Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиетінен емтихан сұрақтары Жыраулар поэзиясының зерттелуі



бет7/48
Дата18.02.2023
өлшемі266,21 Kb.
#169240
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   48
Байланысты:
?àçà? õàíäû?û ä?ó³ð³íäåã³ ?äåáèåò³íåí åìòèõàí ñ?ðà?òàðû Æûðàóëàð 2

10.Бұқар шығармашылығының зерттелуі

Жыраудың өмірі мен шығармашылығы, зерттелу жайы. Бұқар толғауларындағы дін және философия. Бұқар ұстанымы – ата-баба жолы, ел бірлігі. Бұқар толғауларындағы Замана мен Адам проблемасы. Жырау шығармаларындағы дидактикалық және лирикалық сипаттар. Жыраудың суреткерлік шеберлігі. Бөгембай мен Абылай бейнелері.


Ғасырдан астам ғұмыр кешкен Бұқар жырау Қалқаманұлы – өз өмірінде халықтың бастан өткерген қысталаң кезеңдерін де, ел тірлігіне береке кіре бастаған кезеңін де, сол кезеңдерде ел тізгінін ұстаған бірнеше ханның қарым-қабілетін де көзбен көріп, аумалы-төкпелі сан қилы тарихи оқиғаларға куә болып қана қоймай, ел мен жер тағдыры сынға түскен сәттерде шешуші әрекеттерге өзі де белсене араласқан тұлға. Сол себепті оның жыр-толғаулары тақырып аясы жағынан да, қамтыған кеңістігі тұрғысынан да аса ауқымды. Жырау шығармаларына ғұлама Шоқаннан бастап, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әлкей Марғұлан, Қажым Жұмалиев, Әуелбек Қоңыратбаев т.б. да көптеген ғалымдардың ден қоя үңілуінің сыры да сонда. Жырау шығармаларын жоғары бағалаған әдебиет зерттеуші ғалымдардың арқасында оның жыр-толғаулары ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылдығынан бастап-ақ басылым беттерінде жарияланып, елге кеңінен таралды. Мәселен, 1923-1925 жылдар аралығында М.Әуезов бастамасымен «Таң» журналының 1-4 сандарында Бұқар жыраудың бірнеше шығармасыбасылды. С.Сейфуллин 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» жинағында жырау туралы маңызды ой-тұжырымдарын алға тарта отырып, оның көптеген жыр-толғаулары мен шешендік сөздерін ұсынса, 1934 жылы жарық көрген «ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» оқулығында М.Әуезов, М.Жолдыбаев, Ә.Қоңыратбаев Бұқар жыраудың өмірі мен шығармашылығы туралы ғылыми ойларын дәйектей негіздеп, жыраудың әдеби мұрасының ғылыми айналымға енуіне тікелей мұрындық болды. Содан беріде Бұқар жырау шығармашылығы әдебиет зерттеушілері назарынан қағыс қалып көрген емес.
Бұл орайда жыраудың өз шығармаларына сүйене отырып, ой өрбітуді жөн санадым. Осы тұрғыдан қарағанда, жыраудың төл туындыларында оның өз өміріне қатысты дерек-мағлұматтар некен-саяқ. Әйткенмен жыраудың әдеби мұрасын тұтастай қарастыра отырып, оның өміріне қатысты кейбір жағдайларды тануға болады. Мәселен:
«Бұқар-екең – біз келдік Ақан, Төбет байларға. Бесті берсең семіз бер Жаздай Бұқар жайларға...» – деп басталатын өлеңінен әйгілі жыраудың тұрмыс жағдайы жасы ұлғайған шағында да жақсара қоймағаны көрінеді. Сонымен бірге осы өлеңнен Бұқар жыраудың мінезді адам болғаны да аңдалады.
1. Бұқардың ХVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілі.
2.Бұқар шығармашылығын жинастырған атақты МәшһүрЖүсіп.
3.Бұқардың Тәуке ханға, Абылай ханға қызмет көрсетуі.
4.Абылайдың алдында беделді, қабырғалы биі болуы.
5.Бұқар шығармашылығының зерттелінуі.
6. Қ.Жұмалиев, С.Мұқанов, Қ.Мұхамедханов пен М.Мағауин, т.б зерттеулері.
7.Бұқар поэзиясының көтерген тақырыбының әр алуандығы.
8.Бұқар поэзиясының қазақ әдебиетінің алтын қорынан алатын орны.
Әдебиет тарихынан елеулі орын алып, артына өшпес мұра қалдырған көрнекті жыраулардың бірі – Бұқар Қалқаманұлы. Халық өмірінің алмағайып-аласапыран, тарихта қалу-қалмауы екіталай кезеңінде тұрмыс кешкен жырау өз толғауларында сол тұстағы көкейтесті, күрделі мәселелерге жауап іздеп, соның бірден-бір жоқшы-жыршысы бола білді. Оның жыр-толғауларының үнемі әлеуметтік өткір мазмұнға құрылып отыруының басты себебі де осыдан.
Бұқар жыраудың ұзақ жасаған жасындағы өмірлік деректері бізде көп сақтала бермеген. Тек саналы ғұмырының бәрі түгелдей дерлік Абылай ханның қасында, соның оң тізесін басқан қабырғалы да сәуегей биі, ақылшы-кеңесшісі ретінде өткені мәлім. Өз өлеңдерінде келтірілген деректерге қарасақ жыраудың жоқшылықтың зардабын көп тартқан адам болғаны көрінеді.
