Қазақ фольклорын зерттеу мәселелері: ХХ ғасырдың бірінші жартысы



бет3/9
Дата27.12.2016
өлшемі3,01 Mb.
#5891
1   2   3   4   5   6   7   8   9

2.2 Оқулықтар мен хрестоматиялар

ХХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ фольклорының жекелеген мәселелері А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов, М. Әуезов, Ә. Бөкейханов, С. Сейфуллин, С. Мұқанов т.б. зиялылар тарапынан сөз болғаны мәлім [37]. Сондай-ақ бұл кезде орыс зерттеушілері Е. А. Алекторов, В. Бартольд, Н. Я. Бичурин, П. М. Мелиоранский, А. В. Васильев, Н. И. Гродеков т.б. еңбектерінде қазақ фольклоры туралы зерттеулер жүргізді [38].

1920-жылдары қазақ фольклорын зерттеу жұмыстары белгілі аға буын ғалымдары еңбектері негізінде іске асса, 1930- шы жылдары аға буын ғалымдар ісін жас ғалымдар жалғастыра түсті, алайда, олардың зерттеулеріне жаңа идеологиялық ұстанымдардың әсері күшті болды. Тағы бір ескеретін нәрсе, бұл кезеңде ғалым мамандардың жетіспеушілігі, олардың арнайы фольклортанушылық білімі болмауы т.б. – бәрі зерттеу жұмыстарының сапасына да әсер етті. Осының салдарынан да қазақ фольклорының көптеген жанрлары ескерусіз қалып, оның біразы ғана зерттеу нысанасына ілініп үлгерді.

1920–1930 жылдардағы фольклортану ғылымы тақырып жағынан болсын, зерттеулердің ауқымы жағынан болсын ілгерілеп дами түсті. Қазақ фольклорын сипаттауға арналған маңызды да көлемді зерттеулер көріне бастады.

1920–1930 жылдары қазақ фольклортану ғылымында қолға алынған басты мәселелердің бірі – оқулық пен хрестоматия жазу болды. Мұндай игілікті істі бастаған, қазақ халық ауыз әдебиетінің тарихын алғашқылардың бірі болып оқулық көлемінде сипаттауды мақсат еткен А. Байтұрсынов, М. Әуезов, С. Сейфуллиндер еді. Қазақ әдебиеті тарихын, оның ішінде халық ауыз әдебиеті, тарихын оқулық көлемінде баяндауды мақсат еткенін С. Сейфуллин алдымен 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде [39] ашық хат арқылы хабарласа, ал 1932 жылы қазақ әдебиеті тарихына арналған «Билер дәуірінің әдебиеті» деген атпен кітабын жарыққа шығарды.

Ғалым А. Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» оқулығы (Қызылорда-Ташкент, 1926) негізінен алғанда, қазақ әдебиеті қисынына арналғанымен, онда сонымен бірге қазақ фольклортану ғылымына т.б. қатысты материалдар мол қамтылуымен де ерекшеленеді. Бұл кітап мәні хақында белгілі ғалымдарымыз: З. Ахметов, С. Қирабаев, З. Қабдолов, Ш. Сәтбаева, Р. Нұрғалиев, Ш. Ыбыраев, Б. Абылқасымов т.б. сараптаулары жарияланғаны белгілі [40]. Бұл дәйектемелерде, көбінесе еңбектің сөз өнері болмысын, бітімін жүйелі саралаған тұңғыш теориялық оқулық ретіндегі маңыздылығы, әдебиет теориясына қатысты терминдік атаулар рөлі туралы т.б. мәселелер көтеріліп, ал фольклортануға қатыстылары: эпостану, ғұрып фольклоры тұрғысынан т.б. зерделеу жағы сөз болғаны да мәлім. Расында, жоғарыда аталған зерттеушілер орынды атап көрсеткендей, еңбектің, әсіресе, көрнек өнері тараулары саласында қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты категориялары мен терминдері түп-түгел осы кітапта қарастырылған.

Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» атты оқулық кітабы өзінің құрылымдық ерекшелігіне қарай, негізінен, жоғары оқу орындарына арналған [41]. Оқулық ішіндегі 15 тараудың «Ауыз әдебиеті» атты бір тарауы ғана фольклорға арналған [41, 232-261 б.]. Фольклорға А. Байтұрсынов: «Жазу-сызу, өнер-ғылым жоқ анайы халықтарда жазба шығарма болмайды. Ондай халықтардың асыл сөздері анайы тілмен айтылған ауыз шығармалар болады. Сондықтан ондай асыл сөздер ауыз әдебиет, яки анайы әдебиет деп аталады»,-деген дұрыс анықтама береді [41, 231 б.]. Демек автор фольклорды ауызша айтылған шығармалар деп қабылдаған.

Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегі тұтастай өзара дербестенген 15 тараудан тұрады: «Арнау», «Көрнек өнерінің тараулары», «Сөз өнері», «Шығарма сөз», «Мазмұн түрлері», «Сөз өнерінің ғылымы», «Тіл қисыны», «Сөз талғау», «Тіл әуезділігі», «Өлең шығару», «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесі», «Қара сөз», «Дарынды сөз», «Жазу әдебиеті» мен «Ауыз әдебиеті».

Әйтсе де А. Байтұрсыновтың фольклортанушылық еңбегі өзі аты айтып тұрғандай «Ауыз әдебиеті» тарауында неғұрлым көп сарапталынады десек те, басқа да тараулардағы мысал ретінде келтірілген фольклорлық үлгілерді т.б. назардан тыс қалдырмау керектігіне назар аудартқымыз келеді. А. Байтұрсыновтың осы кітаптағы фольклористік қызметі «ауыз әдебиетіне» (қазақ фольклорына) қатысты көтерген күрделі де, түрлі де т.б. ғылыми сараптауларының мәні, оның фольклор үлгілерін қолдану, оларды жүйелеу, жіктеу ерекшеліктерін т.б. дәйектеуі ескерілуі қажет.

Зерттеуші көрнек өнерінің тараулары ретінде өнер атаулыны іштей беске бөледі: сәулет өнері, сымбат өнері, кескін өнері, әуез өнері, сөз өнері. Міне, осы орайда: «Өнердің ең алды – сөз өнері» деп саналады. «Өнер алды – қызыл тіл» –деген қазақ мәтелі бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан», – деп түйген пікірінен [41, 138 б.], біз ғалымның мақалды (фольклорды)- дайын дәлел, үгіт, мәтін көзі ретінде, филологиялық тұрғыда, сөздің құдіретін, сырын өнер саласында сараптау құралы үлгісінде танытуын көреміз. Фольклорлық материалдарды филологиялық тұрғыдан осылай қолдану үлгісі орыс ғалымы М. В. Ломоносов (1711– 1765) еңбектерінде де болған [42].

Ахмет Байтұрсынов фольклорды сөз өнері деп біледі. Сондықтан ол сөз өнері адам санасының көрінісі болып табылатын ақыл, қиял, көңіл ұғымдарымен байланысты дейді де, соның бәрі тіл арқылы іске асатынын, сол себепті фольклор тілі де өзіндік сипатқа ие екенін айтады. Фольклорды да әдеби де шығарма дей отырып, оның тақырыбы, жоспары, мазмұны, түрі болатынына назар аудартады [41, 142 б.]. Мұнда шығарма, яки әдебиет дегенде, ең бірінші болып «ауызша шығарылған сөзді» (яғни халық ауыз әдебиетін) А. Байтұрсыновтың алдымен атауы т.б. – бәрі фольклортанушының жазып шығарған әдебиеттің (жазба әдебиеттің) негізін қалаған фольклор екен деген ойын діттейді. Мұндай пікір үлгісінің ХІХ ғасырда өмір сүрген орыс ойшылы А. И. Герцен (1812–1870) еңбегінде кездесетініне белгілі [43]. Демек әлемдік фольклористика тарихында фольклорды зерттеушілер арасында мұндай үндестік, сарындастық туу себептері десек, ол – дәстүрлілікте, алға қойған зерттеушілік мақсаттың ортақ екендігінде, ағартушы-демократтық көзқарастан туындайтынында. Ауызша туған, тараған, біздің заманға дейін жеткен т.б. халықтық нұсқалардың – бәрін алғашқылардың бірі болып, қазақ әдебиеті, қазақ фольклортану тарихында т.б. ғылыми тұрғыда Ахмет Байтұрсынов әдебиет, асыл сөз деп таныған. Шығарма тақырыбына келгенде: «Әңгімедегі пікір не нәрсе болса, сол нәрсе шығарманың тақырыбы болады», – дей отырып [41, 142 б.], зерттеуші А. Байтұрсынов өз пікірінің дәлелі ретінде «Айман-Шолпан», «Қобыланды батыр», «Атымтай жомарт» т.б. фольклорлық үлгілердің аттарын келтірген. Демек А. Байтұрсынов ауызша шығарылған фольклорлық нұсқаларды – дәлел көзі, дайын мәтін үлгісінде т.б. сөз өнеріне жатқызған.

Мәселен, бірде тіл тазалығы дегенде, ғалым ана тілдің құнарын сақтау үшін тілді шұбарламау керектігін алға тартса, ал сөз тұтыну қажеттігі туса, халыққа ұнаған, жиі қолданыстағы, жалпыға түсінікті сөздерді алу керек дегенді бөліп көрсеткен [41, 151 б.]. Ал, түсінікті тіл дегенде, дәстүрді сақтау, шығарма халықтығын негізге алу дегенді дұрыс айтқан. Мұның бәрі А. Байтұрсыновтың ана тілінің табиғилығын, тазалығын сақтауда, үлгі, нұсқа ретінде т.б. дайын фольклорлық мәтіндерді (Асан Қайғы, Ер Тарғын, Ер Сайын, Қобыланды, Жиренше шешен т.б.) келтіре отырып дәлелдеуге тырысқанын көрсетеді. Сөйтіп, фольклор үлгілерінің табиғатына сүйене отырып, ғалым елді мәдениетке үгіттеудегі, кітап жазудағы негізгі мақсат т.б. ағартушылық екенін айқындаған.

Ғалым ел арасында ауызша айтылған: «...Атымтай жомарт, Жиренге шешен, Қаз дауысты Қазыбек...», деген [41, 155-156 б.], тарихи фольклорлық есім-аттарды белгілі бір теориялық ұғымдарды (көріктеуді - эпитетті), пікірлерді айқындау, дәлелдеу үшін де қолданған.

Ғалым теңеуді аңдату үшін дайын мәтін көзі есебінде «Ер Тарғынның астындағы аты – тарланына айтқан сөзінен» 30 жолдық жыр үзінділерін келтірген [41, 156-157 б.]. Сонымен бірге бейнелеу, алмастыру, кейіптеу, әсірелеу, мегзеу, әсерлеу (арнау, қайталау, шендестіру, дамыту, түйдектеу, бүкпелеу, кекесіндеу) т.б. тәрізді көркем сөздерді аңдату мақсатында фольклор үлгілерінен мақал- мәтелдер, «Ер Тарғын» жыры, «Қобыланды батыр» жыры, «Ер Сайын жыры» т.б. тәрізді халықтық шығармалардан да үзінді келтіріп отырған [41, 158-177 б.]. Бұл А. Байтұрсыновтың әдебиет қисынына қатысты тұңғыш ғылыми оқулық жазуда болсын т.б. бәрінде де ұлттық сипат рөлін ескеріп, оның жалғыз бастауы төл әдебиетіміз болып табылатынын дұрыс ажыратқан.



Жалпы жоғарыдағы көркем сөзге арналған бөлімдерде белгілі бір әдебиет қисынына қатысты қағиданы келтіргенде, оған дайын дерек, дәлел, мәтін көзі есебінде А. Байтұрсыновтың фольклорды қолдануы көңіл бөлерлік. А. Байтұрсынов фольклорды тек мәтін ретінде ғана пайдаланбаған, әр фольклорлық мәтінді өзінің тұжырымына, анықтамасына мысал ретінде алған. Мұның бәрі фольклортанушы А. Байтұрсыновтың халық шығармаларын әдебиет теориясына, тарихына қатысты келтіріп, ондағы теориялық ұғымдар негізі халықтікі дегенге т.б. назар аудартқанын дәлелдейді. Яғни ғалым фольклордың – филологиялық тұрғыдан әдебиет қисынына, әрі сөз өнеріне қажетті т.б. мәтін көзі ретінде қызмет ете алатынына назар аудартқан. Сонау XVIII ғасырда өмір сүрген орыс ғалымы В. К. Тредиаковский де (1703–1769) өлең жүйесі негізі халықтікі дегенге көңіл бөлгізе отырып, фольклордың – әдебиет теориясына қажетті материал көзі болатынын діттеген [44]. Тіл әуезділігі тарауына қатысты ғалым еңбегінде әуезділіктің жалпы шарттарын, сөздің дыбыстары құлаққа жағымды-жағымсыз болып құралуын т.б. тілдік тұрғыдан сараптауы барысында фольклордан: мақал-мәтелдерді, «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» т.б. жырлардан алынған үзінділерді т.б. келтірген [41, 177–186 б.]. Сонымен қатар «өлеңді сөйлемдер» бөлімінде сөздің қара сөз, әрі өлең түрінде жасалатынын айқындай отырып, ғалым дәлел көзі ретінде «Жар-жар» мен «Беташарды» алған [41, 184–188 б.]. Сондай-ақ А. Байтұрсынов фольклорды – өлең шығару үшін ең қажетті ырғақ ұйқас, екпін, буын, бунақ, тармақ, шумақ т.б. түрлерін ажырату үшін де қолданған [41, 188–208 б.]. Осы арқылы қазақ әдебиеті тарихында да, қазақ фольклортану тарихында да ғылыми оқулық жазудың ұлттық үлгісін жасауда осы терминдерді тапқан, анықтама берген А. Байтұрсынов фольклорды пайдалану маңыздылығын, қажеттігін аңғартқан. Мәселен, кітапта шежіре туралы сипаттама бар: «Шежіре өткеннен дерек беретін сөздің түрі. Шежіреде уақиғадан гөрі өткендердің түсі, туысы көп айтылады. Сондықтан шежіре уақиғаға сарынымен емес, уақыт, туыс сарынымен айтылатын әуезе тобына жатады. Шежіре болған уақиға жайынан сөйлесе, себебін, мәнісін айтпай, тек болғанын айтады да қояды»,- делінген [41, 213-214 б.]. Міне, мұнда фольклордың аңыз жанрына жататын шежіренің өзіндік ерекшеліктерін өз заман тұрғысынан жіктеп: өткеннен дерек беретін, уақиғадан гөрі өткендердің туысы айтылатын, туыс сарынымен айтылатын әуезе (әңгіме) табиғатына жататын, уақиға себебі айтылмай, тек болғандығы ғана баяндалатыны т.б. сарапталған. А. Байтұрсыновтың шежіреге берген бұл анықтамасы – бұл жанрдың тарихи фольклорға жататын жағын сүйенген. Бұған қоса біздің айтарымыз, шежіре қазіргі фольклортануда аңыз жанрының бір түрі ретінде қарастырылады. Тарих ғылымы шежірені – деректанудың көзі деп біледі де, оны халықтың этногезін зерттеу үшін пайдаланады. Бұларды жоққа шығармай, біз шежіреде мифтік те мотив болатынын, ол тіпті кейде ежелгі заманғы танымға негізделетінін де ескертпекпіз. Бұл ойды алғаш рет С. Қасқабасов ұсынып, шежіредегі мифтік сипатты ашып берген болатын [45]. Тарихи әңгімеге келгенде ғалым : «Тарих жүзінде белгілі адамдар, нәрселер, уақиғалар турасында с өйлейтін әуезелер тарихи әңгіме деп аталады. Тарихи әңгіме тек лақап әңгімеден мазмұнының шындығымен айрылады. Жұрт аңыз қылып айтып

жүрген әңгімелердің өтірігі көп болады. Тарихи әңгіме сипатына сүйенетін шын әңгіме болады»,- деп сараптайды [41, 216 б.]. Яғни ғалым сөз қылып отырған тарихи әңгімесі қазіргі фольклортану ғылымындағы тарихи аңыздар ұғымында берілген.

Зерттеуші ретінде Ахмет Байтұрсынов шешендік сөз жанрына да тоқталған. Ахмет Байтұрсынов бұл жанрды «шешен сөз» деп атаған. Шешендік сөзді айтушының негізгі мақсаты: баяндау, сипаттау, түсіндіру емес, керісінше, өз пікіріне нандыру, сендіру, ұйыту, бұйыту, илан келтіру дегенді айтып, бұл жанрдың басты функциясын жақсы аңғарған. Ал, шешен сөздің негізгі мақсатын: «... Адамның жүрегін билеп, жүйесін босату, қанын қыздыру, намысын келтіру, арқасын қоздыру»,- деп анықтаған [41, 223 б.]. Сондай-ақ А. Байтұрсынов шешен сөздің түрлерін іштей беске бөлген де, әрқайсысының не себепті, қай кезде, не үшін т.б. айтылатынын, өзіндік ерекшеліктерін сипаттаған. Мәселен, біріншісі – саясат шен сөзі. Оны билер, шешендер жиналған елді аузына қаратып, нандырып, сендіріп, мемлекет ісіне қарар шығарту мақсатында қолданады дейді. Демек, бұл жерде А. Байтұрсынов шешендік сөздің қоғамдық функциясына мән берген. Екіншісі – билік шешен сөзін шешендердің сотқа айыпкер адамдарды ақтау, я қаралау мақсатпен сөйлеп, сот билігіне әсер ету үшін кірістіретіні сөз болған. Мұнда шешендік сөздің әлеуметтік қызметі ескерілген. Үшіншісі – қошемет шешен сөзі. Оның халық алдында біреудің еткен еңбегін, өткізген қызметін дәріптеп, қошаметтеу мақсатында келетіні діттелген. Төртіншісі – білімір шешен сөзі. Ол білімділердің, ғалымдардың мазмұнды сөйлеген сөздері дейді. Соңғы бесіншісі – уағыз дейді. Оны дін жайынан сөйлеген ғұламалар, молдалар сөзі деп, тіпті, шешендер қатарына дін иелерін де жатқызғаны көрініп тұр [41, 233 б.]. Демек қазақ фольклортану тарихында тұңғыш рет шешендік өнерді тану жолында шешендік сөздерді ғылыми жүйеге түсіріп, ғылыми сипаттамалар бере отырып, қоғамдағы атқаратын қызметтеріне орай іштей өзінше жіктеуге түсіруі т.б. бәрі А. Байтұрсынұлының зор фольклоршылдық еңбегін айғақтайды.

Ал, халық ауыз әдебиетінің түрлері жазба әдебиеттегідей болмайтынына, іштей айтылу түріне қарай емес, тұтыну орнына қарай бөлінетініне қатысты пікірлері [41, 225 б.] т.б. бәрі ғалымның фольклордың өзіндік ішкі жанрлық ерекшелігі болатынын дұрыс саралағандығын танытады.

Сонымен бірге: «Жазу-сызу жоқ жұртта көсе сөзді (жазумен айтылатын сөзді- Н. Ж.) шығармалар болмайды. Себебі жазу-сызу жоқ жұртта өнер-ғылым болмайды. Ғылым дегеніміз дүниені, яғни табиғатты дұрыс тану. Ғылым жоқ болса, дүниені тану дұрыс болмайды. Дүниені дұрыс танымаған соң, дүние турасындағы мағлұмат жиысатын сана-саңлауы дұрыс болмаған соң, табиғаттың күшін, ісін, қасиетін бұрынғылар теріс танып, теріс әуезе қылған», – деп, [41, 225 б.] А. Байтұрсынов дұрыс айтады. Бұл көне заманда жазба әдебиет жоқ кездегі жағдай. Фольклор – жазбаға дейінгі мәдениет. Одан әрі: «Сондықтан бұрынғылардың ертегі сияқты, жырлар сияқты шығарған сөздері біздерге шып-шылғи өтірік көрініп, біздің ақыл арнамызға жуыспайды. Қай халықтың болса, жазу-сызу білмеген заманы болған. Сондықтан ертегі сияқты өтірік сөздер қай халықта болсын бар», – деген тұжырымы [41, 225 б.] ғалым А. Байтұрсыновтың фольклорға – тарихи-типологиялық зерттеу методологиясы тұрғысынан келгенін танытады. Демек ғалым уақыт пен кеңістіктің халық санасына әсерін, шындық пен қиял арақатынасының диалектикалық категория тұрғысынан қарастырылатынына т.б. дұрыс назар аудартқан.

Ахмет Байтұрсынов айтыс жанрына да алғашқылардың бірі болып, бұл жанрдың да басты-басты сипаттарын айқындаған. Мәселен, ол «айтыс» сөзінде балуандар күресі тәрізді адамдардың бірін-бірі аңдуы, бағуы, бірін-бірі жығу үшін істелетін түрлі әдіс-амалдар, тәсілдер шоғыры бар екені, олардың бәрі өлеңмен ғана айтыс түрінде қолданылатынын дұрыс айтады [41, 227 б.]. Айтыс өлеңнің тууы үшін ақындықпен қатар айтыскер ақынның әдіс-тәсілі де болуы керектігіне де, түрлі нәрселер жайынан сөз қозғай білуі де, бірін-бірі сөзбен тосуға даярлығына да баса көңіл бөлген. Сондай-ақ айтысқа – халықты тәрбиелеу құралы ретінде қарауына да, адамның келеңсіз мінез-құлықтары сыналуына да, халық алдында орындалатынына да, айтысты – халық өмірінің айнасы деп қарап, айтыстың қазақ ауыз әдебиеті түріне жататынына да т.б. назар аудартуы – бәрі ғалым А. Байтұрсыновтың айтысты зерттеуге қосқан өзіндік үлесі.

Себебі бұған дейінгі зерттеулерде фольклор ішіндегі айтыс жанры жеке бөлініп қарастырылмады. Демек ғалым А. Байтұрсынов алғашқылардың бірі болып, айтысты жеке жанр ретінде алып, оның әрі ғылыми анықтамасын беруші, әрі ерекшеліктерін талдаған т.с.с. зерттеуші ретінде қазақ фольклортану ғылымы тарихында өзіне лайықты орын алатыны сөзсіз.

Ғалым Ахмет Байтұрсынов әуезе жайынан жазған ескертуінде: жер жүзіндегі жұрттардың шығармалары бір-біріне ұқсас келетіні, олардың көргені, өнегесі, үлгісі бір болғандығы, ол заманда қай халық болмасын табиғатқа тәуелді болғаны ; жезтырнақ, жалмауы з кемпір


т.б. тәрізді мифологиялық бейнелердің сол анайы заманда туындағанын түсіну үшін сол замандағы халықтың «балалық күйіне» түсу қажеттігі сөз болады. Ал күндегі керемет көрінген нәрселердің ол заманда табиғат сырын білмегендіктен, қорқыныш сезімімен байланыстырыла туғаны бұл күнде (күннің тұтылуы, дауыл тұруы, найзағайдың шатырлауы т.б.) ғылымның тілімен түсіндірілетіні айтылып, оған назар аудартуы т.б. бәрі А. Байтұрсынұлының фольклорға типологиялық зерттеу әдісі тұрғысынан келгенін, әрі фольклор бойынан көрінетін көне түсініктердің (анинизм, фетишизм, шаманизм т.б.) туу, шығу себебі ол заманда халықтың табиғатқа табынуынан туындағанын, дәлелдеуге тырысқанын көрсетеді [41, 228-232 б.]. Қазақ фольклорында көрініс тапқан халықтың ескі нанымдарын зерттеу – тек қана этнографтар мен тарихшылардың ісі емес. Бұл фольклористер үшін де өте маңызды екенін [46] еске алсақ, ғалым А. Байтұрсыновтың фольклорды тарихилық принцип негізінде зерттеу әдісін өз заманында сәтті қолданғанын көреміз.

Ал, батырлар жырында кездесетін батырлар бейнесін талдауы, жырдың орындалуы, жыршының рөлі (өз қиялынша өң беріп, көпіртіп, көркейтетіні) т.б. – мұның бәрі А. Байтұрсынов мән беріп, зерттеген аспектілер [41, 230-231 б.]. Сонымен бірге ғалым А. Байтұрсыновтың жоғарыдағы үлгілердің ауызша туып, айтылып, дамитынына, көп нұсқалылыққа байланысты туындаған ерекшеліктер негізінде фольклорда нақты автор болмайтынына, бүкіл жұрт, ұлт, халық авторы болып саналатынына назар аудартуы да құптарлық. Бұл фольклордың авторлығына байланысты берілген тұңғыш ғылыми анықтама болып табылады. Сондай-ақ: «Сөз ішіндегі (фольклордағы-Н. Ж.) адамдардың жүріс-тұрысы, мінезі өзіне сәйкес келгендіктен әр халық өзінікі деп біледі. Сәйкес келу себебі ауыздан-ауызға көшкенде әркім өзінше өң беріп, өз заманының салтына, сарынына түсіргендіктен»,- деуінен [41, 231 б.], біз А. Байтұрсыновтың фольклорды – халықтың мінез-құлығын, әдет-салтын, тұрмыс-тіршілігін танудың т.б. дайын этнографиялық дерек көзі деп қарастырғанын, фольклордың бойында өзіндік ұлттық ерекшеліктің болатынын алғашқылардың бірі болып байыптағанын сараптаймыз.

Фольклортанушы А. Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» (1926) кітабының «Ауыз әдебиеті» атты тарауы бар [41, 232-261 б.]. Мұнда тұңғыш рет қазақ фольклортану ғылымы тарихында: фольклордың ішкі жанрлық жағдайы, сюжеті, бейнелер жүйесі, тақырыптық- идеялық ерекшеліктері, әрі фольклорлық жанрлардың іштей жіктелу шарттары, фольклордың атқаратын түрлі қызметтері хақында, фольклорға халықтың көзқарасы, фольклордағы тарих пен шындықтың арақатынасы т.б. бәрі ғылыми жүйеге түсіп, теориялық тұрғыдан, тарихи-типологиялық зерттеу әдісі негізінде сараланған.

А. Байтұрсынұлы «ауыз әдебиетін» жұмсалатын орнына қарай, яғни атқаратын қызметіне орай «сауықтама» мен «сарнама» деп екіге бөлген: «...Сауықтама саласына барша сауық үшін айтылатын сөздер кіреді. Сарындама саласына жұрттағы келе жатқан салт сарынымен айтылатын сөздер кіреді»,- деп анықтама берген [41, 232 б.].

А. Байтұрсыновтың фольклорлық жанрларды жұмсалатын орнына қарай екіге бөліп топтауы, өз кезегінде кейінгі зерттеушілерге осы мәселе төңірегінде әлі де іздену қажеттігін негіздеп бергені сөзсіз. Мәселен, кейінгі еңбектерде ғалым М. Әуезов ол кезде өзіндік жанрлық ерекшеліктеріне қарай фольклорды 4 үлкен топқа жіктеген, ал Х. Досмұхамедұлы фольклорды 47 жанрға бөлген. Ендеше қазақ фольклортану ғылымында алғашқылардың бірі болып, фольклор жанрларын белгілі бір ортақ ерекшеліктеріне қарай топтау мәселесін көтерген А. Байтұрсынов екені анықталады.

Сауықтаманың өзін іштей ертектеме, әрі сауықтама деп қарастырған. Ертектемені ермек үшін айтады дей отырып, іштей: ертегі, ертегісімек, ауыз әңгіме, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, бас қатырғыш деп жіктеген. Демек зерттеу еңбегінде ғалым фольклордың осы жекелеген жанрларына алғаш рет тоқталып, олардың әрқайсысына ғылыми анықтамалар берген. Мәселен, ертегіні- халықтың қиялымен қисынын келтіріп, қызықты ету мақсатында шығарылатыны, оның ішіндегі уақиғалар мен нәрселер дүниеде жоқ қиял негізінде туындайтыны, ертегілерді әдебиет тарихшыларының адамның жоққа нанған шағындағы сөзі деп есептеген [41, 232-233 б.].

Сондай-ақ ертегілердің астарлы мағынасы өнегелі, тәлім-тәрбие беру мақсатымен айтылады дей отырып, біріншіден, халықтың ұмытылған сөздері ертегіден табылмақ деп, оның (фольклордың) тілтану жағынан керектігіне баса назар аударуының мәнділігі назар аудартады. Екіншіден, бала рухын, қиялын тәрбиелеуге ертегі керектігі, яғни баланың қиялын дамытуға, сөйлеуге үйретуге қажеттігі дәріптелген. Үшіншіден, бұрынғылардың сана-саңлау, қалып-салты жағынан дерек беруімен де ертегі мәнділігі көрсетілген [41, 235 б.]. Міне, бұдан біз зерттеуші А. Байтұрсыновтың фольклорды – көненің ізі, дайын тілдік материал, әрі өскелең ұрпақты тәрбиелеу, сөйлету, тілін ұстарту құралы, әрі таным көзі, әрі халықтың өткенінен: әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін тарихи-этнографиялық дерек көзі деп те т.б. қарастырғанын көреміз. Сонымен бірге «...елде тұрған адамдар ертегілерді жинап, жоғалмасына қам болу борышым деп білу керек»,- деген пікірінен [41, 233 б.], ғалым А. Байтұрсыновтың өз оқулығын фольклорды жинаушыларға үгіт-насихат құралы ретінде де ұсынғандығын танытады.

Ертегісімекті ғалым ертегіге ұқсас, бірақ ертегіден гөрі әдемірек, шынға бейімірек, тұрмысқа жақынырақ әңгіме деп тапса- бұл оның фольклордағы ертегі жанрындағы танымдық қызметтен гөрі оның эстетикалық жағын көбірек бағалағандығын айғақтайды. Ғалымның «ертегісімек» деп жүргені, өзіндік ерекшеліктері: шынға бейімдірегімен, тұрмысқа жақындығы жағынан сарапталып, шамамен қазіргі кездегі фольклортану ғылымындағы «тұрмыс-салт ертегісі» ұғымына сәйкес келеді. Яғни А. Байтұрсынұлы ертегі жанрын іштей ертегі және ертегісімек (тұрмыс-салт ертегісі) деп екіге жіктегендігі анықталады. Тек хайуанаттар жайындағы ертегі жағы ғана ескерілмей қалған.

Ғалым жұмбақтың аты – жұмудан шыққанын, яғни зейін ұстартуға белгілі бір нәрсені жұмып, оны ұқсас нәрселерге сипаттау, ұқсастығы бойынша табудан туғандығын дұрыс айтады. Ал, жаңылтпаш деген аты жаңылудан басталып, өзіндік сөздердің топтасуынан туған сөздердің күлдіргі сипаты, айту ерекшеліктері т.б. болатынына баса назар аударады [41, 236 б.]. Бұл анықтамалар қазір де өз маңызын жойған жоқ.

Ал, «зауықтама» бөлегінде А. Байтұрсынұлы: «Зауықтама деп көңіл көтеру үшін сөйленетін сөздер айтылады»,- дей отырып, оны іштей ертегі жыр (батырлар жыры), тарихи жыр, айтыс, өлең, үгіт өлең, толғау, түрлі терме өлеңдерге жіктеген [41, 236 б.]. Бұл жіктемеде берілген фольклорлық жанрларға да алғаш рет ғылыми анықтамалары осы еңбекте берілгенін есте ұстаған жөн.

«Ертегі жыр» деп бұрынғы өткен батырлар турасында шығарылған өлеңдері, әңгімесі өтірік-шыны аралас келетініне (шыны- батырлардың ел үшін соғысуы, батырлығы, қарат қылуы десе, өтірігі- мінген атына, тұтынған затына, өздеріне бітпеген қасиеттерді тану т.б.) батырлар әңгімесінің құндылығы халықтың жаны, рухы турасында айтылатынына ғалым дұрыс назар аудартады. Сондай-ақ ғалым А. Байтұрсынов батырлар жырының өлең, шумақ, ырғақ, ұйқас, буын, бунаққа т.б. негізделіп, жыр үлгісінде келетінін дұрыс байқаған. Сондай-ақ, жырдың тағы бір құндылығы – халықтың сенім арманынан туындайтын эстетикалық қызметінде екендігін де (яғни жерін, елін қорғау- ол ұлы мақсат, ұлы мұрат екендігін, халықтың жаны, рухы осында жатқандығын т.б.) дұрыс анықтаған. Сонымен бірге батырлар жырының ортақ ішкі ерекшеліктері де: баласыздық зары; әркімнен сол үшн қорлық көріп, таяқ жеуі, сөгіс естуі; зарығып, тарығып әулиелерге баруы; өлдім-талдым дегенде балалы болуы тәрізді сюжет мотивтері де т.б. сөз болған. Бұл мотивтер әлем фольклорына тән заңдылық. А. Байтұрсынов соны алғашқылардың бірі болып байқаған. Жалпы, А. Байтұрсынов батырлық эпосты халықтың жанын, рухын танытатын дерек көзі және осы арқылы жас ұрпақты ерлікке батырлыққа, отан сүйгіштікке т.б. тәрбиелейтін құрал деп білген.

Осы орайда: «... Өлеңмен айтылған әңгіменің сөзі көпке төзеді, тез өзгере қоймайды. Солай болған соң, батырлар әңгімесіне аталарымыздың сөздері сақталып келген. Біз сияқты тілі жетіліп болмаған халыққа аталарымыздың сөздерін сақтаған әңгімелер құнды болмақ»,- деуінен [41, 238 б.], біз ғалымның фольклорды (батырлар әңгімесін) өзінің табиғилығын, тазалығын жоймаған дайын құнды тілдік мәтін көзі деп қарастырғанын көреміз.

Ахмет Байтұрсынов қазақ фольклортану ғылымында алғашқы рет тарихи жырға да өз анықтамасын беріп, оның басты-басты белгілерін де атап кеткен. Тарихи жыр туралы ол тарихта бар мағлұм оқиғалар турасында өлеңмен шығарған сөздер деген ғылыми анықтама берген. Ойын дәлелдеу үшін «Орақ-Мамай», «Абылай», «Кенесары, Наурызбай» жырларын келтірген [41, 239 б.]. Ендеше А. Байтұрсынұлының фольклордың эпос жанрын іштей екі топқа жіктегенін білдік: бірі- «ертегі жыр» (батырлар әңгімесі), екіншісі – «тарихи жыр» деп қарастырған. Топтау барысында аты аталған тарихи жырлар кейінгі еліміздің егемендігін алған дейінгі дәуірлерде зиянды деп табылып, «тап тартысы», «кеңестік идеология», «әдебиеттің партиялылығы» т.б. айдармен тұмшаланғаны белгілі. Бұл аты аталған жырлардың осы күнге дейінгі зерттеу объектісі болмауы себептерінің бірі ғана. Жалпы қазақ фольклортану ғылымы тарихының эпостану саласы дегенде, А. Байтұрсынұлының осы тұрғыдағы еңбегін – эпостанудағы жүйелі сараланған өзіндік тұңғыш ғылыми сараптамасы деп қарастырған дұрыс.

Айтыс жанрын Ахмет Байтұрсынов екі ақын арасындағы бірін-бірі сөз жүзінде аңдып, қапысын тауып жеңу үшін айтылатын өлеңдер қатарына жатқызады [41, 239 б.]. Ақын әдістеріне ғалым: сөзбен шаншу, қарсыласының осал жерін іздеу, елінде болған кемшіліктерді тізу, сөзбен ұялтып, сөзбен тосу, бөгеп тоқтату, бірін-бірі жайында мағлұмат жинау, міндерін айтып мүдірту, қиын сауалдар бере білу тәрізді т.б. амал-тәсілдерді жатқызған. Сондай-ақ «Жазу жайылған сайын айтыс өлең азайып, құруға бет алып барады. Мұның да бәрін жазып қалмасқа, бұ да анайы әдебиеттің өшетін, жоғалатын түрі»,- деген пікірі де бар [41, 240 б.]. Міне, бұл да айтыстану тарихына- айтыстың ішкі жанрлық ерекшеліктерін саралап, ғалым А. Байтұрсыновтың өзіндік қосқан үлесі болып табылады. Бұл сонымен қатар зерттеушінің фольклорлық үлгілерге деген жанаршылығын, ел арасынан тездетіп жинақталса деген ізгі тілегін де аңғартады.

Белгілі фольклортанушы ғалым Б. Абылқасымов Ахмет Байтұрсыновтың жоғарыда аталған кітабындағы «ауыз әдебиеті» тарауын әрі сараптай, әрі жіктей т.б. отырып, жалпы фольклористика ғылымында қалыптасқан тұрақты жүйе бойынша фольклор жанрлары іштей әрі көркем фольклоры, әрі ғұрып фольклоры болып екі үлкен салаған бөлінетініне баса назар аудартады. Сондай-ақ кезінде қазақ фольклортану тарихында осындай фольклорды екіге жіктеу үлгісін жасауға тырысқан ғалым А. Байтұрсынов екені дәріптеліп, оның осы «Әдебиет танытқыш» еңбегінде орын алғанын жазады [47].

Аталған еңбекте ауыз әдебиеті іштей «Сауықтама» және «Сарындама» деп жіктелетіні белгілі. Ал «Сарындамасы» қазіргі түсінігімізде ғұрып фольклоры екендігін ғалым Б. Абылқасымов дұрыс ажыратып берді. Дегенмен ғалым Б. Абылқасымов А. Байтұрсыновтың «Сарындаманы» іштей салт сөзі, ғұрып сөзі, қалып сөзі деп бөлгенін әлемде қалыптасқан фольклортанушылық ғылыми жүйеге сай келмейтініне де көңіл аудартады. Сөйтіп ғалым Б. Абылқасымов ғұрып фольклорын іштей от басының ғұрып фольклоры, маусымдық ғұрып фольклоры, наным-сенім ғұрпының фольклоры болып жіктелетінін дәлелдеген [47, 10-11 б.].

«Салт сөзі» дегенде, Ахмет Байтұрсынов салт сарынымен, яғни салт жөнімен айтылатын сөздерді келтіріп, оған: мысалдарды, ділмәр сөзді, тақпақтарды, мақалдарды, мәтелдерді жатқызған [41, 246 б.]. Ал, мұндағы мысалдар қатарына жатқызған мәтін атаулары – кәдімгі хайуанаттар турасындағы ертегілер. Мәселен, «Арсыз ит», «Өтірікші тышқан», «Хайуандар таласы», «Бақылдақ теке» т.б. Бұлар әлемдік фольклортану тарихында ертегі жанрына жататыны белгілі. Демек ғалымның хайуанаттар турасындағы ертегілерді мысал деп қабылдауы фольклортанушылық талаптан гөрі, сол тұста үстем болған әдебиеттану мақсатынан туындағанын дәлелдейді. Ділмәр сөз дегенде, ғалым бұрынғы даналардан, билерден, шешендерден т.б. қалған сөздерді дәлел көзі ретінде келтірсе, бұл жанрлық ерекшеліктері жағынан «салт сөзінен» гөрі фольклордың «шешендік сөздер» топтамасына жатары анық. Сондай-ақ мақалдар да, мәтелдер де фольклордың өз алдына жеке жанрлары есебінде қарастырылатыны т.б., кейде оларды фольклордың ұсақ жанрлары деп те аталатыны белгілі. Дайын мәтін көзі ретінде алынған бұл фольклорлық мұралардың қайдан алынғандығы, т.б. нақты көрсетілмеген. Тек «ділмәр сөзге» келгенде, ғалым А. Байтұрсынов – Ыбырайұлы Тұрман жинағынан «Дулаттың бір биі мен қоңырат Мырзан би» арасындағы сөз қақтығысы алынды деген сілтемесі бар [41, 247 б.]. Мақал бөлімінде ғалым дайын 29 мәтін үлгісін қолданса, мәтелге – 24 нұсқа, кірістірілген [41, 249-251 б.].

Ал, мақалдың, не мәтелдің ғылыми анықтамасы берілгенде, жанрлық өзгешелігі жіктелуінен гөрі жалпы мағыналық сипаттамасының бір қыры – айтылу ерекшелігі ғана берілген. Мәселен, ғалым: «Мәтел дегеніміз кезінде келгенде кесегімен айтылатын белгілі-білгілі сөздер. Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ мақал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады. Мәтел ақиқат жағын қарамай, әдетті сөз есебінде айтылады»- деген [41, 250 б.].

«Ғұрып сөзі» тарауында, ғалым А. Байтұрсынов ғұрып сарынымен, яғни ғұрып бойынша істелетін істерге байлаулы сөздерді – ғұрып сөзі дей отырып, олардың қатарына: той бастар, жар-жар, беташар, неке қияр, жарапазанды т.б. жатқызады [41, 25 б.]. Мұның бәрі фольклортану ғылымында тұрмыс-салт жырларына, яғни ғұрып фольклорына жататыны белгілі. Мұнда әр жанрдың өзіндік сипаттамалары бар. Мәселен, той бастар дегенде, тойдың кешкі ойыннан біреу өлең бастайды делінсе; жар-жарды қыз ұзатар үйде ұзататын қызды жұбату үшін айтылатын өлең деп дұрыс ажыратқан. Ал, неке деп екі арада жүретін екі куәнің – күйеу мен қыздың ырзалығын сұраған уақытта айтатын сөздерді айтады (әнмен айтылмайды деген ескертпесі де бар) десе, жоқтауды - өлген кісіні жоқтап сөйлеу үшін айтылатынын дұрыс анықтаған. Сондай-ақ, ғалым жарапазанды – ораза уақытында бозбалалардың түнде үйдің тысында тұрып айтатын өлеңі екендігін; бата – біреуге алғыс бергенде айтылатын сөз екенін [41, 251-256 б.] дұрыс көрсеткен.

Сондай-ақ, ғалым жар-жардың өзіндік ерекшелігіне де тұңғыш пікір айтуымен көзге түседі: жар-жардың жұбату үшін айтылатыны, оның екі жақ болып бастайтыны, соңынан бір жақ кідіретіні, жұбатушының сөзіне жауап қайырылатыны, бір жағында жігіттер, екінші жағында қыздар тұратыны т.б. дұрыс жазылған [41, 252 б.]. Ал, беташарда: қыз-келіншектің бетін көрсетпейтінін, ауылға келгенде алдынан шымылдық тартылатынын, тек қыз-келіншек пен бала-шағалардан басқа ешкімге беті көрсетілмейтінін ескертеді. Одан әрі беташар айтылғаннан кейін беті ашылатынын, оның әндетпей айтылмайтынын, әуел басында нұсқау, жол, ереже түрінде келтіріліп, кейін әдет мағынасына айналып кеткенін т.б. бәрін ғалым А. Байтұрсынов дұрыс сипаттап жазып кеткен [41, 254 б.]. Жоқтаудың, көбінесе белгілі адамдарға арналатыны, оны қайтыс болған адамның қатыны, я қатыны, я қызы, я келіні зарлы үнмен қайтыс болған адамның тірідегі істеген істерін, өлгенінше басына түскен қайғы-қасірет, күйіктерін шағып, жылағанда айтылатын жыр түріндегі сөз екендігін дұрыс көрсеткен ғалым, оларды, көбінесе ақындар шығарып беретінін де т.б. сөз еткен [41, 254 б.].

Жарапазан жанры да бұл еңбекте алғаш сөз болады. Жарапазанды ораза уақытында, түнде бозбалалар үйдің тысында тұрып айтатынына, сауап болады деп жарапазан орындаушыларға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек т.б. берілетініне көңіл аудартады. Ал, оны күндіз жүріп айтатындар үлкен адамдар болатынына, айтатындар екеу болып жүретініне т.б. баса назар аудартқан [41, 255 б.]. Мұның бәрі ғалым А. Байтұрсыновтың ғұрып фольклорын іштей жіктеп, оның өзіндік ерекшеліктерін т.б. сараптауға, танытуға келгенде, міндетті түрде тарихи-этнографиялық сипаттамаларын бірге беруді қажет деп санағандығын көреміз. Яғни бұл кез келген халық өзінің өткенін, тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін т.б. ұмытпасын, мәңгі есте сақтасын деген ізгі ойдан туындаса керек-ті. Демек бұл да ғалымның фольклорды – тарихтың, этнографияның көзі деп қарастырғанын дәлелдейді. Ал, ғұрып фольклоры ішіндегі «Қалып сөзіне» келгенде, ғалым тұрмыс қалпында болатын істер сарынымен айтылатын сөздерді айтқан. Қалып сөзіне А. Байтұрсынұлы жын шақыру, құрт шақыру, дерт көшіру т.б. жырын жатқызған [41, 257-261 б.]. Бұлардың біразын кейінірек: белгілі ғалым Х. Досмұхамедов «емдік өлеңдер» десе, М. Әуезов «дінмен байланысты өлеңге» жатқызғаны белгілі. Ғалым С. Сейфуллин «ескілікті дін салтынан туған өлең-жырлар» деп қарастырса, ғалым Б. Кенжебаев «дін салт өлеңдері» деген, ғалым М. Сильченко «діни ұғымдарға байланысты салт өлеңдеріне» кірістірген. Ал, ғалым Б. Уақатов «халықтың ескілікті наным-сенімдерінен туған өлеңдер» деп жіктесе, С. Қасқабасов «діни нанымдарға байланысты жанрларға» жатқызған т.б. [48]. Жалпы айтқанда, жоғарыда аты аталған белгілі ғалымдар пікірлерін сараптай келе фольклортанушы Б. Абылқасымов осы арада ғұрып фольклоры терминін енгізеді [47, 11-15 б.]. Және де Б. Абылқасымов бақсы ұғымы орнына А. Байтұрсыновтың «жын шақыру», арбау орнына «құрт шақыру», бәдіктің орнына «дерт көшіру» тәрізді өзіндік терминдік атауларды қолданғанын да саралаған. Дегенмен бұлардың біразы қазіргі таңда ғылыми термин есебінде қолданыста болса да, біразы қазақ фольклортану ғылымы айналымында кездеспейді. Себебі, А. Байтұрсынұлы жалпы «ауыз әдебиетіне» қатысты ұғымдарды қолданғанда, олардың ғылыми терминдік қолданысын жете ойластырмаған т.б. тәрізді.

Ал, жын шақыру ерекшелігіне келгенде: бақсының жын шақырғанда сарнап, өлеңше ұйқастырып, түрлі сөздер айтатынын, Алладан, әулиеден, аруақтан т.б. жәрдем тілейтінін, жындардың атын атайтынын, қобызымен серттесетінін т.б. ғалым алғашқылардың бірі болып дұрыс анықтаған [41, 257-258 б.].

Құрт шақыруға берген анықтамасында, ғалым - тісі ауырған адамның тісінен құртты түсіру үшін емшілер айтатын сөздері деп, мәтін көзі ретінде 25 жолдық жыр үлгісін берген [41, 259 б.]. Әдетте кез-келген емшіліктің құдірет-күші, құпиясы т.б. атадан балаға туыстық ізімен ғана берілетін мирас екенін ескерсек, мұндай сирек кездесетін мәтін үлгісінің қағаз бетіне түсіп, ғалым А. Байтұрсынов кітабына енуінің өзі бір жаңалық болды.

Дерт көшіруге берген анықтамасында, ғалым оның малда болатын бәдік деген ауруды, әрі адамда болатын күләпсан деген ауруды өлеңмен емдеу үлгісі деп дұрыс ажыратқан. Сондай-ақ, бәдік болған малды т.б. ортаға алып қоршайтын да, «Көш! Көш!»- деп өлең айтатын да қыз-бозбалалар т.б. екеніне көңіл бөлген [41, 259-260 б.].

Ғалым А. Байтұрсынов еңбегінде «ауыз әдебиеті» ұғымы – қазіргі таңда авторы сақталып, тек шығармалары бізге ауызша жеткен, негізінен, XV ғасыр мен ХІХ ғасыр арасындағы ақын- жырау шығармаларына қатысты қолданылатыны белгілі. Ал, ол кездегі А. Байтұрсынов енгізген бұл «ауыз әдебиеті» терминін қазіргі фольклортану ғылымы қолданысындағы «фольклор» мағынасында берілген деп қабылдағанымыз жөн. Яғни, фольклорды авторы белгісіз халық ауыз әдебиеті ұғымы деп қарастырамыз.

Түйіп айтқанда, Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» атты кітабы әдебиет қисынына арналғанымен, онда қазақ фольклоры алғаш рет оқулық көлемінде зерттеліп, сипатталды. Оқулықта қазақ фольклорының эпос, ертегі, тұрмыс-салт жырлары т.б. тәрізді жанрлары алғаш рет іштей жіктеліп, олардың өзіндік ерекшеліктері, анықтамалары бірге берілді. А. Байтұрсынов оқулықтағы фольклорды тек мәтін ретінде ғана қолданбаған, сондай-ақ фольклорлық мәтінді өзінің тұжырымына, анықтамасына мысал ретінде алған. Ал, батырлар жырында кездесетін батырлар бейнесін талдауы, жырдың орындалуы, жыршының рөлі т.б. – мұның бәрі А. Байтұрсынов мән беріп зерттеген аспектілер. Қазақ фольклорын оқулық көлемінде алғаш сипаттаған Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» – қазақ фольклортану ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосты.

ХХ ғасырдың 20-шы жылдары белгілі ғалым М. Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (1927 ж.) мен Х. Досмұхамедұлының «Қазақ халық әдебиеті. Қысқаша очерк» (1928 ж.) атты зерттеу еңбектері оқулық сипатында басылғанмен, негізінен, монографиялық еңбектің жүгін арқалаған себепті осы еңбегіміздің кейінгі тараушасында арнайы қарастырылады.

Қазақ ауыз әдебиетін оқулық көлемінде зерттеп, сипаттау жөнінде 1930 жылдары көп жұмыстар атқарылды. Бастауыш пен орта мектептерге арналған бірнеше оқулық, хрестоматиялар баспадан шықты. Мәселен, осы орайда белгілі ғалымдар М. Әуезов, Ә. Қоңыратбаев, Ө. Тұрманжанов, М. Қаратаев, Қ. Бекхожин, Қ. Жұмалиев, Ә. Марғұлан т.б. жазған, құрастырған оқулықтар мен хрестоматияларды атаған жөн [49]. Әрине бұл оқулық атаулы қазақ фольклорының барлық жанрын қамтымайды, дегенмен сол кездің өзінде-ақ оқушыларға фольклор турасында біраз мағлұматтардың берілгені мәлім. Ал, оқулық жазу үшін дайын мәтін көздері қажет десек, ол кезде дайын мәтін көзі ретінде фольклорды пайдалану іске асқаны мәлім. Демек, ел арасынан фольклор үлгілерін жинау, баспа арқылы жариялау т.б. басты іс-шаралардың бірі болғаны анық.

Мәселен, 1941 жылы қазақ ауыз әдебиеті туралы орта мектепке арналған оқу құралы басылды [50]. Бұл оқу құралын құрастырып баспадан шығарған белгілі ғалымдар Қ. Жұмалиев пен Ә. Марғұлан екені белгілі. Дегенмен оқу құралының «Ауыз әдебиеті туралы түсінік» бөлімін М. Бөжеев; «Еңбек кәсіп жайындағы өлең-жырлар» тақырыпшасын Б. Шалабаев; «Жар-жар», «Той бастар», «Айтыс жырлары», «Ертегінің композициясы мен тақырыбы», «Ертегінің композициясы мен стилі», «Ер Төстік», «Аяз би», «Құламерген», ертегілері, «Легендалар» туралы Б. Бисенбин; «Ауыз әдебиетіндегі отан қорғау және патриотизм туралы», «Батырлар жыры», «Лирико-эпос жырлары» туралы Қ. Жұмалиев, ал қалғандарын Ә. Марғұлан жазған.

Ауыз әдебиеті туралы берілген түсінікте, оның ерте заманда жазба әдебиет болмаған кезде туғандығы, фольклордың ауыз әдебиеті деген мағынада қолданатын ағылшын сөзі екені М. Бөжеев тарапынан айтылады. Одан әрі: «Ауыз әдебиеті дегеніміз – жаза-сыза білмейтін кезінде пайда болған халықтық көркем шығарма болады» - делінген анықтамасы да берілген [50,3 б.]. Міне, бұдан біз бұл оқулықта да фольклорды ауыз әдебиеті деп қарастырғанын көреміз. Және де бұған дейінгі А. Байтұрсынов, М. Әуезов, Х. Досмұхамедұлы еңбектерінде ауыз әдебиетінің ғылыми анықтамасы берілмей келгенін ескерсек, бұл сол тұстағы қазақ фольклортану ғылымының жеткен жетістігі болып саналады.

Ал, фольклордың жазба әдебиет шыққаннан кейін де дами беретінін, кейін де халық арасында маңызын жоймайтынын, қоғамның даму сатысына қарай фольклордың да өзгеріп отыратынын дұрыс анықтаған М. Бөжеев пікірі өзінің өміршеңдігімен де бағалы, өзінің құндылығын жойған жоқ.

Халық ауыз әдебиетінің толып жатқан әдебиеттік түрлері бар дей отырып, М. Бөжеев оларды екі үлкен салаға бөледі: бірі – проза жанрына, екіншісі – поэзия жанрына жатады дейді [50, 4 б.] Одан әрі проза жанрына ғалым: ертегілерді, аңыздарды, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, тілек, бата, дұғаларды жатқызады. Ал, поэзия жанрын іштей екі салаға бөледі: бір саласы – әдет-ғұрып істеріне байланысты өлең-жыр десе, екінші саласы – эпикалық және лирикалы өлең-жырлар болады деп ажыратқан. Міне, бұл жіктеме әдебиеттану ғылымы талабы негізінде жасалғаны көрініп тұр.

Сондай-ақ халықтың шығармасында сол халықтың барлық өмірінің шындығы, ойы, талабы, сезімі, жақсы тұрмысқа жету үшін күресі, күші, игі ниеттің түбінде жеңетіндігіне сену тәрізді арманы, мұңы, фольклордың ұжымдық (коллективтік) сипаты т.б. - бәрі оқулық ішінде кеңестік идеология тұрғысынан жазылған. Мәселен: «Хан, билердің, байлардың қорлығынан, зорлығынан құтылуды арман қылған шаруалар қиянатшыл хан, би, бай, манаптарды аузына қарата білетін алғыр, ақылды «Аяз би», «Тазша», «Алдаркөсе» секілді халықтық қаһармандардың образдарын жасайды»,- деген М. Бөжеев пікірі, «тап тартысы» талабының айнасы екені белгілі [50, 7 б.].

Ал, ғалымның: «Жазба әдебиет шықпастан әлде қайда бұрын шығып, көркемдік сананың үлкен сатысына жеткен халық творчествосы жазба әдебиетінің дамуына, ұлы-ұлы көркем шығармалардың жазылуына негіз болады»,- деген пікірі, фольклор мен әдебиет арасындағы байланыстың өте тереңде жатқанына дұрыс назар аудартқанын көрсетеді.

Дегенмен халықтың шығармалардың қалыптасуына исләм дінінің әсері дегенде, оның ұтымды жақтарының дәріптелуі орнына, керісінше, ишандар мен молдалар тарапынан елді қорқыту, үрейлендіру, қуғындау т.б. тәрізді іс-әрекеттер кең етек жайды деп жала жабылуы да болды.

Ал, халық шығармашылығының дұрыс өркендеп дамуына, бостандық алған халықтың барлық шығармашылық ынта, жігерін өсіру, өнерін артыру үшін керекті жағдай мен мүмкіншіліктердің тек Кеңес өкіметі тұсында, тек Ленин мен Сталин арқасында ғана мүмкін болды деп дәріптелуі т.с.с. – бәрі кезең ерекшеліктерін танытады.

Сондай-ақ фольклорда Отан қорғау, отаншылдық сезім кең орын алатыны да, елі үшін, жері үшін айнымай шауып қамал бұзған ұлдарын халық ел ардағы етіп жырлайтыны да оқу құралында сөз болады. Демек екінші дүниежүзілік соғыс кезінде кітап авторларының бұл оқу құралын жазудағы мақсаты: бір жағынан, қазақ халық ауыз әдебиетінің мән-маңызын орта мектеп оқушыларына хабардар етумен қатар, олардың өзіндік бітім-болмысын түсіндіру көзделді. Екінші жағынан, жастар бойында Кеңес өкіметіне деген шексіз махаббат, алғыс сезімін тудыру, қалыптастыру болатын. Осы арқылы ортақ жауға қарсы жастардың бойында Отан қорғау, отаншылдық тәрізді игі қасиеттерді де тәрбиелеу мақсат етілді. Мысал ретінде авторлар фольклор бойында кездесетін батырлықты, ерлікті, отаншылдықты т.б. дәріптейтін қазақтың мақал-мәтелдерінен, батырлар жырларынан т.с.с. үзінділер келтіреді. Ендеше, кітап авторлары фольклордың қоғамдағы халықтың ой-санасын қалыптастырудағы рөлінің ерекше екендігін дұрыс танығанын көрсетеді.

Оқу құралы авторларының жалпы фольклордың барлық жанры туралы жалпы түсінік беруді көздегені көрініп тұр. Мұнда фольклордың: тұрмыс-салт жырлары (жар-жар, сыңсу, беташар, қоштасу, естірту, жоқтау), айтыс түрлері (бәдік, жұмбақ т.б.), ертегілер, легендалар, батырлар жыры, лиро-эпос жырлары, тарихи жырлары төңірегінде жалпы мағлұмат берумен қатар, олардың өзгешелігіне, маңызына, ондағы берілген мәтіндердің тақырыбы, мазмұны, образдары, композициясы, стилі, тілі с.с. бәрі алғаш оқулық көлемінде сипатталып кетеді.



Мәселен, тұрмыс-салт жырлары дегенде, ең алдымен еңбек, кәсіп жайындағы өлең-жырлар деп қазіргі ұстанымдағы жан-жануарлар туралы жырлар қарастырылады. Бұл үлгілердің негізгі тақырыбы малды бағу, мал шаруашылығы, аңшылыққа арналған деп дұрыс ажыратқан. Одан әрі бұл қатарға наурыз жыры жатқызылған. Бұған дейін наурыз жырын М. Әуезов дінмен байланысты өлеңдер тобына жатқызғаны белгілі (Әдебиет тарихы.-Алматы: Ана тілі.-1191.- Б.36). Ал, қазіргі таңда бұл өз алдына жеке ұлыс жыры болып қарастырылып жүр. Ал, оқу құралында кездесетін фольклордың жар-жар, сыңсу, беташар, қоштасу, естірту, жоқтау түрлері – бәрі дерлік бұған дейін шыққан А. Байтұрсынов, М. Әуезов, Х. Досмұхамедұлы еңбектерінде де жан-жақты сипатталғаны мәлім. Негізінен, бұлардың көтерген тақырыбы, мазмұны, берілген мәтін үзінділері әдебиеттану талабы тұрғысынан жазылған. Мәселен, жоқтауға А. Байтұрсынов 1927 жылғы «Әдебиет танытқыш» кітабында мынадай анықтама береді: «Жоқтау өлген кісіні жоқтап сөйлеу. Жоқтау, көбінесе белгілі адамдарға айтылады. Өлген адамның қатыны, я қызы, я келіні зарлы үнмен өлген адамның тірідегі істеген істерін, өлгенінше бастарына түскен қайғы-қасірет, күйіктерін шағып, жылағанда айтатын жыр түріндегі сөз»,- десе (Шығармалары.-Алматы:Жазушы.-1989.- Б.254), ал М.Әуезов 1928 жылғы «Әдебиет тарихы» еңбегінде: «Жоқтау өлеңі көпке бірдей жайылған көп қазақтың қолданған салтынан туатын шер өлеңі», - деп ажыратқан (Әдебиет тарихы.-Алматы:Ана тілі.-1991.-Б.23). Ғалым Х. Досмұхамедұлы өзінің 1928 жылғы «Қазақ халық әдебиеті» баяндамасында: «Жоқтау болса қандай да бір жеке басының немесе қоғам алдында еңбегі сіңген адам қайтыс болған кезде айтылады»,- деп көрсеткен (Аламан. –Алматы: Ана тілі. – 1991.- Б.18). Ал, бұл 1941 жылғы оқу құралында жоқтауға мынадай анықтама беріледі: «Жоқтау лирикалы салт жырдың бір түрі. Бұл жырдың тақырыбы бұрын, көбінесе, өлген адамға арналып, өлген адамды дәріптеп, оны жоқтап айту болатын»,- делінген [50, 24 б.]. Демек бұл еңбектерде белгілі бір үндестіктің, сарындастықтың ізі бар екені айдан анық. Бәрінде дерлік берілген анықтамалары, негізінен, жоқтаудың адам қайтыс болғанда айтылатын жыр үлгісі екендігін дұрыс анықтаған. Дегенмен жоқтау жырының мән-маңызын сипаттауда А. Байтұрсынов өз еңбегінің 1 бетін (жарты бетін мәтін алады), М. Әуезов 5 бетін, Х. Досмұхамедұлы 1 бетін арнаса, оқу құралында жоқтау 3 бет көлемінде талданады. Бұлардағы мәтін саны да, жоқтау үлгілері де бірін-бірі қайталамайды. Мәселен, А. Байтұрсынов еңбегінде тек қана 48 жолдан тұратын «Бөпе төренің қарындасы күйеуі өлгенде жоқтағанын» ғана берсе, бұл М. Әуезов кітабында кездескенмен, тілдік жағынан түрлі өзгерістермен ерекшеленеді. Бірінші нұсқада «азалы», «жүре бердім», «жайқалтып», «қанаты», «мөлтілдеген», «бауырың» т.б. сөздері М. Әуезовте «ызалы», «жүре бер ойым», «жалпайтып», «күнәлі», «мөймілдеген», «баурайы» т.с.с. болып өзгертіліп берілген. Ал, М. Әуезов еңбегінде, сондай-ақ Бұқар жырау, Нарманбет ақын шығарған жоқтау үлгілері де бар. Ғалым Х. Досмұхамедұлы зерттеуінде Нысанбай жыраудың Кенесары Қасымовты жоқтаған өлеңнен үзінділер берілген. Ал, оқу құралында Бозжігітті Қарашаш сұлудың, Балғын қызды, Тәті биді, Едіге батырды, Махамбетті, Исатайды т.б. жоқтауларынан үзінділер келтірілген. Демек 1941 жылғы оқу құралында ұлт-азаттық көтеріліс өкілдері болып табылатын Кенесары, Наурызбай т.б. есімдерінің аталуы, сөз жоқ, сол тұстағы кеңестік идеология әсерінің әлсірегенін танытады.

Айтыс дегенде, оқулық авторлары айтыс жанрының өзгешелігіне, онда көтерілетін әлеуметтік тақырыптың маңыздылығына ерекше тоқталып өтеді.

«Ертегілер» тарауында ертегі туралы жалпы түсінік беріледі. Оның анықтамасы: «Ертедегі адамның тәтті қиялынан туып, халық аузында қара сөзбен айтылған, ауыз әдебиетінің бір саласы»,- деп дұрыс көрсетілген [50, 35 б.]. Мұнда «ертегі» деген сөз ескі заманда шығып, халық аузында салт болған әдебиеттің бір түрі деп, әдебиеттану тұрғысынан қарастырылады. Ертегілер нақты іштей жіктелмейді, дегенмен, қазақ халқының ертегілерінде, әсіресе, мал мен аң көрнекі орын алады, сондай-ақ халыққа көп тараған тұрмыс-салт ертегілері де бар деген дұрыс пікірлер орын алған. Дегенмен олардың әрқайсының анықтамалары берілмеген. Негізінен, ертегілер, көбінесе мазмұн, тақырып жағынан талдауға түсіп отырған. Ертегілердің образдары да қарастырылады: «Ер Төстік алып бейнесінде суреттеледі. Ол қайратты, батыр, қорықпайды, қандай жаумен болса да алыса кетсе алып ұрады»,- деген тәрізді [50, 40 б.]. Кітапта аңыздарға тіпті аз орын берілген. Тек олар туралы қысқаша түсінік қана бар. Ал, кітаптың қомақты жері батырлар жыры, лиро-эпос жырлары мен тарихи жырларға арналған. Эпостық жырларды бұлай жіктеп қарастыру үлгісі бұған дейін болмағанын ескеруіміз қажет.

Кітаптың бұл тарауларын белгілі ғалым Қ. Жұмалиев жазды. Мұнда жалпы жырларға тән көп нұсқалылықтың себебі де дұрыс ажыратылған: «Жыршылар өздерінің жаттап алуына қарай, ақындық күшіне, дүние танушылығына, ой-өрісіне қарай, кей жырларға өзінше өзгерістер кіргізген де кездері болған. Жырлардың бірнеше варианттары болуының, оның шешулерінің де әр түрлі болып шығуының бір себебі осы айтушылармен байланысты», - делінген [50,52 б.].

Сондай-ақ ғалым батырлар жырын поэма ұғымында қарастыра отырып, олардың бірден үлкен поэмаға айналмағанын, бірте-бірте әр батырдың әр кездеге төтенше қайрат, асқан ерлік, елі үшін жасаған зор еңбектерін дәріптеп жырлаған жеке өлеңдердің қосындысы есепті қарастырғанын көреміз. Одан әрі батырлар жырының бәрі де қазақ халқының өмірімен байланысын белгілі тарихи кезеңдермен ұштасып жататыны, онда елін, жерін, отанын жаулардан қорғаған ел азаматтары суреттелетіні сөз болады. Және де батырлар жыры, әуелде осындай ерлік қасиеттерімен көзге түскен тарихта шын болған адамдар жөнінде айтылып, кейіннен халықтың ұлы арманының символы болып, аңыздық образға айналып отыратыны дұрыс көрсетілген. Сондай-ақ батырлар жырының өзіндік ерекшеліктеріне де баса назар аударылған. Мысалы, Құдайдан тілеген жалғыз бала болуы, асқан күштің иесі болып, 4-5 жасында-ақ жауға аттануы, өзіне серік әйелі мен аты болатыны, жасынан-ақ ел қамын, жұрт пайдасын ойлайтындығы т.б. – бәрі тек қазақ халқының ғана емес, басқа да елдің батырлар жырына тән ерекшелік екенін ғалым Қ. Жұмалиев дұрыс атап көрсеткен. Батырлар жырының эпостық жанрға жататын себептерін түсіндірген ғалым пікірлері әлі де өз маңызын жойған жоқ.

Эпос жанрына батырлар жырын жатқызудың себептерін ғалым Қ. Жұмалиев әдебиеттану талабы тұрғысынан дұрыс түсіндірген: «Батырлар жыры - эпостық жанрға жатады. Шығармада қатысушы адамдардың іс-әрекетін, амал-ерліктерін, олардың өзара қарым-қатынастарының қалпын сақтап баяндау, ақынның өз көзқарасымен, күйініш, сүйінішінің айқындалмауы, бір қарағанда ақын оқиғаға да, геройға да сырттан шолушы адам ретінде болып көрушілік, оқиғаға сәл нәрседен басталып, қашан біткенге шейін тарам-тарам болып өсе берушілік – жалпы эпостық жанрға тән нәрсе. Бұл бір. Екінші, эпостық шығарма сюжеті оқиғаға құрылады. Оқиғаға қатысушы адамдардың өзара қарым-қатынастары суреттеледі, әр түрлі адам образдары, автордың көзқарасынша, жақсы, жаман жақтары қабат көрсетіліп, бір бүтін тұлға есебінде суреттеледі», - делінген [50, 53 б.].

Жалпы мұнда батырлар жырынан «Қобыланды», «Алпамыс», «Едіге» жырлары талданады. Бұлардың көркемдігі мен тілі, образдар жүйесі, композициялық құрылысы т.б. – бәрі де әдебиеттану талабы тұрғысынан қарастырылады. Бұл өзгешеліктер, негізінен, сол тұстағы ғалымдардың фольклорды көркем әдебиеттің бір саласы деп қарастырғанынан туындаған. Мәселен, Қобыланды бейнесі былай талданады: «Батыр бұл жерде үлкен аңғалдық жасайды. Алды-артын ойламай Құртқаны шауып тастай жаздайды. Батыр кейін ғана өзінің оғаш кеткенін біліп, кешілмес күнә жасадым деп, өзін-өзі шенейді»,- деп келеді [50, 68 б.].

Ал, мәтіндердің тілі қарастырылғанда, ондағы жыр өлшеміне, буын санына, үлгіде кездесетін дәстүрлі теңеу, эпитет, метафора т.б. түрлеріне де ерекше көңіл бөлінген.

Жалпы оқу құралында, бір жағынан, асқан көркемдікпен жасалған батырлар жырын оқыту арқылы жастар өз елінің өмірінен тарихи мәліметтер алатынын ескерсе, екінші жағынан, осы арқылы олардың да бойында отанын сүйетін, айла, амал және жаудан сескенбейтін ерліктерін өздеріне үлгі етіп, отанын қорғау жолында өздері де солар тәрізді даңқты батыр болуға итермелейтін қасиеттерін тәрбиелеуді мақсат еткенін көреміз.

Қаһармандық эпостардың тақырыбы ерлік, ел қорғау, өз отаны, өз елі үшін шет жерлермен күресу десе, лиро-эпос жырларының негізгі тақырыбы сүйіспеншілік екені дұрыс ажыратылған. Одан әрі бұл жанрға «Қозы Көрпеш», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» жырлары жатқызылып, олардың варианттары, негізгі бейнелері, тілі мен композициясы, мазмұны сипатталады.

Оқу құралының соңы тарихи жырларға берілген сипаттама, талдаулармен аяқталады. Мұнда да тарихи жырдың анықтамасы бар: «Есет, Бекет бастаған халық көтерілісінің бір көрінісі боп, «Бекет батыр» жыры, Кенесары, Наурызбай бастаған халық көтерілісінің бір салпыншағы боп «Қаншайым» т.б. жырлар пайда болды. Міне, бұлар тарихи оқиғалармен нық байланысты. Жырдағы суреттелетін персонаждардың бәрі болмаса да көпшілігі сол тарихи оқиғаға шын қатысқан, тарихта болған адамдар жайлы поэма-жырлар тарихи жырлар боп саналады»,- деп дұрыс көрсетілген [50,122 б.] Сондай-ақ ғалым Қ. Жұмалиевтің: «Олардың жырда суреттелетін күрес-тартыстары да негізінде рас. Бірақ, тарихи жырларды тарих деп ұғуға да болмайды. Тарих әр түрлі нақтылы материалға құрылса, тарихи жыр, поэмалар сол тарихи мәліметке сүйене отырып жасаған ақынның қиял дүниесінің жемісі болып есептеледі», - деуінен-ақ, сол кездің өзінде-ақ көркем шындық пен тарихи шындықтың арасы дұрыс ажыратылғаны анықталады [50, 122 б.].

Одан әрі әдебиеттану ғылымы талабымен тарихи жырлар қатарында «Орақ-Мамай», «Қарсай, Қазы», «Қаншайым», «Бекет батыр» үлгілері талданады.

Түйіп айтқанда, бұл еңбек ХХ ғасырдың алғашқы жартысында орта мектепке арналған, қазақ фольклоры туралы толыққанды ақпарат берген тұңғыш оқу құралы болды. Дегенмен фольклордың ұсақ жанрлары: мақал-мәтел, жаңылтпаш, жұмбақ т.б. түрлері бұл оқу құралына енбей қалған. Жалпы мұнда ауыз әдебиеті туралы түсінік берумен қатар, оның көп нұсқалылығы, ішкі түрлері, анықтамалары, кейбір жанрлық ерекшеліктері, өзіндік даму кезеңдері, ондағы заман көріністері, көркем шындық пен тарихи шындықтың арақатынастары, образдар жүйесі, мазмұны мен пішіні, композициясы мен тілі т.с.с.- бәрі де белгілі дәрежеде фольклортану ғылымының жеткен жетістігі болып табылады. Негізінен, оқу құралында берілген мәтіндер, көбінесе әдебиеттану ғылымы талабына сай талданған.

Бұл кезеңде тек оқу құралдары ғана шығып қойған жоқ. Сондай-ақ оқу хрестоматиялары да басылым көрді. Мәселен, 1924 жылы Ташкентте Ә. Диваев жинаған әдебиет түрлерінен құрастырылған «Тарту» атты оқу кітабы басылды (Тарту. Әбубәкір Диваев жинаған әдебиет түрлерінен тізілген оқу кітабы. Тізуші – Мағжан Жұмабайұлы. -Ташкент. 1924.-216 б.) Бұл хрестоматияны құрастырып, Ә. Диваев туралы 3 бет және 1 бет алғысөз жазған белгілі қазақ ақыны Мағжан Жұмабайұлы еді. Жинақта Ә. Диваев жинаған фольклор үлгілері ішінде: тұрмыс-салт жырлары (бет ашар, жар-жар, жарамазан, жоқтау, көңіл айту, бақсы сарыны, бәдік, т.б.), көбінесе қазақ ертегілері (30 ертегі бар), сондай-ақ мақалдар, жұмбақтар алынған. «Әбубәкір ақсақал Диваев» атты кіріспеде М. Жұмабаев ғалымның өмірбаянын, атқарған қызметтерін, әсіресе қазақ фольклортану ғылымы саласындағы еңбектерін қысқаша саралап өткен: «Әбубәкір ақсақалдың еңбегі бір адамның өміріне татырлық. Әбубәкір ақсақал қырық жыл бойына қазақ-қырғыз елінің ауыз әдебиетін, жол-жорасын жинаған. Елдің елдігін сақтайтын әдебиеті, тарихы, жол-жорасы. Қазақ-қырғыз елінің ел болуын тілеген Әбубәкірдің әдебиеті, жол-жора жинау жолына кіруінің мәнісі осы»,- деген (4 бет).

Ал, «Тарту туралы» алғысөзде М. Жұмабаев бұл оқулықтың Ә. Диваевтың қырық жылдық еңбек тойына арналғандығын ескертеді. Мәселен: «Ауыз әдебиет һәм этнография көзінен қарағанда «Тартудың» әжептәуір бағалы болуына күмән қылмаймыз. Бірақ «Тартуға» таза мектеп балаларының оқу кітабы деп қарау керек еді. Алайда мұғалім сайлай білсе, бастауыш мектептің соңғы сыныптарына, әсіресе, әдебиет теориясы оқылатын орта медреселерге һәм жалпы оқи білетін азаматқа «Тартудың» бірталай пайдасы тиер деп сенеміз», - деген автор ой-пікірінен (6 бет), біз хрестоматияның оқу-ағарту мақсатта жазылғанын, және кімге, қай сынып балаларына арналғанын да білеміз. Демек бұл оқу кітабының фольклортану, этнография ғылым салаларына да бағалы дерек көзі боларын Мағжан Жұмабайұлы жақсы түсінген.

Сондай-ақ, М. Әуезовтің орта мектептің 6-класына арналған «Әдебиет хрестоматиясы» 1937 және 1938 жылдары екі дүркін жеке кітап болып басылған [51]. Бұл екі басылымның арасында айырмашылық бар. Екі хрестоматия ішіне белгілі қазақ-орыс ақын-жазушылары Махамбет, Абай, Сұлтанмахмұт, Сәбит Дөнентаевпен бірге Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Некрасов, Шевченко турасында кішігірім мақала түріндегі сипаттамалары енген. Сонымен бірге бұл хрестоматияларда қазақ фольклорына қатысты ой-пікірлер де қамтылған. Егер алғашында, яғни 1937 жылғы хрестоматияда, бар-жоғы 4 мәтін төңірегінде ғалым пікірі берілсе («Қамбар жырының қысқаша мазмұны», «Алдаркөсе», «Жиренше шешен», «Қожанасыр»), ал, кейінгі 1938 жылғы хрестоматияға тағы да үш нұсқа турасындағы пікірлері қосылып, бар-жоғы 7 сипаттама енген («Қырық өтіріктің мағынасы», «Қамбар жырының мағынасы мен түр ерекшеліктері», «Қобыландының Тайбурылы туралы»). Мәселен, зерттеуші М. Әуезов «Алдаркөсе», «Жиренше шешен», «Қожанасыр» туралы ертегілерді әңгіме ретінде қарастырған [52].

Мұнда ғалым М. Әуезов фольклор ұғымына мынадай анықтама береді: «Фольклор деп – халық әдебиетінің ішіндегі ертегі, мақал, мәтел, жұмбақ, тақпақ және неше алуан салтқа байланысты жар-жар, беташар, жоқтау, естірту, қоштасу сияқты жырларды айтады»,- дейді [52, 92 б.]. Демек, ғалым фольклорды халық әдебиеті деп дұрыс анықтаған және оның ішкі жанрларын шамасынша дұрыс ажыратқан. Бұл атаулардың қазірде де қолданыста болуы – жас ғалым М. Әуезов қолданысындағы терминдердің өміршеңдігін көрсетеді. Одан әрі зерттеуші фольклордың авторы халықтың өзі екенін, фольклор атаулының барлығы әрбір елдің көркем әдебиетіне үлкен ірге, мол қазына есепті болатынын сөз етеді. Және көп ірі шығармалардың фольклордың тілімен, көрікті кестесімен, мазмұн, түр ерекшелігімен тығыз байланысты екенін ескертеді. Осы арқылы ғалым Мұхтар Әуезов сол кездің өзінде фольклордың көркем әдебиетпен байланысатын жіктерін ашып көрсетіп отыр. Ал, М. Әуезовтің: «Дәуірден –дәуір, заманнан-заман өткен сайын алғашқы шыққан заманы, тудырған ортасы да көмескілене береді. Бірақ қай фольклор түрі болса да бертінде көпке жайылып, көп аузына ілініп кеткенмен, өзінің негізгі мазмұны бойынша белгілі бір қоғамдық, таптық ортаның салт-санасынан туған болады»,- деген пікірінде [52, 92-93 б.], фольклорды зерттегенде тарихи принцип әдісін қолданудың себептері біршама ашылған. Мәселен, «Алдаркөсе» ертегісін талдау барысында ғалым Алдаркөсе бейнесінің өмірде болғандығына қатысты (туған заманын, туысы, өмірбаяны туралы) деректердің жоқ екендігін ескертеді. Ал, ғалымның: «Ел қиялы Алдаркөсенің басына есепсіз көп, шексіз кең оқиға, әңгімелердің бәрін жамай, құрай берген. Алдаркөсенің аты сондықтан жеке дара ат емес, мысал сөз түрінде жаппай ат (нарицательный ат) болып кеткен»,- деген ойлары [52, 92 б.], фольклорлық бейне бойында халықтың ой-арманы жинақталып берілетініне назар аудартуымен бағалы. Бұл жәйіттің фольклорда тұтастану құбылысы деп аталатыны белгілі. Ғалым «Алдаркөсе» ертегісінде халықтың өткір, алғырлықты, сыншыл, ақылды бағалайтынын, дәріптейтінін танытумен қатар, адам бойындағы аңқаулық, аңғарттықты мазақ етенін де көрсетеді. Демек ғалым Мұхтар Әуезов фольклорлық бейнелерді әдеби образ деп талдағанда, үлгінің тәрбиелік қызметіне назар аударып отырған. Ал, «Жиренше» үлгісін талдау арқылы ғалым шешендікті, шапшаңдықты, тапқырлықты адам бойындағы арамдыққа, зорлықшылдыққа қарсы құрал етіп қолдануды мақсат еткені байқалады. Дегенмен бұл үлгілердің көркемдік ерекшеліктері хрестоматияда сөз болмайды.

Жалпы, хрестоматияға кірген фольклорлық шығармалардың әрі фольклортану, әрі әдебиеттану тұрғысынан жан-жақты талдауға түсуі сәтті шыққан. Сонымен қатар мұның бәрі баланың жас ерекшелігіне сай қарапайым тілмен түсіндірілген. Талдауға түскен халықтық шығармалардың тарихи принцип негізінде қарастырылуы да, сөз жоқ, хрестоматияның маңызын арттырады.

Қорыта айтқанда, ХХ ғасырдың алғашқы жартысында ағартушылық мақсатта басылым көрген бұл оқулықтар, хрестоматиялар қазақ фольклоры тарихын жасаудағы тұңғыш еңбектер екені сөзсіз. Кеңес өкіметі тұсында жаңадан ашылған оқу орындарында қазақ тілі мен әдебиеті пәні тұңғыш рет оқыла бастауы, осы оқулықтарға деген мұқтаждықты күшейткені анық. Бұларда қазақ фольклорының барлық дерлік жанрлары (эпос, ертегі, тұрмыс-салт жырлары т.б.) қамтылып, олардың әрқайсысының анықтамалары, ерекшеліктері әрі фольклортану, әрі әдебиеттану талаптары тұрғысынан талдауға түсті. Талдау барысында зерттеудің тарихи-типологиялық әдісі қолданылуы, сол тұстағы қазақ фольклортану ғылымының жеткен жетістігі. Мұндағы берілген халықтық шығармаларды сол кездегі ғалымдар өздерінің тұжырымына, анықтамаларына дәлел ретінде дұрыс қолданып отырған. Негізінен, бұл оқу кітаптарында ғалымдар мән беріп зерттеген негізгі аспектілері фольклорлық бейне, жырдың орындалуы, жыршының рөлі т.б. төңірегінде болды.
3 Ғылыми және ғылыми-көпшілік зерттеулер


Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> Екінші кітап
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет