқа ешкім бола да алмаймыз. Чернышевский – біздің нағыз досымыз», деп тұжырып тауып айтқан болатын.
Шіркін, Шоқан көреген ғой! Ол: «Ағайын түгел болса ат көп, абысын түгел болса ас көп»; «алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «бірлік болмай, тірлік болмайды»; «жалғыз ағаш – үй болмас, жалғыз жігіт – би болмас», «ер елімен мықты, емен жерімен мықты»; «азамат елден ажыраса – мәнсіз болар, Антей жерден ажыраса - әлсіз болар» демекші осындай данышпан қағидаларды бойына түгел жинаған адам! Ол өзінің тағы үшін өспеген, азғантай елінің бағы үшін өскен азамат, сондықтан да өзіңнің табан тіреріңнен, арқа сүйеріңнен, күш қосарыңнан айрылма, ажырама, - деп кесіп айтқан ғой.
Ш. Уәлиханов орыс мәдениетін, сол арқылы Батыс Европа мәдениетін де терең ұғынған ғалым. Сонымен қатар оның назарынан шығыс әдебиетінің тұрлаулы туындылары да тысқары қалмағандай.
Шоқан грек-рим елінің мифологиясын да, алдыңғы араб Шығысының, Иранның әдебиет-мәдениетін, Қиыр Шығыстағы монғол мәдениетін де жақсы білген ғалым. Доржи Банзаров оған көп ой салған. Арабтың «Мың бір түн» атты ертегісін, Иранның «Шахнаме» эпосын, монғолдың тіпті діни көзқарастарын да сарқа білген жан. Осының бәрі құрғақ сөз емес, Шоқанның өз еңбегінде анық айтылған.
Қырғыз елінің даңқты көне эпосы «Манасты» Шоқан тұңғыш рет «Дала Илиадасы» деп атаса, осы эпостың жалғасы «Сәметейді» қырғыз «Одиссеясы» деп бағалаған. Осыған қарағанда Шоқан орыс әдебиеті мен Батыс Европа әдебиетінің ықпалын бойына сіңірген, содан ғана нәр алған ғалым емес, сонымен қатар ол классикалық шығыс-грек пен рим халқындағы көне мұралардың да негіздерін жақсы ұққан, олардың ішіндегі күрделі ойларды Европаға таратушы ірі ғалым екені айқын көрінеді.
Махамбет Өтемісов, Шоқан Уәлихановтардың саналы салтын әрі қарай іске асыруға белсене кіріскен Ыбырай Алтынсарин болды. Ол XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының жарқырап көрінген ойшыл демократ-ағартушысы еді. Ыбырай Алтынсарин өзінің бар өмірін қазақ даласында мектеп ашып, қараңғылықта жатқан ауыл балаларын тәрбиелеуге, оқытуға арнады. Қазақ еліне орыс халқының озат мәдениетін үйретіп, балаларын орысша оқытты, екі елдің арасына дәнекер болып, табыстырып, таныстыра түсті.
Ыбырай Алтынсарин 1879 жылы «Киргизская хрестоматия» және «Начальное руководство к обучению киргизов (казахов) русскому языку» деген екі кітап жазып шығарды. Орынбордағы орысша-қырғызша мектепті бітіргеннен кейін Ыбырай Алтынсарин Қазан университетінің профессоры Н. И. Ильминский, шығыстану ғылымын зерттеуші В. В. Катаринский, статс-советник А. А. Бобровников, орыс-қырғыз (қазақ) мектебінің мұғалімдері В. Д. Соколов пен А. А. Мазохин тәрізді сол кездегі орыс интеллигенттерімен тығыз байланысып отырды.
Қазақ елінен шыққан көрнекті азаматтардың бірі және өз халқының тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсарин көзқарасының түп негізі еңбекшіл қара бұқараның мұң-мүддесін жоқтайтын демократиялық идеология еді. Ол өз жұртының өте бай ауыз әдебиетін толық білді, екінші жағынан өскелең орыс халқының мәдениетінен үлгі алды. Үшінші жағынан Шығыс елдерінде орныққан мәдениеттің прогрессивтік бағытынан да құр алақан емес еді. Осы үш арнадан шыңдалып шыққан Ыбырай Алтынсарин мәдениет майданында жоғары сатыға аяқ басты.
Ыбырай Алтынсарин ең алдымен, өрлеп өсіп келе жатқан орыс халқының мәдениетін терең меңгеруге кірісті. Өзінің көшпелі елін отырықшы етіп, қала салып, мектеп ашып, мәдениетке жетуге баулыды. «Ол екі кластық орысша-қырғызша төрт училище, бір қолөнер училищесін, бір әйелдер училищесін, болыс-болысқа таратып бес училище, қоныс аударған орыс шаруаларының балаларына арнап орысша екі училище ашқан болатын».
Осы мектеп ашылғанда, Қазан университетінің профессоры Н. И. Ильминскийге Ыбырай Алтынсариннің жазған бір хатын келтіре кетелік: «Николай Иванович!.. 8-го января совершилось давно ожидаемое мною открытие школы, и поступили в нее 14 киргизких мальчиков, мальчиков славных, смыслящих. Как голодный волк на барана, взялся я горячо за учение детей, и к крайнему моему удовольствию, мальчики эти в течение каких-нибудь трех месяцев выучились читать и писать по-русски и по-татарски... Учу сперва названия предметов, исключительно слова, относящиеся к имени существительному; потом названия качества предметов – имени прилагательному... и так далее. Два воспитанника... почти выучили уже три правила; занимаются разговорными переводами и читают «Детский мир» (педагога Д. Ушинского), из которого также делают переводы. Когда воспитанники мои начнут немножко говорить по русски, я смешаю с ними русских мальчиков, детей здешних поселян, на что имею уже законное право. Стараюсь всеми силами, чтобы подействовать на их нравственноть, чтобы они впоследствии не были взяточниками».
Ыбырай Алтынсариннің нағыз педагог, шын мәнінде ағартушы адал азамат екенін айтқанда біз осындай ойларын ескеріп едік.
Бұл мектептердің мұғалімдеріне ол педагог Ушинскийдің «Детский мир» («Балалар әлемі»), Крыловтың «Мысалдар» («Басни»), Л. Толстойдың «Азбука и книга для чтения» сияқты орыс педагогтері мен жазушыларының кітаптарын ұсынады. 1879 жылы өзінің «Хрестоматиясын» баспадан шығарғанда: «Бұл хрестоматияның кейбір кемшіліктері бола тұрса да, ескерусіз қалмас және оқулыққа арналған тұңғыш кітап болғандықтан, көздеген мақсатын орындап шығар деген үмітім бар», - деп жазды.
Орыс-қырғыз (қазақ) мектебінің мұғалімі А. А. Мазохинға жазған тағы бір хатын келтіре кету артық болмас: «Милейший мой Арсений Андреевич! Придерживайтесь только совета на дальнейшее время, не моего совета, а знаменитого философа-педагога Каменского истинно счастливы те, которые умеют быть довольными тем, что у них есть, и те, которые могут себе сказать: «Мы живем своим личным трудом», да еще другого, арабского философа, который, когда спрашивали, в чем стоит счастье и богатство, отвечал – в умеренности», - деп еді.
Әрине, бұл хаттағы ойлары біздің заманға сәйкеспейді, өйткені ол өз дәуірінің ырғағына қарай билеген кемеңгер адам, чехтың философия ғылымын да, арабтың философын да ақтара біліп, аудара төңкеріп отыр ғой, соның өзі де біздің мақтанышымыз.
Орыс тілінен қазақ тіліне аударудың алғашқы дәстүрі де Ыбырай Алтынсариннен басталды. 1892 жылы Ыбырай аударған «Қарға мен түлкі» («Ворона и лисица») атты И. А. Крыловтың мысалы шықты (ескерте кетелік, Абайдың орыс классиктерін аударуы бұдан он жыл бұрын еді, ол Лермонтовтың «Бородино» деген әйгілі өлеңін 1882 жылы аударды, бірақ көпке дейін жарық көрмеді ғой).
Ыбырай Алтынсарин тек қана ағартушы-педагог емес, ол XIX ғасырдың екінші жартысында шексіз де шетсіз қазақ даласына мына келелі ойларын алып келген, нұр сәулесін шашып, көзін ашқан белді де, беделді жазушы, әрі өз халқының әдет-ғұрпын зерттеген білімді этнограф және белсенді қоғам кайраткері. Ол – орыс әдебиеті классиктерінің, атап айтқанда, И. А. Крыловтың мысалдарын, Л. Н. Толстойдың т. б. әңгімелерін тұңғыш рет аударып берген жазушы-аударушы, оның үстіне соларды қазақ жастарына оқытып үйреткен ұстаз-педагог.
Қазақ елінің оқығандары дүние жүзілік мәдениетті меңгеруге XIX ғасырда-ақ жұмыла кірісті. Бұлар ең әуелі шығыс әдебиетінен бастады. Мысалы, Фердоусидің «Шах-намесін» Молда Ораз парсы тілінің өзінен аударды. Оның араб әрпімен жазған каллиграфиялық әдемі қолжазбасы Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық кітапханасында сақтаулы (қолжазба номері 1187, таза сақталған беттері 484). Бұл аударма, негізінен, қара сөзбен жазылған, некен-саяқ өлеңдері де бар. Осы баға жетпес, сирек кездесетін қолжазбаның біразын Тұрмағамбет Ізтілеуов өлеңмен аударды. Мұны аударуға себепкер болған мемлекет қайраткері марқұм Темірбек Жүргенов еді.
«Шах-наменің» бір тарауын ақын журналист, қоғам қайраткері, «Айқап» журналының редакторы Мұхаметжан Сералин орысшадан (ақын В. А. Жуковскийден) қазақшаға аударып бастырды. Бері келе қазақ қаламгерлері түгелдей тек орысшадан аударуға кірісті (Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев). Ал молда Нияз Бекимов, А. С. Пушкиннің «Капитан қызын» 1903 жылы Қазанда бастырды.
Ол кезеңде қазақ азаматы Алтынсарин орысшадан аударғанда қазақ оқырмандарына бейімдеді, жеке сөзін қуаламай, ойын беруге тырысты, өз халқының ұғымына сай етіп аударды. Мысалы, К. Д. Ушинскийдің «Наблюдательность» деген әңгімесін «Үнді» («Индеец») деп берді. Орыс жазушысының «Ворона и рак» деген әңгімесі Ыбырай Алтынсаринде «Қарға мен құрт» («Ворона и червяк») болды; Л. Н. Толстой жазған «Царь и рубашка» атты орыс ертегісі Ыбырай Алтынсаринде «Бақытты адам» («Счастливый человек») болып алынған еді. Осы әңгімелердің аттарындағы айырмасы олардың ішкі мазмұнымен байланысты. Мысалы, Л. Н. Толстой жазған әңгімеде бір патша ауырып жатып: «Мені осы науқастан емдеп жазған адамға патшалығымның тең жартысын сыйлар едім», - дейді. Ал Ы. Алтынсарин осы оқиғаны өзінше шертеді: «Бір патшаның әйелі (ханымы) ауырып қалады. Толып жатқан тәуіптер (дәрігерлер) шақырылады. Бәрі жабыла емдеп, бірақ ауру әйелді жаза алмайды. Осыдан кейін патша бақсы-балгерлерді жинап алады да: «Ей, бақсы-балгерлер, ханымды кеселді дертінен айықтыратын дәрі іздеп табыңдар, егер таба алмасаңдар бәріңді де қырып-жоямын» - деген бұйрық береді.
Осы авторлардың екеуі де өз ортасын өте жақсы ұғады, халқының салт-санасын жете түсінеді. Мысалы, Л. Н. Толстойдың патшасы ығы-жығы жоқ қу және шексіз мырза, ол жалынып-жалбарынады, өлердегі сөзін айтып өтінеді, тіпті патшалығының жарым-жартысын сыйламаққа уәде береді. Ал Ы. Алтынсариннің патшасы – жүгенсіз, бетімен кеткен дозақы, шығыстың ауыздықсыз деспоты. Ол өтінбейді, қорқытады, «табаныңнан тұр», - деп бұйырады.
Ы. Алтынсариннің «Байлықты пайдаға асыру» деген әңгімесі Л. Н. Толстойдың «Петр І и мужик» («Петр I мен мұжық») атты әңгімесіне байланысты. Бұл әңгіме «Азбука» деген оқулықта (екінші кітабында, СПб., 1872) жарияланды.
Ы. Алтынсариннің «Жалқау» («Неряшливость») әңгімесі В. И. Дальдің «Нечистоплотный крестьянин» деген әңгімесіне ұқсайды. Алайда араларында айырмасы да бар. Мысалы, В. И. Дальдің кейіпкері жалқау Иван, ал Ы. Алтынсаринде – еңбекқор, жақсы жігіт, ұлты мешер (татар) Керім.
Қазақ жазушысы, ағартушысы Ы. Алтынсаринге И. А. Крыловтың, Л. Н. Толстойдың, В. И. Дальдің және орыс елінің көрнекті педагогтары К. Д. Ушинскийдің, И. И. Паульсонның тигізген әсері ұшан-теңіз. Мысалы, И. А. Крыловтың «Ворона и лисица», К. Д. Ушинскийдің «Коза и лисица», Л. Н. Толстойдың «Визир Абдул» деген мысалдарына Ы. Алтынсарин «Жақсылық пен жамандық» деп бір-ақ ат қояды. И. И. Паульсонның «Петр Великий под судом» деген мысалын Алтынсарин «Ізгі бала»,- деп алыпты. Тізе берсек мұндайлар көп-ақ екен.
Ы. Алтынсарин өлгеннен кейін оның досы профессор Н. К. Ильминский бастаған біраз авторлар бірігіп, 1891 жылы «Воспоминания об И. А. Алтынсарине» атты кітап шығарды. Орыс-қазақ мектебінің мұғалімі Н. Иванов Ы. Алтынсариннің «Бай баласы мен кедей баласы» деген әңгімесін орысшаға аударды. Әңгімедегі кейіпкерлердің аттарын қойды да, «Асан мен Үсен» деп жазды. Бұл әңгіме («Асан и Усен») 1890 жылғы «Родник» журналында жарық көрді [2, б. 186-195].
Абай XIX ғасырдағы орыс әдебиетінің атақты ақын-жазушылары: А. С. Пушкиннің, М. Ю. Лермонтовтың, М. Е. Салтыков-Щедриннің, Н. А. Некрасовтың, Л. Н. Толстойдың, т. б. Шығармаларын оқыды. Бұларды тек өзі біліп, үйреніп қана қойған жоқ, Крыловтың, Пушкиннің, Лермонтовтың өлеңдерін өзінің ана тіліне аударып, қазақ халқын орыс мәдениетімен таныстырып, оның сана-сезімін оятты.
Абай орыс классиктерінің көптеген өлеңдерін: Крыловтың «Қарға мен түлкісін», «Шегіртке мен құмырсқасын», «Өгіз бен бақасын», «Есек пен бұлбұлын», т. б., Пушкиннің «Евгений Онегин» романының үзінділерін, Лермонтовтың «Жалауын», «Қанжарын», «Теректің сыйын», «Бородиносын», «Ойын», т. б. аударды. Абайдың бұл аудармалары күні бүгінге дейін өзге тілден аудару техникасын, мәдениетін меңгеруде ақындарға үлгі-өнеге болып отыр.
Орыстың ұлы ақындарының асқан шеберлігін, ой-пікір тереңділігін, осыдан туған бай мазмұнды, өршіл идеяны, өлеңдегі қуатты күш пен көркемдік бояуды бір кемітпей, солғындатпай, дәл жеткізу Абай аудармаларының негізгі ерекшеліктері болып табылады. Оның үстіне аударма екенін білдіртпей тұратын, тілге, ұғымға жеңіл мінсіздік те Абай аудармаларына тән қасиет.
Орыс классиктерін аудару үстінде Абайдың өзі де шарықтап өсті. Оның бойына орыс ақындарының әсерімен сіңген тамаша қасиеттердің басқасын қоя тұрып, тек бірден көзге түсетіндерін ғана айтсақ: Абай, алдымен, Пушкин поэзиясының мұхиттай тереңі мен өмірдің өзіндей кең құлашын, Лермонтов өлеңдерінің сол кездегі қоғамдық қысымға қарсы бұрқана атылған кегі мен отты ызасын түсіне білді. Крылов мысалдарының өз дәуіріндегі қараңғылықты найзағайдай тіліп түсіп жатқан ащы сықағы мен ызалы күлкісін ұқты. Міне, тек осының нәтижесінде ғана Абай өз шығармаларын тақырып, идеялық мазмұн, түр, тіл, стиль жақтарынан мейлінше байытып, өлеңдерінің сыншылдығын, шыншылдығын күшейтіп, қоғамдық маңызын биікке көтерді [3, б. 58-59].
Абайдың орыс мәдениетіне құлшына кірісуінің екі түрлі себебі болды. Біріншіден, Абай, қазақ елін шығыстың схоластикасының ықпалынан мүлде шығарып, тура орыс мәдениетін алу, сондықтан, қазақ даласында орысша мектеп ашу, молда, қожаларға патша үкіметі тарапынан берілген кейбір праволарды қайтып алып, оларды тізгіндеп ұстау, олардың правосын уезд, болыстарға беру жөнінде өз пікірін тарихи, ғылыми түрде дәлелдеген Шоқан Уәлиханов, онан кейінгі өзінің замандасы Алтынсариннің бағытын Абай дұрыс деп ұқты.
Екіншіден, бұл кезде орыс халқының әдебиеті дүние жүзі мәдениетінің алтын қазынасының қатарына қосылып қана қойған жоқ, Еуропаға өзінің революцияшыл әсерін тигізді. Батыстың кәрі әдебиетін басып озды. XVIII ғасырдағы орыстың кейбір жазушылары жамылған Еуропалық шапанын шешіп тастап, орыс әдебиеті мазмұнына түрі сай, өзінің ұлттық қалпында дүниелік сахнаға шықты.
Өз кезінің үлкен мәдениетті және талантты ақыны Абайдың оны білмеуі, көрмеуі мүмкін емес еді. Абай көре де, түсіне де білді. Оның үстіне Абай Семейге айдалып келген орыстың халықшыл демократтары: Михайлэс, Долгополов, Гростармен танысып, өзінің сол бағытын бұрынғыдан да ұштай түседі. Орыс мәдениетіне тереңдеп, Чернышевский, Белинский, Добролюбов, Салтыков, Толстой, Пушкин, Лермонтов шығармалары, Аристотель, Сократ, Платон, Гоголь еңбектерімен танысады. Орыстың демократтары мен ұлы классик жазушыларының даналық еңбектерімен танысуы, батыс философтарының еңбектерін оқуы және өз кезіндегі шаруашылық-әлеумет өміріндегі болып жатқан әртүрлі өзгерістерді сезіну, ұғыну жиынтығы келіп, Абайдың өмірге көзқарасына, ой-санасына үлкен өзгеріс кіргізеді. Абайдың өзі айтқан: «Шығысым батыс, батысым шығыс болды», - дейтін сөзінің терең сыры, міне, осында [4, б. 76-77].
Жалпы, орыс (еуропа) поэзиясының өлең структурасы туралы ф.ғ.д., профессор С.Негимов: «Орыс поэзиясы тарихында Карамзин сызықша, көп нүктені, Пушкин «Евгений Онегин» романында шумақ нөмірлеуді (бұл тәсіл Пушкин дәуіріндегі европалық поэзияда кездеседі), Жуковский интонациялық құралдырды курсив арқылы көрсетуді, «басқышы» Маяковский поэзия сахнасына әкелді» - деп атап өтеді [5, б. 49].
Қазақ поэзиясында дыбыс үндестігі мен дауыс үндестігінің атқарар рөлі үлкен екендігіне де баса назар аударады. Поэзияның өзіне тән ережесі мен қазақи мінез құлқы көне поэзия өкілдерінен жеткеніне, көңіл бөліп түркі дәуіріне дейін апарады, оның өзіндік себептерін нақты мысалдар арқылы дәлелдейді.
Достарыңызбен бөлісу: |