ІІІ-тарау ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ
ДАМУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Қазақстан территориясындағы ертедегі көшпенділер
мәдениеті мен өнері
Біздің заманымызға дейінгі бір мыңыншы жылдары бүкіл Евразия даласында скиф-сақ тайпалар одағы өмір сүрді. Ұшы-қиыры жоқ кең даланы игеріп, әртүрлі патшалықтар бірлестіктерін құрып, күшті жауынгер елге айналды. Оларды батыстағылар (гректер) скифтер десе, парсылықтар (Иран, парсы патшалықтары) сақтар деп атады. Бірақ та осы екі атау да Евразия даласын жайлаған халықтардың ортақ аты еді. Скиф, сақ тарихын тілге тиек етіп, тереңірек үңілетін болсақ, оларды құрайтын бірнеше тайпалар көне жазба шежірелерде жиі кездесетінін көреміз, сарматтар, дайлар, аландар, массагеттер, үйсіндер. Кезінде осы тайпалар бірлестіктері қазақстан территориясын жайлаған, қазақ халқының арғы ата-бабалары болып табылады. Бұлардың ішінде, әсіресе, массагеттер, аландар, үйсіндер туралы тарихи деректер көбінесе Иран, парсы, грек жазбаларында біршама кездеседі. Ал аландар туралы көне қытай жылнамаларында дәйекті де айшықты жазылған. Ең бір көне деректер ежелгі парсылардың діни кітабы –Авестада көрініс береді.
Сонымен бірге дайлармен бірге Иранның шығысында орын тепкен көшпелі тайпа “тұрларды” да атап өтеді. Ал осы “турларды” ежелгі гректер массагеттер деп атағанын айтсақ, кітаптан түрік тектес халықтардың, дәлірек негіздесек қазақ халқының арғы ата-бабаларының географиялық жайлап жатқан аймағын танып білеміз. Массагеттер мен турлардың (түріктердің) туысқан бір тайпа бірлестіктерінен тұратынын тарихтың атасы атанған Геродот та жазып кеткен.
Ежелгі дәуірде Орта Азия мен Қазақстан жерінде тайпа бірлестіктерінің ең күштісі массагеттер, аландар болды. Олар әрдайым көрші патшалықтармен қарым-қатынаста болып, жауласқанмен жағаласып, тойласқанымен табысып отырды. Көшпенді де еркін, ержүрек халықты табанына таптау үшін талай рет парсы, грек, қытай патшалары жорық жасаған. Жаулардың ешқайсысына да берілмей қайта өздеріне айықпас соққы беріп отырған. Скифтердің әйелдері де батыр, қайсарлықтарымен тарихта өз аттарын қалдырып отырды.
Соның бірі, әйгілі әйел патша –Томирис. Массагеттер патшасы Томирис өз кезегінде ешкім тоқтата алмаған парсы патшасы Кирге қатты соққы беріп, әскерін талқандап, өзін қолға түсіріп басын алады. Уақиға туралы Геродот өзінің әйгілі “Тарих” шығармасында (б.э.д. 440-430ж.ж.) мынандай дәйекті келтіреді: “Парсыларды женгеннен кейін массагеттер падишасы Томирис торсыққа толтырып қан құйғызып: “Сен қанға құмартып едің, енді шөлің қансын!”- деп, оған Кирдің басын салдырған.
Әлемнің жартысын жаулап алып, төрткүл дүниеге қаталдығымен, жойқын жаугершілігімен Мәшһүр болған Кир және одан кейінгі “жеңілмес” патшалар: Дари, Ескендір Зұлқайнар массагеттер даласына келгенде таулары шағылып, кері қайтып отырған. Қайсар-батырлықтың арқасында сақ-скиф, массагеттер кең байтақ Евразия даласын ешкімге бермей жайлап жатты. Көшпенділер мәдениеті мен өнері өзінің жаулары мен жақтастарын таңдандырып, құндылығымен жарты әлемге мәшһүр болды. Сақ-скифтер қолынан туындаған өнердің ықпалы ежелгі шығысқа да, батысқа да үлкен әсер етті. Әсіресе “аң бейнелі” әдіспен әсемделіп соғылған нәзік те нақышты дүниелері басқа елдердің құрметпен қарауына мойын ұсынылды. Ертедегі эллиндік және қытай шеберлері көшпенділер өнеріне тәнті болып, оны өз байларына сіңіруге тырысты.
