Иесі би Темірдің тұсында
Бұлтқа жете жазды бұ мүйіз,
Иесі би Темірден соңыратын
Тұқылдықтан тарсылдап,
Үзілер болғай сол мүйіз”,-
дейді жырау өзінің Темірге арнай айтқан толғауларының бірінде.
Едігенің немересі Тенсібайдан туған Темір би – батыс тарихшыларына да белгілі адам. Анонимді “Шейбани-намадан” оның Астраханьды билеген Қасым сұлтанның іргелі бектерінің бірі эмир – эль – умера, яғни әскербасы болғанын көреміз.
Қасым сұлтан маңызды мәселелердің бәрін Темірмен кеңесін қана шешеді екен. Темір 1480 жылы Уграда болған, 1485 жылы Қырымды шауып, мол олжамен оралады. Өмірінің соңғы кезеңінде Темір – Москваның одақтасы. Оның өз дәуіріндегі тарихи оқиғаларда қандай роль атқарғандығы сол кездегі орыс жылнамаларынан айқын аңғарылады.
Шалкиіз мұрасынан біздің заманымызға жеткені – 600 жол шамасында. Бұл басыр шайыр Рудаки шығарған әлденеше жүз мың шумақ өлеңнің бір мың жолдайы ғана сақталғаны сияқты құбылыс.
Алайда Шалкиіздің әдебиетіміздің тарихынан құрметті орын алуы үшін ғасырлар бәйгесінен келген осы санаулы шумақтардың өзі–ақ жеткілікті.
Қолда бар жырлар бұдан төрт ғасырдан астам бұрын жасаған жырау поэзиясының бағыты, тақырыбы, сыр–сипаты жайында толық түсінік бере алады.
Шалкиіз – жырау, жырау болғанда өлеңмен не қарасөзбен сөйлеу бір қисап, аузын ашса болды көмекейінен күмбірлеген жыр төгіле берген жыраудың классикалық үлгісі.
Дүниеде ненің болсын шегі бар, импровизациясының аты–импровизация. Ақын қанша құдіретті болғанмен алдын ала дайындықсыз, суырып салып айтылған өлеңде мін болмай тұрмайды; бұл сөз алдымен шығарманың көркемдігіне, содан соң ойлылығына қатысты. Импровизация гүлденген орта ғасырлық Арабстан ақындарының өзі экспромтпен айтылған жырларын артынан жөндеп, өңдеп отырған.
Шалкиізге дейінгі жыраулық поэзия қандай күйде болды – біздің бұл жайында білетініміз тапшы. Алайда тақырға шөп шықпайтыны хақ. Шалкиіз жырлары сияқты құдіретті поэзия ақындық өнер дамып, кемеліне келген кезде ғана тууы мүмкін еді.
Шалкиіздің тәрбие алған бесігі – Қазтуған, Қодан–тайшы, Асанқайғы жырлары және бізге аттары да жетпеген.
Бірақ Шалкиіз поэзиясы өзіне дейінгі үлгілерімен салыстырғанда заманның озуының, әдебиеттің дамуының куәсі іспеттес. Мәселен, Қазтуған толғаулары – бала мінез көшпендінің ой–армандарын көрсететін, табиғат жайындағы түсінігінен елес беретін–ді.
Көшпендінің қиялының байлығы, сонымен қатар балаңдығы бізді таң қалдыратын. Қазтуған поэзиясының қасиеті де осында еді.
Ал Шалкиіз шығармаларының өзіндік ерекшелігі – ондағы философиялық толғаныстардың молдығы.
Жыраудың кейбір пікірлері – біз үшін қарапайым ақиқат, ал оның кейбір сөздері құрғақ мораль сияқты ғана әсер қалдырады. Алайда Шалкиіз бен екі ортада төрт жарым ғасыр тұрғанын естен шығаруға болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |