Үшіншіден – білім алушының жеке басын дамытатын басты құрал – ол өзінің әрекеті. Сол себепті дамыта оқытудағы оқыту әдістері шәкіртті белсенді жұмыс жағдайына қоя отырып, мәселелерді, қайшылықтарды шешу мақсатын қояды.
Төртіншіден – дамыта оқыту жүйесінің нәтижелі болуы шәкірт пен оқытушының арасындағы жаңаша қарым-қатынасы арқасында ғана өз жемісін береді. Сол себепті дәстүрлі жүйедегі әміршілдік стиль бұл жерде тиімсіз, оқушы – "орындаушы”, "мұғалімнің тасасындағы” объект емес. Ол өз пікірін ашық айта, ойын дәлелдей, дәйектей алатын, сонымен қатар басқаның да ойын тыңдап, көзқарасын құрметтей білуге үйренген жаңа сападағы тұлға болып қалыптасады.
Қ.Жұбановтың әдістемелік еңбектеріндегі әдістемелік идеяларының бүгінгі жаңашыл технологиялармен ұштасуын М.Жазықова да зерттеулерінде: «Ғалымның белгілі бір грамматикалық тақырыпты баяндамас бұрын сұрақ-жауап әдісі арқылы оқушыны ойлануға, пайымдауға шақыруды,
оларды іздендіре отырып, санасына түрткі жасауы дамыта оқыту идеясынан туған» [115;21]-деп көрсетеді.
ХХ ғасырдың басында қазақ тіл білімінің қалыптасып келе жатқан кезеңінде Қ.Жұбановтың білім берудің «қашықтан оқыту» үлгісін ұсынғандығы белгілі. Бұл нақты білім көлемін игеру үшін өз бетінше білім алушының оқытушының бақылауымен қашықтықта өзара әрекетте жүргізілетін оқытудың әдіс-тәсіл, құралдары мен формаларының жиынтығы болып табылады. Сол заманның өзінде ғалым бүгінгі заманауи технология дамымай тұрып, «аулақтан» оқытудың үлгілерін ұсынған.
Қазіргі уақытта оқытудың жаңа түрлерінің бірі – сын тұрғысынан ойлау технологиясының элементтері Қ.Жұбановтың әдістемелік пікірлерінен көрінеді. Ғалым келелі мәселелерге байланысты қойылған сұрақтарды Жанғазыға арналған хатында қоя отырып, қолданған әдістердің тиімді, тиімсіздігін анықтайды. «Неден бастап, нені үлгіге алып, нені іздеп, нешік жаттықтырып, немен аяқтады?»[44;144]-деген сұрақтарды қояды. Сөйтіп мұғалімнің сабақ барысында кездескен қиындықтарды талдауға тырысып, әдістемелік ізденістер жасайды. Білім алушыны ойлауға, сыни талдау жасауға, мәселені талқылауға, білім мазмұнын ой елегінен өткізуге бағыттайды.
Таным мәселесін меңгеруде бүгінгі жаңашыл технологиялармен сәйкес келетін оқыту үлгілерін ұсынған С.Аманжолов еңбектірінің де маңызы зор. Сөйлем туралы ғалым: «нақтылы дұрыс құрылған, ойға сай айтылған
«сөйлем» дегеніміздің өзі де ойдың сәулесі, бейнесі, суреті ғана» [3;14]-деп, білім беруде тілді дамытуға аса мән береді. Оның маңызын ғалым:
«Сөйлегенде, айтатын сөзіміз, терең неше алуан ойымыз, өткір қиялымыз, тереңнен тартып топшылап, алыстан орап, оспақтап, я жоспармен сөйлейтін тәртіпті сөйлемдеріміздің тізбегі толып жатқан ойлардың желісі ... бірден шыға қойған жоқ. Ойдың да сөйлемнің де даму жолы бар»[45;11]-деп түсіндіреді. Тіл дамыту шеберлігі білім алушының сөздік қорын молайтып, шәкірттің өз ойын еркін жеткізіп, шешен сөйлеуге итермелейді. С.Аманжолов әдістемелік еңбектеріндегі тіл дамыту тек аталған мәселелелерді ғана емес, сонымен қоса шәкірттің танымын кеңейтіп,
«ойлардың желісін», «ойдың да сөйлемнің де даму жолын» қалыптастыруды көздейді. Себебі С.Аманжоловтың пікірі бойынша ойдың дамуы тілден көрініс табады. Тілді меңгеру сөз мағынасын білумен шектелмейді, қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды қатесіз тану үшін адам санасында белгілі бір ұғымдардың пайда болуы талап етіледі. Ұғымдарды ұғынуда бүтін логикалық ойлау операциялар жүйесі түзілген, адам соның жәрдемімен белгілі бір ұғымға қатысты зат не құбылысты және олардың арасындағы айырмашылықтары мен ұқсас қасиеттерін дұрыс айырады. Сондықтан С.Аманжолов тілді дамыту үшін ойды да дамыту жолдарын қарастыру керектігін ғылыми зерттеулерінде білдірді.
Тіл дамыту шеберлігі С.Аманжоловтың қазақ әдеби тілінің тілдік нормасын қалыптастыруға байланысты зерттеулерінен де көрінеді. Қазақ
тілінің әдеби тілдің ерекшеліктерін жүйеге келтіріп, тілдің қолданыс аясын нормаландыру ісі тілді дамытуға негізделген.
С.Аманжолов тіл білімін оқытуда дамыта оқыту технологиясын ұсынып, білім алушылардың біліміне, танымына сәйкестендіріп отырған. Ғалым білім мазмұнынының күрделігі арқылы шәкірт білімін тереңдетіп дамытуды көздеп, жас ерекшелігіне сәйкес жеңілдетіп те беру керектігін айтады: «Орта мектепке арналған оқулықта жалғаулықсыз салаларды 3-5 мағыналық жіктен ары бөлудің өзі мүмкін де, қажет те емес. Оқушы жастардың ой-санасы одан терең айтуды көтермейді. Ал педучилищеге, жоғарғы мектептерге арналған оқулықтарда бұл бөліс (жіктеліс) аз» [3;196]. Жоғары оқу орнына арналған білім мазмұнын күрделендірудің қажеттілігін түсіндіреді: «Мұнда қазақ тілінің сөйлемдік структурасы (жүйесі) мүмкіндігінше толық беруді керек етеді, қазақтың қазіргі әдеби тіліндегі бар формаларды, ондағы заңдылықтарды білдіруді керек етеді. Сонда ғана қазіргі қазақ тілінің нормасын біліп, соны дұрыс сақтауға, соны бұзушылармен күресуге болады. Осындай теориялық, тәжірибелік қажеттерге сәйкес, біз алдымен жалғаулықсыз салалардың түр-түрлеріне тоқтаймыз. Мектеп грамматикаларындағы жіктеудің жалғаулықсыз қарсылықты, себеп-салдарлы салалас дегендеріне ешбір дау-талас жоқ. Бірақ оларды толықтырып, жасалу жолдарының бәрін көрсетуіміз керек. Ал басқа (ыңғайлас, іліктес, мезгілдес, іргелес, анықтамалы, шарттас, амалдас) түрлері туралы да, басқа формалар туралы да ерекше бас-басына тоқталмаса болмайды» [3;196].
С.Аманжолов оқыту мәселесінде дамыта оқыту арқылы шәкірттің білім мазмұнын тереңдетіп, күрделендіре отырып, тіл білімінің қыр-сырын түсіндіруге тырысқан. Ғалым тіл болмысының танымдық қызметінің даму жолын нұсқап көрсетеді: «1)әуелі тіл ғылымы хат тану, оқу, жаза білудің басқышы; 2) хат тани білу арқылы жаңа адамның басқа білімдерге қолы жетеді; 3) басқа білімдердің тарихын білу арқасында адамның өз ой-өрісі кеңейеді; 4) тіл ғылымы арқылы бір халық бір халықпен дұрыс қатынас жасайды; бірінің тілін бірі тез үйренуге де тіл ғылымы себепкер; 5) қысқасы, тілсіз, тіл ғылымынсыз әуелде еш бір мәдениет болған емес»[45; 35].
Сонымен қатар, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжоловтың зерттеулерінде таным теориясын оқытуға қолданылатын модульдік оқыту технологиясы білім алушының танымдық әрекеттерін (зейін, қабылдау, жады, ойлау, елестету) дамытуға, танымдық қабілетін жетілдіруге (білу, түсіну, қолдану, талдау, топтау, білімді бағалау (Б.Блум таксономиясы)), белсенді сөздік қорын дамытуға (жазбаша және ауызекі сөйлеу тілі), оқуға жағымды қызығушылық қалыптастыруға (М.М.Жанпейісова), қажеттілікті қанағаттандыруға (қиындыққа дайын болу және оны жеңу, қарым-қатынас, ойын, таным, сыйластық, қауіпсіздік, шығармашылық, өзін-өзі өзектілендіру, өзін-өзі бекіту (М.М. Жанпейісова)) бағытталады.
Тілдегі таным теориясын оқытуда А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжоловтың жаңашыл әдістемелік шеберліктерін қолданудың
студенттердің білім, білік дағдыларын қалыптастыруда, кәсіби шеберліктерін жетілдіруде, ой тереңдігін дамытуда маңызы зор.
Достарыңызбен бөлісу: |