Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы



бет15/19
Дата11.11.2016
өлшемі5,24 Mb.
#1501
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

Орталық үкіметтің уәкілі: Жаң Жыжұң

Халық уәкілдері: Рахымжан Сабыр

Әбілхайыр төре

Ахметжан
Жұңхуа Мингөның 35-жылы 6-айдың 6-күні, Үрімжі».

*Бұрхан Шаһиди. «Шыңжаң Шыңжаңда өткен 50 жыл», Бежің, Ұлттар баспасы. 1985-жылы. 592 – 612 беттер.

*** *** ***

Ғалым НӨКІШҰЛЫ,
Шығыс Түркістан ұлт-азаттық армиясының барлау басқармасы бастығының орынбасары, Шыңжаң қоғам қауіпсіздігі министрінің орынбасары болған әскери қайраткер.


ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДАҒЫ ДАУЫЛ
Шығыс Түркістан «Шыңжаң» өлкесі деп аталып жүр. Ол Тянь-Шан тауының екі қапталында көсіліп жатқан – терістігі Жоңғар даласы, оңтүстігі – Тарым кеңістігі немесе Қашқария деп аталатын кеңбайтақ өлке. Жалпы жер көлемі бір миллион жеті жүз он мың шаршы шақырым. Шығысы –Қытайдың Гансу өлкесімен, батысы – Қырғызстанмен, Тәжікстанмен, терістігі – Қазақстанмен, Моңғолиямен, оңтүстігі – Тибетпен және Ауғанстанмен шекаралас. Ауа райы қоңыржай, жер бедері таулы, көгалды, шөлді, қара топырақты өлке. Жерінің ең көп көлемін Такламакан және Гоби шөлдері алып жатады. Халқы он миллиондай. Негізгі халқы ұйғырлар 7 миллион, қазақтар бір жарым миллион. Моңғол, қырғыз, татар, өзбек, дұнған, тәжік, сібе, солан, орыс, қытайлар болып, барлығы бір жарым миллиондай. Халқының тіршілік негізгі жер өңдеумен, бау-бақша өсірумен, ұсақ қолөнерімен – мата-шекпен, кілем тоқумен шұғылданады. Ертеден мал шаруашылығы дамыған ел. Қой мен жылқы малын негіз еткен 30 миллионнан астам малы болған. Өнеркәсіпте ертеректе Құлжа қаласында Мұсабаевтардың тері зауыты, Қашқарда Ташахұнның сіріңке зауыты болған. Ертедегі жібек жолы басып өткен өңірдің халқы сауда кәсібімен айналысқан.

Шығыс Түркістанды ертедегі Қытай саяхатшылары батыстағы көп мемлекетті ел деп атаған. Өйткені оңтүстіктегі ұйғырлар бір кезде 36 мемлекет, кейде 50-дей мемлекет атанып, молда-қожалардың билеуінде өмір сүріпті.

Жоңғария ойпаты қазақтың Үйсін, Қаңлы, Қыпшақ, Сақ тайпалары деп аталатын ата-бабаларының мекені болған. Кейін «Жоңғар» деп аталған ойраттар мен моңғолдар мекен еткен. Бұлардың ұзақ жылдық соғысы тарихта «Әмірсана қоңтайжы соғысы» деп аталады. Сол соғысты тоқтату үшін Мәнжу ханның жіберген армиясы – сібе-солаңдардың қолы жеңіске жетіп, Жоңғарияны Мәнжу ханның билігіне бағындырған. Хан армиясын қайтармай, сібелерді – Іле аймағының, солаңдарды – Тарбағатай аймағының шұрайлы жерлеріне орналастырып, тұрақтандырған. Іле жанжұны деген мекеме құрып, сол мекеме арқылы Жоңғарияны билей бастаған.

Бұл билеу Манжу ханның Шығыс Түркістанды отарлауының басталуы еді. Шығыс Түркістанды толық отарлаудың ендігі әдісі: өзін-өзі басқарған ұйғыр халқын армия күшімен басып алып, бір орталыққа бағындыру және Тарым, Жоңғар сипаттарын біріктіріп басқару керек деп тапқан.

Осы мақсатпен генерал Зо зұңтаңды армиясымен Тарым ойпатына аттандырған. Зо зұңтаң аяусыз қырғын ұйымдастырып, Тарым ойпатын күшпен бағындырады. Сонымен Жоңғария мен Тарым алқабы түгелдей Манжу ханның билігіне өтеді. Бұл жаңа отарды «Жаңа жер» яғни «Шың жаң» деп атайды. Осылайша Шыңжаң өлкесі құрылады.

Генерал Зо зұңтанның Шығыс Түркістанға кіріп, Тарым ойпатын бағындырғандығының 100 жылдығы 1956 жылы еске түсіріліп, Үрімжіде аталып өткен еді. Онда Зо зұңтан жорығының «прогрессивтік рөлі» дәріптелген болатын. Ал саяхатшы ғалым Шоқан Уалихановтың 1856-1857 жылдардағы Қашқар сапарының естелігінде Мәнжу хан билігінің Қашқарияда жоқтығын дәлелдейді. Сонда бұл дәлелдеулермен мөлшерлесек, коммунистер билігіне өткенге дейін Шығыс Түркістан милитаристер билігінде отарланғанына бір ғасыр шамасы болған.

Гоминданның өкілі, дипломат Жаң жыжүннің баяндамасындағы айтқанына сенсек, отарланып келген осы жылдар ішінде Хан, Вуй, Сәи, Таң, Сүң, Яң, Жың, Шың фамилиялы милитаристер Шығыс Түркістанды отарланған өлке деп есептеп, шектен асқан милитаристік өктемдікпен басқарған. Халықты мейлінше езіп, байлығын талан-таражға салған, ұлттар арасына жік салып, өштестіріп отырған.

Ұрпақтың есінен шықпайтын аса ауыр жағдай соңғы үш билеуші – Яң зишын, Жын шорын, Шың шисай билеген жылдарда өтіп еді. Шың шисәй билеген дәуірдегі жауыздық қанмен жазылып тарихта қалды.

Ян зишың 17 жыл, Жин шорин 7 жыл, Шын шисәй 12 жыл билік басында отырды. Біздің сөз еткелі отырғанымыз шегіне жеткен отарлық езгінің қасіретіне қарсы Шығыс Түркістанда көтерілген ұлт-азаттық төңкерісі және сол төңкерістің халықтық күреске айналуының себептері туралы болмақ.

* * *


Бұл төңкерістің халықтық көтеріліске айналып, бұрқ ете түсуінің негізгі себепкері милитарист Шың шисәйдың қанды қолымен жасалған қылмыстары еді

Шың шисәй Жапонияның құрылық армиясының институтында оқып, милитаристік тәрбие алған қандықол екен. Шығыс Манжурияда Жапонға қарсы жүргізілген бір соғыста жеңіліс тауып, Сібірия арқылы бас сауғалап Шыңжаңға келеді. Жоғары білімді әскери маман екенін саудалай жүріп, Үрімжідегі офицерлер мектебіне директор болып орналасады. Сабақ бере жүріп, курсанттарды өзіне баурап алады. Сонымен Жын шориннің назарына ілініп, Дубан мекемесінің сәнмужандық қызметіне жоғарылайды.

Дәл сол кезде, 1932-1933 жылдары Жын шориннің милитаристік билеп-төстеуіне қарсы Құмыл шаруаларының Қожанияз қажы бастаған көтерілісі қанат жайған-ды. Оның үстіне Чинхайлық Ма жуиң қарақшылықпен батыстағы халықты тонап қайту үшін бір топ қарақшыларды бастап келіп, талан-тараж жүргізе бастаған болатын. Жын шорин бұл қарақшыларға қарсы әскер аттандырып, бірсыпыра соғыс қимылдарын жүргізсе де, тыйым сала алмайды.

Үнемі жеңіліске ұшырап, шегінуге мәжбүр болған өкімет әскерлерін басқаруға жоғары білімді әскери маман Шын шисәйді тағайындайды. Армия билігін қолына береді. Жағдай қиындай береді. Өйткені шығыстан – Қожанияз, терістіктен – Ма жуиың шабуылдап, қыспаққа алады. Оның үстіне 8-ші дивизияның бастығы Жаңфиән Ма жуниңмен тіл біріктіріп, Жин шориннен бет бұрып кетеді. Қашқарда Ислам жұмһүриатын құру, Үрімжіде Жин шорин өкіметін құлату жолындағы саяси төңкеріс жасау әрекеттері ұйымдастырылады. Осы жағдайлар Жын шорин әкімшілігіне хауіп төндірген еді.

1933 жылдың 12 апрелі күні Чын хүң, Тау меңю, Ли шаути деген зиялылардың бастауымен жасалған саяси төңкеріске асығыс оралған Шын шисәй төңкеріс жасаған үшеуін атып тастап, «саяси төңкерісті жасатқан мен едім» деп жариялап, Дубандық таққа өзі отырады да, өлке бойынша билік жүргізе бастайды

Шығыс Түркістандағы шиеленіскен ауыр жағдайды пайдалануды мақсат еткен Жапония билеушілері Ма жуиңға, Ағылшындар Индия арқылы оңтүстікке көмек жіберіп, Шығыс Түркістан мәселесіне араласа бастап еді. Бұл жағдайды сезген Қеңес Одағы соғыс өртін тез өшіріп. орта Азияны өрт шарпуынан сақтау үшін терістікке «Тарбағатай атты полкі», Іле өңіріне «Алтай атты полкі» деген атпен қызыл армия бөлімдерін кіргізіп, Ма жуиң тонаушыларына ойсырата соққы берді. Сонан соң Алтай, Тарбағатай өңірінен оңтүстікке қарай ығысты. Бұл өзгерістен хабар алған Қожанияз хажы Үрімжідегі Совет консулының араласуы арқылы Шын шисаймен бейбіт келісімге келеді, мылтықтың қарауылын Ма жуиңға қарай бұрады. Сонымен қызыл армия жауынгерлері мен Хожанияздың қарулы күші бірлесе отырып Мажүниң қарақшыларын Қашқарға дейін ығыстырады. Айтушылардың сөзіне қарағанда Ма жуиң бас сауғалап, жиған олжасын арқалап қашып кеткен. Қарулы күші Ма шимың жетекшілігіне өтеді. Ақыр аяғында оңтүстікте таралып жоқ болған. Генерал Жа ңіриән өкімет қарауына қайта оралып, Іле аймағы да тыныштанып еді.

Шыңжаңда айтарлықтай бейбітшілік орнады. Кеңес одағының осы көмегіне бас иген Шың шисәй «Совет одағымен дос болу, жиһангерлерге қарсы тұру» деген ұран көтерді. Бұл Кеңес одағымен жақындасудың амалы еді. Сол тәсіл Кеңес одағымен тіл табыстырып, ақырында жасырын уағдаластыққа қолын жеткізген болатын.

Шың шисәйдің Кеңес одағымен достасу үшін берген жасырын сертінде Гоминдан билігімен салқын байланыс жасау әдісі арқылы біртіндеп қол үзе беру; Кеңес одағымен адал достық қарым-қатынасты жандандыру; қаскүнемдікке бағытталған әр қандай саяси ағымдарға қарсы тұрып, оны жойып отыру; өзара сауда алыс-берісті өркендету; Кеңес одағының табиғи байлықтан пайдалануына жол ашу; Шыңжаңның өркениеті үшін Кеңес одағының көмегіне арқа сүйеу; дипломатиялық мәселелерде ақыл-кеңес алып отыру сияқты уағдаластықтармен өзара келіседі.

Осы уағдасына кепілдік берудің шарты ретінде және Шыңжаңның бейбітшілікпен өркендеу бағытының «шамшырағы» есептелген 6 саясат жарияланды. Бұл саясаттар: Жиһангершілікке қарсы тұру, Кеңес одағымен дос болу. Ұлттар теңдігін сақтау. Парақорлыққа қарсы тұру. Тыныштық сақтау. Шыңжанды өркендету. Бұл саясат объективті жақтан халыққа жаққан, дәуір ағымына үйлескен, Кеңес өкіметінің қолдауына ие болған саясат еді

Шың шисәй жүргізген осы 6 саясаттың халыққа берері ұзаққа созылмады. 1933-1937 жылдар аралығындағы бейбіт тіршілік, жадыраған әлеуметтік ағым лебі халық шаруашылығында және мәдени, рухани өмірде недәуір жаңалықтардан белгі бергендей болғанымен, Кеңес одағында басталған «халық жауларын тазалау» деп аталған сталиндік репрессия Шың шисәй өктемдігіне де майдай жақты. Мұнда «сатқындарды тазалау» деп аталған жалақорлық науқан басталды. Айналасы бір-екі жылдың ішінде Шыңжаң бойынша әр ұлттан 60 мыңдай көрнекті парасатты басшы адамдар «сатқындар» деген жаламен тұтқындалды. Зерттеушілердің анықтауларына қарағанда 12 мыңдай адам атылған, мал-мүліктері тәркіленген, бала-шағалары жер аударылған. Осы қылмыстық науқанға тап болып, түрмеде ұзақ отырған белгілі ақын Таңжарықтың өлеңмен айтқан естелігінде былай делінеді:

Бәрі қан Үрімжінің айналасы,

Ескі там, ұңғыл-шұңғыл сай-саласы.

Ішегін ит сүйрелеп өлген жанның,

Құс шоқып, домаланып жатыр басы!

Келсеңдер Үрімжінің қаласына,

Көзің сал қалтарыс сай-саласына.

«Ұмытпа өле-өлгенше осыны» – деп,

Тапсырып кет балаңның баласына!


Міне, осы домаланған бастар, сасыған қан сол аяулы адамдардың басы мен қаны. Тірі қалғандар ауыр дертке ұшырап, өмірмен ерте қоштасып жатты. Кемтар болып қайтқандар қорланып, өмірі өксумен өтті.

Шың шисәйдің милитаристік тәрбиеден бойына сіңірген жауыздығы жетпегендей, сталиндік жендеттер келіп осы қылмысты істерге ақылшы болып араласты. Бұл жендеттердің ең жауыздарынан Мансұр әпенді «ұйғыр», Абай «қазақ», Қасым «қазақ», «Сейітажы «ұйғыр», Уан миңжан «қытай», Лиян баутүң «қытай», тағы басқаларды атап айтуға болады. Мансұр әпенді деген адам үш аймақ төңкерісінің жеңісінен кейін Тарбағатайға келіп, уәлидің орынбасары болып отыра қалды да, қалтасын қампита толтырып кеткен болатын. Кейінгі жылдарда өз ажалынан Алматыда қайтыс болған көрінеді.

Шың шисәйдің «сатқындар», деген жаласымен атылғандар тізімі қолда жоқ. Алайда ел есінен ұмытылмайтын атақты, парасатты адамдардан мына аруақтарды атауға болады:

Шәріпхан Көгедаев – генерал, Алтай аймағының уалиі.

Қожанияз хажы – Құмыл шаруалар көтерілісінің бастығы, орынбасар раиыс.

Ақыт хажы – ақын, Алтай халқының рухани көсемі.

Баймолда – алтайлық, қытай тіліне жетік дипломат.

Әлімғазы Бапин – Тарбағатайда үкірдәй болған, сауатты адам.

Нұртаза Шалғынбаев – Тарбағатайда үкірдәй болған, ағартушы.

Һакім хажы - қашқарлық, атақты бай.

Өмарбай – қашқарлық, ірі бай.

Құсайын Шәншер – Тарбағатайлық, атақты бай.

Әбеу – Іле қазақтарынан шыққан зиялы, қытай тілі маманы, дипломат.

Құсайын бай – үрімжілік, қоғам қайраткері, байлығын тәркілегенде 50 мың сәрі яғни 312 килограмм алтын шыққан. Бұның барлығы Шың шисәйдің қалтасына түсіп кеткен.

Зият Шәкерімұлы – ақын, философ, Голощекин реформасының қашқыны.

Ғазез Қалбанов – оқымысты заңгер, Голощекин реформасының қашқыны.

Қамалып, атылғандардың ішінде Кеңес одағынан өтіп барып, бас сауғалап жүрген оқымыстылар да қолға алынып, атылған. Кейбіреулерін Кеңес одағына өткізіп берген деген сыбыс бар.

Шың шисәйдің «сатқындарды тазалау» деген бұл қылмысты әрекеті халықты қатты күйзелтті. Көшпенді қазақ халқы шошып, толқи бастады. Баркөл өңірінің қазақтарынан Алтынбек, Құсайын тәйжілер бастаған ел тыныш қоныс іздеп, Гансу, Чыңхай өлкелеріне қарай босты. Мұндай босу жалғаса берді. Алтайда да толқу ұлғая түсті. Әділетті көксеген Зұха батыр көші қолға түсіп, Зұха батырдың басы кесілді де, Сарысүмбе қаласында ағашқа ілініп қойылды. Осындай жауыздықтан шошынған көшпенділердің толқуы күшейе берді. Бұл толқу Алтайда «Оспан батыр көтерілісі» деп аталатын қарулы қозғалысқа ұласты.

1940 жылы Алтайдың Көктоғай ауданы мен Шіңгіл ауданы аралығындағы «Зағоба» деген жерде қол жиып, Жәнібек батырдың ақ туын көтерген Оспан Ісләмұлы бастаған халықтық көтеріліс бұрқ ете түсті.

Оспан Ісләмұлы Абақ керейдің молқы руынан. Жасынан жетім өскен. Ержете келе Көксеген үкірдәйдің жылқысын баққан, ат үстінде шыныққан, асқан мерген болған. Негізінен оны ерлікке, батылдыққа, батырлыққа баулыған Бөке батыр рухы еді.

Оспан батыр көтерілісінің ұраны – Алтай елін тоздырмай, өз жерінде берекелі елдігін, тұтастығын сақтау, Шың шисәй түрмесінде азап шегіп жатқан асыл ерлерді құтқару, мұсылманшылық қағидасын қалпында сақтау еді.

Түрме азабынан құтқармақ болған асыл азаматтар дегені – Алтай халқының көсемі Шаріпхан, рухани көсемі Ақыт қажы, тағы басқа жүзге тарта абыройлы ел адамдары еді. Кең далаға үйренген, дарқан көңілді ер жүрек көшпенділер Оспан батырдың осы арман-тілегін қолдады. Осындай ұлы тілекпен аттанған жұрт Шың шисәй армиясымен айқасып, ерліктің, батылдықтың ғибратын көрсетіп еді.

Оспан батыр көтерілісі жайындағы хабар бүкіл Шығыс Түркістанға тез тарады. Бұл Шығыс Түркістанда толғағы пісіп келе жатқан ұлтты азат ету төңкерісінің басталуы еді. Оспан батыр көтерілісін Шың шисәй әкімшілігі «жиһангердің шпиондары қоздырған бандиттық әрекет» деп, байбалам салып айыптады. Не десе о десін. Оспан батыр көтерілісі Шығыс Түркістанды дүр сілкіндірді, қоғамдағы іріңдеген жараның, «қайшылықтың» пісуі жетілгендігін көрсетті. Ендігі жерде: «Шұғыл әрекет керек немесе ұлт-азаттығы үшін күреске аттану керек», – деген дабыл қағылды.
***

Кейбіреулер бұл төңкерістік қозғалысты қоздырғандар Кеңес өкіметі, оның шпиондары деп жүр. Бұлай деп айту ұлт-азаттығы үшін басталған күреске қиянат, жала жабу деген сөз! Өйткені олардың шпиондар деген адамдары отанын шын сүйген, халқына жаны ашыған, еркіндікті көксеген төңкерісшілер. Мысалы, Кеңес одағында білім алып, өз отанына қайтып оралған Ахметжан Қасыми ұйғыр халқының адал перзенті. Ол Ташкенттегі профессорлық қызметін тастап, өз отанына қайтқан. Шығыс Түркістанның төл тумасы. Ысқақбек Монинов – Қашқар өңірінде туған зиялы, Құлжа қаласында мектеп мүдірі, Қазақ-Қырғыз мәдени-ағарту ұйымының бастығы кезінде Шың шисәйдін торынан қашып, Кеңес одағынан баспана тапқан қырғыз жігіті. Дәлелхан Сүгірбаев – Алтайдағы Сарысүмбе түрмесінен қашып шығып, Қазақстанда бас сауғалаған, қазақ жігіті, Алтайдың төл тумасы. Бұлар Қазақстанда бас қосқан соң талпынып жүріп сол кездегі Қазақстан басшыларының қамқорлығына бөленеді. Әр түрлі каналдар арқылы төңкеріске байланысты ұйымдастыру жұмыстарымен шұғылданады.

Сонымен олар төңкерістің негізгі ұйымдастырушылары, жетекші көсемдеріне айналды, солай болды да. Бұларды қалай шпиондар дей аласыз?

Қандай көтеріліс, төңкеріс болса да тілектестер тауып, солардың қолдауына, көмегіне ие болмай, жеңіске жету мүмкін емес. Олар бұл заңдылықты жақсы түсінді. Сондықтан іргелес көрші Кеңес одағындай іргелі елге арқа сүйемейінше төңкерісті ұйымдастыру, жеңіске жету мүмкін болмайтындығына көздері жетті. Бұл – тарих сабағы. Сондықтан осындай нақтылы жағдай билеген талпынысқа басқаша ат қойып, айдар тағудың керегі не?

Ахметжан Қасыми Құлжа қаласында «Ұлт-азаттық қозғалысы» аталатын астыртын ұйым құрып, өз төңірегіне азаттықты аңсаған зиялыларды тартып, ұйымдастыру жұмысына кірісті. Бұл ұйым тез қалыптасып, ұлғая берді. Ілгерінді-кейінді ұйымға тартылған сенімді де белді мүшелерден мыналарды атауға болады: Әлихан төре, Абдырауып Махсүм, Әбдікәрім Аббасов, Сәйфиден Азизи, Ыбрайым Тұрды, Сәйфоллаев, Рахымжан Сабырхажиев, Зүнын Тәйіпов, Әбдірейім Хасенов, Асхат Ысқақов, Марғұп Ысқақов, Мәметемен Еминов, Абдолла Закиров, Зия Сәмеди, Фатих Мүсілимов, Ғани батыр, Лескин, Моготнов, Москалов, Мажаров, Шүмүтүн, Ғалым Айтуаров, Нәбижан, Ашыр Уахиди, Сауданов, Рәсулов, Мәметемен Халпетажиев, Оспан Зия, Әлхам Ахтам, Айтуған, Ғаппархан... тағы басқалар. Іле аймағы бойынша қазақ жігіттерінен Әкбәр, Сейіт батырлар, Әбілқайыр төре, Нұсыпхан Көнбаев, Құсайын Сиябаев, Қазыхан Манасбаев, Бұқара Тышқанбаев, Бәукей Әубәкіров, Құрманбай Толыбаев, Құрманәлі Оспанов, Қали Абақов, Патих Жабықбаев, Рамазан Оспанов... тағы басқа әртүрлі ағымдағы абройлы адамдар да тартыла бастады. Жастарға да төңкерістік тәрбие беру етек алды.

Сол кезде төңкерістік қимылға бағыт беріп отыратын білікті саяси ұйым керек еді. Ахметжан Қасымидің бағыттауы бойынша «халық ұйымы» деген саяси партия құру ойластырылған. Бірақ сол кездегі жағдай мұндай ұйым құруға пісіп жетілмегендіктен саяси партия құрылмады. Оның орнына ұлттардың бірлігін, татулығын сақтау үшін «Одақ-иттыпақ» деп аталатын халықтық ұйым құрылды. Бұл ұйым халықтардың одақтастығы туралы айқын бағыттарды іске асыра бастады.

Азаттық төңкерісінің бас кезінде Ысқақбек Монинов Текестегі досы Құрбанжан арқылы Нылқыдағы Әкбәр, Фатих, Сейіт батырлармен хабарласып, партизан жасақтарын ұйымдастырды. Шекарамен байланыстырып, соғыс құралдарын даярлау сияқты жұмыстармен айналысты. Құлжа қаласында астырғын ұйымдасқан көтерілісшілер үшін қару-жарақ даярлаумен шұғылданды.

Дәлелхан Сүгірбаев әр түрлі каналдар арқылы Оспан батырдың көтерілісіне қамқорлық жасаумен айналысты. Чойбалсанмен астыртын келісе отырып, Оспан батырды қаруландырды. Ақылшы етіп Қаби, Ноғай, Қалқабай деген тәжірибелі, оқыған адамдарды қосынға қостырды.

Бұл 1941 жылғы күз айларындағы жұмыс еді. Дәл сол кезде Кеңес одағының отан соғысы ауыр жағдайға ұшыраған. Мұндай жағдайда Кеңес шекараларында мылтық дауысы естілмейтін тыныштық керек болды. Оның үстіне бұл соғысқа жан-жақты көмек те ауадай қажет еді. Осындай жағдайда Шығыс Түркістандағы Оспан батырдың көтерілісі уақытша оқ атуды тоқтатты. Миллиондаған қой, он мыңдаған ірі қара, тағы басқа азық-түлік ашық шекара саудасы арқылы Кеңес одағына жіберіліп жатты. Кеңес одағының Үрімжі тауындағы «Тудың қаба» деген жерде құрылған соғыс самолеттерін жасайтын зауыты күніне ондап истребительдерді жабдықтап, ұшырып тұрды. Майтаудан мыңдаған тонна жанар май, Алтайдың Көктоғайынан тонна-тонна уран рудасы жіберіліп тұрды. Майдан үшін пайдалы тыл – «артқы сап» болған бұл өлкеде дәл сол тұста мылтық атып, жұртты алаңдату пайдасыз еді. Сондықтан Оспан батыр Дәлелханның кеңесі бойынша соғыс қимылын тоқтатып, Моңғолияның Даусән төнге – «үш қыз» деген таулы өңіріне барып, елін қоныстандырды. Соғыс кезінде Зайсан шекарасына дүркірей өтіп, Қазақстан жерін жайлап отырған елдің өз мекендеріне қайтарылуын ұйымдастырды.

Алтайдағы көтеріліс жағдай талабына орай уақытша тыныштанғанымен, Шығыс Түркістанның басқа жерлеріндегі қозғалыстар тоқтамады. Үрімжі қаласында Абдырейім Айса, Әблез Мұхаммәди, Әнуар Салжан, Тұрғұн Алмас, Ахмет Жүнісов, Қали Ысқақов, Сантырбайлар ұйымдастырған Шығыс Түркістаншыл жастар қозғалысы жұмыс істей бастады. Майтауда тұратын полковник Сопахұн өз қарауындағы мұсылман әскерлерімен көтеріліс жасап, Нылқыдағы партизандар қозғалысына қосылу үшін аттанды. Бұларға көмектескені үшін Сауандағы Нұрпай үкірдайды Шың шисәй аттырды, «жүрегін суырып алып қанын ішіпті» деген суық хабар Еренқабырға жайлауындағы елді дүр сілкіндірді. Атақты Өндірхан зәңгі ұсталды.

Еренқабырға елінің осы дүрліккен қимылы Қалибек басқарған партизандардың ұйымдасуына себеп болды. Үрімжі қаласының өкпе тұсынан пайда болған бұл қарулы қозғалыс үлкен күшке айналды. Алтайдың Қаба ауданында Хожахмет пен Әнуар Торғаевтар ұйымдастырған партизандар да қарап жатпады. Тарбағатай аймағының Шәуешек қаласында Дубек Шалғынбаев, Жағда Бабалықов, Ахметқали Бітімбаев, Балқаш Бапиндер ұйымдастырған «Азаттық ұйымы» жасырын да, ашық та жұмыс жүргізді. Бұл ұйымға Әнуар Жакулин, Қалдыбай Қанапин, Арұп Нәсиби, Әбдылхамит Әжиев, Телмұхамбет Қанағатов, Құсайын Қисамиденов, Шаяхмет Тойкин, Ілияс Ақшин, Жексенбай Еділов, Сіләмбек Төгісов, Қамаш Айтқазы, Тұрсын Мұстафин, Шәкен Елебаев тағы басқа көптеген зиялылар қатысып, іске кірісті. Шағантоғайда Балқаш Бапин, Толы ауданында Нұрсапа Айтжанұлы бастаған партизандар ұйымдасты. Алтайда Оспан батыр қайтадан қозғалысқа кірісті. Сарысүмбе қаласында Қами Асылханов, Бәделхан және Бәтихан Сүгірбаевтар, Мұсылманбек Төгісев, Қажынәби, Қалманқазылар да астыртын ұйымдастыру жұмысын жүргізе бастады. Ақсуда Лұтпулла Мүтәлип, Қашқарда Қасымжан Қамбари басшылық еткен төңкерісшіл ұйымдар да қимылдай бастады,

Бұл 1940-1944 жылдардың аралығындағы қозғалыстар еді.

Шығыс Түркістандағы осы қозғалыстар және Кеңес одағындағы Отан соғысының жеңіске қарай бет ала бастаған жағдайы Шың шисәй әкімшілігінің тағын шайқалта бастап еді. Сондықтан ол Кеңес одағымен достық байланысын үзіп, Шыңжаңнан кетуге бел байлады. Інісі Шың биуды Гоминдаң үкіметімен байланыс жасауға жіберіп, Шыңжаңды Гоминдаң билігіне өткізу жөнінде келісім жасады. Өзі жинаған ұшан теңіз байлығын тасып әкетуге бел байлады. Бұл кезде Жаң кәйши оны Гоминдаң мемлекетінің орман шаруашылығы министрі етіп тағайындап та қойған еді.

1936 жылы Қытай коммунистер партиясы Шынжаңға Мау зедунның інісі Мау зимиң бастаған бір топ коммунистерді – 28 адам жіберген болатын. Олардың ішінде экономика ғылымының докторы, ғалым Шың зиан да бар еді. Бұлар да Шыңжаңды гоминдаң билігіне өткізуге қарсы шықты. Шиң шисәй оларды да түрмеге қамап, Мау зимиң мен Шиң зиянды атып тастады.

Шынжаңды гоминдаң билігіне өткізгендігі және Кеңес өкіметімен қатынасын үзгендігі туралы ашық жариялады да, 1944 жылдың қазан айында Шиң шисәй 39 жүк машинасына тиелген байлықпен Шыңжаңнан кетті. Оның орнына У жиңшиң деген біреу келді. Гоминдаң армиясынан бірнеше дивизия келтірілді. У жиңшиң түрмедегілерді жаппай босату арқылы өзін жарылқаушы етіп көрсетпек болды. Түрмеден мыңдаған адам босатылды. Мұндай айлакерлікке сенбеген төңкерісшілер ала сапыран жағдайды пайдаланып, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық төңкерісін бұрқ еткізіп, бастап жіберіп еді.

Бұл көтеріліс – жер-жерде ұйымдасқан төңкерісшілердің бір мақсаттағы бір бүтін күшке айналуы болды. Күрес партизандық әдіспен қанат жайды. Жер-жерде басталған партизандық шабуылдар дұшпанның күшін ыдыратып, естен тандыру тактикасын дұрыс қолдана білді. Ауылға сүйеніп қалаларды босатып алу бағыты ұсталды. Азат етілген елді мекендерді халықтық басқаруға беріп, төңкерісті бүкіл халықтық күреске айналдыру стратегиясы қолданылды.

Іле аймағын азат етуде қарсылық көрсеткен үлкен күшпен тайсалмай айналысқан Нылқы партизандары болды.

Нылқы партизандары дегеніміз Әкбәр батыр, Сейіт батыр, Фатих батыр, Ғани батыр бастап аттанысқа келтірген мыңдаған көтерілісшілер тобы еді. Олар Нылқы ауданына орналасқан гоминдаң батальонын талқандап, аудан орталығын өз қолдарына алумен атағы жайылған ержүрек көтерісшілер тобы болатын. Дәл сол мезгілде Күнестің төріндегі Дағыты асуы арқылы Құлжаға жіберілген гоминдаңның үлкен түйе керуенін Әкбәр батырдың жасақтары қолға түсірді. Керуенді қорғап келе жатқан қарулы күшпен Күнес өткелінде айқасқан партизандар екпінді ұранмен, батыл шабуылмен, қырағы мергендікпен дұшпанды үрейлендіріп алды да, қоян-қолтық айқасқа өтіп, ат үсті қамшыгерлік, сойылпаздық өнерлерімен де естерінен тандырған. Сонымен жеңілген жаудың қолынан бес-жүзден астам мылтық, ондаған автомат, пулеметтер тартып алынды. Түйе керуеніндегі қыруар әскери қару-жарақ, дәрі-дәрмек, киім-кешек, азық-түлік қолға түсті. Бұл жеңіске масаттанған жергілікті халық көтерілісшілерді одан әрі қолдауға кірісті. Еріктілер арқылы партизандардың қатары көбейе берді. Сондықтан да жасақталған жау күшімен айқаса алатын сенімді күш «Нылқы партизандары» деген мадақтаулар айтыла бастады.

Дәл осы мезетте Құлжа қаласында да Ахметжан Қасыми, Ысқақбек Монинов, Әбдікерім Аббасов төте басшылық еткен көтеріліс те басталды. Қорғанға бекінген жауды ойсырата талқандау оңайға түспеді. Сондықтан Нылқы партизандарына бұйрық беріліп, партизандар шеруі қалаға кірді де, қала көтерілісшілерімен бірлесе отырып, қиян-кесті шабуылға араласты.

Қаланың негізгі аумағы азат етілгенімен, барлық күшін Айранбақтағы қорған ішіне жинап, қарсылық көрсеткен гоминдаңшылар беріле қоймады. Қаңтардың қақаған аязды суығында соғыс ұзаққа созылды. Осы Құлжаға жасалған шабуылда Әкбәр, қала ішіндегі ұрыста Сейіт батырлар шәйіт болды. Бұл қиын жағдайдағы соғыс қозғалыс тарихында «Айранбақ шайқасы» деп аталады. Ғани батыр тобы Іле аймағына келетін қара жолды, тау асуларын, Фатих батыр тобы оңтүстікпен байланысатын асуларды күзетке алғандықтан гоминдаңның көмекке жіберген күштері шендеп келе алмады. Айранбақ қорғанына тығылған жаудың бір тобы қорғаннан шыға қашып қырылса, қалғаны еріксіз берілді. Құлжа қаласы толық азат етілді.

Жылы өлкелерде өскен солдаттар Тянь Шан тауының қаңтардағы суығына төзе алмады. Осындай жағдайларды сылтау еткен Гоминдаң басшылығы шабуылдауды тоқтатып, жаз шығуын күтті. Ірі күштерін Үрімжі – Іле, Үрімжі – Алтай, Үрімжі – Тарбағатай жолдарының бойындағы Манас, Шиху, Жың, Қобық секілді бекеттерге шоғырландырды, бекіністер жасап әуреленді.

Уақыт төңкерісшілер үшін ұтымды болды. Ахметжан Қасымидың жобасы бойынша Шығыс Түркістан Жұмһүрияты деген атпен төңкерісшіл жаңа өкімет құрылды. Діни ғұлама Әлихан төре Шакиров жұмһүрият райысі, Әбілқайыр төре мен Әкімбек қожа райыстың орынбасарлары болып тағайындалды. 1944 жылдың 12 қарашасында мемлекеттік өкімет құрылғандығы жарияланды. Әзірше атақтап өкімет мүшелері тағайындалмады, жетекші зиялылар тобы өкімет ісіне көмектесіп тұрды да, сайланбалы өкімет мүшелерін тұрақтандыру азат етілетін аймақтар үлесіне қалдырылды.

Тарбағатай, Алтай аймақтары азат етілгеннен кейін үш аймақ көлемін қамтып, төңкеріс заңдылығына сенген, халқына сыйлы, жігерлі күрескер азаматтардан өкімет мүшелері тағайындалды. Әзірше 21 адам, олар:

Әлихан төре Шакиров - ұлты өзбек, діни ғұлама, өкімет рәйісі.

Әбілқайыр төре - қазақ, Іле қазақтарының төресі, орынбасар рәйіс.

Әкімбек хожа - ұйғыр, Іле ұйғырларының бегі, орынбасар рәйіс.

Әбдірауіп Махсүм - ұйғыр, Шығыс Түркістан үкіметінің бас хатшысы.

Асхат Ысқақов - татар, Шығыс Түркістан үкіметінің бас хатшысының орынбасары.

Бұлар өкімет мүшелері ішінен белгіленген орталық өкіметті басқарушылар және орнықтырушылар болды. Негізгі ақылшылар, шешуші дауысқа ие өкімет мүшелері:

Ахметжан Қасыми – ұйғыр, саясаткер, дипломат.

Сәйфудин Әзизи – ұйғыр, мәдениет және ағарту істерін басқарушы.

Ысқақбек Монинов – қырғыз, ұлттық армияның бас қолбасшысы, генерал-лейтенант.

Дәлелхан Сүгірбаев – қазақ, ұлттық армияның орынбасар басшысы, генерал-майор.

Оспан батыр – қазақ, Алтай аймағының бастығы.

Ғани батыр – ұйғыр, халық батыры.

Фатих батыр – татар, Нылқы ауданының әкімі.

Қалибек батыр – қазақ, Сауан ауданының әкімі.

Басбай – қазақ, Тарбағатай аймағының бастығы.

Сәйфуллаев – ұйғыр, кеңесші.

Лескин Ф. И. – орыс, армия полковнигі.

Ерде Бұлғынов – моңғол, моңғол дивизиясының командирі.

Әбдікәрім Аббасов – ұйғыр, жастар істер жетекшісі.

Шүмытүң – Сібе, әскери барлау басқармасының орынбасары, полковник.

Рақымжан Сабырхажиев – ұйғыр, ішкі істер басқармасының бастығы.

Мансүр Шамиев – дүнген, полк командирі, полковник.

Өкімет мүшелерінің құрамы тұрақтанумен, екінші рет төңкерістің мақсат-талабына үйлескен прогрессивті программа жарияланды. Программаның негізгі мазмұны: гоминдаңдық «қытайлық» милитаристік өктемдіктен түбегейлі құтылу, халықтық демократиялық мемлекет құру, діндік сенімге, сөз еркіндігіне, ереуілдер жасауға еркіндік беру, ел басқарушыларды халықтық сайлау жолымен белгілеу, ұлттар теңдігін құрметтеу, ұлттық армия құру, Совет өкіметімен және шекаралас елдермен достықты сақтау, келешекте Қытаймен де дипломатиялық достық байланыста болу, мәдениетке, оқу-ағартуға, халықтың денсаулығына мән беру, жер асты байлығын мемлекеттің иелігінде ұстау, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын өркендету үшін халықтың жеке меншік хұқығын құрметтеу, ұйғыр тілін мемлекет тілі етіп пайдалану.

Программадағы ортаға қойылған міндеттерді орындау өте ауыр еді. Экономикалық жақтан мемлекеттік бюджетті тәртіппен басқару үшін алдымен әскери шығынды қамтамасыз ету кезек күттірмес міндет болды. Ол үшін аса қатал түрде үнем тәртібін сақтау міндеті қойылды. Сондықтан далиған көп шығынды талап ететін көп салалы, кең штатты көп министрлік құрылымы қолданылмады. Программада белгіленген міндеттерді өкімет мүшелері халыққа сүйеніп, төте басшылық ету арқылы далиған апаратсыз-ақ орындап отырды. Бұл уақыт талабынан туындаған әдістер еді.
***

Мемлекеттің көз алдындағы тығыз да күрделі мәселенің бірегейі ұлттық армия құру мәселесі болды! Бұл мәселе барлық ынта-жігермен қолға алынды. 1945 жылдың 8-ші сәуірі күні Шығыс Түркістан ұлт-азаттық армиясының құрылған күні деп жарияланды. Армияның қолбасшысы болып генерал-лейтенант Ысқақбек Монинов, орынбасарлары болып генерал-майор Дәлелхан Сүгірбаев пен полковник Зұнұн Тәйіпов, штаб бастығы болып генерал-майор Мажаров, саяси басқарманың бастығы болып Әбдірейім Хасанов тағайындалды. Сөйтіп, армия штабы іске кірісті. Партизандық құрамадан замандасқан тұрақты армия ұйымдастырыла бастады. Сол кезде Іле аймағында ұйымдасқан партизандар тобынан Іле атқыштар полкі, Текес атты әскер полкі, Сүйдің атқыштар полкі, Кеңсай полкі, Дүнген дивизионы, моңғол дивизионы, артиллерия дивизионы, Сібе эскадроны құрылды. Сол құрылымдағы адам саны 13 мыңға жетіп еді.

Ұлттық армияның бұл кездегі пайдаланған құралдары жаяулар мылтығы, автомат пен аздаған пулеметтер болатын. Ауыр қарулар жоққа тән еді. Ең мықты құрал – жауынгерлердің азаттыққа, еркіндікке ұмтылған жігер-қайраты. Солай да жауынгерлерді соғыс шеберлігіне үйретудің, партизандық соғыс тактикасын жетілдірудің маңызы зор болды. Сондықтан Кеңес одағынан әскери мамандар, тәжірибелі командирлер сұрауға тура келді. Бұл ұсыныс қабылданып, генерал Палинов, полковниктер Доскенов, Ғайса Дүйсенбеков, Ісламбек Әзезханов, майор Әбдірахман Орекенов секілді әр ұлттан құралған ондаған офицерлерді жіберді. Бұлар ұлттық қарулы күшті соғыс өнеріне жаттықтырумен айналысты.

Жаз шығып, жер кеңіген соң жорықты Гоминдаң емес, Шығыс Түркістан ұлттық армиясы бастады.

Ұлттық армияның шабуылы Үрімжі бағытындағы Жың, Шиху бекіністеріне, Тарбағатай, Алтай бағытындағы Дөрбелжін, Қобық бекіністеріне қаратылды. Шиху, Жың бағыты – орталық майдан, Алтай бағыты – шығыс майдан деп аталды. Орталық майдан жорығын генерал Палинов пен полковник Ғайса Дүйсенбеков, шығыс майданды полковник Доскенов, Лескин, Юншиев Айтуған басқарды. Ұлттық армияның Тарбағатай бағытына жасалған екпінді шабуылына Жағда Бабалықов, Балқаш Бафиндер ұйымдастырған Тарбағатай партизандары да елеулі үлес қосты. Осы екпіннен үрейленген Гоминдаң босқындары Кеңес одағынан пана сұрап, екі мыңдай адаммен Қазақстанға өтіп кетіп еді, Шәуешек қаласы соғыссыз азат етілді. Шығыс жорығы Қобықтағы Гоминдаң полкін бағындырып, одан Алтайға беттеді де, Оспан батырдың қарулы күшімен бірлесе қимылдады. Сөйтіп, Алтай азат етілді. Осы жеңістен кейін Оспан батырдың елі Моңғолия жерінен өз қоныстарына келіп қоныстанды. Оспан батыр Сарысүмбеге келіп уалилік тағына отырған. Генерал Дәлелхан Алтайға келіп, орынбасар уалилік міндетті қосымша атқаруға кірісті.

Тарбағатай, Алтай аймақтарын азат ету жорығы барысында халықтың қолдауымен Тарбағатай атты полкі, Қобық атты полкі, Сарысүмбе атты полкі құрылды. Үрімжіге шабуылдауға бет алған жорықта Шиху атқыштар полкі, Сауан атты полкі құрылды. Сонымен ұлт-азаттық армияның құрамы 30 000-нан астам жауынгерлермен толықты. Мұның сыртында әлі тұрақты армия санатына алынбаған Оспан батыр партизандары, Қалибек батыр партизандары және Еренқабырға мен Тянь Шан тауының ұрымтал асуларын күзетіп жатқан Қазыхан партизандары, Рафих Байчурин партизандары бар еді. Бұлардың барлығын жинақтай есепке алғанда қарсыласқан жауға қирата соққы берерлік 40-50 мыңдай қарулы күш аттаныста тұрды. Оның үстіне халықтың өзі аттандаған ұран көтерілсе жаппай аттануға әзір тұрғанын айтыңыз!

Осынша күшті тез ұйымдастыра білген – Шығыс Түркістан үкіметінің Үрімжі бағытына қаратқан соғыс қимылы кескілескен шабуылмен өтіп жатты. Бұл шабуылдың екпінді хаупін сезген Гоминдаң жетекшілері «Шыңжаң мәселесін бейбіт жолмен, демократиялық бағытпен шешуді» ұсыныс етіп, ортаға қойды. Сөйте тура, тағы бір жағынан жасырын әдіспен жеті аймақтағы азаттық көксеп, елеңдеп отырған халықты «Чинни Түркістан» деген ұранмен алдап-арбауға кірісті. «Чинни Түркістан» атандырып, Гоминдаң құшағына итермелеу үшін қолданған, төңкерісті тұншықтыру тәсілі еді.

Бұны түсінген Шығыс Түркістан жетекшілері бейбіт келіссөзге отыруға келісті. Мақсат – келіссөз арқылы дипломатиялық әдіспен қаскүнемдікті әшкерелеу, шынайы демократиялық қоғам құруға елді сендіре алса қан төгуді тоқтатып, бейбіт өмірге қол жеткізу болды.


* * *
Гоминдаңның келіссөз жүргізетін өкілі өзін демократпын деп есептейтін айлакер Жаң жежүң деген екен. Ол Гоминдаң партиясы орталық комитетінің бөлім менгерушісі, атақты дипломат көрінеді. Шығыс Түркістан жағынан Рақымжан Сабирхажиев, Ахметжан Қасими және Әбілқайыр төре белгіленді де, Үрімжіде келіссөз басталды. Келіссөз ұзаққа созылды.

Ұзаққа созылуға себеп болған негізгі талас – Жан жежүңнің «алдымен бейбітшлік және бірлік» болсын, одан кейін «еркіндік, демократия жайлы сөйлеселік» деген талап қойды, бұл талап келіссөзді соза бергісі келген амалының салдары еді. Ондағы мақсаты: «Алдымен ұлттық армияны таратып жіберіп, тыныштық орнатайық, өкіметті таратып жіберіп, бірлікке келейік, содан кейін «еркіндік, демократия жайлы сөйлеселік», – деп бұлаңдады. Бұл бұлаң құйрықтықтың көздегені қару-жарақсыз «жалаңаш корольмен» еркін сөйлесу еді. Мұны түсінген алғыр саясаткер Ахметжан Қасыми: «Жоқ, алдымен еркіндік, сол еркіндіктің негізінде демократияны қалыптастыруымыз керек» – деген принципте тапжылмай тұрды. Өйткені: «Алдымен – бейбітшілік – деп қарулы күштен айырылу, одан кейін «бірлік» деп программалы төңкерістік өкіметті құлату болмақ. Одан кейінгі еркін демократиядан үміт күту барып тұрған ақылсыздық, халық бақытына, тарих заңдылығына жасалған орны толмас қиянат...» , – деп түсінді.

Осындай таласпен келісімге келе алмай, үш рет таралып кетіп, үш рет келіссөзге қайта оралу тәсілдері салдарынан келіссөз ұзаққа созылған-ды. Ең соңында Ахметжан Қасымидің пікірі жеңіп, 1946 жылдың 2 қаңтары күні 11 тармақты бейбітшілік келісімнің бітім-шартына қол қойылды.

Үкімет мүшелері ұйғыр ұлтынан 15 адам, басқа ұлттардан 10 адам болу, жергілікті әкімшілік, заң басшылары халықтық сайлаумен белгілену, өкімет ісі екі тілде – қытай және ұйғыр тілдерінде жүру, баспасөзге, жыйын ашуға, халықтық ереуілдерге, дінге сенуге еркіндік беру, ұлттық армияның үш полкін гоминдаң армиясы құрамында ұстап, толық жабдықтау. Устав бойынша әскери форма, әскери шендер тағумен қалыптасу, қолға түскендерді қайтару. Гоминдаң армиясынан қолға түскен 2 мыңдай тұтқын қайтарылды, жергілікті халықтан түрмедегі 200-дей адам босатылды...

1946 жылдың 18 маусымы күні бітім шарты бойынша Шыңжаңның біріккен өлкелік үкіметі құрылды. Үкімет райысы болып Жаң жежүң, орынбасарлары болып Ахметжан Қасыми мен Бүрхан Шәһиди тағайындалды. Өкімет құрамы әр ұлт кадрларымен толығып, іске кірісті. Екі тілде іс жүре бастады.

Бұл ағым ұзаққа бармады. «Чинни Түркістаншы» Мәсғұт Сабири тобы ішкі қытайдан шақырылып, Үрімжіге келтірілді. Солар арқылы Шығыс Түркістан қозғалысын «Чинни түркістаншылар» қозғалысына айналдыру арқылы отарлық жүйені сақтап қалу ісімен шұғылдануға кірісті. Мұндай опасыздық жергілікті халықтың ғазабын қозғады. Үрімжі қаласында жастар ереуілге шығып, бітімнің бұзылмауы үшін үн көтерді. Гоминдаң үкіметі жасырын түрде жастарды қолға ала бастады. Генерал Сүн шиланнің жетекшілігінде «Тұтқыннан босағандардың өш алуы» дейтін ереуілдер ұйымдастырылды. Олардың «Ахметжан Қасыми кетсін! Кетпесе өлтіреміз!» – деген үрейлі ұрандары жиі естілді де. Ішкі Қытайдан әскерлер тасыла бастады...

Сондықтан бітімге қиянат жасалып, оның бұзылғанына гоминдаң жағының айыпты екені жарияланды да, Ахметжан Қасыми өзімен бірге барған кадрларымен Құлжаға қайтты.

Тыныштық бітімі бұзылды, текетірес қайта басталды. Ұлттық армия жинақталып, қалпына келтірілді. Екі аралықтағы Манас өзенінің бойындағы қорғаныс шебі, шығыста Алтай бекінісі күшейтілді, оңтүстіктегі асулар тиянақты қорғалды.


***
Халқы 10 миллиондай деп есептелетін Шығыс Түркістанда 14 ұлт өмір сүреді. Осы ұлттардың діни сенімдері, әлеуметтік көзқарастары әртүрлі. Ислам дініне сенушілер, буддистер, христиан дініне сенушілер, шаман дінін ұстанушылар да бар еді. Саяси аренада әлеуметтік көзқарастары, мұрат-мақсаттары әртүрлі топтар болып қалыптасқан. Мысалы, панисламизм, пантүркизм, коммунизм, сәнмин мұраттарын жақтаушы ағымдар болды. Оның үстіне жерлестік, рушылдық көзқарастар өршіді. Қазақ зиялылары арасында Алаш қозғалысы байқала бастады.

Мұндай ағымдар төңкерістің алғашқы толқынында бір-бірімен арбаспай, бір ғана отаршылықтан құтылу бағытына жұмылған сияқты еді, бітім жасалып, қарулы қақтығыс тоқтағаннан кейін Гоминдаң саясатшылары саяси аренада осы ағымдарды пайдаланып, береке-бірлікті ыдыратудың тәсілін қолдануға кірісті.

Гоминдаң үшін аса қауіпті өңір бостандық үшін күрескен Іле, Тарбағатай және Алтай аймақтары еді. Осы үш аймақтың негізгі халқы қазақтар. Армия құрамының да көпшілігі қазақ жастары болғандықтан, үш аймақты іштен бүлдіріп, төңкеріс ошағының отын өшірудің амалын ойластырды. Сондықтан қазақтар маздатып отырған төңкеріс отын қазақ қолымен сөндіруді ойластырды.

Осындай мақсатпен Алтайдағы Абақ керейді билеген Әлен уаңның жұбайы Қадишаны өздерінше «Хади уаң» деп атап, Үрімжі аймағының уалиі етіп тағайындады. Алтайлық беделді адам Жанымхан қажыны қазына министрі етіп орналастыра салды. Генерал Закерияны – Закшиниді Үрімжі аймағының қорғаныс қолбасшысы, Сәлісті өлкелік үкіметтің бас хатшысының орынбасары етіп тағайындады.

Түркияда тұратын негізі шығыс түркістандық ұйғыр зиялыларынан Масғұт Сабири, Айсабек, Мәметемен Боғраларды шақыртып алды.

Шыңжаңдағы мемлекеттік билік құрамына гоминдаңның мұндай өзгерістер енгізудегі мақсаты солардың атын пайдаланып, ұлтжандылық, діншілдік, жершілдік көзқарастарын пайдаланып, халықты коммунизм шырмауынан сақтандырудың пайдалы шарасы деп үміт артты. Тағы біржағынан оларға билік берген болып, үш аймақты билеп отырған абыройлы адамдарды Алтайдың уәлиі Оспан батырдың, Тарбағатайдың уәлиі Бабайдың, Іле аймағының уәлиі Әкімбек қожаның, Сауан ауданының әкімі, атақты партизан Қалибектің бет-беделіне нұқсан келтіру еді.

Осы әкімдер де, арттарынан ерген халық та ала-бөтен ой жоқ, қуаныштары құшақтарына сыймай, еркіндікті мақтаныш етіп, елін басқарысып жатқан-ды. Сол қуаныштың үлкен бір тойы Қалибек елінде өтіп еді. Сол тойда мен де болып едім.

Ұлужан жайлауының құлпырған жасыл шағы. Жағалай тігілген екі жүзден астам ақ шаңқан үйлер. Сойылып жатқан қойлар, ту биелер, сапырылған сары қымыз. Тойға келген жұрт бір-бірімен жүздесіп, жеңістерін құттықтасуда.

Той басталмай кешікті. Сөйтсек, бала Қамза деген жігітті күткен екен. Қамза абыройлы әулет ұрпағы, оның үстіне Еренқабырғаның «Дану» деп аталатын өте қиын асуынан асып, Құлжа қаласына барып, ұлттық төңкеріс жетекшілері Ахметжан Қасыми мен генерал Ысқақбекпен кездесіп, байланыс орнатқан батыл да тілді жігіт екен. Қару-жарақ көмегін алып, Қазыхан бастаған партизандар тобын ертіп келген. Сонымен олар күресе жүріп, елдің амандығын қорғасқан. Осы еңбегімен елінің құрметіне бөленген жігіт көрінеді. Сондықтан да тойдың басталуына оның келуін күткен екен. Бір кезде ақбоз атқа мінген, ақ киім киген сымбатты ақ сары жігіт нөкерлерімен келіп түсіп еді, Қалибек әкім тойдың басталатынын жариялап, жұртты той қуанышымен құттықтады. Денелі де сымбатты бір ақсақал ортаға шығып бата беріп, тілек тіледі. Бұл кісі елге қадірлі Арыстанбай молда екен.

Жұрттың қуанышында шек жоқ. Бәйге, палуан күресі, қыз қуу, теңге ілу ойындары өтті... Құлжадан бас қолбасының орынбасары полковник Хасенов бастаған қонақтар келіпті. Тарбағатайдан орынбасар уәли Қасымхан, Мұқаш молда, Ақметқали Бітімбаев, орталық майдан штабынан генерал Палинов, полковник Ғайса Дүйсенбеков, Әбдірахман Өрекенов бастаған офицерлер келгенбіз. Қонақтар тойға еркін араласып, Қалибек, Қамза, Такімандар бастаған партизандардың ұлт-азаттық төңкеріске қосқан үлестерін мадақтасып, құттықтасып жатты. Генерал Палинов Қалибек әкімге маузер сыйлады. Той қуаныш құшағында азаттық, еркіндік лебі ескен жағдайда өтіп, ел мәз боп тарқап еді.


* * *
Жан жежүң келіссөз кезінде қайта-қайта сөйлеп: «Шыңжаң халқын езгендер сол кездегі билеушілер, орталық өкімет жердің шалғайлығынан оларға бақылау жасай алмады, бұдан былай ондай қаталықтарға жол берілмейді. Сәнмин жұйи халықты қорғайтын мұрат», – деп дәріптеп шалқыған-ды. Бітімнен кейін бірлескен өкімет құрамына араласқан Хади уаң да, Жанымхан қажы да осы бір жылы сөзге арбалып, Гоминдаң билеуінен үміт күтті. Сонда «сәнмен жұйиді» мұрат тұтқан Қытай өкіметінің сол тұстағы жағдайынан және келешегінен нені күтті екен?

Хади уаң мен Жанымхан қажы Шәріпхан Көгедаевтың ой-арманын саналарына сіңірген жандар еді. Ал Шәріпхан төре кезінде Алтай аймағының генерал шенді губернаторы болған, саналы адам болатын. Ол халқының келешегі үшін толғанғанда: «Сәнмен жұйи» жарылқайды деп жүрміз, ол да белгісіз! Совет елін билеген коммунистерде де береке жоқ. Кімге сүйенуіміз керек?» – деп толғанар еді де: «Дүние жүзіндегі түрік қауымдастығы бас қосса, шашылып жүрген қазақ халқы жиналып, бір тұтас елге айналса, сол қауымдастықпен бір ниеттес бола білсе, сонда ғана келешегімізден үміт күтуге болар еді, ұрпағымыз сенімді өмірде өсіп-өніп, өркендер еді», – деп армандайды екен.

Осы арман көкейлеріне қонған Хади уаң мен Жанымхан қажыны Шығыс Түркістанда жасайтын түрік қауымының тәуелсіздік үшін арпалысқан күресін қолдамайды деуге болмайды. Бірақ оларды атеистік үрей, таптық күрес қаталдығы жайындағы қорқынышты әсер баурап алған екен, сол таныммен Шығыс Түркістан ұлт-азаттық күресінің жеңісін коммунистер жетекшілігі араласқан жеңіс деп қарап, оған қарсы болды.

Түлкі бұлаң алдампаздықпен жарылқаған мәнсапқа масаттана қарап, айлаға тез ілікті де, қожаларының тапсырмасы бойынша азғыру мен бүлдіру жұмысына кірісті. Бірінші объектілері Оспан батыр болды. Тез тіл табысты.

Батырдың бірбеткей, айнымай келген райының тез өзгергендігі жұртты қатты таңырқатып еді. Өйткені батыр көтеріліске аттанғанда Шың шисәй Бұрхан Шаһаиди бастаған бір топ адамдарды жіберіп, келіссөз жүргізгенде райынан қайтпаған, кейінірек қазақ-қырғыз ұйымының төрағасы Махмұт Шөкемановты жібергенде, оны ұстап апарып Моңғолияға өткізіп берген екен. Батыр осындай бірбеткей батылдықпен он жылдай күресіп келіп, енді аяқ астынан Хади уаң, Жанымхан қажы арқылы гоминдаңмен ымыраға келе қалуына не себеп болды екен? Бұған не айтуға болады?

Батырдың бұл бет бұрысындағы мақсаты – гоминдаңға сүйеніп, коммунизм әсерінен таза Алтайды өз қолына алу екен. Сондықтан уәлилік міндетін тастап, Бәйтік тауын бетке ұстап, Сарысүмбеден кетіп қалды. Ен далада жатып Гоминдаң көмегін күте-күте күңіренді. Бет бұрғандықтың белгісі болсын деп айбын көрсетіп, Сарысүмбе қаласына шабуылдады. Беті қайтты. Сонда да адамдары көрші аймақтардағы елдің малын тонап, мазасын алуын тоқтатпады.

Осындай беймазалық жағдайдан хабардар болған Шығыс Түркістан жетекшілері Әлихан төре атынан хат жазып, қайтып келуін сұрап еді, оған жауап болмады. Мұндай жауапсыздық «алған бағытымнан қайтпаймын» дегеннің белгісі еді.

Оспан батыр Гоминдаңнан үміт күткенде Қытай елінің өмірінде жүріп жатқан әлеуметтік толқуларды, әлемдегі өркениетті бағытты байқай алмады. Түлкі бұлаң жылы сөзді, жалған уағдаларды малданып масаттанды. Райынан қайтып, тез алдауға түсуінің себебі осы еді.

Гоминдаң аушылары Қалибекке де тор құрып, оны да ауға түсіріп үлгірген екен, ол Оспан батырмен тілдесе отырып, елін бастап, ұлттық армияның тосқауылын бұза көшіп, Гомиңданға өтіп кетті.

Оспан батыр мен Қалибектің күрт бет бұрысы гоминдаң билеушілерін жігерлендірді, үш аймақ өкілдерін тұншықтыру тенденциясын тудырды, экономикалық шектеулер күшейе бастады. Оның үстіне Оспан батырдың, Қалибектің, тағы басқалардың райына қарап, панисламизм, пантүркизм ағымдарынан пайдалану саясатын жүргізе бастады. Түркиялық ұйғыр зиялыларынан Масғұт Сабири, Айсабек, Мәметемен Боғраларды жұмысқа жекті. Масғұт Сабириді өкімет төрағалығына, Айсабекті бас хатшылығына белгілеу даярлығы жүре бастады.

Осындай саясаттағы текетірес шешілуі қиын түйінге айналды. Сонымен он бір бітім бұзылды. Ахметжан Қасыми бастаған уәкілдер тобы Құлжаға қайтып оралды. Оларға қосылып, Үрімжіде тұратын төңкерісшіл азаматтардан Әбдірейім Айса, Сантырбай, Әнуар Салжан тағы басқалар да Құлжаға келді. Бітім бұзылды, Чинни түркістаншы Масғұт өлке райысы болды.

Үш аймақ пен Гоминдаң арасында тағы да әскери стратегиялық текетірес басталды. Орта бағытта Манас өзені шекара сызығы болып қалды. Қайтадан бекініс ұсталды. Оңтүстікте – Күнес, Мүздауан асулары бекітілді. Шығыста – Алтай қорғанысы сақталды. Сөйтіп, әскери аңдысулар қайта басталды.

Бұл кезде халық азаттық армиясының шабуылы күшейіп, екпінді жеңіспен ілгерілеуде еді. Қытайдың көп жерлері коммунистердің билігіне өткен. Шыңжаңға шекаралас Гансу өлкесі де алынған. Ланжу қаласында да коммунистер билігі жүре бастаған болатын. Ендігі жерде сол екпінмен алыстағы Шыңжанды азат ету мәселесі тұрды. Өйткені Шыңжанда Гоминдаңның жүз мыңдаған қарулы күші орналасқан. Бұл күшті үш аймақтағы ұлттық армияның қадағалауымен ұстап отырған болатын.

Осындай жағдайда Шығыс Түркістан республикасы. мен Қытай коммунистер партиясы арасында түрлі каналдармен байланыс жасала бастады. Қытай компартиясының өкілі Ложи деген адам Құлжаға келді. Ол Мау зыдүңның хатын алып келген екен, хатта айтылған «бірлескен жаңа жұңго құру үшін бізбен қосылып күресулеріңізді сұраймын» деген мазмұндағы тілек екен. Сонымен бірге Пекинде өткізілуге даярланып жатқан бірінші кезекті саяси мәслихат кеңесінің бірінші мәжілісіне қатысуға шақырылған. Бұл лебіздер ұлт-азаттық төңкерісінің заңдылығын танығандық еді.

Шығыс Түркістан халқы, әсіресе, зиялылар қауымы бұл тілектерге қарсы болмады. Өйткені компартия жетекшілік еткен Қытайдағы халық азаттық төңкерісі жайлы фантазиялық таным, оның жеңісін армандау, сонау, 1936 жылдан бері немесе Мау зимың мен Шын зиаңдар Шыңжаңға келгеннен бері халықтың рухани сезіміне сіңе бастаған сенімдер болатын. Олар алдымен жастарды тәрбиелеу, халыққа кең көлемде түсінік беру жұмыстарын қолға алған-ды. Студенттерден ұйымдастырылған үгіт-насихат тобы бүкіл өлкені аралады. Милитаристік езгіден, шетелдік, әсіресе, Жапон самурайларының талан-таражынан отанды құтқару үшін коммунистер партиясының басшылығымен жүріп жатқан күресудің керек екендігі жайлы сенімді де әсерлі насихаттар алып барылды. Есте қаларлықтай айбынды ұрандар жазылған плакаттар таратылды. Ойын-сауық арқылы ақпарат құралдары, ұлылы-кішілі жиындар арқылы әсерлі түсініктемелер берілді. Бұл үгіт-насихаттың, әсері халық санасында, әсіресе, көптеген зиялылар санасында сақталып қалған-ды. Шығыс Түркістан халқының азаттығы да осы күреске байланысты шешіледі деп сеніп, сол күрестен үміт күтетін.

Санасын осындай танымдар билеген зиялылардың бірі Әбдікәрім Аббасов еді. Ол Мау зимиң бастаған үгіт-насихатшылар тобының саналы қатынасшысы болды. Ол Шығыс Түркістан халқының азаттығы да Қытай коммунистерінің жеңісі арқылы шешіледі деген әсерге бөленді. Коммунистерден қол үзгісі келмеді. Сондықтан болар, коммунист Қытай қызына үйленді. Аты есте қалмапты, оны, басқаларға Мәнжу қызы деп таныстырады екен. Шың шихуа деген жергілікті Қытай коммунист жігітті көп жыл бойы өз қорғауында сақтады. Бұлай ету Қытай компартиясы жетекшілігімен байланысты үзбеудің-тәсілі еді. Бұл байланыстың үзілмегендігін Дың ли чуң арқылы Мау зыдүңнан келген жасырын хатпен дәлелдеуге болар еді...

Шыңжаңда коммунистер билігі жүре бастағанда-ақ Аббасовтың әйелі Шыңжаңнан кетіп қалды. Шың шихуа Іле обком партиясының бірлік сап басқармасының бастығы етіп орналастырылды.

Төңкеріс жетекшілерінің саяси мәслихат кеңесіне қатысуға келісім беруіндегі танымдарының қисынды себебі осылай еді.

Бұл сапарға аттанған Ахметжан Қасыми, Ысқақбек Монинов, Дәлелхан Сүгірбаев, Әбдікәрім Аббасов секілді адамдардан құралған жеті кісі және үрімжілік По жидың қосылуымен Мәскеу арқылы ұшқан Бежин сапарында Байкал көлінің аспанында ұшақ апатынан қаза болғандықтары хабарланды. Ауыр қайғы басқан халық бұл апаттың айтылған себептеріне сенбеді...

Бұлардың орнына Сайфидден Әзизи бастаған уәкілдер тобы аттанып еді, бұлар орталықтың ауыз екі берген уағдаларын арқалап қайтып келген болатын.


***
Халық азаттық армиясының жорығы Гансу өлкесінен Шығыс Түркістанға қарай бет алып еді. Шыңжаңдағы Гоминдаң билеушілерінің, әскери басшыларының, тіпті оларға сенген қыр-сахарадағы Оспан, Қалибек батырлардың да үрейі ұшты. Өлке райысының тағына сол тұста отырғанына көп болмаған «Чинни түркістаншы» Мәсғұт Сабири де мәнсаптан бас тартып, жан сауғалаудың қамына кірісті. Өлке бастықтығының орынбасары міндетіндегі Бұрхан Шаһиди билік тізгінін ұстады.

Халық азаттық армиясының екпінді қимылынан сасқалақтаған генерал Тау сио: «Қарсыласпай беріліп, Шыңжаңның соғыссыз азат етілуіне есе қосамын», – деген байламға келеді. Бірақ ұлт-азаттық армиясының орайлы сәт күткем даярлығынан хабардар болып отырған генерал Бұрхан Шаһидимен ақылдасып, милли армияның шабуылдауынан сақтану шарасын ойластырады. Бұл мәселені шешу үшін ұлттық армия жетекшілерімен келісу керек деген байлам жасайды. Сондықтан Нүсірет Шаһидиге қосып, министр Чын паубән, генерал Уаң жіберіліп еді, бұлармен ұлттық армия өкілдері Мәметемен Еменов, Марғұп Ысқақов, Ғалым Нөкішевтер Манас көпірінің үстінде кездесіп, келіссөз жүргізді. Олар алдымен райыс Бурхан Шаһидидің сәлемін жеткізді. Райыс: «Қан төгілмейтін жағдайда Шыңжаңды азат етуді ойлаудамыз. Генерал Тау сио: «Ұлттық армия шабуылдамай, сабырлылық сақтап күтсе, халық азаттық армиясына қарсыласпай, Шыңжаңның азат етілуіне есе қосқым келеді» – деген сенімді уағдасын беріп отыр. Сондықтан сабырлық сақтап, уағданың нәтижесін күтсеңіздер екен» – деген тілегін білдіріпті!

«Біздің де күткеніміз – халық азаттық армиясымен жеңіс туы астында кездесу. Тілегіміз – қан төгілместен өлкенің азат болуы! Генералдың уағдасы орындалатын болса, онда, сабырлық сақтап, жеңісті бірге тойлауымызға болады, оған сеніңіздер» – деген қысқа жауаппен сендіріп қайтардық.

Халық азаттық армиясы Шыңжаңға кіргенде генерал Тау сио жүз мыңнан астам қарулы күшімен берілді де, Шыңжаң соғыссыз азат болды.

Халық азаттық армиясының командалық штабы Үрімжі қаласына орналасты. Генерал Уаң жиңның билеп-төстеуі басталды. Ұлттық армиядан полковник Лескин, полковник Марғұп Ысқақов Шихо бірінші атқыштар полкін бастап, 1949 жылдың 19-қазаны күні Үрімжі қаласына кіріп, генерал Уаң жиңның қол астына өтті. Полковник Еменов бастаған Текес атты полкі Қашқарға аттанды. Сайфиден Азизи бастаған кадрлар тобы Үрімжіге келіп, іске кірісті.

Ұлт-азаттық армиясы халық азаттық армиясының 5-ші корпусы атанып, командирлық, комиссарлық тәртіппен қайта құрылды. Корпус командирі болып Марғұп Ысқақов, комиссары болып Жан жыңви белгіленді. Халық азаттық армиясынын, дәстүрлі басқару тәртібіне көшірілді. Бұл бағыт шынайы жауынгер армия бағыты еді. Бірақ ұзамай-ақ, аға полковник Ыбрайымбай басқарған дивизия кетпен-күрек ұстаған өндірісшілерге айналды. Қалған бөлімдер жергілікті қызметтерге жіберілді, үйлеріне қайтарылды.

Ұлттық армия жетекшілерінен Сайфиден Азизи, Мәметемен Еменов, Зұнұн Тәйіпов, Марғұп Ысқақов, Зайыр Сауданов генерал-майор шендерімен мадақталып, басқа жұмыстарға ауыстырылды да, ұлттық армиядағы жауапты міндеттерімен қоштасты.

Шығыс Түркістан халқының отаршыл милитаристерге қарсы күресте ұйымдастырылған ұлт-азаттық армиясының тағдыры осылай аяқталды.

10 жылға созылған осы күресте еркіндікті аңсап, жан аямай күрескен батырлар көп болды. Десе де ұйымдастырғыштық қабілетімен, ақыл-парасатымен және ерен ерліктерімен көзге түсті, халық құрметіне бөленген өнегелі ерлерден 6 адамға Халық батыры атағы беріліп еді, олар: Оспан батыр, Ғани батыр, Фатих батыр, Акбәр батыр, Қалибек батыр, Дәлелхан батыр.

Бұл айбынды батырлар шырма-шату ағымдар жағдайында әртүрлі тағдырларға ұшырады. Бірақ өшпес ерлік, былғанбас даңықтарымен тарихта қалды! Осы орайда Қалибек, Акбәр батырдан басқа төрт батырдың бейнесін беріп отырмын. Мейірлене көрерсіздер!

Қорыта айтқанда, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық күресінің 10 жылға созылған күресі осылай тиянақталған еді!..

Шыңжаң деп аталып жүрген Шығыс Түркістанның ендігі тағдыры Қытай коммунистер партиясының демократияланған басшылығына байланысты, солардың парасатымен шешілмек.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет