Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетіндегі жылқы феномені


Зерттеу тақырыбының өзектілігі



бет3/30
Дата07.02.2022
өлшемі363,5 Kb.
#86759
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30
Байланысты:
avtoref toktabay

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Өркениет тарихында адам қолымен үйретілген жануарлардың ішінен жылқыдан асқан-жасампаздық роль атқарғаны жоқ. Осы бір тамаша сұлу және күшті жануар алғашқы адамдардың негізгі серігі болып, тарихтың келесі белестерінде де ұмыт қалмай, басқа бір сапалық құндылықтарды иемденді. Адамдар жылқыны қолға үйретіп, кейін келе оны мініс көлігіне айналдырудың арқасында көне қоғамның мәдени-тарихи көкжиегі айтарлықтай кеңейген еді. Үйретілген жылқының көмегімен адамдар құрлықтар мен кеңістіктерді игерді. Уақыт пен кеңістікті бағындырған жылқы жануары – өз кезегінде адам тарапынан Тәңірлік қасиетті түлік саналып, небір тамаша мифтерге, аңыз-әңгімелер мен ертегілерге арқау болды. Жылқының адамзат алдындағы тарихи ролі сол, қолға үйретіліп ауыздықтылған кезінен бастап қоғамның дамуын тездетті. Аттылар жаяулардан жоғары тұрды және өмірдің көп салаларында әлдеқайда алда болды. Ең бастысы адам жылқыға мінген сәтінен бастап өз заманындағы күшті қаруға ие болды. Еуразия аумағындағы соғыстардың шығуына бірден-бір себеп жылқы болды – десек қателеспейміз. Бұл туралы қазақ аңыздарында анық айтылады «жылқыны алғаш ұстап әкелгенде көп нәрсені көрген, білген ақсақал адам былай депті: «Жал-құйрығы қанат екен, төрт аяғы болат екен, жануардың жүрген жері жаугершілік екен. Шырақтарым осыны тапқан жерлеріңе апарып қоя беріндер» деп айтыпты. Халықтардың ұлы көші деп аталатын Орталық Азиядан шыққан б.з.д. ІІ мың жылдықтарда арийлер бастаған жаулап алушылық сақ - скифтер, ғұндар, түркілер, қыпшақтар болып 3 мың жылдай жарты әлемді тітіретіп тұрды. Аттылардың шабуылы ХІІІ ғасырда моңғолдармен аяқталды. Ғалымдар бұл кезеңді Жылқы дәуірі деп орынды баға береді,[1]. Жылқы дәуірінде жылқы шын мәнінде соғыс құдайы болды. Индоеуропалықтардың соғыс құдайы - Марс кельт тілінде «жылқы»-деген мағананы береді, бұл арийлердің Еуропаға атпен келгенін білдіретін бірден-бір факті.
Жылқыны қолға үйрету ең алдымен төрт түлік мал бағуды жеңілдетіп, жер шаруашылығы мен егіншіліктің дамуына тікелей әсер етті (жер жырту, азық-түлік тасу т.б.). Атты арбаға жегу арқылы адамзат дөңгелекті ойлап тапты. Дөңгелек кейінірек бүкіл техниканың ең басты тетігі болды. Атты мініске пайдалану арқылы адамзат біріншіден – жүріс жылдамдығын арттырды, екіншіден – әскери атты қосындарды жасақтады, сол арқылы соғыс өнеріне революциялық жаңалық енгізді.
Рухани және материалдық игіліктерге бай жоғары дамыған аттылы-көшпенділер өркениетінің (конно–кочевая цивилизация) іргетасын жылқы және жылқымен біте қайнап, бірге өскен еңбекші – салт аттылы, жасампаз – салт аттылы және жауынгер – салт аттылы адамдар қалады.
Қазақтар тарих сахнасына атпен шықты, ат әрдайым олардың адал досы және киесі болды. Соның көмегімен олар күнделікті тұрмыс қам-қаракетіндегі және жорықтардағы қандай да болмасын қиындықтарды жеңе алды. Олар ұлан-ғайыр дала мен құлпырған кең өлкелерді ат жалында жүріп игерді. Қазақ жерінің кеңдігі жылқының арқасында жүзеге асты, жылқы көбейген уақытта ру, тайпалардың арасында жер үшін талас туып, жаңа жайылымдар игерілді, болмаса көрші елдерден тартып алынды, аттың күшімен жаудан қорғады. Ұлы Омар Хайям түркілердің билеушісін Афрасиабтың сөзін келтіреді: «Аспанда ай қандай маңызды болса, адам үшін ат та сондай маңызды». Аттың адам өмірінде алатын орнын Махмұд Қашғари: «Ат – түріктің қанаты», – деп бейнеледі. Бұл сөз –«қанатсыз – құс ұша алмайды, жылқысыз – түрік өзін асырай алмайды» деген мағына береді. Қазақтың құс ұшса қанаты талатын ұшы-қиырсыз кең жері, осы жерде жасаған халықтың тілінде диалектінің болмауы кімді болса да бей-жай қалтыра алмайды. Байлығының құны жылқымен өлшенетін қазақ жүздеген мың жылқысы үшін жаңа жер, жаңа жайылым іздеп жерін кеңейткен, сол жерді жылқылы жасақпен қорғаған. Барыс-келіс, алыс-беріс, ас-той деп аттылы алаш өзара айқара араласқандықтан тілінде диалекті болмаған. Демек, қазақ халқының осы екі феномені жылқы арқылы жүзеге асқанын жоққа шығара алмаймыз. Басқа мәселені былай қойғанда қазақтың шығу тегі жылқымен тікелей байланысты. Көшпенділер арбаның екі түрін пайдаланғаны белгілі: екі доңғалақты соғыс арбасы, төрт доңғалақты жүк арбасының суреттері қола дәуіріндегі Қазақстан жеріндегі петроглифтерде жиі кездеседі. Соғыс өнерінің тарихын зерттеушілер адамзат алғашында жылқыны мініске емес, жегу жұмысына пайдаланып, ілкіде жай арбаны, кейінірек әскери арбаны (колесница) ойлап тапқан деп қорытынды жасайды. Әдетте арбаның бел ағашының үстінен салынған ұзын екі ағашты – арыс десе, оның екінші мағынасы – ескі ру-тайпа дегенді білдіреді. Алты алашты «алты арыс», Арыс – өзен аты, ал тарихи қайраткерлерді «алаштың арыстары» – деп жатады. Бұған шежіреде қазақты құрайтын үш жүздің Ақарыс, Жанарыс, Бекарыстан тарайтынын еске алсақ «арыс» сөзі этникалық тарихпен астасып жатқанын көреміз. Бұл фактіден қазақ халқын құрайтын үш жүздің феномені қола дәуірінде арбамен көшіп-қонып жүрген дәуірді меңзейді. Орыс тілінде «лошадь» сөзі ХV ғасырдан бастап пайдаланыла бастады. Бұл сөздің шығу төркінін тексерген орыс ғалымдары «alasa» және «at» деген түркі сөздерінің қосылуынан шыққанын дәлелдеп отыр. Халқымыздың ХV ғасырға дейінгі атауы «алаш» болғаны белгілі. Алаша – жылқы тұқымы. Бұл туралы эпикалық жырларда:
«…Алаша аттың басы деп,
Қақ жүректің тұсы деп…» (Ер Тарғын)
«…Алаш та алаш болғалы,
Алаша атқа мінгелі.
Алашұбар ту байлап,
Алашқа ұран бергелі…» деп айталалы.
«Алаш этнонимі «Алаша» деген жылқыны бейнелейтін сөзден шығып тұрса, орыстың «лошадь» сөзі «алаштың аттары», «алаштың жылқылары» деген мағына береді.
