Дәрістің түрі: интербелсенді дәріс.
Дәріс мазмұндық жүйесі: Таным – бұл адамның бейнелеу әрекетінің ерекше түрі. Адам айналадағы білімді санасына таным әрекеттері арқылы қабылдап, ұғады, таниды. Адамның нақты мақсатына бағытталған және шығармашылық іс-әрекетінің нәтижесінде сыртқы әлемнің идеалды образдары қалыптасып, олар туралы білім пайда болады. Сонымен таным дегеніміз – білім алу үшін шығармашылық ізденіс.
Алғаш таным мәселесін философия ғылымы қарастырып, зерттеушілер мынадай анықтама береді: «Таным теориясы немесе гносеология – танымдық қызмет процесіндегі субъект пен объектінің арақатынасын, білімнің шындыққа қатынасын, адамның дүниені танып білу мүмкіндігін, білімнің ақиқаттығы мен айқындық критерийлерін зерттейтін философия тарауы (Философиялық сөздік ).
Таным мәселесі психология ғылымында «танымдық әрекеттер» (С.М.Жақыпов), «танымдық жан-қуаттар» (Жұмасова К.С) немесе «адамның танымдық аймағы» (Бап-Баба С.Б.) деген тіркес терминдермен беріліп, оған зейін, түйсік, қабылдау, ес, ойлау, қиял, ерік әрекеттерін енгізеді. Демек,, психология ғылымында таным мәселесін адам санасын айналадағы қоршаған ортамен тығыз байланыстыратын және ақпаратты сақтап, өңдеп, сұрыптай алатын өте кең мағынадағы құрал ретінде түсіндіреді. Ал ақпарат тіл арқылы адам санасына қабылданып, тіл арқылы пайымдалып, тіл арқылы жарыққа шығады.
Таным мәселесінің психологияда, философияда, лингвистикада т.б. ғылым салаларында қатар қарастырылуының Себебі адамның қоршаған ортадағы ақпаратты таным арқылы қабылдап, елестетіп, ұғынуымен және оны тіл арқылы таңбалап, сыртқа шығарумен байланысты.
Алайда таным теориясы одан да ауқымдырақ мәселелерді қамтитындығына бүгінгі ғылымның техникалық даму қарқынымен сәйкес күннен күнге ашылып жатқан ғылыми жаңалықтар дәлел. Сонымен бірге тіл
мен таным сабақтастығы таным теориясының тілдік болмысын сипаттайды. Адамның қоршаған ортаны, дүниені қабылдауы, түсінуі және ол туралы өзінше пайымдауы танымдық әрекеттер арқылы жүзеге асады. Адам болмысының аса құнды (санасы, терең білімі, ақылы, мәдениеті, рухани байлығы т.с.с.) қасиеттерінің бәрі танымының кеңдігі болып саналады.
«Таным – өте күрделі үрдіс, оған адамның бүкіл жан дүниесі: түйсіктері, ақыл-ойы, ырқы, сезім тебіреністері, ішкі көкей көзі (интуиция) – бәрі де өзара бір-бірімен байланысты түрде қатысады»( Мырзалы С.). Ал теория дегеніміз – «зерттелетін заттар, я болмаса құбылыстардың ішкі мән- мағынасын ашатын, практика арқылы дәлелденген қайшылықсыз бір-бірімен байланысты ұғымдар жүйесі» (Мырзалы С.). Сонымен тіл біліміндегі таным теориясы – адамның дүниені тіл арқылы танып-біліп, білімді тіл арқылы тереңінен меңгеру жолдары мен қағидалары жиынтығының жүйесі.
Қай халықтың болмасын танымының, дүниеге деген көзқарасының кеңдігі сол халықтың даналығын көрсетеді. Себебі дүниетаным дегеніміз - айнала қоршаған орта, бүкіл әлем, тұтас дүние туралы, ондағы адамның орны, тіршіліктің мән мағынасы туралы көзқарастардың пікірлер мен түсініктердің жүйеленген жиынтығы. Дүниетаным әлемді таным әрекеттері арқылы зейінін аударып, қабылдап, пайымдап, ұғу арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар, дүниетаным үнемі дамып, өрбіп адамның тұрмыс- тіршілігінен, әдет-ғұрыпынан, салт-дәстүрінен, наным-сенімінен, рухани құндылықтарынан көрініс тауып отырады.
Сол сияқты, қазақ халқының ұрпақтан ұрпаққа беріліп, бүгінгі күнге жеткен танымы сан мыңдаған жылдар бойы жинақталып, өңделіп, сұрыпталып, тіл арқылы әрдайым аясы кеңейіп, тереңдеп отырған. Оны біз ертедегі қазақ танымынан тікелей хабар беретін тіліміздегі мақал- мәтелдерден, тұрақты сөз тіркестерінен, өлшемдік атаулардан, кісі есімдерінен, т.б. ұлттық сипатты көрсететін тілдік бірліктерден көре аламыз. Халықтың танымы тіл арқылы тек ұлттық қана емес, сонымен қатар сол тілді қолданушы халықтың тұрмыс-тіршілігінен, мәдениетінен, мінез-құлқынан да хабар береді. Қазақ дүниетанымы көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты. Шындығында, көшпелі өмір салтының ерекшеліктері, мәдени- шығармашылық мүмкіндігі жоғары екендігін және оның қазақ дүниетанымының басты ұғымдарының қалыптасуына негіз болғандығын тіл арқылы анықтауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |