Қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығы бұзылуының салдары
Аталмыш кезеңде қазақтар шағын елді мекендерде — ауылдарда тұрды. Қыруар көп малды бағу үшін олар шағын ауыл болып тұруға мәжбүр еді. Әр ауылдағы шаруашылық 5-20 отбасынан аспады. Әдетте ауыл ең жақын туыстардан құралды. Әр отбасындағы жан саны орта есеппен 5-7 адамнан келді. Ауылды ең жасы үлкен кісі, би немесе құрметті ақсақал басқарды. Әр ауыл көбінесе белгілі бір рубасының атымен аталды. Ауыл орманның шетінде, өзеннің не көлдің жағасында, ал таулы жерлерде шатқалдың ішінде орналасты. Орман мен тау қысқы суықтар мен борандар кезінде малды аман сақтаудың табиғи қорғанысы саналды. Ол жерлерден отын мен құрылыс материалдарын жинап алуға да мүмкіндік мол еді. Қоныс таңдаған кезде қазақтар су көздерінің - өзендер мен көлдердің, мол сулы бұлақтардың болуын мұқият ескерді. Олардан ауыз су алды, мал суарды. Ондай су көздері болмаған жағдайда құдық қазып алуға тырысатын. Қазақтардың негізгі шаруашылық кәсібі мал өсіру болды. Олар көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтын ұстанды. Қазақтардың көші-қонының қашықтығы әр түрлі болып келетін. Жаңа қонысқа көшуден бұрын ауылдың тәжірибелі адамдары жер шолып, малға жайлы жайылым іздестіретін. Онда жерінің шөбі шүйгін, міндетті түрде су көзінің болуы қарастырылды. Аталас туыстар әдетте белгілі бағытта бірлесіп көшетін. Қыс кезінде үйір-үйір жылқылар ашық далада қарды тұяғымен аршып, тебіндеп жайылатын. Жылқы тебіндеп жайылған соң ол жерлерге мүйізді ірі қара, түйе және уақ мал жіберілетін.
Мал басы көшпелі қазақтарды ішіп-жем, тағаммен қамтамасыз етті. Қой мен құлын, ешкінің иленген терісі түрлі сырт киімдер мен аяқ киім тігуге пайдаланылды. Қойдың және түйенің жүнінен киіз басылды, жіп иіріліп, шекпен тігілді, арқан-жіп есілді, баушулар жасалды, кілем тоқылды. Ешкінің түбіті әдемі де жылы шәлілер тоқуға пайдаланылды. Малшылар серкенің, өгіз бен жылқының терісінен құдықтан су тартатын ыдыс — қауғалар, қымыз ашытатын сабалар мен сусын құятын торсықтар жасады. Қазақтар малдың тезегін отын ретінде пайдаланды. Көшпелі қазақтардың өсіретін малының негізгі түрлері қой-ешкі, жылқы мен түйе болды. XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақтарда сиыр өсіру де елеулі түрде дами бастады.
Көшпелілер мен жартылай көшпелілерді отырықшылыққа сталиндік күштеп көшіру саясаты қазақ этносының тіршілік ету жүйесін мықтап бұзды.
Седентаризация (отырықшыландыру) идеясы, сондай-ақ ауылды жаппай ұжымдастырудың болашағы шаруашылық-мәдени үлгілердің ауысуымен тығыз байланыстырылды. Басқаша айтқанда, қазақ шаруа шаруашылығының даму жолдары мал өсіретін шаруашылықтардың егіншілікпен айналысатын немесе тұрақтап мал өсіретін шаруашылықтарға ауысуымен (мемлекеттің бағыттауымен) теңестірілді.
Мұндай ұғымның шенеуніктік-әкімшілік санаға берік орныққаны сонша, ол абсолютті шындық ретінде қабылданды. Алайда жаңа революциялық ойлау кеңістігімен проблемаларды бұлайша қабылдау қате болар еді, өйткені бұл арада дамыған дәрежедегі түсініктің дәстүрлі факторлары әлдеқайда басымдық рөл атқарады. Оның арнасында көшпелілер құрылымының әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-мәдени дағдылары тәжірибелік өркениеттермен және мәдениеттермен бітіспес жанжалға түсетін ескі-артта қалған дәстүр ретінде қарастырылады. Әрине, қалаған жағдайда сол кезде мал өсірушілердің Қазақстанда қанат жайған жайылымдық-көшпелі жүйесін барынша ұтымды және қарапайым жүйе ретінде сипаттауға болар еді. Алайда ол тек, аталған феноменді оған жағдай жасайтын кешеннен бөліп алып, индустриалды қоғамның ұғымына сүйене отырып, тап сол «ұтымды» экономикалық логиканың аясында қарастырған, өндірісті кеңейту мен табысты өсіруді мақсат тұтқанда ғана әділетті болады. Оның үстіне дәстүрлі шаруашылықтың дәлелі сапалық тұрғыдан өзге міндетке — биологиялық және әлеуметтік сұранысты қанағаттандыруға бағдарланған және осы мақсатқа икемделуде ол айтарлықтай ұтымды болып шығады.
Достарыңызбен бөлісу: |