«Ер-тұрманның пайда болуы, даму кезеңдері, мүшелері мен жабдықтары» атты үшінші тарауда қазақ ер-тұрмандарының шығу тегі, Еуразия көлеміндегі көшпелі тайпалардың ер жабдықтарын ойлап тауып Қытайға Еуропаға қалай таратқаны археологиялық және жазба деректерді салыстырыла отырып зерттелінді. Қазақтың ер-тоқымын жеке алып қарастыру, өзін ғана сипаттап жазу тар өрісшілдікке, сыңаржақтылыққа алып келер еді. Сондықтан сақ-скифтердің бір айылмен тартылған жұмсақ тоқымы, ғұндардың б.з. І ғасырларындағы ағаш қаңқалы ері, түркілердің ұлы жаңалығы-темір үзеңгілі ер-тоқымы, моңғолдардың Х-ХІІ ғасырлардағы ер-тұрманы, соңында қазақтың ХІХ-ХХ ғасырлардағы ат-анжамдары тарихи кезеңдерге сәйкес даму жолдары, ерекшеліктері, технологиясы көрсетілді. Атты басқару үшін аттың құрал-жабдықтарының, ер-тұрман бөлшектерінің қаншалықты маңызды екенін қазақтың мына мақал-өлеңінен көруге болады.
...Екі тізгін жоқ болса,
Ат басын адам бұра алмас.
Екі тартпа жоқ болса,
Ат үстінде тұра алмас.
Екі үзеңгі жоқ болса,
Атқа адам міне алмас.
Бәрі бірдей сай болса,
Шайтан түгіл жын алмас...
Зерттеушілер үзеңгінің пайда болу кезеңін VI ғасырда Шығыс Еуропа елдеріне тараған көне түрік мәдениетімен байланыстырады. Ол: «...VI ғасырдың екінші жартысынан бастап Еуропаның кең-байтақ далаларында үзеңгі жиі кездесе бастады. Қытай археологы Лю Хань және басқа да ғалымдар жылқы үзеңгісімен қоса басқа да жабдықтары Қытайға солтүстіктегі көшпелі түріктерден (түрік қағанаты) тараған», - деп жазады [21, 63–65-бб.].
VI–VII ғасырлар аясында көшпелі түркілер әлемінде ер-тоқым қатты, қасы тігінен жасалып, ол негізінен жаугершілікте қолданылатын болған. Осылайша, үзеңгілі қатты ер-тоқым өз дамуында екі кезеңді бастан өткерді. Олар:
1. IV–VI ғасырлардағы қарапайым нұсқалар;
2. VII–VIII ғасырлардағы дамыған және кең тараған нұсқалары:
Бұл кезеңдерде көшпелілердің ер-тұрман жабдықтарын жасауды жақсы игергені сонша, осыған сай ат үстіндегі айқас тәсілдері де өзгеріске түсіп дамыды. С.И. Вайнштейн бұл туралы: «...Үзеңгілерді тұңғыш рет кең көлемде Алтай түркілерінің қолданғанына барлық негіз бар.Олар өмірінің көпшілігін ат үстінде өткізген көшпенді жылқышылар ғана емес, сонымен қатар темір қорыту мен өңдеу ісін өте жоғары шеберлікпен атқара білді. Орталық Азияның көшпенділері ортасында оларды «темір балқытушылар», «теміршілер» деген атпен белгілі болғаны тегін емес...» [21, 66-б.].
Үзеңгі ат үстіндегі адамның шаршағанын бірнеше есе азайтты, тепе-теңдігін сақтады, адамның құйрығы, саны, жіліншігі қажалмайтын болды. Үзеңгілі қатты ер-тұрманның жасалуы материалдық мәдениет тарихында өте үлкен жаңалық болды. Салт атты адам енді аз уақыт ішінде алыс қашықтықтарды бағындырды. Көшпенділердің атты әскерінің қуатын күшейтті. Бірінші мың жылдықтардың 2-ші жартысынан бастап Еуразия далаларындағы көшпенділердің «тасқын судай селдеткен» жылдамдығын арттырды.