Көшпенділер өнерінде алтыннан түйін түю, қола құйма әдістері ең жоғарғы жетістікке жетті. Оған археологиялық қазбалардан табылған асыл заттар куә. Соның бірі –Украин археологтары талқан скиф қорғанының әр түрлі алтын әшекей заттары. Заттар “толстая магила” қорғанынан шыққан, ішіндегі ең бір құндысы –“пектораль”- алқа. Пектораль өте нақышты, нәзік соғылған әшекей бейнелер скифтердің ғарыштық ой жүйесінің тақырыбына құрылған. Алтын әшекейдің төменгі бөлігінде о дүниені, өлім табиғатын, оның қасіретін бедерленген, ал жоғарғы жағында адамдар өмірінен сыр шерткен. Екінші бір айта кетерлік дүние – Қырымдағы Күл-Оба қорғанынан табылған алтын құмыра. Тек саф алтыннан, күмістен құтылар, онша таралмаған. Құмырада скиф жауынгер батырларының бейнесі аса бір ынталықпен бедерленіп, өрнектелген.
Бүкіл Евразияның байтақ даласын күн шуақты – алтынды “аң тәсілді” өнерімен көмкерген ата-бабаларымыз кейінгі ұрпағы мақтанарлықтай өлмес мұралар қалдырды. Соның бірі әлемдегі өнер сүйер қауымды елең еткізген, біртума ескерткіш Есік қорғанынан табылған “Алтын адам” кейіпі жерленген мәйіттің басынан аяғына дейін алтынмен апталған киім киісіне қарағанда, оның анау-мынау адам емес, патша сарайы қызметшісі немесе бір тайпа елдің көсемі екеніне шүбә келтірмейсіз. Алтын адам киімі – сирек кездесетін ғажайып өнер туындысы. Бұл тек құнды археологиялық олжа ғана емес, ата-бабамыздың жоғары мәдениеті, тарихы, біздің тарихымыз, мәдениетіміздің алтын тұғыры. Төрт мыңнан астам алтын пластинкалардан құрылған қапсағай сауыт, қанатты тұлпар (пырақ) мен архар бейнесі қондырылып, алтын жебелермен көмкерілген шошақ бөрік және басқа да әшекейлер – озық ойлы, талантты шебердің қолынан шыққан құдіретті туынды емес пе?
Әлем мәдениетіне қайталанбас, эстетикалық талғамы зор өнер стилін әкелген сақ-скиф тайпа бірлестіктері басқа елдердің өнерінің дамуына игі ықпалын тигізді.
Көшпенділер өнерінің шуағы бір шеті Қытайға, екінші шеті ертедегі Иберияға (Испания) дейін жетті. Сол дәуірде скиф-сақ тайпалар бірлестіктерінің ішіндегі аландар, совраматтар, сарматтар ежелгі грек, Римге дейінгі жерді жайлап, тіпті кейде сол өңірге өз үстемдіктерін жүргізіп те отырған.
Кейіннен сақтарды безендіру ағымының ықпалынан полихромдық өнер ағымы пайда болды. Полихромдық ағымда негізінен екі бағыт қатты дамыды; оның біріншісі – дәнекерлеп жасаған ұяларға түрлі–түсті тастар орнатылады, сонымен бірге әсем түйіршіктер мен жылтырлаған сымнан өрнектер жасалды, екініш бағыттағыларда фон (түс-қабыршық) болмайды дәнекерленіп жасалған қоршауларға асыл тастар орнатылады. Осы екі бағытта жасалған әшекей заттар Қазақстанның кең байтақ даласында көптеп табылуда. Көбінесе, солардың ішінде; сәукеле, шекелік, жүзік, сырға белдік, қын, қылыштың сабы т.б. заттар кездеседі.
Әр халықтың ғасырлар бойы жинақтап қалыптастырған мәдениеті мен өнері сол елдің өзіндік паспорты (құжаты) сияқты. Соған қарап-ақ ол халықтың қаншалықты дамыған өркениетті ел екенін, тарихын топшылап, көңіл сарайында таразылап білуге болады.
Жалпы адамзат тарихына көз жіберсек, “көшпенділер” деген атпен әйгіленген сақ-скиф тайпа бірлестіктеріне кіретін халықтар өмірі мен мәдениеті еске түседі. Тақырыбымыздың басында атап өткеніміздей, міне осы көшпенді бабаларымыз кезінде бір шеті Қытай, екінші шеті Солтүстік мұзды мұхит бір жағы батыс Европаны басып өтіп, Мысырға дейін көшіп-қонып, әр дәуірде билік құрып, үстемдік еткен. Олардың сол кезеңдерде түрлі елдің мәдениетіне , өнеріне тигізген әсері ұшан-теңіз. Бүкіл әлем халықтарының өнерінде, әсіресе сәулет саласында тайға таңба басқандай көшпенділер ықпалының табы, стилі сезіледі. Көшпенділердің сол мәдени ықпалын қаншама жылдар бойы ұлы державалық саясат жасырып-жауып айтпай келді, тек соңғы кездерде ғана сең сөгілгендей болды. Тарихи шындықты қалай да бұрмалап, бүркемеленгенмен, бәрібір түнекті жарып шығып, өз орнын табады, солай болды да.
Орта ғасырлардағы қазақ мәдениетінің орталығы
Достарыңызбен бөлісу: |