Түсінік хат
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен бекітілген Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында «Қазақ тілі» (1-4-сыныптар) міндетті оқу пәні ретінде оқытылады.Республиканың жалпы білім беретін мектептеріндегі оқу процесі ҚР БҒМ 2012 жылғы 8 қарашадағы №500 бұйрығымен бекітілген Үлгілік оқу жоспарларымен (өзгерістер мен толықтырулар 2022 жылғы 26 қаңтардағы №25 бұйрықтармен бекітілген) жүзеге асырылады. Жалпы білім беретін мектептеріндегі оқу пәнінің мазмұны бойынша ҚР БҒМ 2013 жылғы 3 сәуірдегі №115 бұйрығымен бекітілген Үлгілік оқу бағдарламасы жүзеге асырылады.
«Қазақ тілі» пәнін оқытудың мақсаты – қоғамдық ортада қазақ тілінде қарым-қатынас жасау мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін коммуникативтік дағдылардың негізін қалыптастыру және тілдік нормаларды қолдануға, сауатты жазуға үйрету.
Қазақ тілі пәнін оқыту процесі тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым әрекеттері арқылы ұйымдастырылады. Оқу процесінде жүйелі түрде жүргізілетін сөздік жұмысы, әңгіме тыңдау, оқу, мәтінмен жұмыс жасау, жағдаяттық тапсырмалар орындау, постерлермен жұмыс істеу, сахналық қойылым дайындау оқушылардың сөздік қорын жетілдіреді.
Типтік оқу жоспарына сәйкес 1 сыныпта қазақ тілі аптасына 2 сағаттан оқытылады. Оқу жылы 35 аптаны құрайды. Жалпы сағат саны – 70 сағат.
"Қазақ тілі" оқу пәнінің 1-сыныпқа арналған базалық мазмұны:
1) тыңдалым: жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестері, қарапайым тақпақтар мен санамақтар, шағын мәтіндегі жаңа сөздер, қарапайым нұсқаулар, құттықтау, пікірлер, хабарламалар, сұрақтар, затты көрсету, суретті таңдап алу, қимыл мен ым-ишара арқылы түсінгенін білдіру;
2) айтылым: танысу, өзі туралы айту, затты сипаттау, сурет/иллюстрация/постер бойынша сөйлеу, жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестері, қарапайым сұрақ-жауап, қысқаша диалог, монолог, жағдаяттар, қарапайым ("иә/жоқ", "ұнайды/ұнамайды"), "дұрыс/дұрыс емес" пікірлер;
3) оқылым: оқудың түрлері, жиі қолданылатын сөздерді тұтас оқу, қарапайым фразалар, тақпақтар мен санамақтар, иллюстрация/постер бойынша қарапайым сұрақтар мен жауаптар (кім? не? қандай? қанша?), сөздік, анықтамалықтармен жұмыс, орфоэпия;
4) жазылым: жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестері, сөйлемнің соңында қойылатын тыныс белгілері, азат жол, тасымал, төл әріптердің каллиграфиясы, айтылуы мен жазылуында айырмашылығы жоқ сөздер, орфография;
5) сөйлеу әрекеттері аясындағы тілдік дағдылар (лингвистикалық терминдер қолданылмайды) бойынша: фонетика: артикуляция, орфоэпия, қазақ тілінің төл дыбыстары, буын, интонация, сингармонизм заңы; лексика: тақырыпқа қатысты лексикалық минимум, жиі қолданылатын сөздер, бейтарап сөздер, репликалар, қаратпа сөздер; грамматика: зат атауын білдіретін сөздер (жекеше/көпше), тәуелдік жалғауы, ілік, барыс, жатыс септігі жалғаулары, заттың сынын, түрін, түсін білдіретін сөздер, заттың есебін, ретін білдіретін сөздер, жіктеу, сілтеу, сұрау мағынасындағы сөздер, бұйрық рай, болымды/болымсыз етістік, мезгілді білдіретін сөздер, модаль сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі, жалаң және жайылма сөйлемдер.
Әр сабақтың мазмұны жеңілден күрделіге қарай принципі бойынша құрастырылған.Сөздік қоры әр сабақ сайын арта түседі,дегенмен әр сөздің қайталану жиілігі оқулық мазмұнында ерекше ескерілген.
Достарыңызбен бөлісу: |