Қазақтың ер-тұрман жабдықтары сақ, ғұн, көне түркі тайпаларының жасап-пайдаланған ер-тоқымдарының тікелей жалғасы. Қазақ халқының XX ғасырдың басына дейін пайдаланып келген ерлерінің ұлгі-нұсқаларының саны 20-дан асады екен. Ұлттық мәдениетіміздің үлкен бір саласы ерлердің жасалу жолдары, технологиясы, ер-тұрмандардың аймақтық ерекшеліктері тіпті қарапайым «ер-тоқым», «ер-тұрман», «төрт-тұрман», «бес тұрман», «ат-анжам» қатарлы сөз тіркестері және ол нені білдіреді, тұрмандардың атаулары мен қолданылуы қатарлы мәселелер кешенді түрле қарастырылған емес. Қазақ ерінің ең көп тараған түрі негізінде бес бөлек етіп, көбіне қайың ағашынан жасалады. Бұл туралы халық өлеңінде:
Көшкенде жылқы айдаймын жиыстырып,
Ер қостым бес ағаштан қиыстырып
деп жырланады.
Тұрман – аттың жабдығы сонымен бірге қазақта әр аттың өзіне ғана арнап тұрман жасату ертеден келе жатқан дәстүр.
Өзіне өлшеп Бурылдың,
Алтыннан тұрман қақтатты...(Қобыланды батыр).
Төрт тұрман мен бес тұрманның қандай айырмашылығы бар және тұрман неден тұрады. Бұған халық фольклорынан анық жауап табамыз. Шернияз ақын Исатайдың батырлығын дәріптегенде:
Қарадан халқы сүйіп «ханым» деген,
Жігіт еді төрт тұрманы түгел сайлы...
Монғолиялық ақын К. Қашқынбайқызы «Бес тұрман» деген өлеңінде тіпті тұрманның қандай жабдықтардан тұратынын ашып көрсетеді.
Ақ күмістен ақталған,
Мұра болып сақталған.
Сәйгүлікке жарасар,
Ежелгі әбзел бес тұрман.
Өмілдірік, құйысқан,
Бес тұрманға сыйысқан.
Ері сары ағаштан,
Қасқа жүген, бір пыстан...
Демек бес тұрманға жататындарды әр мүшенің маңызы жағынан орналастыратын болсақ: 1. Ер. 2. Жүген. 3. Өмілдірік. 4. Құйысқан. 5. Пыстан болып шығады. Шернияздың Исатай батырды «төрт тұрманы түгел сайлы» деуі батыс қазақтарында пыстан көп қолданылмайды.
Ат жабдықтары тұрман-жасау әдісіне қарай: былғары, өрмелі,түймелі, ызбалы болып бөлінеді. Ер-тұрмандардың Қазақстан мұражайларындағы, Қытай мен Моңғолия қазақтарының ер-тұрман үлгілерін жинастыра отырып жан-жақты жүйелі кесте-классификациясы жасалды. Ер жабдықтарын зерттеудің үлкен маңызы бар. Көне қазақ ерінің үлгілері Қазақстанда кәзір музейлерде болмаса мүлдем аз кездеседі.
Қамшы – ер жабдықтарының ішіндегі ажырамас бөлігі және көнеден келе жатқан құралдардың бірі. Адамзат жылқыны қолға үйретіп мінісімен аттың өзін жүргізу және алдындағы малды айдау үшін қандайда бір құрал қажет болған. Есік обасынан табылған «алтын адамның» қабірінің сол жағына қойылған алтын лентамен оралған қамшы – деп К.А. Ақышев жазған «лента» сөзін қазақтың шырмауықша оралған деген сөзімен ауыстыруға болады және Есік қамшысын сәндік қамшы немесе алтындалған қамшы деп түйіндеуге толық негіз бар және де шырмауық сөзі ортағасырлық Доспанбет жыраудың жырында айтылады:
«...Қарағайлы көдік бойында,
Қамшым қалды тойында.
Бүлдіргесі бұлан терісі,
Өрімі құнан терісі,
Шырмауығы алтын, сабы жез...».
Алтындалған қамшының үлгілеріне б.з.д. IV–III ғасырларға жататын Берел обасынан табылған екі қамшының саптарының қалдықтары куә. Қамшылардың сабы ағаштан жасалған, сырты алтынмен қапталып, мысық тектес жыртқыш аңның басы бейнеленген. Жалпы қамшының сабын аттың басы, бөрінің басы, т.б. аң-құстардың басы түрінде бейнелеп ағаштан, мүйізден жону информаторлардың айтқанындай қазақ дәстүрінде де болған үрдіс. Зерттеу барысында қамшының көптеген түрлері, қамшылау (соғу) әдістеріне дейін жазылып алынды. Қамшы-қазақтың ғасырлар бойы ұстаған ұлттық нышандарының бірі.
Еуропа елдерінде ат тағалауға ерекше маңыз бергені соншалық «бір мемлекеттің тағдыры бір шегеге байланысты» деген мәтел болған, себебі «шеге тағаны сақтайды, таға атты сақтайды, ат батырды сақтайды, батыр қамалды қорғайды, қамал бүкіл мемлекетті қорғайды».
Қазақта жаппай ат тағаламаған. Біріншіден қазақ жылқыларының қатты құйма тұяғы тағаны керек етпеген, екіншіден темірдің, металдың жетімсіздігінен болуы мүмкін. Бірақ үстем тап өкілдерінің хан, сұлтан, батырлардың атты көбінесе сәндік үшін алтын, күміс тағалармен тағалағаны халық эпосында кездеседі. Бірақ қазақта архардың, таутекенің мүйізінен жасалған мүйіз тағалар болған, мүйіз тағаның салмағы жеңіл 100-120 г. (темір тағаның салмағы 350-400 г.) морт сынбайды серіппелі, бір жылға бір атқа 2-мүйіз таға жеткілікті, темір таға небәрі 3-4 айға жетпей тозып қалады, мүйіз таға аттың табанымен бірге тұяғының жиектерінде қорғайды, себебі аттың аяғына сандалша киіледі.
Ер-тұрмандардың ерекшелігіне және аттың тұрқына атты ерттеу әдісіне орай атқа мінудің қазақи (шығыстың және батысеуропалық үлгісі ) деп атадым.
Батысеуропалық тәсілде ер-тоқымның арт жағы салмақты, ортасы (отыру нүктесі) шұңғылдау болып келеді. Ондай ертоқымға отырған кезде тақымды мықтап ұстау басты назарда болады. Салт атпен жүрудің батысеуропалық тәсілінде, адам ерге тереңдеп отырады да, адамның жамбасы, дәлірек айтқанда, құйымшағы тіреу (отыру) нүктесі рөлін атқарады, сөйтіп бүкіл салмақ ер-тоқымның арт жағына түседі. Қазақы (шығыстық) атқа отыру тәсілі мүлдем өзгеше. Ер биік болады, әсіресе алдыңғы қасы, ердің арты отыруға жайпақтау келіп, артқы қаспен бітеді. Ердің үстіне салынған кең көпшік (аткөрпе) отырған адамның тақымын кең ашып ердің артқы және алдыңғы қастарына шіреніп отыруға мүмкіндік туады, ең бастысы қысқа үзеңгіге тіренген адамның аяғы, әсіресе тізесі аттың құлағына жеткендей болады.
Батысеуропалық кавалер – салмағы жеңіл, аяғы ұзын болуы қажет. «Ұзынаяқ» атанатын галлдар атқа ертоқымсыз отыра береді. Еуропада галл тұқымынан тараған француздар, роман тайпасынан шыққан итальяндықтар нағыз шабандоздар болып саналады.
Шығыста мығым денелі, кеудесі кең, аяқтары қысқа шабандоздар атқа жақсы отырады. Мұндай шабандоздар аткөрпесі бар ертоқымда мығым отырады және бар салмағын үзеңгіге түсіреді. Шабандоздардың шеберлігін қазақ, қырғыз, қалмақ, түркімен, саха, моңғолдардың атқа отыру тәсілі дәлелдейді.
Солтүстік және Шығыс Кавказды мекендейтін мығым денелі әртүрлі тайпалар шығыстық атқа отыру тәсілімен біте қайнаған. Ал Орал, Дон, Жетісу және Сібір қазақтарының денелері төртбақ, өңдері қоңырқай иықтары кең, аяқтары қысқалау, кеудесі зор болып келеді. Атқа отырыстары қазақша (шығыс). Мұны орыстар «казачи посадка» деп атайды.