Қазақ әдебиеті сабақтарында оқушылардың шығармашылық белсенділігін арттыру.
Қазіргі білім берудің басты мақсаты-шығармашыл тұлға қалыптастыру. Егеменді еліміздің ең басты мұраты өркениетті елдер қатарына көтерілуі болса, ал өркениетке жетуде жан-жақты дамыған,рухани бай тұлғаның алатын орны ерекше. Осы орайда оқушының шығармашылық белсенділігін арттыру-мектеп мұғалімдерінің алдында тұрған жауапты міндеттерінің бірі.
Оқушының шығармашылық қабілетін ашу,оны алға қарай дамыту үшін жоспарлы істің мақсаты мен міндетін айқындап алу қажет. Мақсат-оқушылардың іскерлігі мен дағдыларын қалыптастыра отырып шығармашылық жұмысқа баулу,ой-өрісінің дамуына мүмкіндік тудыру. Міндет-оқушылардың шығармашылық белсенділігін арттыру,жан-жақты дамуына көңіл бөлу,ғылыми-зерттеу дағдыларын қалыптастыру. Алға қойған мақсат пен міндетті орындау үшін оқушылардың шығармашылық әлеуетін жан-жақты өсіруге,дамытуға ден қою қажет.
Шығармашылық дегеніміз-оқушының белсенділігі мен дербес іс-әрекетінің ең жоғарғы түрі. Бұл мәселені шешуде шығармашылық тапсырмалардың орны ерекше.Оқушының шығармашылық белсенділігін арттыру жолдарын үш кезең арқылы жүзеге асыруға болады.
Бірінші кезең-жаңаны,тың нәрсені дамыту,түпкі идеяны табуға ұмтылу. Бұл кезеңде әдеби- шығармашылық тапсырмалар беріліп,төмендегідей талаптар бойынша жұмыс жүргізіледі:шығарманы бөлімдерге бөліп,тақырыбын жазып келу; кейіпкер тобын ажыратып,олардың арасындағы шиеленісті түсіндіру;шығарма мазмұнына сай қанатты сөздерді ойлап жазу;әңгіменің белгілі бір бөлімінің көркемдік ерекшелігіне талдау жүргізу.
Екінші кезең-қиял,ұшқыр ой қалыптастыру.Бұл кезең –оқиға құрудың,образ жасаудың мүмкіндігі бар кезең. Мұнда оқушыға ертегі,әңгіме,мақалдарды жалғастырып жазу және аяқтау тапсырылады. Оқушы қиялға ерік беріп,оқиғаны дамыта отырып шығармашылық жұмыс істейді.Өз бетінше іздену-шығармашылық қабілетін ашудың көзі. Бұл бағытта төмендегідей жұмыстар арқылы оқушының таным көкжиегін арттыра түсеміз.
Логикалық ойын дамытатын тапсырмалар / сөзжұмбақ,ребус шешу,жұмбақ,мақал-мәтел,қанатты сөздер құрастыру/
Берілген тапсырманы түрлендіру бағытындағы жұмыс түрлері / Мәтінді өндеу,берілген мәтіннен диалог құрастыру,мәтін бойынша шешендік сөз құрастыру/
Өз ойынан еркін тақырып құрастыруға берілген жұмыс түрлері /Өлең,ертегі,әңгіме,шығарма жазу/
Оқушылардың шығармашылық белсенділігін арттыру үшін басым міндетті оқушының өз қолына беріп отырған дұрыс.Бұл орайда сыныпты топқа бөліп,тақырыпқа сәйкес өлең құрастыру,қанатты сөз ойлап табу,шағын мөлтек сыр жазу тапсырылады / «Менің сүйікті ісім», «Менің Отаным-Қазақстан», «Менің досым».
Үшінші кезең-тапқырлық пен шеберлікке шыңдалу кезеңі. Бұл кезеңде оқушы белгілі бір шығармаға өзіндік көзқарас білдіріп,пікір / рецензия/ жазады,мәтінге әдеби-теориялық толық талдау жүргізеді,кіші ғылыми жұмыстарды қорғайды,әңгіме жазады. Осы үш кезеңнен өткен оқушы нағыз шығармашыл тұлға болып дараланады.
Сабақ үдерісінде баланың ізденушілік-зерттеушілік әрекетін ұйымдастыруды басты назарда ұстау керек. Бала өзінің бұған дейінгі білетін білігінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезінетіндей жағдайға тірелуі керек. Сонда ғана ол білуге ықыластанады,әрекеттенеді. Сабақ үдерісінде мұғалім ұйымдастырушы,бағыттаушы адам рөлінде болуы тиіс. Әр оқушыға өз ойын,пікірін айтуға мүмкіндік беріледі,жауаптар тыңдалады. Оқушы өз тұжырымын дәлелдеуге талпыныс жасайды. Әдіскер-ғалым Қ.Тасболатов «Проблемалық ситуация тудыру-оқушыларға сұрақ қойып,оны шешу ғана емес,мұндағы сұрақ әдетте қойылып жүрген сұрақтардан мүлдем өзгеше. Ол сұрақ оқушыға бейтаныс,өздігінен ізденіп,өзінше қорытынды жасай білетіндей сұрақ болуға тиіс» дейді. Бұл орайда оқушыға танымдық сұрақтар қоюдың маңызы зор.
Қазақ әдебиет пәні бойынша оқушылардың танымдық,шығармашылық қабілетін дамыту бағытындағы жұмыс жүйелер.
Оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылығын арттыра түсу үшін шығармашылық қабілеттерін сабақта дамытуда мен мынадай әртүрлі әдіс - тәсілдерді қолданамын.