Көне гректер көшпенділерді атпен тұтасып кеткен «кентавр», ал орыс аңыздары жолындағыны жалмап жұта беретін «змей горыныч» деп атаса, жастайынан атқа мініп, жылқымен бірге жаралған қазақтар арасында ертеде өздерінің есімдерінің алдына сәйгүліктерінің атын қою әдетке айналған. Бұл әдет ескі қазақ аңыздарында анық байқалады (Керқұла атты Кендебай, Дөненқара Бағыс, Жирен атты Кенже т.с.с.). «Жайылымдағы мал сүйгенін жейді, қорада тұрған мал бергеніңді жейді» –дейді француз ғалымы Вуазен. Бетеге, тарлау боз, балауса секілді шөптің асылын жеп, судың тұнығын ішкен, аптап ыстыққа күйіп, қарлы боранға қарылып шыныққан дала жылқысы таза кірпияз, кінәмшіл болып өседі. Ғасырлар бойы жылқының етін жеп, қымызын ішкен қазақ халқы өзін «жылқы мінезді халықпыз» дейді. Мұны керісінше: «Қазақ – жылқыға тартқан» немесе «мал иесіне тартады» дейді қазақтар.
Көшпенділер қоғамында ері де, әйелі де атқа қонып күнделікті тұрмыс қам-қаракетімен қоса жаугершілікте де бірге жүргендіктен белгілі дәрежеде ер мен әйел тең болған. Мұны: «Утверждается разумное равноправие женщин», – деп түйіндейді В.Н. Массон [2, 34–35-б.]. Қазақтарды «жылқы текті» деп айтудың бір себебі, текті жылқылар қан араластырмайды. Халқымыздың жылқыдан алған бұл қасиеті арқылы жеті атаға дейін қан араластырмау салты қалыптасты. Қазақтар арасында 15–20 бие мен бір айғыр – үйір саналады. Үйірдегі айғыр өзінің байталдарына, ал сәуріктері енесіне шаппайды. Осы орайда К. Маркстің: «…Священно первоначально то, что мы переняли от животного мира», – деген сөзі еске түседі. О.О. Сүлейменовтың «Животные были первыми учителями человека» деген сөзі бұл ілімді нақтылай түседі.
Жылқы – халық өнерінің басты бір тұлғасы. Оның жүрісі мен дүбірі – ән мен күйде, екпіні – эпоста, кескін-келбеті – бейнелеу өнерінде бедерленіп отырған. Бұл ерекшелік – халқымыздың жадында жылқы рухының мәңгі сақталып, біте қайнасып келе жатқандығын көрсетеді. Қазақ түсінігінде жылқы – тектілік пен батырлықтың, достық пен адалдықтың, сұлулық пен асқақтықтың, бостандық пен егемендіктің символы. Ежелден бостандық аңсаған қазақ халқы еркіндік рухын жылқыдан алған. Сол себепті Елтаңбамызда күлте жалы төгілген жылқы-пырақ бейнесі кескінделген. Мұның өзі ұлттық идеямыз бен мемлекеттік идеялогиямыздың квитэссенциясы тұлпар болуға тиіс дегенді меңзейді.
Қазіргі таңда жылқы туралы білімдердің аясы кеңейіп, жылқы табиғатын жан-жақты зерттеп-тану ісі жеке ғылымға айналды. Түркия ғалымдары «жылқы – мәдениеттің бір саласы» дей келе, «жылқы мәдениеті» деген ұғымды енгізсе, еуропа, орыс зерттеушілері «салт аттылық мәдениет» (всадническая культура) атауын (терминін) алға тартты [3]. Ал қазақтар әлемдік өркениетке не берді? – деген сұраққа профессор Су Бихай: «…Қазақтар күлте жалды арғымақтар өсіріп, «ат мәдениетін» дүниеге әкелді», – деп түйіндейді [4, 11–12-б.]. Қазақ қоғамында байлық жылқымен өлшенді, билік жылқы арқылы жүзеге асты, әдеттік құқықта үкім-кесім жылқыға шағылды: ат-тон айыптан бастап, адамның құны-жүз жылқы, ары-мың жылқыға тең - деп айтылуы тегін емес. Ру мен ру, ел мен ел, мемлекеттер арасындағы келісім-бітімге жылқы жүрді.
Ел мен ел арасын ашқан жылқы
Ел мен ел арасын қосқан жылқы
деп айтылатын қазақ мәтелінде жылқының дипломатиялық қарым-қатынастардағы ролін көреміз. Қазіргі таңда араб,ағылшын, түрікмен т.б. жылқы тұқымдары туралы жан-жақты барлық дерлік ақпарлар бар. Олар туралы ғылыми трактаттар, аңыздар мен ертегілер, прозалық және поэтикалық шығармалар жазылған атақты суретшілер мен мүсіншілердің полотналары мен мүсіндерінде, сәулет ансамбльдерінде бейнеленген.
Осы тұрғыдан алғанда қазақ жылқысының сан ғасырлық тарихы, оның дәстүрлі мәдениеттегі ролі аз зерттелген, Қазақстанның өз ішіндегі күнделікті баспасөзде көп жазылған мен бірақ әлемдік аренада айтылмайды, насихатталмайды. Қазақстан халқы, әсіресе табиғаттың қатал климатында өмір сүріп жатқан Қытай және Моңғолия қазақтары әлі күнге дейін жылқымен қарым-қатынастың көне мәдени дәстүрлерін сақтаған. Күні бүгін қазақтар сақ-скифтер, ғұндар, түркілер, қыпшақтар және басқада Ұлы Даланы мекендеген ұлыстар мен елдер сияқты жылқыны табындап бағады, айғыр-үйірлеп бөледі, шалма тастап, құрық, бұғалық салып ұстайды, үйретіп мінеді, тіпті жоғалған жылқыны ізіне қарап табады. Қазақтардың кәзіргі жылқымен қарым-қатнасы ғасырлар қойнауынан қалған тірі архаика, «уақыт машинасы» әлі жұмыс істеп тұрғандай.
Еліміз егемендік алғаннан бері жеке адамдардың, фермерлердің, және шаруашылықтардың жылқы бағу, жылқы өсіру, жылқы тұқымдарын асылдандыру жұмыстары күннен күнге артты. Кәзіргі күні жылқы санын 5 млн-ға жеткізу жөніңде күнделікті баспасөзде мәселелер қозғалуда. Қазақстанда ХХІ ғасырдың өзінде күні бүгінге дейін 1,5 млн бастай жылқының 75-80 % бұрынғы халықтың тәсілдерімен бағылуда. Жылқы өзін-өзі қамтамасыз ететін энергия көзі, қуат күші, ешқандай жанар-жағармай тілемейді, жөндеу, ремонт күттірмейді. Сондықтан жылқы қиын шалғай жерлерде, фермерлік шаруашылықтарды жүргізуге экономикалық жағынан өте тиімді. Өкінішке орай қазақтар Кеңес заманында жылқыдан шеттеліп, жатсынып қалды. Трактор мен машина жылқыны ығыстырып көбінесе арзан еттің көзіне айналдырды. Қазіргі таңда жылқыны фермерлік шаруашылықтарға жан-жақты пайдалануға халқымыздың ғасырлар бойы тірнектеп жинаған тәжірибелері мен білімдері, ер-тұрман, тері ыдыстар жасау т.б. жетіспейді. Демек жылқы туралы халықтың білімдерді мейлінше кең насихаттау қажеттілігі туып отыр.
Жұмыста жылқының тарихи, әлеуметтік, экономикалық саяси (әскери) ролі жан-жақты сипатталып, дәстүрлі мәдениеттегі орыны мен маңызы көрсетілді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет