«ЖАҚСЫ АДАМ МЕНІҢ ЖАДЫМДА»
(естеліктер мен ой толғамдар)
203
М. Қозыбаев, академик
ЕЛ БАЛАСЫ – СЫР БАЛАСЫ ШАХАҢ ТУРАЛЫ СЫР
Қазақ Алладан бала сұрайды, бала сұраса дана сұрайды. «Бала берсең дана бер, дана бермесең, е құдай, бір-бірлеп ала бер», – деген мәтел содан қалса керек. Дана бала әкесінің атын, халқының салтын, Отанының даңқын асырады, – деп ойлаған ғой. Жаман бала әке атына кір келтіреді, Отанын қорғай алмай сағыңды сындырады, «Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді», – дегендей, күнде күйік болып, тірідей жерлейді. Міне, осының бәрінен тәлім алған қазақ атамыз
«бала» дегенді екіге бөлген: бірі – әкесінің баласы, екіншісі – ел баласы. Әкесінің баласы түтін түтеткенмен, ауыл арасынан, елдің қарасынан ұзамай жүреді. Анасы ренжігенде «бар бол, бар болғыр» дейтін бала солар. Қазақтың «әкенің баласы болма, елдің баласы бол», – деп, бата беруі де көп дүниені аңғартады. Өз замандастарына «Шах аға» аталған Шахмардан Есенов – міне, осындай ұлт перзенті, ел баласы. Осы арада толассыз жарға соғып, аласапыран замананы дабылдатқан ХХ ғасыр ұлысы Әлихан Бөкейхановтың өзін «Қыр баласы» деп атауы ойыңа еріксіз оралады. Әлекең бастаған ұлы шоғыр Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев «Елім-ай», – деп, зарлап өмірден өтті. Қуыршақ совет Қазақ Республикасының болмысына қарамай, даналықтарын танытып, білім, өнер көгіне құлаш ұрған Мұхтар, Қаныш ағалар «құйрықты» жұлдыздай аспан әлемін қақ жарып, таңдандырып олар кетті. Міне, сол кезде «ат тұяғын тай басып», «қыр балаларының» орнына жас буынды бастап, «сыр баласы» Шахаң келді.
Шахмардан Есенов туралы өз сөзін болашақта тарих айтады. Өйткені, таудың биіктігі алыстан көрінеді. Тарих болған уақиға алыстаған сайын әр тұлғаның бейнесін айқынырақ айшықтайды.
«Дистанциялық» көзқарас әр пенденің кім екендігін, оның өмірге қосқан үлесін, тарихтағы орнын арттағы ұрпақтарға хаттайды. Осылай бола тұрса да, Шахаңның қазақ халқының өркениетіндегі орны туралы «уақыт» деген сарапшыға төтеп бере аларлық даусыз
204 Шахмардан Есенов
шындықты бүгінгі күні айту орынды-ақ. Ол қандай шындық? Шахаң ерте есейді, отызда халыққа танылды, қырық жасында орда бұзып, қазақ зиялы қауымының көсемі болды. Шахаң өмірдің сан саласында өз болмысын таныта алды. Ол ата-анаға қуаныш әкелген сүйікті бала, ұстазының мақтаныш сезімін тудырған үздік оқушы, талапты шәкірт атанды, ақ айдын, ақжарқын жігіт болып танылды, білгір маман болып көріне алды, ұйымдастырғыш қабілетін көрсетті, дарынды ғалым болып қалыптасты, ел басқару өнерін игерді. Осылайша мемлекеттік дәрежедегі қайраткер болып қалыптасты. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, табиғи таңдаудан іріктеліп, сыннан өтті. Осы ұлан ғайыр істі Шахаң ер жігіттің белі болар 40-45 жасқа дейін жасап үлгерді. «Қазақ елінің азаматы осындай!» деп, мақтаныш етер Есенов Шахмардан енді үлкенге де, кішіге де «Шахаң», «ел ағасы», «ғылым ағасы» атанды, Одақтық, халықаралық деңгейлерге көтерілді.
Қазақ – ұлы халық, бірақ жасыратыны жоқ, қызғаншақтықты, көре алмаушылықты, алауыздықты оның менталитетіне, маңдайына жазған. Бұл – біздің ұлтымыздың бағына емес, сорына біткен індет. Оны мен емес, ұлы Абай айтып, өмір бойы зарлап өткен. Бір заманда Қазақстанның маңдай алды болып көрінген, ал, шын мәнінде өз жерлестерін, одан қалды туыстарын сүйрегіш, күншілдіктің көрігін көрінбей басып елірген, кеше ғана бірге жүрген жолдастарынан енді ел билеген элитасымақ болып бөлінген жандар билік басына топтаса бастады. Сол кезде «стандартқа» сыймайтын талай саңлақтар белсенді өмір төрінен шетке қағылды. Орта ғасырдағы инквизиция замана- сындай ғалымдардың кітаптары отқа жағылды. Шахаң сияқты абзал жандардың өзегі өртеніп, қандары тасыды. Бірақ, Шахаң аласарма- ды, өрлігін сақтады, ерлігін сақтады, азаматтық парасатты танытты, алайда бұл ерлік жан-жарасын өршітті, қайран сабаз өмірден сол өкінішімен өтті...
Герой Жолтаев, академик
«ҚАЗАҚТЫҢ СЕН БІР ЖҰЛДЫЗЫ...»
Таң қаламын. Мына жарық дүниеге келу «сапарымыздың» жиыр- масыншы ғасырға тап келгеніне. Айға барып адамның аяғы тиді, Атом
Адамның қасиеті өзінде емес – сөзінде!
205
мұзжарғыш кемесі Мұзды мұхитқа төсін тіреді, жеті қат жер қойнауында тылсым жатқан бар байлықтың көзі ашылып, адамзат игілігіне жара- тылды. Жұмыр жердің жетпіс пайызын басып жатқан алып мұхиттар мен көк теңіздер түбі зерттеліп, ғасырлар бойы жасырған жұмбағы ашылып, шашу болып шашылды. Бұл жаңалықтарға компьютер мен интернет желісінің кереметтерін қосыңыз. Жылдап жүріп Меккеге, айлап жүріп ағайынға жеткен бабалар біздің бұл тіршілігімізге не айтар екен, өзі?!
Иә, ХХ ғасырдың кереметі көп. Осының бәріне таң қалып, тамсанғаннан Адамзаттың басы айналып тұрғандай сезіледі кейде маған. Сонда дейміз-ау, бұл құдіретті жасап жатқан кім және не? Иә, ол- ғалым мен ғылым құдіреті. Абай ақын айтпай ма «Алланың бір аты – ғылым!» – деп. Сол алланың бұйрығымен болар ғалымдықтың жүгін көтеріп, ғылымның жолын қуып, артында өз сөзі мен ісін қалдырған құрметті азаматтар біздің халқымызда аз емес. Шоқ жұлдыздар – Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Ақжан Машанов, Шапық Шөкин, Ермұқан Бекмаханов, Ебіней Бөкетов... Осылардың бел ортасында Шахмардан Есенов есімі тұрады.
Бәріміз де өмірді бастап, орта жасқа келген соң ізбасар іздеп, бастаған ісің орта жолда қалмас үшін шәкірт даярлауға кірісеміз-ау. Бірақ біріміздің таңдауымыз дөп түсіп, біріміз мүлт кетіп, үміт еткен шәкіртіміз шикілеу болып, өкіндіріп жатады. Әуелі мен ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың шәкірт таңдау талантына, ісін жалғастырар ізгі ниетті ініні дөп тапқанына таң қаламын. Қызылорда Педагогикалық техникумын бітіріп, Алматыға келіп, ұстаздықтың үлкен оқуына түскелі тұрған Шахмарданның алғырлығын танып: «Айналайын, осы сен бәрін қой да, қазақ мамандары жетіспей жатқан тау-кен гео- логиясына барсайшы...» – дейді. Үлкеннің сөзіне құлақ асып үйренген ол «Қаныш ағам бір нәрсені біліп тұр-ау!» – деп, ойланбастан Қазақтың Тау-кен институтының геология-барлау факультетіне оқуға түседі.
«Естінің сөзін есті ғана ұғады». Мұны да Абай айтады.
Ал бес жылдан кейін сол аға: «Айналайын Шахмардан, ғалым болу үшін әуелі «әліппені» оқуың керек, қайла мен балғаның сабын ұстап, салмағын сезінуің керек... дала толған байлық...» – деп, өзі талай кеннің көзін ашып, өндірісін дамытып, кіші Жезқазғанды – «Үлкен Жезқазғанға» айналдырған, қойнауы құт, елі дархан жаққа қарай жол, сосын жөн сілтейді. Бұл тұста да Шахаң естілік танытып, аға сөзіне
206 Шахмардан Есенов
құлақ асып, ғұлама ғалым жолымен-қаңбағын жел қуған, аптабы жерді қуырған далада қайласы мен балғасын он бір жыл арқалап, тау мен тасты аралап, талай-талай кен көздерін ашып, ел ырысын молайтуға өз үлесін аямай-ақ қосты. Оның тікелей инициативасымен және басшылығымен Жезқазған кенді аймағының ірі көлемді геологиялық болжау картасы сызылып, онда мыс, қорғасын және мырыш... руда- лары таралған аудандардың шекаралары айқындалды. Тіптен руда- лардың таралу географиясы бұрынғы болжам мен тұжырымдардан да асып кетті. Елуінші жылдардың ішінде-ақ Жезқазған қорын 3-4 есеге ұлғай-туға болатындығын, жаңа идеяны Шахмардан Есенов айтқан еді.
Сол кездің ел басшылары оның дарынды жас екенін танып, бар-жоғы отыз үш жасар Шахмарданды Қазақстан Республикасы Геология және жер байлығын қорғау министрінің орынбасары етіп тағайындады. Бір жылдан кейін министр болып, 1961-1965 жылдар аралығында белсенді қызмет атқарды. Осы жылдар ішінде Ш. Есенов Қазақстанның барлық аймақтарында жүргізіліп жатқан, жүргізілетін геологиялық барлау жұмыстарына басшылық жасады. Ол бірде кенді Алтайды араласа, енді бірде Маңғыстау мұнайшыларына барды, Ақтөбе мен Орал барлаушыларының ортасында болды, Жамбыл, Қаратау кеншілерінің жұмысымен, тұрмыстық-әлеуметтік жағдайымен танысты.
Маңғыстаудағы геологтар мен барлаушылар, бұрғышылар жұмы- сын қадағалап, Мәскеу мен Алматыдағы мемлекет пен Үкімет басшы- ларына беделін салып жаңа техникалар алдыртып, өндіріске енгізді, істі жаңаша ұйымдастырды. Бұл әрекеті нәтижесіз болған жоқ, 1961 жылы Жетібай мен Өзеннен мол мұнайдың қоры табылып, бір күн, бір сәтте Маңғыстау барша әлемге әйгілі болды. Бұдан кейін Шахмар- дан Есеновтың белсенді араласуымен Маңғыстау аймағынан Бозащы, Қаламқас, Қаражанбас... мұнай кен орындары ашылды. Әлі күнге дейін бұл кен орындары ел байлығын еселеп келеді. Ол бұл күндері абыроймен еңбек етіп жатқан «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігінің алғаш ұйымдасу кезеңіне белсенді араласып, өз үлесін өлшеусіз қосқандардың бірі.
Бір топ мұнайшыға 1966 жылы сол кездің ең жоғарғы марапаты Лениндік сыйлық берілді. Сол топты бастап министр Шахмардан Есенов тұрды. Шын мәнінде ол бұл сыйлыққа ылайық еді. Және ол Қазақстанда тау-кен геология-барлау саласын дамытуға қосқан үлесі
Адамның қасиеті өзінде емес – сөзінде!
207
үшін Ленин орденімен марапатталды. Ал, «Өспен тектоникалық аймағының геологиясы мен металлогениясы» еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Қазақстан Ғылым Академиясының президенті және Қ. Сәтбаев атындағы Геология институтының директоры бола жүріп, бұрынғы қызметінен табиғаты, талабы басқашалау болса да талантының, алғырлығы мен адамгершілігінің арқасында бар шаруаны үйіріп әкетті. Ол президент кезінде академиктер санын арттырды, корреспондент- мүшелер көбейді. Бәрінен бұрын жас ғалымдарға деген қамқорлығын ерекшелей айтқым келеді. Жастар арасында ғылыми еңбекке конкурс өткізіп, жас ғалымдардың өсіп шығуына мүмкіндік туғызды, оларды лауазымды қызметке өсірді.
Және елеулі бір айта кететін нәрсе, Шахмардан Есенов қазақ да- ласынан шыққан Шығыстың ұлы ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабидің халқына қайта оралуына көп еңбек сіңірді. Ғылым Академия- сы Философия және құқық институтының жанынан арнайы «әл- Фарабитану» бөлімі ашылып, оның еңбектері араб-парсы тілдерінен қазақ және орысшаға аударылып, жарық көрді. Ол басылымдардың сапалы, әрі дер кезінде шығуына Ш. Есенов басшылық жасады. 1973 жылы 9 қыркүйекте Қазақстан Ғылым Академиясы және Азия мен Африка елдері жазушыларының V Халықаралық конференциясын- да Шығыстың ұлы ойшыл ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған арнайы мәжіліс өтіп, басты баяндаманы өзі, Есенов жасады. Ол тура
«Фарабитанушы» ғалымдай ұлы ойшыл ғалымның қазақстандық, жерлесіміз екенін дәлелдеп, оның әлемдік ғылымға қосқан жаңалықтарын таратып берді.
Ол екінші рет Геология министрі болған тұста Қазақстанда геологиялық барлау жұмысын кешенді түрде жүргізу әдісін бұрын- ғыдан да дамытуды ұсынды, геологиялық, геофизикалық, геохимиялық әдістерді қатар қолдану арқылы барлауды тиімді, әрі шығынды аз жұмсай отырып нәтижеге жетуге болатынын іс жүзінде көрсетті. Шахмардан Есенов бұл әдістемесі арқылы геология ғылымын бір сатыға дамытты десе де болады. Ол Бүкілодақтық Барлау-геофизика институтының Қазақстандық бөлімшесін ашып, жаңа ғылыми- есептеу орталығын ұйымдастырды. Шахмардан Есенов – өзіне дейінгі ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев салған геологиялық мектепті жалғастырушы, дамытушы. Талантты жастарды іздей жүрді, ғылымға
208 Шахмардан Есенов
тартты, тәрбиеледі. Оның бастама-ұсынысымен тау-кен факультетіне қабылданатын студенттер саны көбейтілді.
Міне, академик Шахмардан Есеновтың қоғам үшін, халқы үшін атқарған қызметтері қысқаша айтқанда осындай.
Менің өз басыма ол кісінің шарапаты мол тиді. 1962 жылы По- литехника институтының инженер-геолог-мұнайшы деген нөмірі бірінші дипломын алдым. Бұл мамандық бойынша біздер Қазақтың политехникалық институты оқытып, дайындап шығарған бірінші мамандар едік. Сол дипломымда Мемлекеттік комиссияның төрағасы Шахмардан Есенов деген қол тұр. Оны мен мақтан етемін. Ол кезде Шахаң Геология министрі болатын.
Мен докторлық диссертациямды Мәскеуде қорғайтын болдым да, қазақстандық ғалымдардан пікір керек болды. Оны шынайы көңілмен жазып берген бірінші Шахаң болды. Шахаңның Мәскеу ғалымдарының арасында абыройы биік еді ғой, пікірді оқып, бәрі де оған қосылып, бір кісідей қол көтерді десем өтрік емес.
Өзеннен мұнайдың мол қоры табылды, ал оның қорын анықтап, нақты мөлшерін есептеп шығару үшін Шахаң Маңғыстауда айлап жатты, сосын оны Мәскеуде өте білімділікпен, биік дәрежеде қорғады. Маңғыстаулықтар Шахаңның бір бала мінезіне мәз болып айтып отыратын. Бір ай жатқан адамды жора-жолдас қонаққа шақырады ғой, қазақ дәстүрімен. Кештетіп қонақтан келе жатқан Шахаңның аяғына консервінің қалбыры даңғырлап ілігеді емес пе, баяғы. Сол-ақ екен, өздері көңілдері көтеріліп келе жатқан жігіттер емес пе, екіге бөліне салып, қалбырды даңғырлата, поселкіні бастарына көтере футбол ойнауға кірісіп кетеді. «Ұйқы бермедіңдер ғой, өңкей найсап... ойбай-ау, балалар екен десем, өңкей зіңгіттей-зіңгіттей жігіттер ғой, мыналарың!» – деп, қарсы үйдегі әйел шығып айғайламаса, кім білсін, қашанға дейін қалбырмен футбол ойнарын.
Шахаң асыл адам еді ғой, «мен министрмін» деген ойды ысырып қойып, екі білекті сыбанып, қажет болған кезде мұнайшылар жұ- мысына да араласып кететін.
Ақтөбенің Өріктау деген жерінен газ табылып, министр Ш. Есенов қасына одақтық Мұнай өнеркәсібі комитетінің төрағасы, артынан Одақ тарағанға дейін КСРО-ның мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы қызметін атқарған Николай Константинович Байбаковты алып самолетпен ұшып келді. Атқылап жатқан газды көздерімен көрді.
Адамның қасиеті өзінде емес – сөзінде!
209
«Шұбарсай» совхозының директоры Т. Маушев ағай бұл қонақтардың құрметіне тай сойып қарсы алды. Мәскеулік Байбаковтың алдында бұрынғыдан да беделі биіктеп кетті. Жергілікті жігіттердің бұл құрметіне асыл аға риза болды.
Екеуміз де Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық уни- верситетінде ұстаз болдық, кабинеттеріміз қатар еді. Күнде кезде- семіз. Өмірінің соңғы кезінде еңбегі дұрыс бағаланбай, біраз жапа шеккені рас қой. Ішкі дүниесінде не болып жатқанын білмеймін, сырт келбеті қашанда да жарқын, жайдары, жалы жығылмай жүретін. Мен де ішімнен: «асылдың асылысыз-ау!» деп, риза болып қоятынмын.
Шахаңның лекциясынан бір студент қалмайтын, өте білімді, мәнді оқитын. Жастарды жанындай жақсы көретін, ал білімге құштар белсенді жасты көрсе: «Міне, міне, біздің болашағымыз осылардың қолына тиюі керек, жақсылап тәрбиелеуіміз керек!» – деп, жоғын тапқандай, балаша қуанатын. Геология, тау-кен салаларына ұлттық кадрларды тартып, орнықтыруға ересен күш сіңірген Шахмардан Есенов екенін ешкім де ұмытпайды.
Б. Рамазанова, мемлекет және қоғам қайраткері
Достарыңызбен бөлісу: |