Олар мыналар:
1. Мәтін, ертегіні, әңгімені өз ойларымен аяқтау. Мысалы;6 сыныпта Ы.Алтынсариннің «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесін өткен кезде байдың баласы Асан мен жарлы баласы Үсен ойнап жүргенде елі көшіп кетеді.
- Асан мен Үсен не істейді?
Амир: Асан мен Үсеннің жоқ екенін көрген ата-аналары оларды іздеуге шығып,тауып алып, үйлеріне әкеледі.
Дильназ: Асан бай баласы болғандықтан оның ұялы телефоны бар екен. Ата-анасына хабарласып,мекен-жайды біліп алып, аман-есен елдеріне жетеді.
2. Белгілі мақал негізінде әңгіме жазғызу.
3. Мәтін бойынша мақал құрастыру.
4. Табиғат құбылыстарына, заттарға жұмбақтар құрастыру. Мысалы: Мадинаның
құраған жұмбағы:
Өзі жас, мұртты
Сүтті ұрлап ішті. /мысық/
Әр үйде белін буған бір пысық бар. / сыпырғыш/
5. Әңгімелерді салыстыру, бөліктерге бөлу, ат қойғызу.
6. Шығарма, шағын эссе, мәтін құрастыру.
Тақырып бойынша.
Жоспар бойынша
Тірек сөздер арқылы
7. Өлең құрастыру.
-Дайын өлең жолдарын бір, екі жолын беру арқылы.
-Дайын ұйқастарды ұсыну арқылы.
-Бес жолды өлең құрастыру арқылы.
Мысалы: 6 сыныпта «автокөлік» тақырыбын өткен кезде Дильназ былай құрастырды
Автомобиль
Жүк, жеңіл
Тасиды, апарады, жүйткиді.
Біз қалаға жеңіл автомобильмен бардық.
Автокөлік
8. Шығармадағы әңгімеге ұқсас оқиғалар айтқызу.
9. Көлемі ұзақ шығармаларды жоспар құру арқылы қысқартып әңгімелету.
10. Кейіпкерлерге мінездеме бергізу.
11. Шығарма бойынша сурет салғызу, ауызша суреттеу, қиялдау арқылы суреттеу.
12. Рөлге бөліп оқыту.
13. Логикалық ойлауын дамытатын ойындармен берілген тапсырмаларды шешкізу (анаграмма, сөзжұмбақ, ребус, құрастырмалы ойындар т. б.)
14. Оқытылып отырған шығармалардың авторлары туралы толық мағлұмат жинату, реферат жазғызу.
Мысалы: Мәтіннің тақырыбын оқып шығып, оны оймен байланыстыру(2 топ)
1-ші топ оқушылары тақырыпты сурет арқылы оймен байланыстырып көрсетсе,
ал 2-ші топ оқушылары тақырыпты сөз тіркестері айтылымдары арқылы байланыстырып көрсетеді.
Немесе,мәтіннен таныс сөздердің, сонымен бірге мағынасын оңай түсінуге болатын сөздердің астын сызып, және оларға сүйене отырып, мәтін мазмұнын болжап біліңіздер деген тапсырма беремін.
Қазақ поэзиясына және прозасына композициялық талдау.
Ақынның өмір жолына байланысты хронологиялық кесте толтыру.
Ақын-жазушылардың дүниеге келген жерлерін облыс, аудан, аймақ бойынша топтастыру.
Кейбір тақырыптарға шығарма, пікір, ойтолғау жаздыру.
8-сыныпта С.Сейфулиннің «Аққудың айырылуы» поэмасы тақырыбын қорытындылауға сын тұрғысынан ойлау технологиясының стратегиялары мықты білім нәтижесін көрсете білді. Оқушылар сабаққа түгел қамтылды. Сабақ «Блум таксономиясы» бойынша жүргізілді. Оны стратегия арқылы мәтінге толық талдау жүргізілді. Оқушылардың білімі, деңгейі, әрекет түрлері, ақпаратты толық тануы ескерілді. Оқушылар мәтінді түсінді, әрі өз сөзімен жеткізді. Мәтінге анализ болды. Синтез /жинақтау бойынша/ оқушылар сахналық көрініс арқылы шығарманы жинақтады. Осы сабақ барысында біраз нәрселер қамтылды. Оқушылардың шығармашылық деңгейі қалыптасты. «Эссе» стратегиясы бойынша « Авторға хат» орындалды.
Эссе мына үлгіде жазылды: «Сәкен аға, сіздің поэмаңыз арқылы Аққудың пәк сезімнің адал да шынайы махаббатқа берік екені бізге қатты әсер етті, тебірентті, толғантты. …»
«Эссе» стратегиясы бойынша өз ойынан әр түрлі пікірлер құрастырып, оны дәлелдеуге үйренеді.
«Сауалнама-интервью» стратегиясы да жаңа білімді меңгертуге үлкен септігін тигізеді. «Сауалнама-интервью» стратегиясы бойынша өтілген тақырыпқа талдау, салыстыру, зерттеу жұмыстары бойынша оқушы білімін жинақы түрде қорытыныдылауға болады.
Оқушыларды жеке тұлға ретінде ала отырып, олардың іс-әрекет түрлерін мақсатты қалыптастыру, өздік, дербес ізденуге баулимыз. әрбір оқушыны өз беттерімен көркем туындыны оқуға, талдауға, бағалауға жетелейміз.
Осындай жұмыстарды үнемі жүргізу оқушыларды шығармашылыққа баулуға, бала бойындағы қабілет көзін ашып, тілін байытуға, қиялын ұштауға, өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізеді.
Шығармашылық тапсырма түрлерін сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне,
психологиялық таралым, шығармашылық қабілетінің даралығына қарап беріледі.
Қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі
Муханбеталина Гүлмира Кайроллиновна
Достарыңызбен бөлісу: |