Алайда, әлі күнге дейін жыраудың туған, өлген жылдары бір ізге түспей, әркім әр түрлі пікір-болжамдар ұсынып келеді. Бұл орайда Қ. Жұмалиев өзінің қазақ әдебиеті тарихының екінші томындағы Бұқар туралы жазған тарауында жырауды 1693 жылы туып, 1787 жылы 94 жасында қайтыс болды деп көрсеткен еді. Ал, X. Сүйіншәлиев пен М. Мағауин жыраудың Тәуке хан тұсында жасап, Абылайдан кейін өлген деген тұжырымына орай Бұқарды 1668 жылы туып, 1781 жылы 113 жасында өлген дейді. Бұл мерзім Абылай хан қайтыс болған жылға тұстас келеді.
Ал енді, жоғарыда айтылған екі болжам-тұжырымнан тіпті өзгеше, яғни алғашқы кездегі 94 жаста қайтыс болды деген дәйектемеге біршама ұқсас пікірді кезінде Қ. Мұхаметханов ұсынған болатынды («Қазақ әдебиеті» газеті. № 31, 32, 1982 ж.). Автор Бұқардың замандасы Үмбетей жыраудың «Бұқардың асында, зиратының басында отырып Үмбетей жыраудың жырлағаны» деген жаңадан табылған толғауы бойынша ой қорытып, Бұқар жырауды 92 жасында қайтыс болды деген пікір ұсынады. Сонда жырау, бұл кісінің айтуынша, 1685 жылы туып, Абылай өлімінен (1781 ж.) 4 жыл бұрын, яғни 1777 жылы қайтыс болған деп тұжырымдалады. Сол Үмбетей айтты деген бір жырдың алғаш 7-8, кейін 11 буынды өлең өлшемімен жазылғанына күдіктенбесек, негізінен, осы ойдың көңілге қонатынын, дәйектілігін айтқан жөн.
Бұқар шығармаларын жариялауда С. Сейфуллин үлкен еңбек етіп, «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» атты жинағына жыраудың «Ай не болар күннен соң», «Керей, қайда барасың?», «Жал, құйрығы қаба деп», «Асқар таудың өлгені», «Қалданменен ұрысып », «Атам болған жиырма бес», «Құбылып шыққан бәйшешек», «Әй, Абылай, сен он бір жасыңда» атты толғауларын бастырғаны мәлім. Бұдан соң жыраудың бір алуан жырлары әр түрлі хрестоматиялар мен жинақтарда, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып келді.
Бұқар жырау туындыларының дұрыс бағаланып, оның әдебиет тарихындағы орнын ашып белгілеу ісі М. Әуезов зерттеулерінен басталады. Ол өзінің XIX ғасыр мен XX ғасыр басындағы әдебиетке арналған ертеректегі оқу кітабында Бұқар туралы «Жыраудың мақсаты, міндеті – «не болса сол көңілі ашар», «әлдене» дерлік сөзді айту емес. Ол заман сыны, мезгіл, дәуір болжалын, тарихи уақиғаның мазмұн бағасын сөз қылады. Көбінесе әрі жырау, әрі би болады. Олжа, табыс, абыройды ханмен қатар үлеседі. Өзі хан қасына жуан рудың – Арғынның қосқан «табан шөңгел биі» болуға лайық... Бұл жағынан қарағанда Бұқар, Орта жүз ханы Абылай болса, соның орталық елі, жуан бел руы – Арғын ішінен шыққан анық үстем тап адамы болады... Бұқар сонда үлкен, қырағы саясаттың толғаушысы боп, әрбір сөзін ірі-ірі уақиғалардың, ірі мәселенің тұсында ғана айтады. Сол сөздері жыраудың таптық-қоғамдық мазмұнын көрсетіп, дәуірінің тарихи сырын ашады», – дейді. Бұны бір ғана Бұқар емес, жалпы жыраулық поэзияның табиғатын ашуға жол салатын ғылыми ұстамды пікір деп айта аламыз. Тек зерттеуші заман ағымына сай мәселеге таптық тұрғыдан келуге мәжбүр болған.
С. Мұқанов Бұқар шығармаларының көпшілігі Абылай ханға арналып айтылғандықтан, өзі сырттай Орда ақынына ұқсағанмен, жырлары сол кездегі саяси-әлеуметтік тұрмыстың нақты көрінісінен туған деп атап көрсетеді. Ол: «Бұқар жыраудың шығармаларында азаматтық, саяси мотив терең, әлеуметтік маңызы зор. Ол Абылайдың мақтаушысы ғана емес, сыншысы да», – дейді.
Қ. Жұмалиев қазақ әдебиетінің орта мектептерге арналған оқулықтарынан бастап, қазақ әдебиетінің алты томдық тарихына жазған Бұқар туралы монографиялық тарауларында да, оны XVIII ғасырдағы авторлығы сақталған тарихи әдебиеттің басы деп бағалай келіп, ол өзінің дидактикалық толғаулары арқылы өмірге ескілік мұнарасынан қараса да, сол кезеңдегі әлеуметтік шындықты тап басып сипаттай алады деп жазады. Ал, Ә. Марғұлан Бұқар жырауды Абылай ханның белгілі жыршысы, кейінгі қазақ ақындарының бірден-бір көшбасшы ұстазы деп бағалайды. Осындай бағаны Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев еңбектерінен де ұшыратамыз.
Белгілі фольклорист Н. С. Смирнова Бұқар творчествосына арналған көлемді зерттеулерінде оның импровизаторлық өнерінің ерен қуаты мен демократиялық тенденциясының нығая түсу ерекшеліктеріне, сондай-ақ, соңғы шығармаларында халықтық ұғымның әлеуметтік терең сипатқа ие болып отыру жәйтіне айрықша мән береді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   48




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет