ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақ ғұламалары Шоқан, Ыбырай, Абай шығармашылығындағы.
(Дәрісмазмұны) Қазақ тіл білімінде тілтаным теориясына қатысты мәселелер ХХІ ғасырда ғылым деңгейінде зерттелді Дегенмен алғашқы тіл мен таным сабақтастығындағы ой-пікірлердің бастауы ХХ ғасырдың І жартысынан бастап ғылыми зерттеулерде қарастырылды. Тіл мен таным сабақтастығының жалпы теориялық негізі қазақ тіл білімінің негізін салушы ғалымдарымыз А.Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С. Аманжоловтың лингвистикалық еңбектерінде тілдің танымдық қасиеті жайлы алғашқы пікірлері мен тұжырымдары көрсетілген. Тіл болмысының адам баласы үшін тек қарым- қатынас құралы ғана еместігін ғалымдар бірден аңғарып, тілдің адам санасынан, тұрмыс-тіршілігінен, ұлттық ерекшелігінен, қайталанбас болмыс қасиетінен көрініс бере алатындығын пікірлері мен көзқарастары арқылы жеткізген.
Тілтаным теориясының ғылым ретінде қалыптасуын арнайы зерттеген Э.Оразалиева былай түсіндіреді: «қазақ тілтаным ғылымының дүниеге келуі мен теориялық сараптамадан өтуін дәйектейтін фактілер қатарында, біріншіден, жалпы тіл ғылымының даму негіздерін, екіншіден, жеке тілдік ізденістердің жүзеге асу жолдарын атаған орынды. Өйткені ішкі сезім мен білімнің, тану мен қабылдаудың, біліктілік пен әлемдік тәжірибенің тоғысуынан құралған бұл тұжырымдар әрі субъективтік, әрі объективтік ұстанымдарға сүйене қалыптасып отырды»[6;161]. –дей келе, қазақ тілтаным ғылымының зерттелуін хронологиялық сипатпен мынадай кезеңдерге бөліп, парадигма негізінде ұсынады:
«1-кезең: «тілтану» парадигмасының қалыптасуы – ХХ ғасырдың 20- 45жж.;
ІІ-кезең: тілдік бірліктердің танымдық парадигмасы – ХХ ғасырдың 45- 70жж.; негізгі өкілдері: Н. Сауранбаев, Ғ. Мұсабаев, М. Балақаев, І.Кеңесбаев және т.б.
ІІІ-кезең: тілтанымдық қағидалардың жалпы теориялық парадигмасы – ХХ ғасырдың 65-85жж.; негізгі өкілдері: К. Аханов, Т. Қордабаев, Ә. Хасенов және т.б.
ІV-кезең: тілтанымдық этюдтер парадигмасы – ХХ ғасырдың 70жылдары мен аяқ шені; негізгі өкілдері: Ә. Қайдар, Р. Сыздық, Ш. Сарыбаев, Ә. Болғанбаев, Е. Жанпейісов, Т. Жанұзақ, С. Исаев, Ө. Айтбаев, М. Серғалиев, Ж. Манкеева және т.б.
V-кезең: қазіргі когнитивтік парадигмалар – ХХ ғасырдың аяғы мен бүгінгі күндер» (Э.Оразалиева) -дейді. Сондай-ақ, Э.Оразалиева еңбегінде «тілтану» парадигмасының қалыптасу кезеңіне сай қазақ тіл білімінің алыптары А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжоловтың тілтаным жайлы ой- пікірлері, тұжырымдары жүйеленіп, адамзат танымы мен тіл табиғатын ұштастыруды көздеген пікірлері сараланған.
А.Байтұрсынұлы еңбектерінде тіл білімін «әлемнің тілдік бейнесі» тұрғысынан қарастырған көзқарастары кездеседі. Тіл адамзаттың тек қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар дүниені тану құралы екендігін ғалым: «тіл – құрАл «тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі»(А.Байтұрсынұлы), - деген дәйекті тұжырымдарымен түсіндіреді. Тілдің табиғатын ғалым тек тілдің құрылымдық қырына ғана емес, оның танымдық мәніне де баса назар аударады. «Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады»(А.Байтұрсынұлы)-деп, әр тілде сол тілді қолданушы халықтың қасиеті сақталатындығын көрсетеді. Тілдің кумулятивтік қызметін, яғни ақпараттарды сақтау ерекшелігін дәл көрсетеді.
Қ.Жұбанов: «сөз – зат біткеннің бәрінің аты емес, әр елдің өзінің білген затының, білген құбылысының ғана аты» - деп, сөз арқылы адамның айналасындағы заттар мен құбылыстар туралы ақпарат алуға болатындығын айтады. Себебі таным адамның айналасындағы кездестірген, игерген, тұрмысына қажет болған, пайым-түсінігіне жақын заттар мен құбылыстар туралы ғана ақпаратты қамтып, оны тілі арқылы жарыққа шығарады.
Сонымен қатар, С.Аманжолов: «Сөздің өзі – идеяға айналған саналық зат»-дей келе, «Тіл – сана-сезімнің, ойдың тәжірибеде көрінетін заттық сәулесі»( С.Аманжолов)-деген тұжырым жасайды. Осы пікірі арқылы ғалым тіл – адамның дүниені тану тәжірибесінен қалыптасқан ойдың бейнесі екендігін көрсетеді. Адамның дүние туралы ойы психологиялық таным әрекеті, философиялық пайымдауы арқылы тілде көрініс тауып отырады.