Қазақ филологиясы факультеті Қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы



бет3/10
Дата19.02.2017
өлшемі1,92 Mb.
#10497
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Сөз түрлендіруші жұрнақтар – өзі қосылған сөздің лексикалық мағынасына еш өзгеріс енгізбейтін, тек қандай да бір грамматикалық мағына жамайтын қосымшалар. Сөз түрлендіруші жұрнақтар белгілі бір сөз таптарының аясынан шықпайды, өзі жалғанатын сөз табының парадигмалық түрлену жүйесін құрайды. Мысалы, заттың әр түрлі реңкін білдіретін рең мәнді жұрнақтар тек зат есімдерге, шырай жұрнақтары тек сын есімдерге, шақ, рай тұлғалары тек етістіктерге қосылады, сол сөз таптарына тән құбылыс болып табылады. Сондықтан сөз түрлендіруші жұрнақтардың мәселесі – таза морфологиялық, оның ішінде сөз таптарының түрлену жүйесіне қатысты мәселе болып шығады. Сол үшін сөз түрлендіруші жұрнақтар тақырыбын дұрыс меңгеру үшін сөз таптарының грамматикалық және лексика-грамматикалық категориялары туралы теориялық біліммен толықтырып алған жөн.

Сөз тудырушы жұрнақтар мен сөз түрлендіруші жұрнақтардың өзі қосылған сөзге үстейтін мағыналарына салыстыру жасап көрейік. Мысалы, Биыл көлшіктің суы жылдағыдан мол көрінеді. Ұстаздары Сәрсенді кластағы ең білімді, ең сөзшең бала деп есептейді. Көлшік сөзінің құрамындағы -шік жұрнағы көл сөзінің лексикалық мағынасына еш өзгеріс енгізбеген. Атап айтқанда, көл сөзінің лексикалық мағынасы – «табиғи немесе жасанды су қоймасы». Көлшік сөзі «шағын көлемді табиғи немесе жасанды су қоймасы» деген ұғымды білдіреді. Ендеше -шік жұрнағы арқылы өзі қосылған сөзге заттың көлемі, аумағына қатысты грамматикалық мағына жамалған. Бұл – таза грамматикалық мағына. Олай болса, -шік – сөз түрлендіруші жұрнақ, өйткені ол сөздің лексикалық мағынасын өзгерткен жоқ («табиғи немесе жасанды су қоймасы» деген лексикалық мағына –шік жұрнағы қосылғаннан кейін де сақталып қалды), тек көлемі, аумағына қатысты мағына ғана үстеді. Дәл осы сияқты көрінеді сөзінің құрамындағы -ін және жұрнақтары да сөздің лексикалық мағынасына өзгеріс енгізбей, тек грамматикалық мағыналар жамаған. Атап айтқанда, көр етістігі тура лексикалық мағынада емес (тура мағынасы – «көз арқылы сезіну әрекеті»), ауыспалы мағынада, «сана арқылы түйсіну әрекеті» (байқау, аңғару, сезу сөздерінің лексикалық мағыналарына сәйкес) деген мағынада жұмсалған, -ін өзгеліс етіс жұрнағы қосылған көрін нұсқасында, «сана арқылы түйсіну әрекеті» субъктінің (көру әрекетін жасаушының) ырқынан тыс жасалғанын білдіретін мағына жамалған, көсемше жұрнағы қосылғаннан кейін, субъектінің ырқынан тыс жасалған «сана арқылы түйсіну әрекеті» ауыспалы осы шақта жүзеге асқанын білдіретін мағына үстелген. Яғни, сөздің лексикалық мағынасы («сана арқылы түйсіну әрекеті») оған ырықсыз етіс жұрнағы мен көсемше жұрнақтары қосылғаннан кейін де еш өзгермеген, ендеше аталған жұрнақтар да сөз түрлендірушілердің қатарынан орын алады. Ал екінші мысалдардағы сөздердің құрамындағы жұрнақтардың табиғаттары басқаша. Білімді сөзі үш морфемадан құралған, мұндағы әрі түбір морфема, әрі түбір сөз – біл, лексикалық мағынасы – «қандай да бір құндылықтар туралы мәліметтерді жинау, есте сақтау әрекеті». Білім сөзінің лексикалық мағынасы - «оқу, тоқу, тәжірибе арқылы жиналған рухани құндылық». Біл мен білім сөздерінің лексикалық мағыналары бір біріне байланысты, өзара семантикалық тұрғыдан ұштасқан, бірақ бір лексикалық мағына емес, ендеше -ім жұрнағы – сөз тудырушы жұрнақ. Білімді сөзінің лексикалық мағынасы – «оқу, тоқу, тәжірибе арқылы жиналған рухани құндылықтарға ие» немесе «адам бойындағы оқу, тоқу, тәжірибе арқылы жиналған рухани құндылықтардан тұратын қасиет». Бұдан көрінетіні: -ді жұрнағы да – сөз тудырушы жұрнақ. Сөзшең сөзінің құрамындағы -шең жұрнағы да – сөз тудырушы. Өйткені сөздің лексикалық мағынасы – «лексикалық және грамматикалық мағынасы бар, дыбыстық құрамы тұрақталған тілдің бірлігі» немесе «сөйлеу әрекетінде пайдаланылатын тілдің (сөйлеудің) бірлігі». Ал сөзшең – «адам бойындағы көп сөйлеуге бейім қасиет». Есептейді сөзінің құрамындағы жұрнақтарға келер болсақ, оның бірі (-те) – сөз тудырушы, екіншісі () – сөз түрлендіруші. Атап айтқанда, есеп сөзі де ауыспалы лексикалық мағынада жұмсалған (тура мағынасы – «сандарды пайдаланып жүзеге асырылатын логикалық әрекеттің нәтижесі», ал одан туындайтын есепте сөзінің лексикалық мағынасы – «сандарды пайдаланып жүзеге асырылатын логикалық әрекет»), мысалдағы нұсқада «сандарды пайдалану» семасының ізі де байқалмайды, бұл жерде есеп сөзі «жалпы логикалық әрекеттің нәтижесі» деген лексикалық мағынада жұмсалған, соған орай есепте «жалпы логикалық әрекет» мағынасын беріп тұр. Ал көсемше жұрнағы өзі жалғанған сөзге есептеу жалпы логикалық әрекетінің ауыспалы осы шақта жүзеге асқанын білдіретін мағына үстеген.

Әдеттегі талдауларда білімді сөзінің құрамына талдау жасатар болсақ, біл – етістік, -ім – етістіктен зат есім тудырушы жұрнақ, -ді – зат есімнен сын есім тудырушы жұрнақ деген жауаптардан аспай жүргеніміз белгілі. Сабақтың мақсатына орай бұл талдауларды да пайдалану керек, бірақ әсіресе ұстаздың жоғарыдағыдай кең талдауларға келмей, атап айтқанда, сөз тудырушы мен сөз түрлендіруші жұрнақтарды ажыратуда негіз сөздің лексикалық мағынасы мен жұрнақ жалғанғаннан кейінгі тұлғаның лексикалық мағыналарына үңілмей, шәкірт бойында тиянақты, терең білім қалыптасыра алмайтынымызды мойындағанымыз жөн.

Жалғау – өзі жалғанған сөзге әр алуан грамматикалық мағына үстейтін, яғни сөзді түрлендіретін, сол мағыналары арқылы өзі жалғанған сөзді сөйлемдегі басқа бір сөзбен байланыстыратын қосымша. Жалғауларды сөз түрлендіруші жұрнақтардан ажырататын, керісінше жалғаулық және септеулік шылауларға жақындататын қасиеті – осы сөз бен сөзді байланыстыру қабілеті. (Бұл туралы кеңірек «Синтаксистік байланыс. Синтаксистік қатынас» тақырыбын қараңыз).

Негізгі және көмекші морфемалар. Негізгі морфемаға лексикалық мағынасы бар түбір морфемалар жатады. Негізгі морфема басқа көмекші морфемалар қосылатын, олардың грамматикалық мағыналары жамалатын тірек, ұйтқы морфема болып табылады. Көмекші морфемаларға лексикалық мағынасы жоқ, тек грамматикалық мағыналы морфемалар жатады. Атап айтқанда, сөз тудырушы жұрнақтар, сөз түрлендіруші жұрнақтар, жалғаулар және түбір морфемасы бола тұра, лексикалық мағынасы жойылған көмекші сөздер деп аталатын морфологиялық тұлғалардың бәрі де – көмекші морфемалар.

Көмекші морфема және сөзді түрлендіретін морфологиялық тұлғалар. Морфема және морфологиялық тұлға ұғымдары бір біріне байланысты, бірақ әр басқа дүниелер. Морфема – сөз құрамындағы кез-келген мағыналы бөлшек деп ұғынылса, морфологиялық тұлға дегеніміз – морфологиялық қасиетке, түрлену және түрлендіру қабілетіне ие сөз бөлшектері. Соған орай морфологиялық тұлғалар түрленуші және түрлендіруші тұлғалар болып екіге жіктеледі.

Түрленуші морфологиялық тұлғаға дербес лексикалық (қанша түбірден, қанша қосымшадан, қанша сөзден, бір сөзбен айтқанда, қанша морфемадан тұратынына қарамастан) мағынасы және сол лексикалық мағынамен ұштасатын (сөз табы ретінде белгілейтін) жалпы грамматикалық мағынасы бар тілдік бірлік жатады. Мұндай қасиетке тек сөз деп аталатын тілдік бірлік қана ие. Ендеше түрленуші тұлға дегеніміз – белгілі бір сөз табына жататын лексика-грамматикалық мағыналары бар, жасалу жолына қарай бір немесе бірнеше морфемадан тұратын сөз. Түрленуші тұлғаны түрлендіруші тұлғадан ажыратанын басты белгі – лексикалық мағына және оның бүтіндігі, біртұтастығы. Мысалы, Өтірікшінің өтірігі зая кетер. Сөйлемде үш толық мағыналы сөз қамтылған: 1. өтірікшінің, 2. өтірігі, 3. зая кетер. Бірінші сөздің түрленуші бөлігі – өтірікші: тұлғасына қарай – туынды сөз (өйткені негізгі түбір мен сөз тудырушы жұрнақтан жасалған), құрылысына қарай – дара (сөздің құрамында бір ғана түбір морфема бар), сөз табына қарай – зат есім. Бұл жерде түрленуші тұлға неліктен өтірікші болады, неге оның түбіріндегі өтірік сөзі емес деген сұрақ туындауы мүмкін. Біріншіден, сөйлемнің мазмұнына үңілсек, бұл сөз арқылы «жалған ақпарат айтуға бейім адам» деген лексикалық мағына берілген, өтірік сөзі беретін «жалған ақпарат» мағынасы берілмеген, бұл мағына мысалдағы екінші сөз арқылы (өтірік сөзінің өзі қатысуы арқылы) жеткізілген. Ендеше мұндағы, екінші сөздегі, түрленуші тұлға – өтірік. Зая кетер сөзіндегі түрленуші тұлға – зая кет: тұлғасына қарай – тіркесті сөз, құрылысына қарай – күрделі, сөз табы – етістік. Зая кету – тұрақты тіркес деп танылады, білдіретін лексикалық мағынасы еңбегі еш болу тұрақты тіркесінің лексикалық мағынасымен синонимдес. Бұл бейнелі лексикалық мағына жеке алғандағы бүгінде қолданыстан шыққан зая зат есімінің немесе кету етістігінің мағыналары емес, осы екі сөздің тіркесуінен пайда болған бейнелі лексикалық мағына. Сол сияқты бір жүз жиырма бес сөзінің лексикалық мағынасы жеке-жеке алғанда дербес лексикалық мағыналары бар төрт сан есімнің тіркесуі нәтижесінде, солардың лексикалық мағыналарынан жинақталып қалыптасқан. Ендеше бұл сөз түрлене қалса (бір жүз жиырма бесті беске бөлгенде, жиырма бес шығады), тіркесті күрделі сан есім ретінде бір түрленуші тұлға деп табылады.



Түрлендіруші морфологиялық тұлға да жеке морфемадан тұруы да немесе бірнеше көмекші морфемадан құралған құранды болуы да мүмкін. Түрлендіруші морфологиялық тұлғаларды анықтауда олардың өзі қосылған сөзге үстейтін грамматикалық мағыналарының бүтіндігі мен біртұтастығы негіз болады. Мысалы, Өтірікшінің өтірігі зая кетер деген жоғарыда түрленушілер ретінде анықталған үш сөздің біріншісінде – бір, екінші және үшіншісінде екі-екіден түрлендіруші морфологиялық тұлғалар бар. Өтірікшінің сөзіндегі түрлендіруші тұлға – -нің ілік септігінің жалғауы. Бұл қосымша өзі жалғанған зат есімге зат (өтірікші) басқа заттың (өтірік) иесі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамап, өзі жалғанған зат есімді (өтірікші) екінші зат есіммен (өтірік) анықтауыштық қатынаста (өтірікші сөзі өтірік сөзінің анықтауышы) байланыстырған. Өтірігі сөзінің құрамында екі түрлендіруші тұлға бар: біріншісі – тәуелдік жалғауы, екіншісі – атау септігінің нөлдік жалғауы. Тәуелдік жалғауы өзі жалғанған зат есімге зат (өтірік) үшінші жақтағы басқа затқа (өтірікші) оңаша қатысты екенін білдіретін грамматикалық мағына жамап, өзі жалғанған зат есімді екінші зат есіммен (өтірікші) байланыстырған. Ал атау септігінің нөлдік жалғауы өзі жалғанған зат есімге зат (өтірік) қимылдың (зая кету) иесі екенін білдіретін грамматикалық мағына жамап, өзі жалғанған зат есімді бастауыш қызметіне қоя отырып, етістікпен байланысқа түсірген. Зая кетер етістігінің құрамында екі түрлендіруші тұлға бар. Біріншісі – -ер есімше жұрнағы, екіншісі – нөлдік жіктік жалғау (баяндауыштағы нөлдік жіктік жалғауды тану үшін үнемі баяндауыш тиянақты ма, нешінші жақта тұр деген сұрақтарға жауап іздеп отыру керек. Өйткені баяндауыш тиянақты тұлғада келсе, оның құрамында жіктік жалғау бар болғаны, дәлірек айтсақ, баяндауышты тиянақты тұлғаға айналдыру жіктік жалғаудың басты қызметтерінің бірі болып табылады. Мысалға алынған сөйлемдегі баяндауышқа назар аударсақ, оның сөйлемді аяқтап тұрғанының өзі оның тиянақты тұлғада екенінің дәлелі болмақ, ал қимылды нешінші жақтағы тұлға жүзеге асырғанын іздесек, зая кету әрекетін үшінші жақ, жеке тұлға орындағанын аңғаруға болады. Ендеше баяндауыштың бойында үшінші жақ, жекеше мағына бар. Баяндауышта аталған мағына бар болса, жіктік жалғау да бар деген тұжырымға келеміз. Өйткені баяндауышқа жақтық және жекеше-көпше мағына үстеу – тек жіктік жалғаудың қызметі. Ал баруым мүмкін, барғым келеді сиқты баяндауыштардың құрамындағы қимыл есімі және қалау рай тұлғалы етістіктерден кейін жалғанатын тәуелдік жалғауы баяндауышқа жақтық мағына үстемейді, қимыл есімі мен қалау рай тұлғасындағы етістіктерді қимыл иесімен байланыстыру қызметтерін ғана атқарады деген пікірдеміз. Оған дәлел – қалау рай тұлғасындағы етістіктің құрамындағы көмекші етістікте жіктік жалғаудың келуі). Сонымен, зая кетер сөзінің құрамындағы есімше жұрнағы өзі жалғанған сөзге болжалды келер шақ мағынасын жамап, етістікті баяндауыш қызметіне қойған, ал нөлдік жіктік жалғау өзі жалғанған сөзге үшінші жақ, жекеше мағына жамап, баяндауышты тиянақты тұлғаға айналдырып, оны бастауышпен байланыстырып тұр.

Талдауға түскен сөйлемдегі сөздердің құрамында кездескен түрлендіруші морфологиялық тұлғалардың барлығы да – әрі жеке морфемалар, әрі жеке морфологиялық тұлғалар. Яғни, бұл мысалдардағы әр түрлендіруші морфологиялық тұлға жеке морфемалардан тұрады.



Паром істен шыққандықтан, енді он шақырым жердегі көпір арқылы айналып өтпек. ...Үйге дейін жүгірді. ... Жүгіре жөнелді. Бірінші мысалдағы зат есімге тіркесіп келген арқылы септеулік шылауы өзі жалғанған сөзге зат (көпір) қимылдың (өту) құрал-объектісі (егер сұрақты немен өтпек деп қояр болсаңыз) немесе зат қимылдың амал-объектісі (егер сұрақты қалай өтпек деген мазмұнда қойсаңыз) екенін білдіретін грамматикалық мағына жамап, зат есімді толықтауыш (соңғы мағына дұрыс десеңіз пысықтауыш) қызметіне қоя отырып, етістікпен байланыстырған. Мұнда бір көмекші морфема (көмекші сөз, оның ішінде септеулік шылау) бір морфологиялық тұлға болып тұр. Екінші мысалда екі морфема бір морфологиялық тұлғаны құраған. Яғни, үйге дейін дегендегі түрлендіруші морфологиялық тұлға – -ге дейін, өз ішінен екі морфемадан, барыс септік жалғауы мен септеулік шылаудан құралған. Оған дәлел – сөзге үстелген грамматикалық мағынаның бүтіндігі мен тұтастығы. Барыс септігі мен септеулік шылаудан тұратын морфологиялық тұлға өзі жалғанған сөзге зат (үй) қимылдың (жүгіру қозғалыс-қимылының) шектік бағыты екенін (қозғалу қимылы үйге жеткенде аяқталады) білдіретін грамматикалық мағына жамаған. Сөз (үй) осы мағынаға ие болғаннан кейін етістікпен пысықтауыштық қатынасқа түсіп байланыс орнатқан. Салыстыру жүргізейік: үйге жүгірді үйге қарай жүгірді үйге дейін жүгірді. Бірінші мысалдағы зат (үй) қимылдың нақты бағыты (жүгіру қимылы тек үйге бағытталған), Екінші мысалдағы зат қимылдың жалпы бағдары ғана (қимылдың бағыты нақты үй емес, оның қасындағы басқа зат, ғимарат болуы да мүмкін, үй – жалпы бағдар ғана), үшінші мысалдағы зат қимылдың бағытының шегі (қозғалыс қимылы осы затпен шектеледі, аяқталады). Үш сөзде де барыс септігі қолданылғанмен, үшеуіндегі үстелген грамматикалық мағына бірін-бірі қайталап тұрған жоқ, бір-бірімен байланысты, бірақ үш басқа мағыналар. Бірінші мысалдағы үстелген грамматикалық мағына барыс септігінің өзі арқылы берілсе, екіншісінде барыс септігі мен қарай септеулік шылауы арқылы, үшіншіде барыс септігі мен дейін септеулік арқылы жамалған. Ендеше бұл мысалдардағы барыс септігі мен септеулік шылау – бір грамматикалық мағынаны білдіретін етістіктің аналитикалық форманттары сияқты бір морфологиялық тұлға. Жүгіре жөнелді мысалындағы -е жөнел форманты да екі морфемадан құралып, бір грамматикалық мағына, жүгіру қимылының жедел қарқынмен басталғанын білдіретін грамматикалық мағына, жамаған бір морфологиялық тұлға болып табылады. Өйткені –е көсемше жұрнағының жіктелген кезде білдіретін ауыспалы осы шақ (біледі) және ауыспалы келер шақ (келеді) мағыналарының ізі де жоқ, сондықтан ол көмекші етістікпен бірге күрделі морфологиялық тұлғаның құрамына кіреді. Ал мысалдағы шақтық мағына жедел өткен шақ жұрнағы арқылы берілген.

Сөйтіп түрленуші морфологиялық тұлғалар да, түрлендіруші морфологиялық тұлғалар да бір морфемадан да тұруы мүмкін, бірнеше морфемадан да құралуы мүмкін. Оларды жеке морфологиялық тұлға деп тануда мағыналары, атап айтқанда, түрленушілерді тануда лексикалық мағына, түрлендірушілерді тануда сөзге үстейтін грамматикалық мағыналары негіз болады.

3 дәріс. Сөз таптары

Дәріс жоспары:



  1. Сөз таптарына жіктеудің принциптері

  2. Атауыш сөздер мен көмекші сөздер

  3. Есім сөздер

  4. Етістік

  5. Үстеу мен еліктеу сөздер

Сөз таптары тілде бар сөздердің ортақ грамматикалық қасиеттері бойынша топтастырылатын, әр басқа грамматикалық қасиеттері бойынша бір-бірінен ажыратылып, жіктелген топтары. Сөздерді әр басқа қасиеттері бойынша бір-бірінен ажырату, ортақ қасиеттері бойынша бір жерге топтау үшін үш түрлі принцип қолданылады. Олар – семантикалық принцип, морфологиялық прицип, синтаксистік принцип.

Семантикалық прицип – сөздерді грамматикалық мағыналары бойынша топтастыру принципі.

Кез келген толық мағыналы (атауыш) сөздердің лексикалық мағынасы, сол лексикалық мағынамен ұштасқан, сол лексикалық мағынадан туындайтын жалпыланған грамматикалық мағынасы да болады. Мұндай жалпыланған грамматикалық мағына бір сөз табына жататын сөздердің бәріне ортақ қасиет болып табылады. Сөздің бойындағы жалпыланған грамматикалық мағына сол сөз табындағы сөздердің бәрінің басын біріктіретін мағына болып табылады. Мұндай жалпыланған грамматикалық мағынаны жалпы грамматикалық мағына деп те, кейбір әдебиеттерде категориялық грамматикалық мағына деп те атайды. Бір жалпы грамматикалық мағыналы сөздердің бәрі ортақ бір сұраққа жауап беріп тұрады. Яғни, әр сөз табының өз жалпы грамматикалық мағынасы, соған орай дербес сұрақтары бар. Мысалы, кім және не деген сұрақтарға жауап беретін сөздердің бәрі – зат есімдер, қандай және қай сұрақтарына жауап беретіндер – сын есімдер, қанша, неше сұрағына жауап беретіндердің бәрі – сан есімдер, қайт, не істе сұрақтарына жауап беретіндер – етістіктер деп аталатын сөз таптарына жатады.

Атауыш сөздер (номинатив сөздер немесе толық лексикалық мағынасы бар сөздер) қатарына жатса да, бұл қасиетке ие емес сөз таптары – есімдіктер, үстеулер және еліктеу сөздер. Бұларды ортақ бір сұрақ арқылы бір жерге жинақтау мүмкін емес.

Есімдіктер есім сөздердің (зат есім, сын есім, сан есім) орнына жұмсалатын орынбасар сөздер болғандықтан, қай сөз табын алмастырғанына қарай сол сөз табының сұрағына жауап бере береді. Есімдіктердің басын бір жерге жинақтайтын ортақ қасиет дейктикалық қабілеті. Есімдіктерді дейктикалық сөздер деп те атаймыз. Бұл есімдіктерді сөйлемнен тыс, жеке алғанда лексикалық мағыналарының бос тұруымен, сөйлемде қай сөздің орнына жұмсалса, сол сөздің лексикалық мағынасына ие бола кету қабілетімен байланысты ұғым. Үстеулер мен еліктеу сөздердің басын бір жерге топтастыратын белгі де – олардың ортақ сұраққа жауап беруі емес, морфологиялық (өзіндік түрлену жүйесі жоқ, мүлдем түрленбейтін) ерекшелігі мен синтаксистік қасиеттері (етістікпен тіркесіп, пысықтауыш қызметінде жұмсалуы).



Морфологиялық прицип – сөздерді түрлену қабілеттері бойынша топтастыру.

Қазақ тілінде өзіндік түрлену жүйесі бар үш сөз табы ғана бар: олар зат есім, сын есім, етістік. Морфологиялық принцип бойынша бір сөз табының қатарына жататын сөздердің барлығы сол сөз табының түрлену жүйесіндегі тұлғаларды қабылдауы міндетті. Бұл талапты зат есім мен етістік орындағанмен, сын есім толық орындамайды. Атап айтқанда, зат есімнің өзіндік түрлену жүйесі сол – зат есімдер көптеледі, тәуелденеді, септеледі. Қазақ тіліндегі кез келген зат есім осы қосымшаларды қабылдайды, қабылдамаса, зат есім емес деп танылады. Сол сияқты етістіктің түрлену жүйесі – етіс, болымсыз етістік, шақ, рай, модаль, сипат категорияларының тұлғалары. Кез келген етістік аталған тұлғалармен (біреуімен немесе бірнешеуімен) түрлене алады. Бұл тұлғаларды қабылдамаса, етістік екені күмәнды. Ал сын есімдердің өзіндік түрлену жүйесі – шырай категорясының тұлғалары. Бірақ кез келген сын есім шырай тұлғаларымен түрлене бермейді. Шырай тұлғаларын қабылдайтындар – сапалық сын есімдер ғана, қатыстық сын есімдер шырай тұлғаларымен түрленбейді.

Басқа сөз таптарының өзіндік түрлену жүйелері жоқ. Бірақ субстантивтенген (заттанған) кез келген сөз (сын есім, сан есім, есімдік, етістіктің есімше және қимыл есімі мен қимыл иесі түрлері, сондай-ақ үстеулер) зат есімше түрлене алады. Сондай-ақ адъективтенген (сын есімнің орнына жұмсалған) жекелеген зат есімдер шырай тұлғаларын қабылдай алады.

Мүлдем түрленбейтін сөздерге үстеу мен еліктеу сөздер ғана жатады.



Синтаксистік принцип – сөздерді синтаксистік ерекшеліктері бойынша топтастыру.

Бұл тұрғыдан сөз таптарының басқа сөздермен тіркесу қабілеттері, сөйлем мүшесі болу қызметтері, сөз тіркесінің басыңқы және бағыныңқы сыңары болу қасиеттері ескеріледі. Атап айтқанда, сын есім мен сан есім, негізінен зат есімнің бағыныңқысы болуға, сол арқылы анықтауыш қызметіне тұруға қабілетті, үстеу етістікпен тіркесіп, пысықтауыш болуға қабілетті.

Бұл принциптер, негізінен, атауыш сөздерді бір-бірінен ажырату үшін, бір жерге топтастыру үшін қолданылады.

Қазақ тілінде тоғыз сөз табы бар деп жүрміз. Соңғы кездері модаль сөздерді оныншы сөз табы ретінде тану кең орын алып келеді. Сонда шылау мен одағайды, модаль сөздерді қай белгілеріне қарап бөлек сөз таптары ретінде танимыз. Өйткені жоғарыдағы үш принцип жеті сөз табына ғана қатысты екенін, атауыш сөздерді топтастыру үшін қолданылатынын айттық.

Тілде бар сөздердің бәрін жинап, бірінші кезекте, лексикалық мағыналарына қарай, атап айтқанда, лексикалық мағыналарының бар-жоқтығына қарай, жіктеп, топтастыруға болады. Бұл тұрғыдан сөздер үш қатарға топтасады: атауыш сөздер, көмекші сөздер және одағайлар.

Атауыш сөздер – толық лексикалық мағынасы бар сөздер. Атауыш сөздер тілдегі сөздердің басым бөлігін құрап, сөйлемде қандай да бір ұғымды атау үшін жұмсалады. Семантикалық, морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктері бойынша өз ішінен жеті сөз табына бөлінеді: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, еліктеу сөз.

Көмекші сөздер – түбір морфемасы бола тұра мүлдем лексикалық мағынасы жоқ, сөйлемде объективті өмірдегі ешбір затты, құбылысты, ешбір ұғымды атамайтын, кейде жеке өздері, кейде басқа морфемалармен бірлесіп, қандай да бір грамматикалық мағынаны білдіретін, яғни, сөз түрлендіруші тұлға қызметін атқаратын сөздер. Тілімізде көмекші сөздердің үш түрі бары айтылып жүр. Олар – шылау, көмекші есім, көмекші етістік. Бұлардың қатарына ертеректердегі оқулықтарда күшейткіш үстеу деп көрсетіліп келген, асырмалы шырайдың көрсеткіші болып табылатын өте, аса, тым, ең, т.б. с.с. көмекші сөздерді қосуға болады. Сонымен қатар оныншы сөз табы ретінде көрсетіліп жүрген, субъективті модаль мағынасын білдіру үшін күрделі баяндауыш құрамында кездесетін (мысалы, баруы мүмкін, айтуы тиіс, айтқаның жөн) модаль сөздер де сөзге грамматикалық мағына үстейтін морфологиялық тұлға құрамында келетіндіктер көмекші сөздер қатарына жатады. Сөйтіп, көмекші сөздердің қатары беске дейін толығады.

Одағайлар – лексикалық мағынасы жоқ болғандықтан атауыш сөздер қатарына да жатпайтын, белгілі бір сөзге грамматикалық мағына үстемейтіндіктен көмекші сөздер қатарына да жатпайтын сөздердің ерекше тобы. Одағайлар сөйлемнің синтаксистік желісінен тысқары (сөйлемді құрайтын сөздердің ешқайсысымен синтаксистік байланысқа түспей) тұратындықтан үнемі оқшау сөздер қатарынан табылады. Одағайлар сөйлемде негізгі синтаксистік желіден тыс тұрса да, сөйлеуші тарапынан қолданылып, сөйлеушінің көңіл-күйінен, сөйлеушінің тыңдаушымен арақатынасындағы әралуан жағдайлардан хабар беру қызметін атқарады.

Көмекші сөздер. Көмекші сөздердің түрлері – көмекші есім, көмекші етістік, шылау, асырмалы шырай тұлғалары және көмекші модаль сөздер бір-бірінен қандай белгілері арқылы ажыратылады?

Әдетте көмекші есім, көмекші етістік, шылау – үшеуін бір-бірінен ажыратуда олардың морфологиялық ерекшеліктері негіз болады. Атап айтқанда, көмекші есімдер – зат есімнің (заттанған сөздің) жетегінде келетін, лексикалық мағынасы жоқ (немесе солғындаған), өзі тіркескен сөзге грамматикалық (мекендік) мағына жамап түрлендіретін, өзі зат есімше түрленетін (көптелетін, тәуелденетін, септелетін), өзі тіркескен зат есіммен тек тәуелдік жалғауы арқылы байланысып тұратын көмекші сөздер. Көмекші есімдердің морфологиялық ерекшелігі – зат есімше түрлену қабілеті – оларды бөлек сөз табы ретінде емес, атауыш сөздердің, зат есімдердің аясында қарастыруға негіз болған. Көмекші есімдер шығу төркіні жағынан зат есімдерге келіп тіреледі. Толық мағыналы зат есімдерден олардың басқа зат есімдердің жетегінде келіп оған грамматикалық мағына үстеу үшін жұмсалу барысында лексикалық мағыналарынан айырылып, көмекші есімдер қалыптасқан.

Қазақ тіліндегі көмекші есімдер өте жиі қолданылғанмен, олардың саны аса көп емес. Қазіргі қазақ тіліндегі көмекші есімдер ретінде мына сөздерді көрсетуге болады: алд, арт, аст, үст, жан, жақ, қас, маң, маңай, тұс, іш, сырт, тыс, ара, қарсы, бой, шет, орта, соң.

Көмекші есімдер өзі тіркескен зат есімге (заттанған басқа сөздерге) тек мекендік мағына ғана үстейді. Сондай-ақ зат есім мен оған жетектелген көмекші есімнің құрамындағы морфологиялық тұлғалардың әрқайсысының өз қызметтері бар. Мысалы, Қалам үстелдің үстінде жатыр. Сөйлемде өзара матаса байланысқан зат есім мен көмекші есімнің тіркесі (баяндауыш қызметіндегі) жатыр етістігімен пысықтауыштық қатынаста байланысқан. Бұл жерде пысықтауыштың жасалуына, байланыстың қалыптасуына көмекші есімнің еш қатысы жоқ, мұндағы байланыс жатыс септігі арқылы орнаған және пысықтауыштың жасалуы да тек жатыс септігімен байланысты. Көмекші есім өзі тіркескен зат есіммен тәуелдік жалғауы арқылы байланысып, оған (зат есімге) мекендік мағына жамаған. Атап айтқанда, үст сөзі арқылы заттың (үстелдің) бір бөлігі, тұсы (нақтырақ айтқанда, жоғарғы бет жағы) меңзелген. Ал тәуелдік жалғау осы бөліктің (үст) затқа (үстелге) қатысты екенін білдіріп, көмекші есімді зат есіммен байланыстырған. Зат есімнің құрамындағы ілік септігі зат (үстел) көмекші есім (үст) арқылы аталған заттың бөлік-мекенінің иесі екенін білдіріп, зат есімді көмекші есіммен байланыстырған. Жатыс септігі зат есім мен көмекші есімнен тұратын тіркесті зат (дәлірек айтқанда, көмекші есім арқылы белгілі бір бөлігі көрсетілген зат) қимылдың мекені екенін білдіріп, етістікпен пысықтауыштық қатынаста байланыстырған. Сөйтіп өзара матаса байланысқан зат есім мен көмекші есім тіркесінен тұратын морфологиялық тұлға жымдасып бір бүтінге (бір компонентке) айналады. Олардың басқа сөздермен байланыс орнатуы, синтаксистік қызметтері көмекші есімнің құрамында тәуелдік жалғауынан кейін келетін септік жалғауларының (немесе басқа тұлғалардың) осы тіркеске үстейтін грамматикалық мағыналарына байланысты болып келеді. Мысалы, үстелдің үстін тазала, үстелдің үсті таза, үстелдің үстіне қой. Мұндағы бірінші мысалда табыс септігі зат (көмекші есім арқылы белгілі бір бөлігі көрсетілген зат) қимылдың тура объектісі екенін білдіріп, зат есім мен көмекші есімнің тіркесін етістікпен тура толықтауыштық қатынаста байланыстырған, екінші мысалда атау септігінің нөлдік жалғауы зат (көмекші есім арқылы белгілі бір бөлігі көрсетілген зат) қимылдың иесі екенін білдіріп, зат есім мен көмекші есімнің тіркесін етістікпен бастауыш қызметіне қойып байланыстырған, үшінші мысалда барыс септігі зат (дәлірек айтқанда, көмекші есім арқылы белгілі бір бөлігі көрсетілген зат) қимылдың нақты бағыты (адресат-мекені) екенін білдіріп, зат есім мен көмекші есімнің тіркесін етістікпен пысықтауыштық қатынаста байланыстырған.

Көмекші есім үстейтін мекендік мағыналар өз ішінде бір-бірімен антонимдік (алд – арт, аст – үст, іш – сырт), синонимдік (жан – жақ – маң, сырт – тыс, ара –орта) қатарлар түзетін мәндерге ие. Бұл құбылысты көмекші сөздердің грамматикалану процесін бастан өткерсе де, лексикалық мағыналарының әлі толық жойылмағанының, тек солғындағанының белгісі деп қарауға болады. Сол сияқты судың беті, сөздің басы, таудың етегі, т.б. с.с. тіркестердегі тәуелдік жалғауындағы зат есімдерді дәл көмекші есімдер сияқты өзі тіркескен ілік септігіндегі зат есімдерге мекендік мағына үстеп тұрғандықтан (ілік септігіндегі зат есім арқылы аталған заттың (судың, сөздің, таудың) белгілі бір бөлік-мекенін көрсетіп тұрғандықтан), көмекші есім деп көрсетіліп жүрген жайлар да бар. Бұл – аталған сөздердің грамматикалану процесін бастан өткеріп жатқанының көрінісі. Бірақ ауыспалы мағынада жұмсалған мұндай полисемиялы сөздердің бәрін көмекші есімге айналды деуге әзір ертерек сияқты.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет