Қазақ филологиясы факультеті Қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы



бет5/10
Дата19.02.2017
өлшемі1,92 Mb.
#10497
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Зат есім. Зат есім – заттың атын білдіретін сөздер. Басқаша айтсақ, тілдегі зат есім қатарына жататын сөздер шындық өмірдегі әр алуан заттар мен заттық ұғымдарды атайды.

Зат есімнің лексика-семантикалық қыры. Зат есімдер лексикалық мағынасына қарай жалпы есім - жалқы есім, деректі есім – дерексіз есім, адамзат есімдері – ғаламзат есімдері болып жіктеледі.

Зат есімнің морфологиялық ерекшеліктері. Зат есім – зат есімнің рең мәнді жұрнақтарымен және көптік, тәуелдік, септік жалғауларымен (септеулік шылаулармен және көмекші есімдермен) түрленетін сөз табы. Зат есім баяндауыш қызметінде келгенде жіктік жалғауымен де түрленеді. Зат есімдердің басты морфологиялық белгісі – көптелу, тәуелдену, септелу қабілеті. Зат есімдердің аталған қосымшалардың бәрін қабылдаған кездегі түрлену реті төмендегідей: алдымен көптеледі, содан кейін тәуелденеді, бұдан әрі септеледі.

Зат есімнің қатарына жататын сөздердің басым көпшілігі өз лексикалық мағынасы арқылы жеке, дара затты атайды. Тек жекелеген зат есімдерде, санауға келмейтін зат атауларында (ұн, топырақ, шаш, жұлдыз, т.б.), жұп заттардың атауларында (аяқ, қол, құлақ, көз, қолғап, етік, т.б.), көптеген дерексіз ұғым атауларында (достық, азшылық, көпшілік, байлық, сыйластық, т.б.), әлеуметтік кәсіп атауларында (егіншілік, ақындық, саудагершілік, т.б.), ғылыми сала атуларында (физика, химия, тарих, диалектология, т.б.) жекелік мағына бар деуге келмейді. Мұндай сөздердің сөйлемде стилистикалық қажеттілік болмаса, көптік жалғаусыз жұмсалады. Бұл қатардағы сөздердің үнемі көптік жалғаусыз қолданылуы көптік мағына сол сөздердің лексикалық мағынасында деуге себеп болған. Сол сияқты бұл қатар күлкі, күйініш, сүйініш, реніш, қайғы сияқты эмоциялы қпроцесс атауларымен толыға түседі. Жалқы есімдер де себепсіз көптелмейтіні белгілі, бірақ оларда да көптік мағына бар деуге негіз жоқ. Бұл қатардағы сөздерден басқа зат есімдер арқылы аталатын заттардың көп екендігі не синтаксистік тәсіл арқылы (екі студент), не морфологиялық тәсіл арқылы (студенттер) беріледі. Зат есімнің жекелік және көптік мағыналары зат есімнің сан-мөлшер (жекелік-көптік) деп аталатын грамматикалық категориясын қалыптастырады. Сөйтіп, көптік жалғау зат есімнің сан-мөлшер категориясының мағыналарының бірін білдіргендіктен, осы грамматикалық категорияның тұлғасы, көрсеткіші болады. Ескеретін бір жай – көптік жалғау сөзге қосылғанда әрқашан көптік мағына білдіре бермейді, басқа да грамматикалық мағыналарда тұруы мүмкін.



Тәуелдік жалғау өз мағыналары арқылы зат есімнің тәуелдеу категориясын қалыптастырады.

Септік жалғаулары – зат есімнің септеу категориясының негізгі көрсеткіштері.

Зат есімнің синтаксистік ерекшеліктері. Зат есім атау септігінде келіп бастауыш қызметін атқарады. Ілік септігі арқылы анықтауыш бола алады. Басқа септіктер, септулік шылаулар зат есімді не толықтауыш, не пысықтауыш қызметіне қояды. Зат есімнен баяндауыш жасайтын арнайы морфологиялық тұлға жоқ, зат есім лексикалық мағынасы арқылы бастауышқа тән жай-күйді атап баяндауыш бола береді. Зат есімене жасалған баяндауыш құрамындағы жіктік жалғау баяндауышты тиянақты тұлғаға айналдыру және оны бастауышпен байланыстыру қызметтерін атқарады. Түрленбеген зат есім сын есімнің орнына жұмсалып (адъективтеніп) анықтауыш, үстеудің орнына жұмсалып (адвербиалданып) пысықтауыш та бола береді.
Сын есім. Сын есім – заттың сындық белгілерін білдіретін сөздер. Басқаша айтсақ, тілдегі сын есім қатарына жататын сөздер шындық өмірдегі заттар мен заттық ұғымдардың әр алуан белгілерін: сапасын, өлшем-көлемін, салмағын, түсін, қасиеттерін, т.б. атайды.

Сын есімнің лексика-семантикалық ерекшелігі. Сын есімдер лексикалық мағынасына қарай сапалық сын және қатыстық сын есім болып екіге бөлінеді. Сапалық сын есімдер – заттың сындық белгілерін лексикалық мағынасы арқылы тікелей атайтын сын есімдер. Мысалы, көк, үлкен, әдемі, т.б.. Қатыстық сын есімдер – заттың сындық белгілерін басқа ұғымды қатыстыру арқылы атайтын сын есімдер. Мысалы, күзгі, таулы, желсіз, сөзшең, т.б.

Қатыстық сын есімдер сапалық сын есім қатарына өтіп кетуі мүмкін. Мысалы, Үйге мылтық-наган асынған қарулы адамдар кіріп келді. Есен – кесек денелі, қарулы жігіт. Бірінші мысалдағы қарулы сөзі қатыстық сын есім қатарына, екінші мысалдағы қарулы сөзі сапалық сын есім қатарына жатады.

Сапалық сын есім мен қатыстық сын есімдерді бір-бірінен ажыратудың жолдары:


Реті

Сапалық сын есімдер

Қатыстық сын есімдер

1

Шырай тұлғаларымен еркін түрленеді: әдемірек, аса күшті, ап-айқын

Шырай тұлғаларымен түрленбейді: сәбилі, қысқы, күздік.

2

Тілде синонимдері болады: әдемі – сұлу – көрікті, т.б., күшті – мықты – берік, т.б., айқын – дәл – нақты, т.б..

Синоним қатарлары болмайды.

3

Антоним сыңарлары болады: әдемі – көріксізғ күшті – әлсіз, айқын – күңгірт.

Антоним сыңарлары болмайды.

4

Ауыспалы мағынада жұмсала алады: әдемі көйлек – әдемі сөз.

Тура мағынада ғана қолданылады.

5

Жаңа туынды сөз жасауға негіз болады: әдемілік, күштілік, айқындау.

Туынды сөздер жасалмайды.

6

Анықтауыш қабылдай алмайды

Зат есімнен жасалса, анықтауыш, етістіктен жасалса, пысықтауыш қабылдай алады: екі бөлмелі үй, суда жүзгіш


Сын есімнің морфологиялық ерекшеліктері. Сын есім (оның ішінде тек сапалық сын есімдер) – шырай тұлғаларымен түрленетін сөз табы. Сын есімнің шырайы тұлғалары – сын есімнің шырай категориясының грамматикалық мағыналарын қалыптастырады. Шырай дегеніміз – заттың сындық белгілерінің әр түрлі реңктерін білдіретін мағыналар жиынтығы. Қазақ тілінде шырайдың екі түрі бар: салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай.

Салыстырмалы шырай – заттың сындық белгілерін доминант (негізгі) белгімен салыстырып, сындық белгіні сол салыстырылған белгіден я артық, я кем етіп білдіретін шырай. Салыстырмалы шырай синтетикалық тәсілмен жасалады. Мысалы, кішірек, жалпақтау, ақшыл, қызғылт, сарғыш, көгілдір, қоңырқай, сұрша, бозаң, т.б..

Күшейтпелі шырай – заттың сындық белгілерін асыра, күшейте білдіретін шырай. Күшейтпелі шырай екі түрлі тәсілмен жасалады: редупликация тәсілі (қап-қара, сап-сары, аппақ), аналитикалық тәсіл (ең ыстық, аса салқын).

Сын есім зат есімге тән қосымшаларды да қабылдай алады. Мысалы, Жақсының аты өлмейді. Бұл құбылыстың өзіндік себептері бар. Бұл – сын есімнің заттануымен байланысты жүзеге асатын құбылыс. Сын есім зат есімдермен тікелей байланысты сөз табы болғандықтан, субстантивтенуге (заттануға) бейім сөз табы. Сын есімнің субстантивтенуінің негізгі бір себебі – сөйлем құрамындағы сын есім арқылы анықталатын зат есімдердің эллипсистенуі. Мысалы, Жақсының жақсылығын айт деген мысалдағы жақсы сын есімінің субстантивтенуі Жақсы адамның жақсылығын айт нұсқасындағы сөйлемнен сын есім (жақсы) арқылы анықталып тұрған зат есімнің (адам сөзінің) сөйлемнен түсіп қалып, оның заттық мағынасы анықтауыш қызметіндегі сын есімге өтуімен байланысты. Сөйтіп, түсіп қалған зат есімнің есебінен өз бойына заттық грамматикалық мағына жинақтаған сын есім енді зат есімнің қосымшаларын еркін қабылдау қабілетіне де ие болады.



Сын есімнің синтаксистік ерекшеліктері. Сын есімдер заттың сындық белгілерін атайтын сөздер болғандықтан, сын есімнің негізгі синтаксистік қызметі – анықтауыш болу. Өйткені олар заттың сынын атағандықтан, зат есіммен ешбір қосымша, көмекші сөздің көмегінсіз, орын тәртібі арқылы байланыса береді. Сындық белгілердің әр түрлі реңкін білдіретін шырай тұлғаларының сөз бен сөзді (сын есім мен зат есімді) байланыстыруға да, сөйлем мүшесін жасауға да еш қатысы жоқ.

Сын есім субстантивтеніп, зат есімше түрленіп жұмсалғанда, зат есімше қызмет атқарады. Атап айтқанда, атау септігі арқылы бастауыш, ілік септігі арқылы анықтауыш бола алады. Басқа септіктер, септулік шылаулар субстантивтенген сын есімді не толықтауыш, не пысықтауыш қызметіне қояды. Сын есім де зат есім сияқты лексикалық мағынасы арқылы бастауышқа тән жай-күйді атап баяндауыш бола береді. Сын есім –адвербиалдануға бейім сөз табы. Сын есімдер лексикалық мағынадағы өзгерістер арқылы (ауыспалы мағынада жұмсалу арқылы) заттың сындық белгісі емес, етістік арқылы аталатын қимыл, әрекеттердің белгілерін білдіріп, үстеудің орнына жұмсалып (адвербиалданып) пысықтауыш та бола береді. Мысалы, Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады. Бетті бастым, қатты састым.


Сан есім. Сан есім – заттың сандық белгілерін білдіретін сөздер. Басқаша айтсақ, тілдегі сан есім қатарына жататын сөздер шындық өмірдегі заттар мен заттық ұғымдардың санын, сандық шамасын, ретін атайды.

Сан есімнің семантикалық ерекшеліктері. Қазақ тілінде таза сандық ұғымды атайтын небәрі 22 сөз ғана бар. Оның оны – бірлік сандардың атаулары, тоғызы – ондық сандардың атаулары, бұлардан басқа нөл, жүз және мың сөздері бар. Ал миллион, миллиард, т.б. сан атаулары кірме сөздер. Тіліміздегі басқа сандық атаулар осы сөздердің әр түрлі комбинацияларда бір бірімен тіркесіп келуі арқылы жасала береді. Әр сан есім бірін бірі қайталамайтын жеке лексикалық мағынаға ие, сондықтан олардың синонимдік қатары, антонимдік жұбы болмайды. Күрделі сан есім құрамындағы әр сан есім жеке алғанда дербес лексикалық мағынаға ие болғанмен, олардың тіркесі үшінші лексикалық мағынаны білдіреді. Мысалы, жиырма бес, жиырма, бес.

Сан есімдер туынды сөздердің жасалуына негіз болғанмен, басқа сөз таптарынан сан есім жасалмайды. Мысалы, бірлік, ондық, жүздік, т.б.

Тілімізде сан есімдерге лексикалық мағыналары жуық сөздер де кездеседі. Оларға, біріншіден, өлшем бірліктерінің атаулары: қадақ, пұт, келі, батпан, бір уыс, елі, адым, тұтам, сүйем, қарыс, кез, аршын, құлаш, т.б;, екіншіден, белгілі бір сан есімдерге синоним мағынасы бар сөздер: жарты, жарым, жек, дара, жалғыз, жалқы, егіз, қос, жұп, ширек; лексикалық мағынасы уақытпен байланысты сөздер: ай, жыл, ғасыр, апта, сүт пісірім, бие сауым, т.б. жатады. Бірақ бұлардың бәрі – сан есім емес, басқа сөз таптарына жататын сөздер.

Сан есімнің мағыналық топтары синтетикалық және аналитикалық жолдармен жасалады. Алайда есептік сан есімдерден қосымшалар арқылы қалыптасқан, немесе олардың қосарлануы, тіркесуі арқылы қалыптасқан сөз тұлғалары жаңа туынды сөз бе, әлде сан есімнің түрленген тұлғалары ма деген мәселеде бір қайшылықтары бар. Болжалдық сан есімдер мен бөлшектік сан есімдер қатарына жататын сөздер есептік күрделі сан есімдер сияқты үшінші бір лексикалық мағынаны білдіретініне күмән тумайды. Ал реттік, жинақтық және топтау сан есімдері жаңа ұғымның атауын тудырды деу қиын.

Сонымен, қалай болғанда да, сан есімдерді алты мағыналық топқа бөлеміз:


  1. Есептік сан есімдер: бес, елу, елу бес, бес жүз елу бес, т.б.;

  2. Реттік сан есімдер: бесінші, елу бесінші, т.б.;

  3. Жинақтық сан есімдер: біреу, екеу, бесеу, т.б.;

  4. Топтау сан есімдері: бестен, бес-бестен, ;

  5. Болжалдық сан есімдер: бес-алты, он шақты, мыңдаған, елудей, бірер, мыңдап, сегіздер шамасы;

  6. Бөлшектік сан есімдер: бір жарым, төрттен бір, бес бүтін оннан үш, т.б..


Сан есімнің морфологиялық ерекшеліктері. Сан есім – зат есім мен сын есім сияқты өзіндік түрлену жүйесі жоқ сөз табы. Алайда сан есім де сын есім сияқты зат есімге тән қосымшаларды да қабылдай алады. Мысалы, Үй саны елу-алпысқа жетеді. Бұл – сан есімнің заттануымен байланысты. Сан есім де зат есімдермен тікелей байланысты сөз табы болғандықтан, субстантивтенуге (заттануға) бейім сөз табы. Оның да субстантивтенуінің екі себебі бар. Бірі – сөйлем құрамындағы сан есім арқылы анықталатын зат есімдердің эллипсистенуі. Мысалы, Бесті үшке көбейт. Екіншісімен қатал сөйлесу керек. Мұнда да түсіп қалған зат есімнің есебінен өз бойына заттық грамматикалық мағына жинақтаған сан есімдер енді зат есімнің қосымшаларын еркін қабылдау қабілетіне де ие болған. Екіншіден, жинақтық сан есімдер – таза заттық мағынаға ие сөздер. Өйткені жинақтық мағыналы -ау, -еу жұрнағы сан есімге заттық мағына үстейді. Атап айтқанда, жинақтық сан есім қандай да бір заттардың жиынтығын атайды. Алтау ала болса, аспандағыны алдырар, түртеу түгел болса, төбенегіні түсірер.

Сан есімнің синтаксистік ерекшеліктері. Сан есімдер заттың сандық белгілерін атайтын сөздер болғандықтан, оның негізгі синтаксистік қызметі – анықтауыш болу. Өйткені олар заттың санын атағандықтан, зат есіммен ешбір қосымша, көмекші сөздің көмегінсіз, орын тәртібі арқылы байланыса береді. Сан тесімнің мағыналық түрлерін жасайтын тұлғалардың сөз бен сөзді (сан есім мен зат есімді) байланыстыруға да, сөйлем мүшесін жасауға да еш қатысы жоқ.

Сан есім субстантивтеніп, зат есімше түрленіп жұмсалғанда, зат есімше қызмет атқарады. Атап айтқанда, атау септігі арқылы бастауыш, ілік септігі арқылы анықтауыш бола алады. Басқа септіктер, септулік шылаулар субстантивтенген сан есімді не толықтауыш, не пысықтауыш қызметіне қояды. Сан есім де зат есім сияқты лексикалық мағынасы арқылы бастауышқа тән жай-күйді атап баяндауыш бола береді. Сан есім де – адвербиалданатын сөз табы. Сан есімдер заттың сандық белгісі емес, етістік арқылы аталатын қимыл, әрекеттердің белгілерін білдіріп, үстеудің орнына жұмсалып (адвербиалданып) пысықтауыш та бола береді. Мысалы, Бір келгенде, бес келді.


Есімдік. Есімдік – сөйлемде есім сөздерді алмастыратын орынбасар сөздер. Есімдіктердің сөйлемнен тыс, жеке алғанда ешқандай дербес тұрақты лексикалық мағынасы жоқ. Алайда сөйлемде ол өзі қай сөзді алмастырса, сол сөздің лексикалық мағынасына ие бола кетеді. Мысалы, мен есімдігі кез келген бірінші жақтағы сөйлеушіні білдіреді, немесе кейбір белгісіздің есімдігін кез келген зат есімнің орнына қолдануға болады. Есімдік сөйлемде қай сөз табының орнына жұмсалса, сол сөз табының сұрағына жауап береді.

Есімдіктің семантикалық ерекшеліктері.

Есімдіктер толық лексикалық мағыналы сөздер қатарына жатады. Өйткені олар сөйлемде басқа бір сөздің орнына жұмсалып, өзі жұмсалған сөз атайтын заттарды, заттың белгілерін білдіреді.

Қазақ тілінде есімдіктерді лексика-семантикалық қырынан жеті топқа бөлу кең орын алған:


  1. Жіктеу есімдіктері: мен, сен, сіз, ол, біз.

  2. Сілтеу есімдіктері: анау, мынау, сонау, әне, міне, бұл, сол, осы, ол, , т.б.;

  1. Өздік есімдігі: өз.;

  2. Сұрау есімдіктері: кім, не, қай, қайсы, қандай, қанша, неше, нешінші, қайда, қалай, т.б.;

  3. Белгісіздік есімдіктері: бір, біреу, кей, кейбір, әр, әркім,әлде, әлдекім, әлдеқашан, әрқашан,т.б. ;

  4. Болымсыздық есімдіктері: еш, түк, дым, ешкім, ештеңе, ешнәрсеғ ешқашан, ешбір, дәнеңе, т.б.;

  5. Жалпылау есімдіктері: бар, бәрі, барша, барлық, барлығы, бүкіл, бүтін, күллі, тәмам.

Есімдіктер есім сөздерді алмастыру мағынасы бойынша үш логика-семантикалық топқа, лексика-грамматикалық мағыналары қарай екі топқа бөлінеді.

Есімдіктердің логика-семантикалық топтары:



  1. Дейктикалық есімдіктер;

  2. Анафоралық есімдіктер

  3. Кванторлық есімдіктер

Дейктикалық есімдіктер - сөйлесу әрекетіне, немесе сөйлеу жағдайына қатысушыларды меңзеу мағынасына ие есімдіктер. Бұл қатардағы есімдіктерге сөйлеу әрекетіне қатысушыларға меңзейтін есімдіктер: (сөйлеуге қатысушы бірінші жақ – сөйлеушіні атайтын мен және біз; сөйлеуге қатысушы екінші жақ – тыңдаушыны атайтын сен, сіз есімдіктері) және сөйлеушінің меңзеуі (кейде ойша) бағытталған объектілерге сілтейтін сілтеу есімдіктері (осы, сол, әне, міне, т.б.) жатады. Дейктикалық есімдіктер айқындылыққа мәнге ие.

Анафоралық есімдіктер – бір мәтіннің ішіндегі алдыңғы бөлікте аталған, немесе кейін аталатын ұғымдарға сілтейтін есімдіктер. Сондықтан бұл есімдіктердің қатарына, негізінен, сілтеу есімдіктері (ол, сол, осы, бұл, сондай, сонша, мұнша, соғұрлым, ондай, мұндай, т.б.) мен өздік есімдігі жатады. Мысалы, Әйелдер қолдарын көлегейлеп қарап тұр. Олардың қайда қарап тұрғанын аңғардың ба? Сен өзіңнің кінәңді білесің бе? Анафоралық есімдіктер қызметін бңр, белгісіздік есімдігі де атқара алады: Әсет пен Әсем бір-біріне жылы шырай танытпады.

Кванторлық есімдіктерге белгісіздік, сұрау, жалпылау, болымсыздық есімдіктері жатады. Белгісіздік есімдіктері сөйлеушіге таныс емес, немесе сөйлеушіге таныс, тыңдаушыға таныс емес, сондай-ақ екеіне де таныс емес, белгіісіз объектілерге меңзейді. Жалпылау есімдіктері жинақталған бірнеше объектіге меңзейді. Сұрау есімдіктері қандай да бір объектінің бар екеніне, бірақ сөйлеуші оны айқын білмейтініне, тыңдаушының айқындауына меңзейді. Болымсыздық есімдігі объектілердің болымсыз, жалғандығына меңзейді.

Есімдіктер лексика-грамматикалық мағыналарына қарай заттық мағыналы есімдіктер, белгі (атрибутивтік) мағыналы есімдіктер болып жіктеледі. Заттық мағыналы есімдіктерге кім, не сұрақтары мен содан өрбіген сұрақтар қойылады. Өйткені бұл есімдіктер сөйлесу әрекетіне қатысушылар мен сөйлеу жағдайына қатысы бар объектілерге (заттар мен заттық ұғымдарға) меңзеп тұрады. Бұл қатарды жіктеу, өздік, белгісіздік есімдіктері мен сұрау (кім, не сөздері), болымсыздық (ешкім, ештеңе, ешбіреу сөздері), жалпылау (бәрі, барлығы сөздері) есімдіктері құрайды. Ал белгі мағыналы есімдіктерге заттар мен қимыл-әрекеттердің белгілеріне меңзейтін есімдіктер жатады.



Есімдіктің морфологиялық ерекшеліктері. Есімдік те –өзіндік түрлену жүйесі жоқ сөз табы. Алайда заттық мағыналы есімдіктер сияқты зат есімге тән қосымшаларды да қабылдай алады. Сондай-ақ белгі мағыналы есімдіктер заттанып, зат есімдердің қосымшаларымен түрлене береді. Мысалы, Ол оқи да, жаза да білмеуші еді. Мұны көріп тұрған Берікбол мен Малтабар сарттың дүкенінен шықты.

Есімдіктің ерекше морфологиялық ерекшелігін сөз етушілер жіктеу және сілтеу есімдіктерінің септелуін ерекше құбылыс ретінде көрсетіп жүр.

А.с.: мен, бұл

І.с.: ме-нің, мұ-ның

Б.с.: ма-ған, бұ-ған

Т.с.: ме-ні, мұ-ны

Ж.с.: ме-нде (мен-де), мұ-нда

Ш.с.: ме-нен, бұ-дан

К.с.: ме-німен (мен-і-мен), бұ-нымен (бұ-ны-мен)
Есімдіктің синтаксистік ерекшеліктері. Есімдіктердің синтаксистік қызметтері оның лексика-грамматикалық мағынасына байланысты болып келеді. Заттық мағыналы есімдіктер зат есімге тән қызметтерді атқарады. Атап айтқанда, бұлардың сөйлем мүшесі болуы тікелей септік жалғауларының қайсысын қабылдағаныныа байланысты болып келеді. Белгі мағыналы есімдіктер сын есім мен сан есімдердің орнын басса - анықтауыш, е,тістіке тән белгіні меңзесе – пысықтауыш бола береді. Белгі мағыналы есімдіктер субстантивтенген жағдайда, зат есім сияқты сөйлем мүшесі болады.

Етістік. Етістік – сөйлемде заттың қимыл-қозғалысын, әрекеттерін, өзгерістерін, динамикалық және статистикалық қалып-күйін атайтын сөздер.

Етістіктің семантикалық ерекшеліктері.

Қазақ тіліндегі етістіктерді лексикалық мағыналарындағы ортақ мағына арқылы М. Оразов 12 лексика-семанткалық топқа бөледі:



  1. Амал-әрекет етістіктері. Бұл қатардағы етістіктерде іс-әрекеттің объектіге бағытталғанын білдіретін ортақ мағына бар. Сондықтан амал-әрекет етістіктері лексика-грамматикалық мағынасы арқылы сабақты етістік қатарына жатады. Амал-әрекет етістіктері өз ішінен бірнеше лексика-семантикалық топтарға жіктеле алады:

    1. Қоректену етістіктері: ішу, жеу, ұрттау, қарпу, қарбыту, жұту, сораптау, жалау, сору, сораптау, т.б.;

    2. Жасау, құру етістіктері: құру, жасау, жарату, сөгу, өру, тоқу, тігу, т.б.;

    3. Қыру, жою етістіктері: бұзу, күлін көкке ұшыру, жырту, шабу, сою, бауыздау, балталау,т.б.;

    4. Өзгерту етістіктері: бояу, өрнектеу, қырлау, тазалау, бұйралау, өңдеу,т.б.;

    5. Объектіні қозғалту етістіктері: алу, беру, итеру, қозғау, шашу, көтеру, лақтыру, түсіру, құлату, т.б.;

    6. Объектіні толық қамтымайтын етістіктер: керту, найзалау, шымшу, қамшылау, сипау, түрту, сұғу, т.б.;

    7. Объектінің қалпын өзгертетін етістіктер: төңкеру, аудару, бүктеу, жазу, т.б.;

    8. Даралау, бөлшектеу етістіктері: ажырату, жіліктеу, бөлу, боршалау, т.б.;




  1. Қозғалу етістіктері. Бұл қатардағы етістіктерде субъектінің бір орыннан екінші орынға ауысатынын білдіретін ортақ мағына болады. Қозғалу етістіктері де өз ішінен бірнеше лексика-семантикалық топтарға бөлінеді:

    1. Бағыт-бағдарсыз, жалпы қозғалыс етістіктері: жүзу, малту, қалқу, қалқу, ағу; жүру, шабу, еңбектеу, сырғу, жорту, желу; ұшу, самғау, қалықтау, құлау, құлдилау, т.б.;

    2. Объектіге жақындау етістіктері: келу, жақындау, жанасу, маңайлау, қапталдау;

    3. Объектіден алыстау етістіктері: кету, ұзау, алыстау, жөнелу, қашу ;

    4. Қимылдың жоғарыдан төменге бағытталғанын білдіретін етістіктер: түсу, құлдилау, төмендеу, құлау, төгу, т.б.;

    5. Қимылдың төменнен жоғарыға бағытталғанын білдіретін етістіктер: шығу, өрмелеу, өрлеу, т.б.;

    6. Кедергілі етістіктер: кіру, шығу, өсу, асу, аттау, секіру, т.б.;

    7. Қарқынды етістіктер: шабу, желу, жүгіру, зырлау, т.б.;

    8. Амал етістіктері: жорғалау, ентелеу, елпеңдеу, талтаңдау, байпаңдау, арбаңдау, т.б.;

    9. Сұйықтық етістіктері: ағу, тамшылау, сорғалау, атқылау, құю, төгу, саулау, т.б.;




  1. Сөйлеу етістіктері. Сөйлеу етістіктері осы қатарға жататын сөздердің бәрінде болатын дыбыстау, хабар жеткізумен байланысты мағыналары арқылы бір үлкен лексика-семантикалық топ құрайды. Бұл қатардағы етістіктер де өз ішінен бірнеше кіші лексика-семантикалық топтарға жіктеліп кетеді:

    1. Хабарлау етістіктері: айту, сөйлеу, деу, хабарлау, жеткізу, дерек беру, аузынан шығып кету, тілге келу, сөзге араласу, әңгімелеу, баяндау, т.б.;

    2. Сөйлесу етістіктері: сөйлесу, әңгімелесу, әзілдесу, айтысу, т.б.;

    3. Сұрау-жауап мәнді сөйлеу етістіктер: сұрау, тергеу, жауап беору, іздеу, т.б.;

    4. Көңіл-күйлі сөйлеу етістіктері: мысқылдау, келекелеу, келемеж ету, мазақтау, қарғау, балағаттау, мадақтау, жамандау, т.б.;

    5. Жеке қарым-қатынаспен байланысты сөйлеу етістіктері: жалыну, жалбарыну, сұрану, тілеу, мінәжат ету, бұйыру, өкім ету, әмір қылу, кеңес беру, насихат жасау, т.б.;

    6. Бейнелік мәнді сөйлеу етістіктері: міңгірлеу, оттау, былшылдау, бөсу, шәікілдеу, сыпсыңдау, т.б..





  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет