Байланысты: Қазақ тіл біліміндегі таным теориясының ғылыми-әдістемелік негіздері
А.Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С.Аманжолов зерттеулеріндегі таным теориясының басты ұстанымдары
Тіл мен таным сабақтастығы өзіндік ұстанымдарға негізделеді. Осы ұстанымдар А.Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С.Аманжоловтың тілтанымдық көзқарастарын дәйектей түседі. Таным теориясының басты ұстанымдары қазақ тіл білімінде алғаш А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов зерттеулері арқылы басты ұғымдарды анықтауға көмегін тигізді. Көрнекті ғалымдарымыздың танымдық көзқарастарын, пікірлерін саралау арқылы қазақ тіліндегі таным теориясын жан-жақты айқындауға қол жеткіземіз.
Тілдегі таным мәселесі сыртқы дүниедегі ақпаратты қабылдап, өңдеп, пайымдап, өз тұжырымын тіл арқылы жарыққа шығару жолдарын қарастырады. Танымдық тіл білімі – тілдік ақпараттарды жию, меңгеру және пайдалану арқылы тілдік бірліктердің дүниетанымдық әрекеттерін зерттейтін ғылым. Таным теориясының басты ұстанымдары адамның психофизиологиялық қабілетімен байланысты екені көптеген тілші- ғалымдардың еңбектерінде айтылған. Мәселен, ф.ғ. докторы, профессор Э.Оразалиева: «Когнитивтік линвистиканың негізгі ұстанымдары мен заңдылықтары оның ұғымдық бірліктерінің өзара қарым-қатынас жасауы арқылы әрі бір-біріне әсер етуі негізінде айқындалатындықтан, тіл мен танымның сабақтасқан бірлігі, ең алдымен, адамның психофизиологиялық қабілетіне және одан туындайтын әрекетіне қатысты сұрыпталады» [91;81]- деп түсіндіреді. Қазақ тіл білімінің негізін салушы А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов еңбектерінде де тіл мен таным бірлігі адамның дүниені тану жолдарымен түсіндіріле келіп, таным теориясының басты ұстанымдарын айқындайды.
Тілдегі таным теориясының басты ұстанымының бірі – дүниені қабылдауұстанымы. Адам санасы сыртқы дүниедегі заттар мен құбылыстарды сезім мүшелері, яғни түйсіну арқылы қабылдап, ол туралы санада ұғым қалыптастырады. Тілдегі таным теориясы ең алдымен адамның дүниені қабылдап, түсініп, өзінше пайымдап тіл арқылы жарыққа шығуымен түсіндіріледі. Осыған сәйкес, адамдардың қоршаған ортасына, қоғамына, ұлтына, менталитетіне, мәдениетіне қатысты белгілер сол халықтың тілінде көрініс табады. Когнитивтік лингвистика тіл мен ойлаудың байланысын анықтап, тіл арқылы адамды зерттеуге бағытталған.
Адам сезім мүшелері (көру, есту, иіскеу, сипап сезу, дәм сезу) арқылы әлемді қабылдап, танып, пайымдай түседі. Ол туралы тұжырымдар жасайды. Бұл жердегі «қабылдау терминінің астарында «затты, құбылысты ой (сана) арқылы, сезім мүшелері арқылы көру, тану; одан алынған ақпараттарды қайта өңдеу, яғни әлгі объектінің басты белгілері мен қасиеттерін ажырату; ол белгілердің негізгілерін бөліп алып, солар арқылы әлгі заттың шынайы бейнесін жасау; затты, құбылысты бейнелеу, кескіндеу, кейіптеу» [92;195] –
деген, таным теориясындағы дүниені қабылдау ұстанымының ұғымдары айқындалады. ал категоризациялау терминінің астарында «заттың құбылыстың басты, мәнді белгілері мен қасиеттеріне сүйене отырып, оларды топтастыру, жүйеге түсіру, сөйтіп дүниетанымды тілге, тілдік таңбаға айналдыру (вербалдау)»[92;195] мәселесі қазақ тіл білімінің негізін салушы ғалымдарымыздың еңбектерінде пікірлері арқылы көрініс тапқан. Дүниені қабылдау адамның сезім мүшелері арқылы түйсіну әрекетімен тығыз байланысты. Түйсіктің қызметі адамға сыртқы ортадағы әрекеттер мен құбылыстардың ерекшеліктерін, қасиетін, сыр-сипатын ұғындырып қана қоймай, адам санасында ол туралы ұғым қалыптастыруына ықпал етеді. Демек,, адам тілді қолдану барысында дүнені қабылдау ұстанымы негізінде қалыптасқан танымға жүгініп, әрдайым тығыз сабақтастықта жүзеге асып отырады. Осы үдерістің тілдегі көрінісін байқаған А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов зерттеулерін тек тілдің құрылымдық ерекшеліктерін ашуға ғана арнамай, тіл болмысының әмбебаптық сипатын да қарастырып, оның адам танымында орын алу жолдарын да көрсетеді. А.Байтұрсынұлы деректі және дерексіз зат есімдерді түсіндіру барысында
«Біреулері – көзге көрінетін, құлаққа естілетін, мұрынға иіскелетін, тілге татылатын, денеге сезілетін деректі заттар. Екіншілері – көзге көрінбейтін, құлаққа естілмейтін, мұрынға иіс келмейтін, тілге татылмайтын, денеге сезілмейтін, адам ақылмен ғана білетін дерексіз заттар» [74;53]-деп, ғалым адам баласының әр сезім мүшесіне жеке-жеке тоқталып, оны тілдің құрылымдық сипатымен байланыстыра түсіндіруінің басты себебі – тілдегі таным қызметінің қатысуын, оның теориялық ұстанымдарын айқындауы. Мұнда А.Байтұрсынұлы адамның сезім мүшелерінің тілге ықпалын терең түсінгенін аңғарамыз. Сондай-ақ, таным теориясы адамның дүниені қабылдау арқылы, ол туралы ұғым қалыптастырып, «ақылмен» біліп, пайымдайтын тұстарын да айтып өтеді.
Қ.Жұбанов таным теориясындағы дүниені қабылдау ұстанымын адамның сезім мүшелері мен ойлау, сөйлеу байланысын түсіндіруде айқындайды. «Сөйлеген адам өзіне сөйлемейді, басқа біреуге сөйлейді... Жазып жатқан қағазымызды бітіріп болып, үндемей отырсақ, жазып болғанымызды өзіміз ғана білеміз. Ал «Мен жазып болдым» деп сөйлесек, сол өзіміз ғана білгенді енді басқаларға да білдірген боламыз. Аяғым тоңғанды ешкімге айтпасам, өзім ғана білем. Ал «Аяғым тоңды» десем, осы сөзімді есіткен жұрттың бәріне де білдірген болам. Ертең демалыс күн. Сонда менің сырғанақ тепкім келеді. Бірақ менің ойымда, ішімде не барын басқалар білмейді. Басқалар білсін десем, «Ертең менің сырғанақ тепкім келеді» деп айтуым керек. Қысқасы, мен не деп сөйлесем де, басқа біреуге өзімнің ойымнан хабар үшін сөйлеген болам»[75;8]. Сонымен қазақ тілінің негізін қалыптастырған ғалымдарымыз танымдағы дүниені қабылдау ұстанымын тілді зерттеуге арналған еңбектеріне арқау етіп, қазақ тілі табиғатының құрылымдық ерекшеліктерін ғана анықтап қоймай, жалпы тіл болмысының табиғатын айқындауда құнды пікірлер қалдырғанын аңғарамыз.
Таным теориясындағы дүниені қабылдау ұстанымын Қ.Жұбанов тілдің атауыштық қызметімен байланыстырады. Тіл мен таным қандай байланыста болса, тіл мен ой-сана, ойлау да сондай деңгейде тығыз байланысты. Осыдан барып адамның тіл арқылы дүниеге деген көзқарасы, қоршаған ортаны қабылдауы шығады. Қандай да болмасын заттың атауы оны тек атап қана қоймай, сонымен бірге оны танытады. Ал тану я анықтау белгілі бір халықтың даму жағдайы аясында іске асатындықтан, ол тілдік ұжым өмір сүретін нақты жағдайларға байланысты әр түрлі болады. әр түрлі ұжым бір затты күнделікті қолданылатын жағынан танып, оны өзіне таныс құбылыстармен байланыстыратыны белгі. Яғни, ат қоюда өмір шындығы мен тұрмыс болмысы тіл фактілеріне айналып, халықтың тұрмыс-тіршілігі, салт- дәстүрі, наным-сенімі әр түрлі заттар түрінде белгілі бір тілде сөзбен аталып, бейнеленеді. Осының негізінде ол затты танып, біліп, оны басқалардан ажыратқаннан кейін барып, сол белгі ат болып тағылады. Мұндай ажыратқыш белгілер әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы, түр-түсі, қызметі, көлемі, орналасқан орны, дыбысы, бейнесі, басқа затқа қатысы т.б. әр түрлі ішкі және сыртқы қасиеттер. Қ.Жұбанов: «сөз деген – зат біткеннің бәрінің аты емес»[75;7] – деген. Сөзді адам санасының сыртқы дүниемен сабақтастықта жүретіндігін дәлелдейтін басты белгілердің бірі ретінде көрсетеді. «Ел-елдің білмеген заты да, білмеген құбылысы да толып жатыр. Танымаған кісінің атын білмегеніміз сияқты, білмеген нәрсенің аты да тілімізде болмайды»[75;7]-деп, Қ.Жұбанов сөздің сыртқы дүниені қабылдауға, тануға қатысын айқындай келіп, сөздегі таным мәселесін, ондағы дүниені қабылдау ұстанымын былай түсіндіреді: «Адам өзінің тіршілік тартысында кездесіп, пайдасын иә зиянын көрген нәрселерді ғана елеген, соларды ғана білген. Шөптердің ішінде мал жейтіндерін, отын болатын, бояу болатын, ем болатын, у болатындарын ғана білген де, соларға ғана ат қойған» [75;5]. Тіл болмысындағы танымдық құбылысты түсіндіру жолында ғалымдар дүниені қабылдау ұстанымын негізге алып, адамның әлемді қабылдауы арқылы сыртқы дүниеге деген көзқарасы тілінен көрініс табатындығын көрсетеді.
Таным теориясының маңызды ұстанымының бірі – категоризациялау(категориялау)ұстанымы.Категоризациялау ұстанымы қабылданған ақпаратты топтау, жіктеу, талдау сияқты адам санасында пайымдау арқылы тұжырымдар жасауына ықпал етеді. Тіл болмысындағы таным мәселесі логикалық таным, дүниетаным, ойлау, пайымдау деген мәселелерді қамтитындықтан, адамның психикалық әрекеттері (қабылдау, топтастыру, ойлау, тұжырымдау) арқылы қалыптасқан ұғымды топтастыру, жіктеу, талдау сияқты жүйеге салу әрекеттері де тілдің танымдық қызметі арқылы жүзеге асады. Танымның категоризациялау ұстанымы адамның қабылданған ақпаратты өңдеуіне, талдауына, топтастыруына, жіктеуіне зор ықпал етіп, адам санасында қажеттілігіне қарай жұмсау үшін сақталып тұрады. Осы мәселеге байланысты Б.Қалиев: ««Категоризациялау» дегенді айтқанда бірінші кезекте тілдік бірліктер, олардың тұлғалары мен мағыналары,
қолданылатын орындары еске түседі. Осы тұрғыдан алғанда категорияны, категоризациялау дегенді – адамның миында болатын, санасында сақталған концептуалды түсінік, когнитивті іс-әрекет деп ұққан жөн. Көп қырлылығына, көп мағыналылығына қарай бір сөз бірнеше категорияның құрамына кіре алады» [92;199]-деп, тілші танымдағы категоризациялау ұстанымының мәнін ашады.
О.Жұбаеваның грамматикалық концепт теориясына арналған зерттеулерінде А.Байтұрсынұлының сөз таптарын (зат есім, сын есім, сан есім, т.б.) лексикалық бірліктер арқылы топтастырып, грамматикалық категория ретінде қарастыруына танымдық тіл біліміндегі категоризациялау ұстанымы негіз болғандығын дәлелдейді. О.Жұбаева: «Сөз таптары – адамның таным әрекеті арқылы айналасын категориялау негізінде қалыптасады. Сондай-ақ сөз таптарын табиғи категория ретінде қарастыруда адамның сан ғасырлық тәжірибесін түйсіну, оны тілдік құралдармен объективтендіруге негізделген когнитивті қабілеті көрініс табады»[60;54] - деп түйіндейді. Өйткені «Түрлі сөз таптары (зат есім, сын есім, етістік, т.б.) қолданыс барысында сананың түрлі құрылымдарын белсенді етіп, түрлі бейне, әсер береді, яғни түрліше сипатталып, әртүрлі ұғым тудырады. Когнитивтік құбылыс ретінде сөз таптары адамның әлемді тану, қабылдау, түсіну ерекшеліктерін көрсетеді»[60;54].
Тіл білімін зерттеу барысында тіл болмысының танымдық сипатын қарастыра келіп, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов таным теориясының кескіндеу,кейіптеуұстанымынада қатысты пікірлер ұсынады. Б.Қалиев таным теориясындағы кескіндеу, кейіптеу ұстанымын былай түсіндіреді: «Кескіндеу, кейіптеу дегеніміз – ой әрекеті нәтижесінде алынған концептуалды бірлік. Кескіндеу, кейіптеу арқылы адам бір нәрсені бір нәрсеге ұқсатады; ескі танымның негізінде жаңа танымды қалыптастырады» [92;199]. Бүгінгі күні тіліміздегі семантикалық тәсіл арқылы жасалған сөздер мен терминдердің басым көпшілігі - осы ұстаным негізінде өмірге келген тілдік бірліктер.
Таным теориясындағы кескіндеу, кейіптеу ұстанымының жаңа сөз жасауына ықпалы жайында Қ.Жұбанов «жуықтық-аулақтық тенденциясы» деген тұжырым жасайды. «Тіл тенденциясы екі сөздің бір-бірімен байланысы жоқ сияқты көрсетіп, сол арқылы аулақтату тенденциясын байқатып отыр. Ол бір сөзден екінші сөздің сыртқы көрінісінің басқалығы. Бұл тенденция күш алса, бір сөз екінші сөзге ұқсамас еді, түбір дыбыстарына да өзгелік кіргізер еді, қосымшалар арқылы ғана бір-бірінен айырылмас еді. Бірақ мұны жуықтық тенденциясы тұсаулайды» [44;503]-деп ғалым тілдің сөзжасамдық сипатында өзіндік заңдылықтардың ерекшелігін түсіндіреді. «Дүниеге көзқарас арқылы да нәрсеге ат қойылады»[44;494]-деп, Қ.Жұбанов сөздің жасалуында алғашқы ұғымы кескіндеу, кейіптеу ұстанымы негізінде жасалатындығын түсіндіреді: «Құбылыс көп және олар әртүрлі; бір халық оның бір сипатын біліп, екінші жағын білмейді; мұның үстіне біреуін көп, екіншісін аз біледі. Содан келіп, атауда түрлілік, көптік туады... Киіз үйдің
түндігінен жарық түседі, терезе де жарық түсіреді. Сондықтан Алтай елінде терезені түндік дейді» [44;494].
Ж.Зинкен өз зерттеуінде тіл болмысында әлемнің тілдік бейнесі, метафоралар мен стереотиптер қалыптасуының бірнеше (гипероним (Hyperonym), жинақтық (Collections), қарама-қарсылық мән (Oppositions), шығу тегі (Origin), сыртқы бейнесі (Appearance), мінездері (Characteristics), іс-шаралар, күй, үдеріс (Activities, states, processes) әрекетер (Actions), тәжірибе (Experiences), уақыт пен кеңістік (Space & Time), таңба (Symbols)т.б.) түрлерін көрсетеді[93;3-5]. Осыған сәйкес тілдік бірліктердің жасалуын танымдық тұрғыда талдаған С.Аманжолов сөздің мағыналық ерекшеліктеріне байланысты жолдарын былай топтайды: «Алғашқы аз сөздер кейін бірнеше жолмен көбейіп өскен. Қазақ тілі материалына сүйене отырып көрсетсек:
Бүтіннің (сөздің) жарылуы арқылы. Бұған бір сөздің әлденеше мағынаға ие болуы жатады.
«Жас» (көздің), «жас» (кәрінің қарсысы). Сол сияқты «той» (ойын-сауық) және «той» (тамақты тойғанша же) бар. Бұл сөздердің де тұлғасы бір, мағынасы басқа болу кездейсоқ нәрсе емес. «Көздің жасы» дегендегі «жас» соңғы аз өмір сүргендіктің ишарасы болған «жас» -пен іс, қимыл жағынан байланысады. Көзі жасты болатындар негізінде «бала» екенін еске алатын болсақ, барлық «жас» деген сөз бір түбірден шыққаны анық көрінеді» [45;71]
деп, сөздердің адамның санасындағы бейнесіне байланыстылығын нақтылайды. Зерттеуші сөздердің тууына санадағы ұғымның ықпалы әсер ететіндігін айта келіп, жиналған танымдық ақпараттардың қайта жаңғырып, олардың бастапқы мағыналары жаңа сөз жасауға әсерін тигізеді деген пікірді алға қояды.
«Қарсылық заңы арқылы. Бұған көбінесе сын есімдер жатады. «Биік» пен
«төмен» біріне-бірі қарсы. Бірақ бұл екеуі бірінсіз-бірі пайда болмайды. Екеуінің түп мағынасы бір сөз. «Төмен» деген де, «жоғары» деген де тегінде биіктікті, қол жетпейтіндікті білдіреді. Бұған сендіру үшін «төмен» дегенді анализдеп көрейік. «Төменді» татарлар «төбен»/ «түбән» дейді. Бұған бұл сөздің түбірінде «төбе» дегеннің барын байқауға болады. Алғашқы адам әрбір биік нәрсені төбеге, тауға теңеген. Сол ізбен адам өзінің басындағы ең биік жерді де «төбе» деген. Сондықтан арғы заманғы биік те тау, төбе мағынасында болуы ықтимал» [45;71] -деп өзіндік пікірін білдіреді. Сол сияқты ғалым үшінші мәселені түсіндіреді:
«Ұқсастығына қарай жаңа сөздің жасалуы. Тау – биік нәрсе. Якуттар тауды «дабан» дейді. Бұл біздің «табан» дегенімізбен бір. әуелде бас, аяқ, төмен, жоғары ұғымын беретін сөз жоқ болған. Сондықтан «дабан» мен
«түмен» бір, «бас» пен «аяқ» бір» [45;71]-деген пікірін білдіре отырып, ғалым тіл болмысындағы танымдық көзқарасын түсіндіруге тырысты. Бүгінгі таңда бұл дәйектің дәлелділігінен гөрі, ғалымның ұсынған идеясы маңызды. Себебі ғалым тілтанымдық тұжырымдар негізіне сүйеніп, тілдің танымдық болмысын тәжірибе жүзінде жан-жақты түсіндірді.
«Атқаратын қызметі жағынан да жаңа сөздер пайда болады. Мысалы,
«қол»- ең алғашқы құрал. Ал сол «қолдың» қызметін атқаратын «балта»,
«тоқпақ», «шоқпар», «құрық», «пышақ», «машина» сияқты сөздердің түбі қолға тіреледі. Дұрысында «құрық» қолға ұстайтын, қолды ұзататын нәрсе.
«Балта» да сол сияқты. Мұның біздегі балдақпен дыбыстас болуы кездейсоқ емес. Әуелде «аяқ» пен «қол» бір сөзбен айтылатынын ескерсек, балдақтың әрі қол, әрі аяққа тіреу болатынын ескерсек, бұлардың түбінің бір екеніне көзіміз жетеді» [45;71]-деген пікірін білдіру арқылы ғалым, адам танымына жиналған ақпараттың жаңа ұғымдар, жаңа атаулар қалыптастыруына себепші болатындығын дәлелдейді. Демек, әлемнің тілдік бейнесін терең зерттеген Ж.Зинкен пікірі мен С.Аманжолов зерттеуі үндесетіндігін көруге болады.
Адам танымының сатылы дамуын түсіндіре отырып, ғалым оның ойлау жүйесіңдегі, тілдегі көрінісін лингвистикалық факторлармен сабақтастыра баяндады. Сондықтан затқа, кісіге яки жер-суға қойылатын аттардың себеп-салдарын анықтау кезінде немесе сөз мағынасы мен мазмұнын сипаттау барысында адамдардың бойындағы танымдық функциялардың іске қосылатынын тілші дәл сұрыптады: «жаңа заттың аты семантиканың үш заңы бойынша аталады: функциясына қарай, ұқсастығына қарай, бүтіннің бөлшегі есебінде» [45;53] деген тұжырымнан кейін С.Аманжолов "Семасиологияның мәселелерін" сана арқылы қабылдау, ойлау жүйесі негізінде тану, алуан түрлі ассоциативті белгілерге сүйене отырып қолдану ұстанымдарына сәйкес талдап көрсетті. Айталық, қабылдау - бұл философияда да, физиологияда да әрі нейроғылымдарда да кеңінен қарастырылатын, психология мен когнитивті ғылымның басты ұғымдарын құрайтын, барша информацияларды (хабарларды), әртүрлі обьектілерді, процестерді адамдардың сезім мүшелерінен өткізетінін көрсетеді.
С.Аманжолов сөздердің этимологиясын анықтай отырып, заттарға атау болған сөздердің шығу тегінде мағыналық байланыс бар екенін түсіндіреді. Ғалым қазақ тіліндегі көптеген сын есімдердің зат есімнен жасалғандығын айта отырып, дәлелді мысалдар келтіреді. Мысалы: «Алғашқы адам әрбір заттың атын өзара ұқсастығына қарай топтастыра атайтын болған. Жылтырлығы, дөңгелектігі ұқсаған «күн», «көл», «көз», «көк» сияқты сөздердің атаулары да ұқсас», [45;69] - деп, ғалым бұлардың «қызметі, рөлі, қасиетіде ұқсас» келетіндігін айтады. «Көзге көріну» дегеннің орнына «көзге түсу» деу көзді «көлге» ұқсатудан шыққан» екендігін дүниетанымдық көзқараспен тұжырымдайды. С.Аманжоловтың бұл этимологиялық талдаулары бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ. Күннің көзге ұқсауының дәлелі ретінде Ф.Оңғарсынованың «Жау» атты өлеңінен:
«Жер – ару серпігенде түн көрпесін,
Маужырап қарап тұрды Күн елжіреп [93;44] », - деген жолдардан көруге болады. Немесе, М.Жұмабаевтың «Пайғамбар» өлеңінде:
«Қайғыланба, соқыр сорлы шекпе зар,
Мен – Күн ұлы, көзімде Күн нұры бар [94;20]», - деп, көзді күн нұрына теңеуі бұл сөздердің астарында мағыналық байланыс бар екенін дәлелдейді.
Сонымен қатар, «көк» сөзінің түркі тілдеріндегі мағыналық ерекшеліктерін:
« «көк» түрікше «аспан» және «көк» мағынасын білдірсе, моңғолдарда ол
«көке» түрінде айтылып аспан мағынасын білдірмейді. Ұйғыр тайпаларының ішінде де «аспанның ұлы» деп аталатын тайпа бар екені олардың өзіндік қасиетін білдіреді. Жалпы «көк» сөзінің эпитет ретінде қолданылуы ежелгі түркілерге тән. Шыңғыс хан мен Санан Сенен уақытында моңғолдарға бағынған қоңыраттардың т.б. жалпытүркілік эпитет «көк»-ті сақтай отырып,
«көк моңғолдар» деп аталуы мүмкін»[62;63]-деп көрсетеді. Тілдегі танымның кескіндеу, кейіпеу ұстанымына сәйкес Қ.Жұбанов пен С.Аманжоловтың пікірлері ұштасып, бірін-бірі толықтырып отырады.