Жамбыл Жабаев (1846-1945) – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы. Туған жері – Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегі. Топырақ бұйырған жері – Алматы облысының Ұзынағаш елді мекені. Шыққан тегі – Ұлы жүз Шапырашты тайпасының ішіндегі Екей руы.
Жамбылдың өсіп-өнген топырағында ән-күй, ақындық-жыраулық өнер айрықша биікке көтерілген.
Жамбылдың ақын-жырау ретінде қалыптаса бастаған кезі Ресей отаршылары –бір жағынан, Қоқан хандығы – екінші жағынан, жергілікті жандайшаптар – үшінші жағынан қазақ халқын әлеуметтік-саяси қыспаққа алған шақ еді. Жаны сергек, санасы өрелі Жамбыл өзінің “Шағым”,”Жылқышы”, ”Шәбденге”, ”Сәт сайланарда”, ”Өстепкеде”, ”Патша әмірі тарылды”, ”Зілді бұйрық” сияқты өлеңдерінде елдің әлеуметтік-саяси өмірін ақындық шыншылдықпен, азаматтық жауапкершілікпен бедерлейді.
Жамбыл Қазан төңкерісінен кейінгі елдің саяси-әлеуметтік өміріндегі тарихи өзгерістерге үлкен үмітпен ден қояды. Оның “Туған елім” атты толғауы 1936 жылы жарық көріп, онан соң орыс тіліне аударылған нұсқасы “Правда” газетінде жарияланып, қарт ақынның даңқы бүкіл әлемге жайылды. Халқына қадірі артып, даңқы өрлеген Жамбыл, шабыт тұғырына қонған Алатаудың ақ иық қыранындай, жыр нөсерін селдетеді. Оның 1936-1945 жылдар аралығында шығарған жырлары 13 мың тармақтан асады екен. Ол ел өміріндегі табыс пен жаңғыруларды, жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлайды. Шағын жыр-толғаулар ғана емес, оның қарт көкірегінен “Өтеген батыр”, “Сұраншы батыр” сияқты эпикалық туындылары қайта жаңғырып ақтарылады.
Жамбыл - әрі эпик, әрі айтыс ақыны; абыз жырау әрі жауынгер жыршы.
Достарыңызбен бөлісу: |