Компаративистік әдіс. Диалог, «өзінікі мен өзгенікі», рецепция, «қарсы ағыс», генезис, типология, интермәтін, палимсест сияқты ұғым-түсініктерге сүйенетін компаративистикалық ілім салыстыру мен салғастыруды «өзінікі» мен «өзгенің» арасындағы «теңдік» пен «ерекшелікті» анықтаудан бастайды. Шығармашылық еңбекте «салыстыру» қағидатын қолдану ауыспалы мағыналарға көп назар аударуға жетелейді. Өнер түрлерінің арасындағы диалогті зерттеудің де берері көп. Компаративистік көзқарастың бір ерекшелігі ол әдеби коммуникацияның кез келген бөлігін жеке тексере алады.
Қазіргі заманға компаративистиканың жетекші идеяларының қатарына әсер ету мен қабылдаудың құндылығының теңгермелілігі жатқызылып жүр. «Ықпал ету» теориясын негізге алған зерттеулер нәтижелі бола бермейді, өйткені ол үнемі жүріп жататын үдеріс болғандықтан адресат пен рецепиенттік қарым-қатынасын бөліп алып қарастыру өте қиын. «Әсер ету», «ықпал ету» деген түсініктерден гөрі екі жаққа ортақ «әдеби байланыстар» деген терминді қолдануды жақтайтындар көбейіп келе жатыр.
Әсер ету рецепиенттің көркем ойлауын өзгертеді екен, бірақ диалог барысында автор да басқа сипатқа ауысады, сөйтіп көркем мәтіннің бұрын байқалмаған жаңа қырлары ашылады. Әсер етудің сыртқы фактордың ішкі факторға өтуі жиі байқалады. Мәтінің қайта жаңғыруы, жарақталуы аударма барысында көп кездесуде. Қазақ авторларының шығмаларының басқа тілге аударылған нұсқаларын салыстыра тексеру арқылы ұлттық әдебиеттің концептілерін нақтылауға мүмкіндік бар.
Компаративистер екі көркем мәтінді салыстыра зерттеу кезінде алдымен олардың жанрлық сипаттарын, баяндау тәсілдерін, тақырыптарын, мотивтерін есепке алуды ұсынады. Әрі қарай стиль мен әдеби тіл мәселесіне көшу қажеттігін айтады. Мәтінаралық байланыстарды анықтау жұмысы эллюзия, пародия, цитация, вариация, коллаж, монтаж, пастиш, филиация, реминсценация сияқты құбылыстарды қарастыру арқылы жүргізіледі. Автордың бұл түсініктерді өзінше қорытуы, ыңғайлауы, бейімдеуіне компаративистика баса назар аударады.
салыстырмалы әдебиеттану ғылымының отаны Францияда бұл зерттеу тәсілі, әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қауырт бел алып, қысқа мерзім ішінде әлемнің әдебиеттану, мәдениеттану ғылымына ғылыми зерттеудің негізгі тәсілдерінің бірі ретінде орныққаны белгілі. Алайда, салыстырмалы әдебиеттану о баста Францияда екі әдебиеттегі немесе екі қаламгер шығармашылығындағы тек нақтылы аргументтерді (оқиға, сюжет желісі, образдар, сөз кестесі, ой өрнегі т.с.с.), ондағы өзара ұқсастықтарды салыстыра қарастырып, оның тарихи, әлеуметтік себеп-салдарын, кім кімнің ықпал-әсеріне ұшырады деген мәселені ашуды ғана мақсұттайтын. Яғни, өзара ықпал-әсері болмаған әдебиеттерді, өзара ұқсас материалдық аргументтері жоқ шығармаларды салыстыру объектісі етпейтін. Бұл принциптің басты өкілі Павл Ван Тигменнің «Салыстырмалы әдебиеттану туралы» (1931ж.) деп аталатын еңбегі ұзақ жылдар бойына әлем оқырмандарының негізгі оқулығы болып келді [2,14]. Салыстырмалы әдебиеттану ғылымының «пареллель зерттеу» деп аталатын тармағының қалай өмірге келгенін білу үшін, мына бір дерекке назар аудару керек секілді. 1954 жылы Парижде «Халықаралық салыстырмалы әдебиеттану қоғамы» қоғамы (²CLA) құрылған болса, сол жылы Франция мен Жапонияда, 1960 жылы АҚШ-та, 1968 жылы Германияда, 1969 жылы Канада мен Флиппинде, 1971 жылы Венгрияда, 1985 жылы Қытайда салыстырмалы әдебиеттану қоғамдары құрылып, өнімді түрде жұмыс істей бастады. 1955 жылы Венецияда ²CLA-ның тұңғыш құрылтайы өтті. Оған дүниежүзінің көптеген елдерінен салыстырмалы әдебиеттанушы ғалымдар шақырылып, алғаш рет өзара ой-пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Ал, екінші құрылтай 1958 жылы АҚШ-та шақырылып, оған әлемнің 43 елінен маман қатысты. Дәл осы құрылтайда АҚШ-тың Рене Вэллек, М.Блок бастаған ғалымдары салыстырмалы әдебиеттану ғылымының сипаты мен міндетіне жаңаша анықтама берді. Сөйтіп олар аталған ғылымның франциялық «ағымына» – яғни нақтылы фактілерді (rapports de facts) салыстырумен ғана шектелуге үзілді-кесілді тойтарыс берді. Әсіресе Рене Вэллектің: «Шын мәніндегі әдебиет зерттеу ісі тек өлі фактілерге (³nert fakts) ғана назар аударумен шектелмей, есесіне ондағы құндылықтар мен сыр-сипатқа көбірек көңіл бөлу керек. Тарихи зерделеу тәсілінің бір кемшілігі – ол, әдеби зерттеуді тек 'нақтылы байланыстармен' (factural relat³ons) ғана айналысатын деңгейге түсіріп, әдебиеттің өз бойындағы эстетикалық құндылықтар мен әлеуметтік сыр-сипатты бір жаққа сырып қойды. Осылайша салыстырмалы әдебиеттану ғылымы өзінің басты нысанасынан айырылды. Өйткені, әдеби шығарма тек бастамалар мен ықпалдардың ғана жиынтығы емес. Оған өзінше бүтін бітім ретінде қарау керек... Бізше болғанда, салыстырмалы әдебиеттануды лингвистикаға айналдырмай, оның әдебиеттік сипатын тұғыр ете отырып, әдебиеттің адам баласының ең қымбат құндылықтарын сақтаушы әрі жаратушы екендігін басты назарда ұстауға тиіспіз» [2,17], – деген сөзінен кейін әлемдік салыстырмалы әдебиеттану ғылымына жаңа өріс ашылды. Осылайша, тура осы құрылтайдан бастап, салыстырмалы әдебиеттану ғылымы мынадай негізгі үш салаға жіктелді. Бірінші: нақтылы байланыстарды зерттеу ағымы немесе ықпалдастық теориясы. Екінші: эстетикалық құндылық ағымы немесе пареллель зерттеу теориясы. Үшінші: Әдебиеттің өзге ғылымдармен қатысын зерттеу ағымы немесе пәнаралық байланыстар (³nterd³sc³pl³nary) теориясы [2,17]. Сөз болып отырған кезеңнен бастап АҚШ салыстырмалы әдебиеттану ғылымының негізгі орталығы болумен бірге, салыстырмалы әдебиеттанудың «параллель зерттеу» деп аталатын бағытының отанына да айналды. Параллель зерттеу, – аты айтып тұрғандай, екі әдебиетті, екі мәдениетті қатар алып қарастыратын, жалпы ғылыми зерттеу жұмысындағы орныққан, іргелі әдіс-тәсілдердің бірі. Ал, әдебиетте салыстырмалы әдебиеттану ғылымының бір тармағы ретінде, әлемдік әдебиеттану ғылымында зерттеудің бір түрлі тәсілі ретінде ертеден орныққан ғылыми әдіс.
Қазіргі эстетикалық ой жүйесінде постмодернизм әдісі кеңінен талданып, сөз болып жүр. Әрине, оны әдіске жатқызамыз ба, жоқ па, ол да әлі күнге шейін шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі. Соңғы жылдары жарық көрген ғылыми әдебиеттерде постмодернизм бірде идеология, кейде өнердегі ағым, енді бірде өнердегі әдіс, кейде тіпті дәуір, кезең ретінде де қарастырылып жүр. Философиялық сөздікте «постмодернизм – жаңа тарихи жағдайларға байланысты өзінің алдындағы модернизм идеологиясын реттеуге, түзеуге бағытталған ХХ ғасырдың екінші жартысында пайда болған көркемдік және мәдени идеология» деген анықтама берілген. Мұның мәнісі, екінші дүние жүзілік соғыстан кейін модернистік бағытты әлеуметтік, саяси және эстетикалық жағынан тоталитаризм мен басқыншылық, зорлықшыл идеяларға қатысы бар, сол тоталитаризм мен билікшіл топтың сойылын соғады деп айыптады. 19 Постмодернизм деген сөздің шығу тегі латынша «post» «соңғы», «кейінгі» және французша «modern» «жаңа», «қазіргі», «үлгілі» деген сөздердің бірігуінен пайда болған. 1947 жылы әлемге аты танымал тарихшы және философ Арнольд Тойнби: «Постмодернизм дін мен мәдениетке батыстың үстемдігінің аяқталғанын тұспалдайды», – деп мәдениеттану тарапынан өзіндік баға берген болатын. Ал 1971 жылы әдебиеттануға постмодернизм терминін алғаш енгізген америка ғалымы Ихаб Хассан болды. Негізгі постмодернизмнің пайда болған жері де Америка болып саналады. Ол алғаш рет постмодернизмнің өнердегі жалпы сипатына шолу жасап, талдап, жіктеп көрсетті. 1979 жылы жарық көрген француз ғалымы Ж.Ф.Лиотардың «Постмодернистік ахуал» деген еңбегінде постмодернизмнің пайда болуы мен негізгі белгілерінің алғышарттары жан-жақты қарастырылды. Постмодернизмнің пайда болуы туралы екітүрлі көзқарас бар. Біріншілері ХХ ғасырдың екінші жартысында мәдениет пен өркениеттің құлдырауына байланысты дүниеге келген тарихи құбылыс деп есептесе, екіншілері транстарихи құбылыс, яки әрбір мәдени дағдарыс кезеңдерінде қайталанып отыратын жағдай деп түсіндіреді. Белгілі жазушы Умберто Эко өзінің бір еңбегінде әр дәуірдің өз постмодернизмі бар деп жазған болатын. Кез келген дәуір кезі келгенде бәрібір дағдарысқа ұшырайды. Өткен етектен тартып, күш көрсетіп, қанша жерден бопсаласа да тарихи авангард одан құтылғысы келеді, образсыздыққа шейін жеткізеді. Бірақ бәрінің де шегі бар. Шегіне жеткенде авангардтың да одан әрі барар жері, асар асуы қалмайды. Сонда оны постмодернизм ауыстырады. Егер өткеннің бәрін қиратып жою мүмкін болмаса, онда қайта таразылап, қарастыру керек болады. Ешқайда жалтақтамай, ирониямен елеп, екшеу керек. Әрине, қазіргі мәдениет пен өнердегі Умбертоның орны да беделі де ерекше, бірақ ТМД елдері әдебиеттануында постмодернизмді тарихи құбылыс ретінде қабылдау басымдыққа ие болып отыр. Сонымен, постмодернизм модернизмге балама идеология іздеуден туды деуге болады. Бұл, негізінен, өнерде жаңа образдар, жаңа материалдар мен құралдар іздеуден көрінеді. 20 ХХ ғасырдың 60-70-жылдары айқын байқалған құбылыстарға минимализм мен концептуалды өнердің дамуын жатқызамыз. Ал 70-жылдары өнердегі әлеуметтік бағыттың ерекше белең алып дами бастағанын байқаған болсақ, 70- жылдардың ортасына қарай өнердегі феминизм мен этникалық шағын халықтар және әлеуметтік топтардың белсенділігінің күшейгенін аңғарамыз. 80-жылдардан бастап арт-процеске жаңа технологияның дамуы айтарлықтай ықпал ете бастады. Аудио, видео және интернет жүйесі суреткерлердің өрісін кеңейтті, жаңа техникалық құралдарды пайдалану олардың мүмкіндіктерін арттырды. Постмодернизм өнерге эклектиканы, тарихи дәйектемелер (цитат) мен бұқаралық мәдениет элементтерін қосу арқылы модернизмді жұмсартуды өзінің міндеті санайды. Ой модернистік талаптардың түпнұсқаға жақындығын (оригинальность) сынайды, постмодернистер өнерде табиғаттан тыс жаңа бір нәрсені жасау мүмкін емес дегенді үзінділер келтіру, интертекстуалдық (дәйектер мен ишаралар) және аппроприация (өзге тілді және өзге образдарды меншіктеп пайдалану) арқылы жеткізуді ұсынады. Постмодернистердің бұрыннан қалыптасқан мәдени ұғымдарға қарсы қоятын өз баламалары бар: адам – мына дүниедегі тіршілік иелері сияқты қарапайым тіршілік иелерінің бірі ғана, оны басқалардан артық жаратылған деп дәріптеу бос сөз; адам дүниені (әлемді) өзгертуші емес; әлем барлық тіршілік иесі үшін ортақ және шартты; ақиқат плюралистенген. Постмодернистер әлемді синергетика заңы бойынша дамиды деп есептейді. Дүние ешкімге де бағынбайды, алда не күтіп тұрғанын да ешкім болжай алмақ емес. Біздің дүниені қабылдауымыз үзік-үзік және қиялға негізделген. Олар мемлекеттік құрылым принциптерінің демократиялық сипатта болуын және әлемнің тезірек жаһандануын қалайды. Постмодернизм тек қана Батыс Еуропа немесе Америка елдеріне ғана тән ағым дей алмаймыз. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде қоғамдық санадағы құбылыстың бір елмен шектеліп қала алмайтыны да түсінікті жайт. Сондықтан да аталған ағымның өнердегі өкілдерін өзіміздің қазақ арасынан да көптеп кездестіруге 21 болады. Әдебиетімізде жақсы танылып қалған Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс шығармаларындағы ұлттық құндылықтармен үндеспей жататын кейбір сарындар мен формалық ерекшеліктер соның көрінісі. Оны заман ыңғайына қарай туындаған, жаңа бастамалар мен жаңа идеяларды танытуды мақсат ететін бұрыннан қалыптасқан өмір туралы философиялық ойларды қайта саралап, кейбір тұжырым пікірлерді теріске шығарушы жалпы өнер атаулыға тән сипат деп те қарастыруға болады. Әрине, қашан да болса жаңалық атаулы халық санасына бірден сіңіп, кірігіп кете қоймайды. Постмодернизмнің де ежелден келе жатқан ұлттық дәстүр мен ұлттық санаға қайшы тұстары жеткілікті. Сондықтан да көбінесе аталған ағымды қабылдау кей кездері дәстүрлі мәдениеттанушылар мен ғалымдар тарапынан мансұқталып, кедергіге ұшырап жатады.
Әдебиеттегі жанрларды тегі мен түріне қарап лирикалық, эпостық және драма жанрлар деп бөлеміз. Әлемдік әдебиетте лирикалық жанрларға: элегия, эпиграмма, эпитафия, ода, идилла, сонет, рондо, мадригал, ғазел, хокку, танка, баллада, памфлет, романс, өлең, терме, толғау, т.б. жатқызады. Адамның көңіл-күйі, ой мен сезімнің үндесуі лирикалық жанрлардың басты ерекшеліктері болып табылады.
Деректі прозада сюжеттік желі тек нақты оқиғаларға құрылады. Оның қатарына көрнекті адамдардың өмірбаяндары, оқиғалар тарихы, аймақтық суреттемелер, атышулы қылмыстарды тергеу кіреді. Шығарма куәгерлердің естеліктері мен құжаттарға құрылады. Автордың естеліктері де пайдаланылады. Сонымен қатар автордың көзқарасы материалды таңдау мен құрылымдауда, оқиғаларды бағалауда көрінеді (Тесля, 2012). Деректі прозада публицистикалық стиль кеңінен қолданылады. Журналистикадан (репортаж, очерк) деректі проза сипатталған оқиғалардың үлкен уақыт кезеңінде өтуімен және үлкен көлемімен айрықшаланады. Туынды ғылыми және тарихи зерттеулерден оқиғаның жарқын да жанды бейнесін, адамдардың психологиялық келбетін жасауымен ерекшеленеді