Қазақ фольклоры: МӘНІ, теориясы, тарихы


«ҚОЗЫ КӨРПЕШ – БАЯН СҰЛУ» ЖЫРЫ



Pdf көрінісі
бет109/122
Дата10.06.2022
өлшемі2,12 Mb.
#146325
1   ...   105   106   107   108   109   110   111   112   ...   122
Байланысты:
kaskabasov seiit oioris (1)

«ҚОЗЫ КӨРПЕШ – БАЯН СҰЛУ» ЖЫРЫ 
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының қай кезде пайда болғаны жөнінде 
ғалымдар әрқилы болжам айтады. Бір топ зерттеуші бұл жыр Жошы 
ұлысында дүниеге келген десе, екінші топтағы оқымыстылар Ноғайлы 
дәуіріне телиді. Ал, үшінші топтағы ғалымдар аталмыш эпостың пайда 
болуын Қазақ хандығымен байланыстырады. Бұлардың бәрінен өзгеше 
пікірді М.Әуезов пен Ә.Марғұлан ұсынады. М.Әуезов 1927 жылғы кітабында 
былай деп жазады: «Қозы Көрпеш нағыз қазақ жұртының әңгімесі болса да, 
өлгенше ескі заманның әңгімесі. Бұған дәлел – барлық түрік жұртына тегіс 
жайылғандығы, екіншісі, елдің салтын суреттеген жерлерінен білінеді... 
Меніңше, «Қозы Көрпештің» өте ескілігін білдіретін дәлел: осы әңгіменің 
якут (саханың) ішінде болғандығы, олар мұсылман емес. Алыс солтүстікке 
кеткеніне көп заман, қазақтан оларға «Қозы Көрпеш» әңгімесі артынан қуа 
баруға қисынбайды. Ол ел жалпы түрік шеңберінен жырылып кеткен
күнінде осы жақтан ала кеткен жолдасы болуға лайық. Олай болса, «Қозы 
Көрпеш» тым кәрі әңгіме болуға керек» [1]. 
Ал, Ә.Марғұлан былай дейді: «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының 
қай кезде шыққанын жақсылап айыратын белгінің бірі – оның күмбезі. Бұл 
күмбез өте ерте уақытта, исламнан көп бұрын, ғұн заманында не Түркі 
қағанаты кезінде тұрғызылған белгі» [2]. Осы еңбегінің тағы бір жерінде 
Ә.Марғұлан бұл күмбездің, оның ішіндегі тас мүсіндердің жасалған мезгілі – 
Түркі қағанаты, яғни VІ-VІІІ ғасырлар шамасы» – деп нақтылай түседі [3].
М.Әуезовте де, Ә.Марғұланда да әңгіме «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» 
жырының бізге жеткен осы күнгі үлгісі жайында емес, сол жырдың ең ескі, 
түпкі сюжеті туралы деп ойлаймыз. Егер бұл эпостың қазіргі түрік 
халықтарындағы (айталық, башқұрттағы, қазақтағы, алтайлықтардағы) 
нұсқаларын жалпы мазмұны, кейіпкерлері, мифтік ситуациялары мен жер-су 
атаулары, т.б. компоненттері бойынша салыстыра қарасақ, «Қозы Көрпеш – 
Баян Сұлудың» ең алғашқы, түпкі сюжеті, шынында да, сонау Түркі қағанаты 
тұсында пайда болғанына көз жеткізуге болады. Оған дәлел көп [4].
Алғашында Алтай өлкесін мекендеген түркілерде әңгімеленген жігіт пен 
қыздың үйлену тарихы туралы сюжет Түркі қағанаты ыдырап, туыс тайпалар 
жан-жаққа ауа көшіп кеткенде әр тайпаның меншігіне айналып, солармен 
бірге әр жаққа тарайды. Сөйтіп, ол Алтайдан Еділге дейінгі аралықта әңгіме, 
ертек түрінде айтылады. Әр ұлыс-тайпа өзінің барған жерінде сюжетке өз 
қосымшасын қосады. Біреуінде сюжеттің мифологиялық сарыны күшейе 
түссе, екіншісінде оқиға қоюлана түседі, сөйтіп, алғашқы сюжет кеңейеді, әр 
жанрда көріне бастайды. Жігіттің үйленуі қиындатылып, неше алуан 
кедергілер мен жағдайлар енгізіледі. Біреуде аңыз, біреуде ертек, біреуде 
өлең болып баяндалады, бірақ тұтас жыр әлі тумайды. 
Жүйелі жырдың әдепкі үлгілері Алтын Орда заманында пайда болған 
тәрізді. Тарихтан белгілі: бұл мемлекеттің құрамында қыпшақ тілді түркілер 
басым болды. Әділін айтқанда, ол империяның тұрғындары осы күнгі қазақ, 


221 
ноғай, татар, башқұрт, алтай, т.б. этностардың бабалары еді. Сөйтіп, баяғыда
Алтайдан тараған түркі тайпалары, ықтиярсыз болса да, бір мемлекетке 
енген, өзара қарым-қатынасын қайтадан күшейткен. Осы тұста әрқайсысы 
өзінше айтып жүрген жігіттің үйленуі туралы сюжетке негізделген әңгіме-
аңыздар, ертек-өлеңдер енді топтаса бастайды, фольклорлық тұтастану 
процесіне түседі. Соның нәтижесінде сюжет бұрынғыдан да күрделенеді, 
қосымша оқиғалар, эпизодтар пайда болады, кейіпкерлердің саны көбейеді. 
Бірте-бірте жүйелі жырдың нұсқасы қалыптаса бастайды. 
Алайда, бұл үрдіс Алтын Орданың ыдырауына байланысты қайтадан 
үзіледі. Үлкен мемлекеттің орнында пайда болған хандықтар әрқайсысы 
өзінше өмір сүріп, өзінше дамиды. Қазан, Астрахан, Қырым және Қазақ пен 
Сібір хандықтары халқының құрамы тағы да осы – қыпшақ тілді түркілер 
болады. Олар енді бәрі айтып жүрген сюжетті тағы әрқайсысы өзді-өзіне 
алып кетеді, сөйтіп, «Қозы Көрпеш» жырының осы күнгі әр ұлттық 
нұсқасының алғашқы үлгілері туады.
Жеке отау тігіп, өз мемлекетін құрған қазақ халқы бұл сюжетті үлкен 
жырға айналдыра бастайды. Қазақ елінің тұрмыс-тіршілігі мен өмір салты 
эпикалық дәстүрді қайтадан жаңғыртады, елдік пен ерлік мәселесін көтеріп, 
бұрынғы қаһармандық эпостарды жырлаумен қатар, кейінгі жаулармен 
шайқастарда ерекше көзге түскен батырлар мен хандар, сұлтандар туралы 
жаңа туындыларды, яғни тарихи жырларды өмірге әкеледі. Ежелгі аңыз-
әңгімелерді қайта түлетеді. Бұндай процеске Қозы мен Баян тарихы да түседі, 
оның сюжеті тұтастанады, оқиғалары молығады, кейіпкерлердің іс-әрекеттері 
мен тартысы ширыға түседі, кейбірі өзгеріске ұшырайды. Енді Қозыға 
қастандық істейтін адам – қалмақ Қодар болады. Сөйтіп, Қазақ хандығы 
тұсында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудың» эпостық негізі қаланады, ол таза 
жыр формасына көшеді. 
Ал, оның бізге жеткен қалпындағы нағыз көркем шығармаға айналуы – 
ХVІІІ және ХІХ ғасырға тұспа-тұс келеді. Бұл кезеңде қазақ елі, басқа да 
біраз түркі халықтары сияқты Ресей империясына қарайды. Бұл оқиғаның 
қайшылықты салдары көп болды. Бір жағынан, халық басқа жұртқа бодан 
болып, ұлттық тәуелсіздігінен айырылса, екінші жағынан, бұрын жиі болып 
тұратын сыртқы шапқыншылықтан құтылды. Ата жауы болған 
жоңғарлықтардың шапқыншылығынан құтылған соң қазақ фольклорында 
қаһармандықтан гөрі лирикалық сипат алға шықты. Осы тұста батырлық 
және тарихи жырлармен қатар романдық эпос та кең өріс алып, ақындар мен 
жыршылар байырғы «Қозы Көрпеш» тарихын үлкен, кең құлашты эпосқа 
айналдырады. Енді ежелгі сюжет көптармақты, эпикалық пафосты, нағыз сөз 
өнеріне лайық көркем туынды болып баяндалады. Шығарманың сюжеті 
бірнеше есе өсіп, кеңейіп, композициялық жүйеге түседі, сөйтіп, жырдың
басталуы, коллизиясының дамуы, шарықтау шегі, аяқталуы – түгелімен бір 
ізге келеді. Сонымен бірге кейіпкерлердің образдары сомдалады, олардың 
тартысы күшейеді. Эпостың тілі көркем, бейнелі сипат алады. Көптеген ескі 
мифтік ұғымдар шеттетіліп, шығарма біршама реалистік, әсіресе, 
романтикалық сарынға ие болады.


222 
Эпостың басты тақырыбы – сүйіспеншілік мәселесі жаңаша, сол кезеңге 
сәйкес түсіндіріліп, жырланады. Қозы мен Баян – бір-біріне жай ғана ғашық 
болған жігіт пен қыз емес. Олар екі әкенің сертін орындаушылар болып 
суреттеледі. Сөйте тұра, олар бірін-бірі көргенде үлкен сезімге бөленіп, шын 
ғашықтарға айналады. Жалпы, бізге жеткен жырда сүйіспеншілік пен 
имандылық, адалдық пен адамгершілік мәселелері ең басты, ең негізгі болып 
көрсетіледі. 
Сонымен, ХVІІІ-ХІХ-ғасырларда «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры 
ежелден келе жатқан сюжетті мүлде жаңа сапаға көшіреді, жаңаша 
әңгімелейді. Жігіттің үйленуі туралы ескі әңгіме ендігі жерде махаббат үшін 
күрескен екі жастың тағдырын баяндайтын әдемі жыр ретінде орындалатын 
болады. Талантты ақын-жыршылардың арқасында бұл шығарма елдің сүйіп 
тыңдайтын жырына айналып, бүкіл Қазақстанға тарайды. Орыстың ұлы 
ақыны А.С.Пушкиннің бұл жырдың мазмұнын Орал өңірінен жаздырып алуы 
– осының айғағы. 
Қазіргі шақта «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының бізде хатқа түскен 
33 мәтіні бар. Олар Қазақстанның әр түкпірінен жазылып алынған. Кейбірі – 
жыр түрінде, енді біреулері – проза үлгісінде, ал, кейбірі – орыс тілінде. 
Қалай болғанда да, мұншама текстің болуы – бұл жырдың халыққа өте 
қымбат, сүйікті шығарма екенін көрсетеді. 
Бұл жыр сюжетінің өте көне екенінің тағы бір дәлелі – оның бірнеше 
түркі халықтары фольклорында болуы. Мәселен, айтылмыш жырдың татар 
халқында 28 мәтіні хатқа түссе, башқұрт елінде – 10 шақты, ал, алтай 
жұртында 6 мәтін жазылып алынған. Аталған халықтарда жырдың негізгі 
сюжеті – жігіттің үйленуі. Бұл көне сюжет әр халықта әр түрде баяндалған. 
Мысалы, алтайлықтарда сюжет мифологиялық сипат алған. Ол батырлық 
эпосқа айналған және мұнда кейіпкерлер де, оқиғалар да ертегілік әрі мифтік 
сарында бейнеленген. Біздің байқауымызша, алтайлықтардың нұсқасы ең 
алғашқы сюжеттің көне белгілерін молырақ сақтаған сияқты. 
Башқұрт версиясында да ертегілік мотивтер мен мифологиялық
кейіпкерлер ұшырасады. Алайда, олардың архаикалық мәні сәл өзгерген. 
Мысалы, бас кейіпкерге қастандық істейтін болып дию мен перілер 
көрсетіледі және олар алтай нұсқасына қарағанда басқа мақсатпен, яғни 
басқа себепке байланысты қас болады. Олар Қарабайға да, оның баласы 
Қозыға да мұсылман болғандары үшін дұшпан. Ал, Қарабай мен Қозыға 
көмек беруші болып ақ сәлделі әулие көрінеді, ол өзі желеп-жебеп жүрген 
бас қаһарманға ылғи Мұхамед пайғамбарды есте ұстап, соған сиынып жүруді 
өсиет етеді. 
Көне сюжеттің, атап айтқанда, кейіпкерлердің исламдық сипат алуы, 
әсіресе, татар версиясында басымырақ. Жалпы, татар тіліндегі мәтіндер 
ертедегі сюжеттің дастанға айналғанын аңғартады. Олардың барлығы дерлік 
Сібір татарларынан жазылып алынған және бәрі қара сөз түрінде, тілі, 
негізінен, қазақшаға жақын. Мәтіндердің ішінде өлең жолдары кездеседі 
және бақташылық өмірдің белгілері айқын көрінеді, тіпті, кейбір 
варианттарының мазмұны қазақтікімен бірдей, әрі татар тұрмысында


223 
баяғыда ұмытылған мал шаруашылығы мен оның ұғымдарын сақтап қалған. 
Мысалы, Қозы қой бағып, оны кешке қораға айдап келеді, отардағы кәрі 
қойлар Қозыны танып қояды, т.с.с. Әсіресе, өлеңмен айтылатын жәйттерде 
ескі бақташылық, малшылық өмірдің белгілері, қазіргі татар тілінде жоқ мал 
атаулары, көшпеліліктің іздері мол. 
Қазақтың «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуына» келер болсақ, қай нұсқасын 
алсақ та – төгіліп тұрған жорға жыр, жарқырап тұрған сөз маржаны, нағыз 
классикалық эпостың өзі. Ол өзінің таза поэзиялық үлгіде болғанымен ғана 
емес, сондай-ақ образдардың сомдалуымен, композициясының жүйелігімен, 
тілінің өрнектілігімен, әуенділігімен және көне діни нанымдар мен 
мұсылмандық түсініктерді шебер ұштастыруымен, көшпелі-бақташылық 
тіршіліктің өзіне ғана тән әсемдігін даланың қатал дүлейлігімен 
жымдастырып, бәрін жарасты етіп көрсете білуімен басқа халық 
версияларынан оқшауланып тұрады. Әрине, мұндай көркемдік көп ғасырдың 
жемісі, талай жыршы-ақындардың еңбегі. Жоғарыда айтқан бірнеше 
халықтың нұсқаларын салыстыра қарағанда осы жырдың сюжеті оу баста 
әңгіме, ертек түрінде айтылғаны байқалады. Мұны «Қозы Көрпеш – Баян 
Сұлу» жырының композициялық құрылымынан айқын көруге болады. 
Жырдың құрылымдық реті мынадай: 
1.
Балалар (ұл да, қыз да) әкелері үйде жоқ кезде, бір мезгілде дүниеге 
келеді. 
2.
Қозы өзіне айттырылған қызды іздеп, сапар шегеді. 
3.
Қозы болашақ қайын атасының аулына келеді. Ол өзінің пішінін 
өзгерткен; оны ешкім танымайды. Ол қыздың әкесіне малшы болады.
4.
Қозы өзінің қайын атасымен қақтығысқа түседі, оны жеңеді, сөйтіп, 
сүйікті Баянымен қосылады. Бірақ қапыда мерт болады. 
Кейбір нұсқаларда: 
5.
Дұшпандарын жеңіп, Қозы Баянға үйленеді, сол елді билейді. 
6.
Қозы өзінің атамекеніне қайтып келеді, балалы болады. Баласы 
әкесінің ісін жалғастырады. 
Міне, бұл – жырдың шартты түрдегі схемасы. Осы схеманы ертегілерде 
де кездестіреміз. Әдетте, қазақ ертегілері көбінесе болашақ кейіпкердің 
дүниеге келуімен басталады. Ол туардан бұрын әкесі әртүрлі себептермен 
үйде болмайды: ол ұзақ жолда жүреді, немесе басқа жұртпен соғыста болады, 
я болмаса жас нәрестенің дауысын естігенде қуаныштан жүрегім жарылып 
кетер деп, әдейі үйден кетіп қалады, т.с.с. 
Дүниеге келген бала ержетіп, өзіне жар іздеуге аттанады. Ол небір 
қиындықтардан өтіп, болашақ әйелінің еліне келеді. Оны ешкім білмейді, ол 
енді қыз әкесінің өте ауыр шарттары мен талаптарын орындауға мәжбүр 
болады. Кейбір ертегіде кейіпкер өзінің қайын атасымен күш сынасып, 
шайқаста жеңіп шығады. Қыз әкесі амалсыздан оған қызын, патшалық тағын 
береді. Сөйтіп, әлгі жігіт қайын атасының тағына отырады. Содан соң ол 
біраз уақыт осы елді билеп тұрады да, әйелін алып, еліне аман-есен оралады. 
Ертегідегі бас кейіпкердің қайын атасының тағына отыруы мен қайын 
жұртында біраз уақыт мекендеуі – ежелгі матриархат дәуіріндегі дәстүрдің 


224 
елесі. Ол дәстүр бойынша үйленген жігіт әйелінің елінде тұратын болған. 
Мұны матрилокалдық неке деп атаған. Ол ХХ ғасырға дейін Африка мен 
Океанияның, 
Индонезия 
мен 
Солтүстік 
Американың 
байырғы 
тұрғындарында сақталған [5]. Бұл дәстүрдің басты ерекшелігі – үйленетін 
жігіт қыздың үйіне бір-екі жыл жұмыс істеуге міндетті. Оған достары да 
жәрдемдескен. Егер болашақ күйеу бала жұмысты нашар істесе, оған қызды 
бермейтін болған.
Міне, қызды алу үшін оның үйіне қызмет ету дәстүрі – қалың малдың ең 
ескі, алғашқы түрі десе болады. Қызды осылай «сатып» алу әдісі – 
ертегілердегі қыз әкесінің жігітке қиын шарттар қою мотивінің арғы түбірі, 
көне төркіні. Және жігіттің ол шарттарды еш сөзге келмей орындайтыны – да 
сол дәстүрдің көмескі сарқыншағы. Әлбетте, бұл өте ескі дәстүр және ол 
фольклорда сол қалпында емес, өзгерген түрде көрініс береді, себебі ол 
дәстүрдің өзі өмірден өшкен. Сөйтіп, болашақ күйеу баланың қалыңдықтың 
үйіне, руына атқарған істері енді ертегіде болашақ қайын атаның жігітке 
орындалуы өте қиын тапсырмаларына айналады, яғни бұл жерде 
фольклорлық поэтика әсер етеді. Енді ертегідегі тапсырмалар – жігітті сынау 
болып қабылданады. Бұл эпосқа да енеді. 
Қозы Көрпештің айттырылған қызы – Баянды іздеп, оның аулына басқа 
кейіпте, танылмай келуі, Қарабайдың малын бағуы, ақыр аяғында, Қарабай 
мен Қодарды жеңіп, сүйгеніне қосылуы, сол елді билеп, бірнеше жыл тұруы 
– көркем эпостың поэтикасына сәйкес көрсетіліп, оның әдемі композициялық 
желісіне арқау болған. Әлбетте, бұдан «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры – 
ертегі екен деген ой тумауға тиіс. Бұл жерде әңгіме, біріншіден, түпкі 
сюжеттің тым көне екендігі және ол сюжет әу баста әңгіме-ертегі түрінде 
баяндалғандығы туралы болып отыр. Өте ерте заманда туған әңгіме-ертегі 
бірте-бірте эпосқа айналған. Ол ұзақ уақыт аса күшті эпикалық дәстүрдің
құшағында болғандықтан эпос жанрының ең басты қасиеттерін бойына 
сіңірген, сөйтіп, орта ғасырларда әдемі жырға айналған. Жігіттің үйленуі 
туралы ежелгі сюжет батырлық мәндегі емес, екі жастың сүйіспеншілігіне 
арналған, ғашықтық мәндегі жырға айналған. 
Сөз жоқ, бұл жырдың тууы оп-оңай болған жоқ. Ол ұзақ уақытты қажет 
етумен бірге сыртқы жаулармен ұдайы соғыс жүріп, тек батырлықты 
дәріптеген заманда ерлікті айтпай, махаббат сезімін жырлау белгілі дәрежеде 
алғашқы авторлар мен жыршылардан батылдықты әрі шеберлікті талап еткен 
еді. Оның үстіне адамның отбасы мен некесіне арналған жыр шығару да сол 
дәуірдегі қоғамда ашық айтыла қоймайтын жеке бастың еркіндігі мәселесін 
көпшілік алдына жайып салумен бірдей болатын. Мұның өзі ондай жырды 
жұртшылық қалай қабылдайды деген де сауал туғызуы мүмкін еді. Жас 
жігіттің ұрыста ерлік көрсетудің орнына жеке басын күйттеп, қыз іздеп, 
сергелдеңге түскенін және қыз бен жігіттің қиындықтарға қарамай, бір-бірін 
сүйіп, махаббат үшін күрескенін баяндайтын жырды тарату үшін алғашқы 
авторлар мен жыршылар сол заман ауанына сәйкес көркем шешім тапқан. 
Олар екі жастың өз бақыты үшін күресін – олардың әкелерінің антын 
орындау үшін күрес етіп көрсеткен. Яғни Қозы мен Баянның тағдыры, 


225 
олардың өзі әлі тумай тұрғанда, Сарыбай мен Қарабайдың ежелден келе 
жатқан ежеқабыл салты бойынша құда болып серттескен сәтте шешілген еді, 
ал, Қозы мен Баян осы салтты орындаушылар ғана деген мәндегі жыр етіп 
шығарған. Осының арқасында жыр әлеуметтік-имандылық проблемаларын 
және жеке адамның бас бостандығы мен махаббат еркіндігі туралы 
идеяларды ашық айта алған. Осылай жігіттің үйленуі туралы ежелгі ертегі 
таза махаббат жайындағы үлкен романдық эпосқа айналған және өз 
уақытының қоғамдық, әлеуметтік мәселелерін қамтып, өмір шындығын 
біршама дәлдікпен суреттей алған. Екінші сөзбен айтқанда, «Қозы Көрпеш – 
Баян Сұлу» жыры – нағыз көркем туынды болып шыққан, алайда, бұл жолда 
ол талай өзгеріске ұшырап, жөндеулерден өткен. Мұхтар Әуезов: «Бізге 
мәлім болған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырларының кейбір варианты – 
ерте заманның өзіне байланысты айтылса, енді біреулері бергі ХVІІІ-ХІХ 
ғасырда өңделіп, жаңғырған. Және кейде «ноғайлы» деген ескі атаулары 
жойылып, оның орнына Кіші жүздің Шеркеш руы, не Орта жүздің Бағаналы 
(Найман) руларының аттары аталады. Бірақ бұл нұсқалардың қай-қайсысын 
алсаңыз да, алғашқы сюжет асылы – біреу. Әр дәуірдің, әр жердің ақындары 
өз ортасындағы тыңдаушыларының ыңғайына тартқанымен, оның негізгі 
мазмұны, оқиға желісі бір арнаға саяды» [6],– деп жазады. 
Ұлы Мұхаң бір эпос туралы ғана айтып отырса да, жалпы фольклор 
теориясының бірнеше заңдылығын қамтып кеткен. Оның бірі – фольклорлық 
процестің ерекшелігі. Яғни бірде-бір фольклорлық шығарма кейінгі ұрпаққа 
сол алғашқы қалпында жетпейді, оның түпкі сюжеті сақталады, бірақ 
ауыздан-ауызға көшкенде оқиға күңгірт тартады. Қоспалар көбейеді, 
айтушылардың ой-пікірі енеді немесе тыңдаушылардың талабы ескеріледі. 
Екінші заңдылық – фольклорда болатын тарихи тұтастану (циклизация). 
Мұндай тұтастануда әр дәуірдің шындығы, фактісі, оқиғасы, адамдары 
араласып кетеді. Себебі әр дәуір мен қоғамның талабы бойынша бұрынғы 
шығарма қайта жаңғырып орындалады да, сол шақтағы көкейкесті делінетін 
қажеттіліктер шығармаға енеді, сөйтіп, не ескіні ығыстырады, не өзгертеді, 
не қатар пайдаланады. Мұхаң айтып отырған «ноғайлының» ығысып кетуі 
осыдан. Үшіншісі – географиялық тұтастану. Әдетте, жырдың өзінің ареалы 
болады, оқиға белгілі бір өлкеде өтеді. Сонымен қатар жыршылар өзі жүрген 
жерлерді, немесе өзінің ру-тайпасы мекендеген аймақты, я болмаса 
тыңдаушылардың өлкесін қосып отыруға тырысады. Осылай кейде бір 
шығарманың бөлек варианттарында кейіпкердің іс-әрекеті тұрақты ареалдан 
басқа да жерде өтіп жатады. 
Осы айтылған фольклор заңдылықтар «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» 
эпосында да бар. Оның үстіне мұнда фольклорға тән ғұмырнамалық та 
тұтастану айқын, яғни шығармада бас қаһарманның туғанынан бастап қаза 
болғанына дейін, яғни оның бүкіл ғұмыры қамтылады. Тіпті Қозы мен 
Баянның өмірге келуіне дейінгі жағдай, яғни перзентсіз екі қарияның 
тағдыры баяндалады, ал мұны ғылымда «пролог» деп атайды. Бұл мотив 
дүниеге келетін кейіпкердің ерекше адам болатынын, оның құдайдан тілеп 
алған бала екенін көрсету үшін пайдаланылады. «Қозы Көрпеш» жырының 


226 
кейбір варианттарында эпикалық фольклордың тағы бір дәстүрі 
қолданылады. Ол – Қозы мен Баянның арманына жетіп, олардың Күлеп деген 
баласы болғанын әңгімелейтін эпилогтың болуы. Міне, осының бәрі «Қозы 
Көрпеш – Баян Сұлу» жыры біздің дәуірімізге жеткенге дейін талай өзгеріп- 
өңделгенін, шыңдалып-шымырланғанын көрсетеді. Бұл ойымызды Мұхтар 
Әуезовтің мына сөздері тамаша қуаттайды. Абай туралы айта келіп, Мұхаң 
былай деп жазады:
«Белгілі әнші-күйші емес, жәй орташа айтушыларға да халық жырларын 
немесе өз тұсындағы ақындар жазған дастандарды жырлатып отырады. 
Топай Бейсембай деген ақынға «Қозы Көрпешті» Жанақ үлгісімен 
жырла деп тапсырады. Бірақ бар өлеңін бір қалыпта әуенмен айту жол емес 
деп, Қарабай, Қодар, Тазша, Сақау қатын, Баян, Қозы – барлығына кей 
сөздерін өз әуенімен айтқызатын болады» [7]. 
Осылай Абайдың нұсқауымен жырланған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» 
жырының бір вариантын Мұхтар Әуезов 1936 жылы жарыққа шығарады, ал 
енді бір варианты Г.Н. Потаниннің қолына түседі. Оның түпнұсқасы Томск 
университетінің кітапханасында сақтаулы. Мұның мәтіні тұңғыш рет 1972 
жылы «Казахский фольклор в собрании Г.Н. Потанина» атты жинақта 
қысқартылып басылды. Толық күйде ол 1988 жылы біршама редакцияланып 
жарияланды. Өкінішке қарай, осы нұсқаны кейбір зерттеушілер Абайдың өзі 
жазған деп жүр. Олай емес. Дұрысында, ол Абайдың тапсырмасымен қайта 
жырланып, жазылып алынған. Қанша әдемі дегенмен бұл жыр Абайдың 
стиліне келмейді. 
Сонымен, біз оқып жүрген «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры – ұлттық 
фольклорымыздың ең асыл маржандарының бірі, бірақ бұл қалыпқа ол 
бірден жетпеген. Оның ең алғашқы түп сюжеті ауызекі әңгіме немесе аңыз, 
яки ертегі түрінде айтылып, фольклорлық түтастану процесіне V-VІ 
ғасырларда түскен болу керек. Оның поэзиялық шығармаға айнала бастауы 
ХІ-ХІІ ғасырларға, яғни қыпшақ дәуіріне тұспа-тұс келеді. Бұл сюжеттің (әр 
жанрлық түрде болса да) тек қыпшақ тілді түркі жұртында сақталуы соны 
айғақтайды. Үлкен жыр, я болмаса батырлық ертегі үлгісінде орындалған 
кезі – Алтын Орда заманы деп топшылауға болатын тәрізді, өйткені жырдың 
барлық ұлттық версиялары осы мемлекеттің негізін құраған халықтардан 
табылғаны белгілі. Ал, көне сюжеттің көлемді эпикалық туындыға айналуы 
ХVІ-ХVII ғасырларда, Қазақ хандығы тұсында жүзеге асқан да, ол осы күнгі 
қалпына ХVIII-ХІХ ғасырларда келіп, классикалық эпос болып қалыптасқан.
Классикалық эпос болғанда да оның ең лирикалық түрі - ғашықтық жыр 
үлгісінде дамып, соған тән барлық қасиетті бойына дарытқан. Мұнда нағыз 
өнерге лайық ширатылған сюжет, қызғылықты мазмұн, сомдалған образдар, 
шиыршық атқан конфликт, жүйелі композиция, кестеленген өрнекті тіл бар, 
яғни бұл шығарма – болмысты көркем түрде бейнелеген таза сөз өнерінің 
туындысы болып шыққан. Бір ғажабы – бізге жеткен нұсқалардың біразында 
жалпы фольклорда, соның ішінде эпоста көп кездесе бермейтін 
кейіпкерлердің өсіп-жетілу динамикасы мен ішкі сезімдері көрініс тапқан. 
Мұны Қозы мен Баянның бейнелерінен айқын көруге болады. Олардың 


227 
туғаннан кейінгі ғұмыры батырлық эпостағыдай суреттелмейді. Екеуі де 
«сағат сайын» өспейді, жастайынан ересен қимылға бармайды. Қозы өзі 
қатарлы балалармен асық ойнап өседі, кәмелетке жеткенде ғана Баян туралы 
естіп, есейгенін сезеді. Баян да он төрт жасқа дейін ештеңе ойламай, еркелеп 
өседі, тек он төртке толғанда ғана Ай мен Таңсықтың айтуынан Қозыға деген 
сезімге беріледі.
Жырда Қозы мен Баянның бір-біріне деген махаббаты да бірден лап ете 
түспейді. Олардың сүйіспеншілігі өрбу, күшею үстінде көрсетіледі. Қозы 
алғаш рет анасынан Баянның өз қалыңдығы екенін естігенде, ол бірден 
ғашық болмайды. Бірақ оны іздеп шығады, себебі ол қыз – Қозының әкесі 
атастырып қойған қалыңдығы. Әуелде сол қалындықты көргісі келеді, оған 
қызығады, алайда әлі есін жоғалтатындай ғашық емес. Баян туралы әркімнен 
естіген сайын ынтыға түседі. Тек қалыңдығын іздеп жүргенде, ұзақ жолда 
шаршап, қиналған тұста қызығушылық енді ынтық сезімге айналады. Бірақ 
әлі ғашық емес. Тек Баянды көргенде ғана оны махаббат оты шарпып, ол 
қызды ынты-шынтымен сүйеді, ғашықтық сезімге оранады. Қозының осы 
сезімін жырдың өзі де екі кезеңге бөледі. Баянға жолыққанға дейін ол «айдай 
Қозы» деп аталса, екінші кезеңде «ер Қозы» деп аталады.
Баян Сұлу да Қозыға ә-дегеннен ғашық болмайды. Оған Қозы туралы 
жастайынан Ай мен Таңсық айтудай-ақ айтқан. Өзінің атастырып қойған 
жары екенін біліп, бір іздеп келер деп іштей күтіп жүргені рас, бірақ жігітті 
көрмейінше қыздың жүрегі лаулап жанған жоқ. Егер бұрын есімін естіп, 
сырттай білдірмей күтіп жүрсе, Айбастан Қозының жайын естіген соң Баян 
енді жай қызығып қана қоймай, Қозыны бір көруге ынтық болады. Осы 
нтызарлық күшейе түсіп, жүрегінен от тұтатады. Сонда да ол Қозыны әлі 
«сүйікті жарым» деп емес, «құдай қосқан жарым» деп, оны тосып жүреді. Тек 
Қозыны көргенде ғана оны махаббат сезімі еркінен тыс билеп, қыз басымен 
ұйықтап жатқан жігітке өзі баруға мәжбүр етеді. Осыдан кейін ғана екі жас 
өздерінің таза сезімін қорғайды, ғашықтық отына күйіп, соның құрбаны 
болады...
Осылай адам сезімін біршама дамыта көрсету – ғашықтық жырдың зор 
табысы. Әрине, мұнда әлі психологизм жоқ, бірақ бұл бүкіл фольклорға тән 
заңдылық. Ғашықтық эпостың басты мақсаты – ерлікті емес, махаббатты 
жырлау, шайқасты емес, сүйіспеншілік үшін күресті дәріптеу, сол себепті 
мұнда ел ішіндегі бейбіт өмір, халықтың тұрмысы, салт-ғұрпы молырақ 
көрініс табады, кейіпкерлер соғыс алаңында емес, имандылық майданында 
айқасады. Сондықтан бұлардағы бас кейіпкер – елді жаудан қорғаған батыр 
емес, ол өзінің бақыты үшін күресуші ер. Әлбетте, эпос оны да дәріптейді, 
көтермелеп суреттейді. Сондықтан да Қозы – қалың жаумен шайқасқан 
батыр болмаса да, өз заманының идеалдық қасиеттерін бойына сіңірген ер 
ретінде бейнеленеді. Ол «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт, қандай жағдайда 
болса да осы қасиетінен танбайды. Қажет болған кезде ол құдайдан тілеп 
алған бекзада болса да, қойшының да кебін киеді, малшы-жалшы ретінде де 
жүреді; Қодар қодыраңдап, мазалағанда қайратты ер екенін де көрсетеді, ал 
Баян бірден танымағанға әжептәуір қамығып, айдалада өзінің зарын төгіп, 


228 
толғанады, сөйтіп өзінің нәзік жанды адам екенін де аңғартады. Қозы –
мінезге де өте бай жігіт, ол бекзаттығын сақтап, қиын жағдайда да өзін ұстай 
біледі. Қарабайдың үйіне ең алғаш келген Қозы, қаншалықты Баянға 
құмартып тұрса да, өзінің кім екенін сездірмейді, Қарабайдың сөздеріне 
жұмбақтап жауап береді.
Қозы – өте батыл әрі тәуекелшіл адам. Анасы қанша қарсы болса да, 
тіпті неше түрлі қиындыққа ұшырайтынын айтса да, Баянды іздеуге тәуекел 
етеді және осы жолда небір кедергілерден өтеді, басына түскен 
ауыртпалықтың бәрін жеңеді. Алған бетінен қайтпайтын Қозы тіпті Қарабай 
бастаған топтың оған қастандық жасау үшін әдейі өткізген тойына, Баян 
қаншама айнытса да, барып, аңғалдықпен арақ ішеді, сөйтіп олардың торына 
түсіп қала жаздайды. Қозы Көрпештің аңғалдығы оның Қодарға сенгенінен 
де көрінеді. «Батыр аңғал болады» деген халық түсінігін жыршылар 
Қозының бейнесін сомдау үшін пайдаланған.
Қозы Көрпеш – ғашықтық жырдың кейіпкері болса да, қайрат пен 
күштен, батырлық айла-тәсілден құралақан емес. Баянға келгенге дейін жыр 
оны «айдай Қозы» деп атап, бозбала түрінде көрсетсе, сүйікті жарына 
қосылғаннан кейінгі тұста ол «ер Қозы» деп аталады және оның бұдан 
кейінгі іс-қимылы оның ержеткен жігіт қана емес, шынымен ер екенін 
дәлелдейді. Қодармен «аударыспақ» ойнағанда, Қодарға көмектескен тоқсан 
серімен жұлысқанда Қозы Көрпеш нағыз батырларша қимылдайды, оларды 
күшімен де, айла-тәсілмен де жеңіп, ел алдында масқара қылады. Қозының 
батырға лайық күш-қуаты бар екенін көрген Қодар мен тоқсан сері одан 
қаймығып, іштен тынса, Баян бастаған қыздар оның ержүрек, ешкімге
есесін жібермейтін батыл жігіт екеніне көздері жетіп, іштей қуанышқа 
бөленеді. Қозы Көрпеш сертке де берік, достыққа да адал. Өзіне тісін қайрап 
жүрген Қодар мен Қарабайлардың оны қолға түссе аямайтынын білсе де, 
Баянға берген сертін бұзбай, ауылға келіп жүреді. Сондай-ақ Қодар бастаған 
тоқсан содырдан қашып кеткен Көсемсарымен жапан түзде достасып, ол 
Қодардың қолынан мерт болғанда қатты қапаланып, Көсемсарының қасында 
болмағанына өзін кіналайды.
Жоғарыда аталған қасиеттердің бәрі бір Қозының басында болуы, сөз 
жоқ, эпостың өмірдегі нақты адамды емес, армандағы идеалды бейнелеу 
мақсатынан туған жәйт. Бұл – бүкіл фольклордың заңдылығы.
Жырда Қозы Көрпеш қаншалықты мадақталса, Баян да соншалықты 
дәріптеледі. Оның Қозы сияқты құдайдан тілеп алған бала болуы, Қозымен 
бір күнде тууы – идеал жігітке лайық қыз дүниеге келгенін хабарлайды. Баян 
Сұлу – өз заманындағы қазақ қызының идеалы. Жыршылар оның бойына 
қазақ әйелінде болуға тиісті барлық асыл қасиетті жинақтаған. Ол – сұлу қыз, 
адал қалыңдық, қамқор әйел. Осы үш рөлде Баян үш кезеңнен өтеді. Қозы 
Көрпеш туралы, оның кім екені, қандай өмір кешіп жатқаны жайлы Айбастан 
естігенге дейін Баян жырда «Қыз Баян» деп аталады, яғни ол әлі нағыз 
қалыңдық емес, «Баян еркеш» болып жүреді. Қозы Көрпеш жайынан 
қаныққаннан соң Баян енді бұрынғы Ай мен Таңсық сөздерінің рас екеніне 
көзі жетіп, өзін Қозының нағыз, «заңды» қалындығымын деп есептейді, 


229 
жігіттің келуін асыға күтеді. Зарыға күткен Қозысы келіп, екеуі жасырын 
қосылғаннан бастап Баян өзін нағыз қамқор әйел, күйеуінің тілеуін тілеген 
адал жар ретінде көрсетеді.
Баянның бейнесін жасауда жыршылар өте ұтымды әдіс қолданған. 
Жырдың ортасына дейін Баян туралы мардымды ештеңе айтылмайды. Тек 
оның туғаны, әкесімен көшіп кете барғаны әңгімеленеді. Қозы Көрпеш 
ашуланған кемпірдің кездейсоқ Баян туралы естіп, анасынан оның жай-
жапсарын білгеннен соң ғана, онда да Қозы қызды іздеп сапарға аттанғаннан 
кейін, Баян туралы сөз болады. Соның өзінде де Баян әлі сахнаға шықпайды. 
Ол туралы жыршы айтады да, оны сырттай сипаттайды. Жалпы, жырда Баян 
бірнеше кісінің: жыршының, Айбастың, Қарабайдың қойын баққан 
тазшаның, Баянды іздеп жүрген тоқсан серінің, ең аяғы Қозының өзінің 
көзімен суреттеледі.
Сонымен, он төрт жасқа толған Баянды алғаш рет жыршының өзі 
таныстырып, барынша көрікті етіп бейнелейді. Жыршының сөзімен 
айтқанда, Баян «тал шыбықтай бұралған, қыпша бел, алма мойын, елден 
асқан Сұлу. Тал бойында бір міні жоқ, қолаң шашы тізесіне түскен, гүлдей 
ашылған аузынан маржан тісі көрінеді. Әлемде ондай қыз жаралған емес. Ақ 
маңдайы биік, алтын кірпік, өзі нәзік, өзі назды. Ол үшін мал түгіл, басынды 
қисаң да арман жоқ. Сырттай күлімсіреп сөйлейді. Ішінде мұң бар, бірақ 
білдірмейді. Паң, көңілі еш нәрсені хош көрмейді».
Баянға берілген осы баға мен «мінездеме» басқа кейіпкерлердің 
сөздерімен де, Қозының өз көзімен де, Баянның өзінің іс-әрекеттерімен де 
расталады. Оның сыртқы Сұлулығына ішкі жан дүниесі де, мінез-құлқы да, 
қимыл-ісі де сай. Баян өте ақылды, байсалды, төзімді, сабырлы. Құдай қосқан 
жарын 15 (17, 20) жыл сарғая күтіп, зор шыдамдылық көрсетеді. Өзін іздеп 
келген Айбасқа сыр бермей, оның аңысын аңдып, кім екенін, неғып 
жүргенін, анық Қозыдан келгенін білгенге дейін байсалды мінез танытады, 
өзінің сырын ашпайды. Сондай-ақ тазша кебін киіп келген Қозыны бірден 
жүрегі сезсе де, сезімді сабырға жеңдіріп, іштей қуанумен бірге әліптің аяғын 
бағады. Оның ақылдылығы бірнеше жерде білінеді: «тазшаның» кім екенін 
білу үшін отарға қозы терісін жамылған қызды жібереді, Қодардың 
екіжүзділігін аңғарып, Қозыны сақтандырады; әкесі Қарабай бастап Қозыны 
алдап өлтірмек болғанын сезіп, Қозының соңынан Ай мен Таңсықты 
жұмсайды...
Баянның бейнесі – бүкіл қазақ фольклорында кездеспейтін ерекше 
образ. Біздің ертегілерімізде болсын, жырларымызда болсын ол сияқты өзін 
өлімге қиған әйел жоқ. «Ер Төстіктегі» Кенжекей де, «Ер Тарғындағы» 
Ақжүніс те, «Қобыланды батырдағы» Құртқа да, Қарлыға да ондай емес. 
Олар өз ерлерінің адал жары, қамқоршысы, ақылшысы. Сонымен бітті. 
Ақжүніс пен Қарлыға ғашық болған жігіттің соңынан еріп, елін, ата-анасын 
тастап кеткенімен, махаббат жолында өздерін өлімге қимайды. Тіпті 
шайқаста опат болған Ер Сайынның әйелі Аюбикеш те батырдың артынан 
қоса өлмейді. Ал, Баян кейбір варианттарда Қозымен ұзақ та бақытты ғүмыр 
кешіп, сүйген жары өз ажалынан өлсе де, «енді маған өмір сүрудің өзі күнә», 


230 
– деп жарық дүниемен қоштасады. Мұндай іске Қыз Жібек те бара алмайды. 
Баян Сұлудың образы – эпос жанрының көркемдік дамуындағы жаңа белеске 
көтерілгенінің белгісі, ол осы жырдың эстетикалық һәм эмоциялық күш-
қуатын арттырып тұр және болашақ әдеби шығармалардағы махаббат үшін 
аянбай күресетін қыздар бейнесіне жол ашып, үлгі болғаны сөзсіз.
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» эпосын халықтық өнер деңгейіне көтеріп 
тұрған басты белгінің бірі – шебер өрілген композиция мен бітіспес 
конфликт. Жыр әдеткі фольклорлық құрылымға тән бір бағытты 
композициядан кейде ауытқып кетеді де, біресе Қозының өсуін, біресе 
Айбастың Баянды іздеп барып, қайтқан жолын, біресе Айбастан Баян туралы 
естіген соң Қозының жолға шыққанын, т.т. осылай кезекпе-кезек әңгімелеп 
отырады. Мұндағы бір ерекшелік – кейіпкерлердің әр жердегі тағдыры, іс-
қимылы бір мезгілде өтіп жатқандай етіп көрсетілуі. Мысалы, жыршы жетім 
Қозыны ауылда қалдыра тұрып, Айбастың жолдағы жайын баяндайды. Яғни 
бала Қозы ауылда асық ойнап жүр, сол уақытта Айбас алыстағы Баянды 
тауып, онымен сөйлесіп жүр. Немесе, Қозы ұзақ сапарда неше түрлі 
қиындыққа ұшырап, шаршап, қиналып келе жатқан шақта Қарабайдың 
аулында Қодар әр жақтан Баянды іздеп келген тоқсан серімен айқасып 
жатады. Мұндай бір мезгілде әр жақта болып жатқан әртүрлі оқиғаны қатар 
баяндау қазақ жыршыларының үлкен шеберлігін көрсетеді. Мұны біз 
айтылмыш жырдағы ізгілік пен зұлымдықтың аяусыз қақтығысынан да 
көреміз. Осы қақтығыс шығарманың күллі болмысын ширатып, 
тыңдаушысын елтітіп, зор ықыласта ұстап отырады. Мұндай жағдайды 
жыршылар екі ғашыққа қастандық істейтін кейіпкердің образы арқылы 
жасайды. Солардың ішінде, әсіресе, кесек шыққан бейнелер – қыздың әкесі 
Қарабай мен қызды сырттай иеленіп жүрген Қодар. Екеуінің бойында адам 
баласы жек көретін барлық жамандықтар жинақталған. Осылардың мінез-
құлқын, пиғылы мен іс-әрекеттерін көрсету арқылы да жыршылар эпостың 
эмоциялық қана емес, эстетикалық та әсерін күшейте алған.
Бүкіл зұлымдықтың бастаушысы – Қарабай, ол жырдың өн бойында 
қара ниетті, сараң, ойлайтыны – тек өзінің пайдасы, есіл-дерті – малын 
сақтау, бірде-бір жанға жақсылық ойламайтын, тіпті қимайтын адам ретінде 
көрінеді. «Қарабай» деген есімнің өзі оны толық мінездеп, әрі бағалап тұр. 
Түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде «қара» сөзі бірнеше мағынаға 
ие: ол түсті ғана білдірмейді, сонымен бірге «үлкен», «көп», «жалғыз», 
«жаман» деген мәнде де қолданылады. Осылардың соңғысы Қарабайдың 
есіміне қатысты пайдаланылған. Мұндағы «қара» – «қарау», «жаман», 
«арам», «пасық» деген мағынада қолданылған және мұны Қарабайдың мінезі, 
пиғылы, қимыл-әрекеті толық дәлелдейді.
Қарабай тумысынан сараң әрі арам, қараниет. Тоқсан мың жылқысы 
болса да, үстіне іліп бір дұрыс шапан кимеген, жеп көрмеген малының 
қызығын айдап көрген бейшара. Оның сырты қандай қара болса, іші де 
сондай. Буаз маралды өзі атпай, құдай атымен достасқан Сарыбайды сорлы 
жануарды атуға мәжбүр етеді. Ондағы ойы – маралдың киесі өзіне емес, 
Сарыбайға тисін – деген арам пиғыл. Оның адамгершіліктен жұрдай екені ә-


231 
дегеннен білінеді: жаңа ғана алланы атап, құда болайық деп серттескен 
Сарыбай өліп жатса, Қарабай оған қараған да жоқ, оққа үшқан маралға 
барып, ішіндегі екі бұзауын тірідей жарып алып, атына өңгеріп, жөнеле 
береді. Міне, жырдың басында-ақ осындай болып көрінген Қарабайдан 
тыңдаушы да, жырдың басқа кейіпкерлері де қандай жақсылық күтсін?! 
Қарабайдың жауыздығын жыршылар барған сайын күшейте түседі, оны 
барынша қатыгез, бірмойын, залым етіп көрсетеді. Қарабайдың істеген ісінің 
бәрі – имансыздық, халық түсінігіне жат қылықтар, сондықтан оның жолы 
болмайды, түптің-түбінде жеңіліс табады.
Қарабай – қандай шаруа істесе де, арам пиғылы мен нәпсісінің құлы, 
тіпті кейбір нәрсені алдын-ала ойластырмай істегенінің өзінде, онысы 
зұлымдық болып шығады, себебі оның жаратылысы солай. Қарабайдың іс-
әрекеттерінің кейбірі туа біткен мінез-құлқынан болса, кейбірі оның 
жауыздығынан, ал енді біреулері – топастығынан болып жатады. Осылардың 
қай-қайсысы болса да елдің этикасына, қалыптасқан әдепке қайшы. Оның қай 
ісін алсаңыз да солай. «Сәбилі болдың» – деп сүйінші сұрап келген әйелді 
тарсылдатып сабауы, құда аулына апаруға алып шыққан бірнеше саба 
қымызды сайға төгуі, жөргекте жатқан «айдай Қозыны» көре сап, мені 
жұтатын жалмауыз» деп атауы, құда болған сертінен таюы, «жетім ұлға қыз 
бермеймін», – деп елден үдере көшуі, құдай атымен Қозыға атастырып 
қоиған қызын малын сақтау үшін Қодарға бермек болуы ақыр аяғы Қодармен 
бірігіп Қозыны қудалауы – осының бәрі қазақ салты мен ғұрпын бұзушылық. 
Сондықтан да оны еш жерде ешкім қабылдамай, Алтай мен Балқаш, Шу 
арасында, Бетпақта қаңғырып жүреді, тоқсан мың жылқысы шөлге 
ұшырайды. Елден безген Қарабай ең соңында өз перзентінен әке естімейтін 
сөз естіп, бейшара халге түседі, бірақ оның топастығы сондай – ол бейбақ 
өзінің қандай күйде тұрғанын сезбейді де. Міне, эпостың, оны 
айтушылардың Қарабайға шығарған үкімі – осы. Бұл үкімді тыңдаушылар да 
қабыл алып, Қарабай бейнесінен жиренген, сөйтіп зұлымдықтан, 
жауыздықтан сақтануға тырысқан. Демек, мұндай образдар да ойлана, түсіне 
білген кісіге ғибрат беріп, жамандықтан тазаруға шақырады.
Жырдағы ізгілік пен зұлымдықтың тайталасы оқиғаға Қодар 
араласуымен күшейе түседі. Қодар да – жағымсыз кейіпкер, бірақ 
Қарабайдан өзгеше. Ол екі түрлі сипатта бейнеленеді. Бірде – мақтаншақ, 
өзімшіл, қара күштің иесі болса, бірде – ересен еңбеккер, Қарабайдың тоқсан 
мың жылқысын Бетпақ шөлінен күндіз-түні құдық қазып, шығынға 
ұшыратпай, аман-есен алып шығады әрі қысы-жазы мал бағып, Қарабайдың 
дәулетін өсіреді. Бірақ осыған қарамастан эпосты орындаушылар да, 
тыңдаушылар да оны ұнатпайды, жауыз деп есептейді. Неге? Оның себебі – 
Қодар адал азамат емес, жымысқы әрекеттердің шебері. Өзінен басым түскен 
Қозыны ашық шайқаста емес, ұйықтап жатқанда өлтіреді. Міне, ең алдымен 
осы арамдығы үшін ел оны жек көреді. Сонымен қатар Қодардың екіжүзділігі 
оны жексұрын етіп көрсетеді. «Аударыспақ ойнап», Қозыдан жеңілген ол 
бұрын қоразданып жүрсе, енді қулыққа көшеді, Қозыға «дос болайық», - деп 
өтірік кішірейеді. Сөйтіп Қозыны алдайды да, ішіне кек сақтап қалады, 


232 
ақыры қапыда мерт қылады. Қодардың басқа да қылықтары оны әшкерелей 
түседі. Ауылдағы жай адамдарға, қыз-келіншектерге батырсынып, қоқан-
лоққы жасап үйренген Қодар алыстан келген Айбастан «таяқ» жеп қалады, 
Қозыдан оңбай ұтылады. Әділін айтқанда, Қодарда көп күш-қайрат бар, бірақ 
ол батыр емес, ауылдағы басбұзар тентек деңгейінде көрінеді. Оның бар 
«ерлігі» – тоқсан серіні бірінен соң бірін жеңіп, өзіне құл етіп алуы ғана. 
Соның өзінде де оның әрекеті күлкі тудырады. «Ауылға жау шапты», – деп 
елді даңғаза қылады. Тоқсан серімен айқасының өзі батырдың жаумен 
шайқасы емес, білегінің күші бар даңғойдың ісі болып көрінеді. Қодардың 
даңғаза тентек екенін жыршылар тағы бір жағдайда көрсетеді. «Тазша» деп 
жүрген адам – Қозы Көрпеш болып шығып, Баянмен «қалыңдық ойнап» 
жатқанын естіген Қодар елді басына көтеріп, шу шығарады, бірақ түк бітіре 
алмайды. Сол сияқты араққа құламай, қашып кеткен Қозының соңынан жете 
алмаған Қодар ауылға қайтып келіп, жұртқа мақтанады, көптің алдында «осы 
балтамен Қозыны өлтірем» – деп, балтаны сүйіп-сүйіп алады; содан соң елді 
улатып-шулатып жөніне кете барады. Бұл эпизодтарды жыршылар сатиралық 
планда жырлап, тыңдаушыларын күлкіге қарқ қылады.
Жалпы, Қодардың мінез-құлқы да, қылықтары да, сыртқы пішіні де 
сарказммен баяндалып, суреттеледі. Мысалы, оның сырт пішіні адам 
күлерлік: «Анық он кез өзінің бойы бар, жауырынының жалпағы үш жарым 
кез, сыңар жұдырығы қолағаштай, ұзыны жауырының алты қарыс». Оның 
осы денесі, былай қарағанда, алыпқа лайық, бірақ жыршы оны келеңсіз етіп 
көрсетеді, мазақ қылады. Осы тон Қодардың ересен еңбегін баяндағанда да 
сақталады. Ол тоқсан мың малды шөлден алып шығу үшін талай құдық 
қазып, су шығарады, суы жоқ құдыққа меспен су тасып құяды; оның 
қарқынына шыдамай, астындағы аты болдырады, Қодар жаяу жүріп су 
тасиды, аяғы қанап, жаралы болса да қазуын қоймайды. Осының бәрі жырда 
күлдіргі түрде әңгімелейді, сөйтіп жыршының ирониясы көрініп түрады.
Қодар – өзімшіл адам. «Арқаға қызы сұлу бай көшіпті» дегенді ести сала 
Қарабайдың ізіне түседі, ауылын табады. Сондағы оның ойы – Сұлу қызды 
алу, мұнысын Қарабайға ашық айтады. Екеуі келіскеннен кейін ол қара 
жұмысқа кірісіп кетеді. Қызды көрген де жоқ, оның мән-жайын білген де 
жоқ. Құдық қазып, мал бағып жүре береді. Қызды сыртынан иемденіп
онымен сөйлесуді де білмейді, сөйлесу керек деп ойламайды. Қыз оны ұната 
ма, жоқ па? – онда шаруасы жоқ. «Өзімдікі дұрыс, басқаны не қылам», – 
деген түсінік. Міне, Қодардың осы қылығы да күлкі тудырады.
Қарабайға қарағанда Қодар ақымақтау, ол ештеңені ойланып істемейді, 
ешнәрсенің парқына бармайды. Қарабайдың алдауына оп-оңай түседі, оның 
«қызымды саған беремін», – дегеніне сеніп, ұзақ уақыт құл болып жүреді. 
Баянның басы бос па, әлде ол біреуге атастырылып қойған ба – онда шаруасы 
жоқ, тіпті ойына да алмайды. Қарабай құдай атымен құда болған сертінен 
айнып, күнәға батып жүрсе, Қодар онымен сыбайлас болып, өзі білмей 
күнәға батады: біреудің қалыңдығын тартып алуға күш салады, ал бұл 
шариғатқа да, адамдыққа теріс қылық екені белгілі. Жырда Қодардың бейнесі 
оның нақты істері мен басқа адамдармен қарым-қатынасы арқылы жан-


233 
жақты ашылған, бұл қай жағынан болса да толық сомдалған образ. Тіпті 
өлгеннен кейін де Қодар екі бейіттің арасына тікенек болып шығып, өзінің 
қаскүнемдік болмысын о дүниеде де көрсетеді.
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры классикалық фольклорға тән 
көптеген көркем тәсілдер мен бейнелеу құралдарын пайдаланады. Кең 
құлашты эпосқа тән баяндау жырдың, бір жағынан, эмоциялық қуатын 
арттырса, екінші жағынан драмалық мәнін күшейтеді. Асықпай, баяу өрбіген 
оқиғалар тізбегі тыңдаушыны ынтықтыра түседі. Мәселен, Баян туралы, 
оның сұлулығы жайында бүкіл елге тараса да, Қозы оны әлі көрген жоқ. 
Оның әдемілігі жөнінде жыршы баяндайды, Айбас айтады, қойшы 
әңгімелейді, бірақ Қозы қызбен әлі жүздескен жоқ. Жырдың тең жарымы 
айтылды, алайда қыз бен жігіт әлі кездескен жоқ. Ел мақтаған сұлуды Қозы 
көруге ынтық, онымен бірге тыңдаушы да қызды көргісі келеді, екі 
ғашықтың кездесуін асыға күтеді, олар қандай жағдайда, қалай көріседі – 
соның куәгері болуды қалайды. Міне, жыршы осылай өзінің аудиториясын 
елтітіп, эмоциялық сезімге орайды. Сонымен бірге орындаушы қайталау 
тәсілін жиі қолданады. Әсіресе, Айбастың Қарабай аулына барып қайтқан 
сапары тәптіштеліп баяндалады да, оның жүрісі, әр жердегі ісі қайталанып 
отырады. Дәл осындай жағдай Қодардың тоқсан серімен кезек-кезек айқасын 
суреттегенде де кездеседі, сондай-ақ Қозының Баянды іздеп шыққан жолдағы 
жағдайы мен мехнаты да тармақтар мен шумақтардың қайталануы арқылы 
көрсетіледі. Мұндай қайталаулар, әдетте, әртүрлі мақсатта пайдаланылады. 
Біріншіден, бас кейіпкерді дәріптеу үшін оның жеңетін қиындықтары 
(бөгеттері, дұшпандарымен күресі) қайталанады; екіншіден, эпикалық 
пафосты күшейту үшін оқиғалар, эпизодтар қайталанады, ғылымда оны 
«ретардация» дейді; үшіншіден, тыңдаушылардың ынтасын арттыру үшін, 
немесе маңызды деген сәттерге көңіл бөлу үшін қайталау қолданылады; 
төртіншіден, баяу және қайталап айту мәтінді есте жақсы сақтау, яки жаттап 
алуға жеңіл болу үшін пайдаланылады.
Күллі фольклор сияқты, мұнда да контраст, антитеза тәсілі басым. 
Қарабай мен Сарыбай, Қозы мен Қодар – бір-біріне қарсы, антитезалық 
кейіпкерлер. Олар сыртқы пішінімен де, іс-қимылымен де, дүниеге деген 
көзқарастарымен де, ішкі жан-дүниесімен де өзара қайшы, кереғар. Арам 
пиғылды Қарабай мен зорлықшыл тентек Қодар бір лагерьде болса, оларға 
қарсы лагерьде Сарыбай мен Қозы. Екі лагерьдің қарсылығы – ашық 
контраст. Сонымен қатар фольклорда жасырын контраст болады. Мұны 
«Қозы Көрпеш» жырында да ұшыратамыз. Айталық, Баянды іздеп алыс 
сапарға шығу үшін Қозы ат таңдайды. Жылқыны аралап жүрсе, ұсқынсыз бір 
күрең тай бұған қарай береді. Қозы соны таңдап, жүгендейді, сол кезде ол 
әдемі құнан болады, ерттеген кезде – дөнен болады... Соңында керемет 
жануар болып шығады да, Қозының ақылды жәрдемшісіне айналады. Бұл 
тұста гипербола тәсілі қолданғанын көреміз. Осы тәрізді әсірелеу жырдың 
басқа да эпизодтарында, кейбір мифтік, діни кейіпкерлердің іс-әрекеттерінде 
де ұшырайды.


234 
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырында көркем шығарманың сәнін 
келтіріп тұратын алуан түрлі бейнелеу құралдары да көп: эпитет, теңеу, 
параллелизм, метафора, символ, т.б. Әсіресе, халық дәстүрі мен ұғымында 
қалыптасқан символдар ұтымды қолданылған. Мысалы, қалыңдығын іздеп 
шығуға тәуекел еткен Қозыға шешесінің жолда болатын қиындықтарды 
жұмбақтап айтуы, немесе Сарыбайды іздеп келе жатқан адамдарға 
Қарабайдың «Ертіс басы – Қарадөң жерге кетті, Бейнетеңіз дейтұғын көлге 
кетті, бес жүз киік соқтығып, соны қуып, жолы қиын Бетпақтай шөлге кетті», 
– деп Сарыбайдың келмеске кеткенін түспалдап естіртуі, я болмаса 
Қарабайдың үйіне келген Қозының сол сәтте үйде отырған адамдарды «ақ 
қасқыр», «қара інген», «боз тайлақ», – деп сипаттап, өзінің неге келгенін 
жұмбақ етіп айтуы – фольклорлық символдардың әдемі үлгілері. Бұлар 
эпоста үлкен эмоциялық жүк көтеріп тұр. Байқасақ, олар, негізінен, 
психологиялық эпизодтарда қолданылып, кейіпкерлердің іштей қиналып, 
нақты бір ойды дұрыс жеткізуді, немесе бір шешім қабылдауды қажет ететін 
шақтарын, яғни оның ауыр сынға түскен сәттерін суреттейді екен. Бұл да 
жыршылардың жай орындаушы емес, шеберлігі зор талант иесі екенін 
дәлелдесе керек.
Сонымен, ойымызды қорытып айтатын болсақ, осыдан мың жарым 
жыл бұрын пайда болған көне сюжет тарих көшіне ілесіп, біздің 
заманымызға жетіп, әлі күнге дейін жұрттың рухани азығы болып отыр. 
Алғашында Алтай өңірінде, түркілердің бірлігі кезінде туып, олар кейін 
бірнеше ұлысқа бөлінген шақта қыпшақ тілді тайпалар арасында бұл сюжет 
жүйеленген қомақты фольклорлық шығармаға айналған. Алтын Орда 
заманында бір мемлекет құрамына енген қыпшақ тілді түркілердің саяси, 
экономикалық, мәдени бірлігі орныққан. Осы кезеңде әлгі шығарма 
нақтыланып, осы күнгі атауға ие болады да, Алтын Орда түркілерінің ортақ 
дүниесіне айналады. Алтын Орда ыдырап, бірнеше хандық пайда болып, 
түркі жұрты тағы шашырағанда, ол туынды әр халықтың аузында кете 
барады. Сөйтіп, әр елде бұл шығарма әр түрде әңгімеленетін болады. Қазан 
мен Көшім хандықтарындағы түркілер оны дастан етіп жырласа, қазақ халқы 
үлкен эпосқа айналдырады. Ал, Ресейге ерте бодан болған елдерде бұл 
шығарма таза поэзия формасын жоғалтып, қара сөзбен баяндалатын болады 
да, жай ертегі, яки әпсана, немесе батырлық ертегі жанрына ауысады. 
Қазақстанда эпикалық дәстүр мен жыршылық өнердің әлсіремеуінің 
арқасында эпос дами түсіп, «Қозы Көрпеш» таза ғашықтық жыр болып 
қалыптасады да, ежелден аралас жүрген қыпшақ тілді түркілердің осы 
сюжеттес шығармаларына ықпал жасайды. Соның нәтижесінде бұрыннан 
бәріне ортақ сюжетке құрылған туынды енді одан әрі жақындасып, көп 
ұқсастыққа ие болады. Бірақ соған қарамастан әр халықтың өзі айтып келген 
ескі шығарма, қанша сырттан әсер болғанмен, өзіндік сипатын мол сақтап, 
бір шығарманың жеке-жеке ұлттық версияларын құраған. Сондай 
версиялардың бірі – қазақтың «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуы». Жоғарыда 
айтылғандай, бұл шығарма бір-біріне іңкәр болған қыз бен жігіттің шынайы 
сезімін жырлап, олардың қосыла алмаған аянышты тағдырын баян етеді. 


235 
Жыр трагедиямен – екі ғашықтың опат болуымен аяқталса да, өлімді 
махаббатқа жеңгізген құдіретті сезімді дәріптеп, екі жастың биік рухын паш 
етеді, сөйтіп, өмірді жеңгенмен, сүйіспеншілікті жеңе алмайтындығын айқын 
дәлелдейді. Бұл эпостың өлмес махаббат гимніне айналуы да сондықтан. 
Жырға айналғаны да осыдан. «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» біздің дәуірде 
пьесаға, фильмге айналды, қалың елдің жүрегінде жатталды. Өлмейтін, 
Ыппейтін өнерге, тозбайтын, көнермейтін өнегеге айналды. «Қозы Көрпеш - 
Баян Сұлу» жыры адалдықтың, пәктіктің, түтастықтың, шынайы мөлдірліктің 
символы ретінде, мінсіз жыр үлгісі ретінде мәңгі сақталады, болашаққа 
қызмет ете береді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   105   106   107   108   109   110   111   112   ...   122




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет